• «Ақиқат» журналы
  • >
  • Алматы айшықтары
  • >
  • «Мерейлі Отбасы» ұлттық байқауы Алматы қалалық әкімшілігінің ұйымдастыруымен «Мерейлі Отбасы-2017» ұлттық конкурсының қалалық кезеңнің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өткізілді.

«Мерейлі Отбасы» ұлттық байқауы Алматы қалалық әкімшілігінің ұйымдастыруымен «Мерейлі Отбасы-2017» ұлттық конкурсының қалалық кезеңнің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өткізілді.

  • 19.07.2017
  • 695 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Отбасында адам бойындағы  асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады.

                                                                                       Н.Ә.Назарбаев

Отбасы – Отанымыздың ошағы, ұлттың асыл діңгегі. Қоғамның басты негізі. 2006 жыл – Қазақстан Республикасында Отбасы жылы болып жарияланды. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 6 желтоқсандағы № 250 үкіміне сәйкес елімізде жыл сайын  «Мерейлі отбасы» Ұлттық конкурсы өткізіледі. Шараның негізігі мақсаты: отбасы институттарының әлеуеті мен руханиятын жоғарылату. Бала тәрбиелеудегі ата-ана жауапкершілігін арттыру, кәмелет жасқа толған жастарды жұмысқа жарамсыз ата-әжелерге қамқорлық жасауға насихаттау, отбасы құндылықтарын дәріптеу. Қазақстандық Отбасылардың өзіндік бейнесін (имидж) қалыптастыру. Дәстүрге айналған шара биыл төртінші жыл өз жалғасын тапты. Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен жақында Мұхтар Әуезов атындағы драма-театрының үлкен залында отбасы құндылықтарын жаңғыртуға және отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған «Мерейлі Отбасы» ұлттық конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өткізілді. Шараға Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Айжан Нұрмағамбетова, Мадина Садуақасова, «Гауһартас» тобы, әнші Алмас Алтынбаев пен «Арман» балалар ансамблі қатысты. Шара ұйымдастырушылары әрбір орындаушыға «Қазақ көтерілістері» энциклопедиясын сыйға тарту етті. Ал, кештің құрметті қонақтары қатарында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Оразбайұлы Қырықбаев пен «Қазақстанның Еңбек ері», Алматы қаласының құрметті азаматы Аягүл Төреқызы Миразова болды.
Ескеретін жайт, конкурс 3 кезеңнен құралған: бірінші кезең – аудандық, екінші кезең – қалалық, үшінші кезең – республикалық. Алматыда сәуір айының 1-нен 15-ші мамыр аралығында Ұлттық байқаудың аудандық кезеңі болып өтті. Оған 91 отбасы қатысты. Нәтижесінде әр ауданнан екі отбасы жеңімпаз атанды. Мерейлі отбасы ұлттық конкурсының шарты бойынша қалалық кезеңде үздік атанған тек екі отбасы ғана Республикалық кезеңге жолдама алады. Жеңімпаз отбасылар дипломмен және теледидармен марапатталды. Олар Жапақовтар мен Асқаровтар отбасы. Ал, «Мерейлі Отбасы» Ұлттық конкурсының аудандық кезеңінің жеңімпаздарына толығырақ тоқталып өтсек. Алатау ауданы бойынша: Жапақовтар мен Маметовтар отбасы. Жапақовтар әулеті-білім нәрін сусындатуға деген ынтамен ұстаздық мамандығын атадан балаға берілген мұра ретінде жалғастырып келеді. 5 бала мен 16 немере тәрбиелеп, қаламыздың білім беру саласында үлес қосып отырған үлгілі отбасы.
Көпбалалы Маметовтар отбасы бүгін де 7 баланың ата-анасы. Отбасында халық­аралық, республикалық конкурстардың жеңімпаздары атанған дарынды балалар тәрбиеленуде. Алмалы ауданы бойынша: Абдығалиевтер мен Қыраубаевтар отбасы. Абдығалиевтер отбасының басты мақсаты – үлгілі және өнегелі ұрпақ тәр­биелеу. «Әке көрген оқ жонар» демекші, әкесінің қызметін жалғастырамын деген азаматтар тәрбиеленуде. Қыраубаевтар отбасы 1911 жылы жасалған отбасылық жәдігерді атадан балаға мұра етіп қалдырып келеді. Бұл отбасылық дәстүрдің берік сақталғандығының тағы бір дәлелі. Әуезов ауданы – Бейсенбаевтар мен Баратовтар отбасы. Бейсенбаевтар отбасы – Келден ағай мен Бибігүл апай 29 жыл отасып, 7 баланы тәрбиелеуде. «Алтын алқа» иегері Бей­сенбаева Бибігүл апайымыздың арманы білім беру саласында өшпес із қалдыру. Баратовтар отбасы-түрлі ұлт өкілдерінен құралған тату отбасы. Көпбалалы отбасы мүшелерінің 7-еуінің 5-еуі ұстаздық қызметте. Бостандық ауданынан – Тажиевтер мен Мещановтар отбасы. Тажиевтер – белгілі дәрігерлер отбасы. Отағасы Есентай Бөдесұлының Қазақстанның медицина саласын дамы­туға қосқан үлесі зор. «Үздік топ менед­жер», «Алтын скальпель», Қазақстан Респуб­ликасының Еңбек сіңірген қайраткері, Парасат және Барыс ордендерінің иегері. Көпбалалы Мещановтар отбасы-Мещанов Ғалымжан медицина саласындағы 40-қа жуық еңбектің, 2 оқулықтың авторы. Отанасы Зинара Құрбанайқызы «Күміс алқа» белгісінің иегері.
Зинара ҚҰРБАНАЙҚЫЗЫ:
– «Отбасымызбен Алматы қаласында тұрып жатқанымызға 12 жыл болды. Алты баламыз бар. Жұбайым Мещанов Ғалымжан Тұрсынұлы медицина ғылымының кан­дидаты. «Мерейлі Отбасы» ұлттық бай­қауының қалалық кезеңіне қатыстық. Өкінішке орай, Республикалық кезеңге жолдама ала алмадық. Өткізіліп жатқан іс-шараға үлкен алғысымызды білдіреміз! Байқауға бірінші жыл қатысып отырмыз. Бір қызым шахматтан Республикалық байқаудан бірінші орын иегері. Ал, тағы бір кішкентай қызым – Тұрсын Фатима Елбасы қоры ұйымдастырған вокалдық жарыстан бас жүлде иегері. Екі егіз ұлдарым бар. Өзім қолдан ұлттық бедердегі мұсылман киімдерін тігемін. Астана қаласында өткен «Мұсылман киімі ұлттық айшықта» атты конкурстың бас жүлде иегерімін. Өкінішке орай, әзірше баспанамыз жоқ. Дегенмен, алдағы жылдары да байқауға қатысып, олжалы болу ойымызда бар. Жетісу ауданы бойынша – Керімбаевтар мен Толымбековтар отбасы. Керімбаевтар отбасы – Керімбаев Ержан мен Шадаева Мадина шет тілдері мұғалімдері және шығыс мәдениетін зерттеумен айналысады. 5 баласы салауатты өмір салтын ұстанып, поэзияға қызығушылығын танытады. Толымбековтар отбасы – отбасында жан жақты балалар тәр­биеленуде. Мысалы, қыздары Ақерке ауыр атлетикамен шұғылданса, ұлдары Марғұлан математика пәнінен халықаралық олимпиада жүлдегері. Ал, кіші қыздары Меруерт бей­нелеу өнерімен айналысады. Медеу ауданы – Асқаровтар мен Сембаевтар отбасы.
Асқаровтар отбасы – бір атадан тараған төрт ұрпақтың өкілдері өз өмірлерін ұлттық қауіпсіздікті сақтауға арнаған. Атасы Асқаров Мергенбай Шайхұлы мен апасы Әзімжанова Роза Тойчумбекқызы салған сара жолды жалғастырып келе жатқан әскери отбасы. Мемлекеттік және ұлттық қауіпсіздік саласындағы сіңірген еңбектері үшін Мергенбай ата 20-дан астам КСРО және Қазақстан Республикасының медальдарымен марапатталған.
Республикалық кезеңге жолдама алған Асқаровтар отбасын қолдаушылар: Сембаевтар- көпбалалы дәрігерлер отбасы. Бақытбек Сембаев соғыс жылдары қатардағы сарбазға медициналық көмек көрсетіп, өмірін құтқарды. Сол күннен бастап, медицина саласында ерең еңбек етіп келеді. Наурызбай ауданы бойынша-Жұрымбаевтар мен Тұрысбековтар отбасы. Жұрымбаевтар отбасы-отағасы Тауытхан құрылыс саласының кәсіби шебері болса, Гүлшат апайымыз білім беру саласына өмірінің 25 жылын арнаған ұстаз. 4 баласын өнерге, спортқа және ғылымға жақын етіп тәрбиелеп отырған өнегелі отбасы. Тұрысбековтар отбасы- Тұрысбеков Әмірхан мен Алпысова Лиза 58 жыл отасып, 4 бала, 8 немере мен 1 шөбересін тәрбиелеп отыр. Әмірхан ата мен Лиза апа еңбек ардагерлері, «Халықтар достығы» медаль иегерлері. Түріксіб ауданынан – Молдабаевтар мен Сластиндер отбасы. Көпбалалы Молдабаевтар отбасында-8 бала, 12 немере, 1 шөбере тәрбиеленуде. Отбасы ұлттық салт-дәстүрлерін ұстанып, отбасы құндылықтарын жоғары қояды. Пашан апа «Ана даңқы I дәрежелі» орденімен марапатталған. Сластиндер отбасында-әуе әлеміне деген махаббат айқын көрініс табады. Отбасының үш буыны да-ұшқыштар. Сластин Николай «Құрмет» ордені, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Оразбайұлы Қырықбаев:
«Құрметті қауым, қалалық «Мерейлі Отбасы» байқауына қатысушы отба­сылар, бүгінгі іс-шарамен баршаңызды шын жүректен құттықтаймыз! Осындай ша­ралар Елбасымыздың ұйғарымымен еліміздің әрбір өңірінде, әрбір ауданында өтіп жатыр. Бүгін міне, сәті түсіп бір ай бойы біздің әріптестеріміз, қалалық байқауды өткізудің комиссиясы жасаған жұмыстың жемісін көріп отырмыз. Биылғы жыл шын мәнінде ерекше. Неге десеңіздер, егер 2016 жылы 50 шақ­ты отбасы осы байқауға қатысуға ынталанған болса, биыл олардың ұзын саны 90-нан басталды. Сондықтан өздеріңіз білесіздер, 90-ның ішінен таңдау, бір отбасыны бір отбасыдан осыншама критерийлермен шын мәнінде жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар деп анықтау оңайға соққан жоқ. Үлкен пікірталас болды. Әрбір тарап өздерінің уәждерін айтты. Дегенмен, біздің ойымызша бір ортақ шешімге қазылар тарапы келген сияқты. Бәріміз «Отан – отбасынан басталады» дейтін халықтың баласымыз. Қазір алма ғайып заманда өмір сүріп жа­тыр­мыз. Ғаламдану, жаһандану деген үрдістердің дәл ортасында тұрмыз. Яғни, дәстүрлі отбасылық құндылықтардың құлдырап бара жатқан заманында өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан, осының бәрін ескере отырып, Елбасымыз өзінің әдеттегі көрегендігімен дәл өз уақы­тын­да осындай «Мерейлі Отбасы» деген бүкіл республикалық байқауды өт­кізу жөніндегі ұйғарымға келді. Негізгі мақсат – отбасылық құндылықтарды одан әрі дәріптеу. Жастарымыздың ең алдымен материалды құндылықтарға ғана емес, керісінше рухани құндылықтарға ұмтылуына жағдай жасау. Өйткені, шын «патриотқа» түрлі академиялық анықтамалар беруге болады. Бірақ, ең негізгісі өмірге бала әкеліп, оны Абай атамыз айтқандай: «Тек атасының ғана емес, бүкіл адамзаттың баласы ретінде, қоғамға пайдасы тиетін, елім деп еңіреп еңбек ететін, өзінің ісіне жауапты азамат етіп тәрбиелеп шығару. Сондықтан менің ойымша, біздің қаламыздағы әрбір бала тәрбиелеп, өсіріп, оның бойына ұлттық сана-сезімді ұялатып отырған отбасының қай-қайсысы болмасын мерейлі деп ойлаймыз. Мерекелеріңіз құтты болсын!
Қазақстан Республикасының Бі­лім Беру ісінің Құрметті қызметкері, «Қа­зақстанның Еңбек ері», Алматы қаласының құрметті азаматы Аягүл Төреқызы Миразова:
Шын мәнісінде еліміздің мерейінің биік, мерейлі болуы, бірлікте, тыныштықта болуы да мерейлі отбасына байланысты. Шынында қазылар алқасына таңдау жасау, әр ауданнан екі жеңімпаз отбасын шығару оңай болған жоқ. Сосын, қалаға келген сәттерінде біз үшін де шешім қабылдау оңай болмады. Қазақта айтады ғой, тамырын тереңге жайған, жапырағы жайқалған, тамырынан нәр алған бәйтерек деп. Сол секілді әр отбасы бәйтерекке ұқсайды. Өсіп-өнгендіктерін, бірлігі мен тірлігін ұрпақтан-ұрпаққа жайып келе жатқандарын көріп, қатты қуандық. Қатысушылар санының көбейгендігі де бізді тағы бір қуантты. Менің пікірімше, еліміз мәңгілік ел болу үшін мәңгілік ұрпақ тәрбиелеу керек. Отбасындағы мейірбандық, жанұядағы бір-біріне деген махаббат сезімі-еліміздің келешегі, жарқын болашағы. Елімізге деген сүйіспеншілік содан құралады. Алматы қаласының әкімінің осындай керемет дүниені ұйымдастырып жатқандығы, Елбасының берген тапсырмалары ары қарай өз жалғасын тауып жатқандығы қуантады. Енді Республикалық кезеңге жүзден жүйрік озып шыққандары барады. Сол жақтан да озып келсе, барлығымыздың жеткен жетістігіміз, Алматы қаласының мақтанышы, қуанышы болар еді деп ойлаймын. Отбасыларыңызға амандық, береке, бірлік тілеймін!
«Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы». Ал, мемлекеттің болашағы отбасынан басталады. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастауымен жыл сайын игі дәстүрге айналған «Мерейлі Отбасы» Ұлттық конкурсы жарқын болашақтың бедерлі белгісі. Ұлтты рухани, мәдени, азаматтық тұрғыда тәрбиелеуге насихатталған отбасылық шаралардың саны арта берсін деген тілектеміз!

Назым САМЕТ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, журналистика факультетінің I курс студенті

Алдыңғы «
Келесі »