ҚАЗАҚ ТАРИХЫ ТУРАЛЫ ШЕТЕЛДІК ДЕРЕККӨЗДЕРДІ ҚАЛАЙ ПАЙДАЛАНЫП ЖҮРМІЗ?

  • 10.05.2017
  • 1579 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Дина Имамбай,
әлеуметтанушы

Тарих ғылымының басты мақсаты – объективті, жүйелі, сенімді білімдер негізінде тарихи ақиқатқа қол жеткізу. Тарихшы ғалымдар бұл ақиқатқа нақты тарихи уақиға туралы дереккөздерге сүйену арқылы жетеді. Тәуелсіздік жылдары бұрынғы саяси-идеологиялық шектеулер алынып, архив материалдары ашылды, қазақ тарихын зерттеуде шетелдік дереккөздерді пайдалану мүмкіндігі артты. Сонымен қатар, шет елдерден әкелінген дереккөздердің шынайылығын, саяси-идеологиялық астарларын анықтау мәселесі де өзекті бола түсті. Осыған орай, кезекті «Келелі кеңесіміз» Қазақстан тарихына қатысты шетелдік дереккөздерді пайдалану тақырыбына арналып, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Тарих, археология және этнология факультетінің Е.Бекмаханов атындағы дәрісханасында өтті.
Отырысқа ҚР ҰҒА-ның құрметті академигі, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Орталық Азиядағы дәстүрлі өркениеттерді зерттеу орталығының директоры Талас Омарбеков, осы университеттің Тарих, археология және этнология факультетінің деканы, тарих ғылымының докторы Меңдігүл Ноғайбаева, «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымының докторы Берекет Кәрібаев, Дүниежүзі тарихы «Деректану және тарихнама» кафедрасының меңгерушісі Гүлмира Сұлтанғалиева, «Қазақстан тарихы» кафедрасының профессоры Фатима Қозыбақова, тарих ғылымының кандидаты, доцент Еділ Ноянов және Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары Нұрлан Атығаев қатысты.


М. Ноғайбаева:
– Бүгінгі күні ше­телдік деректерді қалай пайдаланып жүрміз, ондағы фактілердің, тұжы­рымдардың шырмауына түсіп қалып жүрген жоқпыз ба деген сауал тууы заңды. Тарихта болған оқиғаларды бағалау, пайымдау, тұжырымдау нә­ти­жесінде жаңа тұжырымдар жасалады. Жалпы кез келген оқиға туралы мәліметті мемлекеттің, қоғамның, белгілі бір әлеу­меттік топтың мүшесі болып табылатын субъектілер дайындайды.Сондықтан, деректану ғы­лы­мы тұрғысынан алғанда, сол дерек­тер­дің шынайылығына әсер ететін көп­­­теген фактілердің жиынтығы кез­деседі. Мысалы, бір қоғамда, бір мемлекетте өмір сүріп отырған адамдардың өзінің бір оқиғаға көзқарасы әртүрлі. Мұндай ерекшеліктер деректерге де тән. Көшпелі халықтардың ментальдылығы, дүниетанымы, құндылықтары, өмірге көзқарасы шаруашылық типіне сәйкес қалыптасты. Бұл отырықшы халық­тардың көзқарасына, әрине, кереғар болып шығады.
Сондай-ақ, көптеген зерттеушілеріміз деректердегі фактілерді талдап, ара-жігін ажыратуға ой-өрісі жетпей жататыны да бар. Мысалы, Ислам Жеменей Мұхаммед-Хайдар Дулатидің еңбегін аударған кезде көптеген қиыншылыққа тап болғанын, атап айтқанда, тек түркілерге тән ұғымдарды, көшпелі менталитетті түсінбегендіктен ау­дармада көп қателік жіберілгенін және оның кейінгі ғылыми-зерттеулерге кері әсер еткенін айтады. Ендеше, деректерді пайдаланған кезде сол деректі тудырған орта қандай, авторлары кім, қалай баға берген, олардың көшпелі қоғаммен қарым-қатынасы, дүниетанымдық құндылықтар тұрғысынан ұстанымдары қандай дәрежеде болды деген мәселелерге назар аудару қажет. Және де ғалымдардың дайындық деңгейі, кәсіби құзыреттілігі де маңызды.
Б. Кәрібаев: – Қа­зір­гі қоғамда тарихқа деген сұраныс артып отыр. Соған сәйкес тарих­шылар қоғамның сол сұранысына жауап бере ала ма деген ой туады. Бүгінгі күні тарихты жазуда екі түрлі үрдіс бар, бірі – кәсіби тарихшылардың еңбектері, екіншісі – әуесқой тарих­шылардың жазбалары. Меніңше, әуесқой тарихшылардың жазғандарын халық тез қабылдап алатын сияқты. Ал, кәсіби тарих – ол ғылым, оның өз теориясы, терминологиясы бар. Маман тарихшылар көпшілікке арнап жаза бермейді. Өйткені, бұл ең алдымен ғылыми жұмыс. Кәсіби тарихшының қызметінде 4 басты қағида бар, олар – жүйе­лілік, үздіксіздік, сабақтастық, шығармашылық үдеріс. Ал, әуесқой тарихшылар бұның біреуін де білмейді, ол өзінің тілдік байлығымен өзінше тұжырым жасап, тарихты өзінше жазады. Міне, осыдан дерек мәселесі туындайды.
Біз өзіміздің төл жазба деректеріміз дамымағандықтан, көп жағдайда араб, парсы, қытай және т.б. елдердің мәлі­меттеріне сүйенеміз. Ол деректер автор­ларының ішінде дінтанушылар, саяхатшылар, саясаткерлер бар, олар бір ғана фактіні әртүрлі береді. Деректің маңызы оның шынайылығында. Ондағы мәлі­метттер біреуден ұрланған ба, жоқ өмір­ден алып отыр ма, деректі жазған адам­ның ұстанымы, білім деңгейі, саяси көз­қарасы қандай? Міне, деректі ғылыми айналымға енгізбестен бұрын деректанушы осының бәрін анықтап алуы тиіс. Деректану – тарих ғылымының бір саласы, шексіз бір ғылым. Онымен айналысатын адам бірнеше тіл білуі керек, барлық құжатты салыстырып қарауы тиіс. Кейде бір фактіні табу үшін деректанушы ғалымның бүкіл ғұмыры кетуі де мүмкін.
Кезінде «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шетелден көптеген деректер әкелінді. Осы ретте белгілі деректанушы, әріптесіміз марқұм Қамбар Атабаев деректану жөнінде «деректерді шетелден әкелу жарты іс, оларды деректанудың барлық талаптарына сай ғылыми айналымға енгізу керек» деген еді. Ол Астанада деректанумен айналысатын орталық ашу, барлық жиналған деректерді сол орталыққа жинап, кәсіби тарихшыларды жұмылдыру жөнінде идея көтерген болатын.
1969 жылы тарихшы-деректанушылар – В.Юдин, К.Пищулина, Н.Мингулов, С.Ибрагимов бірлесіп, парсы және түрік тіліндегі 18 деректі талдап, кіріспесін жазып, кітап етіп шығарды. Бұл еңбек әлі күнге дейін құндылығын, маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Бүгінгі күні осы істі жалғастыру керек және ол Шығыстану институты мен Тарих және этнология институтының қолынан келеді. Негізінде кешегі «Мәдени мұра» бағдарламасымен Кеңес кезінде аударылған жұмыстар қайта шығарылды да жаңадан тың деректер қосыла қойған жоқ. Бұның бір себебі, меніңше, тарихнама, деректану саласында сабақтастық үзіліп қалған секілді. Бұрынғы кадрлардың көбі жоқ, олардың орнына жастар келмеді. Бізде сөйтіп деректану саласында, әсіресе шығыс деректерімен жұмыс істеу бағытында бос кеңістік пайда болды. Оны қалпына келтіруге көп уақыт керек.
Жоғары оқу орындарында дайындалатын мамандар арнайы деректану, тарихнама және орта ғасыр пәндерін оқиды. Деректанушы осы үшеуін және қазақ тілін жетік білуі тиіс. Сонда ғана шетелден әкелінген материалдар ғылыми айналымға түсіп, қазақ қоғамының игілігіне жарайды.
Т. Омарбеков: – «Мәдени мұра» бағдар­ламасы бойынша шетелден көп деректер әке­лінген. Елбасы бір сө­зінде сол 5 мың дерек қайда деп сұрағанда еш­кім жауап бере алмады.
Н. Атығаев: – Елі­міз­де шетелдік тарихи деректерді талдауға ар­налған рес­публикалық ақпа­раттық орталық құ­рылған, оның директоры – М.Әбусейітова. Шетелден әкелген бүкіл материал сонда сақталуда. Ол орталық Шығыстану институтының құрамында болғанмен шешілмеген мәселе әлі де көп.
Т. Омарбеков: – Шынын айту керек, ежелгі, орта ғасырлардағы тарихымызды жазу мәселесі шетелдік деректерге тікелей байланысты. Ал, қазіргі заман тарихының деректері өзіміздің Президент архиві, құпия қорлар, ІІМ, әскери архиві сияқты мекемелерде жатыр. Сонымен бірге, Қорғаныс министрлігінің, ҰҚК-нің архиві бар, бірақ, оларға кіру оңай емес. Кейбір деректер Мәскеудегі архивтерде сақталған. Мысалы, Алашорданың Ә.Бөкейханұлы бастаған он басшысы ұсталған кезде Мәскеуге алып кетті. А.Байтұрсынов және бір топ алаштықтар Бутыркада отырды, Бөкейханұлы үйқамақта болды. Сол кезде жүргізілген тергеудің құжаттары Мәскеуде жатыр.
Жалпы, Қазақстанның ежелгі және орта ғасырлар тарихы шетелдік деректер негізінде жазылған, оның ішінде араб, парсы, қытай деректері шешуші рөл атқарады. Алайда, деректердің көпшілігі дұрыс аударылмады. Бірде тарихшы Б.Көмеков Қазақстан тарихына қатысты 200-ге жуық араб дерегі бар екенін айтқан болатын. Соның бәрі әлі қолымызға түскен жоқ. Мұндағы мәселе аудармаға келіп тіреліп отыр. Рашид ад-Дин, М.-Х. Дулати, «Зафарнаме» және басқа бірталай материалдар парсы және араб деректерімен байланысты. Бұларды аудару басталғаны сол еді, сол тілден хабары бар ғалымдарымыз өзара айтысып кетті. Ол тілді білетін адамдар дұрыс аударылмаған деп шықты. Бізде тіл білмейтіндердің сол деректерді орысша аудармасымен салыстыратыны бар. К.Пищулина қатысқан «Материальная история Советского Казахстана» деген еңбек, В.Г.Тизенгаузеннің аудармалары бар. Ал, орыс тіліндегі аудармасы дұрыс па, бұрыс па дегенге ешкім мән бермейтіні өкінішті.
Негізінде «Мәдени мұра» бағдар­ламасы тарих ғылымы үшін пайдалы болды. Бірақ, біздің бір қателігіміз – бағдарлама аясында барлық ғылыми-зерттеу институттарында, университеттер жанында шетелден әкелінетін деректерді қолма-қол қазақ тіліне аударатын орталықтар ашылуы тиіс еді. Мысалы, Тарих және этнология инс­титутының құрамында неге аударма бөлімін ашпасқа? Ол үшін тіл білетін оралмандарды да пайдалануға болады. Жалпы, аударма деген ғылыми жұмыс емес, ол тек деректі бұрмаламай аударып беруге міндетті. Біздегі Шығыстану факультеттерін бітіргендер аудармаға бейімделмей, бағытталмай отыр. Міне, осының кесірінен әлгі 5 мың дерек тарихшылардың қолына қашан түсетіні белгісіз. Өйткені, оны ең алдымен дұрыс аудару керек. Кейде тілді жақсы біледі деген азаматтардың өзі субъективті тұрғыдан бұрмалап аударады. Қытай жылнамасының екі томдығы, түркі деректерінің 4 томдығы, араб, парсы, моңғол деректері қазақша басылып шықты. Оның бәрі сөреде тұр. Тіл білетін ғалымдардың басын қосып, аударма орталығын жасап жатқан ешкім жоқ.
Шыңжаң ғылыми-зерттеу академия­сының шақыруымен Қытайға бардық. Онда қазақтар жұмыс істейді, қытай тілін жақсы біледі. Шыңжаңдағы азаматтар тілді жетік білетін, кәсіби зерттеушілерді шоғырландырып, қазақшаға аудартқан. Олар­дың аудармасын Н.Бичуринмен са­лыстырсаң мүлде басқа, бұлар Түркеш қағанын Сақал десе, Н.Бичурин саха дейді. Жалпы Н.Бичуринде адам аттарында көп қате бар екен.
Біздің Нәбижан Мұхаметқанұлының қытайшасын Пекин университетінің профессорлары өте жоғары бағалайды. Тіпті, Нәбижанның қазақшасынан қытайшасы асып түспесе кем емес. Бірақ, ол қазіргі қытай тілі, ал, біз айтып отырған деректер көне қытай тілінде. Оны қазіргі қытай­лардың өздері біле бермейді. Мен Орхон-Ени­сей жазуларын зерттеп жүрген қы­тай ғалымдарымен сөйлескенімде олар көне қытай тіліндегі жылнамаларды түсінбейміз дейді. Ол үшін арнайы оқытады екен. Ал бізде көшпелі халық, ауызша тарих болғандықтан ондай проблема жоқ.
Біздің тарихшылардан кейде тіл білуді талап етеді. Бірақ, ол тарихшының араб, парсы тілін білуі қандай деңгейде екеніне назар аударыла бермейді. Сон­дықтан, деректерді ғылыми айналымға енгізу үшін ғылыми-зерттеу институттары, университеттер жанынан аударма бөлімдерін ашу керек. Аударма жа­салғаннан кейін тарихшылар басқа ау­дармамен салыстырып, өз еңбектерінде пайдалана алады. Осы ретте мемлекет тарапынан тарихқа байланысты жасалып жатқан жұмыстар өте жүйесіз екенін атап айтуға тиіспіз. М.Тәжин Мем­лекеттік хатшы болып келген кезде «Халық тарих толқынында» атты 3 жылға арналған бағдарлама қабылдады, ал, қаржыландыру 2 жылға ғана жетті. Үш жылда тарихшы не жаза алады? Бұл уақытта жаңағы деректерді аудару, салыс­тырып талдау жасау мүмкін емес қой! «Мәдени мұра» неге 3 жылға арналады? Мұндай іргелі бағдарламалар кемінде 10-20 жыл мерзімге жасалуы керек. Міне, осыдан кейін сабақтастық, дәйектілік деген қағидалар үзіліп қалды, шетелдегі деректерді әкелу үдерісі тоқтады. Қазір ешкім шетелден дерек әкеп зерттеп жатқан жоқ. Арнайы қаражатсыз шетелге іссапарға да шыға алмайсың. Кезінде ғалым Көшім Есмағамбетов М.Шоқай туралы бірнеше томдық еңбегін жазарда шетелден, Еуропадан, Түркиядан көптеген дерек алып келді. Ол сонда айлап жатып жұмыс істеген.
«Мәдени мұра» және «Халық тарих толқынында» бағдарламаларының бағыты бөлек болатын. Біріншісі дерек­терді жинауға, ал, екінші жоба іргелі тақырыптарда еңбектер, оқулықтар жа­зуға арналды. Дегенмен, осы бағыт­тағы жақсы жұмыстардың тоқтап қал­ғаны өкінішті. Олардың нәтижесі қайда деп сұрайтын бір де бір шенеунік болған жоқ. Ал, енді, осындай жағдайда тарихшы қалай жұмыс істейді? Дерек деген тарихшының наны, онсыз аяғына тұсау салынған ат сияқты аттап баса алмаймыз. Бұдан шығатыны, меніңше, 1-ден, тарихшының деректерді алып келуіне көмектесу, 2-ден, ол деректі кәсіби аудармашы аударуы керек. Сондай-ақ, шығыстану факультеттері жанынан деректерді, құжаттарды аударатын аудармашылар дайындау керек.
М. Ноғайбаева: – Шығыстану факуль­тет­тері шығыстанушы-тарихшы, шығыс­танушы-филолог мамандар дайындауда, бірақ, олардың ешқайсысы тарихқа кел­мейді. Себебі, 50-60 мың жалақы алатын жұмысқа жастардың келісе қоюы екіталай.
Т. Омарбеков: – Әрине, қазіргі заманда дипломды маман жалақысы жақсы жерге барғысы келеді. Сондықтан, ғылыми жұмыстың ерекшелігін ескермеуге болмайды. Тарихшының ізденісі шетелдік деректермен байланысты болғандықтан ол аудармашымен бірге жұмыс істеуі керек. Мына іргеміздегі Ресейдің мықты ғалымдары ақша жөнінде ешқашан уайым­­даған жоқ, бар күш-жігерін ғы­лымға жұмсады.
Кеңес кезінде Петербург ғалымдары «Всемирная история» деген 12 томдық шығарды. 1960 ж. шыққан 16 томдық «Советская историческая энциклопедия» атты еңбекте біздің тарих та бар. Ал, біз Қазақстан тарихынан ең болмаса 1 томдық энциклопедия шығара алмай отырмыз. Тек «Краткая историческая энциклопедия» дегенді шығарды. Бұл неліктен? Өйткені, бізде тарих факультетін бітіргендер ертең тарихшы болмайды, шығыстануды бітіргендер ертең аудармашы болмайды. 1-ден, баратын жері жоқ, 2-ден, олардың мамандығы бойынша жалақы өте төмен. Осындай жағдайда тарихшы мен аудармашының жұмысқа орналасу мәселесі ең көкейкесті мәселе. Оны шешу үшін әр факультетте мамандық ашпас бұрын олар ертең қайда барып жұмыс істейді, қандай жалақы алады дегенді мемлекет айқындап алуы керек.
Ф. Қозыбақова: – Біз жаңа кезең – қазіргі заман тарихы саласында мемлекеттік, пар­тия архивтерінің деректерін пайдала­нып жүрміз. Кезінде ол қорлармен К.Нұрпейісов, М.Қойгелдиев, Т.Омар­беков сынды танымал ғалымдар айналысты. Біз со­лардың мектебінен қалыптасып шыққан шәкірттерінің біріміз. Бұл ғалымдардың аудармасы, еңбектері әлі күнге дейін қолданыста. Бұл жерде тарихшылар дерек жоқ болған соң қарап отыр деуге болмайды. Осы ретте, 1920-30 жылдардың деректері көбінесе ҰҚК архивінде сақтаулы тұрғанын айта кеткен жөн, оған қазір қол жеткізу өте қиын. Осы мәселе шешілсе, тарихшыларға жаңа мүмкіндік туар еді.
Әрине, ерте дүние тарихы мен орта ғасырларды зерттеуде деректер мол. Енді, сол құжаттар қазақ тіліне аударылса, тарихшылар бірден іске қосып, талдау жасауға мүмкіндік алар еді. Мысалы,1920-30 жылдарды зерттеген кезде көбінесе сол кезде өмір сүрген мемлекет қайраткерлерінің, әсіресе, Алаш зиялыларының еңбектерін толық пайдалануға болады. 1920-30 жылдардағы саяси өмірді білу үшін сол кездегі құжаттарды қарау керек. Айталық, Кеңес дәуірін зерттеген ғалымдар Мұс­тафа Шоқайға қатысты зерттеулерде оның «Кеңестер билеген Түркістан» деген еңбегін ғана қарастырады. Ал, оның «Яш Түркістан» газетінде ғана 230-дан ас­там мақаласы шыққан, біз соның бәрін зерттеуіміз керек. Мұнда Кеңес үкіметінің жаңа экономикалық саясат тұсындағы қа­те­ліктері, аштық жайында көп деректер бар.
Жақында, Қазақстан кафедрасы, Т.Омар­беков басқаратын Орталық Азиядағы дәстүрлі өркениеттерді зерттеу орталығы 4 томдық жинақ шығарды, сонымен бірге, практикумдар, әдістемелік құралдар шы­ғарып жатырмыз.1920-30 жж. әскери соғыс коммунизмі, жаңа экономикалық саясат және ұлт-азаттық қозғалыстар, 1921-22 жж. ашаршылыққа қатысты құжаттарды осы оқулыққа кіргіздік. Алаш зиялыларының ұлттық идеяны қалай көтергендігі, тәуел­сіздікке жетудің жолдары, таяудағы стра­тегиялық міндеттері көрсетілген материалдар да бар. Соның ішінде, М.Шоқайдың «Түркістандағы мақта төңірегіндегі күрес» дейтін мақаласы бар екен, былай қарағанда мақта туралы сияқты.Осында М.Шоқай былай деп жазады: «Түркістан халқын орыс бидайына тәуелді етіп, оны күнкөріс тұрғысынан империализм шынжырына байлап-матап, орыстың мәңгілік құлына айналдырмақшы». Міне, осыны талдай отырып, большевиктердің бізді суармалы, дәнді-дақылды егістіктен ығыстыруды мақсат еткенін көреміз. «Түркістанның бақытсыздығы және одан құтылудың жолдары» деген мақаласында да Кеңес үкіметі жүргізген аграрлық реформаларға талдау жасайды. Сондықтан, осындай еңбектерді жан-жақты пайдалануға тиіспіз.
М. Ноғайбаева: – Бұл жерде ежелгі және орта ғасырлардағы Қазақстан тарихына қатысты деректер базасы және оларды пайдалануға қатысты проблемалар бір бөлек, сондай-ақ жаңа және қазіргі заман тарихына қатысты деректер проблемасы бір бөлек екенін есте ұстау керек.
Ф. Қозыбақова: – Негізі мен «дерек­тер­дің аударылуын күтіп отыру керек» деген уәжге қарсымын. Қолда бар деректерді пайдалану керек, ал, аударылмаған деректерді ғылыми айналымға қосу тезірек жүзеге асырылса екен дейміз.
Т. Омарбеков: – Қазіргі заманның де­рек­теріне де көзқарас әртүрлі. Ежелгі және орта ғасырларға байланысты дерек іздеп шетелге барсаң тіл білуің керек деген талап қояды. Бізге де қазіргі заман деректерімен жұмыс істейтін шетелдік ғалымдар келеді. Мысалы, сталинизмді жазамыз деп шетелдің 12 тарихшысын шақырды, оның ішінде АҚШ ғалымдары Марта Брилл Олкотт, Сара Камерон және т.б. бар. Олар ұжымдастыру кезеңін, қуғын-сүргін жылдары туралы жазды. Осы ғалымдармен өткен бір жиында мен оларға сын айттым, өйткені, олар шетелдің ғалымдары болғандықтан біздің құпия архивтерге кірмеген. КСРО мен Қазақстандағы аштық туралы кітап шығарған, орысша білетін профессор Стивен Уиткрофттан ашаршылықтың басты себебі, неде деп сұрағанымда ол «қазақтар көшпелі мал шаруашылығымен айналысып, егін екпейтін болған соң қырылды» деді. Сондай-ақ, ол шетелге 1 млн қазақ көшіп кетті деп жазады. Мен қоныс аударған қазақтың саны 100 мыңдай екенін, Қытайдағы қазақтар бұрыннан өз атамекенінде отырғанын айттым. Міне, осы жерде біздің бір қателігіміз анық байқалып тұр. Шетел тарихшысы бірдеңе жазса оны Құдайдың сөзіндей көреміз. Ал, олардың жабық архивтерге кіре алмайтынын, құқы жоқ екенін, қазақтың тілін білмей тұрып тарихын жазатынын ескере бермейміз.
Н. Атығаев: – Астанада ашаршылыққа арнап ашылған ескерткіште қаза болған адам саны 1 млн 200 мың деп жазылған. Оны С.Уиткрофттан алыпты.
Г. Сұлтанғалиева: – Біріншіден, аудар­ма­ның сапасы жөнінде Талас Омар­бек­ұлы өте жақсы айтты. Мы­­салы, «қытай ті­­лін­дегі деректер ғы­лыми зерттеулерде қол­даныла ма?» деген мәселе қазақшаға сапалы аударатын мамандардың бар-жоғына келіп тіреледі. Шынымен де, құ­жатта аудармашының кесірінен бұрма­лаушылықтар кетіп қалуы мүмкін. Сон­дықтан, осы мәселеге назар аудару керек. Мысалы, орыс аудармашылары ау­дарған Ғаббас сұлтанның хатында сәйкес­сіздіктер өте көп. Егер, дерек дұрыс аударылмаса, біз оны қалай пайдаланамыз, сол аударма негізінде жасалған тұжырым да қате болып шықпай ма? Міне, осының салдарынан оқулыққа да қателіктер еніп кетеді.
Қазір бізде шығыстанушы маман туралы түсінік мүлде өзгерді. Бұрын кеңестік кезеңде бүкіл КСРО-да үш-ақ факультет болатын – Мәскеу, Ленинград және Ташкенттегі оқу орындары ғана маман даярлаумен айналысты. Олар нағыз кәсіби білікті шығыстанушы болып шығатын, сыртқы істер министрлігінде істейтіндер де солар еді. Ал, қазір 4 жылда үстірт оқып шыға салатын деңгейге жеттік. Екіншіден, шетелден әкелінген құжаттар біз үшін үлкен байлық. Бірақ, осы құжаттар қалай талданған, қандай көзқараспен жазылған, бұл бөлек мәселе. Сондықтан, тарихшы бір ғана құжатты қараумен шектелмей, күрделі зерттеу жұмысын жүргізуі тиіс. Бұл, енді, тарихшының біліктілігіне байланысты. Қазір бізде мамандардың деңгейі өте төмен және бұл көптен бері айтылып келеді. Айталық, магистрлік диссертациялар ешқандай дереккөзсіз, ізденіссіз жазыла беретін болды. Шынында да, бізде тарихшы мамандар даярлаудың сабақтастығы үзілуі себепті мүлдем басқа деңгейдегі тарихшылар пайда болды.
Б. Кәрібаев: – 2010 жылы елімізде қа­был­данған Ғылым туралы заң бұрынғы кеңестік, одан кейін 1991 жылдан кейін қа­лыптасқан жүйені бұзып, жаңа еуропалық интеграцияға сәйкестелген жүйені енгізді. Бірақ, бұл жүйе бізде әлі толық қалыптаса қойған жоқ. Сапасыз диплом жұмыстарының көбеюі соның салдары. Ғылыми жұмыс деген ең алдымен шығармашылық жұмыс, ол өз бетімен ізденуге негізделеді. Мысалы, Мадияр Елеуов деген тарихшының археология саласында он беттік тарау жазу үшін 12 жыл уақыты кеткен.
Т. Омарбеков: – Мен кезінде кан­ди­даттық диссертациямды жазу үшін 5 облыстың – Ақтөбе, Семей, Алматы, Шым­кент, Тараз архивтерінде, салалық мұрағаттарда отырдым, Мәскеуде де болдым. Қазіргі ізденушілер ең болмаса бір архивке бара ма, бармай ма, күмәнді.
Н. Атығаев: – Тарихшы ғалымдарды дайындау саласында біз батыстық жолды таңдап, бакалавр, магистр дайындауға көштік. Алайда, олардың талаптары бізге келе ме, қажеттілігі бар ма, жоқ па, оны дер кезінде ойланбадық. Қазіргі күні «импакт-фактор» деп шетелдік журналдарда мақала шығару үрдісі пайда болды. Докторанттарымыз 200-300 мың теңге төлеп мақала шығарады, бұл сол жур­нал­­дың иелері үшін ғана тиімді. Міне, сөйтіп Болон жүйесін асығыс қабылдаудың нәтижесінде сапасыз маман даярлап жатырмыз. Жалпы, батыс ғылымының өзіне де сын көзімен қарау керек, олардың док­тор­лық диссертацияларының деңгейі біз­дің кандидаттық диссертацияларға мүл­дем жетпейді, жалпылама жазылады. Сондықтан, шетелдің ғалымдарына бас ұрып, табынудың қажеті жоқ. Қазір мына Өзбекстанда ғылым академиясын қайтадан қалпына келтіріп, бұрынғы жүйеге көшу мәселесі қолға алынып жатыр. Біз де бұл жүйе жайында тереңірек ойлануымыз керек.
Екіншіден, аударма мәселесіне келсек.Мұнда тілді біліп қана қою жеткіліксіз, ең алдымен сол заманды, сол кезеңнің психологиясын зерттеп білу керек. Мысалы, Қазақстанның Ресейге қосылуына байланысты Әбілқайырдың жасаған шарты бар. Онымен бізде тарихшылар Т.Сұлтанов, И.Ерофеева айналысты. Негізінде Әбілқайырдың түсінігіндегі келісім-шартта бодандық емес, одақ­тасу мәселесі, яғни, Ресеймен тең дәре­жеде жауға қарсы бағытталған одақ құру жайы көзделген болатын. Ал, Ресей шенеуніктері өз мүдделеріне лайықтап, хат мәтініне қазақ хандары бізден бодандық сұрап отыр деген мағынада аударма жасаған. Бұл тек Ресейге ғана қатысты емес. Айталық, Бақыт Еженхан Абылайдың Қытайға жазған хатын зерттеді, ол қытай, манжу, түрік тілдерінде жазылған. Оның анықтауынша, хат қытай тіліне аударылған кезде Абылай бодандық сұрап отыр деп аударылған. Демек, деректерді аудару мәселесінде тілді білу жеткіліксіз. Сондай-ақ, парсы тілінің маманы Ислам Жеменейдің «Тарих-и Рашиди» туын­дысының аудармасы өте сәтсіз шыққан. Біз И.Жеменейді парсы тілін білмейді деп айта алмаймыз, ол сонда туып-өскен азамат. Бірақ, аударма ғылыми қолданысқа жарамайтындығы шындық. Өкінішке орай, қазіргі кезде кім нені, қалай шығарам десе де өзі білетін болды. Шығыстану, Тарих институтынан, тіл білетін мамандардан пікір сұрамай-ақ шығара беруге болады. Осы ретте басылым редакторлары өз жұмысына салғырт қарайды деген пікірдің жаны бар. Мен «Тарих-и Рашиди» шығармасымен біраз айналысқан, оның түрлі жылдары жиналған бірнеше қолжазбасымен танысқан маман болған­дықтан айтып отырмын.
Аударма дұрыс болмаса сапа туралы сөз қозғаудың қажеті не? Мен бір ғана сөйлемді ауыстыру жөнінде неше жыл бойы айтып келемін. Өткен жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өттік. Осыған қатысты парсы тіліндегі деректе маңызы зор бір сөйлем бар. Оны бізде қазақшаға «қазақ сұлтандарының билік құруының бастауы 870-ші жыл» деп аударды. Бірақ, қолжазбада билік құру туралы ешқандай сөз жоқ. «Дәулата салатина» деген мемлекет деген сөз. Яғни, қазақ сұлтандарының мемлекет құ­руының бастауы – 870 жыл. Мұны Мұхаммет Хайдардан да, басқалардан да кездестіреміз. «Дәулат» деп ол кезде мемлекетті айтады. Мысалы, Иранда болған қызылбас, сефеви мемлекеттері «Дәулата Қызылбаш», «Дәулата Сефеви» деп жазылады. Францияны «Дәулата Франсе» деп жазған. Мұнда Мұхаммед Хай­дардың өзі Қазақ хандығын мемлекет деп қабылдап отыр. Ол кейінгі Әділ Ғафарида да бар. Ал, біз оны мүлдем бөлек мағынамен аударып жүрміз.
Біздегі тілді білетіндер тарихнаманы білмейтіні бар. Мәтінді аударады. Бірақ, тарихнаманы білмегеннен кейін қателік кетеді. Жалпы, аудармамен айналысу үшін үлкен дайындық керек. Кейде тарихшыларға деректермен жұмыс істемейді деп кіна қояды. Қазақ хандығы тарихына қатысты іргелі еңбек 1964 ж. шықты, ол В.Вельяминов-Зерновтың зерттеулері. Міне, содан бері деректерді жинау жұмысы әлі жүргізіліп келеді, бұл жұмыс аяқталған жоқ, аяқталмайды да.
Бұл деректану деген мәселе тереңірек қарауды қажет етеді. Атақты деректанушы ғалымдар В.Вельяминов-Зернов ауқатты адам болған, барон В.Г.Тизенгаузен миллионер, В.В.Бартольд Кеңес үкіметіне дейін-ақ танымал ғалым, академик болып қа­лыптасқан, ол да ауқатты. Жалпы, деректанумен ауқатты адамдар айналысады, бұған көп қаржы керек. Кеңестік кезде мемлекет осы бағытты жақсы қаржыландырды, осы ғылыммен арнайы айналысатын ғалымдар шықты. Шығыстану факультеттерін, тарихи деректерді жинау орталықтарын ашты. Біздің М.Әбусейітова, Ж.Төлебаева, Т. Бей­сен­биев сол кезде қалыптасқан ғалымдар. Қазақстан бұл жағынан кенже қалды.1980-жылдардан бастап соңғы жылдарға дейін бұл салада құлдырау басталды.
«Мәдени мұра» бағдарламасының өзі бұрын шыққан құжаттарды қайта шы­ға­румен шектелді. Бұл да қаражатқа келіп тіреледі. Кейінгі «Халық тарих тол­қы­нында» бағдарламасы бойынша ше­тел­дегі деректер туралы арнайы жоба қабылданған болатын. Соған қаржы бөлініп шетелге шыға бастап едік, ол да тоқтап қалды. Өйткені, шетелден дерек іздеу қаражатты қажет етеді, тұруы, тамақтануы бар, қолжазбаны сатып алу керек, т.с.с. Иран мен Түркияда бір қолжазбаның өзі мың доллар шамасында. Сондықтан бұл мәселе мемлекет тарапынан көмек болмаса ешқашан толық шешілмейді. Бір ғана Сүлеймания кітапханасында 125 мыңнан астам қолжазба жиналған. Оны қарауға бір адамның өмірі жетпейді. Ал біз 1 аптаға барамыз, уақыттың тығыздығынан каталогқа қарап анықтауға кірісеміз. «Қазақ», «Дешті Қыпшақ» деген сөздер кездесетін беттерінің ғана көшірмесін сатып ала аламыз. Себебі, түгелдей сатып алуға ақша жетпейді
Иранда болғанымда бір қолжазба тауып алдым, өзі бір-ақ бет. Ол Аббас шахтың Тәуке ханға жазған хаты. Ке­зінде қыпшақтардың канцеляриясында құжаттар жоғалып кетпеуі үшін оны бірнеше рет көшірген, мынау соның біреуі (көшірмені көрсетті – Автор). Жәңгір хан ұлы Тәуекел ханға деп жазылған бұл деректі сараптай отырып, біріншіден, Тәуке хан 1680 жылдан бастап хандық құрды деген тұжырымнан бас тартуға тиіспіз. Аталмыш хатты Аббас шах Тәуке ханға 1661 жылы жазған деп нақты көрсетілген. Екіншіден, Сефевид билеушілерінің қазақ хандарын өздерімен тең дәрежелі хан, Қазақ хандығын тең дәрежелі мемлекет ретінде танып, елшілік алмастырғанын көреміз. Мұндай хат болмашы дереккөз сияқты, ал, көп нәрсе әлі зерттелмей жатыр. «Синсалат ассалати» деген қолжазба әлемде біреу-ақ, тек Британ кітапханасында ғана бар. Оның ішінде біз үшін құнды деректер өте көп. Мұндай деректер бізге әлі жеткен жоқ, оны сатып та ала алмайсың.
2002 жылы, мен бір деректе қазақ ханының суреті болуы керек деген жорамал жасадым. Өйткені, Британ кі­тап­ханасында Шах Исмаилға қатысты құжатта 21 сурет бар екен. Мен соның сипаттамасын қарап отырып, осының ішінде маңызды дерек бар деген түйінге келдім. Бірақ, көп ақша сұрағандықтан сатып ала алмадым. Өткен жылы ғана «Абди» компаниясының президенті Ә.Сар­манов сол деректі сатып алуға жәр­дем берді. Бұл бір беттік суретте қа­зақтардың қызылбастармен соғысы – Қасым ханның ұлы Әбілқайырдың шайқаста қаза болуы бейнеленген.
М. Ноғайбаева: – Нұрланның осы «История культуры Казахстана» атты кітабы жеке бизнесменнің қолдауымен басылып шықты. Жақсы сапамен шыққандықтан бір данасы 30 мың теңге тұрады. Оны оқу үдерісінде пайдаланайық десек сатып алуға жағдайымыз жоқ.
Е. Ноянов: – Бүгінгі күні шетелдік тарихи деректерді әкелуге көп көңіл бөлінуде. Шетелге барған ғалымдар өзіне қажетті деректерді әкеліп те жатыр. Бірақ, біз әлі күнге дейін орысша аудармадан бас тарта алмай отырмыз. Қытайдан келген оралман бауырларымыздың аудармасымен салыстырсақ, көптеген атаулар мүлде басқаша болып шығады. Біз Мөде қаған дейміз, онда Мөде деген атау жоқ, т.с.с. Тағы бір айта кетерлігі, осыдан мың жыл бұрынғы сөз саптау бүгінгідей емес. Кейде редакторлар өз сөзін қосып жібереді, жер-судың атаулары көп бұр­маланады. Содан барып орысшасымен салыстырып отыруға мәжбүрміз. Тіпті, «Мәдени мұра» бағдарламасымен шыққан деректердің өзін біресе орысшасын, біресе қазақшасын қарап отырған жайымыз бар. Сол себепті мұндай еңбектерді зерттеу ондаған жылдар бойы жүргізіле беретін жұмыс.
Сондай-ақ, маман даярлау проблемасы да өзекті. Қазір бізде Шығыстану факультетінде студенттер ежелгі және орта ғасырлар тарихын оқымайды, тек 20 ғасыр мен қазіргі Қазақстанды оқиды. Сондықтан, олар керемет маман-тарихшы дайындап жатыр деп айта алмаймыз. Соның салдарынан біздің Шығыстану факультетін бітірген балалар шетелдік бизнесмендердің кеңсесінде аудармашы болып жұмыс істеп жүр.
Н. Атығаев: – Жоғарыда айтылған «Та­рих-и Рашиди» еңбегінің сапасыз аудармасы Мәдениет және спорт министрлігінің қаржысына шығарылды. Бұл далаға кеткен ақша десек артық айтқандық емес. Қазақ хандығы бойынша Тараз қаласынан шығарылған энциклопедияға да сын көп. Ол кітап неліктен Таразда шықты, арнайы ғылыми-зерттеу институттары бар емес пе деген сұрақ туады. Сондықтан, қаржыны нақты, мақсатты түрде айналысатын мекемелерге беру керек. Деректерге қатысты тағы бір өзекті мәселе бар, қазір Ресейдің, Өзбекстанның архивтері қазақстандық ғалымдарға шектеу қоюда, қолжазба алу қиын. Бұл мәселе мемлекеттік деңгейде шешілуі тиіс, сонда ғана нәтиже болады.
М. Ноғайбаева: – Бұл саладағы мә­селелер шешімін табуы үшін ең алдымен ұлттық тарихты дамыту және қолдауға арналған ұзақ мерзімге есептелген мемлекеттік бағдарлама қабылдануы керек. Ол бағ­дарламаны жүргізу Ш.Уә­лиханов атын­дағы Тарих және этнология институты сияқты іргелі орталыққа тапсырылса, оның төңірегіне ҚазҰУ және басқа ғылыми орталар топтасса деген ұсынысымыз бар. Ал, қазіргі гранттық қаржыландырумен алысқа ұзамаймыз. Яғни, қазір бізде мемлекет 3 жылда бір рет гранттық қаржы бөліп отырады, біз соған лайықтап жобалар жасаймыз. Ол жобалар негізінен кезекті мерейтойлар, әлемдік, отандық үрдістерді қамтиды. Нәтижесі белгілі – 500 дана көлеміндегі монография, бірнеше ғылыми мақала шы­ғарылады, сонымен бітті. Міне, осылай жүйе­­лілік, сабақтастық деген жойылды. Сон­дықтан, ұлттық тарихты, тілді, әдебиетті жаратылыстану ғылымдары сияқты жасауға болмайтынын ұғынатын кез жетті. Тарих ғылымының басым бағыттарын қамтитын іргелі бағдарлама осы олқылықтарды жоюы тиіс. Әрбір сала бойынша ғылыми-зерт­теу орталықтарының, институттардың жұ­мысын Білім және ғылым министрлігі үйлес­­тіріп отыруы керек. Сонда ғана маман даярлаудан бастап академиялық ғылымға дейін бірізділікке түсер еді.
Б. Кәрібаев: – Ежелгі парсы, иран, қытай, антикалық деректердің көптігі және осы заманға жетуі сол елдерде тарихқа көңіл бөлінгенінің айғағы. Олардың әрбір оқиғасына дейін тасқа басылған. Ал, тарихқа жеткілікті көңіл бөлмеген елдің өткені ұмыт болады. Бүгінгі таңда қоғамда, мемлекетте тарихшының еңбегіне деген сұраныс жоғары. Бұл жұмыс нәтижелі болуы үшін тарих ғылымы мемлекеттің аялы алақанында болуы тиіс.

Алдыңғы «
Келесі »