ҰЛЫТАУ – ҰЛТ ҰЯСЫ

  • 10.05.2017
  • 9291 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Серік ТЛЕУБАЕВ,
ҚР Мәдениет қайраткері

Тарихта қандай өтпелі кезең болғанда да қазақ халқының тағдыры Ұлытауға соқпай өтпейді. Солардың анықтары ретінде ақындардың:
«Ұлытауда өткен талай ұлылар,
Әр тасында ұлы тарих ізі бар» – деп айтуына сәйкес қарасақ, әр ғасырдан тау басындағы Зартустра тұрған үңгірден, Ақмешіт әулиеден бастап барлық жер, су, тастарына дейін тарих куәсі екенін түсінгеніміз жөн.
Зыңғыртау, Алаша хан, Жошы хан, Домбауыл, Едіге ке­сенесі, Алтын шоқы бастаған бірнеше тарихи кесенелер, Ордабазар, Басқамыр, Аяққамыр бастаған қалалар мен Таңбалы тас, Жібек жолы, тіпті, біздің дәуірімізге дейін мыс балқытқан, темір қорытқан пештері бар 700-ге тарта тарихи орындар әр заманнан қазақ тарихынан сыр шертеді.
1218 жылы Шыңғыс хан Домбауыл ақылшысының (біздің арғы аталарымыз Кетбұқа мен Келбұқаның әкесі – шежіре бойынша) айтуымен үлкен ұлы Жошыны бүкіл қазақтың үш жүзінің басын қосып, хан етіп тағайындап, содан кейін, 1225 жылы Ұлы Құрылтай өткізіп, Ордабазар қаласында Алтын Орданың Ханы етіп Жошыны сайлауы тарихта жазылып қалған. Сондықтан, қазақ елі тарихи сахнада Шыңғыс хан әулетінің, оның ішінде Жошының ұрпақтарының билігі сақталып қалған бірден-бір көшпелі мемлекет екенін ұққанымыз жөн. Сарыарқа деп аталатын Дешті Қыпшақ жерінің дәл ортасында, Ұлытаудың күнгей жағында, Қаракеңгір өзенінің сол жақ жағасында Әбілқайыр ханның Ордасы – Ордабазар қаласы тұр (І.Есенберлин «Көшпенділер» тарихи трилогия. 1976 ж. 82-ші бет). Ордабазар бір кездерде Бату ханның құ­мырсқадай бықыған әскерін Шығыс Еуропаға аттанарда бас қосатын жері болған. Жүз мың жылқы жайса да шөбі жапырылмайтын, жусанды, қаулы, жасыл шалғынды егіз өзен Қаракенгір мен Сарыкенгірдің ұшы-қиыры жоқ жазық даласы. Сол жазықтықтың ортасында Бату қорғаны.
Қазақ тарихындағы ең бір елеулі де дара тұлғаларының бірі де бірегейі Абылай хан еді. Абылайдың хан тағына отыру рәсімі де бабалар дәстүрімен Ұлытаудың етегіндегі «Хан Ордасында» 1771-ші жылы өткен. Абылайды ақ киізге көтеріп, «Үш жүздің ханы» деп таныған кез жоңғарлар мен Қазақ елінің жан алысып-жан берісіп жатқан соғысы кезінде болып, ұлы жеңіспен, Қазақ елінің бірлігі мен ел болып танылуымен, Абылай ханның Қазақ елін айналасындағы мемлекеттермен бітімге келтіріп, дүниеге танытуымен аяқталғанын жақсы білеміз. Бұл таққа отырғызу рәсімі қазақтың соңғы ханы Кенесарыға 1841-ші жылы Ұлытауда «Хан Ордасында» жа­салғанын көп адам біле бермейді. Ең соңғы ақ киізге көтеріп, таққа отырғызу рәсімі 1993-ші жылы Елбасымыз, Тұңғыш Президентіміз Н. Ә. Назарбаевты Ұлытауда «Хан ордасында», «Алаштың ханы» етіп ұлықтауымыз болатын. Сол 1993-ші жылдан бері Қазақ елінің әлеуметтік, мәдени-экономикалық салалары көз ілеспес жылдамдықпен жедел дамып, мемлекетіміз әлемге танылып, Елбасымыз дүниедегі алпауыт елдердің басшыларымен теңдескенді қойып, ақыл айтатын дәрежеге жеткеніне осы «Алаштың ханы» болуы рәсі­мінің де әсері болса керек.
Қазақ елі Мәңгілік ел, адамзат жа­ра­тылғаннан адам деген сөз қазақ тегінде ғана сақталса, ана, ата, аға деген сөздер қай жағынан оқысаң да бір мағына беретіні біздің мәңгілік екеніміздің дәлелі сияқты. Сонда, осы тарих беттерінің бәрі Қазақ елінің егеменді, тәуелсіз мәңгілік екенінің куәсі болғанын көрсетпей ме? Ұлытау ауданы ел алдында тұрған міндеттерді жүзеге асыруда әрдайым да белсенділік танытып келеді. 1988 жылы Нұрсұлтан Әбішұлы Үкіметке басшылық жасағанда әлеуметтік жағынан артта қалған 30 ауданға қатысты іс-шаралардың өмірге келуіне ұйытқы болды. Осы шешімнің арқасында ауданда көптеген жұмыстар атқарылды. Ау­данның шаруашылықтары толық электрлендірілді, жаңадан кө­терме жолдар салынды, өркендеу дәуі­рінен үш жылдың ішінде өткізіп 1991-ші жылы шарықтау шегіне жеткенде аудан шаруашылықтарын түбегейлі же­ке­шелендірдік. Аудан жекешелендіруді бірінші болып қолға алды. 1991-92-ші жылдары ша­руашылықтар толық жекешелендірілді. 200 мыңдай қой, 120 мыңдай ірі қара, 80 мыңдай жылқы, 800-дің үстіндегі шаруа, фермер қожалықтарына шаруашылықтардың әр тұрғынының еңбек үлесіне қарай, арнайы комиссия шешімімен бөліп берілді. Аудан үшін 1997 жыл жақсы есте қалды. Осы жылы бүкіл дүниежүзі Қазақтарының бірінші құрылтайы өтіп, үш жүзден артық қонақ Ұлытауға тәу етуге келді. Сырттан келген қандастарымызды туғанымыз келгендей құшақ жая қарсы ал­дық. Қонақтарды арнайы тігілген жүз киіз үйге қонақ еттік. Осы келген қонақтарды он шақты автобуспен Ұлытаудың бір дарасына оларға арнайы тігілген жүздеген киіз үйлердің жанына әкеліп көк шалғынға түсіргенде үл­кен сол кезде түскен әжелеріміздің бірі көк шалғынға құлай кетіп, жанындағы серігіне «Хадиша-ау, менің әлім келмей жатыр, туған жеріме аунауға көмектесші» дегенде сырттай қарап тұрған менің көзімнен жас шығып кетіп еді. Осы жерде ғана мен бүкіл қазақ үшін тәуелсіздіктің бағасы мен Кәкімбек ақын айт­қандай Ұлытау қазағымның жерұраны екенін толық сезінгендей болдым!
Әлемнің әр бұрышынан келген қа­зақтарды Ұлытауға бастап апарғандар Халиф Алтай мен Қалдарбек Найманбаев еді. Киіз үйлерде дәм татылды, ән-күй тыңдалды. Ертеңіне бауырларымыз туған жердің топырағын қасиет санап, шү­берекке түйіп алып жатты. Олар аудан орталығына келгенде «Мына Лениннің мүсіні неге тұр?» дегендей таңданысын білдірді. Мен келешекте бұл жерде осы Ұлытау жерінен шыққан белгілі қа­ламгерлер Баубек Бұлқышев пен Мұқан Иманжанов қатар тұрған ескерткіші бой көтеретінін айттым. Ақырында солай болды да. Атақты мүсінші Төлеген Досмағаметовтың күшімен мен айтқан ескерткіш орнатылды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылы күзде Мұс­тафа Өзтүрік анасымен, жан ұясымен жанында Республика комсомол ұйымының жетекшісі И.Тасмағанбетовпен бірге Ұлы­тауға келіп әруақтарға тәу еткені күні бүгінге дейін есімде. 1992-ші жылдың ақпан айында Ұлытауда Жүрсін Ерманов пен Шымболат Ділдебаев Ұлытау еліміз бойынша 1-ші жас ақындар айтысын өткізді. Осы күнгі жүрген белгілі ақындар сол кезде алғаш көрінген болатын.
Осы жылдары инвестиция тарту да Ұлы­таудан басталды. 1991-ші жылы итальялық ірімшік зауыты аудан орталығына, ал, авс­тралиялық ет-шұжық зауыты Қаракеңгір ауылына орнатылды. Зауыттың өнімдері ауданға, көрші қалаларға сатылды.
1992-ші жылы Германияның сымсыз телефон аталған «Руртель» жүйесі әр ауыл, әр қыстаққа дейін орнатылды. Тіп­ті ірі қалаларға дейін сөйлесе беретін жағ­дай жа­салды. Күшейткіш батареялар күн қуа­тымен осы күнге дейін істеп тұр. 1993-ші жылы қаңтарда аудан Республика атынан «Жез­қазғантүстіметалл» комбинатымен бір­ге Тулузадағы Дүниежүзілік өндірістік көр­­меге қатысты. Киіз үй жасауларымен ті­гілді, қазақтың салт-дәстүрі көрсетілді. Республикамыз 1-ші орын алуына байланысты тұрақты қатысатын болды. 1993-ші жылы ҚР премьер-министрінің орынбасары Қуаныш Сұлтанов бастаған республикалық комиссия «Ұлытау белгісі» ескерткішін анықтағанда 30-дың үстінде ақын-жазушылар, Қадыр Мыр­­залиев, Фариза Оңғарсынова, Тұманбай Молдағалиев, Шерхан Мұртаза, Камал Смайылов, Ақселеу Сейдімбек, тағы да басқа зиялылар Ұлытауда сірә болды.
Тәуелсіздікке қол жеткен 1991-ші жылдан 1999-шы жылға дейін Еліміздегі бел­гілі зиялы қауым өкілдерінен Ұлытау топырағына табан тіремегендері кемде-кем болар. Шерхан Мұртаза Ұлытаудағы үлгілі істер жөнінде бірнеше қабат ор­талық басылымдарға мақала жазса, Шәміл Әбілтаев, Ілия Жақанов, Кәкімбек Салықов Ұлытау туралы ән-өлеңдерді өмір­ге әкелді. Тұрсынбек Кәкішев кезінде Ұлы­таудың астанаға лайық жер екендігі туралы да жазды. Ауданда өнерге ерекше көңіл бөлінді. Онға жуық халықтық ата­ғы бар театр жұмыс істеді. Ұлттық салт-дәс­түріміз, әдет-ғұрыптарымыз кеңінен өріс алды.
Тәуелсіздіктің ширек ғасырын артқа тастаған еліміз көп жетістіктерге қол жеткізді. Сол табыстарымызды ары қарай жалғастыру – парыз.
Елдің тарихын терең білмей бола­шақты болжау да қиын. Ұлытаудың өткенін сөз еткендегі мақсат та – жастар түп-тамырын білсін деген ниет. Біз жас ұрпақты патриоттыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеуіміз қажет. Бұл қасиетті сезімді қалыптастыруда ел тарихының қатпар­ларына үңілудің маңызы зор.

Алдыңғы «
Келесі »