Біз кімбіз? немесе Имамның жүгі

  • 02.06.2017
  • 738 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Алғадай Әбілғазыұлы,
қызметкер

Кез-келген қоғамда, қандай да бір ортада белгілі бір нәтижеге жету үшін сол ортаны құрап отырған адамдардың жай-күйі мен құндылықтарын, яғни, олардың дүниетанымы мен тұрмыс-тіршілігін, отба­сылық және әлеуметтік-қаржылық жағдайын, тіпті көңіл-күйі мен қызығатын нәрселерін де ескеру қажет. Әйтпесе, арадағы қарым-қатынастан бастап, белгілі бір жұмысты тапсыру мәселелерінде де қателіктер мен «әттегенайлардың» орын алуы әбден мүмкін. Әсіресе, имамдық қызметте жүрген бауырларымыздың асыл дініміздің ресми өкілі ретінде арқалаған жауап­кер­шілігінің ауырлығын ескерсек, бұл мәселенің маңызы арта түседі. Өйткені, имам – тек жамағатқа намаз оқытатын ғана адам емес, қалың халықтың белортасында жүретін, азан шақырып ат қоюдан бастап, ақ орап арулап көмуге дейінгі мәселелерге қоян-қолтық араласатын, ел-жұртқа жөн сілтейтін қайраткер тұлға.
Алланың қалауымен, қазақ деген елдің ортасында дүниеге келіп, осы елге имамдық қызмет жасап жат­қан­дықтан, бауырларымыз туған халқымыздың болмысын тереңірек тануы тиіс. «Біз кімбіз? Қандаймыз?» деген сауалға әдетте: «Біз – «қазақ» деген батыр халықпыз; оның дәлелі – найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап қалған мына ұланғайыр даламыз; Біз – қонақжай халықпыз, оған бізге қонаққа келген кез-келген кісі куәлік береді; Біз – өлімнен ұятты күшті көрген, «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген, ар-намысты бәрінен жоғары қойған халықпыз; Біз – турасын айтқанды жақ­сы көретін, жағымпаздықты жақ­тыр­майтын, адалдық пен тазалықты ту еткен жылқы мінезді халықпыз; Біз – үлкенін сыйлаған, кішісіне қамқорлық жасаған, жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған, жеті атаға дейін қыз алыс­пайтын текті халықпыз; Біз – әлімсақтан бері мұсылман елміз: тегіміз – түрік, дініміз – Ислам, кітабымыз – Құран, пай­ғамбарымыз – Мұхаммед! (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын)» деген секілді көңіл марқайып, кеуде көтерілетін сөздермен жауап береміз. Рас, біз – осындай халықпыз! Бұл сөздерді шүкірлікпен, ынсаппен айтсақ, айыбы бола қоймас. Алайда… Алайда, өмір толқынында талай шырғалаңға түскен, түрлі табиғи, тарихи, саяси-экономикалық жағдаяттардың әсеріне ұшыраған халқымызды «белгілі бір өзгерістерге ұшырамады» деу – ағат пікір болады. Негізіміз сақталғанмен, байырғы қазақтан басқаша екеніміз – анық. Оған себеп көп. Қазіргі қалыптасқан жағдай, заман мен уақыт талабы сол себептерге назар аударуды талап етеді.
Біз – 300 жыл отарлықтың қамытын киіп, 70 жыл құдайсыздық пен атеистік негізде құрылған советтік әміршіл-әкімшіл жүйенің езгісін көрген; екі рет болған ашаршылықтан тең жартысы қырылып, бір жартысы шетелге ауған; репрессия жылдары бас көтерер азаматы, ақыл айтар ағасы атылып кеткен; Ұлы Отан соғысының қиындығын бастан өткерген, одан қалса «тың жерді игеру» секілді жымысқы шаралардың себебінен өз жерінде азшылыққа ұшырап, тілі мен дінінен, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпынан, яғни, рух-санасынан айырылып қала жаздаған халықтың перзентіміз. Қазір де сындарлы кезеңде өмір сүріп жатырмыз…
Біздің бойымызда: отарлықтан мұра болған құлдық сана бар; қуғын-сүргін мен қудалаудан қалған жасқаншақтық пен үрей бар; балабақшадан бас­тап сіңірілген атеистік тәрбие мен көзқарастың қалдығы бар; «орыс­танған» мінез бен әскери лагерь мен түрме менталитетінің көрінісі бар. Мәселен, бізде әлі күнге дейін: «жартысы – қоғамдыкі, жартысы – ағаңдікі» деген әдемі сөзбен ақтап алатын, қоғамдық-өкіметтік мүлікті жымқыруды ар көрмейтін әдет бар. Өткен ғасырдың 30-шы жылдары, ашаршылық жайлаған уақытта, совет өкіметі зорлықпен тартып алған елдің малын, ұрлап болса да, қайта халыққа таратқан, ұрлық пен барымташылыққа баруға мәжбүр болған аталарымызды ел-жұрт қатты айыптай қоймаған-ды. Сірә, адам табиғатына етене жекеменшік құлықты жоюға тырысқан, күшпен орнатылған жүйеге деген ішкі қарсылық өкіметтің дүниесін ебін тауып өз пайдасына жаратуды ақтайтын түсінікке алып келген болар. Сол түсінік пен әдет әлі жалғасып жатыр…
Біздің бойымызда, кезіндегі «ат жақ­сысы кермеде, жігіт жақсысы түрмеде» деген түсініктің сарқыншағындай «по понятиям» өмір сүруге деген құштарлық бар. Осының кесірінен басқалардан зәбір көрген жеткіншек өзінің туған әке-шешесіне де шағым айта алмайды; шағымданса, «чмо» болып қалатындай. Тіпті, түрмедегілер үшін ақша жинайтын мектептер де бар… Сол түсініктің әсері болар, бізде «Вор в законе» қадірленеді, шет елге қашқан адам – ақылы асқан, қуғын көрген «герой» секілді… Кезіндегі, әйел мен ер кісінің табиғаты мен мақсат-міндеті ескерілмеген келеңсіз ұранға елітіп, аналарымызды трактор айдатып, ақыры арақ пен шылымға үйреткен, әйел мен ерді «товарищ» қыл­ған келеңсіз көзқарастың ұшқынымен қыздарымызға «40 үйден тыйым» сала алмай отырмыз: тірі жетім мен аборт азаймай тұр, көшедегі «көбелектер» тыйылмай тұр. Советтік кезеңдегі импорттық дүниелерге тамсанған, оларды қолға түсіру абырой саналған, тіпті, анау-мынау мәселелерді сол шетелдік заттардың көмегімен шешіп жіберген, олардың бүкіл дүниесі біздікінен артық бағаланған төменшік психология­дан келіп шыққан кемістік комплексі әлі күшінде: солар – «ақылды», солар – «мықты», солар – «үлгі». Өз уақытындағы, әсіресе, қарапайым халықтың арасында ұсақ тұрмыс-тіршілік мәселелері сонымен шешіліп, бүкіл қуаныш пен жетістік сонымен атап өтілетін. Сыйластық пен құрметтің көрінісі болған, «музаның сыңары, шабыттың шақырушысы» саналған арақ-шарап асқына келе жиын-тойдың көркі ғана емес, қазалы жердің де «қадірлі құтқарушысы» болған-ды. Оның арды ағызып, адамгершілікті аздыратынын көріп жүрсек те, ата-дініміз оралып, салт-дәстүріміз жаңғырып жатса да, сол жаман әдеттен, арам астан толық ажырай алмай жатырмыз…
Құдайсыздық дәріптеліп, салт-дәстүр мансұқталған кешегі күннен қалып қойған, тіпті, үдеп кеткен тағы бір дерт – тамыр-таныс пен ақшаға сүйену. Кезінде бір нәрсеге қол жеткізуге тырысқан адам «болмайды» деген сөз естісе, заң мен ресми тыйымға қарамастан, «шынымен болмай ма?» деп сұраушы еді. Сол мәселені шешу үшін таныс іздеу, заңды айналып өтіп пара беру әдеті, өрши келе, білімге емес танысқа, ақылға емес ақшаға сүйенген, тіпті, ақшаны пұт дәрежесіне көтерген қауымды қалыптастыруда… Қандастарымыз бен жер­лестеріміздің ендігі бір тобы «дін – өте қа­сиетті нәрсе, онымен ойнауға болмайды» деген негізі дұрыс түсініктің себебінен өзін «таза емес», «дайын емес» санап, әзәзілге еріп қашқақтап жүрсе, келесі бір қауым, ішіне кірместен, өздерін діннен жоғары санап, діндар атаулыны менсінбей жүр. Бұған БАҚ-ғы жалған ақпарат пен исламофобияны қосып қойыңыз…
Міне, осы жоғарыда айтып өткен нашар әдеттер мен кемшіліктер, алдыңғылардан мұраға қалған құлдық сананың әсері бәріміздің де бойымызда белгілі бір мөл­шерде көрініс береді. Мұның сыртында, ұлттық тамырынан қол үзіп қалған, орысша оқып, тәлім-тәрбие алған орыс тілді бауырларымыздың бар екенін; одан бөлек, орыс тілін білмеген адамды «сауатсыз, артта қалған» деп есептейтін адамдар тобының бар екенін ескеріп қояйық. Жалпы, қазақ халқының қал-жағдайы осындай көріністе болғандықтан, мешіттегі жамағатты да «біркелкі» деу – қиын. Жамағат арасындағы қа­зақтардың өзі «әртүрлі» болса, оған таным-түсінігі мен менталитеті мүлде ұқ­самайтын басқа ұлт өкілдері қосылғанда, «қызықтың көкесі» сонда болады! Бұл күндері имамдарымыз осындай сан-алуан түсінік пен мінезге ие жамағатқа жол көрсетуге тиіс болып отыр.
Жасыратыны жоқ, қазір бірдеңе десең, «дәлелің бар ма?», «мынау бидғат қой», «хадисте, суннада бар ма?», «мәз­һаб имамдары да қателеседі, олар да пенде ғой» деген секілді сөздерді жиі айтатын, білімнің шалалығы себепті «дәстүр мен дін», «сүннет пен мәзһаб» се­кілді біте қайнасқан ұғым-түсініктерді бір-біріне қарсы қойып жүрген жастарды кездестіруге болады. Олардың басым көпшілігін орыс тілді қыз-жігіттер құраса, екінші бөлігін қазақ тілді, бірақ, орысша уағыз тыңдағанды жақсы кө­ретін немесе ел естімеген нәрселерді естіп, білгісі келетін, сол арқылы ерек­ше­­ленгісі келіп тұратын – нәпсі қа­лауына берілгенін байқамаған (байқай алмаған), ғаламтор арқылы «ұстаздар» тауып алған жастар құрайды. Зер салып қарасақ, бұлардың бойында да жоғарыда айтып өткен кемшіліктер кездеседі: орыс тілді болғандықтан қазақы ұғымдар мен салт-дәстүрлердің мәніне, байыбына жете алмау; өзінен (өз имамдарымыздан) «өзгені» (орысша уағыз, интернет-ұстаз) артық көрген құлдық сана; ресми билікке (имамдарға) бағынбауды бедел көретін «бунтарьлық»; «қудалану – дұрыс жолда болудың белгісі» деген жалған сенім және діннің бетін ғана қалқыған догматикалық түсінік. Бұған қоса жастық максимализм бен тәжірибесіздікті есепке алсақ, оларды «жау» санағаннан гөрі «көмекке, түсін­діруге мұқтаж қандасымыз, қарын­дас-бауырымыз» деп қарағанның жөн болатынын бағамдаймыз. Өйт­кені, мешітке келе алмай жүрген қандас­тарымызға, жоғарыдағы себептерге байланысты, жанашырлықпен, түсініс­тікпен, жұм­сақтықпен қарым-қатынас жасауды дұрыс десек, дәл сол «диагнозбен» «ауырып жүрген» жастарымызды неге кеудеден итеруге тиіспіз? Шынымен де, орысша ойлайтын адам, басқа ортада өскен адам қазақтың тағылымды дәстүрі түгіл, астарлы сөзінің өзін түсіне алмайды емес пе? Рас, дәстүрдің де озығы бар, тозығы бар. Біз бұны мойындай отырып, оларға діңі берік дәстүр (сүндетке отырғызу, құда түсу, үйлену той, қонақжайлылық, т.с.с.) мен бос ырым-сырымдардың (мы­сықтың жол кесуі, қызыл шүберек байлау, құмалақ ашу, т.с.с.) аражігін ажыратып беруіміз керек; оларға дін қағидаларына қайшы келмейтін әдет-ғұрыптарды шари­ғаты­мыздың теріске шығар­майтынын ұғындыруымыз қажет…
Тағы бір ескеретін жайт: біз – шығыс халқымыз. «Восток – дело тонкое» демек­ші, расында да, «шығыстықтар» мен «батыстықтардың» арасындағы айыр­ма­шылық жетерлік. Олай болуы: әуелі ұлттар мен ұлыстарға бөлген Алла Тағаланың қалауы десек, одан кейін жер мен тарих, ауа райы мен тұрмыс-салт, дүниетаным мен мінез-құлықтағы өзгешеліктерге байланысты болса керек. Қазіргі «Батысқа» қарасаңыз: дүниетанымын – есепті ақылға, тіршілігін – тәртіп пен жүйеге байлаған. Сондықтан, адами қарым-қатынаста да ресмилік пен салқынқандылық, есеп пен ереже басым. Оларды «әркім өзі үшін жауап береді» деген принципке негізделген индивидуализм алға сүйресе, «әркім өзі үшін өмір сүруі керек» деген жеке басын күйттеген эгоизм жарға сүйреуде… Ал, біз… Бізге сырбаздық пен сыпайылық, нәзіктік пен құпиялылық, «көзбен көр де ішпен біл», «ымды түсінбеген дымды түсінбейді» деген мінез тән. Біз суық ақылдан гөрі ыстық жүрекке, көңілге билеткенді қалап тұрамыз. Бізге тереңге бойлап, сыр аулау; иіріммен жан-жақты ойлау; әдемі сөйлеп, әсерлі қимылдау ұнайды. Бізге ағайын-туыстың береке-бірлігін жеке басымыздың қалауынан жоғары қойып үйренген ұжымшыл-ұйымшыл психология тән. Біз ақылы асқан, абыройы тасыған «ағаға» арқа сүйегенді, билігін мойындатқан «беделділерімізге» бағынғанды дұрыс көретін халықпыз. «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» дегендей, біздің бойымызда қандай да бір істе бізге алғаш ұстаз болған адамды қатты қадірлейтін және сол кісінің ықпалынан көпке дейін шыға алмайтын, тіпті, сол адамға қатысты айтылған орынды сынның өзін көңілімізге ауыр алатын ерекшелігіміз бар. Осы «авторитетті» бағалай білетін қасиетіміз – кейде оған ойсыз ілесіп, «соқыр» бағынуға ұласып кететін жайлардың орын алуына себепкер… Дәл осы менталитет дін мәселесінде де ерекше байқалады. Мәселен, орыстілді бауырларымызда «батыстық» типтегі адамдардың» мінез-құлқын байқауға болады: мәселені суық ақылмен шешу, тікелей түсіну, «қалтарыс-бұрылысты» елемейтін «қатып қалушылық», өз жайын көбірек ойлау көп кездеседі. Ал, «шығыстық» бауырларымызда: алғашқы ұстаздан «айнымау», оның атына айтылған сынды қабылдай алмау; топ болып, өзінше жамағат болып бөліну және сол ұйымның «намысы» үшін өзін құрбан қылу; немкеттілікке ұласатын жайбасарлық; жүйесіздік пен шашыраңқылық молынан кездеседі…
Имам бауырларымыз адамдармен араласқанда, әсіресе, жамағат ішінде жұмыс жүргізгенде осы мәселелерді де есте ұстауы қажет. Яғни, әр мұсылманның бойында алған тәрбиесі, сіңірген білімімен қатар пендеге тән мінездер, менталитеттік өзгешелік, ұлттық ерекшелік, тіпті өскен, тұрған аймағының әсері мен кәсіптік-қызметтік машықтарының болатынын, әрбір тұлғаның сан қыры барын назарда ұстауымыз керек… Жалпы, кез-келген мәселені бірте-бірте – эволюциялық жолмен немесе түбірімен төңкеретін – революциялық жолмен, болмаса «шарт кесетін» репрессиялық жолмен шешуге болады. Соңғы екеуінің қандай болатынын күні кешегі тарихымыздан білеміз. Ол тәсілдерге арқа сүйеу опа бермейді. Мүмкін бір-екі рет болған әңгімеден кейін «бәрібір түсінбейді» деген асығыс шешіміміз немесе оларды «жат» санап, жанына жоламай кетуіміз, тіпті, сыртқа теуіп, салқындық танытуымыз – қандастарымыздың басқа ағымға, тіпті, басқа дінге өтіп кетуіне себепкер, шоқ үстіне май құйғандай әрекет болатын шығар? Ендеше, «басқашалау» бауырларымыздың мәсе­лесін бірден шешпек болған, «не ары, не бері қыламыз» деген әрекетіміз (революция) – «бізбен бірге болмаған бізге жау» (репрессия) деген асыра сілтеуге алып бармасын… Сондықтан, «өзгешелеу» бауырларымызды кеудеден итерместен, (шариғатқа, дәстүрімізге, заңымызға сыйымды дәрежеде) бауы­рымызға тартып, жақындығымыз бен жанашырлығымызды білдірсек – құба-құп болар еді. «Мен мұсылман бауы­рымды айыптамас бұрын, оны ақтайтын 70 түрлі себеп іздеймін» деген ғұламаларымыздың сөзі қандай?! «Жылы-жылы сөйлесең, жылан іннен шығады, қатты-қатты сөйлесең, бауыр діннен шығады» демеп пе еді данышпан бабаларымыз? Өзін «Құдаймын» деген залым перғауынның өзіне жұмсақ болуға, жылы сөйлеуге бұйырған Раб­бымыздың даналық дәрісі ше? «Біл­мегеннің білместігін кешірмесең, біл­гендігің қайсы?» демекші, «қатайып қал­ған» бауырларымызды бауырға тарта отырып, түзу жолға түсуіне себепкер болу – сіз бен біздің өтер сынағымыз емес екеніне кім кепілдік береді?.. Рас, «мешітте жел шығаруға болмайды, ұят болады» деген ескертуге «дәлелің бар ма?» деп жауап беретін қыңырлармен тіл табысу – оңай шаруа емес. Айтуға оңай болғанмен, ізгі амалды іске асыру – табандылық пен төзімділікті, уақыт пен қажыр-қайратты, ең бастысы «Алла разылығы үшін» деген айнымас ықылас-ниетті талап ететіні сөзсіз. Қатып қалған ағашты иіу қандай қиын? Бұл істі тозып кеткен тастақ жерге жеміс ағашының көшетін отырғызып, 5-6 жыл бойы баптап-күтіп жүріп, әрең өнім алатын байсалды бағбанның әрекетімен салыстыруға болар. «Әр қазақ – менің жалғызым» (ол «жалғыз» қамқорлығымды түсінбесе де, дос болып кетпесе де) деген жанашырлық, Алла дидарына ұмтылған жанкештілік бізді «бағбан» болуға (эволюция) итермелесе керек… «Жемісін мен көрмесем, ұрпағым көреді» дейтін кеңпейілділік пен «өкпеге қиса да, өлімге қимайтын» бабаларымыздың кемеңгерлігі қажет бәрімізге…
Иә, онсыз да жар жағасында тұрған бауырларымызды көпшілікке жаман қырынан танытып, оларға деген қарым-қатынастың одан ары шиеленісе түсуіне жол беріп алмайық. Оның соңы «олардың» одан ары адасуына алып баруы: нәтижесінде сыртқа тебілген жастарымыздың «так­фир­шілер», «жиһадшылар» секілді шек­тен шыққан топтардың ықпалына түсуі, солар сияқтылардың «құшағына» тап болуы мүмкін ғой? Соған біздің шыда­мымыздың сәл жетпегені себеп болса, өкініш деген сол емес пе? Сон­дықтан, сабыр қылып, төзімділікпен әрі жанашырлықпен жастарымызды жақын тартқанымыз абзал. Біз асыл дініміздегі «Күнәға деген жеккөрініш күнәһарға деген жеккөрінішке айналмауы керек» деген алтын қағиданы есте мықтап ұстауға тиіспіз. Біздің уағыз-насихаттарымыз көбіне қателіктерді әшкерелеу бағытында емес (әрине, ол да керек, мәселе – мөлшерде) дұрыс нәрсені, ақиқатты айту бағытында болса, ұтылмасымыз анық. Өйткені, «Ақиқат келсе, өтірік жоқ болады», жарық келсе, қараңғылық сейіледі. Арындап бара жатқан тұлпардың алдына арқан керсе, не өзі мертігіп, не басқаларға зиянын тигізетінін жақсы білетін бапкер оны атымен жанаса шауып жүріп тоқтататыны сияқты, «бұл бауырларымызды жанаса жүріп, тоқтатып алу – тиімді тәсіл» деп ойлаймыз…
Мешітке келе алмай жүрген қауымға «прокурор» емес, «адвокат» болу қандай қажет болса, бұл жастарға да солай қажет-ау. Асып бара жатқан санымыз жоқ, тасып бара жатқан қанымыз жоқ. «Өмір» атты даңғыл жолда: бағыт көрсетер «аға» бар, жәрдемге мұқтаж «іні» бар; бір топырақтан жаралған «бауыр» бар; «Дін» атты тау көтере алмас аманат бар…
Иә, Абай хакім айтқандай, «Біріңді қазақ бірің дос көрмесең, істің бәрі – бос». Қазақияның азаматы ретінде, дін қызметкері ретінде біздің міндет – «қазақ» деген дархан халықтың бойында сақталған жақсы қасиеттерін одан ары дамыту; жоғалтқанын табуға жәрдем беру; бұйығып жатқан, жасырын жатқан асыл қазыналарын жаңғыртуға күш салу. Ал, бұл жолда төзімділік пен жанашырлық таныту – жиһадтан кем емес!
Алла Тағала баршамызды адасу мен өкініштен сақтасын! Тура жолына түсіріп, сол жолда жанымызды алсын! Бүкіл мадақ әлемдердің Раббысына тән! Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың игілігі мен сәлемі болсын!

ТОЯТТАНУ  МЕН  ЛӘЗЗАТТАНУ  ПСИХОЛОГИЯСЫ

«Білгенің тоғыз болса, білмегенің – тоқсан тоғыз» демекші, біз білетін тарих бойынша, тірлігін тас үңгірде бастаған, талқанын терімшілік пен тас қарулар арқылы тауып жеген адам баласының бүгінгі қол жеткізген жетістіктері, шынында да, таңдай қақтырарлықтай: ұшатын кілемді аңсаған адам енді атом қуатын меңгеріп, Айға барып қонды; айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алу сөз болмай қалды; электронды ақпараттық жүйелер: радио, телефон, теледидар, спутниктік байланыс пен компьютердің арқасында жер шары үлкен ауылға, «ғаламдық ауылға» айналып барады. Шақша басына не керектің бәрі баспанасында бар, дүкені затқа, тоңазытқышы асқа толы, бұрынғылар өңінде түгіл, түсінде көрмеген игіліктерге иелік еткен адам баласының ақылы мен алғырлығына таңдай қақпасқа әбдіңіз жоқтай. Бірақ…
Бірақ, таяқтың екінші ұшына, жарқыл­даған өмірдің көлеңкесіне көз салсаңыз, көңіліңіз күңгірттеніп, таңдайы­ңыз кеуіп сала берері анық: қанқұйлы төңкеріс; қолдан жасалған аштық; адамзат тарихында болған бүкіл қырғындардан асып түскен екі дүниежүзілік соғыс; екі қаланы күл қылған, адамдарды тәжірибе нысанына айналдырған, мыңдаған жанды қасірет қамытына жеккен атомдық сынақтар; жер шарын бір емес, бірнеше мәрте жоқ қылып жіберуге жететін қару барына қарамастан, жалғасып жатқан жанталаса қарулану; тұтас ұлттардың жойылып кетуі; экологиялық апат жағдайы; жер шарының бар байлығын аз ғана алпауыттар иеленген, ал, көпшілігі жоқшылық, аштық, сауатсыздық, ауру-сырқау шырмауында қалған әділетсіз бөліс; діни негіздегі өркениеттік қақтығыстардың күшейе бастауы; лаңкестік әрекеттердің өршуі; емі жоқ, аты жаман аурулар; нашақорлық; «біржынысты неке» сияқты, тізе берсек, тіземіз дірілдеп, жүрегіміз тітіркенетін жайлар – адам баласының санасы толысып, жанының кемелдене түскеніне күмән туғызады… Жасыратыны жоқ, «аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесін» дегендей, экономикалық және әскери әлеуетінің арқасында әлемге әсері зор болып тұрған кей мемлекеттер өзге елдерге өз ұстанымдарын ақпараттық кеңістік арқылы тықпалауда. Олар сөз жүзінде Бостандық, Теңдік, Бауырмалдық, Де­мо­кратия сияқты ұстындарды бетке ұс­тағанымен, іс жүзінде нарықтық эко­но­миканың Бәсекелестік, Пайда, Байлық, Өзімшілдік секілді қағидаларын құнды­лыктар ретінде сіңіруде…
Жаһанданудың экономикалық, техноло­гиялық даму, ақпараттық мүмкіндік­тердің молаюы, әлемдік үрдіске қосылу секілді сөзсіз жақсылықтарымен қатар, ұлттық салт-дәстүрге, адамгершіл сана-сезімге сызат түсірген қаупінің де барын көріп отырмыз. Адам өзін тауар сезінген; отбасылық институт жойылып бара жатқан; қарны тоқ, көйлегі көк болғанына қарамастан, өзіне-өзі қол салып, мағынасыз ажал құшушылардың қатары көбейген; бір жынысты некені заңдастырған; физио­логиялық, психикалық ауытқулар күн сайын артып бара жатқан; түрмелерінде орын жоқ; балаларының өзі қылмыскер бола бастағанына ойланбайтын, қыз­дарының тәнін сатып жатқанына намыс­танбайтын, тіпті, селт етпейтін, оны айтасыз, салық салу арқылы пайда табу үшін зандастырып, мекенжай ашып беретін қоғам – ашығын айтсақ, Ауру қоғам! Демек, осы қоғамды құрып отырған адамдар да – дімкәс, дағдарыста. Яғни, дүниетанымында, өмірлік ұстанымында қателік бар деген сөз…
Негізі, ауру екеніңді мойындағанда ғана, емделуге бой бұрасың. Кемшілікті көре білу – оны түзетудің басы…
«Космос дәуірі», «атом ғасыры» деген аттарымен қоса «Құдайсыз ғасыр» деген теңеуге ие болған XX ғасырдың ең үлкен дерті – имансыздық – тірлікке мән-мағына беретін ұлы мақсаттарға жетелейтін Сенімнің жоқтығы еді; «қасиет», «кие» деген ұғым-түсініктің жойылып, дөрекілік пен қарабайырлыққа, сана-сезім жұтандығына ұрыну еді. Сол дерттің екпіні әлі басылмай түр. «Жаратушының асыл туындысы, Құдайдың жердегі орынбасары» боп әспеттелген Адам – қазір жанды робот, тойымсыз тұтынушы дәрежесіне төмендеген пендеге айналды. Әлемді билеуге, гүлдеуге тиіс Адам – өзі жасаған заттардың құлы, өзі ойлап тапқан жүйе­нің тұтқынына айналды. Тырысса, жаратылысынан таза періштелерден де жоғары болатын Адам Жаратушысын және өзін танымағандықтан; жалған теорияларға сеніп, тұманды түсінікке шыр­малғандықтан; өзінің хайуани табиғаты – Нәпсісіне ілесіп, шайтани сананың жетегінде кеткендіктен жануарлардан да төмен сатыға түсіп, түйсік-құмарлықтарының құрбанына айналып барады. Өлгеннен кейін өмір жоқ екеніне иланған, бар болмысын денесіне балап, Әлеммен, басқа адамдармен арадағы шекарасын тәнін қаптаған терісімен шектеген жан Қорқыныш пен Жатсыну психологиясына шырмалып, бар мақсаты барынша тояттану мен ләззаттану болған бейбақ күйге түсті. Бір қызықтан екінші қызыққа жүгірген, сірнеленген сезімін серпілтетін, жүйке талшықтарын ширықтыратын қоздырғыш іздеген тойымсыз көңіл, сарсаң сана тобырлық мәдениетті қалыптастырды: тарсылдаған музыка, тарс-тұрсы мен ыңқыл-сыңқылы көп кино, «қызық» газеттер шетшекарасы, тыйым-талабы жоқ оқшау өмірге ұмтылушыларды; ұрыс-төбелеске, көз жасы мен қанға құмартушыларды; арақ-шараппен масаттанып, ақыры нашаны жастанып, ғұмырын қорлықпен, құлдықпен аяқтайтындарды көбейте түсуде. Мұндай аянышты тағдырға елдің бәрі ұрынбағанымен, осы өмір салтын ұстанатын субмәдениет өкілдері қазір барша мемлекеттерде, барлық қоғамда көп­шілікті құрап отыр…
Жатсыну, күш қолдануға бейімділік, басқаларды пайда мен қауіптің көзі ретіңде қарайтын өзімшіл сана мен кембағал пиғыл – ұлттар мен мемлекеттер арасындағы қарым-қатынаста да орын алып отыр. Жасампаз ұсыныстар мен оң ұмтылыстарға қарамастан, халықаралық жағдайдың ушы­ғып тұрғаны; «гуманитарлық көмек» пен «демократияны» желеу етіп, «азаматтардың бостандығын қорғау» деген атпен жүріп жатқан әрекеттер – саяси ықпалды арттыру арқылы материалдық игіліктерге ие болудың даңғаза идеологиясы екені – ашық жайт. Бұдан бөлек халықаралық мафиямен ауыз жаласқан жасырын қару сату, наркобизнеске қамқорлық, лаңкестік ұйымдарға жәрдем беру, адам саудасы секілді «сасық» саяси ойындар да – қазіргі дағдарыстың бір көрінісі. «Құдай өлді» деп жар салып, «бар нәрсенің өлшемі – адам», «Адамнан биік, адамнан асқақ ешнәрсе жоқ» деп, жаңа «гуманизм» дәуірін жариялаған, өзін Құдайдың орнына қоймақшы болған адам баласының жеткен жері осы болды…
Өзі – затқа, заты – пұтқа айналған, қасиеті мен мәртебесінен айырылып, өгейлік пен жатсынуға ұрынған пенде-адамды емдеудің жолы бар ма? Әрине, бар. Ол жол – жүректі жылытып, жанынды тірілтетін, ақылмен ақталған, ғылыммен қосталған Ілім табу. Ол жол – Махаббат, Парасат, Әділдік, Бауыр­малдықты басты орынға қоятын құн­дылыктар жүйесіне көшу; аталған ұстындарды өмірге өзек ету. Ол жол – өз ұлтыңның салиқалы салт-дәстүрін сақтау, жетілдіру. Ол жол – басқаларды кінәлаудан бас тарту, тазаруды ең әуелі өзіңнен бастау. Ол жол – мызғымайтын мәңгілік Күшке арқа сүйеу, таусылмас Мейірден сусындау арқылы түлеу, жаңғыру, жандану, яғни, Жаратқан Иең­мен қауышудың жолы! Ол жол – ұлы Сенімге негізделген, жанкешті Еңбек, Рухани Ерліктің жолы! Ол жол – атадан мирас болған хақ дін Ислам жолы!

Алдыңғы «
Келесі »