Ару Алматыны жасыл желектендіру шарасы

  • 02.06.2017
  • 574 рет оқылды
  • Пікір жоқ

«Гүл – жердің көркі» демекші, Алматыда сыртқы құрылысы мен дизайны ерекше гүл мүсіндер пайда болды. Көгалдандырушылар қала гүл­зарларын көлденең бағыттағы құ­рас­­тырмалы гүлдермен көркемдеген. Кейбірі, тіпті, 15 метр биіктікті құ­райды.
Қала, ауыл, тағы басқа елді мекен­дер­де ауаны тазарту, көлеңкелеу үшін ағаш, бұта, гүл, көгал өсіру шарасы «көгал­дандыру» деген атауға ие. Көгал­дандыру жұмыстары мекен­жайларға әсем көрініс береді, шудан, күннен, шаңнан қорғайды, са­нитарлық-гигиеналық рөл атқарады. Ғы­­лыми деректер бойынша белгілі бір ай­мақ­тың 15%-ы көгал­дандырылса, шаң-то­заңның мөлшері 20%-ға кемиді, 35%-ға өсімдік өсірілсе, шаң 50%-ға азаяды, ал, 65%-ға өсірілсе, шаң 95%-ға кемиді. Жол жағалауларына отыр­ғызылған ағаш пен бұталар, гүлдер мен көгал ауадағы көмір қышқыл газды сіңіріп, ауаны оттегімен байытады, шуды азайтып, мекенжайды желден, күннен және шаңнан қорғайды. 1 га жасыл алқап 1 сағатта ауадан 8 кг көмір қышқыл газын бойына сіңіреді. Кей­бір ағаштар өздері айналасына тарататын фитонцидтері арқылы ауадағы зиян­ды микроорганизмдерді жойып, оны адамның денсаулығына қолайлы иондармен байытады. Мұндай ағаштар қатарына қылқан жапырақты қарағай, шырша, Сі­бір балқарағайы, тағы басқа жатады. Көгал­дандыру жұмыстарын жүргізгенде міндетті түр­де көгалдандырылатын алқап­тың ауа райы, топырақ құрамы, жер бедері сияқты ерекшеліктері еске­ріледі, суару­ға қажетті су көздері қарастырылады. Осы факторлар бойынша отырғызылатын өсімдіктер құ­рамы да анықталады. Орман ағаш­тары мен бұталар көшеттері, шөп­тесін өсімдіктердің жас өркендері мен тұқым­дары әр аймақта орналасқан питомниктерден алынады.
Бүгінде тұрғындардың көз қуа­ны­шына айналған ару Алматыны көгал­дандыру шарасы игі дәстүрге айналған. Алматыны бау-бақшасыз, ақ қайың мен көк шыршасыз, мың бұралған тал-шыбықсыз елестету әсте мүмкін емес. Сол үшін де Алматыны бау қала деп те атайды. Тарихқа көз жүгіртсек, 1868-1887 жылдар аралығында шаһарда көгалдандыру ерекше қарқынмен дамыды. 1873 жылы қалаға терек, қарағаш, шынар, үйеңкі ағаш­тарының күй таңдамайтын, жер талғамайтын, тез өсетін тұқымдары әке­лінді. Алдағы жылдарда тағы да терек ағаштарының шоқтары отырғызылды. Бұл жылдардағы Алматыдағы бау-бақша тек сан жағынан емес, сапа жа­ғынан да жоғар­ғы көрсеткішке ие болды. 1874 жылы Верный уезінің бастығының тапсырысымен Ташкент қаласының тұр­ғындары Миром Садықов пен Миром Юсуповтар өрік, жүзім, шие, грек жаңғағы, шабдалы, тұт және бадам ағаштарын Алматыға әкелді. Воронеж, Пенза, Курск қалаларынан алмұрттың 49 түрі жеткізілді. Сонымен қатар шаһарға жапырақты және сәнді қылқанды ағаш­тар тал-шіліктер әкелінді. Ал, XIX ға­сырдың соңына қарай Алматы қа­ла­­сында алма бақтары көбейе түсті. Алма ағашы тұқымдарын Воронеж губер­ниясынан келген Егорь Редко мен Никита Моисеевтер алып келді. Олар жемісті көп беретін ағаштар мен тал-шіліктер тұқымдарын әкеліп Кіші Алматы өзенінің жағасына отырғызды. Ресей орталығынан әкелінген ағаштар құнарлы топыраққа тез бейімделіп кетті. Қала бастықтары апорт ағаштарына ерекше көңіл бөлді. Батыс Қытайдан апорт көшеттері әкелінді. XX ғасырдың бас кезіне қарай Алматыда бау-бақша қарыштап дамып, ауыл шаруашылық және сауда-өндірістік көрмелер ұйымдас­тырыла бастады. Қала басшылары мұндай көрмелерді көктем айларында жыл сайын тұрақты түрде өткізіп тұра­тын болды. Атап айтқанда, 1902 жылы ауыл шаруашылық көрмесінде тек қана алманың 39, 1905 жылы 64 түрі қойылды. Ал, 1913 жылы «Романовтар патшалығының» 300 жыл­дығына арналып облыстық ауыл шаруашылық көрмесі ұйым­дастырылды. Түрлі тарихи кезең­дерді бастан өткерген Алматы қаласын көгалдандыру шарасы еш уақытта назардан тыс қалған емес. Шаһардың тынысы тарылмас үшiн қала басшылығы қолдан келгеннiң барлығын жасауда. Жыл сайын көшеттер отырғызылып, гүлзарлар бой көтередi. Бұл – қала үшiн дәстүрлi түрде жасалатын игi iстердiң бiрi. Қаладағы орталық көшелердiң жиектерiндегi кәрi ағаштар мен апат алдындағы талдардың барлығы толығымен жаңарды. Мәселен, Саин, Сейфуллин, Фурманов, Дос­тық секiлдi даңғылдардың айналасы ретке келтiрiлдi. Қаланың экологиялық жағ­дайын жақсарту мақсатында 2009 жылы Алматыда 22 мыңнан астам көшет, ал, 2010 жылы 24,5 мың жапырақты, қыл­қан жапырақты ағаш түрлерi мен бұ­талар отырғызылды.
Табиғи ресурстар басқармасы мен Медеу ауданы әкімдігінің мамандары орталық мәдениет және демалыс саябағына көшеттер отырғызды. Егілген желектердің қатарында Қырым қарағайы, Тянь-шань шыршасы мен қылқан жапырақты ағаштар бар. Жергілікті атқа мінерлер бұрыннан келе жатқан демалыс орындарының ландшафтық дизайнын жақсартып, қайта жаңғыртты. Осылайша, Ал­маты ажарлана түсті. Ескеретін жайт, қаланы көгалдандыру үшін пайдаланатын ағаштар олардың негізгі қасиеттеріне және көгалдандырудағы мақсатқа орай таң­далып алынуы шарт. Айтарлық, қала хал­қы­ның демалыс орны болатын жерлерге осы ағаш­тардың белгілі бір түрлері ғана жарасса, тұрғын аудандарды желден қорғау, өнер­кәсіптік кәсіпорындардан бөлу үшін басқа бір ағаш түрлері пайдаланылады.
«Алматы» телеарнасының хабар­лауын­ша, туристік ортаға айналған Алматы қа­ла­­сының Медеу ауданында құрылыс жұ­мыс­тарымен қатар көгалдандыруға да ерекше көңіл бөлінетін болады. Биыл оның көкжиегінде 4 саябақ, 2 алаңқай құрылды. Қала тұрғындары мен қонақтарының демалыс орындары екі есеге артатын болады. Алматыны көгалдандыру шарасына әрбір қала тұрғыны өз септігін тигізе алады. Бар болғаны арнайы алқаптар мен алаңдарға көшет ағаштарын отырғызса болғаны. Медеу ауданының әкімі Ержан Жылқыбаев ха­лыққа есеп беру жиылысында: «Біз көгал­дандыруға арналған арнайы орындарды таңдап алдық. Мәселен, белгілі бір ықшам ауданын алайық. Әрбіреуіне «Білім», «Денсаулық сақтау», «Салық», «Полицей қызметкерлерінің бөлімшесі» аллеялары деген атаулар қойылды. Бұл әрбір үкімет қызметкерлерінің өз ала­ңында отырғызылған өсімдіктерге қамқорлық жасауына ыңғайлы болады» деді.
Алматы десе, көпшіліктің көз алдына алаулаған алқызыл гүл мен масатыдай жай­наған жасыл желек елестейді. 2014 жылдан бастап шаһарымызда тұңғыш рет сатылай әдіспен безендірілген композициялар орнатылды. Отандық флористер ару қаланың ажарын ашу мақсатында гүлзарларды көркемдеуге петуниялар мен бегония гүл шоқтарын қолданған. Қаланың орталық бөлігінде 15 нысан орнатылған. Әр компо­зицияның өзіндік мәні бар. Мұн­дай әр гүлзарды орналастыруға қала қазы­насынан 5 млн. теңге бөлініпті (2014 жыл­ғы есеп бойынша). Көліктің көк түтініне тұншыққан Алматының экологиясын жақ­сартуға қарапайым ал­матылықтар да өз үлесін қосуда. Соңғы жылдарда оңтүстік астананың басты нышанына айналып үлгер­ген петуния, сарыгүл, екпе раушан, нәркес және тағы басқа гүл түрлерін тұр­ғындар аулаларына отырғызуды сәнге айналдырған.
ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: – Ауламыз ұс­қынсыз болатын. Барлық көршілер бірі­гіп қажетті қаражат жинап, ауламызды абаттандыра бастадық. Қолда бар материалдармен ауланы безендіруге қазір көршілес ауылдардың да тұрғындары үлестерін қо­сып жүр. Қаладағы қызу да қарбалас қозғалыс пен тізбектеле қапталған кө­ліктер де бұған кедергі келтіре алмайды. Отыр­ғызылған гүлдер аулаға өзгеше реңк беріп, сәнін келтіріп тұр. Бұл да болса, Алматы қаласының көгалдандыру шарасына қосқан өзіндік үлесіміз деп білеміз.
«Гүл – жердің көркі» демекші, Алматыда сыртқы құрылысы мен дизайны ерек­ше гүл мүсіндер пайда болды. Көгал­дан­дырушылар қала гүл­зарларын көлденең бағыттағы құ­рас­тырмалы гүлдермен көр­кем­деген. Кейбірі, тіпті, 15 метр биіктікті құ­райды. Көктемнің соңғы күндерінен-ақ көгалдандырушылардың еңбектеріне қала тұрғындары да өз бағасын берді.
ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: – Жыл сайын қала­мыздың гүлзарлары мен бақтары көр­кеюде. Биыл, отырғызылған қызыл-сары гүлдерден басқа, сыртқы дизайны әдемі гүл мүсіндер пайда болды. Мәселен, әл-Фараби даңғылының бойындағы велоспортшылар мен Сәтбай көшесіндегі ұлттық нақышта жасалынған дөңгеленген гүл мүсіндер өзіме қатты ұнайды. Шаһарымыздағы көркем композициялар арнайы әдіс арқылы суарылады. Әр екі сағат сайын түтікшелерден өсімдіктердің тамырына су тамшылап тұрады. Жаңа технологиялар суды 50%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Ал, күтім көрмеген гүлдер тез солып қалады екен. Сондықтан дәл осындай заманауи технологиялар гүлдердің өміршеңдігіне өз септігін тигізеді. Алматы қаласын абаттандыруды мақсат тұтқан мамандар бұдан бөлек кемпірқосақ, пирамида сынды әдістерді пайдалануды жоспарлап отыр.
«Атадан мал қалғанша, тал қал­сын» демекші, Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­­­­­ұлының қолдауымен дүниеге кел­­ген «Жасыл экономика», «Алматы қа­ла­сының саябақтары мен бас­қа да жасыл аумақтары», «Жасыл ел» бағ­дарламалары қаланы көгал­дан­дыруға басты бағдар болып отыр. Жыл сайын бағбандар мен қарапайым қала, ауыл тұрғындары арасында өткізілетін «Үздік көгал­дандыру – 2015,16,17 т.б.» байқауы адамзаттың өсімдіктерге деген махаббатын оятатындығы сөзсіз. Ал, біз салауатты өмір салтының негізі – экологиялық тазалық екендігін ескере отырып, Алматы қаласының көр­кейіп, гүлдене беруіне тілек біл­діреміз!

Назым Самет,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің
I курс студенті

Алдыңғы «
Келесі »