Жаназа және жерлеу рәсімдері

  • 02.06.2017
  • 1174 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Ершат ОҢҒАРОВ,
PhD докторы

– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан Ғұламалар кеңесі құрылғаны көпшілікке мәлім. Бұл Кеңес дініміздің дамып, руханиятымыздың нығаюына қандай үлес қосып келеді?
– 2013 жылы еліміздің Бас мүфтиі Ержан қажы Мал­ғажыұлының бастамасымен құрылған Ғұламалар кеңесі бүгінде пәрменді мекемеге айналды. Бүгінде Кеңестің құрамында 17 ғалым жұмыс істейді. Кеңестің негізгі мақсаты – Ислам негіздеріне сүйене отырып, қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылап, дер кезінде шешімдер шығару, пәтуалар мен тұжырымдамалық құжаттар қабылдау. Кеңестің бүгінгі күнге дейін өткен 16 отырысында 100-ден аса мәселе қаралып, 16 концептуалды құжат қабылданды және де 30-дан аса діни термин түзетіліп, 45 пәтуа берілді. Кеңестің талқылауында бекітілген «шариғи», «әлеуметтік», «медицина», «отбасы мәселелері» бағытындағы 20 пәтуа таңдалып, «Пәтуа жинағы» деген атпен бірінші рет екі тілдегі кітапша басылып шықты. Кеңесте қабылданатын шешімдер мен пәтуалар Құран Кәрімді, Пайғамбар хадисін, сүнниттік бағыттағы Әбу Ханифа мәзһабы және имам Матуриди ақидасы ілімін, Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, ҚМДБ жарғысын, сондай-ақ, Кеңес ережесін басшылыққа ала отырып мақұлданып, бекітілді.
Ғұламалар кеңесі мұсылмандық ұстанымға тікелей қатысы бар түйткілді мәселелерге дер кезінде түсінік беріп, ауқымды жұмыс жасап отыр.
Ғұламалар кеңесінің наурыз айында Алматы қаласында өткен ХVI отырысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен пәтуалар жинағының орыс тіліндегі аудармасының таныстырылымы өтті («Сборник фетв»). Сонымен қатар, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Ха­на­фи мәзhабы мен Матуриди сенім мектебі – Қазақстандағы исламның дәс­­­түрлі жолы» атты Ұстанымы мен «XXI ғасырдың үздік зияткер имамы» Тұжырымдамасы деген екі өте маңызды кон­цептуалды құжат бекітілді.
Бұған дейінгі отырыстарда көп тал­қыланған «Жаназа және жерлеу рәсім­дері» деген атпен жаңа еңбек басылып шықты. Бұл кітап биыл 19 сәуір күні өтетін «Ислам және өркениет» атты ІІ Республикалық имамдар форумында алғашқы рет дін қызметкерлеріне таратылатын болады.
– Бұл жақсы, жағымды жаңалық екен. Жаназа мәселесіне келгенде, әр өңірде әртүрлі рәсімдер орындалып жүргені белгілі. Осы орайда «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабына кеңірек тоқталып кетсеңіз.
– Иә, дұрыс айтасыз.
Жаназа рәсімдері қоғамда әртүрлі атқа­рылып жүр. Әр аймақтың өзінің жер­гілікті ерекшелігі бар. Шекаралас жатқан елдердің жерлеу қағидалары да қазақы жерлеу рәсіміне әсерін тигізіп тұр. Бәрі де «ислам дінінің жоралғыларымен жерледік» дегенмен, өзгешелік көп.
Жаназа және жерлеу мәселелері көп сауал тудыратын күрделі де ауқымды тақырыптардың бірі. Қазіргі қоғам­дағы өзектілігін ескерген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы мәселелердің жөн-жосығын көрсетіп, нақтылы пікір, пәтуалы сөз жеткізуді жөн санады.
Жаназа намазы – пенденің дүниедегі һәм өзгелердегі соңғы ақысы. Жаназасын шығару мұсылмандар үшін парыз кифая. Өліге құрмет көрсету, арулап аттандыру – шариғат талап еткен іс. Осы кітапта жаназа және жерлеу рәсімдерінің шариғатта көрсетілген жолдары мен түрлі мәселелері талқыланды. Кітап исламтанушы, дін­танушы, теолог мамандармен қатар жалпы ізгі ниетті оқырман қауымға арналады.
– Қазақта «өлетін бала молаға қарай жүгіреді» деген тәмсіл бар. Мысалы, денсаулығын күтпейтін немесе қандай да бір өміріне қауіпті төндіретін жайттарға біліп-білмей өздері баратын жандар бар. Адам баласы өлімді қандай да бір қылығымен өзі шақыра ма?
– Алла Тағала шексіз білімімен, әрбір, жан иесінің тағдырын жазып қойған. Тағдырға сәйкес ажал сәті де жазылған. Ажал – арабша «әжәл» сөзінен келіп, «мерзім» дегенді білдіреді. Кез келген адам ажалдан аман қалмайды. Қай жерде, қай уақытта болмасын ажал іздеп табады. Алла Тағала былай бұйырады:
«Адамнан жан шығарда оны Алла алады. Өлмегендердің жанын ұйқыда жатқанда алады. Кім өлімге бұйырылса, оның жанын алады да, ал басқаларды белгіленген мерзімге дейін (ажалдары жеткенге дейін) қоя береді. Шындығында ойланған қауым үшін мұнда көп белгілер бар» (Зүмәр сүресі, 42-аят).
Демек, ажал пенденің басына ояу кезде де, ұйықтап жатқан кезде де келетіні ақиқат. Ұйқы адамды өлімнен қорғай алмайды. Жалпы алғанда, қандай да бір жағдай, қандай да бір мекен адамды ажалдан құтқарып қала алмайды. Осыны ойлай алған ақыл-есі түзу адам ажалдың кез-келген сәтте келіп қалуына дайын болуы, бұйырылған парыздарды орындауы, есеп-қисапқа тартылатын күн келместен алдын бірінші өзіне есеп беруі, яғни өзін түзетуі, амал таразысы тартылмастан бұрын парыз, сүннет амалдарын шынайы ықыласпен кәміл орындауы керек.
«Әрбір үмбеттің белгілі мерзімі бар. Олардың мерзімдері келгенде оны бір сағат кешіктіре де, ілгерілете де алмайды» (Ағраф сүресі, 34-аят).
«Қандай да бір жан Алланың рұқса­тымен белгіленген мерзімде ғана өледі» (Әли Имран сүресі, 145-аят).
Расында да ешбір пенде өзінің қашан және қай жерде қайтыс болатынын болжап біле алмайды. Бұл ғайып білім, оны тек Алла Тағала ғана біледі. Құранда бұл жайында былай дейді:
«Ешбір жан ертең не болатынын білмейді, ешбір жан қай жерде өлетінін білмейді. Шындығында, Алла Бәрін Білуші һәм Хабардар» (Лұқман сүресі, 34-аят).
Пенденің ажалы жеткен сәтте қандай күйде, қандай халде болмасын жан тапсырады. Мейлі ол жерде болсын, көкте болсын, ауру болсын, сау болсын, айырмашылық жоқ. Жазмыштан озмыш жоқ. Ол туралы Құран Кәрімде былай делінеді:
«Қайда болсаңдар да сендерге ажал жетеді, тіпті, тұрғызылған мұнараларда болсаңдар да» (Ниса сүресі, 78-аят);
Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ,
Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.
Ертең өзің қайдасың, білемісің?
Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ,–дейді ұлы Абай.
Әрбір тіршіліктің соңғы нүктесі – өлімді әрдайым еске алу – ізгі пенделердің дағдысы, ақылды жандардың әдеті. Өйт­кені, өлім – міндетті болатын құбылыс, оны өзгертуге, одан қашып құтылуға әсте болмайды. Әрбір адам өлімді әрдайым жадында ұстап, ақыретінің азығын дайындап, қамын күйттегені абзал. Алла Тағала былай дейді:
«Аллаға қайтатын күннен қорқыңдар» (Бақара сүресі, 281-аят). Яғни, әрбір ақыл иесі Аллаға қайтатын, құзырына баратын күннің қамын алдын-ала жасап, имани тұрғыдан сақадай сай болуы қажет. Расында да нағыз зерек, ақылды кісі – соның қамын жасай алған адам, ал, бейбақ пенде – бейғамдық танытып, селқос қарап, өзекті өртейтін өкінішке қалады.
– Өлген адамның басын қарайтуда қандай да бір ереже бар ма? Соңғы мекені – бейіт басындағы құлпытастың ереже-талаптары қандай? Бұл туралы «Жаназа» кітабында қандай мағлұматтар бар?
– Адам дүниеден өткен соң, тәні топы­раққа жерленеді. Жерлеген уақытта қабірдің топырағы түйенің өркешіндей биіктікте ғана жерден көтерілуі тиіс. Қабір тек қана өз топырағымен ғана көміледі. Сырттан басқа топырақ қосу, үстін тегістеп, цементпен құю немесе түрлi майлы нәрселер жағу – мәкрүһ.
Сахаба Жәбирден жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) қабірді көтеруден, үстіне отырудан, үстіне құрылыс салудан тыйды», – деген. Шариғат бойынша қабірді жоғалтып алмау мақсатында үстіне белгі (құлпытас, ағаш) қойып, марқұмның аты-жөнін жазып қоюға рұқсат беріледі. Өйткені, Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) өзінің сүт бауыры Осман ибн Мазунды жерлеп болған соң, қабірін оңай тауып алу мақсатында бір тасты көтеріп әкеліп, белгі үшін бас жағына қойған. «Осман ибн Мазғун қайтыс болғанда жаназасы шығарылып, жерленді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір кісіге тас әкелуін бұйырды. Ол оны жалғыз көтере алмаған соң, Алла Елшісі (с.ғ.с.) жеңдерін түріп, оған көтерісуге орнынан тұрды… Сосын, ол тасты көтеріп апарып Османның қабірінің басына қойды да: «Бұл бауырымның қабірін білуім және отбасымнан көз жұмғандарды оның қасына жерлеуім үшін», – деді деген (Әбу Дәуд, 3/203).
Демек, қабiрді белгілеу үшін үстiне аты-жөні жазылған құлпытас немесе ағаш қоюға немесе тал егуге болады.
Құлпытастарға марқұмның бейнесін салу, мүсінін қашап қою, табыттың алдында өлген кісінің суретін алып жүру немесе кішкентай суреттерін жағасына қыстырып жүру харам, яғни, дінде тыйым салынған істер. Мұндай әдеттің салдарынан мәйіттің қабірде қиналуына себеп болады. Дінімізге кейіннен енген мұндай жат кірме әдеттерден арылу қажет.
Қабірлердің үстіне кесене орнату, басқа құрылыстар салу мәкруһ, жағымсыз іс. Өйткені, марқұмға осы дүниеде істеген жақсы амалдары, ғибадат-құлшылықтары ғана пайда береді.
Өкінішке қарай, бүгінгі күні әсемдеп қабір тұрғызу, бей-берекет кесене салу үрдісі белең алуда. Негізінде мақтану, байлығын көрсету, бәсекелесу үшін кесене тұрғызу – харамға жатады. «Фатауа Һиндия» атты кітапта: «Егер, бір адам өлместен бұрын өзіне мазар, кесене тұрғыз деп өсиет ететін болса, оның өсиеті орындалмайды», – делінген. Өйткені, қабір уақыт өте келе жермен тегістеліп кетуі тиіс. Қаншама қаржыға тұрғызылған мұндай кесененің марқұмға пайдасы мен сауабы тимейді, жай ысырап дүниеге айналады. Шариғатта қабірді басу күнә болғандықтан адам, жануар үстін таптамау үшін қоршалуына рұқсат етілген. Егер, қабірстанның сырты толықтай қоршалса, онда марқұмның басына құлпытас, яғни, белгі қоюмен шектелу керек. Ал, қабірстан толықтай қоршалмаса, адам мен жануардың аяғына тапталмау үшін шектен шықпайтындай етіп қоршауға рұқсат беріледі. Құлпытас орнату мен қабірді қоршауда шариғат талабынан артық кету, ысырапшылыққа жол беру – харам.
Кейбір Ислам ғалымдарының пікірі бойынша ғұлама-ғалымның, ел билеген хан-сұлтандардың, би-батырлардың кесенесін көтеруге рұқсат берілген.Түрлі табиғат құбылысынан кірпіші құлап, не ішіне түсіп кеткен жағдайда жөндеп қойғанның еш оқасы жоқ. Алайда, бүтіндей қайта жаңар­туға тыйым салынады.
Жәбір (р.а.) былай дейді: «Алланың елшісі (с.а.с.) қабірлерді ақтауға тыйым салды» (Ибн Мәжә риуаяты).
Бір хадисте былай дейді:
Айша анамыздың (р.а.) жеткізуінше Умму Хабиба мен Умму Сәләмә (р.а.а.) Эфио­пияда жүргенде ішінде суреттері бар шіркеуді көргендігін айтады. Олар сол жайында Пайғамбарға (с.ғ.с.) айтқанда ол (с.ғ.с.): «Шынында олар араларында бір ізгі адам болып, кейін қайтыс болса, оның қабірінің үстіне ғибадат орнын салып, оның ішіне суреттер салатын. Олар Қиямет күні Алланың дәргейіндегі жаратылыстың ең нақұрысы болады», – деген (Бұхари риуаяты).
– Өмір болғасын түрлі жағдай болады. Дәулетіне сенген адамдар немесе қыл-құйрығы жоқ адамдар көзінің тірісінде өздері-ақ моласын салдырып қояды. Қазір, ол, тіпті, таңсық дүниеге айналмады. Бұның дұрыс-бұрыстығына тоқталып өтсеңіз.
– Кімнің қашан және қайда жан тапсыратынын бір Алла біледі. Сондықтан, өзінің қабірін қазып дайындату, дұрыс емес. Алайда, кейбір ғалымдардың көзқарасы бойынша, егер, өзінің иелігіндегі жер болса, қабірін алдын ала дайындап қоюға болады. Әрі бұл өлімді көп еске алып, ақыретіне ұдайы дайындық жасау мақсатындағы тақуалық пейілден шықса дұрыс. Ал, зәулім мазар тұрғызып шығындалу шариғатқа қайшы. Сол секілді ауа-райы жағдайына байланысты (ұзын-сонар қыстың суықтығына, жердің тоң болып қатуына) қабірді қазып қоюға рұқсат етіледі.
Шариғат бойынша, өлместен бұрын өзіне жер дайындап қоюына рұқсат етіледі. Мәселен, Айша анамыз (р.а-һа) ардақты Пайғамбарымызды (с.а.у.) жерлеген соң қасынан өзіне жер әзірлеген. Бірақ, хазіреті Омар халифа өлер алдын достарының қасына жату үшін сол жерді Айша анамыздан сұрап алады және сол жерге жерленеді.
– «Әр молда білгенін оқиды» дейді қазақ. Қазалы жерде дау да көбейеді. Себебі, әр адам әртүрлі жоралғыны айтады. Өзіңізден хақ ислам қағидаты бойынша өлікті жөнелту рәсімі туралы білгім келеді.
– Хазреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мұсылманның мұсылманда алты хақысы бар», – дейді. Осы алты хақының бірі – жан тапсырғаннан кейін мәйітті жуу.
Мәйітті жууға лайықты кісі – ең жақын туысы. Мәйітті жуатын адам әдепті де, тақуа болуы мустахаб. «Әл-Аламгирия пәтуасында» да осылай делінген. Мәйітті жуу кезінде мәйіттің кемшілігін (иістенгені, немесе басқа да кемшіліктерін) айтпау қажет.
Мәйітті кебіндеу – мұсылмандарға парыз кифая. Кебіннің жақсысы – ақ түстісі, бірақ, ол дәке (марло) сияқты жұқа болмауы тиіс. Оның жаңа немесе ескі болуы шарт емес.
Мәйітті жуындырып, кебіндеп болған соң жаназа намазға асыққан жөн. Себебі, шариғатта уақыт күттірмеуді бұйырған.
Хатим әл-Асам былай деген екен: «Асыққан – шайтанның ісі. Тек бес жағдайда асығу: келген қонаққа ас беруге, мәйітті аттандыруға, балиғатқа толған қыз баланы ұзатуға, қарызды қайтаруға, істелінген күнәға тәубе жасауға асығу Пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннеті».
Әбу Һурайра (р.а.) Алла Елшісінің (с.ғ.с.) былай дегенін естігенін айтады: «Мұсылман мұсылмандағы қақы бесеу: сәлеміне жауап беру, ауру болса, зиярат ету, жаназасына қатысу, шақырса, бару, түшкірсе, Алланың рахымын тілеу» (Бұхари риуаяты).
Амир ибн Рабиға (р.а.) жеткізген риуаятта Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Егер, жаназаны көрсеңдер, оның сендерді артына (яғни, жаназаның сауабына) мұрагер етуі үшін дереу оған тұрыңдар (яғни, жаназа намазын оқыңдар)», – деген (Бұхари риуаяты).
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаят­та Пай­ғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жаназаны тезірек оқуға асығыңдар. Егер, ол қайыр­лы болса (яғни, жақсы адамның жа­­на­засы болса) сендердің ұсынатын ең жақсы амал. Ал, егер, олай болмаса, мойындарыңнан алып тастап құ­тылатын бір жамандық», – деген (Бұ­хари риуаяты).
Мәйітті жөнелту кезінде тыныштық сақтау қажет. Дауыстап дұға айту, жоқтау айту, жылап-сықтау дұрыс емес. Әйелдер табыттың артынан еріп бармайды.

Алдыңғы «
Келесі »