• «Ақиқат» журналы
  • >
  • Орайы келген әңгіме
  • >
  • Ақын, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты Нағашыбай Мұқатов: Ауылдың рухани бұлағынан нәр алған адам өмірде ешқашан өкінбейді!

Ақын, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты Нағашыбай Мұқатов: Ауылдың рухани бұлағынан нәр алған адам өмірде ешқашан өкінбейді!

  • 02.06.2017
  • 1072 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Айбатыр СЕЙТАҚ,
ақын

Нағашыбай Оразбайұлы, әр адамның өзінің шығармашылық ерекшелігі болады ғой. Сіздің өлең жазуда қалыптасқан тәжірибеңіз бар. Әңгімеңізді осыдан бастасаңыз?
– Шын мәнінде, әрбір ақын – өзінше құбылыс. Біреуінің табиғаты боранды-шашынды болуы мүмкін, енді бірі, жан тыныштығын қалайтын адам болуы мүмкін. Менің мінезім осының екеуіне де жатады. Мен өмірде салмақты, салиқалы жүруге тырысамын да, ал, өлең жазған кезде ішім алай-дүлей болады. Бораным да, дауылым да жүріп жатады. Ақынның шабытты шағы негізі солай болу керек деп есептеймін. Өйткені, қаламгердің өзі табиғатпен егіз.
Мен өлеңді не басқа шығармамды алдымен миымда қорытып аламын. Осыны жазсам екен деп үздіксіз ойлап жүремін. Кейде жазатын өлеңімнің басталуы мен ең соңғы түйіні миымда жүреді. Басталуы мен айтар түйінді ойыңды тапсаң, өлең ары қарай рет-ретімен шыға береді. Оқырман, әсіресе, өлеңнің түйініне назар аударады. Өлеңнің дәні де, нәрі де сонда.
Мен өлең жазуда уақытты таңдамаймын. Маған жылдың қай мезгілі де бәрі бір, қыс па, жаз ба, көктем бе, мейлі. Ал, енді, біреулер түнде, біреулер күндіз жазамын дейді. Ал, маған тәуліктің қай уақыты да бірдей. Және бір ерекшелігім мен өлең жазып жатқан сәтімде, анау жерде он-он бес адам әңгімелесіп отыруы мүмкін, бірақ, олар маған кедергі жасамайды. Өйткені, менің түсінігім бойынша, өлең жазған адам ғарышкер сияқты, мен өзімнің әлеміме шығып аламын. Содан кейін, анау адамдарды ұмытып кетемін. Сосын, өз әлемімде қалықтаймын, шарықтаймын. Өлеңді жазғанда көп қиналмаймын, тез жазамын, Алланың сондай сыйына өзім дән ризамын.
Өзім түнде кеш жатсам да, таңертең ерте тұратын адаммын. Отбасым ұйықтап жатқанда, үй тыныш болып жатқан кезде өлең жақсы жазылады. Көбіне әдемі дүниелерімді таңертең ерте жазамын. Өйткені күндіз еңбек еткен адамның миы шаршайды, ал, таңертең тынығып тұрған кезде керемет жұмыс істейді. Ақынға ең бірінші көмектесетіні миы, жүрегі ғой.
Өмірде, қоғамда қандай мәселелер толғандырады?
– Бұл жөнінде өзім көп айтатын адам­дардың тобына жатамын. Мұхтар Әуе­зовтың «Өмірде әділдік бар, бірақ, ылғи кешігіп жүреді» деген сөзі бар. Өмірдегі әділдіктің аз болатыны, шындықтың шыңға шықпай, төмендеп кеткені, ақиқатты айтқан адамдардың даусы басылып қала беретіні мені қатты толғандырады. Ол жөнінде жазған өлеңім де бар. Заман алға жылжыған сайын, адамдар дипломды бола түскен сайын, адамдар шетелдік машинаға мінген сайын, өркениетті елдегі тұрғындардың тыныс-тіршілігі басқаша болуы керек емес пе?! Біз қазір зиялы деген сөздің өзін шатастырып алдық.
«Дүние ауруы аз ба әлі,
Миыма сіңген мұң-нала.
Мені қағып кете жаздады
Мерседес мінген бір бала» деген өлең жолдары осындай толғаныстарымнан шыққан. Өйткені, бүгінгі таңда «Мерседес» мінгендер, долларды дорбалап ұстап жүргендер өздерін «крутой» санайды. Ал, мен үшін «крутой» – қазақтың сөз өнерінің мықтылары! Абай, Мағжан, Ахмет Байтұрсынұлылар «крутой»! Қа­зақтың киелі сөздері, халықтың мақал-мәтелдері «крутой». Қазаққа не керек десек, алдымен, киелі сөзді бағалау керек! Қазақтың бір ғана байлығы болған, ол – сөз өнері. Сөз өнері арқылы ұлын да, қызын да тәрбиелеген.
Ал, қазір қара киім кигендерді, кір­пішаш үлгісін қойғандарды, шетелдік машинамен жүретіндерді, адаммен адам сияқты дұрыс амандаса алмайтындарды, ақшаның соңына түскендерді немесе өмір сүру дегеннің өзін баю деп түсінетіндер бар.
– Адам да, қоғам да өзгеріп бара жатыр дейсіз ғой?
– Иә. Кейде біреулер бәріне қоғам не заман кінәлі деп жатады. Мен сонда қоғам қане, заман қане, көрсетші деймін. Ол Астанада ма, Арқалықта ма, Оралда ма, міне, қоғам деп көрсетші. Сондықтан, қоғамды қалыптастыратын да, оның жақсылығы мен жамандығын жасайтын да адамдар. Біз адамдардың ұғымына, ниет-түсінігіне тереңірек үңілуіміз керек. Мені мазалайтын көкейкесті бір мәселе бар. Ол – адамның жан-дүниесінің сұлулығы. Егер, адамның жан-дүниесі құрып бітсе, өз ортасына күн шуағындай мейірімін төкпей, қапас қараңғыға айналса, мен ондай өмірді көз алдыма елестете алмаймын. Өзім пайғамбар жасынан астым, егер, болашақта өмір солай болатын болса, олар қалай өмір сүреді деп ұрпақтарды аяймын.
Мысалы, «Сұлулық» деген өлеңім бар.
«Сұлулық саған қарап өтер едім,
Сұлу болса бер жағың, арғы жағың», – деп аяқталады. Біз қай дүниенің де екі жағына зер салуымыз керек. Мысалы, адамдар көбіне бергі жағымен сұлу болып көрінеді, әдемі киімімен, жылы сөзімен, тамаша галстугымен. Адам үшін ол аз. Ішкі жан-дүниеңнің сұлулығын көрсетуің керек. Сол ең бірінші мәселе. Біреулер анау жерде нашар киімімен тұруы мүмкін, бірақ, оның адамгершілігі жоғары жан шығар. Ал, біреулер білдей бастық болуы мүмкін, алайда оның адамгершілігі түкке тұрмайды. Ондайлар өте көп. Сондықтан, өмірде адамдарды бір ғана қасиетіне – адамгершілігіне қарап бағалауымыз керек. Таразылап көрсең, Алла адамды бірдей жаратқан. Көше сыпырушы мен әкім де бірдей пенде. Әкімге алты көз, жеті құлақ бермеген. Бірақ адамның айырмашылығы – бойына жиған тәрбиесінде, парасатында, адами қасиеті мен білімінде.
Ахмет Байтұрсынұлынан бастап зұлмат жылдары «халық жауы» атанып, кейін ақталған арыстардың бәрінде бір ерекше қасиет бар, ол – ұлттың мүддесін ойлағандығы! Тәуелсіз Қазақстанда кез келген басшы алдымен ұлттың мүддесін ойласа, өмірде бәлкім қате баспас еді. Осы жағын зерделеп қарасақ, ұялатын тұстар жеткілікті. Тәуелсіздік дегеннің өзі қазақ болып өмір сүру ғой. Соны біз жадымыздан шығармауымыз керек. Тәуелсіздік деп таңнан кешке дейін айқайлағаннан, ұрандағаннан ештеңе өнбейді. Біз ел үшін жасаған қызметіміздің бәрін нақ­ты ісімізбен дәлелдеуіміз керек. Ақын-жазушылар, журналистер осы мәсе­лелердің біразын жазып жатыр. Бірақ, соны ең бірінші оқитын адам аз. Екін­шіден, кеудесіне тоқитын адам аз, үшіншіден, соны өмірде жүзеге асыратын адамдар өте аз.
«Қазақ әдебиеті» газетіне «Тамсану бар, таңдану бар…» атты мақалам жарияланды. Бізде ұлы Абайдан бастап, Ахмет, Міржақып, Мағжан Жұмабаев, Қасым, Мұқағали өлеңдеріне, айтқан ойларына тамсану бар, таңдану бар. Бірақ, олардың ойларын жүзеге асыруға келгенде, енжарлық танытып жатамыз. Айталық, Міржақып Дулатов «Оян, қазақ!» деп баяғыда жазды ғой. Ол «Тұрыңдар, шай ішіңдер, ет жеңдер» деген жоқ қой. Рухани жағыңнан ояныңдар деді ғой.
Жалпы, ақын-жазушылардың керемет­тігі сонда – Алла оларға көріпкелдік қасиет берген деп есептеймін. Менің зерттеген тақырыбым Қайнекей Жармағамбетовтің шығармашылығы, оның 1950 жылдары жазған өлеңдері бар. Қайнекей өмірден кеткелі қырық жылдан асты. Ал, оның өткен ғасырдың ортасында жазған өлеңдері бүгінгі заманға да келіп тұр. Міне:
«Болғанды да көргенбіз,
Толғанды да көргенбіз.
Болып-толып ақыры
Солғанды да көргенбіз.
Өскенді де көргенбіз,
Бөскенді де көргенбіз,
Өсіп-бөсіп ақыры
Өшкенді де көргенбіз.
Асқанды да көргенбіз,
Тасқанда да көргенбіз.
Асып-тасып ақыры
Сасқанды да көргенбіз», – деп жазған екен. Біздің өмірімізде асып, тасып, басына қиындық түскенде сасып жатқандар да жетеді ғой. Бұл ақынның ғана емес, қазақ сөзінің кереметтігі. Мен осындай ойлы өлеңдерге көбірек назар аударып жүретін қаламгерлердің бірімін.
– Қазір нарық заманы, ақын-жазу­шылар әр түрлі қызмет жасап, жанын бағып жүр. Қиналып жүрген қаламгерлер де аз емес. Оларға қалай қолдау жасауға болады? Кітабын өз бетінше шығару да оңай емес. Бұрын шыққан кітапқа қаламақы ретінде бір машинаның ақшасын беретін болса, қазір бір машинаның ақшасын өзі төлеп, кітабын шығаруға мәжбүр.
– Өте орынды мәселе. Бұл сұрақ менің көңілімді күнде мазалайды. Ең бірінші салыстырмалы жағдайда бір жайтты айтқым келеді. Қазір ақын-жазушыларға қарағанда, теледидардан түспей, секіріп жүріп ән айтатын эстрада әншілері әлдеқайда танымал, әлдеқайда беделді, әлдеқайда бай болып кетті. Олар тойға барып, бір-екі ән айтып, бәленбай мың доллар алып кетеді. Бірақ, олардың айтқан жеңіл-желпі әні мен ақын-жазушының кітапқа шыққан құнды дүниесін салыстыруға бола ма, айналайын?! Мүлде түсініксіз. Қайсысының еңбегінің тәрбиелік мәні зор? Оны мына заманда кім елеп-екшеп жатыр?
Мемлекеттік тапсырыспен кітап шығару жүйесі бар. Бірақ, оған көп адамдардың қолы жете бермейді. Астана мен Алматы ғана емес, облыстарда мықты-мықты ақын-жазушылар тұрады. Әдетте қазанның басында жүргендердің кітаптары шығып жатады да, алыстағылар қалып қояды. Екінші жағынан кітапты әркім өзі шығаратын болды. Қазір қай жерде де кітап бағаланып жатқан жоқ. Халық кітаптан гөрі, көп сериалы фильмдер көреді, жеңіл-желпі концерттерге барады. Авторға төленетін қаламақы мәселесі өте өзекті болып тұр. Жазушылар съезінде де осы мәселе көтерілді. Қолға алынғалы жатыр дейді. Бірақ, әлі жақсылық лебін сезіне қойған жоқпыз. Бұл тарихта болмаған оқиға! Тек ақын-жазушыға ғана емес, бұқаралық ақпарат құралдарында істейтін журналистерге де қаламақы төленбейтін болды. «Егемен Қазақстан» сияқты газеттер төлейді. Енді, «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті», «Балдырған» сияқты газет-журналдар қаламақы төлеуді қолға ала бастағанын естіп қуанып қалдық. Мүмкін осы жақсылықтың бастауы болар.
Ақын-жазушылардың кітаптары мем­­­лекеттік тапсырыспен шығарылса, жақсы жүйе қалыптасар еді. Әрі кітап­тар да сапалы болар еді. Өйткені, қазір кітап шығаратындар көбейіп кетті. Бүгінде бұрын әкім болғандар, кеңшар директоры не бөлімше меңгерушісі болған адамдар кітап шығарғыш болып алды. Ондай «туындылар» негізінен өмірбаянын тізіп шығудан тұрады. Авторынан қандай мақсатта жазғанын сұрасаң, «Өзімнің отбасым үшін керек қой», – дейді. Біздің Қостанай өңірінде де сондай кітаптар шығып жатыр. Көркемдік жағы өте сапасыз. Өлеңге ұқсамайтын дүниелер, прозаға жатпайтын жазбалар кітап боп басылуда. Қазір кітап шығару ісіне ақша араласып кетті де, сол бәрін бүлдіріп жатыр. Қазақта «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» деген сөз бар ғой. Қазір сол заманға келдік. Баспалардың өзі ақша сұрайды. Қомақты ақша төлеуге ақындардың жағдайы көтермейді. Ал, өзіме келсем, кітаптарымды шығарып жатырмын. Қостанай деген үлкен өңір, осы қалада 25 жыл бойы тұрамын. Біраз кәсіпкерлерді танимын. Солардың кейбіреуіне сөзім өтеді. Кәсіпкердің бәрі қатып қалған қаратас деуге болмайды. Ішінде мейірімділері бар. Солардың арқасында еңбектерім жарық көріп жатыр. Кітап шығару бір азап болса, оны оқырманға тарату одан да қиын шаруа. Бір газеттен танымал жазушы Шерхан Мұртазаның: «Мен жақында «Ай мен Айша» деген кітабымды жазып бітірдім, бірақ, оны оқырманға қалай таратарымды білмей тұрмын. Егер, мен орталық базарға барып, сауда жасап тұрған әйелдің жанына тұра қалып, кітабымды сатсам, бүгінгі жаңа қазақтар кітабымды көріп, ішін ақтарып, содан кейін менің жанымда зат сатып тұрғандарға қарай өтіп кете берер ме екен деп ойлаймын» деген сындарлы ойын оқыдым. Шын мәнінде де солай.
Қазір балалар киімі, дүкенде тұрған кітаптар өте қымбат. Мысалы, менің үл­кендерге арналған кітабым бар, көлемі 16 баспа табақтай, оны мен 2 мың теңгеден сатқым келеді. Балаларға арналған кіта­бымды 1 мың теңгеге бағалар едім. Қазір­гі таңда бір мың, екі мың теңге ақша ма? Бірақ, бүгінгі кейбір қазақтар «Нағашыбай Мұқатовтың кітабын 2 мың теңгеге алайық па, алмайық па?» деп ойланады да, 2 мың теңгеге екі бөтелке арақты ойланбай алады. Сонда салыстырмалы жағдайда қарайық. Екі бөтелке арақтан алатын ләззатыңыз бен кітаптан алатын ләззатыңызды салыстырып көріңіз. Қайсысынан тағылымды көп аласыз? Мұны зердесі бар адамдар түсінеді. Ал, кітаптан бейхабар, рухани байлықты сезіне бермейтіндерге қалай айтсаң да, түсінбейді ғой.
– Қазір өлең жетімсіреп тұр ғой. Өрелі өлеңді оқитын оқырманы болса да, оның қолына жетпей жатыр. Сұраныс та жоқ. Мұның сыртында ақын-жазушыға қаламақы да төленбейтіні рухани бай­лықты халыққа таратудағы бүгінгі проб­леманың бірі емес пе?
– Қазір оқырман мен ақын-жазушының арасында байланыс үзіліп кетті. Неге? Кешегі «топырағы торқа болғыр» Кеңес дәуірінде қаламгерлерге жақсы жағдай жасады және компартия оларды өзін насихаттауда пайдалана білді. Мысалы, сол заманда Қазақстан Жазушылар одағының жанында арнайы насихаттау бюросы жұмыс істеді. Қаламгерлерді он-он бестен бөліп, Қазақстанның бүкіл облысына шығармашылық іссапарларға шығарып тұрды. Олар алыс аудандар мен ауылдарға да барды. Халықпен кездесулер өткізетін еді. Елдің, өкіметтің саясатын жүргізетін, қолға алынып жатқан бастамаларды, әлеуметтік-экономикалық жетістіктерді халыққа жет­кізуші еді. Олар әрбір сапарынан өлеңдер жазатын. Айталық, Ғафу Қайырбековтің «Қа­рағанды сапарларынан», «Маңғыстау мұнаралары» деген топтамамен жазылған бірнеше өлеңдері бар екенін білемін. Ал, ақын сол өңірлерге бармаса, сондай өлең­дерді жазар ма еді?! Басқа өңірлер туралы жазған өлеңдері де аз емес. Сондықтан, оқырманмен байланысты күшейту керек және оған қазір назар аударған жөн деп ойлаймын. Ақын-жазушыларды кез-келген жерде оқырмандармен жүздестіру қажет. Бізде тағы бір «ауру» бар. Өткен жолы әріптестеріме ойымды айтып едім, олар қуаттады. Бізде «Оралдың ақыны», «Қостанайдың ақыны», «Шымкенттің ақыны» деп бөліп-жарады. Ол дұрыс ұғым емес. Бәрі де қазақтың ақыны. Мысалы, Қостанайдың ақыны Оралға немесе Шымкентке барып, кездесу өткізуге қақысы бар. Немесе ол жақтың ақыны бізге келіп, оқырманмен жүздесуіне қақысы бар, дұрыс па?! Осы жағын ешкім ойлап жатқан жоқ. Бұрын болған осы жүйені жобалап, жүзеге асырсақ, проза да, поэзия да жаңа белеске көтерілер еді. Қаламгерлер де өз бағасын алып, беделге ие болар еді. Ал, оқырманмен байланыс болмай, әдебиет ешқашан дамымайды. Оқырман болмаса, анау Абайдан бастап, Ахмет Байтұрсынұлынан, Әуезовтен бастап керек болмай қалады.
– Қазір дала да, қала да өзгеріп бара жатыр. Адамдардың мінез-құл­қы да өзгеріп барады. Даламыздың дар­хандығы, адам­дардың жомарттығы азая түскендей ме, қалай?
– Әуелі табиғаттан бастайын. Өзім са­парға жиі шығамын. Кейде автокөлікпен, кейде поезбен жүремін. Сонда жан-жағыма қарасам, баяғы табиғат мүлде жоқ сияқты. Сүрең тартқан жүдеу даланы көремін. Менің бала кезімде, Торғайда, сонау 1950 жылдары бағаналарға керілген сымдардың бойында қарлығаштар тізіліп тұратын. Қазір қарлығашты көрмегелі көп болды. Немесе жол бойында неше түрлі құстар ұшып жүретін-ді. Олар да көзге түспей ме, қалай? Одан кейін киіктер даланы түгел алып кететін еді. Олар да көп көрінбейді. Биыл қаншама киік қырылып қалды?
Енді елдің жағдайына келетін болсақ, «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз!» деген Бейімбеттің сөзі бар. Бұл да Бейімбеттің көріпкелдігінен баяғыда туған ой түйіні. Бәріміз де ауылдан шықтық. Мен ауылды мал бағатын, ет пен қаймақ жейтін, сүт ішетін жер деп қабылдамаймын, қазақы ауыл тәрбиенің университеті сияқты! Өйткені, біз ауылда әжелеріміз бен аталарымыздың тәрбиесін көрдік. Ауыл өскелең ұрпақты кісілікке, зиялылыққа, адам сыйлауға тәрбиелей біледі. Мен қазақы ауылда өсіп, жаман болған адамды мүлде сирек кездестірдім. Ака­демиктер де, ақын-жазушылар да, небір даңқты адамдар да ауылдан шыққан. Сон­дықтан, ауылды тәрбие ортасы ретінде көргім келеді. Қазір, әрине, біраз ауылдардан жұрт үдере көшіп кетті. Көбі қалаға қоныс аударды. Бірі балаларының соңынан кетсе, енді бірі, тұрмыстық жағдайына байланысты көшті. Бірақ, қазақы ауыл сақталуы керек деп есептеймін. Өйткені, ауылдағы әке-шешелеріміз маған профессор сияқты сезілетін еді. Ауылдың рухани бұлағынан нәр алған адам өмірде ешқашан өкінбейді!
Енді, қала тұрғындары туралы бірер сөз. Біз қалада тұрғанымызбен, ауылдық қасиетімізбен өмір сүруіміз керек деп ойлаймын. Неге біз қалаға келіп, қатып қалуымыз керек? Сондай салқындықтың бары байқалады. Мысалы, ауылда бір-біріне шақырмай-ақ бара береді. Ал, қалада, сен телефон шалсаң, шақыру билетін жіберсең, сонда ғана келеді. Бір-біріне таза адамдық тұрғыдан сәлемдесіп, кіріп шығайыншы дейтіндер аз. Мен мұны мүлде түсінбеймін. Менің «Темір есік» деген өлеңім бар. Қазір бәріміз де бір-бір темір есік салып алдық та, «Бұған ашайық па, ашпайық па?» дегендей тесіктен қарап тұратын болдық қой! Аталған өлеңім:
«Темір есіктің ар жағында әйтеуір
Темір жүректі адам тұрмаса, болғаны!» – деп түйінделеді.
Бұл бүгінгі қоғамнан туындап отырған ой. Біз бір-бірімізге темір жүректі болмауымыз керек. Өмір дегеннің өзі уақытша. Ал, қазір, жастар да өмірден ерте кетіп жатыр. Өткен жолы бір аста ата-бабаларымыз «Өмір дегенің қамшының сабындай» дейтін болса, ал, енді, қарап отырсам, сол қамшының сабынан да қысқарып бара жатқан сияқты деген ойымды айттым. Сондықтан, мен кейде «Адамға бір-ақ рет өмір берілетін болса, дүние жалған десек, неге адамдар бір-бірін құшақтап, бір-біріне гүл ұсынып, қайырым жасап, ғұмыр кешпейді екен?» деп ойланамын. Әр адам осылай ойланып, тірлік кешсе, адамзат ізгілікке қарай нақты қадам басар еді. Ал, қазір адамдар өлім-жітімде өздерінше тәубаға келген болады, сыртқа шыға беріп, бәрін ұмытады, бір-біріне жамандық жасайды, аяғынан шалады. Кейбірі қылмыс жасап, екінші біреуді пышақтап, өлтіріп жатыр. Бірге туғандардың өзі бір-біріне қастандық жасайды. Мұндай қатыгездіктер маған мүлде түсініксіз.
– Көкейге келген ойды кейде өлеңмен жеткізесіз, кейде қара сөзбен жазасыз.
– Торғай топырағында туған Ахметхан Әбіқаев деген шешен, ақын, жыршы атамыз болды, тарихты, шежірені жақсы білетін-ді, табиғи таланттың иесі еді. Ол халық ақыны Нұрхан Ахметбековпен бірге жүрген. Ахметхан атамыз: «Әңгімемді айтып үлгіре алмаймын, Алла тағала маған неге екі ауыз бермеді деп өкінемін. Біреуімен тамақ ішіп отырып, екіншісімен әңгіме айтып отырар едім» дейтін еді. Сол сияқты мен де айтар ойларымды тек өлеңмен емес, қара сөзбен де жеткізуді қолға алдым. Қазір төңірек тұнып тұрған тақырып! Біз соны жазып үлгіруіміз керек.
«Ой отауда оңаша», «Көкірек көзбен көргендерім» атты қара сөзбен жазған екі кітабым жарық көрді. Атаулары айтып тұрғандай, ол жинақтарыма тағылымды ойлар, бүгінгі заман көрінісі арқау болған. Қысқа-қысқа туындылардан тұрады. Бір ғана мысал. Астанаға жиі келіп тұрамын. Кітабымда «Негр бала» деген ой толғамым бар. Жаз мезгілі. Бір күні саябақта демалып жүр едім. Сол жерде ақсақалдар да, әжелер де отыр еді. Бір кезде қазақтың қызы, жанында қап-қара негр жігіті бар, алдарында қол арбалары бар, арбада негрден туған баласы бар, біздің жанымыздан өте берді. Сол кезде бір әже: «Ой, бетпақ-ай, мына қыздың әке-шешесі қандай күйде екен? Бұл не сұмдық?!» – деді. Бәріміз үнсіз қалдық. Біраз ұзап кетті де, әлгілер қасымыздан қайтадан өтті. Әзіл-қалжыңға әуестігім бар адаммын ғой, әлгі әжелердің көңілін көтерейін деп мен: «Әй, осы жұрттың бәрі қазақты «қара қазақ, қара қазақ» дейді. Мынаған қарағанда біз аппақ екенбіз ғой», – дедім. Бұл жерде әзіл емес, болашақ ұрпақ қайда кетіп бара жатыр деген қапалы ой жатыр. Осы оқиға жастарға ой туғызса екен деймін. Тіпті, біреулер өзге ұлтқа, болмаса, африкалыққа шықса да, «оның діні мұсылман екен» деп ақтап алғысы келеді. Діні, тілі кім болса да, қыздардың шетке кеткені халықтың қасіреті деп ұғынғанымыз жөн. Қазақ қызы үшін өз ұлтының жігітінен асқан азамат жоқ! Тағы бір мысыл. Қостанай қаласының көшесінде жүр едім, шетілдік машина кетіп барады, рульде орыс ұлтының жігіті, көлігінің үстіне Ресей Федерациясының туын қадап алған. Қалтамда қашанда қағаз бен қалам жүреді. Лезде машинаның номерін жазып алдым. Сол бойынша жазған дүнием облыстық газетке де шықты, кітабыма да енді. Қараңызшы, қай қазақ Мәскеуге барып, машинасының үстіне Қазақ елінің туын желбіретіп жүре алады? Әлгі жігіттің қылығы қандай бейбастақтық? Не деген талтаңдау? Сондай тәртіп бұзушылармен айналысатын арнайы органдар бар ғой, шақырып алып, заңсыз әрекеті үшін жауап­кершілікке тартпай ма? Ешқандай қозғалыс жоқ. Бірақ, ақынның, журналистің мақсаты осындай дүниелерді жаза отырып, оқырманға, қоғамға ой туғызу, арғы жағы бірте-бірте шешімін табады деп ойлаймын.
– Ақынның өмірінде қызықты оқиғалар да аз болмайды. Өмір белесіңізде есте қалған қандай оқиғалар болып еді?
– Мен бала кезімде төбелеспеген адаммын. Мектепте оқыған шағымда өзіммен-өзім, жеке жүретін бала болдым. Өнерге жақын болып, мандалин, домбыра тарттым. Ауылда тұрғанмен, әке-шешеме көмектесіп, мал баға қойған жоқпын. Өйткені, икемсіз болдым. 8 сыныптан бастап өлең жаздым. Сол кезден бастап мақалаларым аудандық, облыстық газеттерге шыға бастады. Бір күні Жарасбай деген үлкен ағам үйде болмай қалды да, апам: «Нағашыбай, сен бұзауды айдап алып келші», – деді. «Жарайды» дедім де, бір бұзауды үйдің жанына алып келдім. Әлгі бұзау қораға кірмейді. Қораға қамайын деп қуалап, әбден ақ тер-көк тер болдым. Сөйтсем, ол басқа біреудің бұзауы екен. Басқа біреудің бұзауы басқа қораға кірмейді екен. Ондай заңдылықты мен қайдан білейін?! Менің шаруаға деген «икемділігімнің» түрі осы. Тағы бір оқиға. Жарасбай ағам ол кезде үшінші сыныпта, мен екінші сыныпта оқимын. Ол кезде Жангелдин ауданында «Еңбек» деген кеңшар болды, қазір «Көк ала ат» ауылы. Қазақтың үлкен жазушысы Қойшығара Салғараұлы сол ауылдан шыққан. Сол кеңшардың Қарақоға деген бөлімшесі бар, біз сол жерде тұрдық. Біз отын ретінде пайдалану үшін қоға шабамыз. Қоға отқа тез жанып кетеді, қанша әкелсең де, шақ келмейді. Ауылдың іргесінде қалың қоға бар, ішінде жабайы қабандар жүреді. Жарасбай орақпен қоға шабады, менің міндетім – соны үйіп жинап қою. Шынын айту керек, мен шыдамсыздау болдым. Екеумізге апам екі бөлек жент орап береді. Өзімнің жентімді алдымен жеп аламын, сосын біраздан кейін «мына жерде қабандар бар екен, мен қорқамын, үйге кетемін» деп қыңқылдай бастаймын. Сосын Жарасбай мені алдандырғысы келіп: «Жарайды, анау менің жентімді де жей бер», – дейді. Сол кезде мен: «Онда қала тұрайын», – деймін. Кішкентай кезімдегі бір суреттер – осы.
Бала кезімде, жас шағымда қызықты дүниелер көп болды. Балалық шағымның ұмытылмас сәттерін, қызықты суреттерін бөлек бір дүние етіп жазсам ба деген ойым да бар. Мектепте жақсы оқыдым, әдебиет пәні сүйікті оқулығым болды. 10 сыныпты бітіргенде Қасым Аманжоловтың өлеңдері бойынша еркін тақырыпта шығарма жаздым. Өткен жылы сол 1967 жылы бітірген мектебіме барып, кездесу өткізіп келдім. Сонда, жерлестерім «Сіздің 1967 жылы мектеп бітіргендегі жазған шығармаңызды «Міне, ақын Нағашыбай Мұқатовтың 10 сыныпты біртігенде жазған шығармасы» деп балаларға көрсетіп, оқып береміз», – деді. Мектептің біздің шығармаларымызды сақтап қоятынына таңғалдым және үлкен ризашылығымды білдірдім.
– Қазір студенттерге дәріс беріп жүрсіз. Бүгінгі заман жастарымен араңызда қандай сұхбаттар болып қалады?
– Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қос­танай мемлекеттік университетінің жур­налистика бөлімінде біраз жылдан бері сабақ беремін. Бұрын штатта болған жоқпын, негізгі жұмысымды атқара жүріп, университетте қосымша қызмет жасадым. Қазір оқытушылар құрамындамын, 3, 4-курс студенттеріне журналистік шеберлік пәнінен дәріс беремін. Бір кезде Қазақстанда жалғыз ғана журналистика факультеті болған еді. Оған тек елу-ақ адам қабылдайтын. Бүкіл Қазақстаннан «журналист боламын», «жазушы боламын» деген жастар жиналатын-ды. Ылғи таланттылар келеді. Ал, қазір қалай? Өткен жолы теледидардан көріп қалдым, Еуразия ұлттық университетінің профессоры Намазалы Омашов Қазақстанда жиырмаға жуық журналистика факультеті бар екенін айтты. Бірақ, соншама факультет болғанмен, сапа жағына көңіліміз толмайды. Себебі, біріншіден, осы саланың білгір мұғалімдері жетіспейді. Екіншіден, журналистика факультетіне сөз өнеріне онша бейім емес жастар оқуға түседі, олардың жазу қабілеті жоқ. Біздің кезімізде мектеп қабырғасында жүріп жазғандардың өзі әрең түсетін еді. Өткенде, 1-курстың бір студентінен не жазатынын сұрадым, ол«түк жазбаймын», – дейді. «Енді, неге журналистикаға түстің?», – десем, «Басқа факультетке қарағанда мынаның ақшасы аздау екен, сосын осында түстім» деп қарап тұр. Осыдан кейін қандай ойға қалуға болады?
Қазір журналистің шеберлігі аса мықты болып тұрған жоқ. Әсіресе, көгілдір экранды қарасаңыз, қабілеті жоқтар журналист болып кетті, әнші еместер әнші болып кетті. Ал, журналистикаға кәсіби шеберлік тұрғысынан қарауымыз керек. Қазір өзіндік ойы бар, мәтінді дұрыс құрайтын, идеясы мықты хабарларды, мақалаларды дайындайтын журналистер некен-саяқ. Мен соған таңғаламын. Бұл дұрыс емес. Біз сөзбен ойнамауымыз керек! Сөз – киелі дүние. Оған жауапкершілікпен қараған абзал.
Жасы үлкен адам және ақын ретінде мен ара-арасында жастармен сұхбат құрып, адамгершілік, кісілік қасиеттер жөнінде, жастардың бүгінгі махаббатына байланыс­ты пікір алмасып отырамын. «Сіздер анау заманды көрген жоқсыңдар. Мына заманды көріп, ұялы телефон бар, машина бар, бұрыннан осылай болған екен деп ойлайтын шығарсыздар. Олай емес. Мен түйеге мініп өскен қазақпын. 1955 жылдары Қарақұмнан түйенің үстінде келдім. Түйенің үстіне қоршау орнатады, сонда отырып қарасаң, балконда отырғандай боласың. Кезінде «бортовой» машинаға міндік. Мен ана заман мен мына заманның техникасын ғана емес, адамдарын да салыстырамын. Ол кездің адамдары «Джип» мінген жоқ, қолдарына қазіргідей көп ақша ұстаған жоқ. Бірақ олардың адамгершілігі мүлдем басқаша болатын. Уақыт алға жылжыған сайын біз неге кісілікті, адамгершілікті ұмытуға тиіспіз?! Осы жағы мені қинайды. Осы тақырыпта студенттермен көп әңгімелесемін.
– Оларды қандай мәселелер қызық­тырады?
– Студенттер махаббат тақырыбына бай­ланысты көп сұрақ қояды. Сонда мен: «Сіздердің махаббаттарыңыз өте мә­де­ниет­сіз», – деймін, одан әрі қарай: «Қа­зақ­тың жігіттері мен қыздары бола тұрып, сіздер көшеде тұрып алып сүйісесіздер. Бұл не сұмдық? Айналайындар, өліп-өшіп бара жатсаңыздар, тасалау жерге бармайсыздар ма? Біз де жаман сүйіскен жоқпыз. Бірақ, сіздердің әрекеттерің ар-ұятты аяққа таптаумен бірдей. Әсіресе, бұл қазақтың жастарына жат дүние, басқа ұлтта шаруам жоқ. Ал, біздің кездегі махаббатты айтайын, содан сіздер үлгі алыңдар», – деп бір тоқталамын. Біздің кезімізде жігіттер қызға сөз айтқанда, өлеңмен не мөлдіреген қарасөзбен хат жазатын-ды. Қызды айға, күнге, жұлдызға теңейтін. Маржандай әдемі сөздерді тізетін. Ол қыз хатты оқып, содан кейін жауап беретін. Арада сондай ғажап ұяңдық мінез, сыйластық қасиет жүрді. Бізге қыздың қолынан ұстау қайда? Қыздың жанында қатар жүрудің өзі бақыт еді. Қыз бен жігіт бір-бірімен сөйлескенде әдеп сақтады. Махаббат несімен ғажап? Махаббат құпия болуымен құдіретті! Ал, біздің кезімізде қыздар өзі жақсы көрген жігітіне кестелі орамал сыйлайтын еді. Қандай тамаша дәстүр! Мен жастарға осы дәстүрді жүзеге асыру қажеттігін айтамын.
Бір студент: «Ағай, Сіз «Валентин кү­ніне» қалай қарайсыз?» деп сұрады. Мен «Дұрыс қарамаймын», – дедім. Қазақ махаббат күні деп бір күнді атамай-ақ махаббатты күнде есінен шығармаған. Міне, он бала кімде болды? Қазақта болды. Махаббаттың жемісі де, мәні де сол деймін. Бұл уәжімді жастар үн-түнсіз тыңдайды.
– Қазақтың өскелең ұрпағына қандай тілек айтар едіңіз?
– Ақын-жазушының бәрі ойда жүре­ді ғой. Өзім әділдік, шындық, ақи­қат тұрғысында үнемі ойланып жүре­мін. Қазақтың арыстары, ұлылары өсиет қал­дырды емес пе? Бізге әдемі өмір қалдырды. Біз олардың өсиетіне адалмыз десек, соған да мен кейде күмәнмен қараймын. Егер, олардың өсиетін орындамай жатсақ, шығармаларында жазылған құнды ойларын жүзеге асырмасақ, біз қалай адалмыз деп айта аламыз? Жастарға айтарым: Айналайындар, қазіргідей қыран мен қарғаның немесе биік пен аласаның айырмашылығын шатастырып алған заманда, өмірде ақша ақылды жерге алып ұрып, ұрайын деп жатқан заманда немесе түн қайсы, күн қайсы, соны айыра алмай жатқан заманда, жақсы мен жаманды немесе зиялы кім, зиянды кім, соны шатастырып алған заманда, адам алдымен өзіне сүйенуі керек. Өзіңнің маңдай терің, адал еңбегің, өз қабілетің сені өрге сүйреуі керек. Бірақ сенің сол ақылыңа, қабілетіңе кедергі жасайтын топтар да жетеді, маңайыңда қаптап жүр. Қазір даланың қасқыры емес, адамның қасқыры жаман. Содан аман болайық!
– Өмірден түйген ойларыңызбен және көкейде жүрген ой-толғамдарыңызбен бөліскеніңізге рақмет.

Алдыңғы «
Келесі »