Рухани жаңғыру – идеология негізі

  • 10.05.2017
  • 1677 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қалқаман САРИН,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі

«Егемен Қазақстан» газетіндегі жарық көрген Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» мақаласы тарихи мәні бар құжат қана емес, ол сонымен бірге ұлтымыздың рухын көтеретін бірден-бір озық ойлы мәлімдеме. Өйткені, бұған дейін сан айтылып, жазылып келе жатқан ел-жұртымыздың рухын көтеретін мәдениет мәселесі, аталған мақалада кеңінен тоқталған. Елбасымыздың «Мен еліміз мық­ты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы көзқарастарымды ортаға салуды жөн көрдім» деуінің сыры да сонда. Шынында да, Нұрсұлтан Әбішұлы аталған мақаласында өзінің ойын ортаға салғанда, ол ел Президенті ретіндегі өзінің жан-жақты ойшылдығын көрсетіп отыр. Біртұтас ұлт болу үшін ең алдымен ұлтымыздың рухы мықты болу керек. Осыны жақсы түсініп, біліп отырған Елбасымыздың мақаладағы «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай.
Бірақ, ұлттық кодымды сақтаймын деп бойындағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни, болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан-анық.
Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деуінде үлкен сыр бар. Себебі, «Мәдени мұра», «Халық – тарих толқынында» бағдарламалары Президентіміз айтқандай, ұлттық рухымызды атадан балаға жеткізудегі бірден-бір оң жолға бастайтын бағ­дар­ламалар еді. Міне, Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында жоғарыдағы аталған бағдарламаларды нықтаудың, оларды орындаудың айшықты жолдарын көрсетіп берген. Сондықтан да, мен бұл мақалада көрсетілген жайларды болашақта ұлтымыздың рухани келбетін сақтап қалу мәселесі жолындағы үлкен міндет деп білемін. Еліміздің болашаққа деген сенімінің ұлғайып, жасампаздыққа бағытталған адымының нық болуының сыры да сонда.
Тәуелсіздік алғаннан бергі 25 жыл ішінде атқарылған іс-әрекеттердің жүректерге жол тауып, оның Қазақстан халқына жақсы бағыт-бағдар бергенін одан да әрі аша түскен аталған мақа­ладағы мән мағыналар бізге жолбасшы болатыны анық. Шынында да, ұлтымыздың мәдени коды мақалада айтылғандай діл, жады, тіл, діни болмыс. Осы бірегейлікті сақтағанда ғана біз алдыңғы қатарлы елдер сапына қосыламыз. Оның жолдарын Елбасымыз аталған мақалада жан-жақты көрсеткен.
Елбасымыздың аузынан шыққан тағы бір керемет сөздің негізі прагматизм деген ұғым-түсінік. Мұның астары тереңде жатыр. Себебі, біз қашанда да бәсекелестікке бейім ұлт ретінде әртүрлі қиындыққа жолыққан едік. Соның бірі, біздің әліпбиіміздің тарихымызда үш рет ауыстырылуы. Міне, осы бағыт-бағдарда да өзінің мақаласында сара жол көрсетеді. Сол жолдың бірі ұлттық бірегейлікті сақтау. Ол бірегейліктің сыры неде? Ол сырды білу үшін, сөз жоқ Елбасымыздың мақаласындағы «Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді.
Оның екі қыры бар.
Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту.
Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту.
Қазір салтанат құрып тұрған жаңғыру үлгілерінің қандай қатері болуы мүмкін?
Қатер жаңғыруды әркімнің ұлттық даму үлгісін бәріне ортақ, әмбебап үлгіге алмастыру ретінде қарастыруда болып отыр. Алайда, өмірдің өзі бұл пайымның түбірімен қате екенін көрсетіп берді. Іс жүзінде әрбір өңір мен әрбір мемлекет өзінің дербес даму үлгісін қалыптастыруда.
Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тілі­міз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деген жан-жақты айтылған ойды жақсы біліп, оны ойға да, бойға да сіңіру керек. Міне, осы бір мақаладағы келелі сөздер біздің ұлтымыздың бірегейлікті сақтау арқылы, озық мә­де­ниеті мен өркениеті дамыған мем­ле­­кеттермен иық тірестіруге жол ашады емес пе? Әрине, жол ашады. Ашқанда да, ол көптің бірі емес, өзіміздің ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді, діліміз бен тілімізді, дінімізді сақтау арқылы өзіндік ұлттық кескін келбеті бар қадір-қасиетімізді арттырады. Елбасымыздың мақаласындағы «Қазақстанның рево­люциялық емес, эволюциялық дамуы» та­рау­ындағы «Біз тарихтың сабағын айқын түсінуіміз керек. Революциялар дәуірі әлі біткен жоқ. Тек оның формасы мен мазмұны түбегейлі өзгерді.
Біздің кешегі тарихымыз бұл­тарт­пас бір ақиқатқа – эволю­циялық даму ғана ұлттың өркендеуіне мүмкіндік беретініне көзімізді жеткізді.
Бұдан сабақ ала білмесек, тағы да тарихтың темір қақпанына түсеміз. Ендеше, эволюциялық даму қағидасы әрбір қазақстандықтың жеке басының дербес бағдарына айналуына тиіс» деуінің сыры да сонда.
Міне, осынау сөздер арқылы Елбасымыз ұлтымыздың рухын көтеруге деген ниеттің сара жолын көрсетіп отыр. Бұдан артық ізгі де, нұрлы жол бола ма?

Алдыңғы «
Келесі »