Құранның тылсым сырлары

  • 10.05.2017
  • 1775 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Абай ХАМЗА,
журналист

Редакциядан: Назарларыңызға ұсынылып отырған «Дерт пен дауа» аудармасы күрделі мән-мағынасын түсініп оқып, оның қыр-сырына терең үңілуді қажет ететін дүние. Дерт – Алла жазасы жазылады. Оған дауа жаратқан иеміз бұйыртса табылады. Ендеше, аяқ асты келген дертке уайым-қайғымен емес, кезекті бір сынақ деп сабырлықпен қарап, оның дауасын іздеу, бұл шығарманың басты негізі.
Алла Тағала сендерге шипа берсін!

(Бәдиүззаман Саид Нұрси)
«Алладан келген сынақты қайғырмай
қарсы алу керек»
Нұртас Исабаев, ақын

Дерт пен дауа

Он тоғызыншы ғасырда өте күшті ағымға айналған материалистік философия адамдар арасында атеистік көзқарасты кең жая бастады. Әрі, хақ діннің негізі болған Құран ақиқаттарын да сынға алды. Сөйтіп, мұсылмандардың да көкейіне күдік салумен қатар, дүниежүзінде «коммунизм» атты дінсіздік жүйені орнату қимылы өріс алды.
Міне, осы кезеңде Түркиялық Ислам ғұламасы Саид Нұрси бұл ағымға тойтарыс беру мақсатында Құранның терең мағыналарынан бастау алған Рисалей Нұр атты тәпсірлерін өз шәкірттерімен бірге дайындап Хақ діннің жолында үлкен жетістікке жетті. Адамдардың Иманын құтқаруға себеп болды. Соңғы жылдары бұл шығармаларды қазақ тіліне аудару қолға алынып, қазір тұрақты оқырмандардың қатары арта түсуде. Оқырмандарды осы әйгілі шығарманың «Дерт пен Дауа» атты бөлімімен таныстыруды мақсат еттік.
Бұл Лемада («нұрсәуле» деген ма­ғы­­нада, ауд.) адамзаттың оннан бір бө­лігін құрайтын азап шеккендер мен сырқаттарға шынайы демеу әрі шипалы дәрі ретінде «Жиырма бес дауа» қысқаша баяндалмақ.
Бірінші дауа. Ей, бойын науқас меңдеген шарасыз жан! Уайымдама, сабыр ет! Сырқат саған денеңе дерт болса да, рухыңа шипа болар. Өйткені, өмір дегеніміз қаражат байлыққа ұқсайды, ағылып кетіп жатыр. Егер, ол пайдалы жеміс бермесе түкке жарамайды. Оның үстіне, адам өміріне рахат пен немқұрайдылық қосылса, одан сайын оның нәтижелі жемісі азая түседі. Міне, осындай жағдайда науқас өмірді табысты, әрі жемісті қылады. Және де, өмірдің зымырап, тез өте шығуын тежеп, тосқауыл болады, оны ұзартады. Осылайша, рухани жеміс береді. Өмірдің науқас кезде ұзаратынын мегзейтін ел арасына кең тараған: «Қайғылы күндер ұзақ, ал, қуанышты күндер қысқа болады» деген асыл сөз бар.
Екінші дауа. Ей, сабырсыз науқас жан! Ауруға шыда! Тіпті, оған шүкір ет! Бойыңдағы дерттің қиналыстары өміріңнің әрбір минөттерін бір-бір сағаттық құлшылыққа айналдыруы мүм­кін. Өйткені, құлшылық екі түрлі. Бірі болымды, бірі болымсыз. Болымдысы – намаз сияқты мәлім ғибадаттар. Болымсызы, осындай ауру-сырқау, уайым-қайғы. Қайғыға душар болған адам өзінің әлсіз әрі дәрменсіз екенін сезінеді. Халиқы Рахимына жалбарынады. Сөйтіп, шын жүректен пәк, шынайы құлшылыққа қолы жетеді.
Алла Тағалаға реніш білдірмей, сабыр сақтаған жағдайда ауру-сырқаумен өткен өмір, мұсылманның құлшылығы болып саналатындығы нақты хадистермен дәлелденген. Тіпті, кейбір сабырлы әрі шүкір етуші науқастардың бір минөттік ауруы, бір сағат ғибадат болып есептелетініне, мұның алдында айтыл­ғандай бұлтартпас айғақтар бар. Сенің қысқа өміріңді ұзақ өмірге айналдырып жатқан ауруды айыптап шағымданба, қайта оған алғыс айт!
Үшінші дауа. Ей, шыдамсыз, нау­қас жан! Адам баласы бұл дүниеге рахатқа батып, ләззат алу үшін келмеген. Дүниеге келгендердің ұзақ аялдамай кетіп қалуы, жастың қартаюы және әр нәрсенің әрдайым соңы болатыны, ақырында қош айтысатыны осының айғағы. Адамзат – тіршілік атаулының ең кереметі, өте жоғары мәртебелісі, жаратылысы күрделі, дене, сезім мүше секілді құрал-жабдықтарға бай, тіршілік иелерінің сұлтаны бола тұра, өткен жақсы күндерін сағынып, келешектегі қиыншылықтарды уайымдап, мұңлы да өкінішті өмір сүреді. Демек, адам баласы бұл дүниеге тек жақсы өмір сүру үшін, рахат пен шаттық үшін емес, мәңгілік бақытқа жету үшін еңбек етуге келген. Оның қолындағы қазынасы өз өмірі. Егер, ауырмаса, үнемі саушылдықта бола берсе дүние оған қызық, әрі сұлу болып көрінеді. Ақырет дүниесін ұмытады, қабірді, өлімді ойлағысы келмейді. Өмір атты байлығын бос нәрселерге жұмсаумен уақыт өткізеді. Ал, ауырса, жанына батқан сырқат оның көкірек көзін ашады: «Ажалдан қашып құтыла алмайсың, босқа жаратылған жоқсың атқаруға тиіс міндетің бар. Тәкәппарланба! Өзіңді жаратқан Иеңді ойла, Оның бұйрығын есіңе ал! Қабірге кіретініңді ұмытпа!»
Міне, бойды меңдеген әлгі дерт бұл тұрғыда таптырмас насихатшы, жөнге салушы, нұсқаушы, тәлім беруші бір ұстаз секілді. Олай болса, ауруға шағымдана берме, қайта рахмет айт! Ал, егер сырқат шамадан артық ауыр соқса, онда сабыр сақтау ең дұрысы.
Төртінші дауа. Ей, шағымшыл науқас жан! Сенің арыз айтуға хақың жоқ.Сенің міндетің шүкір ету, сабыр сақтау.Себебі, сендегі бүтін дене, мүше ағзалар, сезім құрал-жабдықтары сенікі емес. Оларды сен жасап немесе сатып алған жоқсың. Демек, ол мүліктер Жаратушы Иеге тән. Олардың Иесі өз мүлкіне қалауынша билік жүргізе алады.
«Жиырма алтыншы Сөзде» мысал ретінде айтылғандай өте бай, асқан шебер біреу, өзінің ғажайып өнерін, әрі мол байлығын паш ету үшін, өзі тіккен киімдерін кигізіп маникендік міндет атқаруға арнайы ақы төлеп, бір кісіні уақытша жалдап алады. Өзінің өнерін салып тіккен әдемі көйлегін әлгіге кигізді.Оның үстінде өз жұмысын жүргізіп, ға­жайып өнерінің сан-алуан қырын көрсету үшін, көйлекті кесті, пішті, ауыстырды, ұзартты, қысқартты. Апырым-ай, әлгі жалданған пақыр: «Мені әурелеме! Оты­рып-тұрудан, иіліп-еңкеюден шаршадым.Жарасып тұрған көйлекті кесіп-пішіп сә­німді бұздың» деп, шеберге қарсы сөз айтуға хақысы бар ма?!Оған «Мені әуреге салып шаршаттың!» дей ала ма?
Міне, осы мысал сияқты Саниы Зүлд­жәлал, яғни, Құдіреті Күшті Шебер Алла саған он екі мүше етіп көз, құлақ, ақыл, жүрек… сияқты нұрлы сезімдерге толы әсем «дене» атты көйлекті кигізіп, өзінің әсем есімдерін көрсету үшін сан-алуан жағдайларға душар қылады. Қарның ашқан кезде Оның Раззақ есімін танитының сияқты, Шафи есімін де ауырғанда білесің.Өмірдегі қайғы-қасіреттер кейбір Иләһи есімдердің үстемдігін танытатындықтан, олардан хикмет сәулелерін, рахымдылық шуақтарын және сол сәулелер мен шуақтардан көптеген әсемдіктерді таба­сың. Егер, де перде ысырылса, науқас адам, үрейлене қорыққан дерт пердесінің арғы жағында әсем мағыналар мен терең сырлар жатқанын көрген болар еді.
Бесінші дауа. Ей, ауруға шал­дыққан дос! Біле білсең, дерт деген Құ­дайдың жарылқауы, Рахман сыйы. Оған өзімнің өмірлік тәжірибем арқылы көзім жетті. Соңғы бес-он жылда, ондайға лайық болмасам да, кейбір сырқатқа ұшы­раған жастар, сауығу үшін дұға етіңіз, деп келетін болды. Басқа саушылдықта жүрген жастармен салыстыра қарасам, олар ақыретін ойлап, жастарға тән албырт мінезінен тыйылғаны көрінеді. Жастық қызуға мас емес. Немқұрайдылықтан, хай­уанға тән құмарлықтан біршама алыс­таған. Мен ондай жастарға, сабыр сақ­тауға болатындай сырқат болса Алла Таға­ланың жарылқауы, Жаратушының их­сан сыйы екенін ескертіп түсіндірген едім. Оларға: «Дертіңнің зардабы көрініп тұрған жоқ, жан ашитындай жағдайда емессің ғой. Қалайша дұға етейін? Қайта, ауру көкірек көзіңді ашқанша сабыр сақта! Ауру өз міндетін атқарған соң, Рақымы мол Алла, Иншалла, шипа беріп, оңалып кетерсің… Өте сау болудың өзі көптеген достарыңның басына бақыт емес, пәле болып ғапылет ұйқысына батыруда. Олар иманды ұмытып, намазға жығылмай, қабірді ойламай, Алланы танымай жүр. Бұл дүниелік өмірдің алдамшы қызығын қуып, мәңгі өмірін ұмытып, болашағын тас-талқан етіп алуы қаупінде жүр. Сен науқас болған соң, түбінде баратын қабіріңді, одан кейінгі ақыреттік сапарыңды сезіп, соған қарай дайындалудасың. Демек, бұл дерт сен үшін нағыз денсаулық, ал, кейбір достарыңның денсаулығы рухани дертпен тең болуда» дейтінмін.
Алтыншы шипа. Ей, төзімсіз, нау­қас бауырым! Қуанышқа толы өткен күндермен қайғылы сәттерді есіңе алшы. Әлбетте, «шіркін!» немесе «әттең!» дей­сің, яғни, «Әлхамдулилла, шүкір» мен «әттегенайды» не жүрегің, не тілің айтады. Расында, саған «Әлхамдулиллаһ» дегізген бастан өткен уайым-қайғың ғой. Олар рухани ләззатқа бөлеп, көңілді көтереді, адамға шүкір еткізеді. Өйткені, бейнет түбі зейнет қой. Қайғы-қасіреттің кетуі жанды жадыратады. Соны ұғына алсаң, көңілің шалқып, шүкір етесің. Ал, сенің «әттеген-ай» деп, өкінетінің бұрыңғы алдамшы ләззатың мен шаттығың. Енді, сол өтіп кеткен алдамшы қы­зы­ғың көңіліңді жабырқатып, мұңға батырады. Бір күндік орынсыз ләззат кейде жылдар бойы жаныңды мазалап, қинайды. Ал, бір күндік өткінші дерттің азабы, көп уақыт бойы рухани ләззатқа бөлейді. Олай болса, басыңа түскен өткінші дерттің нәтижесін ойла, ондағы сауаптарды күт! «Бұл да өтер кетер…» деп шүкір ет! Шағымдана берме!
Алтыншы дауа1. Ей, бұл дүниенің алдамшы қызығын ойлап, дертіне жаны күйзелген достым! Бұл дүние мәңгі болса, өлім деген болмаса әрі қоштасу мен қайғы қинамаса, сенің осы мұңды халіңе жаным ашыр еді. Алайда, бір күні бәрімізге: «Қане, бұл дүниеден шығыңдар!» деген бұйрық келетіні анық. Сонда, жан ай­қайымызға кім құлақ асады!? Ендеше, бұл дү­ниеден кетпес бұрын, осындай ауру-сыр­қаулардың көкірек көзімізді ашуын тілеп, сөйтіп қазірден бастап алдамшы дү­­ниеге ынтық болудан сақтанғанымыз жөн.
Иә, дерт бізге былай дейді: «Денең тас пен темірден емес, әрдайым қирауға дайын сан-алуан бөлшектерден құралған. Босқа мықтысынба! Әлсіз екеніңді ұқ! Жаратқан Иеңді таны, міндетіңді, бұл дүниеге неге келгеніңді біл!» Бұл дүниенің қызығы келте, ләззаты өткінші. Оның үстіне шариғаттан тыс болса күнәсі де көп. Науқастанып, қызықтан құр қалдым деп өкінбе, қайта дерттің рухани ғибадаты мен ақыретке қатысты сауапты жақтарын ойла, рухани рахатқа жетуге тырыс!
Жетінші дауа. Ей, денсаулықтың ләззатынан айрылған науқас! Сенің ауырғандығың, денсаулықтағы Алланың игіліктерінен айырып жатқан жоқ. Қайта ауруың, саушылдықтың игілігін одан сайын тәтті етіп, оны арттыра түсуде. Өйткені, бір нәрсе үнемі қайталана берсе, қадірі кетеді. Бұл туралы ізгі адамдар бір ауыздан былай деген: «Кез-келген нәрсенің нағыз қадірі соған қарама-қарсы нәрсе арқылы жақсы білінеді». Мысалы, қараңғысыз жарықтың қадірі, суықсыз жылудың қадірі білінбейді. Яғни, қызығы жоқ. Аштықты көрмеген тоқтықтың қа­діріне, шөлдемеген судың қадіріне жетпейді. Дертті болмай денсаулықтың қадірін білмейсің. Алла Тағала сан-алуан, шексіз нығметтерінің дәмін таттырып, бағалату үшін адам бойына өте көп сезімдер жаратқан. Сол арқылы өзінің түрлі-түрлі сый ихсанын білдіріп, әр түрлі игіліктерін таттырғысы келеді. Адам баласын әрдайым шүкір етуге шақырады. Денге саулық пен тәбетті бергені сияқты, науқасты да қоса жі­береді.
Мынаған жауап бере аламысың? «Егер, ауруға душар болмағаныңда ба­сыңның, асқазаныңның сау кезіндегі ра­ха­тын, яғни, Жаратушының жәрдемін ескеріп, шүкір ететін бе едің?» Әлбетте, шүкір етудің орнына осы Иләһи игілікті ойламас та едің! Денсаулықтың қадірін білмей, қапы қалып, оны бос орынсыз істерге, ойын-күлкіге жұмсар едің.
Сегізінші дауа. Ей, ақыретін уайым­­даған науқас! Ауру деген сабын тә­різді тазартқыш нәрсе, күнә деген кірді кетіріп, болмысты тазартады. Аурудың күнәларға бедел болатыны, яғни күнәні жуа­­тыны сахих хадистерден белгілі. «Же­міс ағашын сілкілегенде піскен жемістер қалай түссе иман адамның науқастан дірілдеп, қалтырауы да оны күнәлардан арылтады». Жасаған күнәлар о дүниелік мәңгі өмірде дауасы жоқ кесел, ал, бұл дү­ниеде ар-ұжданның мағынауи іріп-шіруі болып саналады. Егер, сабыр сақтасаң, шағымданбасаң өткінші дертке душар болуыңның себебінен көптеген, жазылмас рухани аурулардан айығасың. Егер, күнәларыңды ойламай және Алланы танымай жүрген болсаң, онда сен денеңдегі уақытша аурудан да миллион есе ауыр рухани науқассың деген сөз. Шағымданғың келсе, міне, осы рухани ауруыңнан шағымдануың керек. Иә, сенің жүрегің, рухың, нәпсің әлемдегі жаратылыстармен тығыз байланыс­та. Бұл өмірдегі үздіксіз қоштасулар сол байланыстарды үзіп, жанды жаралап отырады. Оның үстіне ақыретті түсінбегендіктен өлімді мәңгі жойылу деп ойлап, осы өткінші ауруыңнан да ауыр рухани кеселге шалдығасың. Сондықтан, әуелі сол қатерлі де қауіпті мағынауи сырқатты емдейтін күшті дәрі, күмәнсіз шипа болар иман дәрісін іздеп сеніміңді сауықтыруың қажет. Оны іздеудің бірден-бір дұрыс жолы аурудың себебі арқылы рухани ұйқыдан оянып, өмірдің мастығынан арылып, ақырет алдында өзіңнің әлсіз екеніңді сезініп, Қадыры Зүлжәлалдың құдіретін, мейір­бандылығын, қамқорлығын та­нуың шарт.
Рас, Алланы танымайтын пенденің ой санасына жын-шайтан үйір. Ал, Алланы танитын адамның ішкі әлемі мағынауи қуанышқа толы болады. Мұны әркім има­нының дәрежесіне қарай сезеді. Міне, осылайша иманмен байланысты мағынауи қуаныш кез-келген дене сырқатының қайғысын арылтып, қаттылығын жұмсар­тып жібереді.
Тоғызыншы дауа. Ей, Халиқ жара­тушысын таныған науқас! Адам­дар аурудың өлімге себепші бола­тындығынан да қорқып, қайғы­рады, уайымға салынады. Егер, өлімге надан көзбен қарасаң әрине, ол қорқынышты. Сондықтан, әуелі мынаны біл әрі оған шүбәланба! Ажал маңдайға жазылған, сондықтан, өзгермейді. Хал үстіндегі науқасты күтуші болып жүрген дені сап-сау кісілердің әлгі науқастан бұрын көз жұмып, ал, демі әне-міне үзілгелі жатқандардың ауруынан айығып ке­тетін кездері аз емес қой. Өлім сырт көзге көрінгендей сонша қорқынышты емес.
Өлім имандылардың өмірдегі міндет ауыртпалығынан босатылуы әрі «дүние» атты сынақ алаңынан ғана кетуі, басқа сөзбен айтқанда тәлім-тәрбие болып табылатын бұл дүниедегі құлдық міндетінен босау, о дүниеге аттанып кеткен жүзден тоқсан тоғызы сүйікті жандарға, ағайын-туысқа қауышу, түпкілікті мәңгі Отанына бағыт алып, бақи бақытқа бөленудің, ең жоғары мәртебеге шығудың бастауы, дүние зынданынан Жәннат бақша­сына шақырылу, атқарған қызметіне қарай Халиқы Рахимнің мейірімділік қазы­насынан сый алуға кезекке тұру, деген сөз. Өлімнің шын мәнісіне үрейленбей қайта оны рақымға кенелу мен бақытқа бөленудің басы деп түсінген жөн. Алла жо­лын­дағы кісінің өлімнен қорқуы, оның қорқынышты екендігінен емес, қайта «мұнан да көбірек сауап алайын, өмір міндетін жақсылықпен атқарып қалайын» деп ойлауынан. Ия,имандылар үшін өлім мейірімділік қақпасы, ал, Құдайдан безген имансыздар үшін қараңғы да ызғарлы зындан.
Оныншы дауа. Ей, уайымшыл, науқас! Сен ғой ауру азабын ойлап, уайымдап жатырсың. Бұл ауруыңды үдете түседі. Ауруыңның жеңілдеуін қаласаң, уайымдамауға тырыс. Яғни, аурудың өткінші екенін оның пайдалары мен сауаптарын ойла.
Иә, уайым кеселді ауырлата түседі. Уайымның кесірінен дене сырқатына рухани ауру ұласып бірін-бірі үдете береді. Егер, Аллаға бет бұрып, аурудың хикметін ойласаң аурудың түп-тамыры кесіліп, жеңілдеп қаласың. Тіпті, сауыға бастайсың. Үрейленсең ауруың ондаған есе ұлғайып, асқынып кетеді. Ал, уайым шекпесең аурудың оннан тоғызынан айығасың. Демек, уайым деген ауру­дың үдеткіші. Уайымдау дегеннің өзі Алланың хикметін кінәлау деген сөз. Оның рақымдылығын айыптау, Ха­лиқы Рахимынан шағымдану деген сөз. Мұндайда, науқастың кеселі ауырлай түседі. Шүкір ету, игілікті арттырады. Ал, шағымдану кесел мен қайғыны ұлғайтады. Оның жалғыз емі аурудың хикметін түсіну. Сөйтіп, сары уайымнан құтылу. «Әлхамдулиллаһи ала кулли хал яғни, қандай күйде болсам да Аллаға шүкір!» деп, сабыр ет!
Он бірінші дауа. Ей, сабырсыз, науқас достым!
Дәл қазір ауруың мазаңды алып тұр­ғанымен, бүгінге дейін қинаған азаптың аяқталуы, түбі сені қуанышқа бөлейді. Сон­­дықтан, сауығатын дертке бола қиналып, қайғырма! Сен білместіктен уайым­ға салынып, сабырсыздық етіп отыр­сың. Себебі, бүгінге дейінгі сырқат­тың бейнетімен бірге оның уайымы да қоса кетті ғой. Одан сауаптар мен сауығу ләззаты қалды. Олар саған табыс пен қуаныш әкеледі. Ал, сен болсаң өткенді ойлап өкініп, өзіңді шаршатудасың. Бұлай ету ақымақтық. Өткен қайтып оралмайды. Ал, ертеңгі күн ертең келеді. Сол жоқ күнді бар сияқты қарау ақымақтық емей не?
Демек, бұдан бұрынғы науқас кез­дерің қуанышқа айналады. Ал, алдағы уақытта саған ауру жабыса ма, жабыспай ма, ол жағы әзірше беймәлім. Сондықтан, орынсыз уайымдама. Хақ Тағала дарытқан сабырлық қуатын есепсіз шашпа! Оны дәл осы шақтағы қайғыға қарсы қой. «Я, Сабыр!» деп шыдап бақ.
Он екінші дауа. Ей, аурудың кесірінен ғибадат пен дұға жасай алмай әрі сонысына өкінген, науқас! «Тақуа бір мұсылман күнделікті оқып жүрген дұғасының сауабын науқастанып оқи алмаған кезде де алатын болады» деген хадистің бар екенін біле жүр. Парыздарын мүмкіндігінше орындауға тырыс­қан науқас, сабыр сақтап, тәуекел етсе, сырқатының ауырлығынан орындалмай қалған сүннеттердің сауабы осы сырқат есебінен толтырылады. Сондай-ақ, ауру адам дәрменсіз болғандықтан өзінің халі­мен де тілімен дұға етіп жалынады. Хақ Тағала адам баласын соншалық әлсіз етіп жаратқан. Себебі, осылайша өзіне әрдайым нияз әрі дұға еткізеді.
«Дұғаларың болмаса, қандай қадір­лерің бар?» деген аяттың сыры да, адам бала­сының жаратылыс хикметі де, қадірлі болуы­ның себебі де шынайы дұға ету екенін көрсетеді. Жалбарынудың ең оңтайлы сәті ауру болған кез. Сондықтан, ауырған адам шағымданудың орнына Аллаға шүкір етуі қажет. Науқастықтан ашылған «дұға бұлағын» денсаулыққа тез қол жеткізем деп, мүлде бітеп тастамауы керек.
Он үшінші дауа. Ей, науқастықтан ша­ғымданған шарасыз, сырқат!
Ауруға шалдығу кейбіреулер үшін қа­зына көзі, баға жетпес Иләһи сыйлық. Әрбір науқас кісі, кеселіне осылай қара­ғаны жөн. Оның үстіне ажалдың қашан келетіні белгісіз ғой. Алла Тағала, адам баласын дүниеден күдер үзуден немесе қаннен-қаперсіз жүруден құтқару үшін қорқыныш пен үміттің арасында, яғни, дүние мен ақыретті тепе-тең ұстауы үшін өзінің хикметімен ажал уақытын жасырып қойған. Ажал кез-келген уақытта келуі мүмкін. Егер, ажал, адам­ның ғапылет алаңсыз кезінде жетсе, мәңгілік өмірі қатерге ұшырайды. Ал, ауру болса осындай бейқамдықтан сақтандырады. Ақыретті еске салып, өлім туралы ойландырады. Ақыреттің қамын ойлатады. Кейде аурудың мол табысқа кенелтетіні сондай, жиырма жылда әрең жететін мәртебеге жиырма күнде шығарады. Жиырма күнде ес жиып, Жаратушысына жалбарынуды үйренеді.
Иманды болсын, достарымыздың ішін­де екі жас жігіт бар еді. Бірі Иламалық Сабри, екіншісі Ислам ауылынан келген Уәзірзаде Мұстафа. Бұл екеуі жазу білмесе де шәкірттерімнің ішінде адалдық пен иман қызметінде үздік болатын. Соның хикметін біле алмай таңқалушы едім. Қайтыс болғандарында ғана түсіндім. Екеуінің де науқасы өте ауыр екен. Басқа ғапыл, парыздарды орындамайтын жас­тарға қарағанда олар науқас болуы себепті екеуі де өте тақуа еді. Екеуі де адал қыз­мет етіп жүрді және ақыретке пайда­лы істер атқарды. Иншаллаһ, олардың екі жылға ұласқан ауру халдері, мәңгі өмірдің бақытына бөленулеріне себеп болды. Олардың сауығуы үшін жасаған дұғаларым… дүниелік тұрғыдан дұрыс емес болғанын енді түсіндім. Бірақ, ол дұға-тілегім ақыреттік халге пайдасы тиер деп ойлаймын.
Міне, осы екі жігіт, тақуалық арқылы меніңше, ондаған жылда қол жететін табысқа аз уақытта ие болды. Егер, екеуі кейбір жастар секілді денсаулық пен жастыққа сеніп, орынсыз ойын-сауыққа салынғанда, ажал да аңдып жүріп күнә жасаған сәттерін бас салған болса, қабір­лерін мұндай нұрға емес, бақа-шаян мен жыланға толтырар ма еді, қайтер еді!? Міне, аурудың осындай пайдасы бар екен. Онда ауруға шағымданбай, қайта тәуекел деп сабыр етіп, тіпті, шүкір етіп, Алланың мейіріміне арқа сүйеу аса қажет.
Он төртінші дауа. Ей, көзін шел басқан, науқас адам!
Егер, имандылардың көзін басқан шелдің арғы жағында керемет бір нұр, мағынауи бір көз жатқанын білсең, Раббы Рахимыңа шексіз шүкір етер едің. Осы шипаны дәлелдейтін бір оқиғаны баян етейін.
Барлалық Сүлейман сөзімді екі етпей маған адал қызмет етті. Сүлейманның әпкесі бар еді. Сол әпкесінің көзін бірде ақшел басып, көруден қалды. Әлгі, ақкөңіл әйел маған аса зор құрмет көрсетіп, мешіттен шыға берісте: «Көзім ашыла ма екен, маған дұға етіңізші!» деп өтінді. Мен де сол мүбәрак әйелдің адалдығын дұғама шапағатшы етіп: «Я, Аллаһым! Оның адал ниеті үшін көзін аша гөр!» деп жалбарынып, дұға еттім. Ертеңіне Бурдур қаласынан көз дәрігері келіп, әйелдің көзін емдеп, көзі көре бастады. Алайда, қырық күннен кейін қайтадан зағип қалпына түсті. Қатты өкіндім… көп-көп дұға оқыдым. Иншаллаһ, сол оқыған дұғаларым оның ақыреті үшін қабыл болған шығар. Әйтпесе, менің сол бір дұғам оған жөнсіз, бәлкім қарғыс болар еді. Неге десеңіз байғұстың ажалы жетіп тұр екен. Қырық күннен соң қайтыс болды. Иман шуағына бөленсін!
Міне, әлгі марқұм әйел Барланың жабырқау бау-бақшаларын аянышты қарттық көзбен қырық күн ғана тамашалады. Есесіне, ол енді о дүниеде Жәннаттың бау-бақшасын қырық мыңдаған күн тамашалайтын болады. Өйткені, оның иманы күшті, дініне берік болатын. Иә, мүмин қабірге көзін шел басып енсе, нұрлы әлемді әлдеқайда жақсы тамашалайтын болады. Мысалы, бұл дүниеде біз көп нәрсені көре аламыз, ал, соқыр мүминдер көрмейді. Соқыр кісі қабірге иманды кетсе, Жәннат бауларын өзге қабірдегілерден әлдеқайда артық тамашалай алады. Алысқа дүрбі салған кісі сияқты, олар да о дүниеге барған соң мәртебесіне қарай, жұмақтың бау-бақшаларын қызықтайтын болады. Міне, көздегі ақшелге шүкір және сабыр ету арқылы Жәннатқа осылай қол жеткізеді. Әлгіндей ақшелді сылып тастап, жанарыңды шырадай жандыратын жалғыз дәрігер Қасиетті Құран Кәрім ғана.
Он бесінші дауа. Ей, жаны қинал­ған, науқас адам! Науқастығыңды уайым­дап қиналма! Оның мән-мағынасын ойла! Егер, ауру шынымен-ақ жаман болса, Алла Тағала ең сүйікті құлдарына сырқат жібермеген болар еді. Алайда, мынадай хадис бар:
«Қиыншылыққа, қайғыға ең көп душар болғандар негізінде жақсы әрі кә­міл адамдар». Мысалы, Хазіреті Әйүб Ға­лей­­һиссалам мен өзге пайғамбарларды және әулиелер мен діндар кісілерді еске алайық. Олар өзіне келген кеселге Рах­манның жарылқауы деп қараған, сабыр сақтап, шүкір еткен. Сырқатты адамды әурелеу емес, Рахманның емдеу тәсілінің бірі деп, білген.
Ей, қиналған науқас! Әлгі ізгі адам­дардың нұрлы көшінің соңына ілес­кің келсе, сабыр сақтап, шүкір ет! Әйтпесе, олар көшіне қоспайды, онда қапы қалғандардың құрған тұзағына түсесің.
Иә, аурудың түрі көп. Кейбірі өліммен аяқталып, мағынауи шәйіт тәрізді әулиелік дәрежесіне шығуға баспалдақ болады. Оған, балаға босану кезіндегі өлім (толғатқан сәтінен бастап, босанғаннан қырық күнге дейін шәйттік өлім), суға бату, өртеніп кету жатады. Міне, осы себептен қайтыс болғандар мағынауи шәйіт саналады. Соңы өліммен аяқталса, әулиелік дәрежесіне көтеретін көптеген мүбәрак аурудың түрлері бар. Сондай-ақ, науқастық адамды дүниеқұмарлықтан, көрсеқызарлықтан сақтайды. Сөйтіп, өліммен аяқталғаны, дүниеқұмарлар үшін тым қайғылы да өкінішті болып саналатын қоштасуды жеңілдетіп, тіпті сүйсіндіреді.
Он алтыншы дауа. Ей, жаны күйзеліп, арызданған науқас!
Науқастық өмірде маңызы зор сыйластық пен қайырымдылықты арт­тыра түседі. Өйткені, ауру адам баласын қатігездікке бастайтын жағдайдан сақтайды. Яғни, ешкіммен жұмысы бол­май, өзімен-өзі болудан құтқарады. Бойың­ды жайлаған ауру сені осындай орынсыз оңашаланудан сақтайды. Себе­бі: «Сөз жоқ адам баласы, өзін мұңсыз көргендіктен әрине, аза­ды» деген аятта­ғыдай денсаулық пен сау­шылдықтан туындайтын истиғнаның (мұқ­таж­сыз көріну) себеп болуымен нәп­сісі тәкаппарланып, құрметке лайық бауыр­ларға деген сый­ластықты ұмытады. Кө­мекке мұқтаж шарасыз, кемтағарлар мен науқастарға жаны ашымайды. Ал, өзі ауырып қалғанда ауру арқылы мүсәпірлікті түсініп, туыс-бауырларына қолынан келгенше жәрдем жасауға тырысады.
Көңілін сұрай келген немесе көмек­тескен мүмин бауырларына дән риза болып, оларға деген сыйластық сезімі оянады. Адамдарға деген жанашырлығы артады. Сондай-ақ, байғұстарға Ислами мінезбен мейірлене қарауды түсінеді. Оларды өзімен салыстырып, жанашыр болады, шариғатта сүннет болып саналатын науқастың жағдайын сұрап үйіне барады. Сауапты іс атқарады.
Он жетінші дауа. Ей, науқас­танып, өзгеге қайырымдылық жасай алма­ғанына шағымданған науқас! Шү­кір ет! Біле білсең, бұл ауру саған қайы­рымдылық қазынасының есігін ашып тұр. Науқастық сен сияқты науқастарға және науқас жандарды Алла ризалығы үшін бағушыларға сауап жаздырып қана қоймай, дұғаның қа­был болуының бірден-бір себебі болады.
Рас, науқасты бағушылар, егер, иманды кісілер болса, мол сауап алады. Науқастың халін сұрау, оған барып тұру Пайғамбарымыздан (с.а.у.) қалған сүннет, әрі күнәнің кешірілуіне ықпалы зор. Алайда, оның мазасын алып көп отырмау шарт.
«Науқас жандардың батасын алың­дар. Өйткені, олардың дұғасы қабыл болады» деген хадис бар. Әсіресе, науқас өзіңнің туысқаның болса, оның ішінде ата-анаң болса, оларға жасалған қызмет маңызды ғибадат, мол сауап саналады. Ал, науқастың көңілін көтеру, үміттендірудің өзі мәнісі зор садақа. Әке-шешесі науқас­танғанда олардың сезімтал көңілдерін аулап, қайыр дұғаларын, ақ баталарын алған бала ең бақытты.
Иә, ардақты ата-анасының мейірімін ескеріп, олар сырқаттанып қалғанда сыйлап, құрмет көрсетіп, перзенттік борышын өтеуге тырысқан мұндай жақсы балаларға, тіпті, періштелер де «Бәрекелді, Машаллаһ» деп риза болады екен.
Иә, қиналған кезде ауруды сездір­мейтін өте жағымды ләззат бар. Ол – ауру адамның жанына жиналған жа­н­ашыр, мейірбанды, қайырымды кісі­лердің жылы сөздері мен жасаған қамқорлықтары.
Науқас жанның дұғасы қабыл болатыны жай бір мәселе емес. Менің арқамның шаншитыны бар еді. Отыз-қырық жылдан бері сол ауруыма Алладан шипа тілеп, дұға ететінмін. Енді түсіндім, бұл кесел маған дұға етуім үшін берілген екен. Дұға­менен дұғаны (яғни, дұға өзін өзі) жоюға болмайтындықтан дұғалардың пайдасы ақыретте тиетінін түсіндім. Дұғаның өзі де ғибадаттың бір түрі. Ауру меңдеп, өзінің әлсіздігін аңғарған пенде Жаратқан Иесіне жалбарынатын болады2.
Иә, отыз жылдан бері шипа тіледім, бірақ, қабыл болған жоқ. Алайда, дұғаны доғару ойыма еш келген емес. Өйткені, ауруға шалдыққан шақтың өзі, дұға ету уақыты болып табылады. Тәуір болу – дұғаның нәтижесі емес, Алла Та­ғала шипаны асқан мейірімділігімен береді. Және де, дұға біз ойлағандай қабыл болмаса, оған ренжуге болмайды. Халиқы Хаким әр нәрсені шексіз біледі, біз үшін қайсысы пайдалы болса, соны береді. Кейде дүниелік шаруа үшін жасаған дұғаңды біздің пайдамызға ақыреттік түрде қабыл алады. Алдында ескерткеніміздей ауырғанда шара­сыздықтан туған адал әрі пәк дұға­лардың қабыл болу ықтималы өте мол. Демек, ауру осындай шынайы дұғаға себеп екен. Діндар бір науқас немесе науқасты бағушы мүминдер осындай дұғаның қабыл болатын сәттерін пайдаланып қалғандары жөн.
Он сегізінші дауа. Ей, шүкірді қойып, арыз айта бастаған науқас! Арызды хақысы бар адам айтады. Сенің оған хақың жоқ. Қайта мойныңда шүкір ету міндеті бар. Сен оны орындамадың. Аллаһ Тағаланың хақысын өтемей, өз хақыңды жоқ­тағандай орынсыз шағымданасың. Өзің­нен әлдеқайда денсаулығы мықты­ларға қарап шағым айтуға сенің хақың жоқ. Қайта сен, өзіңнен денсаулығы нашар, шарасыз науқастарға қарап, шүкір етуге тиістісің. Қолың сынса, қолсыз шо­лақтарға қара! Бір көзің соқыр болса, екі көзі жоқтарға қара! Аллаға шүкір ет! Игілік тұрғысынан өзінен жоғарыларға қарап шағымдануға ешкімнің хақысы жоқ. Ал, қайғы-қасірет жағынан өзінен әлде­қайда қайғылы жандарға қарау әркімнің міндеті. Адам сонда ғана шүкір етеді. Бұл сыр басқа еңбектерімде мынадай бір тәмсілмен түсіндірілген болатын. Оның қысқаша мағынасы мынадай:
«Бір мырза, бір міскінді биік мұна­раның басына жетектеп алып шығады. Мұнараның әрбір баспалдағына көте­рілген сайын оған бір сыйлық береді. Дәл ұшына барғанда оған тағы бір аса құнды сыйлық ұсынады. Әлгі кісі манағы қыруар сыйлықтар үшін рахмет айтып, әлгі мырзаға қарыздар болудың орнына, әрбір баспалдақ үшін алған сыйлықтарды түгел ұмытып немесе менсінбей, жоғарыға қарап, шіркін, анау мұнара сияқты мына мұнара да биік болғанда ғой, әлі де биік­теуге болады екен. Бұл мұнара нелік­тен әнебір мұнара сияқты биік емес, дегендей шағым айта бастаса, онда оның соншалықты қадірді бағаламайтын, қайы­рымсыз екені белгілі бола қалады».
Сол сияқты адам баласы әу баста жоқ еді, бар болды. Тас болмай, ағаш та болмай, тіпті, хайуан да болып қалмай, адам болды. Мұсылман болды, әрі ұзақ уақыт денсаулығы мықты болып, мол игілікке бөленді. Бірақ, кейбір себептермен денсаулық сияқты нығметтерге лайық бола алмаса немесе өзінің жат қылықтарымен, жөнсіз әрекеттерімен денсаулығынан айырылып қалса, са­быр етпей «Құдайға не жаздым!» деп, Алланың билігіне наразылық біл­діріп, шағымдану, арыздану – дене сыр­қатынан әлдеқайда ауыр рухани сыр­қат. Бұндай мінез шығару сынық қолмен шайқасқа шығумен тең. Осын­дай жөнсіз шағымның кесірінен кеселін үдетіп алады. Ақылды адам: «Қашан оларға бір қайғы жетсе, олар шын мәнінде біз Аллаға тәнбіз әрі Оған қайтушымыз, дейді» дегендей Аллаға мойынсұнып, сабыр қылған кісіні айтады. Сол кезде келген дерт те өз міндетін атқарып қана, жайына кете барады.
Он тоғызыншы дауа. Жәмил Зүл­жәлалдың барлық есімдерінің Әсма-үл Хүсна деп аталуы олардың әсем, тамаша екендігін көрсетеді. Болмыс атаулының ішінде ең нәзік, ең керемет нәрсе өмір-тіршілік әрі өте ауқымды Самедани айна. Яғни, Алланың көркем есімдерін ең тамаша көрсететін құбылыс осы тіршіліктің өзі.
Әсем тарапынан айнаға не түссе, солай әсем көрінетініндей, өмір айнасына не түссе бәрі ғажап болып көрінеді. Өйткені, ол айна Әсма-үл Хүснаның әсем нақыштарын көрсетеді. Өмір әрдайым сау-саламат, бір қалыпты күйде болса, оған нұқсан келеді. Бар екендігі білінбей, тіпті, жоқ сияқты мәні азаяды. Ондай өмір өзінің қасиетін жояды. Өмірдің қызығы кетіп көңілсіздік басталады. Ондай адамның іші пысып, уақытын өткізу үшін азғындыққа салынады немесе ойын-сауық қуатын болады. Қамаудағы адам мерзімінің тезірек аяқталуын аңсайтыны сияқты, құнды өмірінің де тез өте шыққанын қалайды. Ал, өзге­рістер мен жаңалықтарға толы, дауылды да соқтықпалы өмірдің өзі құнды әрі маңызды әрі қызық. Өмір машақат пен қайғыға, бейнетке толы болса да оның аяқталуын қаламайды. «Түһ, күн батпады ғой немесе неткен ұзақ түн» деп қиналып, дөңбекшімейді.
Рас, асқан бай, төрт құбыласы түгел, қамсыз, екі қолы алдына симаған мырзадан хал сұрасаң, әлбетте, «уақыт өтпейді, кел, екеуміз уақыт өткізу үшін бір ермек табайық» деуі әбден мүмкін. Ал, адал еңбегімен бейнеттеніп күн кешкен шаруаның олай демесі анық. Ол: «Құдайға шүкір. Жұмыс көп. Шіркін-ай, Күн мұнша тез батпаса ғой. Рас, жұмыс ауыр, бірақ, бұл да өтеді де кетеді. Барлық нәрсе осылай тез емес пе?» деп мағыналық жағынан өмірдің қаншалықты құнды екенін өкіне айтады. Тез өткенін қаламайды. Демек, машақат және еңбек ету арқылы өмірдің қызығы, тіршіліктің құндылығы артады. Демалыс пен денсаулық болса, өмірдің мәнін кетіріп, тез өтуін тілетеді.
Ей, науқас, дос! Біле білсең қайғы мен күнәлардың қайнар көзі болым­сыздықтан басталады. Болымсыздық дегеніміз, демалыс, тыныштық, то­қырау, тоқтау. Осындай бірқалыпты күйден жоқ болудың лебі есіп, жанды күйзелтеді. Іс-қимыл, өзгеріс пен жаңалық болса, бар болудың белгісі. Бар болу нағыз жақ­сылық әрі нұр. Мынау ауруың құнды өмірді түрлендіріп, жаңаландыруға, қуат­тандырып дамы­туға, денеңдегі басқа мү­шелерді әлгі науқас мүшенің айналасына жұмыл­дырып, көмектестіруге және Саниы Хакимнің түрлі-түрлі есімдерінің на­қыштарын көрсетуге себепкер болады. Ауру осы сияқты көптеген маңызды міндеттер үшін жіберілген. Иншалла, өз міндетін атқарған соң аурудың өзі-ақ кетеді. Кетерінде денсаулыққа: «Кел, менің орнымда сен қал. Міндетіңді атқар, енді сенің кезегің» дейтін болады.
Жиырмасыншы дауа. Ей, дер­ті­не шипа іздеген науқас жан! Ауру­дың екі түрі бар. Біреуі нақты, екіншісі нақты емес, яғни, уайымға салыну. Шәфи Хакимы Зүлжәлал Жер атты алып дәріханасында аурудың нақты түрінің бәріне шипа жаратқан. Демек, әлгі дерттер міндетті түрде шипаларды қажет етеді. Барлық дертке шипа бар деген сөз. Жазылып кетемін деп, дәрі-дәрмек ішіп, ем-дом қолдануға болады. Алайда, олардың әсері мен шипасын Алла Тағаладан деп білу қажет. Дәрі-дәрмекті Алла Тағала жаратса, шипаны да сол өзі береді.
Тәжірибелі әрі діндар дәрігердің айт­қанын істеу маңызды бір ем саналады. Өйткені, көптеген аурулар ысыраптан, шамадан тыс ішіп-жеуден, өмірлік қате­ліктерден, орынсыз ойын-сауықтан, жал­қау салғырттықтан пайда болады. Дін­дар дәрігер дұрыс насихат айтып, жақсы кеңес береді. Жат қылықтардан, ысырап етуден тыйып, көңілді демейді. Науқас бұл насихатқа, демеуге сүйеніп оңалып қалады. Ауруы жеңілдеп көңілі рахаттанады.
Ал, екінші уайым деген кеселден құтылудың шарасы, ауруға көңіл бөлмеу, ойламау. Ауру ойлаған сайын ұлғая түседі. Көңіл бөлмесе, жазылып, тарап кетеді. Мәселен, араның ұясына тиіскен сайын үймелеп, шабуылын үдете түседі, ал, тиіспесең жайына кетеді ғой.
Тағы бір мысал, қараңғыда ілулі бір жіпке мән беріп, назар аударған сайын үлкейіп, үрей туғызады. Тіпті, зәресі ұшып, тұра қашуы да мүмкін. Егер, мән бермесе оның жылан емес жәй ғана жіп екені белгілі болып қалады. Күлкі тудыруы да ықтимал.
Егер, уайымға салынып ауруға өте мән беріп, соны ғана ойласа, ол шын­дыққа айналады. Әсіресе, бұл ауру, жүйкесі жұқа кісілерге аса қауіпті. Түй­медейді түйедей етіп, төзімін тауысып алады. Оның үстіне науқас адам тоңмойын дәрігерге немесе ынсапсыз емшіге тап болса, не байлығынан айырылады, не ақылынан адасады. Немесе денсаулығын мүлдем, жоғалтады.
Жиырма бірінші дауа. Ей, нау­­қас достым! Аурудан тән азабын тартып жат­қаныңды білемін ғой. Алайда, сол тән азабынан да күшті жан ләззаты бар екенін ұмытпа! Егер, әке-шешең және ең жақын туыстарың аман болса, олар­дың өзің бала кезіңде ғана сезінген ләззатты мейірімдеріне қайта қауышып, сәби күндердегі аяулы алақандардың қайта әлпештеуіне бөлендің деп, біл. Осы аурудың себебімен шын достың байқалмай жүрген сүйіспеншілігіне және мейіріміне бөленесің. Мұндай жағдаймен салыстырсаң, әрине, мына тән ауруың мен қайғың оның қасында түк те емес қой. Және де, өзің қызмет көрсетіп, ілтипатына бөленгің келген жақын адамдарың, енді, өздері келіп, саған мейірім төгіп, құрақ ұшып жатқандықтан құрметті адамға айналдың ғой. Оның үстіне жаныңдағылардың қамқорлық сезімдерін оятып, жоқ жерден көптеген қызметшілер мен мейірбан жандарға, достарға тап болдың. Әрі сырқатыңның арқасында бейнеттен босатылып, міне, демалып жатырсың. Әлбетте, сенің тән ауруың мынау мағынауи ләззаттардың қасында түк емес қой. Сондықтан, оған өкінбе, қайта шүкір ет!
Жиырма екінші дауа. Ей, сал ауруына душар болған, достым! Әуелі сені қуантып қояйын, мұсылманның сал болып қалуы мүбәрак саналады, яғни, ерекше қорғауға алынғандай болады. Мұны әулие кісілерден көп естігенмін. Оның бір ғана сырын көңіліме түйген едім.
Әулиелер Аллаһ Тағалаға жақындау үшін және дүниенің рухани қауіп-қатерлерінен құтылу үшін, әрі мәңгі өмірін дүняуи кеселдерден сақтап қалу мақсатымен екі жолды ұстанған.
Біреуі – Рабыта Мәут, яғни, дүниені пәни өткінші деп біліп және өзінің де міндет жүктелген уақытша қонақ екенін мойындап, мәңгі өмірге ғана дайындалу шартын ұстанған.
Екіншісі – қызбалық пен ожар сезімдердің қауіп-қатерінен құтылу үшін, азапты істермен айналысқан, аш қалып нәпсісін тәрбиелеген.
Ей, денесінің жартысы жансыз қалған, бауырлар! Сендерге бақыт кілті болып табылатын екі қайнар көз қысқа әрі оңай жолмен берілген екен. Сенің жансыз денең дүниенің баянсыз, адамдардың пәни екенін дәлелдейді. Бұдан былай қу дүние сені алдап, бейқамдық көзіңді байламайтын болады. Жарты денесінен жан кеткен науқас кісіні әрине, нәпсі еліктіре алмайды. Нәпсінің пәлесінен сен оңай құтылдың. Міне, мүмин адам иман, тәсілім, тәуекел арқылы сол бір сал ауруын пайдаланып әулие кісілердің әрең дегенде шыққан мәртебелеріне аз уақытта шыға алады. Сонда саған келген сырқат, сені күнәдан қорғап сауабыңды арттыратын хикметке айналады.
Жиырма үшінші дауа. Ей, ғаріп болып оқшау қалған шарасыз науқас! Науқасың мен жалғыздығың, төңірегіңдегілердің тас жүректерін жібітіп саған деген аяныш сезімдерін оятты ғой. Апырым-ай, Қасиетті Құранның барлық сүрелерінің басында өзін Рахман әрі Рахим сипаттарымен таныттырған және мол мейірімділігінің лебімен барлық аналарды сәбиін асқан қамқорлығымен тәрбиелеткен, сондай-ақ, мейірімінің шуағы көктем сайын Жер жүзін игілігімен толтырған, аса қамқор Жаратқан Иеңе иман арқылы арқа сүйеп, оны танып, ауру қалпыңда жалбарынсаң, бұл бір ғанибет қой. Яғни, сенің жалғыздығың, Оның мейірімі мол назарын өзіңе аударады. Демек, Алла сені көріп отыр. Ендеше, жалғызсырайтын сен емес, қайта, Аллаға иман етпей қасарысып немесе оған арқа сүйеу дегенге мән бермей жүргендер. Қамықса солар қамықсын, солар айықпас уайымға түссін!
Жиырма төртінші дауа. Ей, бейкүнә балалар мен бала секілді қарт­тарға қызмет етіп жүрген күтушілер! Сіздерге ақыретке қатысты өте маңызды сауда жасау мүмкіндігі тиіп тұр. Сол ақыреттік сауданы ынта-жігермен пайдаланып қалыңдар!
Сәбилердің ауруында нәзік дене­лерін машықтандыру және бола­шақта өмірдің соқпақтарына төтеп беруге жаттықтыру әрі Раббани тәрбие сияқты дүниелік өміріне қатысты көптеген хикмет бар. Сондай-ақ, оның рухани өмірін күнәлардан арылтатын, үлкен кісілерге кәффаре-түз-зуынуб саналатын бұл қиыншылық, жас балалар үшін келешекте және ақыретте рухани дамуына себін тигізетін сырқатының сауаптары, ата-анасының сауап дәптеріне жазылатындығы, әсіресе, аса мейірімділікпен өз денсаулығын баласы үшін пида еткен анасының амал дәптеріне жазылатындығы ақиқатшыл жандар тарапынан расталған.
Ал, қарияларды бағудың, әсіресе, олардың баталарын алу мен көңілдерін көншітудің, адал қызмет етудің, бұл дүниеде әрі ақыретте бақытқа бөленуге бірден-бір себеп болатыны нақты хадис­термен және өмірде болған оқиғалармен дәлелденген. Қарт әке-шешесіне мойын­сұнып, айтқандарын істеген бақытты бала, өз баласынан да дәл сондай ізгілік көретінін, ал, егер, әке-шешесінің көңі­лін қалдырған екінші біреу ақырет азабынан басқа, дүниеде де көп бәлеге душар болып, сазайын тартатынын өмірде көріп те жүрміз.
Иә, қарияларға, бейкүнә жандарға, сондай-ақ туысқандарға ғана емес иманды (өйткені, имандылықта нағыз достық пен бауырластық сыры бар) кісілерге, егер олар науқас әрі мұқтаж болса, оларға шын көңілден қызмет ету Ислам дінінің негізгі талабы.
Жиырма бесінші дауа. Ей, науқас жандар! Сіздер дертке дауа, жанға шипа, ләззатты әрі қасиетті, нағыз дәрі қаласаңыздар, имандарыңды қуаттандыра түсіңдер! Яғни, тәубе және истиғфар етіп, намаз оқып, құлшылық ету арқылы әлгі қасиетті дәрі – Иман дәрісін ішіңіздер!
Иә, дүниеге деген сүйіспеншілік пен қызығушылықтан болып ақырет дайын­дығы мүлде естен шыққан мағы­науи науқастар да бар. Қоштасу мен айырылысудың опығын жеп ауыр жара­қаттанған мұндайларды иман­дылықпен әп-сәтте емдеп, рухани жараларын тәуір қылып, нағыз шипа берудің жолдары көптеген еңбектерімде дәлелденген болатын.
Енді, осымен, қысқа қайырайын. Имани дәрінің әсері парыздарды мүмкіндігінше жақсы орындаған кезде ғана сезіледі. Мақсатсыз өмір, арзан күлкі, түрлі нәпсіқұмарлық иманның әсерін әлсіретіп, тіпті, жойып жібереді. Демек, науқастық пәни өмірге алданудан сақтайды. Орынсыз құмарлықтарға баруға кедергі болады. Олай болса, осындай сәтті пайдаланып қалыңдар, сырқат келген кезде шүкір етіп қарсы алыңдар, сабыр сақтап сауап алып қалыңдар, ғапылет ұйқысынан оянып иманды қорғаңдар!..
Толық иманның қасиетті дәрілерінен, оның нұрларынан тәубе, истиғфар кешірім тілеу арқылы және дұға мен жалбарыну арқылы пайдаларыңызға жаратыңыздар. Алла Тағала сендерге шипа берсін. Науқастықтарыңызды күнәларыңның жазасы, яғни, «кәффаратуз-зунуб» деп, қабыл алсын! Әмин. Әмин. Әмин…
«Барлық мақтау бізді осы тура жолға салған Аллаға тән. Егер, Алла бізді тура жолға салмаса еді, тура жолды таба алмайтын едік. Расында, Раббымыздың елшілері шындықты келтірген еді» деп, аятын оқып шүкір етеміз.

1. Көңілге еріксіз түрде келгендіктен «алтыншы шипа» екі мәрте жазылды. Фытри болған соң, қол сұқпадық, сол қалпында қалды. Мүмкін бір сыры болар деп өзгертпедік.
2. Рас, кейбір кесел дұға еткізіп, жал­барынуға себеп болады. Ал, дұға етіп нау­қастың жазылуын тілеу дұғаның өзін-өзі жойып жіберуі болып табылады. Әрине бұл қисынсыз.

Алдыңғы «
Келесі »