Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы экологиялық ахуал: жағымсыз ықпалдар мен олардың алдын-алу шаралары

  • 02.06.2017
  • 234 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Нұрлан АСҚАРОВ,
С. Демирел атындағы
университеттің оқытушысы

Мақалада медиаэкологияның бір қыры – бұқаралық ақпарат құралдарындағы экологиялық ахуал қарастырылған. Бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамға тигізетін бірқатар жағымсыз әсерлері талданып, туындау себептері мен олардың алдын-алу және болдырмау шаралары ұсынылған. Автор бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамға тигізетін теріс ықпалын азайту және олардың алдын алу құралы ретінде мемлекеттік, қоғамдық, кәсіптік орта және өзін-өзі реттеу арқылы шешуге бағытталған кешенді шаралар жүйесін қолдануды ұсынады.
Кілт сөздер: БАҚ экологиясы, медиасын, реттеу, медиаэкология стандарттары, медиасауаттылық, медиаиммунитет, қоғамның медиасаулығы.

Медиаэкология және қоғам

Қазіргі қоғамдағы адам өмірін медиа құралдарсыз елестету мүмкін емес. Медиа өнімдер адам баласын жан-жағынан қаумалап, тіпті, оның өмір сүру ортасына айналып кетті десе де болады. Медиа құралдар арқылы әр түрлі форматта, алуан мазмұнда толассыз ағылған ақпараттар ағыны тұлғаның санасына, көзқарасына, талғамына, тіпті, денсаулығына өз ықпалын тигізіп, оның белгілі бір тұжырым жасап, шешім қабылдауы да бұқаралық ақпарат құралдары (ары қарай – БАҚ) қалыптастырған үлгіге сәйкес болатындай жағдай (медиатизация) орын алып отыр. Мұның, әрине, жағымды да, жағымсыз да жақтары бар. Осыған орай БАҚ-тың қоғам өміріне тигізетін жағымды әсерлерін: ұлттық бірегейлікті қалыптастыру және сақтау; аудиторияның талғам деңгейін өсіру; ұлттық аудиторияның гомо­генділігін сақтау; біртұтас әдеби тіл нормасының қалыптасып, дамуына үлес қосу; ұлттық ақпараттық кеңістікті отандық сапалы медиаөніммен (контентпен) толтыру, бос кеңістік қалдырмау; қоғам мүшелері арасында берілген ақпараттарға сыншылдықпен қарау арқылы жағымсыз ықпалдарға қарсы ме­диа­иммунитет қалыптастыру; сыңар­жақтылыққа ұрынбай, бейтарап ақпарат тарату; адамзаттық және ұлттық деңгейде қалыптасқан ізгілікті құндылықтар мен әдеп нормаларына сай ақпарат тарату; ұлттық біртұтас ақпараттық күн тәртібін орнықтыру, т.б. секілді БАҚ функцияларын қолдауға, арттыруға бағытталған шараларды қабылдай отырып, оның жағымсыз ықпалын азайтатын, алдын-алатын және болдырмайтын тетіктерді енгізген орынды. Бұған бұқаралық ақпарат құралдары жүйесінің әлеуметтік инс­титут ретінде қоғам мүддесі мен игілігіне риясыз қызмет ету секілді өз табиғаты мен кәсіптік мәніне сай қызмет еткен кезде ғана қол жетеді.
Әрине, нарықтық экономикалық қаты­настар жағдайында бос уақыт индус­трия­сының талабына сай қатаң бәсекелестік ортада жұмыс істейтін бұқаралық ақпарат құралдарының рейтингі төмен, әкелетін материалдық пайдасы аз, шығыны көп әлеу­меттік, салиқалы бағыттағы медиаөнім­дер дайындап, таратуға көшуі оңайлықпен шешілетін мәселе емес. Бұл ретте мәселенің түп мәнін жете түсіну және соған сай шараларды қолға алу үшін мәдениеттану аясынан бөлініп шыққан медиалық зерттеулердің бір саласы – медиаэкология тәсілдеріне жүгінген жөн болмақ.
Бүгінде медиақұралдардың адам өмі­ріне тигізетін әсерінің молдығына орай өте өзекті тақырып ретінде күн тәр­тібіне медиаэкология мәселесі шығып отыр. Кенже дамыған бұл ғылым саласын медиазерттеушілер канадалық әйгілі философ, коммуникация саласының ірі теоретигі Маршалл Маклюэн есімімен байланыстырады. Оның «Дәнекердің өзі ақпарат» («The medium is the message») деген тұжырымы кең таралып, кейінгі зерттеушілердің ойларына азық болды. Ол, әсіресе, телевизияның қоғамға тигізетін әсерін, жарнаманың мәні мен табиғатын дәл анықтап, оның алдағы уақытта қарқын алуы мүмкін ықпалын болжады. Кейіннен бұл идеяны Нил Постман ары қарай өрістетіп, коммуникация құралдарын орта ретінде қарастырды.
Зерттеуші В.Степанов медиаэколо­гияны былайша үш деңгейге бөліп қарас­тыруды ұсынады:
1) микроуровень (информационное про­с­транство индивида);
2) мезоуровень (медиаэкосистемы различной сложности – от библиотеки до региона страны);
3) макроуровень (глобальная информационная среда).
Главной задачей на микроуровне является адаптация человека к информационной среде – минимизация негативного влияния (пропаганда, манипуляция сознанием, реклама, порнография и агрессия в СМИ, информационная перегрузка, информационные войны и др.), помощь в овладении медиатехнологиями, формирование здорового информационно-когнитивного пространства.
На мезоуровне медиаэкология стремится к устойчивому развитию информационных экосистем: ликвидации «цифрового разрыва» и обеспечению равного доступа к коммуникационным технологиям, развитию медийной культуры общества, поддержанию «информационного баланса», что невозможно без создания эффективной сети коммуникаций с механизмами обратной связи, сохранению медийного, культурного и язы­кового многообразия.
На макроуровне задача – инженерия глобальной медиасреды, ноосферогенез, обеспечение коэволюции человека и медиатехнологий. На данном уровне медиаэкология философски осмысливает социокультурные эффекты медиа, изучает медиакультуру и феномены информационного общества, топологию медиареальности, пытается создать комплексную картину медиапроцессов, прогнозировать развитие технологий коммуникации и формировать «экоцентрическое мышление» в отношении информационных процессов».
Бұлайша жіктеумен келісе отырып, біз бұл ретте медиаэкология мәселелеріне тереңдемей, оның микродеңгейдегі мәселе­лерімен ғана шектелуді жөн көріп отырмыз. Өйткені, бүгінде медиаортаның экологиясын қорғау маңызды болып отыр. Осыған орай қазіргі қазақ бұқаралық ақпарат құралдары саласының экожүйесінде орын алып отырған бірқатар жағымсыз әсер­лерге тоқтала кеткен жөн.

Бұқаралық ақпарат құралдарының экологиялық ахуалы

Қазақстан 1991 жылы Тәуелсіз даму арна­сына түсіп, нарықтық экономикалық қаты­настарға көшуге бағыт алуына байланысты бұқаралық ақпарат құралдары саласында да елеулі өзгерістер орын алып, трансформациялық үрдістер қарқынды жүрді. БАҚ саласындағы мұндай өзге­рістерге 1991 жылы қабылданған Қазақ ССР-нің «Баспасөз және басқа да бұқа­ралық ақпарат құ­ралдары туралы» Заңы құқықтық негіз қалады. Аталған Заң­да белгіленген мынадай үш норма бүкіл Қазақстандық БАҚ-тың бұдан кейінгі даму жолын айқындап берді. Олар:
1) сөз бостандығына ерік беру;
2) цензураның алынып тасталуы;
3) БАҚ-тың меншік нысанының ауыстырылуы.
Қазақстан БАҚ-ы бұдан кейінгі кезеңде осында келтірілген нормаларға сүйене отырып, дамыды.
Бұл орайда Қазақстан қоғамы БАҚ саласына еркіндік беру арқылы оның Батыс елдеріндегідей нарықтық заңдылықтарға сай қызмет етуін қалады. Алайда, сол кезеңде тек БАҚ саласында ғана емес, жалпы, бір экономикалық жүйеден (со­веттік жүйе) екінші жаңа жүйеге (на­рықтық экономикалық жүйе) көшудің ғылыми тұрғыда талданып, негізделген тұжырымдамасы болған жоқ еді, ашы­ғын айтқанда дайындалмады. Тіп­ті, «нарық», «нарықтық экономика», «на­рықтық қатынастар» терминдерінің де нақты, жалпыға ортақ ұғынықты анық­тамасы жасалмады. Жария ортада көбінесе нарықтық экономиканың артықшылықтары жайлы ғана сөз болды да, оған балама боларлық өзге жүйелер немесе оған көшудің нақты өлшемдері түзілмеді. Сөйтіп, белгілі бір елде ғасырлар бойы қалыптасқан жүйенің эле­менттерін талғаусыз көшіріп алып, екінші бір елге оның жергілікті ұлттық ерекшеліктерін ескерместен ендіре салу жүйенің толық­қанды жұмыс істемеуіне, ойдағыдай нәтиже бермеуіне соқтыруы мүмкін екен­дігі назарға алынбады. Жасыратыны жоқ, соның салдарынан елімізде өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының бас кезінде жаңа жүйеге көшуде көптеген ол­қылықтар орын алды. Постсоветтік елдерде жүргізілген осынау реформалардың сипаты мен оның салдарлары, мемлекеттік мүлік нысандарын жекешелендіру, меншік нысанын өзгерту және бағаны еркіне жіберудің нарықтық қатынасқа көшу емес, оның тек алғышарттары ғана екендігі Қазақстанның экономист ға­лымы Қ. Ахметовтің «Асимметричная эко­номика»1 кітабында терең зерттелген. Автордың осы еңбегінде келтірілген концептуалдық тұжырымдарды бас­шы­лыққа ала отырып, Қазақстанның БАҚ саласында қалыптасқан ахуалдың түп-себептерін айқын аңғаруға болатын секілді.
Жоғарыда айтылған реформалық, танс­­формациялық процестер БАҚ саласын да айналып өтпеді. Бір ғана сөз бос­тандығына жол ашып, БАҚ-тың меншік нысанын өзгерте салудың БАҚ нарығын қалыптастырып, аталған саланың толықтай нарық заңды­лығымен қызмет етіп кетуіне жеткіліксіз екендігі тиісінше ескерілмеді. Бұл үшін сол кезеңдегі қолданыстағы БАҚ жүйесінің қызмет ету принциптері мен тетіктері, әлеуеті мен ерекшеліктері, кемшін тұстары мен артықшылықтары жан-жақты сараланып, жаңа жүйеге көшудің (БАҚ реформасының) тұжырымдамасы, оны іс­ке асырудың жан-жақты ойластырылған стра­тегиялық жоспары әзірленуі тиіс еді. Өкінішке қарай, реформаға жауапты маман­дардың тәжірибесіздігі мен асығыс­тығына байланысты БАҚ саласын реформалау тұжырымдамасы әзірленбеді. Реформалар стихиялы түрде жүйесіз жүр­гізілді. Кейіннен БАҚ саласында туындаған және әлі күнге шешімін таппай келе жатқан бірқатар проблемалар мен кемшіліктердің түп себебін осыдан іздеген жөн. Сондықтан, алдағы уақытта БАҚ саласын модернизациялауда осы жағына ерекше назар аударған жөн деп есептейміз.
Жоғарыда айтылғандай, сөз бос­тан­дығына ерік беру мен цензураны алып тастау бұқаралық ақпарат құралдарының кеңестік біржақты идеологиялық құр­саудан құтылуына мүмкіндік беріп, пікір алуандығына жол ашқан позитивті қадам болды. Дегенмен сөз бостандығы деген шектеусіздік, ойына не келсе, соны талғаусыз тарату емес, сонымен бірге үлкен жауапкершілікті талап ететіні көп жағдайда ескерілмей келеді. Сөз бос­тандығының шегі мен шекарасы, оны реттеу мен теңгерудің тәртібін анықтайтын ережелер мен тетіктер әзірленбегендіктен, аталған мәнді құн­ды­лықтың кейде жеке мүдделерге орай қолданылуы, сөз бостандығын перде етіп, астыртын мақсаттарды тықпалау, ақпарат таратуда мораль, этика шеңберінен шығып кетушілік фактілерінің орын алуы секілді жайттерге әкеліп соқтыруы кездесіп отыр. Ал, жоғарыда аталған заң арқылы БАҚ-қа берілген мүмкіндік – меншік нысанын ауыстыру және жекелеген азаматтардың, ұйымдардың заңды тұлға нысанында БАҚ-ты құруға, иелік етуіне мүмкіндік беру БАҚ-тың бизнес-құрылым (фирма) ретінде жұмыс істеуіне жол ашты. Нәтижесінде Қазақстан бұқаралық ақпарат құралдары «фирма масс-медиа» ретінде қызмет ете бастады. Әрине, коммерциялық құрылым үшін басты мақсат – экономикалық дербестікке қол жеткізіп, пайда табу.
Алайда, тоқсаныншы жылдардың бас кезінде Қазақстан БАҚ-ы белгілі бір деңгейде табысты жұмыс істегенімен, кейіннен елде орын алған экономикалық қиындықтарға орай (инфляция, жұмыс­сыздық, БАҚ тарату жүйесінің ыдырауы, т.б.) негізгі табыс көзі – жазылым, жарнама, сатылым деңгейі күрт түсіп кеткендіктен, көптеген бұқаралық ақпарат құралдары еріксіз мемлекет көмегіне жү­гінуге, ірі бизнес-құрылымдардың демеуіне арқа сүйеуіне тура келді. Ал, нақты нарық заңдылықтарына сай ақ­параттық бизнес құрылым ретінде жұмыс жүргізуге бейімделе алған және бірың­ғай коммерциялық мақсатты көз­деген бірқатар БАҚ-тар негізінен жур­налистиканың негізгі классикалық функцияларын толық атқармай, нарық сұранысына сай ойын-сауықтық, жар­намалық, сенсация қуушылық, әдепсіздік сипатқа ойысып кетті. Шын мәнінде қоғам мүддесіне сай жалпыұлттық ақпараттық өзара әрекеттестікті, билік пен қоғам арасындағы сұхбатқа дәнекерлікті, еш­қандай тарапқа іш тартпай­тын шынайы, бейтарап, ұлттық құнды­лықтарды тұғыр еткен сапалы медиаө­нім өндіруге ден қойған БАҚ-тар эко­номикалық дербестікке қол жеткізе алмады. Сөйтіп, барлығын нарық, яғни Адам Смитт теориясына сай «нарықтың көрінбейтін ұзын қолы» – бәсекелестік орта реттейді деген үміт ақталмады. Соның нәтижесінде, біршама уақыт өткен­нен кейін елде әр түрлі медиахолдингтер аясына біріккен мемлекеттік БАҚ-тар (республикалық деңгейдегі БАҚ-тарды бірік­терген «Арна медиа» АҚ, «Хабар» агенттігі АҚ, «Нұр Медиа» холдингі, «Қазақ газет­тері» ЖШС, «Жас өркен» ЖШС, «Қазақстан» ТРК АҚ, т.б.; жергілікті өңірлік деңгейдегі БАҚ-тарды біріктірген «Жайық пресс» ЖШС, «Ертіс медиа холдинг» АҚ, «Маңғыстау медиа» ЖШС, «Жетісу ақпарат» медиа холдинг» АҚ, Медиа холдинг Шығыс ақпарат, т.б.), жеке меншік медиахолдингтер: «31 канал» медиахолдингі, «Алаш» медиахолдингі, Рауан медиа групп, «Meridian Media» медиа холдингі, т.б.; партиялар мен қоғамдық ұйымдар құрған БАҚ-тар және жекелеген БАҚ-тар қалыптасты.
Елде жарнама мен PR-қызметінің пайда болып, қарқынды дамуына бай­ланысты БАҚ-тар жарнамалық бизнес-модель негізінде қызмет етуге кірісті. Бәсекелестік ортада әрекет етіп жатқан БАҚ-тар бір жағынан жарнама тарту, оқырмандар, көрермендер мен тыңдармандар санын көбейту, трафикті ұлғайту және рейтинг қуу (рейтинг анықтау, қалыптастыру мәселесінде де субъективтілік көп. Рейтинг жасаушы компаниялардың өлшемдері, зерттеу тә­сіл­дері, объективтілігі көбінесе күмәнді. Мұның өзі кей ретте манипуляцияға, жең ұшынан жалғасушылыққа жол ашады) мақсатында жұртшылықтың назарын аударатын арзанқол, сенсациялық дүниелерге көбірек ойысса, екінші жағынан тапсырыс берушілердің ың­ғайына орай тапсырысты материалдарды, PR-ақпараттарды беруге басымдық берді. Бұл орайда, Қазақстанның жарнама нарығында теңсіздіктер көрініс берді. Жарнаманың басым бөлігі орыс тілді БАҚ-тар үлесіне тиіп, қазақ тіліндегі БАҚ-тар еншісіне тиген жарнамалық табыс үлесі тым мардымсыз. Сондықтан, аталған келеңсіздікті шешу үшін жарнама саласын реттейтін заңдарға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу, т.б. шараларды қолға алған жөн деп есептейміз. Сонымен, аталған жайттар елімізде пресс-релиздік журналистиканың етек алуына жол ашты. Посткеңестік елдердің БАҚ саласында орын алған бұл құбылысты медиаэкономика, медиасистема саласының ірі маманы, Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры Е.Л. Вартанова былайша орынды атап көрсеткен: «Реклама породила множество характеристик современных СМИ, вызывающих резкую критику интеллектуалов. Это и коммодификация содержания и аудитории, и сближение журналистики с развлечениями, и уход от аналитичности и острых проблем общества, и гламуразиция, и многое другое… Приходиться признать, что хотя рекламный бизнес-модель заслуживает критики, экономически более эффективная модель пока не создана»2. Әрине, БАҚ-тың мұндай әрекеті белгілі бір деңгейде ойлы аудиторияның БАҚ-қа деген сенімін азайтса, ал, жалпы БАҚ тұтынушыларының талғам деңгейінің төмендеуіне алып келді. Сонымен бірге, экономикалық қиындықтарға байланысты көпшілік бұқаралық ақпарат құралдарынан көркемдік кеңестер, корректорлар қызметі қысқарып қалды. Соның салдарынан, БАҚ арқылы таратылатын материалдарды көркемдік, ғылыми, лингвистикалық тұрғыдан сүзгіден өткізу процесі әлсіреді де бұл жағдай БАҚ өнімінің сапасына да тікелей әсер етті.
Сөз жоқ, нарықтық экономика заңды­лы­ғына сай тұтынушылық қоғамды қалып­тастыру, бұқаралық мәдениетті жаппай орнықтыру, пайда көзін арттыру үшін БАҚ-тың манипулятивтік әлеуеті күшейеді. Мұ­ның туындатуы мүмкін көптеген салдарларына тоқталуды арнайы зерттеудің үлесіне қалдыра отырып, БАҚ-тың қазіргі таңдағы кейбір жағымсыз ықпалдарын ғана сөз етпекпіз. Бұл ретте жекелеген БАҚ-тарды арнайы атамай, жалпы үрдіске айналған типтік құбылыстарға тоқталамыз.

Бұқаралық ақпарат құралдарының жағымсыз ықпалдары

Бұқаралық ақпарат құралдарының қоғам және адам өміріне тигізетін бірқатар жағым­сыз ықпалдарын былайша жіктеп көрсетуге болады:
● Техникалық ықпал.
● Лингвистикалық ықпал.
● Моральдық-этикалық ықпал.
● Көркемдік-эстетикалық ықпал.
● Манипулятивті-деструктивтік ықпал.

Техникалық жағымсыз ықпалдар

– медиатәуелділікті тудыру;
– көру, тыңдау, қабылдау жүйелеріне, психикаға салмақ түсіретін, теріс әсер ететін ме­диа­өнімдердің таратылуы;
– медиақұралдардың зиянды, радиа­циялық ықпалдары;
– елдердің, аймақтардың, әлеуметтік топ­тар мен жекелеген адамдардың арасында ақпараттық және коммуникациялық теңсіздіктің өсуі. Мысалы, сандық жүйеге көшу кейбір әлеуметтік топтардың бірқатар коммуникациялық құралдар мен ақпаратқа қолы жетпеу мәселесін туындатуы мүмкін;
– байланыс құралдары мен жүйелерінің бағасының қымбаттығы;
– Интернеттің қол жетімсіз болуы;
– әлеуметтік институттар мен адамдардың бұқаралық ақпарат құралдарына тәуелді­лігінің артуы және т.б.

Лингвистикалық жағымсыз ықпалдар

♦ Тіл мәдениетінің сақталмауы
– әдеби тілге жатпайтын жаргон, сленг сөздердің еніп кетуі;
– шұбарлап, өзге тілдермен араластырып сөйлеу;
– кейбір дыбыстарға тілі келмейтін, айыра алмайтын журналистердің эфирге шығуы («ң», «р» дыбыстарын айта алмайтын журналистер);
– стильдік, жанрлық ерекшеліктердің сақталмауы;
– кейбір дикторлардың, жүргізушілердің, журналистердің қазақ тілінің орпоэпиялық заңдылығын сақтамауы.

♦ Тіл заңдылығының сақталмауы
– қазақ тіліне тән грамматикалық, орфо­графиялық, фонетикалық заңдылық­тардың сақталмай сауатсыз жазылуы;
– мәтінге редакторлық, корректорлық сараптама, түзетпе жұмыстарының салғырт жүргізілуі немесе мүлдем жүргізілмеуі.
Баспасөз арқылы тарайтын мұндай теріс құбылыстар халықтың тілдік-лингвис­тикалық сауаттылығын төмендетіп, аталған кем­ші­ліктерді қалыпқа айналдырып жібе­реді.
♦ Қазақстан бұқаралық ақпарат құралдарының тілдік біртұтастыққа қол жеткізе алмауы. Қазіргі кезде Қазақ­стан БАҚ-ы қазақ тілді және орыс тілді БАҚ ретінде қалыптасып, олар екі түрлі ақпараттық-коммуникациялық әлемге ай­­налды. Осыған байланысты олар­дың ақ­па­раттық күн тәртіптерінде, мәсе­леге қатысты көзқарастарында елеулі айыр­ма­шылықтар туындап отыр. Бұл өз кезегінде ұлттық аудиторияның біртұтастығына (го­могенділігіне), ел іргесінің беріктігіне, ұлттық ақпараттық күн тәртібін қалып­тастыруға белгілі бір деңгейде кері әсерін тигізетін факторға айналып отыр.

Моральдық-этикалық жағымсыз
ық­пал­дар
– өркениетті қоғам мен ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан, сүзгіден өткен рухани құндылықтарына, мораль, әдеп қағи­дала­ларына қайшы келетін ақпараттық өнім­дердің таратылуы;
– эротикалық сипаттағы көріністердің, бейнелердің, мәтіндердің берілуі (Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құ­ралдары туралы» Заңында бұл туралы шектеулердің болуына қарамастан, ішінара осы тектес материалдар таратылады);
– ұлттың, қоғамның адамгершілік, эти­калық, діни, ұлттық ұстанымдарына қайшы келетін материалдардың берілуі;
– негативті ақпараттың мөлшерден тыс көп берілуі және т.б..

Көркемдік-эстетикалық талғамға теріс әсер ететін жағымсыз ықпалдар

– қарабайыр, эстетикалық құндылығы төмен, әуесқойлық сипаттағы мәдени-ақпа­раттық өнімдердің берілуі (кейбір әуес­қой кино­фильмдер, арзанқол музыкалар, клиптер, «көбік (мыльные) опера», сериалдар, т.б.);
– анайы, дөрекі, ұлтты келекелеп, кемсі­тетін хабарлардың берілуі («Давай поженимся», «Наша кзаша», «Бешбармак шоу», «Азиопа», т.б.);
– көшірінді дүниелердің көптеп таратылуы;
– арзан сауықтық (КВН), думандық ха­бар­­лардың басымдық танытуы;
– шетелдік телеөнімдердің, сериал­дар­дың, кинофильмдердің басымдық танытуы және т.б.
Бұлар біріншіден, халықтың көркемдік-эстетикалық талғамын төмендетуге, екін­шіден, адамгершілік-ізгіліктік құнды­лық­тардың құнсыздануына, үшіншіден, аталған құбылыстардың қалыпқа айналып, елдің көндігуіне алып келеді.

Манипулятивті-деструктивті ықпалдар

♦ тролль құбылысының етек алуы (көбіне желілік платформада, интернет кеңістікте кездеседі. Алайда баспа басылымдарында да белгілі бір көзқарас қалыптастыру мақ­сатында өзге атпен (бүркеншік ат емес), бұрмаланған ақпарат тарататын жаз­ғыштар тобы да бар. Көбінесе, мұны астыртын белгілі бір мақсат көздеген әртүрлі ықпалды құрылымдар пайдаланады).
Медиазерттеуші Ю. Таранина тролль құбылысының туындау себептерін былайша тарқатады: «ограничимся простым перечислением мотивов троллинга, так как они достаточно прозрачны и распространены не только в сфере виртуального общения, но и в реале:
– скука, развлечение для хронофагов;
– оплачиваемый заказ;
– лоббирование идеи фикс;
– компрометация, разоблачение;
– коммуникативный эксперимент, интерес к реакции собеседников;
– тестирование работы модератора ин­тернет-площадки;
– вызов себе, самоутверждение;
– удовольствие от психологического садизма, унижения собеседников;
– потребность в повышенном внимании;
– поиск сочувствия;
– шутка, розыгрыш;
– контрмера3.
♦ біржақтылық;
♦ фактіні бұрмалау;
♦ әдейі жалған, негізсіз ақпарат тарату;
♦ сенсация қуушылық;
♦ тенденцияшылдық;
♦ ақпараттық соғыс;
♦ төзімсіздік;
♦ немқұрайдылықты қалыптастыру;
♦ тапсырыспен біржақты материалдар дайындау;
♦ астыртын жарнама (жасөспірімдер арасында жасанды түсік жасатудың алдын аламыз, спидке қарсы жыныстық сауат­тылыққа тәрбиелейміз деген желеумен жасөспірімдердің некесіз жыныстық қаты­насын насихаттау, есірткіге қарсы күрес хабарын ұйымдастыру арқылы керісінше оның жарнамалануына жол ашу);
♦ сөз бостандығы, адам құқығы, пікір алуандығы секілді демократиялық құн­дылық­тарды перде етіп, жеке мақсатқа пайдалану және т.б..

БАҚ-тың жағымсыз ықпалдарының алдын алу, салдарларын жою және
болдырмау жолдары

Сөз жоқ, бұқаралық ақпарат құрал­да­рының жағымсыз ықпалда­рының ал­­дын-алу және болдырмау мәселесін шешу кешенді, жүйелі шараларды қажет етеді. Бұл орайда БАҚ-ты сала деп санау өте маңызды. Өйткені, сала жүйеге тұтастық дарытады. БАҚ-ты сала ретінде қарамаудың салдарынан оның біртұтас жүйе ретіндегі қызметі ырғақты болмай отыр. Осыған байланысты, профессор В.Л. Иваницкийдің БАҚ-ты сала ретінде қарастыру тұжырымы өте орынды әрі БАҚ жүйесін модернизациялау барысында платформалық тұғыр ретінде жетілдіре пайдалануға жарамды идея деп санаймыз.
Қазақстанда БАҚ-тың кейбір келеңсіз әсерлерінің алдын алу және болдырмау бойынша бірқатар шаралар қолға алынған. Ол БАҚ саласын реттейтін заң­дарда, нормативтік-құқықтық актілерде, жур­налистердің этикалық кодексінде, ақ­параттық саланы дамытуға арналған кон­цепциялар мен стратегиялық бағдар­ла­маларда көрініс тапқан. Мысалы, «Ақ­параттық Қазақстан – 2020» тұжырым­дамасында «ата-аналар мен провайдерлер арасындағы  ерікті  келісім шарт негі­зінде  балаларды  құқыққа қарсы әрекет­терден және әлеуметтік қауіпті контенттен қорғау  тетіктерін енгізу»4 шараларын қолға алу көзделген. Алайда, тұтас ақпараттық салаға тұрақты түрде мониторинг жасап, алынған нәтижелерді ғылыми тұрғыдан сараптап, сол бойынша нақты шаралар қабылдап іске асыру жұмыстарын үйлестіретін арнайы органның болмауы және оған негіз боларлық концептуалдық-құқықтық негіздің қалыптастырылмауы осы бағыттағы жұмыстардың жүйелі жүруіне мүмкіндік бермей отыр. Бұл мәселені түбегейлі шешудің жолдарын қарастыру арнайы зерттеуді қажет етеді. Осыған байланысты біз шағын мақаланың көлемі көтермейтіндіктен, осы бағыттағы кейбір ойларымызды ортаға салумен ғана шектелмекпіз. Әлбетте, нарықтық экономика жағдайында сапалы журналистиканың да қымбат тұратыны дау тудырмайды. БАҚ-тың экономикалық дербестігін қамтамасыз ететін, көпшіліктің көңілінен бірдей шығатын тиімді бизнес-модель жобасы әлі күнге ойлап табылған жоқ. Сондықтан қолда бар мүмкіндіктер шегінде орын алған мәселені шешудің бірқатар тетіктерін ұсынамыз. Аталған мәселелерді шешуде мынадай принципті мәселелердің басын ашып алу керек. Біріншіден, шетелде (Батыс елдерінде) жасалғанның бәрі дұрыс, оған тең келетін балама модель болуы мүмкін емес деген көзқарастан арылу. Екіншіден, демократияның өзегі болып есептелетін – сөз бостандығы, пікір алуандығы, адам құқығы ұғымдарының нақты шегін айқындау, демократияның қатып қалған қағида емес, оның ұлттық ерекшеліктері болатынын мойындау, ұлттық менталитетке, ұлттық ұстанымға қайшы келетін тұстарынан бас тарту. Үшіншіден, экономикалық модельді қайта қарау, тек либеральды-монетарлық модель ғана дұрыс, бұдан басқа модельдер артта қалушылық деген ойдан арылу. Төртіншіден, ұлттың өзінің интеллектуалдық қуатына, ішкі мүмкіндіктеріне сенім білдіру және арқа сүйеу.
Осындай ұстанымдарға табан тірегенде ғана мәселеге салқынқанды, сау ақыл тұрғысынан қарауға мүмкіндік ашылады, ал, басқаша қарасақ, бас шұлғушылық пен жетекке ергіштік соңында кетеміз.
Біздің көзқарасымызша, БАҚ-тың жа­ғым­сыз ықпалдарының алдын алу үшін елдегі ақпараттық тәртіпті анық­тау, медиаэкология қалыптарын (стан­дарттарын) қалыптастыру, реттеу және бақылау жүйесін қалыптастырған орын­ды. Бұл ретте мемлекеттің шешуші рөлі жоғары екендігі дау тудырмайды. Дегенмен, тізгінді тек бір қолға ұста­тудың көп жағдайда біржақтылыққа ұрын­дыратыны сөзсіз. Сондықтан, БАҚ экологиясы мәселесін бес түрлі деңгейде реттеген орынды деп есептейміз. Яғни, мемлекеттік, медиақауымдастық, қоғам­дық, БАҚ және журналистің өзінің ары. Әсіресе, осылардың ішінде ең асылы, ең ықпалдысы – ар сүзгісі. Әрбір жан өз арының айтқанына құлақ асып, ар қалауымен әрекет ететін жүйені қалай қалыптастырамыз, мәселе осында.
Біздің ойымызша, медиаэкология мә­се­ле­лерін реттеу тетіктері төрт бағытта жүруі тиіс:
1. Нормативтік-құқықтық реттеу.
2. Ұйымдық-үйлестірушілік реттеу.
3. Ғылыми-ағартушылық реттеу.
4. Өзін-өзі реттеу.

Нормативтік-құқықтық реттеу

Нормативтік-құқықтық реттеуді ел­дің ақпараттық саласына құзыретті уәкі­летті органның журналистердің кәсіп­­қой қоғамдық ұйымдарымен, медиазерт­теушілермен, қо­ғам­дық ұйымдар өкілде­рімен, журналистік ұйым­дармен, қоғам қайраткерлерімен, сарапшылармен, журналистермен бірлесе, олардың ұсыныстары мен ескертпелерін ескере отырып жүзеге асырғаны жөн. Бұл мынадай үш түрлі бағыттағы құжаттарды әзірлеу, талқылау, бекіту және іске асыру арқылы іске асырылады: салалық қалыптар (стандарттар) мен өлшемдер; нормативтік-құқықтық актілер, моральдық-этикалық кодекстер.
● Салалық кәсіптік (индустриялық) стандарттар мен өлшемдер (критерий, параметры)
– Журналистің біліктілігі бойынша;
– Этика бойынша;
– Жарнама бойынша;
– Ұлттық БАҚ жүйесі бойынша;
– Медиалингвистика бойынша;
– Контент санаттары бойынша және т.б.
● нормативтік-құқықтық актілер
Заң шығарушы билік деңгейінде:
– заңдар;
– кодекстер;
– заң күші бар Жарлық.
Атқарушы билік деңгейінде:
– Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары;
– Қазақстан Республикасы Уәкілетті орга­нының (министрлік, комитет) бұйрық­тары;
– Стратегиялар;
– Концепциялар;
– Мемлекеттік бағдарламалар;
– Ережелер;
– Нұсқаулықтар;
– реттемелер (регламентация).
● моральдық этикалық кодекстер
-Қазақстан журналистерінің этикалық кодексі;
– Журналистердің әрекет ету хартиясы (Хартия поведения журналистов) және т.б.

Ұйымдық-үйлестірушілік реттеу

Бұл орайда ұйымдық-үйлестірушілік рет­теу арқылы елдің ақпараттық кеңістігінің лайықты контентпен қамтамасыз етілуі, ұлттық БАҚ жүйесінің ырғақты, үйлесімді жұмыс істеуі, БАҚ саласындағы заңнама, заң аясындағы актілер (подзаконные акты), бекітілген қалыптар (стандарттар) талап­тарының сақталуы, орындалуы, бақы­лануы қамтамасыз етіледі. Ұйымдық-үй­лес­тірушілік тұрғыда реттеу жұмыстары мем­лекеттік уәкілетті орган, қоғамдық ұйымдар, журналистік кәсіпқой ұйымдар тара­пынан іске асырылады. Бұл ретте бір­жақтылыққа бой ұрмау, үйлестіруші ұйымдар арасындағы теңдестікті сақтау үшін БАҚ жөніндегі Ұлттық Кеңес құру ұсынылады. Кеңесті құру, құрамын іріктеу, жұмыс істеу тәртібі, қаржыландыру көз­дері, құқықтық мәртебесі, құқықтары мен міндеттері арнайы ережеде белгіленеді. БАҚ жөніндегі Ұлттық Кеңес құрамына тиісті мемлекеттік мекеме, қоғамдық ұйымдар, журналистік ұйымдар өкілдері, қоғам қайраткерлері, беделді журналистер, медиазерттеушілер, медиасыншылар енгізілуі керек. Елдің әкімшілік-аумақтық бөлінісіне орай БАҚ жөніндегі Ұлттық Кеңестің жергілікті бөлімшелері құрылады. БАҚ жөніндегі Ұлттық Кеңестің жұмысын ақпараттық-талдау, ғылыми-сараптамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін арнайы салалық ғылыми-зерттеу, ақпараттық-талдау орталықтары мен лабораториялар құрылуы қажет.

Ғылыми-ағартушылық реттеу

Бұқаралық ақпарат құралдары саласын ғылыми-ағартушылық бағыттағы реттеу жұмыстары үш түрлі деңгейде іске асырылғаны ақылға сыйымды болмақ. Бұлар мынадай үш түрлі бағытты қамтиды: 1) салалық ғылыми платформа қалыптастыру; 2) қоғам мүшелері арасында медиасауаттылықты ұйымдастыру; 3) медиасынды дамыту.
Біріншіден, бұқаралық ақпарат құ­рал­дары саласын реттейтін заңдардың өзгерістерге ұшырап, қайта-қайта толық­тырылуы, заң аясындағы нормативтік актілердің көптеп қабылдануы заңдарда өмірлік жағдайлардың толыққанды қам­тыл­мауын, ғылыми негізі жоқтығын, ғылыми базаның әлсіздігін көрсетеді. Мұның өзі БАҚ жүйесінің ғылыми-сараптамалық платформасының жеткілікті қалыптаспағандығынан туындап отыр. Осы кезге дейін университет деңгейін қоспағанда, БАҚ саласын зерттейтін арнайы академиялық ғылыми-зерттеу институт не орталық жоқ екен. Яғни салалық ғылыми институт құрудың және оның ғылыми-интеллектуалдық әлеуе­тіне сүйене отырып, БАҚ саласын ғылыми тұрғыдан қамтамасыз ету қажеттігі әбден пісіп жетілді. Ғылыми негізі мен тиянағы жоқ сала жұмысының тиімділігі мен өміршеңдігі әлсіз болатыны дау тудырмайды. Осыған байланысты салалық ғылыми институт, осы институт жанынан медиалабораториялар, ақпараттық-талдау орталықтарын, әлеуметтік зерттеу қызметтерін құру маңызды. Салалық ғылыми-зерттеу инсти­тутының өнімдерін БАҚ жөніндегі Ұлттық Кеңес, салалық мемлекеттік уәкілетті орган, журналистік ұйымдар, БАҚ және басқа да мүдделі ұйымдар пайдаланады. Екіншіден, ақпараттық қоғам жағдайында қоғамда медиасауаттылық мәсе­лесін шешудің маңызы артып отыр. Қа­зақстанда аталмыш мәселе БАҚ саласына арналған ғылыми басқосуларда ауық-ауық сөз болғанымен, осы бағыттағы іс-әрекеттер әлі жүйелі арнаға түсе қойған жоқ. Бұл ретте медиасауаттылық мәселесін шешу үшін ғылыми қауымдастықтың қатысуымен оның арнайы тұжырымдамасын дайындаған жөн. Халықтың жаппай медиасауаттылығын арттыру мәселесін «Ақпараттық Қазақстан – 2020» мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың екінші кезеңінің (2018 жылдан бастап) іс-шаралар жоспарына, Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іс-шаралар жоспарына енгізе отырып, шешудің мүмкіндігі бар. Бұл орайда өзге елдердің тәжірибесіне назар аударған орынды. Медиасауаттылық деңгейі жоғары оқырман, көрермен, тыңдарман және коммуникациялық процеске қатысушы қауым БАҚ-тың жағымсыз ықпалына бой алдырмайды, ақ пен қараны ажырата алады. Үшіншіден, БАҚ саласындағы шығармашылық, кәсіпқойлық мәселелерді медиасын тезінен өткізіп отырудың қажеттігі даусыз. Бұл кәсіпқой медиасыншылар тобын қалыптастыру мәселесімен ұштасып жатыр. Аталған мәселені шешу үшін журналист мамандар дайындайтын жоғары оқу орындарының білім бағдарламаларына медиасын, медиаэкология, медиалингвистика тәрізді арнаулы курстар енгізген жөн. Сонымен қатар, жоғарыда аталған салалық ғылыми-зерттеу институты жанынан медиалаборатория ұйымдастырып, масс-медианың теориялық мәселелерін, методологиясын қалыптастыруды қолға алған дұрыс. Зерттеу барысында алынған ғылыми-практикалық нәтижелерді журналистер мен медиасыншылар дайындайтын оқу орындарының білім бағдарламасына енгізсе, тиімді әсері зор болмақ.
Медиасынның жалпы аудитория үшін де, сонымен бірге, бұқаралық ақпарат құралдары үшін де тиімділігі мен маңызы ерекше. Медиасын арқылы жиынтық аудиторияның эстетикалық деңгейі, сын­шыл­дық талғамы, интеллектуалдық өресі өссе, екінші жағынан жазарман қауымның да (журналист, блогер, т.б.), жалпы БАҚ жүйесінің де артық-кем тұстары тиісінше дер кезінде сараланып отырады. Бұл іске әсіресе, медиазерттеушілердің белсенді араласқаны керек-ақ.

Өзін-өзі реттеу

Өзін-өзі реттеу тетігі ең негізгі әрі шешуші фактор болып табылады. Өйт­кені, жоғарыда сөз болған үш түрлі реттеу тетігі тікелей БАҚ-тың бір­қатар жағымсыз ықпалдарын азайтып, олардың алдын алуға бағытталса, осы үш тетіктің де тиісінше жүзеге асуы БАҚ-тың және журналистер қауы­­­мының аталған реттеу шараларын түсіністікпен қабылдауына әрі сәй­кесінше орындауына тәуелді. Көп жағдайда БАҚ-тың сыңаржақтылық пен тенденцияшылдыққа ұрынуы, жур­налистикалық қалыптарды (стандарттарды) тиісінше сақтай алмауы, бір жа­ғы­нан, экономикалық дербестікке қол жеткізбеуінен, БАҚ иесіне, жарнама берушіге, тапсырыс берушіге тәуел­ділі­гінен, ал, екінші жағынан, жур­налис­ти­каның деонтологиялық негі­зінен ал­шақ­тап, бірыңғай пайда көздеу­шілік­ке бой алдыруынан туындап жататыны мәлім. Әрине, мұны бүкіл БАҚ жүйесіне тән сипат дей алмаймыз. Алайда, БАҚ саласында жүріп жатқан қазіргі тран­сформациялық процестердің осын­дай жағдайға алып келу мүмкіндігі жоғары екендігін де жасыруға болмайды.
Бұл ретте БАҚ-тың, сонымен бірге, әрбір журналистің өзін-өзі реттеуінің маңызы зор. БАҚ иесі мен редакцияның, Бас редактор мен журналистің ара-қатынасы, құқықтары мен міндеттері қолданыстағы заңдарға сай нақты айқындалып, ол тиісті құжатпен ресімделгені абзал. Сонымен бірге, әрбір БАҚ өз ақпараттық саясатын қалыптастырған кезде өздері ұстануға тиісті принциптерін, сапа стандарттарын белгілеп, соны өзекті желі ретінде тұрақты назарларында ұстағандары жөн. Электрондық БАҚ құрамында арнаулы Көркемдік кеңестің болуы, ол сапа менеджментін (эстетика, редактура, корректура, т.б.) қадағалап, сүзгіден өткізіп отыруы арнайы нормативтік актілерде міндеттелгені дұрыс болар еді. Сонымен қатар, БАҚ тілін реттеу үшін практикалық шаралармен қатар медиалингвистика саласын дамытқан жөн. Бұл мәселені ғылыми түрде шешуге мүмкіндік береді. Әсіресе, әрбір журналистің жеке басында өз ішкі көркемдік кеңесі, ар сүзгісі болғаны ерекше қажет. Ұлттық БАҚ жүйесін модернизациялау барысында ұсынылуға тиіс жаңа жүйе моделі осында аталған жайттердің тиімді шешілуіне және іске асуына алғышарт қалыптастырып, жол ашуға бағытталғаны орынды деп есептейміз.

Тұжырымдар

Осында айтылғандарды қорытын­дылай келе, мынадай тұжырымдар жасау­ға болады:
1. Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдары саласының экологиялық ахуалында алаңдауға негіз беретін бірқатар жағымсыз жайттер кездеседі. Бұл ахуал елде тоқсаныншы жылдары жүргізілген реформаларға орай орын алған жүйелік трансформациялық процестерге байланысты туындап отыр. Постсоветтік елдердің БАҚ саласындағы көптеген жайттер Қазақстан БАҚ жүйесіне де тән.
2. Қазақстанда Советтік БАҚ жүйе­сінен нарықтық қатынастарға сай жұ­мыс істейтін жаңа БАҚ жүйесіне көшу процесі жүргізілгенімен, толыққанды БАҚ нарығы, соған сай қызмет ететін БАҚ жүйесі қалыптаса алмады. Эконо­микалық дербестікке қол жеткізе алма­ған БАҚ-тар еріксіз мемлекеттің, ірі бизнес құрылымдардың, ықпалды топ­тардың қамқорлығына арқа сүйеуіне тура келді. Мемлекет пен БАҚ арасында патер­налистік және протекционистік қарым-қатынас белгілері айқын біліне бас­тады. Мемлекеттік тапсырыс жүйесі ақыр аяғында протекционизмге алып келеді. Бұл жағдай, сөз жоқ, БАҚ-тың ақпараттық саясатына өз әсерін тигізеді. Сондықтан, аталған келеңсіздіктердің алдын алуға, БАҚ жүйесін жетілдіруге бағытталған модернизациялық шараларды ойластыру, концептуалдық негізін қалыптастыру және іске асыру стратегиясын ұсыну өзекті.
3. Бұқаралық ақпарат құралдарының қоғам және адам өміріне тигізетін бірқатар жағымсыз ықпалдары: техни­калық, лингвистикалық, мо­раль­дық-эти­калық, көркемдік-эстетикалық және мани­пулятивті-деструктивтік тұрғыда көрініс тауып отыр.
4. БАҚ саласын, жалпы, медиаиндустрияны реттейтін заңнамалық ак­тілерді жетілдіру, салалық стандарттар әзірлеп, қолданысқа енгізу қажеттігі айқын.
5. БАҚ-тың жағымсыз ықпалының алдын алу, болдырмау тетіктерін әзірлеуде БАҚ жүйесін сала ретінде қарап, оны салалық тұрғыда реттеудің кешенді шараларын қолға алған жөн. Бұл ретте автор БАҚ саласын мынадай деңгейлермен реттеу жүйесін қалыптастыруды ұсы­нады: 1) нормативтік-құқықтық реттеу; 2) ұйымдық-үйлестірушілік реттеу; 3) ғылыми-ағартушылық реттеу және 4) өзін-өзі реттеу.
6. Медиаэкология мәселесін реттеуде цензура тәуекелі бой көтеруі мүмкін. Субъективті жағдайлар мен бағалаулардың орын алмауы, дау-дамайлар туындамауы үшін, оның алдын-алу шараларын барынша мұқият қарастыру қажет. Бұл ретте демократиялық құндылықтарға негізделген теңдік, ашық­тық, жариялылық қағидаттарын бас­шы­лыққа ала отырып, елдегі комму­никациялық процестерге қаты­сушы барлық тараптың мүдделері мен ниеттерін ескеретін БАҚ жөніндегі Ұлттық Кеңес құру қажет. Бұл Ұлттық Кеңес ел ішіндегі ақпараттық тәртіптің ережесін қалыптастыру, оны ғылыми-сараптамалық тұрғыдан қамтамасыз ету, коммуникациялық процеске қатысу­шылардың қызметін үйлестіру, салалық заңдар мен стандарттардың, әдеп нормаларының сақталуын бақылау, БАҚ саласының даулы мәселелерін сотқа дейін қарап, төрелік айту секілді міндеттерді атқаруға жұмылдырылуы тиіс.
Бұл шаралардың барлығы да медиаор­таның экологиялық ахуалын орнықты ұс­тауға, халықтың медиаэкологияның дес­­трук­тивті, жағымсыз әсері мен құ­бы­лыс­­тарына қарсы төтеп беретін медиаим­мунитетін қалыптастыруға, түптеп келгенде елдің салауаттылығын сақтауға, медиақұ­ралдардың жағымсыз ықпалына берілмей, арбауына түспей, жетегінде кетпей, өзіндік ар сүзгісіне және ерік-жігеріне сүйене отырып, рухани салауатты, дербес тұлға ретінде өмір сүруіне мүмкіндік береді.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

1. Маклюэн М. Понимание Медиа: внешние расширения человека. – М., 2003.
2. Степанов В. Медиаэкология: опыт демаркации научного направления // http://www.media-ecology.blogspot.com/2011/05/blog-post_3319.html
3. Ахметов К. Асимметричная экономика. Почему провалились рыночные реформы в странах СНГ? Принципы экономики будущего. – Алматы, 2012. – 240 с.
4. «Ақпараттық Қазақстан-2020» Мем­лекеттік бағдарламасы // http://egov.kz/wps/portal/ Content?contentPath=/egovcontent/citi­zens/transports/communications/article/gp_inf_kaz_2020&lang=kk#8

Алдыңғы «
Келесі »