В.А.Моцарттың концерттерін альт-қобыз аспабында орындау мәселесі

  • 02.06.2017
  • 613 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Жігер НЫСАНОВ,
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық
консерваториясы, «Халық музыкасы» факультеті, «Қобыз және баян»
кафедрасының «Дәстүрлі музыка өнері» мамандығы бойынша 4-курс студенті

В.А.Моцарт шығармашылығы – әлем музыкасы тарихының жарқын беттерінің бірі болып саналады. Ол тудырған фортепиано мен скрипкаға арналған концерттерге деген халықтың қалтқысыз махаббаты, тұлғасының жаппай танымалдылығы – оның әлем­нің музыкалық мәдениетінің тарихында өшпес із қалдырған нағыз «музыка данышпаны» екендігінің анық айғағы. Моцарт бойынан әрдайым табылған – кемеңгер композиторлық, кемел орындаушылық, табиғат тілін түсінушілік – осы үш қасиеттің үйлесімі кәсіби әлем музыкантының бесаспаптығын дәлелдейді. Ол – шығармашылық болмысының ерекше еркіндігі мен өзгешелігі жалпылық шеңберіне сыймайтын жалқы дүниенің перзенті болды.
Дәстүрлі дүниетанымнан әлемге деген жалпы көзқарастың тұтастығы, белгілі бір обьективизм туындайды. Моцарт орындауындағы үздік шығармалардың әуезі өміршең, толыққанды, тылсым сырымен баурайды. Дүниенің баяндылығын жырлайтын, әлемнің аманшылығын аңсаған, сұлулыққа деген сенімді ұран еткен оның музыкасы альт-қобыз аспабындағы орындаушылық шеберлікті шыңдап, аспап тілін қазіргі заман биігіне көтеруге бастайтын сара жол десек – еш қателеспегеніміз.
Вольфганг Амадей Моцарт – Бетховен, Гайдн секілді ұлы композиторлармен қатар, Вена классикалық музыка мектебінің ірі өкілі, музыкадағы классикалық стильдің негізін қалаушылардың бірі. Ол симфонизмді музыкалық ойлау жүйесінің биік сатысы ретінде қарастырады. Музыка тілінің классикалық нормаларының жетілген жемісі, классикалық ас­пап­тық жанрлардың түйінді системасы деп таниды (симфония, соната, концерт, квартет). Композитор музыка өнерінің классикалық дәстүрін қа­лыптастырумен қатар, жанрларды жіктеу мәселесінде, музыка тілі мен музыка формаларын талдау мәселесінде жарқын жаңашылдығын паш етті. XVIII ғасырдың музыкалық мәдениетінде аспаптық концерт жанры үлкен сұранысқа ие болғандығын бәріміз білеміз. 1782 ж. әкесіне жазған хатында Моцарт концерт жанры туралы былай тұжырымдайды: «Концерт – өте қиын мен өте жеңілдің алтын ортасы; ол керемет жанр, құлаққа жағымды, әрине, бос кеңістікке мүлдем сіңіп кетпегенімен: музыка қадірін білуші баға жетпес ләззатқа бөленбек, музыка қадірін білмейтіндер де дәл сондай керемет киелі күйге бөленеді, алайда олар бұл ләззатты сезімдерінің себебін тілмен түсіндіріп бере алмайды…». Және бұл туралы сол дәуірдің музыка сыншысы Фридрих Рохлиц та қызық қорытады: «Концерт — сыпайы, жайдары ілтипатты лебізді көрсетудегі музыканың асқар шыңы (im Zartern)». Аспаптық концерт жанрының пайда болуының негізінде солист пен оркестрлік ұжым арасындағы (tutti) жарысу, сайысу ұстанымдары жатыр: олар өзара музыкалық диалогқа, айтысқа түскендей әсер қалдырады. Бұндай диалог ұстанымдары XVII ғасырда Италияда өрістеген. Кейін, концерттік жеке өнер көрсетулердің ыспалы және үрмелі аспаптарға арналған түрлері қарыштап дамыған. Уақыт өте келе, бұлардың қатарына клавир келіп қосылды (чембало, клавесин) — қазіргі заманауи фортепиано аспабының ең алғашқы, бастапқы түбірлік үлгісі. Фортепианолық концерттің даму эволюциясына Иоганна Себастьян Бахтың екі бірдей ұлы елеулі еңбек сіңірген. Біріншісі – Филиппа Эммануэл (тұрғылықты мекеніне қатысты «берлиндік» немесе «гамбургтік» атанған). Ол концерттік музыканың оркестрлік өңдеу негізіне, драмалық шиеленісінің өршуіне көп көңіл бөлген. Екіншісі – Иоганна Христиана («миландық» немесе «лондондық»). Ол болса, концерттік музыканы орындау техникасының асқан машықтануына, әдемі әуезділігіне аса ден қойған.
В.А.Моцарт өзіне дейінгі музыка майталмандарының ізденістерін синтездеп, өз шығармашылығында концерт жанрының классикалық керемет асқақ кемеңгерлік үлгісін көрсетті. Концерттік диалогқа түсетін tutti и solo арасындағы ұстанымдар мен ұстындарын ұғынықты етіп ажыратып, түсіндіріп берді. Оның бұл ұстанымы оркестр мен солист арасындағы детальдандырылған пар­тиялық қарым-қатынастарды ашып көрсетуге негізделген. Бұл ұстаным дауыстап айтысу жолымен жүзеге асып отырған. Яғни, тембрлік және регистрлік деп бөлінген. Көбінесе сұрақ-жауаптық құрылым кеңінен қолданылған. (бастапқы тезисті оркестр баяндайды, оған солист жауап береді). Моцарт, сонымен қатар, концерттің тақырыптық аясын да кеңей­туге көп үлес қосты. Сол дәуірдегі заманауи француз скрипкалық мектебінің жетістіктерін фортепианоға арналған концерт тәжірибесімен сабақтастырды, байланыстырып, дамытты. Солист мелодикалық партиясының үздіксіз «өрнектеле» өрістеуін, романстың интонациялық қонымдылығын (орта бөлігінде), финалдың әзілқой ойнақылын тиімді пайдалана білді. Импровизациялық бастаудың маңыздылығын арттырып, күшейтті. Әр түрлі импровизациялық моменттердің орын алатындығы бөлімдердің ауысуында, негізгі өрбу линиясынан жиі ауытқуларда, модуляциялық «бұрылыстардың» кенеттілігінде, солисттің кіріспедегі тақырыптық шал­қуларында байқалады («Eingange» деп аталады). В.А.Моцарттың мело­дикалық кең тыныстылығы тақырыптар тудырудағы шеберлігінен анық аңғарылады. Оның замандасы, композитор Диттерсдорфтың: «Ол тыңдарманның тыныс алуына мүлде мүмкіндік бермейді; сұлу музыкалық ойды енді сезіне бергенде, алғашқы көңіл-күйді кейін ысырып, басып оза байқалатын жаңа бір тың тақырып туындайды» деп айтуы тегін емес. Бұл бастама солисттің виртуозды каденцияларында кеңінен көрініс табады. Бірінші бөлімнің реприза соңында оған басты орын беріледі, tutti-дің қарынды өрлеуінен кейін, орындаушы тоникалық квартсекстаккордта тоқтап барып, бірінші бөлімнің «тақырыптық резюмесін» түсіндіріп беруге тиіс болды.
В.А.Моцарт екінші экспозицияда көптеген тапқырлықтар мен еркіндіктер танытады. Алдыңғы оркестр баяндаған тақырыптарға ол жаңа тақырыптар қосып өрбітеді. Ол мұны, әсіресе, қосымша партияда үдете түседі, tutti-де естілген тақырыптарға қарағанда, әлдеқайда әуездірек тақырыптарды тудырады. Кейде, тіпті, солист партиясында басты тақырыптың өзі де қолданылмайтын жағдайлар ұшы­расады. Бірінші экспозицияның тақырыптық топтамаларының бар­лығын В.А.Моцарт бір ғана негізгі тональносте бергенді жөн санайды. Екінші экспо­зициямен салыстырғандағы жаңа тақырыптарға В.А.Моцарт репризаны да қосады; оның есесіне өзінің кейінгі үш бірдей концерттерінде солит каденциясынан соң, коданы ұлғайтып қана қоймай, бұнда қатысуға пианистті шақырады. Моцарттық үлгіні кейін Гуммель, Калькбреннер, Мошелес, Вебер, Фильд, Шопен одан әрі дамытып, өркендетті. Концерттің бірінші бөліміндегі формалық құрылымының ерекшеліктеріне тоқталып өтсек:
1. Бірінші бөлім әлдеқайда дамыған күйде таныстырылады, әдетте сонаттық allegro формасында жазылады;
2. Сонаттық allegro, өзінің кәдуілгі кейпінде үш негізгі бөліктен тұрады: экспозиция, дайындық (әзірлік), реприза. Экспозицияда allegro-ның негізгі образдары бой көрсетеді, драматургиялық желінің басталуы жүзеге асады. Бұл бөлімде, әдеттегідей, екі контрасттық тақырыптар қарастырылады: басты (негізгі) партия (батыл, екпінді, қайратты және жігерлі) және қосалқы-жанама партия (лирикалық һәм әуезді). Өңдеу барысында негізгі образдар дамуға ұласады. Бұл allegro-ның біршама динамикалық бөлігі болып есептеледі. Реприза экспозицияны қайталайды, алайда алдыңғыдай немесе басқалай өзгерістер арқылы дамиды. Бұған қоса allegro-да кіріспе мен кода орын алулары мүмкін. Ол кейде негізгі музыкалық тақырыптардың тақырыптық элементтерінен құралады, кейде индивидуальді жеке-дара тақырыпқа ие болуы ықтимал;
3. Концерттік allegro-да осындай классикалық форма сақталады, дегенмен анда-санда кейбір характерлік өзгерістерге ұшырап отырады. Әуелі екі түрлі экспозиция туралы айтып өтпекпіз: Концертных allegro-да бірінші экспозиция солисттің қатысуынсыз оркестрмен сүйемелденіп, орындалады. Солист екінші экспозицияда ғана бой көрсетіп, танылады. Бірінші экспозицияның музыкалық ойларының баяндамасы екінші экспозицияға қарағанда өзгеше болып келеді. Әдетте, мұнда негізгі тақырыптар қысқа әрі жинақы туындайды. Көбінесе барлық тақырыптар түгел қамтылмай естіліп жататын кездері көрініс береді. Композитор өзінің музыкалық образдарының «бар қаймағын», «бар асыл қуатын» жеке аспап үшін сақтап тұрғандай байқалады;
4. Кейбір концерттерде басты тақы­рыптың туындауына интродукция әсерін тигізеді. Концерттік интродукцияың ерекшелігі – жеке-дара аспаптың маңыздылығында. Композитор тыңдарманын аспап өнерінің және солист өнерінің бай виртуозды мүмкіншіліктерімен, кеңтынысты кәсіби қарымдылығымен таныстырып тұрғандай;
5. Концерт жанрының аса көр­некті спецификалық ерекшелігі – каден­ция. Каденция – оркестрдің қаты­суынсыз солист жеке-дара орындайтын концерттің аса бір үлкен, аса бір қо­мақты бөлігі. Алғашқы кезеңдерде каденция шығармасын солисттің өзіне жазу жүктеліп, тапсырылатын. Бұл әдетте шығарма стилінің тұтастығын, бірлігін бұзып тұратын. Сондықтан, Классицизм дәуірінде композиторлар өз концерттеріне каденцияларды өздері жазуға бел буды. Каденция өз алдына салыстырмалы түрде виртуоздық характердегі аса ауқымды бөлік болып табылады (импровизациялық типтегі allegro тақырыбынан туындаған еркін, шалқыма-фантазия іспетті десек те болады). Ол көп жағдайда реприза алдында немесе кода алдында орналасатын болған. Каденциядан басқа концерттерде кішігірім виртуоздық характердегі каденциялық бөліктер де кездесіп жатады. Олар концерттің негізгі музыкалық образдарымен еш байланыспайды, өзгеше тың тақырыпты алға тартады.
В.А.Моцарттың әрбір концерті өзін­дік образдық сфераға, эмоциональді бояу-өрнекке ие. Бір концерттерінде ол монументальді-мерекелік бастауды, көтеріңкі көңіл-күйді ұстанса, енді бір концерттерінде – жұмсақ та нәзік лирикалық әуезділікті құп көреді. Бірде жанрлылық бой көрсетсе, бірде әзілқойлық, ойнақылық бой көрсетеді.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев жуырда ғана өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» [1] атты мақаласында: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» [1] деп атап өткеніндей, бүгінде ұлттық сана-сезімнің өркендеу кезеңінде альт-қобыз аспабындағы орындаушылық өнері музыкалық мәдениеттің маңызды бөлігі ретінде қарастырылады. Ол әртүрлі салада өзінің белсенділігін танытып, пайдаланылу аясын кеңейтіп, аспаптық функционалдылығын арттырып келеді. Жеке орындаушылық өнерде де, ансамбльдік өнерде де, симфония және эстрадада да, оркестр мен кино, театр салаларында да альт-қобыз аспабының қатынасымдылығы артып, үлкен сұранысқа ие бола алатындығын дәлелдеп келеді. Заманауи мәдени процес­пен бірге жасасып, жаһандану дәуіріндегі жалпы мәдени төңкерісте өзінің маңызды орнын нық белгілеген альт-қобыз аспабы қазіргі таңда көптеген өнертанушылардың қызығушылықтарын тудырып отырғаны рас. Эпикалық мазмұндылыққа ие қобыз аспабынан тамыр тартатын альт-қобыз аспабының жаңа дәуірдегі мәдени миссиясы айқын, болашағы жарқын. Ежелгі дәуірлерден келе жатқан қобыз аспабының жетіліп-жаңарған түрі альт-қобыз аспабы қазіргі кезеңде де қазақ халқының рухани-эстетикалық сұраныстарын қанағаттандырып, ұлттық дүниетанымның даралануына қалтқысыз қызмет етіп келеді.
Қобыз өнері дәстүрі әлемдік музыкалық мәдениеттің ең көне қабат­тарының біріне жатады. Қобыз аспабының барлық дәуірлерден өтіп, аман-есен аманатталып, жерге көмілмей, жасампаздықпен жаң­ғы­руының өзі оның киелілігін тағы бір паш ете түскендей. Қорқыт пен Ықылас дәуірлерінен келе жатқан қобыз аспабының тарихи тұрғыда түрленуін көзіміз көріп отыр. Бұл аспап бағзыдағы халықтың барлық ой-армандарын өне бойына сіңіріп, ұлттық дүниетанымның ұлылығын ұлықтап, мәңгіліктің мәнін ой елегімізден өткізуімізге қашан да себепкер, ұлағатты ұйытқы болып келеді. Қобыздың жетілген жаңа үлгісі – альт-қобыз аспабы.
Альт-қобыз аспабында ойналатын көркем туындылар елімізде ғана емес, әлемдік ареналарда да өнерді бағалар ортаны бей-жай қалдырып көрген емес. Альт-қобыз аспабы – қобыз аспабының оркестрлік негізде жетілген жаңа түрі болып табылады. Ондағы орындалатын шығармалар да ерекше құбылыс ретінде бағаланып, музыкалық элита арасы мен баспасөз беттерінде қызу пікір-таластарға арқау болып келеді. Бұдан бұрын Моцарт шығармашылығы Г.Аберт [2], Г.Чичерин [3], Б.Штейнпресс [4], А.Эйнштейн [5] секілді ғалымдардың мақала-зерттеулеріне арқау болған. Қазіргі таңда қазақ музыкатанушылары Моцарт шығармаларын альт-қобыз аспабына бейімдеп орындау мәселелерін жан-жақты зерделеуге тырысып жүр. Оның негізгі себебі, альт-қобыз аспабынан құйылып-төгілетін әуеннің, көркемдік әлемнің бір типті, бір ізді ғылыми таным шеңберіне сия бермейтіндігінде болса керек. Әсіресе, аспаптық өнердегі бұл даралық сипат альт-қобыз аспабында орындалатын шығармаларда айрықша көзге түседі, ондағы нәзік иірімдер мен ғарыштық дыбыстар, дыбысталуындағы өзге аспаптардан оқшауланып естілер үндер мазмұндық мәні күрделі де жүйелі зерттеуді қажет етеді. Оның ішінде, әсіресе, айрықша назар аудартатын тұс – альт-қобыз аспабын орындаушылардың бүгінгі күнмен үндес мінез мүсіндеуі, аспаптық мүмкіндіктерді жеткізуде реалистік, жаңашылдық сипатта В.А.Моцарт секілді әлемдік дәрежедегі ұлы композитордың шығармашылық шеберханасына мұқият зер салуды, салмақты сараптама жасауды міндеттейді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. https://egemen.kz/article/nursultan-nazarbaev-bolashaqqa-baghdar-rukhani-zhanhghyru.
2. Аберт Г. /В. А. Моцарт/. М: Музыка 1988.
3. Чичерин Г.В. /»Моцарт. Исследовательский этюд» 4-е изд., доп. Л.: Музыка, 1979.
4. Штейнпресс Б. /Моцарт./ Статья из музы­кальной энциклопедии [Электронный рессурс] – Режим доступа: http://mozart.belcanto.ru/bio.html – Дата доступа 10. 05. 2016.
5. Эйнштейн А. /Моцарт: Личность. Творчество/ М.: Музыка, 1977. – С. 332. – 455 с.

Алдыңғы «
Келесі »