Шығармасы – Таным.  Шынайы ғалым

  • 02.06.2017
  • 1316 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Бақыт Сарбалаұлы,
әдебиет сыншысы

Адам атынан басталады. Ғалым затынан басталады. Мен бұл ұйқасып тұрған сөздерді ермек үшін келтіріп отырғаным жоқ. «Көкірегі сезімді, тілі орамды, Жаздым үлгі жастарға бермек үшін» (Абай). Тек, үлгі ғана ма: бұл сөз-сөйлемдерде «наданның көзін қойып, көңілін ашар» (тағы да Абай) таным бар. Өмірдің танымы. Ғылымның жарығы. Иә, солай, мұнда ілім-білімнің жарығы түгіл жалыны да жоқ емес. Бұл берілгендерді айтылғандарды сәл дәлелдеп көрейін бе? Айталық, Абай, Абылай, Әлихан, Қасым хан десек, арыстандай ер, ХVIII ғасырда қалмақты жер еткен, қазақты қытаймен тең еткен ерен елбасы Абылай еске түседі. Рас, оның туғандағы аты Сабалақ па, басқа ма, оны білмедік. Бірақ, оның қаһарман болып қатарға қосылуы да, хан болып даңқы аспанға жосылуы осы Абылай деген атынан басталады. Бала Ибраһим – алып Ақын, абыз Ақылман Абай. Бөкейханов Әлихан қыспақтағы қазақ өмірін жаңа арнаға бұрды. Алаш Орданы құрды. Содан бері елімізде елге елеулі, еңбегі кенеулі жаңа Әлихандар өмірге келді. Ары қарай, осылайша, таратпай-ақ қоялық. Ақын Қасым десек жетеді – Аманжол Рахымжанның Қасымы, Алаштың асылы. Біз аталмыш тұлғалардың аттарын, жарық дүниедегі алғашқы қадамдарын қаламға тиек еткенмен, заттарын, дау жоқ, өз мақсат-қабілеттері, Алла тағала арқауы, халқының тәрбиесі қалыптастырды. Иә, ғұлама ғалымның да құтты қадамы, өсіп жетілуі осыған ұқсас. Алайда, «Ғалым затынан басталады» дегендегі айтпағым – жай адамдар да есімінен, ниет-пейілінен басталып, еңбегімен ержетіп бой түзейтінін білдірумен бірге ақындықтан гөрі ғалымдықтың көбіне-көп бойға кеш бітіп, бейімділікке, қабілетке қоса тек терең білім, зерделі білік, қайтпас ерік-жігер, тамшылаған тер, тынымсыз да, табанды жұмыстан ғана мол жеміс берерін, жеңіске, бәлкім, ұлы жеңіске жеткізерін аңғартпақшы едім.
Қарапайым шын адам, бәлкім, асыл Адам болу мен шын Ғалым, ғұлама Ғалым болудың басты айырмашылығы осында.
Мен, сонымен, осы жолы сөзімнің әлқиссасын ғалымдықтан бекер сабақтап отырған жоқпын. Соның өзінде де қозғамақ тақырыбым негізгі нысанам – ғалым Дандай Ысқақұлының қаламгерлік-шығармашылық келбеті мен ғылымда қол жеткізген көкжиегі, азаматтық-адамдық қарымы мен халық игілігіне айналдырған Танымы. Ғалым ретінде тапқаны және қанша білім шырақтарын жаққаны. Дау жоқ, бұл тұрғыда оның қалам қуаты, негізінен, туған әдебиетіміз әлемін қамтыса да өзіндік шығармашылық келбеті келісті, көрікті, шығармашылық көкжиегі кең, өрісті. Әрбір толассыз ізденістен, іргелі істен туған көлемді, кенеулі кітабы – жеке бір кен. Жинаған қазынасы – мол. Жекелеген тақырыптарда жеке бір жол. Десек те асыра айтпаймыз. Енді, осы айтқандарымыздың шырлы шындығын байқату үшін оның шәкірттік-ұстаздық, тоқымыстылық пен оқымыстылық өмірін біраз шолып-танып, әр түрлі жылдарда жарық көрген, оқырманға, оқыған жас ұрпаққа түрліше жарық берген көп-көп еңбектері мен келісті кітаптарын, мың сан жарған жапырақтары мен желек жайған бұтақтарын көріп-танып, таңдаулы туындылары тынысынан сезілер ақ-адал, төл әдебиетім көркейе түссе, өнсе-өссе, туған ұлтым-әлеуметім ұлттық ұлы бітімін қайта тауып, тәуелсіздігін иеленуіне сай әлемдік өркениет биігіне батыл көшсе деген көңілін сәл аңдап барып әңгіме қозғасақ, әділдік шығар-ау.
Ол 1946 жылдың мамыр айының 27-сі күні Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданындағы Қоғам ауылында дүниеге келген. Әкесі Төребекұлы Ыс­қақ пен шешесі Шерінбетқызы Рсалды кеңестік ұжымшар, кеңшарларда еңбек еткен қарапайым жандар болғанмен, бұл қарапайымдылықта – соғыстан кейін туғандар мен Совет Одағының шын жақ­сы дәуірінде кіндік кесіп, кір жуғандар көзімен көріп, көңілімен сезіп өскендей, қазақтың, халықтың ұлылығы мен нағыз әзіз әке, асыл аналардың жүрек жылылығы жатқанын жақсы білеміз. Отан үшін күюді (отарлықта жатса да), туған жерді, тарихты, табиғатты шын сүюді бойға бесіктен сіңір­ген сол жандардың теңдессіз мархабатына, әкелік-аналық махаббатына, нұрлы шапағатына Отырардай топырақта туғаның қосылса, қалай болғанда да адам болуға міндеттісің де, мәжбүр де емессің бе?! Туған ауылдағы, аудандағы жеті жылдық және орта мектепті бітіру, Алматыдағы Қазақтың мемлекеттік университетінің филология факультетін 1969 жылы тәмамдау, ұлы ұстаздардан жоғары білім, жақсы тәрбие алу, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аспирантурасын да тауысып, 1975 жылы ғұлама ғалым, абыз азамат Рахманқұл Бердібайдың жетекшілігімен «Отызыншы жылдардағы қазақ әдеби сыны» деген тақырыпта филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертацияны сәтті қорғау – тоқымыстылық жәй ғана нәрсе; ұлық мақсат шын оқымыстылыққа жетудің өр-еңісті бел-белестерін абыройлы басып өту емес пе? Әрине, талмас талап пен тынымсыз еңбек арқылы басып өткеннен кейін ұлағатты ұстаздыққа да, шынайы ғалымдыққа да ақ жол ашылды. Д. Ысқақұлы – 1977 жылдан бері есептегенде, 40 жыл бойы ұстаз болып келеді. Филология ғылымдарының докторы. Және Ғұлама Ғалым. Профессор. Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі, Халықаралық Айтматов академиясының, ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі. Еліміздің жоғары білім беру жүйесінің дамуына қосқан зор үлесі және оқу әдебиеттерін жазудағы көпжылдық нәтижелі еңбегі үшін А. Байтұрсынов атындағы алтын медальмен, түркі әлемін зерттеуге сіңірген еңбегі үшін ТҮРКСОЙ-дың Мақтымқұлы медалімен, «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, әдебиеттану ғылымындағы жетістіктері үшін Мәшһүр Жүсіп атындағы және Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы алтын медальдармен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің дамуына қосқан үлесі үшін «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне 80 жыл» мерекелік медалімен марапатталған. Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауда­нының құрметті азаматы. Ол жайлы «Бе­лес» (2010) атты кітап жарық көрген. Бас жоғары оқу ордамыз ҚазМУ-дің журналистика факультетінде 10 жыл 1977 жылдан 1987 жылға дейін жұмыс істеп, аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, осы университеттің филология факультетінде (1988-2000) және Астанадағы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде (2000-2004) профессор болған. Ол сегіз жылдай Сүлеймен Демирел атындағы мәртебелі университеттің проректоры лауазымын атқарып, бүгінгі таңда осы университет ректорының кеңесшісі қызметінде.
Мен осы сөйлемдерді қағазға түсірдім де сәл кідіріп қалдым. Бұған себеп: оның осындай жемісті педагогикалық қызметінің аспанын бір жылдары, дәлірек айтқанда, 1987-1988 жылдары қара бұлт басқаны есіме оралды. Ол әйгілі «Желтоқсан оқиғасына» қатысқаны үшін қудаланды, сотталып кетпесе де, отқа түсті. Ұлтшыл атанып, ҚазМУ-ден қуылып, 1,5 жыл бойы жұмыссыз жүрді, лаборанттыққа да «жарамады». Әрине, Дандай Ысқақұлы қазаққа зиялы болса да, орысқа зиянды ұлтшыл емес еді. Сондықтан да төбесінен қара бұлт айығып, қайта сүйікті жұмысына – ұлт қызметіне жегілді.
1994 жылы ерекше ғалым, абыз тұлға Тұрсынбек Кәкішұлының жетекшілігімен «Қазақ әдеби сынының ғылыми негіздері» бойынша докторлық диссертациясын қорғады. Содан бері ұлағатты ұстаздығы үзілген, жемісті ғалымдығы кідірген, қаламы құрғаған бір күн жоқ. Студенттерге дәріс оқу, шәкірттерді түлету. Жаңа кітаптарды парақтау. Архив ақтару. Мақалалар жазу. Монографиялар бітіру. Қоғамдық қызметтен қалыс қалмау. Қазіргі күні санап алар болса, 600-ден астам мақала тудырыпты. 25 кітап шығарыпты. Мұның бәрі де оқыған соң өліп қалар мақалалар, көңілге тоқыған соң сөніп қалар кітаптар емес. Жарияланған кезінде мұқтажды өтеді. Іштері толған дән де дәрменді дерек. Қазір де керек. Дау жоқ, мұның бәрі – көл-көсір көрікті таным. Мұның бәрі – дарқан Дандай Ысқақұлының бітірген зор ісі. Дау жоқ, осы мол жемістер мен көп жеңістер мынадай шындықты мойындатады. Дандай Ысқақұлы – шын Ғұлама Ғалым. Ол – қазақ әдебиеттану ғылымының, әсіресе, әдеби сынының Еңбек Торысы.

***
Сонда, сындарлы да сымбатты еңбектері түгіл әрбір мөлтек мақаласы, моншақ ойы зиялы қауымға, өнер-білімге сусаған оқырманға пайдалы Дандай Ысқақұлының басты қыры не, немене? Негізгі шығармасы қайсысы? Мұны жоғарыда біраз байқап та үлгергеніміздей, ол – қазақ әдеби сынының тіршілік тынысын түгелдеп, толыққанды ғұмырбаянын жасауы. Бәлкім 1972 жылдан басталған, алғаш «Отызыншы жылдардағы қазақ әдеби сыны» тақырыпты ғылым кандидаттық еңбек боп жеке отау тіккен бұл ізденіс ғалымның қырық жыл бойғы көз майын тауысқан, аталмыш жанрдың бір қырынан, екінші қырына ауысқан, барын базарлап, жоғын тапқан, жалғасып жатқан әр түрлі сыр-сипаттағы кітаптар шоғырына ұласты. Олар: «Әдеби көркем сын» (1987 ж), «Сын шын болсын» (1993 ж.), «Сын сонар» (1993 ж.), «Сын жанрлары» (1999 ж.), «Сын сымбаты» (2000 ж.), «Сын өнері» (2001 ж.), «Сын талқы» (2005 ж.) дегендей елеулі еңбектер, байсалды жұмыстар.
Міне, осындай, жемісті барлаулар мен самғаулар, жинақтаулар мен жаңалықтар бас қосып, бірігіп-кірігіп, ақыр соңында 2012 жылы «Әдеби сын тарихы» атты көлемді, шоң, келісті кереқарыс том болып жарық көрді. Бұл – қазақ әдеби сынының әмбебап оқу құралы ғана емес, жайқалып жатқан құрағы дастаны, жанып тұрған мың бір шырағы – Аспаны деп бағаласақ та артық кетпеспіз. Танымдық-тағылымдық тұрғыдан бай сын қазынасы екенін былай қойып, қазақ әдебиеті сынының өзіндік бір энциклопедиясы десек те қателеспеспіз. Әрине, әмбебап кітаптардың білімдік-ілімдік тар шеңберінде қалып қоймаған, сынның жауапкершілігі жоғары ғалым ғана емес, қаламы қанатты дарын жазған, қадым ғасырлардың терең қойнауындағы сылдыраған сағасынан бастап сарқырап құйған қазіргі саласына дейін қамтыған – Шынайы Шежіресі. Қырық көктем, жаз, күз, қыс – 40 жыл бойы жазылған еңбек. Неге осыншама уақыт жазылды? Бұған басты себеп, қазақ әдеби сынының ғылымындағы күрделі де қиын жанр ғана емес, әлі де түрен тимеген тың сала екендігі. Осы орайда зерттеушінің мақсатына жету үшін бәлкім, қазақ сөз өнері үлгілері дүниеге келіп, жасап жатқан 2000 жыл уақытты түгел қамтып, осы қилы замандардағы алуан түрлі үлкенді-кішілі әдеби сын туындыларын тегіс оқып, саралап шығуға тиістілігі. Бұл міндетті орындауға күмән көп десек те, мәселе – кімнің кірісуіне байланысты. Нақ, сондықтан да, Дандайға осыншама жыл 10 мыңдаған күн ерінбей, жалықпай, тарих түкпірінен бүгінге қарай бірте-бірте үздіксіз қадам басып жемісті жұмыс істеу қажет болды. Рас, осы орайда Тұрсынбек Кәкішұлының ертеректе жарық көрген, жоғары оқу орындарында оқулық ретінде де пайдаланылған құнды кітабы қатты көмектесті. Бірақ, ол – қазақ әдеби сынының бәрібір бір-ақ тақырыбын, кезеңін басым зерттеген еңбек. Ал, қазақ әдеби сынында мүлдем қарастырылмаған мәселелер мен әлі ақтаңдақ болып жатқан тақырыптар жеткілікті еді. Атап айтқанда, Қазақ әдеби сынының даму жолдарын ерте кездерден бастап қазіргі дәуірге дейін бүгінгі күн биігінен ғылыми тұрғыдан тұтас бір қоғамдық құбылыс ретінде қарастыру қажеттілігі күн тәртібінде тұрған еді. Дандай Ысқақұлының мына кітабы – осы ауыр да абыройлы міндетті тиянақты да талантты атқарған, жүзеге асырған аса маңызды еңбек. Ол қысқа «Кіріспе», «Қазақ әдеби сынының қалыптасуы», «Кеңестік дәуірдегі әдеби сын», «Тәуелсіздік тұсындағы әдеби сын», «ХХІ ғасырдағы қазақ әдеби сыны» атты нысаналарына қарай көлемді де кенеулі төрт бөлімнен, шағын «Түйіннен» тұрады.
Қазақ әдеби сынының алғашқы үлгілері қашан пайда болды? Алғашқы сөз өнері туындылары жаратылысымен-ақ ол да іле-шала өмірге келді. Өйткені, өнер туған жерде өлшем де бар. Талант талғамы арқылы өнерлік туындыны дүниеге келтірсе, ол белгілі бір талаптарға жауап беруі қажеттігі де күмәнсіз. Адамзат өмірінің заңдылығы осылай болса, ерте замандардағы қазақ қоғамында-ақ «Кез келген өлең шығарушы ақын аталмаған. Ақын аталу үшін алдымен, халыққа танылу керек болған. Әдетте ақындық жолды мұрат тұтқан жас талапкер ел ақын деп таныған белгілі бір ақынның қасында жүріп, ақындық өнердің қыр-сырын меңгерген, көп алдында талқыға түскен. Осындай сабақтардан, сындардан өтіп пісіп жетілген, болашағы барларға ғана ұстаз ақын ақындық батасын берген. Көркем әдебиет, оның ішінде әсіресе ауыз әдебиеті – халықтың сөз өнеріне деген ғасырлар бойы қалыптасқан сыншыл көзқарасының, халықтық эсте­тиканың жемісі, көрінісі. Сондықтан да, әдеби сынның қайнар бұлақ бастаулары халықтық эстетикада жатыр…» (Д. Ысқақұлы. Әдеби сын тарихы, 4-5 беттер). Нақ осы сияқты «түркі халықтары сөз өнерінің алғашқы үлгілері саналатын жазбаларында көркемдік танымды танытатын парасатты пікірлер мен бейнелі сөздер баршылық». Қорқыт атаға қатысты шығармалар да, әлемнің «екінші ұстазы» Әбунәсір әл-Фарабидің «Сөз ғылымын жүйелеу», «Өлең кі­табы», «Өлең өнерінің қағидалары туралы трактат», т.б. еңбектері де, Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігі», Махмұд Қаш­қаридың «Түркі тілдерінің лұғаты» және басқа да, ортақ көне кітаптарымыз да, туған әдеби сынымыздың қайнар бастаулары екені ақиқат. Енді, берідегі Асан қайғы, Сыпыра жырау, Қазтуған, Доспанбет, Шалкиіз, Ақтамберді, Үм­бетей және басқалардың үздік жырлары қазақ үшін тіршіліктің мағына-мәнін түсіндірудің әліппесі болса, олардан да бергілердің шандоз шығармалары – өз авторларының ақиық ақындар болуымен бірге нағыз сыншылар екенін де айғақтайтынының басы ашық. Тек әдебиет сыншылары ғана емес, әлеумет өмірінің де сыншылары.
Шалкиіз жыраудың
«Алғаным ару болмаса,
Алдыма алып сүймен-ді.
Дулығамының төбесі
Туған айдай болмаса,
Батыршылық сүрмен-ді» – дегендей, айшықты, асыл да арда бір-ақ ауыз сөзі біздің осы айтқанымызды тамаша айғақтаса керек. Айтпақшы, бұл байқау-бағалаулар тіпті де осы жолдар­ды қағазға түсіріп отырған Бақыт Сар­балаұлының сөз-сөйлемдері ғана емес, олар Дандай Ысқақұлының дарқан кітабындағы танымдық, тұғырнамалық байқау-бағалаулар да. Ары қарай да біз өзіміздің, негізінен аталмыш зор еңбектің тапқанын жеткізуші, жақсылығын автор Дандай даңқымен өткізуші ғана болатынымызды ескерте кеткіміз келеді. Қаншама мықты, қаншама құтты болса да, Асан Қайғыдан басталып Ыбырай Алтынсаринмен аяқталатын жырау, ақын, шайырларымыз бір бөлек те, Абай бір бөлек. Расында да, ХІХ ғасырға дейін қазақ әдебиеті, негізінен ауызша ақындық поэзия түрінде болып келді, жазба әдебиет өкілдері тек осы он тоғызыншы ғасырдан бастап кө­рінді. Оның бастауында, әрине, орны өзгеше Ыбырай Алтынсарин және басқа біраз кітаби ақын, шайырлар бар. Десек те, Ыбырай Алтынсаринді де алдыңғыларға қосып жіберу себебіміз Абай – ұлы, алып ақын ғана емес, қазақ әдебиетіндегі жаңа бір дәуір, жеке бір кезең. Біз сөзіміздің шын­дығын «шайнап бермесең, жұта алмайтын» қалың қарабайыр қауымға да аңғарту үшін Абайдың Ұлы, Алып, Ақын екенін айрықшалап айтып отырмыз. Өйткені, оның алдындағы ондаған, жүздеген басқа ақын­дарға мұндай қосымша анықтауыш, нақтылар эпитет, күшейтер теңеулер қажет болса,еш Абай мұндай көмекке мұқтаж емес. Абай десек, жеткілікті. Тек, Құнанбайұлы екенін қоспасақ; екінші бір ерек қасиет-құдіреті – Абыз Ақылман екенін қоспасақ. Енді, осы, Абай – ұлы сыншы да. Оның кешегі күні бәріміз білетін, бүгінгі күні шын білімдіге, зиялыға, арлы адамдарға қосылар Азаматтарымыз ұмыт­паған, ұққан және ұғып та келе жатқан мынадай:
«Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келер айналасы»
Немесе:
«Бөтен сөзбен былғанса, сөз арасы,
Ол – ақынның білімсіз, бишарасы», – дегендей ғажап та маздақ жолдары Ұлы Ақынның өлең мен өнердің білімді де білікті, зор талантты да туғаны жоқ Тура би сыншысы екенін қалтқысыз айғақтамай ма?
Абай – әдебиет, өлең сыншысы ғана ма? Жоқ, ол – әлеумет, қоғам, өмірдің де ұлы сыншысы, ұстаз сыншысы. Бес күндік тіршілікте адам алға қадам басқанда жолығар, басқа түсер, аяқтан шалар сан қилы оқиға, құбылыстарды қалтсыз таңбалайтын, ақыл-нақылға айналып кеткен, тіпті, кейде халық сөзі болып кеткен белгілі баға, бейнелі өлең жолдарын алға тартып жатпай-ақ оның ғұмырымызда сиректеу қолданылатын мына бір шумағымен-ақ жүздеселікші:
«Өмір жолы – тар соқпақ, бір иген жақ
Иілген екі басын ұстаған хақ.
Имек жолда тиянақ, тегістік жоқ
Құлап кетпе, тура шық, көзіңе бақ».
Керемет таным, кемел кен ғана емес, керек кеңес, қолыңа ұстар компас.
«ХХ ғасырдың басындағы қазақ әде­бие­тінде Абай жұлдызының жарқырап көрінуімен қазақ қоғамының рухани өміріндегі жаңа кезең басталды… Абай идеялары бүкіл көзі ашық қазақ зиялыларының ой-санасын билеп алып, рухани күшке айналды. Ұлтжанды қазақ оқығандары Абайды құрметтеп, оның идеяларын насихаттау мақсатымен «Абай» атты журналды шығаруды қолға алды. Оның алғашқы саны 1918 жыл­дың 4-ақпанында жарық көрді» (сонда, 23-бет). Осы нөмірде Жүсіпбек Аймауытовтың «Журнал туралы» деген бас мақаласы жарияланған. Автор: «Тұс-тұсынан жау қысып, мал мен басқа дау түсіп, дағдарып қазақ сасқан соң, орысқа келіп бағынды… Бұрынғы дәурен көзден бір-бір ұшты… енді партия, барымта, өтірік, ұрлық – не түрлі әрекет керней бастады. Сөз сыбырға, іс жыбырға айналды. Береке кетіп, азды, тозды. Сол кезде қалың надан, қара тұманды қақ жарып, тас жарып шыққан бұлақтай жарқ етіп, Абай туды» – деп, сол дәуірді сипаттайды» (аталған кітап, 24-бет). Жайсаң жазушы Алаш Арысы, Жүсіпбек Аймауытов қан­дай әдебиет сыншысы, ұлт ұстазы еді десеңізші. Міне, ол осы мақаласында жоғарыда келтірілген Абай шумағын эпиграф етіп алыпты.
Дандай Ысқақұлының осы бір айт­қандары-ақ Абайдың ұлы әдебиет сыншысы екенін дәлелдеп тұрған жоқ па?!
Аталмыш кітапты осылай жіті барлап, жан-жақты шарлар болсақ, әрбір беті, алпыс­тай тараулары, жеке-жеке та­қы­рыптармен берілген осы жалғасты мақа­лалардың қай-қайсысы да осындай таным ашарына, санамызды қозғап, сілкіп, нысанасына сәйкес бірде маздаған от қыздырса, бірде разы етіп жадыратар мизам-шуақ шашарына көз жетеді. Дәлірегі – оқып отырып осыған көзіміз жетті. Көңіл де то­лып қанағаттанды. «Әдеби сынның даму арнасы – баспасөз. Сондықтан да сынның дамуы баспасөздің дамуына тікелей байланысты. Он тоғызыншы ғасырдың екінші жарымында қазақ даласында баспасөздің тууы шын мәніндегі жазба әдеби сынның пайда болуына тікелей қолайлы жағдай туғызды. Әдебиетке қатысты алғашқы сын мақалалар ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде шыға бастаған «Түркістан уалаятының газеті» (1870-1882) мен «Дала уалаятының газеті» (1888-1902) беттерінде көрінді. Қазақ баспасөзінің қарлығаштары болған бұл газеттер әлеуметтік-рухани ойларды оятумен бірге әдеби ой-пікірлердің де көш басында тұрды» (16-бет). Жақсы мен жаманды танытып, өрелі өлең мен жамау-құрау өлеңсымақтарды ажырата білуге бастаған, Абай – шың, орыс билігіне жағымпазданған малай – кім екенін ұқтырған әдеби сын «Жиырмасыншы ғасырдың басындағы әдеби сын», «Айқап» пен «Қазақстан» әдеби сыны», «Алашшыл әдеби сын» тарауларында байсалды таразыланып, ақ-қарасы жақсы анықталып, білікті талданғанын көреміз. Теңіздің дәмі тамшысынан білінсе, бұлардағы, яғни қазақ хандық құрған, «Ақтабан шұбырындыға…» ұшыраған, орыс езгісін ұзақ бастан кешкен, ояна, ойлана бастаған замандардағы әдебиетіміз сыны, сыншылары атқарған еңбек зор. Төккен тер босқа кеткен жоқ. Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытұлының сырбаз жырлары мен кірпияз сындары Сұл­танмахмұт Торайғыров, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезовтердің мәдениетті тол­ғамдары ойлы сын ормандарына ұласып, халқымыздың алдынан ақ жол ашқан жоқ па?! «Ана тілін түрлеген Ахаңның – Ахмет Байтұрсынұлының уақыт талабын дәл басып, халықтың қажеттілігін өтеген талантты қаламгерлігін, ұлы қайраткерлігін, «Әдебиет танытқыш» сияқты озық ғылыми-сыни еңбегін жиып қойып, «Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы боларға керек. Сөздің шырайлы, ажарлы болуына сыншылық керек, мағыналы, маңызды болуына білім керек. Абайда осы үшеуі де бар…» деп айтқанының өзі үздік сын үлгісі, нақ бүгінгі талантты делініп жүрген көп-көп ақын-жазушыларымызға жетпей жатқан түсінік, соқырға таяқ ұстатқандай керемет кеңес емес пе?!»
«Кеңестік дәуірдегі әдеби сын» бөлімі – шоң кітаптың ең көлемді, қомақты, мол бөлігі. Соған орай, айтары да көп, ашқаны да аз емес, байлығы да мол бөлім болып шыққаны онша дәлел тілемесе керек. Мұның бұлай болатыны – кеңестік кезең есептей қарағанда, небәрі жетпіс-жетпіс бес жылға созылғанымен, кейінгі отыздай жылында жылылық, айлы түн, шуақты күндер көп кездессе де – халқымыздың өміріндегі ең ауыр, ең қайғылы-қанды, тіпті, тарихтағы жоңғар шапқыншылығына қатысты ең қасіретті нәубет – апат «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» да асып түскен аласапыран заман болды. Ініні ағаға, баланы әкеге жау жасап, бір-біріне қарсы қойған, жасанды тап күресі дегенді ойлап тауып, адамдарды ақ пен қызылға бөлген, қызылдардың мүддесі, жеңісі, билігі жолында тұтас азамат соғысын жүргізіп, ашаршылық ұйымдастырып, қынадай қырып, құрбандыққа шалғандары, коммунист большевиктердің шын мәнінде ұлттардың ақылы, ары саналатын зиялыларды, озық ерлерді, көсем тұлғаларды тәркілеп кәмпеске жасап, «халық жауына» айналдырып, жаппай атып-асқандары – міне, осы айтылғандардың жоққа шығарылмас, жан баласы ешқашан ақтай алмас айғақтары, шыққан күндей шындықтары. Ал, әдебиет пен өнер, мәдениет қандай да бір қоғамның, заманның, адам өмірінің айнасы, сәулесі, кейде көлеңкесі, кейде күні болса, осы кеңестік кезеңдегі әдебиетімізде осының бәрі орын алды. Темірқазық нысанамыз: әдеби сын тұрғысынан келсек, таптық социалистік сын, догмалық дүмше сын, жалаң-жадағай ұрда жық сын, сыншыл реалистік сын, әлеуметтік әділ ұстаз сын, шын мәніндегі, кемелденген әдеби көркем сын – түгел-түгел кездесті. Кеңестік өкіметтің өзі мұқтаж, мүдделі болған, амалсыз жағдай тудырған кездерде асыл әдебиет үлгілері өмірге келіп, «Қызыл ат», «Шұғаның белгісі», «Құлагер», «Оянған өлке» «Ботакөз», «Сұлушаш» тәрізді жауһар әңгіме-повестер, романдар, «Өмір мектебі» тәрізді трилогия, «Абай жолындай» алып эпопеялар кіндік кесті. Әбділда Тәжібаев, Қасым Аманжолов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Жұбан Молдағалиев, Мұқаметжан Қаратаев, Қалтай Мұхамеджанов, Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова. Осы кеңестік дәуірде туған, небір маржан дүниелерді жазған, қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге көтеруге үлкен үлес қосқан асқар суреткерлерді, ұлы ақын, жазушы, драмашы, сыншыларды түгел тізіп, таныстырып талдап жату мүмкін де, міндетті де емес шығар. Сон­дықтан, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқанда, кеңестік дәуір қазақ әдебиетінің апатты, ажалды кезеңі болып қана қоймай, алыптыққа жеткен Алтын ғасыры да болды. Таң қаларлық, керағар құбылыс па? Парадокс пе? Иә, солай. Бірақ, қалай десек те, ақиқат осыған саяды. Осы ретте әсіресе, 1960 жылдар мен 1970 жылдардың тергені терең де жомарттықпен бергені көп, берекесі кемел, сондықтан мерекесі де кемшін, кедей емес. Әдебиетке тұтас, талантты толқындар келді. Алуан сымбатты, неше түрлі сипатты жаңалықтар енді. Шын мәніндегі коммунистік (сөзден үрікпеңіз, оның мағынасын бұрмалап, кір келтірген жалған коммунистер ғой) реализм дендеп, өнер үшін «ағымы төбе көрсетіп», өзге де тосын: мәселен тост емес постмодернизм нышандары байқалды. Мұның бәрін: әде­биетіміздің сол кездегі сынындағы бары мен жоғын, піскен шырыны мен у татыған кәмегін байқап, Дандайдың кең талдауларына, жаңадан тапқандарына басты шайқап отыруға мұрша аз болғандықтан типтік, басты типтік, бәлкім шын қызық та «шыжық», танымы мол, тәлімі зор бірер мысалдарға жүгінумен қанағаттанайық. Ақпандағы ақты алаламаған, қызылды әлі қараламаған, бар халыққа ортақ бағыттан қайтып, байға қылыш сілтеткен, жарлы-жақыбайларды төрге өрлеткен Қазан төңкерісі қазақты ақымақ қылуға, жартылай жетістіруге бет алған кезде алашшылдар, арыс Ахмет Байтұрсынұлылар қалайша қарап қалсын?! Мәселен, Ахаң 1922 жылғы 8 маусымда «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған, «Қалам қайраткерлерінің жайынан» атты мақаласында. Сондықтан да, «жалғыз қалам қайраткерлері емес, қазаққа жаны ашитын басқа азаматтар да қазақтың басқалардан көрген кемшілігін айтпай тұра алмайды. Қазақтың сөзін қаймықпай сөйлеу керек. Бауырмал десін, қазақшыл десін, ұлтшыл десін, бұған құлақ асып, ауыр алмасқа керек. Қазақ қасындағы жұрттардың қатарына жетіп, теңелуіне керекті ісімізді қолға алайық… Қазақ азаматтары мәдениет жігін жою жолындағы күшін, ісін сарп етуі керек. Басқалармен мәдениеті теңеліп, жармаса күнелтуге жеткен күні қазақты қасындағылар қаңсылатуды қояды, қазақ азаматтарының қазақ үшін айрықша қайғыруы, қан қызуы жоғалады, бауырмалдық сонда өзімен-өзі жоғалады. Бас өзгерді, бастық өзгерді, төбе өзгерді, төре өзгерді, басқасы әлі қарап тұр. Қазақ көрген қорлық пен зорлық көбеймесе, кеміген жоқ. Жеуге жеңіл тұрғанда жеу – табиғи іс. Қазақты бұрын жегендер әлі де зорлық қылып отыр. Қазақ мәдениеті орыстан әлі кем болған соң, жем болатыны сөзсіз. Қазақ жем болудан түбінде декрет қуатымен құтылмайды, мәдениет қуатымен құтылады» (54-55 беттер), – деп жазды, деп жазуға мәжбүр болды. Бұдан әрі ол сол уақыттағы өмір қалпын, тұрмыс жағдайын дәл анықтап, мұндай қоғамдық дертті жоюдың жолын да тамаша тап басады: «Кеңес үкіметі тарапынан қазақтың қазіргі күтетін көмегі – мәдениеті көтерілуіне қолдан келгенше жәрдемін аямау. Солай болған соң қазақ үкіметі құр декретті көбейте бермей, қазақтың мәдениетін күшейту жағына көбірек көз салып, көбірек күш жұмсау керек. Мәдениет күшейеді – өнер-білім күшімен, өнер-білім күшейеді – оқумен. Оқу ісі сабақтас әдебиетпен. Әдебиетсіз оқу, қуаттану жоқ; мәдениет қуаттанбай, қазақ қорлықтан, зорлықтан құтылу жоқ. Азаттық асылы – мәдениетте, мәдениет күшеюінің тетігі – оқу мен әдебиетте». Ал, айтыңызшы, бұл сөздерде не артық? Не орынсыз?! Осыған қарамастан, коммунист Ахаңның бұл оң сөздері, қызыл кеңес өкіметіне жақпады. Артынша оған саяси айып тағып, биліктегі партия мүшелігінен, Оқу халық комиссарлығы қызметінен босатты. Осылайша, «заман өзгеріп, соған байланысты көркем әдебиетке қойылар талаптар да өзгеріп жатқан кезде қазақ қаламгерлері арасына жік түсті: бірсыпырасы кеңестік идеология жағына шыға бастады. Қазақ кеңес әдебиетінің туын алғаш С. Сейфуллин көтеріп шық­ты. Заманның аңысын аңдып, оған тез бейімделген Сәкендер төңкеріс әкелген өзгерістерді шындығында да халықты бақытқа жеткізер жол деп түсінді…» (55-бет). Ары қарай, әрине, қызыл сұңқарлар – Сәкендер жеңді. Алаш тұлпарлары айдалып қана қоймай, атыла да бастады. Дау жоқ, бүгінгі егемендік кезеңіміз көзқарасынан келіп Сәбит Мұқанов, Ғаб­бас Тоғжановтарды айыптаудың қажеті шамалы. Ашығына көнсек, төрткүл әлем билігінің тізгінін қолдарында қысып ұстауды көздеген халықаралық күштер ықпалы да бар ма, халықтар тағдырымен ойнаған қызыл коммунистер билеген алып қағанатта орыс отаршылдығына қайтадан бағынып, қазаққа қызмет етудің басқа жолы қалған да жоқ еді. Сондықтан кімді айтсақ та, нені таразыласақ та тарихи-салыстырмалылық тұрғысынан келіп бағалап, әділдіктен ауытқымаған абзал.
Кеңестік дәуірдің қан-қасап кезеңі де өтті. Отызыншы жылдардағы оң өзгерістер де жетті. КСРО көлеміндегі халыққа большевиктік-фашистік сы­нақ, тәжірибе жасаушылар байларды, «халық жауларын» құртып біткен соң, «жер, ел – пролетариаттікі» деген сөздерін іске асырып, кілең кедейлердің жағ­дайын жақсартуға құмбыл кірісті. Үстем тап жоғалған соң, амал жоқ, жаусыз қалған мәдениет өрлеп өркендемей ме, әдебиет қауырт дамымай ма? Осыған орай, әдеби сын түзеліп, әдебиеттегі мін де түзеле бастады. Жоғарыда осы «Кеңестік дәуірдегі әдеби сын» бөлімін таразылауға кіріскенімізде, мұндай түрі – ұлттық, мазмұны – социалистік әде­бие­тіміздегі ірі табыстар мен сұлу ағыстардың шет жағасын таныстырып үлгергендіктен және бұлардың бәрі «Сын жанрының дамуы жолында» «Теориялық ізденістер», «Соғыстан кейінгі әдеби сын», «Жеңген социализм» тұсындағы әдеби сын, «Кемелденген социализм тұсындағы әдеби сын», «Қайта құрулар» кезеңі және әдеби сын» тарауларында қарымды да қанағаттанарлық қарастырылғандықтан, қайталап айтып жатпай-ақ қоялық. Десек те, Дандай Ысқақұлының осы кітаптағы жазудағы, яғни, қиын да қилы, осал да озық осы дәуірдегі әдеби сын кенін қазып, арзанын да ұмытпай, астарын ажыратып алудағы авторлық-ғалымдық, ақиқаттан аттамас сыншылық-танымдық төл өзгешеліктерін аңғартар екі-үш мысалды алға тарта кетсек артықтық етпейді. Оның біріншісі – мұның өзі ғалым үшін өте қажет, жазғанын шын ғылымға айналдыратын қасиет, сипат-нысанасын тұтас та түбегейлі, тиянақты қарастыру, қысқа да нұсқа жеткізе білу. Міне, осы айтқанымызға айшықты бір мысал: «Сын мен өзара сынның болуы – дамудың негізгі шарты. Сын жоқ жерде тоқырау болады. Әдебиетте де солай. Алпысыншы жылдары әдебиетті дамыту үшін алдымен оның сынына жағдай жасау керектігін көтерген М.Қаратаевтың «Әдебиет сынының дәрежесі жоғары болсын» («Жұлдыз», 1960, № 1), «Сын міндеті ортақ» («Жұлдыз», 1966, № 7), «Сынның аты сын» («Жұлдыз», 1971, №7), А.Шамкеновтің «Жан серігің болса сын» («Қазақ әдебиеті», 25.08.1961), А.Мархабаевтың «Сын шыншыл болсын» («Қазақ әдебиеті», 15.04.1960), Х.Әдібаевтың «Сыншының про­фессионалдық шеберлігі туралы» («Жұлдыз», 1961, №7), «Сын туралы сырласу» («Қазақ әдебиеті», 7.07.1967), Ө.Қанахиннің «Шындық және сыншы» («Жұлдыз», 1962. №4), Н.Ғабдуллиннің «Өрелі сынның өрісі кең» («Қазақ әдебиеті», 11.10.1963), З.Серікқалиевтің «Сын және жауапкершілік» («Жұлдыз», 1963. №4), О.Сәрсенбаевтың «Сын түзелмей, мін түзелмейді» («Жұлдыз», 1963. №4), Т.Кәкішевтің «Сын тұғыры биік болсын» («Қазақ әдебиеті», 18.02.1966), Р.Тоқтаровтың «Проза сыны» («Қазақ әдебиеті», 09.12.1966), С. Досановтың «Сын туралы бірер сөз» («Жұлдыз», 1966. №4), Т.Нұртазиннің «Сын жайында сөз болса…» («Жұлдыз», 1968, №7), Ф. Оразаевтың «Сыншы этикасы және сын эстетикасы» («Қазақ әдебиеті», 24.05.1969), Р.Бердібаевтың «Жауынгер жанр» («Қазақ әдебиеті», 7.06.1969), А.Нағыметовтың «Сын туралы сөз» («Қазақ әдебиеті», 7.06.1963), Ғ.Қабышевтің «Әдеби сын жайында сырласайық» («Қазақ әдебиеті», 15.05.1970), З.Ахметовтің «Сын өрісі – тел өсу» («Қазақ әдебиеті», 30.07.1971), Ә. Сәрсенбаевтың «Сын – тәрбие мектебі» («Қазақ әдебиеті», 6.08.1971), Т.Әлімқұловтың «Сын – әдебиет төрешісі» («Қазақ әдебиеті», 3.09.1971), т.б. мақалалары жарияланды. Әдеби сынның көш бастаушысы М.Қаратаев бастаған әдебиетшілер көркемдік процестің қара қазанын қыздыра түсті, әдеби дамудың алдында тұрған шығармашылық мәселелерді шешуде белсенділік танытты.
Сыншылармен бірге ақын-жазу­шылар да әдеби сынға жиі араласып, әдеби өмірде болып жатқан елеулі оқи­ғалармен бірге сыннан не күтетінін де айтып жатты. А.Шамкенов: «Сын жазу­шының жігерін құм қылмай, ойын жарқыратып, бойын сергітіп, шабытқа мінгізіп, арман теңізінің өріне қарай сүйреуі тиіс» («Қазақ әдебиеті», 25.08.1961), – деп жазды. Ө.Қанахин: «Әдебиет сынында пікір айтудан гөрі үкім айту басым… Сын мақалалардың бәрі заказбен жазылатын болғандықтан оқушы пікірімен санасу деген бізде жоқтың қасы» («Жұлдыз», 1962, №4, 38-бет), – деп ащы шындықтың бетін ашты» (290-бет). Кітаптағы осы екі қайырым тізім, таныстыру, талдау ары қарай да қысқа да нұсқа жалғасатындықтан осымен-ақ тоқтайық. Байқадыңыз ба, қанша есім, қаншама еңбек қамтылған. Мен осы кісілердің бәрін дерлік көріп, біліп едім. Көбімен жақсы таныс болып, сөйлесіп едім. Сын сардары Мұхаң алғашқы сын кітабым «Қызыл алмама» сәт сапар тілесе, басқаларының да жан шапағатын, әріптестік әсерін көріп-сезіп, араласып, қанаттасып өстік қой. Бү­гінде түгелге жуық арамызда жоқ. Қан­дай кісілер еді, қандай ақын-жазушы, ғалым-сыншылар еді десеңізші. Дандай Ыс­қақұлының осы кітабы елеп-ескермесе, бүгінгі көбіміз өлмейтіндей, аталған қай­ран ағаларымызды, елдің жағаларын ұмыта бастадық та ғой. Өз ағаларын ағаламаған өзгелер елін жағалайтынын ескерсек, Дандайдың мына кітабы осы жағынан да құнды, көркем, өте керек деп білеміз. Оның осы кітапта мыңдаған есімдерді атап, ең кемі он мыңдаған еңбектерді оқып-тоқып, арзандарын да, артық кеткен жерлерін де аттап кетпей, саясатын да, сипатын да тексеріп, асылдары мен жасылдарын да танып, шоғын жандырып, маржандарын жеткізуі – ұлан еңбек десек, ерлік еңбекке де баласақ, асыра айтамыз ба?! Тіпті басқасын қойып, өзімнің жадымнан да шыға бастаған, жас сыншы Бақыт Сарбалаұлының 1977-жылдың әдеби қорытындыларын саралаған «Он екі ай өрнектері» деген мақалам туралы мағыналы саралауды мен осы кітаптан таптым. Мұнда мені мақтау жоқ, бірақ сол әдеби жылдың жанды жұмысы, лүп-лүп еткен тынысы таныстырылғандықтан алға тарта кетсек, біраз таным, әдебиет тарихы, әдеби сын жарығына тап боласыз. «Мақала «Жүректердегі жиналыс», «Жыл жемісі», «Талқылау түйіндері» аталған үш бөлімнен тұрады. Бұлайша құру автордың жиыннан жай ғана есепті материал жазу емес, оның нақтылы қорытындысы не болды, әдебиетке, оқырманға не берді деген сауалдарға жауап іздеуінен туындаған…» (315-бет). Дандай Ысқақұлы байыптауларына ден қойсақ, жас сыншы кейіпкері осы сауалдарға жақсы жауап та тапқан. «Жарыссөзде сөйлегендердің де аты-жөнін атап, не айтқанын бір-ақ сөйлеммен аңғартқан.
«Шөмішбай Сариев: «Жастар қазақ поэзиясы антологиясына неге енбеді?».
Рымғали Нұрғалиев: «Бүгінгі жиыннан туған кейбір ойлар».
Шона Смаханұлы: «Сықақ – өгей бала емес».
Амантай Сатаев: «Деректі прозаны да ескерейік».
Тоқаш Бердияров: «Мықты өлең жазайық».
Есләм Зікібаев: «Жалын» ашқан жас ақындар».
Мұзафар Әлімбаев: «Басты мұрат тенденцияны табу болсын». Ендеше, он кітаптың орнына жүрер осы шоң кітаптың соңғы «ХХІ ғасыр басындағы қазақ әдеби сыны» жай-күйін білу үшін, әсіресе, бүгінгі әдебиетіміздің болашағы бар-жоғын бай­қап, байыптауға келгенде, сыншы Бақыт Сарбалаұлынан гөрі әдеби қауым, оқырмандар өздері оқып-танып жатса жеміс игі де әсерлі, ортақ жеңіс нақтылы да нұрлы бола түсер еді. Осы қысқа да нұсқа берілген сөйлемдерден әдеби жыл қорытындысына арналған жиыннан, негізінен, хабардар боласыз…» (316-бет).
Кітаптың «Тәуелсіздік тұсындағы әдеби сын» бөлімі де – өз алдына әлем, ағып жатқан бір арна. Бұл кезеңдегі әдеби сынымыздың сипаты мен сымбаты өзгеше екендігі, басқа кигізілген ноқта – коммунистік жүйені қолдауға, қорғауға бағытталған көркемдік ұстаным-әдістен – социалистік реализмнен босанып шығу ақын-жазушыларымызға, драмашылар мен сыншыларға еркіндік бергені күмәнсіз. Күмән – осы кезеңде өрлеуге, көшбасшылықты бермеуге тиіс қаламгерлеріміздің өз міндетін қаншалықты орындағаны. Еркіндікті есерлікке ұштастырып жіберу субъективизмге, рухани сорақылыққа соқ­тырса биліктің жан байлығынан гөрі тән құлқынына толық тізгін бергені, қорқаулығы, адамнан гөрі ақшаны идеал етіп, мәдениет пен әдебиетті дамытуға құ­лықсыздығы, тіпті, одан қорқуы алға бас­қан аяғымызды кері кетірген факторлар дей аламыз. Бұл саладағы мемлекеттік идеология, елдік бағдар жоқтығы Батыс­тан енген «басқыншылық» жаһандануға кең жол ашып, адамгершілік тұрғысынан азғындауға тәуелсіздік бергендей. Нақ осы себептен де «көркемдік танудың ұлттық, батыстық жолының қайсысына түсерін білмеген әдеби сын да дағдарған күй кешті, әдеби өмірдегі өзінің негізгі көшбасшылық рөлінен айрыла бастады. Әдебиетпен бірге оның сынында да тоқыраушылық басталды. Десек те, сын әлсірегенмен, ол жоғалып кеткен жоқ…» (462-бет). Ал, кейінгі уақытта әдеби сынымыздың жанданып, өмірдегі өз орнын қайта таба бастағаны қуантады. Бірақ ол бәрібір туған сөз өнеріміздің проза, поэзия салалары сияқты өз бетімен өсіп-жетіліп, қайтадан шуақтанып, қуаттанып кетпеді. Бұл жанрдың айрықша қиындығы да, онымен шұғылданудың ауырлығы да, артықшылығы да осында. Әрине, әуелі әдебиет түрі, өнердің бір сарасы. Ол – екін­шіден, ғылыммен, әсіресе әдебиет­танумен егіз жанр, дұрысын айтқанда, ол – әдебиеттанудың алдында жүрер ағасы, жағасы. Үшіншіден, ол журна­листиканың жауынгер, жауапкершілігі жоғары саласы. Төртіншіден, ол – этиканың да, эстетиканың да бір бауыр-ағайыны. Бұлар аз болғандай, ол – дәрменді идеологиялық құрал, ұлт рухының қуатты қайнар көзі. Осындай сипат-сымбаттарды иеленгендіктен де әлі әдеби сынның не екендігі жөнінде де бір ізділік жоқ болса, амал нешік, оның көркем де күрделі шын болмыс-бітімі нақ осындай. Нақ осы себептен де ол – өте қызық. Қиын. Арда. Аса қажет. Қазыналы. Шынайы, жазылса, көркем, сұлу. Нағыз өнер тану амалы ғана емес, әділдіктің қамалы. Өміртану оқулығы.
Жақсы жазушы ғана емес, саңлақ сын­шы Таласбек Әсемқұлов «Алтын Орда» (10-16. 11.2006) газетіне берген сұхбатында орыстың ұлы ақыны деп жүрген А.С.Пушкин хақында өзгешелеу пікір айтыпты: «Пушкиннің поэзиясы сол өз заманында-ақ ескіріп қалған… Орыстың надан қауымы ортасында азғантай талантымен, азғантай білімімен жарқырап отырған Пушкинге ұнаған сияқты. «Пушкиннің пейзажы» деген – тұтастай миф. Пушкиннің өлеңдерінде пейзаж жоқ. Әншейін ландшафтың түрлі суреттері бар… Пушкинді гений қылған – зерттеушілер. Орыс империясына ұлттық гений керек болды… Міне, осылайша орташа ғана ақын әлемде теңдесі жоқ ақынға айналды… Мәдениеті төмен, дамымаған халық қана Пушкиннің аталмыш шығармаларын шедевр деп бағалар еді…» (556-бет). Көрдіңіз бе, қарағайға қарсы біткен бұтақтай оқшау, озық пікір. Өз басым жаны бар, елең еткізер пікір екенін аңдасам да, орыс тілін терең де бар құнарымен түсінбейтіндіктен оған төрелік айта алмаймын. «Талғамға таласуға болмайтындығы» (Дандай Ысқақұлы) өз алдына, мұндай еркіндік тек әдеби сынға жарасады. Оның жүрек сезімімен жаралып, әдебиеттану ғылымынан озып кететін тұсы да осында.
Біздің әдеби-көркем сынды өміртану оқулығы да дейтін себебіміз – ол нақты өмірдің көркі мен көлеңкесі, сәулесі мен айнасы болып отырған әдебиеттің шырайы мен шынайылығын, сыры мен сұлулығын аша отырып, авторы – ақын-жазушыға, драмашы-сықақшыға ұстаз болып қана қоймай, сол әдебиет арналған алашқа да таным-тағылым беріп, талғам мен талапшылдық сыйлап, мұғалімдік жасайтыны. Айтары – «Ел мен жер үшін Абылай ханша айқас», «Алашыңды Абайша сүй». Аңғартары – «Баян сұлуша ғашық бол» («Қозы Көрпеш-Баян сұлу»), «Еламанша өмір сүр» («Қан мен тер»), «Бала Көктембайша өсіп-жетіл» («Қош бол, ата»). Түйіп айтқанда, «Тоқсаныншы жылдардың басында Ресей империясының шаңырағы қирап, ортасына түсті. Үш ғасырға жуық орыс отаршылдарының боданында болған қазақ халқы тәуелсіздігін алып, азаттықтың ақ жолына түсті. Қазақ әдебиеті өзін ғасырлар бойы тұмшалап, қыспақта ұстап келген социалистік реа­лизмнің, отаршылдықтың тар қамауы­нан шығып, ұлттық құндылықтар дәс­түрінде дамуға қайта оралды. Рухани өмірде қазақ халқының ғасырлар бойы жасаған фольклорлық, әдеби мұрасын ұлттық мүдде тұрғысынан қайта бағалау басталды. Осы бір аса маңызды мәселе әдеби сынның мойнына жүктелді» (566-бет). Ол осы міндетті қалай атқарды? Бұл – тәуелсіздікке жетуімізге байланысты жаңадан әдеби сын иығына артылған бір ғана үлкен міндет. Ал, бұған дейін ұзын тарих бойында әдеби сынымыз лайықты атқарып, абыройлы орындаған міндеттер қаншама?!
Ғалым Дандай Ысқақұлы соның барлығын басынан бастап мұқият қарастырып, 40 жыл бойы зерделілікпен қадағалап, саралады; өзіндік өркен ерекшеліктерін 40 жыл бойы даралады. Қысқасы, Дандай Ысқақұлы аталмыш басты кітабында төл әдеби сынымыздың осы екі мың жылдық тарихын: әдеби таным, талғам, талап болып дүниеге келіп, қалыптасып, үнемі ілгері анық басып, туған сөз өнерімізбен бірге тар жол-тайғақ кешулі даму бел-белестерін түгел қамтып, терең ұққанда, оның тас та тесіп, бас та кескен, гүл де егіп, жас та төккен, бақытқа батып, азап та шеккен, неше қилы дәттер мен талайлы сәттерді өткерген ұлан да ұлы шежіресін жанқиярлықпен жинақтап, шынайы кестелеп, шебер бедерлеп шыққан. Біз, сонымен, шығармасы – таным шынайы ғалымның негізгі қыры мен ең жомарт жыры – басты шығармасын ғана тілге тиек етіп, хал-қадарымызша бай қазынасын ақтардық. Осы «Қазақ әдеби сынының» қадау-қадау бел-белестерін барлап, түгел аралап, табысты тапқан-таянғанымыздың төрт-бес сағасын, бас, орта, шет жағасын назарларыңызға ұсындық. Ал, дара Дандай Ысқақұлының қалған ғалымдық еңбектері, тамшылатып тер төккен бейнеттері мен зейнеттері, жастарға жемісті ұстаздық еткен жылдары ше? Бұларға да тоқталып, сөз сабақтасақ, таныстырсақ, Дәкеңнің қаламгерлік жаңа қырлары, қарымды жазушы ретінде, қоғам қайраткері ретінде ортаға салған, ұлтқа қорған соғар, жүзеге асырсақ – орындалған арман болар өзекті де өрелі сырлары жеткілікті. Сондықтан оларға салмағына сай кезек тисе, біз «таланттылық сіңлісі – салмағына сай қысқа ықшам жазудан» (А.П.Чехов) қол үзіп, көсілдірмес қысқа шолудан айрылып қаламыз. Сондықтан бұл ретте де осы тәсілімізден танбай, тек атап-нұсқап қана өтуді жөн көрдік. Осы тұрғыда, оның кейінгі жылдардағы көсемсөздік кітабы «Мәңгілік майдан, немесе тілдер тоғысындағы түркі әлемі» алдымен, еске түседі. Тәуелсіздік алдық, орыс отаршылдығынан құтылдық. Бірақ басқа бір бодандық құрығына өз еркімізбен бас сұққан жоқпыз ба? Нақ солай. Ол – сырттай қарағанда, озық, орасан Батыс мәдениетінен үйрену, іштей саралағанда, жер жүзілік жойқын жаһандану ықпалына бағынып, жаңа құлдық – тобырлық күйге ену. Бұл – жер бетінде жаппай жеңіске жету жоспарланған бейбіт соғыс, сондықтан да миллиардтаған доллар бөлінген, қулығы «қатты», сұмдығы «тәтті» ақпараттық буыныңа бірте-бірте түсер, қақпанына түссең, құтылу өте қиын соғыс. Маған Дандайдың осы кітабын оқып отырғанда, Қадыр Мырза Әлінің 1960 жылдардың ортасында жазылып, қоғамды дүр сілкіндірген тентек өлеңі жадымда жаңғырды:
«Бейбіт күннің өзі – соғыс мылтықсыз,
Онда да жұрт жатады атып мүлтіксіз».
Иә, бұл –шынында да басы бейбіт, ортасы опат, байқұт, ал соңы «Ей, жұт», «Қазақты құрт» соғыс, іс жүзінде ақ пен қараның, жақсылық пен жамандықтың, адамгершілік пен азғындықтың бірі жеңіп, екіншісі жоғалар мәңгілік майданы. Ау, ағайын, алаш азаматтары, мына майданда жеңіліп, жер бетінен қазақ ұлты ретінде құрып кетіп жүрмейік. Жеңіліп қалмау үшін – Дандай Ысқақұлының аталмыш кітабын сәл ғана оқыңызшы.
Дандай Ысқақұлының міндетті түрде ескерілуге тиісті тағы бір, ерекше кітабы – 2013 жылы «Қазақ энциклопедиясы» баспасынан жарық көрген «Қазақ әдебиеттанушылары» атты көлемді, кенеулі еңбегі. Негізінен қысқа да нұсқа өмірбаяндық деректер, ғылыми еңбектер тізімі қамтылған анықтамалық. Соған қарамастан, мұндағы әдебиет­танушылар туралы ықшам мақалалар ғылыми шығармашылық очеркке (творчестволық портретке) жақын жұмыстар болып бітім тапқан. Тек бір әттеген-айы – негізгі өлшем ғалымдардың ғылыми докторлығын иеленуі болып, талант деңгейі әдебиеттануға қосқан үлесі болмағаны өкінішті. Тек Ахмет Байтұрсынұлы сияқты алаш арыстарына, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафиндерге берілген «жеңілдік» Сейділдә Ордалиев, Зейнолла Серікқалиев сияқты ғалымдарға да ортақ болғанда ғой деп ойладық. Әрине, филология ғылымдарының кандидаты, қазіргі күні өте көп те шығар; әсіресе, кейінгі кездері кандидаттық қорғағандардың денін «ит біле ме» деуге де болар. Ал, осы кітапқа енген базбір ғылым докторларын өз басымыз шырамыта алмағанымызды да айта кетейік. Осы жақсы кітаптың жарық көруі «Қазақ әдебиетінің сыншылары» деген энциклопедиялық анықтамалық та шығарылса деген ойды да туындатты. Дандай Ысқақұлының қазақ әдебиеттанушылары қатарына орыс Николай Анастасьев пен Қытай Жуңшияң Хуанды қосуы да дұрыс болған. Өйткені, олар – бір қазақтан кем емес, талай орыс пен жуңголар тең емес, шығармасы – таным, шынайы ғалымдар.
Дандайдың, Алла Тағала берген, өз басы да қалап-қадағалап алған болмыс-бітімінің күретамыр тін-діңдері: ғылымға адалдығы, ақырын жүріп анық басатыны, таңдап алған тақырыбын терең игермей, қазынасын толық таппай тынбайтын дарындылығы, жемісін далаға кетірмейтін, еліне бұйыртып келе жатқан еңбекқорлығы, асып-таспайтын, саспайтын, батпақ жаққа қадам баспайтын қарапайымдылығы десек, оның осы қабілет-қасиеттері жеке басы мінез-құлқына да тән екендігін, от басы-ошақ қасына да ынтымақ-ырыс бұйыртқанын да айта кетуіміз керек. Жұбайы Ұлман Досайқызы ұзақ жылдар бойы халық ағарту саласында жемісті еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі ұстаз, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі болса, ұлы Абзал Дандайұлы, қызы Айнұр Дандайқызы – жоғары білімді мамандар, еліміздің ертеңі үшін еселі еңбек етіп жүрген азамат-арулар.
Біз ғұлама ғалым, ардақты Азамат, қарымды қаламгер, ұлағатты ұстаз, қай­раткер Дандай Ысқақұлының бас­ты шығармасының ажары мен базарын байыптап, өмірбаяндық, адамдық, шығар­машылық кескін-келбетін ықшам да ыңғайлы қарастырған мақаламызға осымен нүкте қоюды жөн көрдік.

Алдыңғы «
Келесі »