Қазақстандағы діни ұйымдар мен топтар: оның діни және құқықтық аспектілері

  • 02.06.2017
  • 410 рет оқылды
  • 1

Дина Имамбай,
әлеуметтанушы

Қазіргі таңда елімізде діннің қоғамдық және адамдардың жеке өміріне ықпалы күшейе түсуде. Діни сенімдердің саналуан сипат алуы, түрлі діни топтардың көбеюі бұл мәселеге жіті назар аударуды талап етіп отыр. Тіпті, Адамның Жаратушыға құлшылығы болмысты танып-білуге, рухани жетілуге ұмтылудан мүлде басқа бағыт алып, дін қоғамдық тұрақтылық пен әлеуметтік тыныштыққа қауіп төндіруші күштердің құралына айналып барады. Осыған орай «Ақиқат» журналының келелі кеңесінде заң ғылымының докторы, профессор Зайлағи Кенжалиев, дінтанушы Құдияр Біләл, ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің бас маманы Бауыржан Әлиұлы, әл-Фараби атындағы  ҚазҰУ дінтану және мәдениеттану кафедрасының профессоры, философия ғылымының докторы Қайрат Затов және журналдың Бас редакторы Аманхан Әлімұлы бас қосып, Қазақстандағы діни дәстүр және қазіргі діни топтар, мемлекет пен дін арасындағы қатынастар, дін бостандығы және елдік қауіпсіздік мәселесін талқыға салған еді.


Зайлағи Кенжалиев:
– Дінді таңдау бостандығы заң тілінде ар-ождан бостандығы деп аталады. Әр адамның ар-ождан бостандығы және әр адамның дінді таңдау бостандығы бар. Бұл бостандық барлық әлем мемлекеттері тұрғысынан мойындалады және олардың конституцияларында осы құқық бекітілген. Сол сияқты, Қазақстан Конституциясының 22-бабында «Әркімнің ар-ождан бос­тандығына құқығы бар» делінген. Ал, Ата заңымыздың 12-бабына сәйкес, «Әркім өзінің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге құқылы».
Дінді таңдау бостандығының даулы жақтары да бар. Оның бірі – «дінді таңдау бостандығының шегі бар ма, әлде жоқ па және ол қалай анықталады?» деген сұрақ төңірегіндегі пікірталас, «екіншісі – дін таңдау құқығын іске асыруға байланысты жауапкершілік бар ма, әлде жоқ па, бар болса, ол қандай?» деген дау. Бұл мәселеге қатысты атеистік діни сенімге негізделген атеистік дүниетаным және мәдениет өкілдерінің жауаптары исламдық діни сенімге негізделген исламдық мә­дениет өкілдерінің көзқарастарына мүлде кереғар болып келеді. Атеистер «адамның дінді таңдау бостандығының шегі жоқ, қай дінді қаласа да өз еріктері» дейді. «Сондықтан, ол өз таңдауы үшін еш­кімнің алдында жауапты емес. Тіптен, әр адам ешбір дінді таңдамай, дінсіз өмір сүруіне де болады, бұл да ар-ождан бостандығын іске асырудың көрінісі» деп санайды.
Ислам ғылымы және мәдениеті өкілдерінің көзқарасы басқаша. Олар «әр адам өзінің дінді таңдау еркіндігін тек Хақ дінді қалау үшін іске асыруы қажет» дейді. Ал, Хақ дін деп тек ислам ғана мойындалады. Өзінің дінді таңдау еркіндігін, біліп не білмей, жалған дінді таңдаған адам өзіне өзі қиянат жасаған болып есептеледі. Осындай діни танымға сүйенген кейбір Ислам мемлекеттері өзге дін өкілдерінің Исламға кіруін құптайды, ал, мұсылмандардың өзге дінді қабылдауын заң жүзінде шектейді, кейде, тіпті, жазалайды. Имани өміртанымға негізделген құқықтаным бойынша Хақ дін Исламды қалағандар бұл дүниеде де, ақиретте де берекелі өмір сүру сыйына ие болады. Айта кететін бір жәйт, әлі күнге дейін «ешбір дінді таңдамай, дінсіз өмір сүруге болады» деген көзқарас орын алуда. Бір қарағанда, бұл ешкімге залалы жоқ бейкүнә көзқарас сияқты. Шын мәнінде, бұл нағыз діни пікір, діни көзқарас. Және атеистік діни сенімнің басты ұстанымдарының бірі.
Діни сенім деген не? Ол бір діни көзқарасты ұстанып, соны басшылыққа алып өмір сүру. Ал, діни көзқарас дегеніміз, Құдай туралы көзқарас. Ал, Құдай туралы көзқарастың қазіргі дінтану ғылымы анықтағандай үш түрі бар: «Құдай жалғыз», «Құдай көп», «Құдай жоқ» деген көзқарастар.
Құдай туралы осы үш көзқарас діни сенімнің үш типінің негізін құрайды. «Құдай жалғыз» деген көзқарас діни сенімнің монотеистік типінің, «Құдай көп» – политеистік және «Құдай жоқ» деген көзқарас діни сенімнің – атеистік типінің негізін қалайды. Көріп отырғанымыздай, «Құдай жоқ» деген көзқарас та Құдай туралы көзқарастың бір түрі. Яғни, ол да діни көзқарас. Демек, бұл діни көзқарасты ұстанатын, оған сенетін адамдар да діндар адамдар. Дәлірек айтқанда, атеистік діни сенімнің өкілдері. Атеистік сенімнің «Құдай жоқ» деген басты діни ұстанымы «дін – адамның қиялынан туған жалған ұғым» деген догманы өмірге әкелді. Ал, олар өз кезегінде «демек, адам дінсіз де өмір сүре алады, тіпті, дінсіз өмір сүруі керек. Ол адамның дінді таңдау бостандығының ажырамас бөлігі» деген тұжырымның тууына себепкер болды. Шын мәнінде, бұл тұжырымдардың барлығы атеистік діни сенімнің адамды адастыратын діни догмалары ғана. «Дінсіз өмір сүруге болады» деу шын мәнінде діни пікір, діни ұстаным. Осы пікірді басшылыққа алатын адамдар соның жетегінде жүргенін біліп жүргені абзал.
«Ешбір дінді ұстанбаймын, барлық діннен тыспын, мен – дінсізбін» деп ойлайтын адам шын мәнінде нағыз діндар адам. Оның діні «дінсіздік» деп аталады. Айталық, «мына бір заттың түсі түссіз екен» деген ол заттың мүлдем түсі жоқ дегенді білдірмейді. Керісінше, түссіздік – ол заттың түсі. Немесе, «мына тағам дәмсіз» деген де ол тағамда мүлдем дәм жоқ дегенді білдірмейді. Ол тағам дәмінің ұнамсыздығын білдіреді. Сондай-ақ, «мына адам – ұятсыз, арсыз» деген сөз де ол адамда ұят, ар мүлдем жоқ дегенді білдірмейді. Керісінше, ол адамның ұяты – ұятсыздық, ол адамның ары – арсыздық дегенді білдіреді.
Қазіргі зерттеулер көрсеткендей, кәмелетке жасы жетпеген және есі дұрыс адамның бір де біреуі, өзі қаласын не қаламасын, дінсіз өмір сүре алмайды. Яғни, белгілі бір діни ұстанымды басшылыққа алмай объективті түрде өмір сүру мүмкін емес. Бұл саналы адамның саналы өмір сүру үлгісінің бас­ты заңдылығы болып табылады. Тек жасы кәмелетке толмаған және ақыл-есі толық емес адамдар ғана ешбір діни ұстанымға ие болмай өмір сүруі мүмкін. Бұдан шығар қорытынды: мемлекеттің діни тәрбие берудегі және діни сауаттылықты арттырудағы міндеті мен қызметінің мәртебесі жоғары және осы саладағы жауапкершілігі биік. Сондықтан, «мемлекет діннен бөлек» деген ұстанымның қате екенін мойындап, оны басшылыққа алуды тоқтатудың уақыты жеткенін айтып, талап ету керек. Бұл ретте «мемлекеттің діннен бөлек болуы зайырлылықтың белгісі емес пе?» деген сұрақ туындайтыны рас. Әлемдік тәжірибе және соңғы зерттеулер көрсетіп отырғандай, зайырлылық діннен бөлек құбылыс емес. Керісінше, зайырлылық діннен туындайды және кез келген діннің ажырамас бөлігі әрі функциясы.
Зайырлылық – жеке дара құбылыс емес, ол діни сенімнің төзімділігінің, сабырлылығының көрсеткіші, әсіресе, өзге діндерге деген төзімділігінің көрсеткіші. Зайырлылықтың толық атауы – «діни зайырлылық», біз оның «діни» деген бөлшегін алып тастап, тек «зайырлы» дегенін ғана алып жүрміз. Енді, бұл атауды қалпына келтіріп, «діни зайырлылық» деп айтқанымыз жөн.
Бұған өздерін зайырлымыз деп есеп­тейтін мемлекеттердің тәжірибесі де дәлел бола алады. Мысалы, Кеңес үкіметі өзін зайырлымын деп есептеді, бірақ, ол өзінің атеистік зайырлы мемлекет екенін әркез мойындайтын. Сол сияқты, өздерін зайырлы мемлекетпіз деп жариялаған батыс Еуропа елдері өздерінің христиандық зайырлы мемлекет екенін жасырмайды. Израиль де иудаистік зайырлы мемлекет екенін ашық мәлімдеп жүр. Мұсылман мемлекеттері, оның ішінде Түркия, Египет, Индонезия да мұсылмандық зайырлы мемлекеттер. Қазақстан мұсылман мемлекеті ретінде 60-тан астам мемлекет кіретін Ислам ынтымақтастық ұйымының ресми мүшесі. Осы айтылған жайттар және Конституциядағы «қоғамдық имандылықты» республиканың басты құндылықтарының бірі деп бекітетін 12-ші және 39-баптар біздің елімізді «Имани зайырлы мемлекет» деп ғылыми тұрғыдан тануға мүмкіндік береді.
Атеизмді эмпирикалық-экспери­мен­­тальді ғылыммен шатастыратындар да жоқ емес. Олар «атеистік дүние­таным (яғни, «Құдай жоқ» деген діни көзқарасқа негізделген дүниетаным) эмпирикалық-экспериментальді ғылым­ның көзқарасы және дүние­танымы» деген жалған пікірді ұстанады. Шын мәнінде, эмпирикалық-экспериментальді ғылым «Құдай бар ма, жоқ па, әлде көп пе?» деген сұрақтардың бірде-біреуін өзінің зерттеу объектісі ретінде қарастырмайды, сондықтан, бұл сұрақтар туралы оның ешбір және ешқандай жауабы да жоқ, демек, бұл сұрақтарға ол тікелей де, жанама да жауап бермейді, бере де алмайды, беруі де мүмкін емес. Олай болса, «Құдай жоқ» деген тұжырым эмпирикалық-экспериментальді ғылым­ның тұжырымы емес, демек, бұл тұ­жы­рымды өз дүниетанымының басты көз­қарасы ретінде ұстанатын атеизм де – ғылыми дүниетаным емес.
Құдияр Біләл: – Негізінде осы зайыр­лылықтың ара-жігін ажыратып алу керек. Себебі, зайыр­лылықтың анық­­та­­ма­сы дәл бе­ріл­­ме­­ген­діктен, ол дін­сіз қоғамның белгісі ре­тін­­де қа­был­данады да, бүгінгі өмір сал­тының бәрі зайырлылық ауқымының ішіне кіреді, ал, дін одан тысқары қалып қояды. Осыдан келіп, коммунистік идеология кезінде қалыптасқан «дін қоғамнан тысқары» деген ұғым алға шығады. Бұл коммунистік режімге лайық ұғым болатын, өйткені, атеис­тік қоғамда Алла жоқ, Алла жоқ болған соң, оған деген сенім де жоқ. Бүкіл Кеңес жүйесіндегі адамдардың бәрі осы идеяға бағынғандықтан, ді­ни сенім мемлекеттің ішінде бола ма, сыртында бола ма, онда тұрған ешнәрсе жоқ еді. Енді, осыны тұтастай зайырлылық ұғымының анықтамасына теліп қойды. Әрбір мемлекет қандай бағыт ұстанатынын айқындап алуы қажет. Жалпы, зайырлылықты діннен тыс қою кешегі кеңестік идеологияның шекпенінен шыққан мемлекеттерге ғана тән. Олар кеңестік идеологияны жалғастырып, атеизмді «зайырлы» деген сөзбен алмастырып қана отыр ма, жоқ әлде тұтастай өзінің болмысын, негізін басқаша құра алды ма, мәселе сонда.
Бізде әлі күнге дейін дін мемлекеттен тысқары деген ой басым тұрады. Мемлекеттің өзі осы «қателікті» қоғам­дық ұйым саналатын діни басқар­маны өз бақылауында ұстау арқылы те­ріске шығарып отыр. Таяуда дін істері жөніндегі министрлік те құрылды. Бұл зайырлылықтың діннен тыс болуы мүмкін еместігін көрсетеді. Бірақ, сыртқа жал­тақтауды қойып, шын мәнінде мемлекеттен тыс ешнәрсе болмайтынын мойындап, дін мемлекет идеологиясының бір тармағы екенінің басын ашып алу керек. Осы ретте, зайырлылыққа конс­титуциялық деңгейде дұрыс анық­тама беру, еуропалық елдер сияқ­ты жолға қоюдың реті келіп отыр. Өйткені, зайырлылыққа сүйеніп, түрлі теріс діни ағымдарға бақылау жасай алмай отырмыз. Діни ұстанымы бойынша тыйым салуға болмайды, не қылмыскерге жатқыза алмайды. Сон­дықтан, осы зайырлылықтың анық­тамасы толықтырылса, түрлі діни топтарға заңды тұрғыда тосқауыл қойылар еді. Сондай-ақ, бізде дәстүрлі діннің анықтамасы да берілген жоқ. Діни басқармамыз кеңестік кезеңде құ­рыл­ған Өзбекстанның діни ұйымынан бөлініп шыққандығы белгілі. Жалпы, біз Қазақстанның тәуелсіз діни негізі қаланды деп түсінеміз, бірақ, ол кеңестік идеологияның негізінде құрылған діни ұстаным болатын. Сондықтан дәстүрлі дін деген ұғымды айқындап, халық пен діннің тұтасатын жерін анықтап алу керек.
Біздің дәстүрлі дініміздің негізі Бұқар мектебі арқылы қалыптасқан болса, татар молдалары арқылы келген Қазан мектебі Ресей идеологиясының негізінде құрылды. Ең өкініштісі, олар осы мектепті қалыптастырып кетті, дәстүрлі дініміздің ара-жігін ажыратты. Бұл сан-салаға бөлініп кетуге әкеп соқты. Бұқар мектебі мен Қазан мектебінің үйлесе бермейтіні заңды. Қазан мектебі мемлекеттік идеологияны жүргізуге негізделген. Құқықтық анықтама беру керек деген мәселе осыдан шығып отыр.
Біздегі бөліну негізінен мешіттен бас­талды. Барлық мұсылмандарды ме­шіт маңына топтастыруды мақсат тұтудың салдарынан, «Аллаға шүкір, мешіттеріміз намазхандарға толды, жастарымыз көп барады» деп қуандық. Алайда, бүгінгі күні жастардың мешітке көптеп баруы өте қауіпті құбылысқа айналды. Және де бұл топталу Қазан мектебінің негізінде іске асып отыр. Бір жағынан, жастардың мешітке баратыны қуаныш сияқты. Осы ретте, «Олар неге мешітке баратын болды?» деген сұрақ туады. Мешітке баратындардың дені – жастар. Олардың бүкіл өмірі алдында. Бірақ, олар мешітке ақиретін ойлағандықтан емес, осы пәни дүниедегі өмірлерінің жақсы болуы үшін барып жатыр. Бұл әлеуметтік жағдайға келіп тіреледі.Екіншіден, сол жастардың Алладан сұрайтын тілектерін мемлекет жүзеге асырып жатса, мешітке ешкім бас сұқпас еді. Олар сұрағанның бәрін қанағаттандыру Алланың емес, мемлекеттің міндеті және ол дұрыс жүзеге асырылатын болса, мешіт қаңырап бос қалар еді. Міне, осыдан кейін барып мешіт толса соған қуану керек. Сол адам шынайы мұсылман, иман іздеген адам. Ал, мыналар мына дүниедегі тіршілігін ойлауда. Иә, мешітке бір жыл барады, екі жыл барады. Жұма күні дұға жасайды (аптасына бір-ақ рет намаз оқитын елге айналдық, ол бөлек әңгіме). Қадір түнінде барады. Сонда да тілегі қабыл болмайды. Жылдан жылға проблема да көбейе түседі. Тірлігі де оңғарыла қоймайды.
Міне, дәл осы мәселені шешетін, үйлес­тіретін институт біздің дәстүрлі діні­міз болғанын айта кету орынды. Енді, неге ол шешілмей жатыр деген сауал туындайды. Осы арада тілектер мен дұғалардың орындалмауының шарттары шыға бастайды. Оған түсінік беретін хадистер де бар. Айталық, біріншіден, мемлекетің мұсылман мемлекеті болуы керек, әке-шешең діни жолмен жүруі керек, тамақты дәретпен беруі керек, намаз оқуы керек, т.с.с. Осылайша бәрі тізбектелген кезде мешітке баратын бозбала барлық түйткілдің себебін діни қателіктен іздейді. Сөйтіп, ол өз арманының орындалмауына ата-баба діні кінәлі деп табады. Дәл осы сәтті күтіп жүрген топтар бар. Мұндай ұйымдардың ар жағында үлкен күштер тұр. Алғышарты қалыптасқан кезде жастарды үйіріп алып кетеді. Осының бәрі түптеп келгенде мемлекетке наразылық, әке-шешеге, дәстүрге наразылықтан туады. Мешіттен ештеңе таппаған соң ана топтарға қосылып кетеді. Оның себебін талдап, түсіндіріп жатқан ешкім жоқ. Бұл Діни басқармаға ысырып қоятын шаруа емес, онымен мемлекет айналысуы керек. Айталық, Бұқар мектебі әке-шешеге тіл тигізудің залалы басым екенін түсіндіретін. Олардың ырзалығын алуға үндейді.
Бауыржан Әли­ұлы: – Иә, Еуро­палық мемлекеттер христиан дінінің өкілдері еке­нін жасырмайды. Қандас түрік елінде бұл мәсе­ле Ататүрік кезін­де-ақ шешіліп қойған. Зайырлылық деген олардың Коституциясында да бар. Бірақ, олар мұсылмандық зайырлылықтың үлгісін көрсетіп отырған бірден бір мемлекет. Түркияда діни ми­нистрлік жұмыс істейді. Діни басқармада жұмыс істейтін адамдар кәдімгі мемлекеттік қызметкерлер сияқты мәртебеге ие. Түр­кияның діни басқармасында 118 мыңға жуық қызметкер бар. Тек бір ғана мүфтиятында екі жарым мың адам жұмыс істейді. Бізбен салыстыруға да мүлдем келмейді. Дін мәселесін жүйелі жолға қою нәтижесінде Түркияда діни дүрдараздық болған емес. Қазақстан да осы үлгіні ала алады. Сонда бірқатар мәселелер шешімін табар еді.
Жалпы, ғалымдардың «зайырлылық Мұхаммед (с.ғ.с.) кезінен басталған» деген пікірлері бар. Ол Меккеден Мәдинаға көшіп келген кезде, мұндағы христиандармен, еврейлермен «қала бізге ортақ, дұшпаннан бірігіп қорғаймыз» деп келі­сім-шарт жасасқан.
Меніңше, біріншіден, мұсылмандық зайырлылықтан үрейленудің қажеті жоқ. Қазақстан 75-80%-ы мұсылман болып есептелетін елміз, дүниетанымымыз да солай қалыптасқан. Екіншіден, жоғарыда айтылғандай, «дәстүрлі» деген сөздің өзі шетел саясатшылары шығарған термин. Бұл дәстүрлі дін мен терроризм, экстремизм дегеннен алшақтату үшін айтылған сияқты.
Жуырда өткен ІІ Қазақстан Респуб­ликасы имамдарының форумында ҚР Діни басқармасы өзінің ұстанымы жөнінде ресми мәлімдеме жасады. Яғни, ахида (сенім) мәселесі бойынша біз дәстүрлі діни таным негізінде Ханафи мазхабына сай ұстанымда қызмет атқаратынымызды жеткіздік. Бұл Бұ­қара-Самарқанд мектебінің көрнекті өкілі имам Матрудидің бағыты. Біздің ата-бабаларымыз, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр-Жүсіп және басқа зиялы аза­мат­­тарымыздың бәрі осы ұстанымда болған. Тағы бір ескерте кететін жайт, қазақтың дәстүрлі діни танымында ерекше орын алатын сопылық деген ұғым бар. Негізінде қазақ халқының дәс­түр­лі діни танымы Ханафи мазхабы, Матруди мектебіне және сопылыққа сүйенеді. Ал, сопылықтың өзі бірде Яссауи іліміне әкеп тіресе, бірде бұл ілімнің жойы­лып, орнына нақшбандиялықтың келгені айтылады.
Жақында жарияланған Елбасы мақа­ласында айтылған рухани жаңғыру аясында бұл ілімдердің қазақ халқының діни танымына тигізген ықпалын зерттеу міндеті тұр. Өйткені, біз кеңестік дәуірде ата-баба дінімен байланысты, сабақтастықты үзіп алдық. Соның зардабын әлі күнге дейін тартып келеміз. Осы ретте Қазақстан мұсыл­мандарының діни басқармасының мешіттердің, имамдардың қызметін үйлес­тіріп, бағыт беріп отыратын қоғамдық ұйым екенін айта кеткен жөн. Ал, еліміздегі түрлі теріс діни ағымдармен, топтармен күрес мемлекеттік деңгейде жүруі тиіс. Мұндай ұйымдарды қадағалап отыратын өкілеттілік Басқарманың құзыретіне жатпайды. Біз бар болғаны мына іс дұрыс немесе бұрыс деп пәтуа бере аламыз. Деструктивті діни ұйымдармен арнайы өкілетті органдар айналысуы тиіс. Бар мәселені діни басқармаға сілтеп қоймай, заңды құқықтық тұрғыдан қарастыру қажет. Себебі, қазірден-ақ теріс мақсатты көздейтін діни топтарға тосқауыл қойылмаса, олардың одан әрі өршімеуіне кепіл жоқ. Сондықтан, бұл мәселе тез арада реттелуі тиіс деп санаймыз.
– Мемлекет пен діннің өзара қарым-қатынасына тоқталатын болсақ, бұл сонау Париж коммунасына барып тіреледі. Париж коммунасының алғашқы декретінің бірін­ші тармағында шіркеу мен мемлекетті бөліп тастаған болатын. Оған дейін еш жерде дін мен мемлекет бөлек деген ұғым болған емес. Кейіннен, 1918 жылы Ленин дәл сол Париж коммунасы сияқты дін мен мемлекет бөлек деп жариялады. Міне, осыдан бастап мемлекет пен дін өкілдерінің арасындағы байланыстар кілт үзілді. Шіркеу мемлекеттен материалдық та, басқа да көмек алмайтын болды. Осы үрдіс әлі күнге дейін жалғасып келе жатыр.
Конституцияда басты құндылық адам деп жазылса, Құранда да солай көрсетілген. Адам қай дінді ұстайды, таңдау өз еркінде, бірақ, оларды діни сенімі үшін мемлекеттен бөліп тастауға болмайды. Сондықтан, қазір мемлекет пен діннің өзара қарым-қатынасы біртіндеп реттеліп келеді, бұл жақсы үрдіс.
ХХ ғасыр басында Мұхамед-Салық Бабажанов өзінің «Қазақ мұсылмандығы қан­дай?» деген тақырыпта ой-пікір біл­діргенде «татар молдалары біздің дәстүрлі дінімізді бұзып жатыр» деп жазады. Олар патшалық Ресейдің арнаулы діни агенттері екенін айтқан. Тіпті, орыстың ғалымдары да қазақ жеріне Ресей мүддесімен келген. Сол сияқты, белгілі бір сыртқы саяси күш­тердің әртүрлі қитұрқы жолдармен іріткі салуы қазір де бар. Сондықтан, Париж коммунасының декретінен басталған діни қателікті түзету, мемлекет пен дін ара­сындағы қарым-қатынасты реттейтін кез келді.
Зайлағи Кенжалиев: – «Дін мемлекеттен бө­лек» деген тұжырымның өзі де діни тұ­жырым, мәселе сонда. Бірақ, бұл атеистік діни сенімнің догмасы. Кеңес үкіметі билікке келгеннен кейін Ресейдегі бұрынғы мемлекеттік дәрежедегі дін­дердің орнына атеизм дінін алып келді. Бірақ, «атеизм дін емес, ғылыми дүние­таным, ғылыми көзқарас» деп мәлімдеді.
Біз кезінде Кеңес үкіметінің идеология­сының шырмауында болған соң, өзіміз байқамай, «дін мемлекеттен бөлек» деген тұжырымның діни тұжырым екенін енді біліп отырмыз. Ол тұжырым заңға да еніп кетті.
Бауыржан Әлиұлы: – Жақында «Нұр Мүбарак» университетінде өткен «Алашорда және дін» атты конференцияда көрнекті тарихшыларымыз осы мәселеге қатысты бірнеше дерек келтірді. «Алашорда» қозғалысының Ә.Бөкейханұлы, Ш.Қосшығұлов сынды көшбасшылары зайырлылық мәселесін қозғаған екен. Осы қозғалысқа сол кездің Имам, молдалары белсенді қатысқан. Яғни, «Алашорда» оларды бөлмеген, осы ескерілуі керек сияқты.
Аманхан Әлім­ұлы: – Осы ретте ай­та кететін жайт, Ре­­сейде 1930 жылдары қуғындалған дін­­дарлар мен теолог ға­лымдарды ақтады. Бізде де дәл солай ұс­талған Ишандар мен молдаларды не­ге ақтамасқа? Бұл мәселені тарихшы М.Қойгелді көтерген болатын. Бірақ, дер кезінде кеңінен қозғалмай тоқтап қалды. Ал, енді, кейбір адамдардың түрлі топтарға еріп кетуінің бір себебі, әлеуметтік-тұр­мыстық жағдайдан болатыны шындық. Теріс мақсаттағы діни ұйымдар өз қатарына тарту үшін осындай келеңсіз тұстарды пайда­ланып қалуға тырысатыны рас. Осыны халыққа дұрыс түсіндірген абзал.
Зайлағи Кенжалиев: – Қазіргі күні «мұсылмандар бірнеше ағымға, топқа бөлінеді екен» деген әңгімелер бар. Осы сөздің негізі қайдан шықты, «мұндай бөліну туралы Құранда, Хадисте бар ма?» деген сұрақ туындайды.
Бауыржан Әлиұлы: – Құранда Алла тағала бөлінбеуге шақырады. «Алланың жі­біне жармасыңдар» деп аятта да айтылған. Христиандар өздеріне ғылым мен діни мағлұмат келген соң нәпсінің жетегінде кетіп, топ-топқа бөлініп кетті дейді. «Яхудилер 71, христиандар 72 топқа, менің үмметім 73 топқа бөлінеді, сол 73-тің ішінде біреуі ғана Жәннатқа кіреді». «Олар кімдер?» деп сұрағанда Пайғамбар (с.ғ.с.) «Менің және менің сахабаларымның жолымен жүргендер» деп жауап берген. Осы«менің үмметім» деген сөзді ғалымдар екі түрлі түсіндіреді, біреуі – мұсылман үмметі, екіншісі –Пайғамбар жіберілген адамзат баласы 73-ке бөлінеді. Бұдан «менің үмметім тозақтық емес» деген басқа ұғым шығады. Пайғамбар «менің және сахабаларымның жолын ұстанатындар» дегенді «Әхли сүннет уәл-жамағат» деп атайды.
Ғасырлар бойы қалыптасқан жүз­деген діни мектептің ішінде мұсыл­мандар мойындаған төрт-ақ мектеп бар, олар – Ханафи, Мәлики, Шафиғи, Ханбали. Оларда сенім де, шариғат та бар, тек фикхпен айналыспайды. Мысалы, біз Ханафи мазхабын ұстансақ, Әбу-Ханифаның ахидасын да, фикхін де ұстанамыз. Олар осы ілімді бір жүйеге келтірген ғалымдардың есімімен аталған. Құран оқудың қирағаты бойынша Ханафи мазхабының өкілдері «Асым» қирағатымен оқимыз. Жалпы, дүниежүзі мұсылмандарының 80%-ы «Асым» қирағатымен оқиды. Басқа да оқу түрлері бар, айталық, Марокко, Алжир елдері «Уарш» деген қирағатпен оқиды.
Ғалымдардың айтуынша, «Пайғамбар (с.ғ.с.) намаз оқыған кезде «Асым» қи­рағатын жақсы көрген. Ал, түнгі намазда «Уарш» қирағатымен оқитын» дейді. Мұндағы Асым да, Уарш те сахаба емес, қирағат ғылымын реттеген адамдар. Ал, имам Матруди Әбу Ханифаның мазхабын, ахидалық сенім көзқарастарын жүйелеп, мектеп етіп қалыптастырған адам. Біз осы Құран мен Сүннеттің Әбу Ханифа қалыптастырған мектебінің ізіндеміз. Бірақ, сол төрт мектептің Құдай жөніндегі танымы бірдей – «Алла бір. Мұхаммед оның елшісі». Тек құлшылықтарында ғана айырмашылық бар. Мұны естен шығармауға тиіспіз.
Зайлағи Кенжалиев: – Бүкіл адам­затқа Расул болып түскен Мұхаммед пай­ғамбар (с.ғ.с.) бұл жерде «менің үм­метім» деп мұ­сылмандарды емес, кең мағынасында бү­кіл адамзатты айтып отыр. Сондықтан, 73 ағымды мұсылмандық діни сенімнің ішінен іздеуге болмайды. Неге? Өйткені, пайғамбар (с.ғ.с.) бір хадисте «менің үмме­тімнің бәрі жұмаққа кіреді, тек өздері қаламағандары ғана кірмейді» дейді. Яғни, жұмаққа кірмейтіндер – оның ізіне ермегендер, өздері қаламағандар деген сөз. Ал, кім ермеді? Олар – басқа діндегілер, иман келтірмегендер. Міне, «үммет» сөзі хадисте «бүкіл адамзат» деген мағынада қол­данғанын байқаймыз.
Бізде көбінесе Құранды, хадистерді аударған кезде аудармашылар, түсі­нік­теме берушілер, тәпсірлеме жасаушылар қателік жібереді. Сондай қателіктердің салдарынан біз қазір мұсылмандардың өзін топқа бөліп жүрміз. Осы ретте, бірімізге біріміз сабырмен, түсіністікпен қарап, әртүрлі ат қойып алып, сыртқа теппеу керек. Діни сауаттылықты арт­тырған абзал. Айталық, Құран біреу, ал, оның көптеген аудармасы бар. Демек, Құранның аудармасын оқу Құранды оқу емес. Сол сияқты, Құранның сөзі араб тілінде келген Алланың сөзі, араб тіліндегі арабтың сөзі емес. Ал, Құранға, Исламға берілген түсініктемелердің рацио­налдық-логи­калық модельдері, аналогтары әр­түрлі. Әрине, мұсылмандар нәсілдері, тілдері, ұлттары, мемлекеттіктері, адами ой-пікірлері тұрғысынан алғанда өзара ерек­шеленеді (бөлінбейді). Бірақ, діні және діни сенімдері тұрғысынан бөлінбейтін біртұтас қауым. Ислам мемлекеттерінің өзара бірігіп, халықаралық Ислам Ынты­мақтастық ұйымын құруының да басты негізі – осы діни біртұтастықта. Бұл ұйым – мұсылмандар арасындағы діни бірлікті олардың арасындағы өзгешеліктерден жо­ғары қоя білудің ұтымды үлгісі.
Шынында, Құранда да, хадис­те де «мұсылмандар діни сенімдері тұрғасынан бөлінеді» деген сөз жоқ. Ислам діні – бөлінбейтін біртұтас дін, исламдық діни сенім де – бөлін­бейтін біртұтас діни сенім, демек, мұсылмандар да – діни сенімдері тұр­ғысынан бөлінбейтін біртұтас діни қауым. Бөлінетін өзге діндер, Ислам дінінен бөлек діндер және сол діндерді ұстанушылар. Адасушы діндер және адасушы дін өкілдері деп Құранда да, хадистерде де солар жайлы айтылады. Мінеки, солар, Алладан және Алланың жалғыз ақиқат діні – исламнан бөлінушілер, сол себепті – адасушылар. Олар, біліп не білмей, өздеріне де, өзгелерге де қастандық жасаушылар. Олардың қатарына Ислам атын жамылып, әр­түрлі топтар құрып, Ислам дініне және мұсылмандарға қарсы қасақана әрекет істейтіндерді де жатқызуымыз керек. Олардың көбісі, негізінен, өзге дін өкілдері болып келеді. Бірақ, олардың арасында діни сауат­сыздықтан не басқа себептермен адасып кіріп жүрген мұсылмандардың да бар екені белгілі. Міне, соларды қайтару керек. Бұл жерде енді «мазһабтарға бөліну» дегеніміз не деген сұрақ туындайды. Шын мәнінде, мұсылмандар мазхабтарға бөлінбейді, мазһабтармен дараланады, ерек­шеленеді. Сол арқылы өздерінің ислам дініндегі, исламдық діни сенімдегі бірліктерін асыра түсуге мүмкіндік алады. Яғни, мұсылмандарды бауырластыратын, иманды арттыратын бағытта іс-әрекет ететін мазһабтарды, ағымдарды ғана біз мұ­сылмандық мазһабтар деп тануымыз керек. Ал, мазһабтардың пайда болуының сыры мынада. Ислам туралы адами ойлар, пікірлер, түсініктеме-тәпсірлер өзара ерек­шеленеді. Олар әртүрлі және әр алуан болып келеді, сонымен бірге, уақыт өткен сайын саны толассыз көбеюде. Ислам туралы осы адами ой-пікірлер іштей өзара топтасып, белгілі бір жүйелерді құрайды. Мінеки, осы жүйелерді біз ағымдар немесе мазһабтар деп атаймыз (ертеректе оларды «фырка», «нехле», «мақала» деп те атаған).
Көріп отырғанымыздай, мазһабтар де­ге­німіз Ислам дінінің емес, керісінше ислам діні жәйлі ой-пікірлердің, исламдық діни сенім туралы түсініктемелердің, Ислам шариғаты жәйлі тәпсірлемелердің, пәтуа­лардың мазһабтары. Демек, Ислам діні немесе исламдық діни сенім ағымдарға, бағыттарға және мазһабтарға бөлінеді деу бізді ақиқаттан алшақ алып кетуі мүмкін. Оның орнына Ислам діні жайлы адами ой-пікірлер жүйесі әртүрлі ағымдарды құрайды, исламдық діни сенім (иман) жайлы рационалдық-логикалық тұрғыдан берілген түсініктемелер жүйесі және шариғат жайлы айтылған тәпсірлер мен берілген пәтуалар жүйесі мазһабтық ерекшеліктерге ие болады дегеніміз абзал сияқты.
Ұсыныс ретінде айтылған бұл пікір­лер Ислам туралы біздің түсінігімізді айқындай түсуге, мұсылман қауымы арасындағы пікір араздығын азайтып, олардың бірігіп-бірлесуіне септігін тигізер деген мақсатта ортаға салынып отырғанын ескерткіміз келеді. Мұнан шығар басты қорытынды, мұсылман жамағаты – бөлінбейтін біртұтас Ислам дінінің, исламдық діни сенімнің (иманның), ислам шариғатының иегерлері ретінде бөлінбейтін біртұтас діни қауым екендерін біліп, сезгендері абзал. Шынында да, бүкіл мұсылмандардың сыйынатын Алласы – бір, Кітаптары – Жалғыз Құран, Расулдары – Мухаммед (c.ғ.с.). Сондықтан, мұсылмандардың діни тұрғыдан алғанда бөлініп, жарылуына ешбір негіз жоқ. Олардын алдында тұрған басты міндет – Жаратқан берген имандылық нұрын басшылыққа алып, өзге мұсылмандармен туысқандық бірлікте өмір сүру, оларға әртүрлі лақап ат беріп, жалған пікірлерге еріп, сыртқа тебуден, жау санап өшігуден арылу. Ал, мұсылман елдеріндегі мем­лекеттік биліктің дін саласындағы ат­қарар қызметінің бірі – исламдық діни сауаттылықтың қоғамда мейлінше тарауына, орнығуына және дамуына жағдай жасау. Ол үшін исламдық-діни сауаттылықтың «отбасы – балабақша – мектеп – жоғарғы оқу орны» сияқты сатыларын қамтитын мемлекеттік жүйесін құрып, оның толыққанды қызмет істеуін қамтамасыз ету керек.
Бауыржан Әлиұлы: – Басқа мәсхтің тартылуы бәріне бірдей қабылданған. Ал, талас тудырып жатқан нәрсе оның мөлшері жайында. Жоғарыда аударма туралы айтылды. Бізде «Аударма негіздері» деген ғылым бар, сонда «Құран Кәрім – Алланың сөзі, оның аудармасы ешқашан Құран болып есептелмейді» делінген. Неге? Жалпы аударманың бірнеше түрі бар – харфи, сөзбе сөз және мағыналық аудару. Сөзбе-сөз аударудың өзі екіге бөлінеді. Біреулер, тіпті, әріптердің дыбысталуы сол аударылып отырған тілде бірдей болуы шарт деп санайды. Мысалы, «Бүкіл мадақ ғаламдардың Раббысы болған Аллаға» десем, дәл осы менің қазақша аударғаным арабшаға келіп тұр ма? Әрине, жоқ. Аударма мықты шығуы үшін аудармашы автордың өзімен бірдей не одан артық болуы керек. Мәселен, Абай М.Лермонтовтан «Қараңғы түнде тау қалғып» атты өлеңді аударды. Өлеңнің қазақшасы түпнұсқадан әлдеқайда ар­тық. Алайда, Құран Алланың сөзі бол­ғандықтан, оған тең келетін автор жоқ, болмайды да. Демек, Құранның аудармасы ешқашан Құран саналмайды.
Құдияр Біләл: – Ғалымдардың бұл пікірі орынды. Бірақ, «мұсылмандар топқа бөлінбейді, бүкіл мұсылманды бір топ ретінде қарастыру керек» деген түсінік діни ағымдардың барлығын ақтап алуға негіз болады. Яғни, «олардан ешбір күпірлік іздеуге болмайды» деген негізде айтылып отыр. Бірақ біз Құранмен не Хадиспен жүрмейміз, біз діни ұстаным бойынша пәтуаға сүйенеміз. Кез келген адамның діни пәтуа беруге құқығы жоқ. Оны Ғұламалар кеңесі береді.
Бауыржан Әлиұлы: – Жалпы, мұ­сыл­ман ғалымдарының әлемдік өр­кениетке қосқан үлесі зор. Ал, қазір неге ондай ғұламалар жоқ? Мәселе сонда. Мұсылман әлемінде Имам Ғазали секілді әлемдік деңгейдегі ойшылдар тоқтап қалды. Әр жерден жекелеген ғалымдар көрініс бергенмен, тұтас ауқымда ойлайтын ғұла­малар шықпай отыр. Ал, біз болсақ, әлі сол дәрет, киім, сақал, балақ төңірегінде жүрміз. Мұның бәрі болмашы нәрселер. Шариғи тұрғыдан да бұл үлкен проблема емес.
– Құран деген ғы­лыми трактат емес, ол адамның болмысын, жа­ратылыстың бар­лық қабаттарын қам­тыған кітап. Онда танымның негіз­дері, дүниені қалай дұрыс танып-білу керек, осы мәселе ай­тылған. Бірақ, мұнда математика, физика заңдылықтары туралы нақты айтылған жоқ. Фрэнсис Бэкон деген француз ғалымы «Ғылымның бәрі екі түрге бөлінеді, бірін­шісі жеміс әкелетін, екіншісі адам­­ды нұрландыратын ғы­лым­дар» дейді. Біз, өкінішке орай, осы ізгі ғылым­дарды ұмытып барамыз. Қазір Президент Н.Назарбаев осы мәселені орынды көтеріп отыр. «Рухани жаңғыру аясында гуманитарлық ғылымдарға көңіл бөлу керек» деді ол. Өйткені, ол адамды қалыптастырады. Әрине, техника да, жаңа технологиялар да керек. Бірақ, ең бастысы, Абай айтқандай «адам болу» қағидасын іске асыру. Адамның қос қанаты бар, бірі – ғылым, екіншісі – Иман. Иманмен білімді ұштастыру керек. Иманды әрі білімді азамат қана Қазақстан ғылымын дамытады. Өкінішке орай, бүгінгі күні «дінде қауіп бар» деген үрей санамызға сіңіп қалды. Осындай қате ұғым салдарынан ата-аналар балаларын мешітке жіберуге қорқатын болды. Енді, біз, бұл пікірдің жалған екенін түсіндіруіміз керек. Жастар көбінесе ахида, фикх төңірегінде шектеледі. Одан да жоғары «ахлақ» деген ұғым бар екенін білмейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «дінді көркем ахлақпен жеткізіңдер» деген. Алайда, осы ахлақ бізде бар ма, әлде жоқ па, мәселе осыдан туындайды.
Қазір Қазақстанда әртүрлі діни топтар пайда болды. Бұл тек саясиланған Ислам тарапынан туып отырған қауіп емес, одан басқа діндер де бар. Соңғы жылдары еліміздің діни бірегейлігіне нұқсан келтіретін қаншама ағымдар келіп жатқанын көріп отырмыз. «Аум синрике»,«Иегова куәгерлері», «Вон буд­дизм», «Кришна санасы» және т.б. Қаз­ақстандағы мұсылмандар өзара мәмілеге келе алмай жатқанда, өзге дес­труктивті ұйымдардан келетін қауіп еселеп артып барады. Жақында мәселен, «Иегова куәгерлеріне» бірқатар елдерде тыйым салынды. Мұндай діни топтар қоғамға іріткі салады, адам­ның психологиялық ден­сау­лығына қауіп төндіреді, санасын ластайды. Сон­дықтан, біз тек қана Ислами жама­ғат­тың арасындағы пікір­талас­тарға ғана емес, одан тыс жалпы қоғамда не болып жатқанына да көңіл аударуға тиіспіз. Қазіргі таңда білімді азаматтардың негізгі міндеті – елімізге төніп тұрған қауіп-қатердің алдын алу, қоғам назарын аударту. Ертеңгі күні қазағымыз бірнеше дінге, әртүрлі сенімге бөлініп алса, бізде береке бола ма? Әлем елдерінде болып жатқан жағдайларға қарап ондай араздықтың соңы неге әкеп соғатынын көріп отырмыз. Дәл осы дін мәселесі ойыншық емес екенін білуге тиіспіз.
Ал, фикх, ахида мәселесінде пікір та­ластыруға әрине, болады. Бұл ретте ата-бабамыздың қаншама ғасыр бойы қалыптасқан дәстүрі бар, соны сырттан біреулер келіп жоққа шығарғысы келетіні бізді шатастыруда. Меніңше, осының өзі біздің арамызға іріткі салудың көрінісі. Мәселен, отаршылдық кезеңде руға, тайпаға бөліну елдігімізге қалай қауіп төндірген болса, қазіргі жаһандану дәуірінде дінге, жамағатқа бөлу үрдісі мақсатты түрде жүзеге асырылып жатыр. Бұлайша бір-бірімізді жау санап жікке бөлініп жатсақ ұрпағымызды қалай тәрбиелейміз дегенге мән беру керек. Осыған байланысты бір ұйғарымға келу қажет деп санаймын.
Құдияр Біләл: – Діни басқарма соңғы кезде жақсы бағытқа бетбұрыс жасауда. Президентіміздің өзі дәстүрлі дінге қарай бет бұру қажет деп атап көрсетті. Исламның үш діңгегі – иман, ихсан, ислам, біздің дәстүрлі дініміздің негізі ихсанда жатыр. Өкінішке орай, осы ихсанға жете мән бермей келеміз. Бұл – адам факторының алға шығуы, Алланы адам арқылы тану мәселесі. Хадисте «өзіңді танысаң Алланы танисың» делінген. Алланың рахметі төрт түрлі жағдайда келеді: намазды уақытында оқу, рамазан айында ауыз бекіту, қажылықтың уақыты сияқты мекенге байланысты Алланың рахметтері. Мысалы, намаз оқу үшін мешітке барасың, қажылықты өтеу үшін де белгілі бір орынға бару керек. Осының бәрі адамның іс-әрекеті арқылы жүзеге асады.
Бұрынғы қазақ қоғамында бір ауылдың діни ұстанымын бір ишанның өзі реттейтін. Ол бүкіл діни басқарманың қызметін атқаратын. Ел ішінде қандай да бір діни ауытқушылық болса, жат түсініктер орын алса, сол ишан жауапты болатын. «Ауылға бәле келсе молдасын саба» деген қазақ. Біз осыны тәрк еттік те, теріс әдеттердің жайылуына жол беріп алдық.
Қайрат Затов: – Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақа­ласында көрсетілген мәселелер дер кезінде қолға алынды деп санаймын.
Өйткені, елімізде рухани бірлік болмаса болашағымыз да бұлыңғыр болмақ. Мұның бәрі технократтық ойлаудың басымдық алуы салдарынан гуманитарлық білім жетіспеген жағдайда пайда болады. Ал, дін мәселесіне келетін болсақ, дін біздің қоғамымыздан бөлек емес. Сондықтан, ата-бабамыз тұтынған асыл дініміздің негіздерін дұрыс түсініп, соны өскелең ұрпаққа лайық­ты жеткізуге көңіл бөлу керек.
Дін бірлігі – ұлт бірлігі. Ұлтты ұлт ететін екі негізгі фактор бар, бірін­шісі – діл, екіншісі – дін. Неміс ғалымы Ф.Мюллер діннің ұлтты қалып­тас­тырудағы рөлі тілдің рөлінен әлде­қайда басым дейді. Яғни, дін – ұлт­тың ұйытқысы, қоғамды біріктіруші құбылыс. Қоғамға, ұлтқа ортақ құнды­лықтарды қалыптастыратын да осы дін. Сол себепті, бүгінгі күні дініміздің дүниетанымдық жақтарына терең үңі­ліп, ұрпақтар сабақтастығына мән беру қажет. Елбасы Н.Назарбаев таяуда қазақ халқының болмысына жат киім үлгілерін сынға алып, ретке келтіруді тапсырды. Егер, жастарымыздың діни санасы дұрыс қалыптасса, болашағымыз да жарқын болатыны кәміл.
Бауыржан Әлиұлы: – Елбасы рухани жаңғыру аясында ұлттық кодты сақтау мәселесін көтергені белгілі. Жалпы, кез келген код, символдар өздігінен қалыптаспайды. Олар үлкен пайымның, тұжырымның нәтижесі. Мысалы, қазір айтып жүрген қара түсті киім, сақал, балақ дегеннің бәрі мәселенің бер жағы ғана. Шариғатта «киімдеріңді ақ түстен таңдаңдар» дейді. Ол тазалықтың бел­гісі. Мұны қазақ та жақсы ұғынған. Мұх­тар Әуезов әжелеріміздің кимешегін «Шариғат шәлісі» деп атаған. Аналарымыз да тек ақ жаулық тағып, оны тазалық деп түсінген. Қазақта «Аққа құдай жақ», ақжүрек, ақ пейілді деген ұғымдар бар. «Шариғат бойынша намаз уақытында екі қараны өлтіруге рұқсат берді» деген хадис бар. Бұл меңзеп тұрғаны жылан мен шаян. Қара түске қатысты қазақта ниеті қара, қара пиғылды деген тіркестер бар екенін білеміз. Сонымен бірге, қараны жақсы дейтін жері де бар. Айталық, қарашаңырақ, қара қазан, қара өлең. Бұл ұғым да Шариғаттан туған. Айша анамыз «Пайғамбардың үйінде мүлде ас болмайтын еді. Тек екі қара болатын, ол – су мен құрма» дейді. Қазақтың қара су дейтіні сол Хадистің негізінде жатыр.
Меніңше, халқымыздың дәстүрі мен мәдениетін, діни дүниетанымын зерттейтін ірі ғылыми орталық ашылуы тиіс. Бұл бір ғана Діни басқарманың атқаратын шаруасы емес. Оған этнографтар, теологтар, филологтар және басқа мамандар тартылса жөн болар еді. Сонда ғана «Дінді қалай ұстаймын?» деп сұраса, міне, ата-бабаңның дәстүрі осындай, қазақта діни бөліну деген мүлде болмаған деп айта аламыз. Әйтпесе, әркім бір пұшпағын ғана зерттеп жүрміз. Жалпы, әлемдегі мұсылман ғалымдары қазақтың даналарын мүлде танымайды. Осы бағытта кешенді іс-шаралар қолға алынбай, нәтижеге қол жеткізу қиын екені анық.
Зайлағи Кенжалиев: – Қазір рухани жаңғыру, бірігу үлкен мәнге ие болып отыр. Қазақстанда рухани жаңғыру имани-ру­хани негізде жүзеге асуы қажет. Мәселен, еуропалықтар христиан діні, тайландықтар буддизм негізінде рухани жаңғыруға ұм­тылуда. Ал, коммунистік режимдегі қоғам­дар атеистік сенімге негізделген ру­хани түлеуге тырысуда. Ислам қоғамдары болса имандылықты бетке ұстап, осы бағытта дамуды мақсат етуде.
Ұлттық кодқа келетін болсақ, қа­зақтың ұлттық коды ең алдымен имандылықта. Қазақ ұлты үшін басқа рухани код іздеудің қажеті жоқ деп есептеймін. Ата-бабаларымыздан ке­ле жатқан имандылықтан таймау, соны негізге алу керек. Ұлт сөзі «миллет» деген сөзден шығады. Бұл – Құ­ранның сөзі. Біз бәріміз Ибрахимнің миллетіндеміз. Бұл – «Ұлт» деген сөздің имани түсінігі, ол – бір діни сенімдеміз, бәріміз мұсылманбыз дегенді білдіреді. Ал, ұлт сөзінің екінші мағынасы – этникалық тұрғыдан ұлтқа бөліну. Ол қоғамның территориялық, сая­си билік тұрғысынан бірігуін бейнелейді. Біз осы екі ұғымды үйлесімділікпен бірік­тіріп, имани тұрғыдан ұлттық рухани жаңғыруды бетке алсақ адаспаймыз деп ойлаймын.
Дина Имамбай: – «Дінсіз қоғам – ескексіз қайық» деген екен бір ойшыл. Еліміздегі діни ахуал дін мәселесін жан-жақты қарастыруды талап етуде. Оның ішінде Қазақстанның діни зайырлылығын заңдық-құқықтық ай­қындау мәселесі де бар. Осы ретте қоғам мен мемлекеттің діни, идеологиялық біртұтастығын қам­тамасыз етуде халқымыздың дәстүрлі дүниетанымын басты бағдар ретін­де ұстану өскелең ұрпақтың діни танымын қалыптастыруда шешуші рөл ат­қаратыны анық.

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. “Ақиқат” журналында “Келелі кеңес” ацдарымен осындай мәселелердің көтерілуі құптарлық. Қоғамдағы сан алуан мәселелер талқыға салынады, ой тасталады, түрлі пікірлер айтылады.Келесі кеңесте өткір мәселенің бірі- білім саласындағы реформалар, үш тұғырлы тіл төңірегінде әңгімені тағы бір талқыласаңыздар деген ұсыныс айтқым келеді.

Пікірлерге тыйым салынады.