«ТӘУЕЛДІЛІГІМ МЕН ЕРКІНДІГІМ»

  • 10.05.2017
  • 620 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Хадиша ҚАМЗАБЕК,
студент

Әз Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өткенімізге көп бола қойған жоқ. Азаттық пен бостандық мұраты Қазақ елі жадынан ешқашан шыққан емес. Баға жетпес рухани мұрамыздың бәрі «ежелден еркіндік аңсағанымызды» айғақтайды. Біз мұндай көңіл-күйдегі халықтың, ұлттың жалғызы емеспіз. Басқа – басқа, «демократия жүрегіміз» деп, әлемге жиі жар салатын Америка Құрама Штаттары арғы-бергі тарихының өзі әу заманнан шеттетілген нәсілдердің, этностардың әділеттік үшін күресінен тұрады. «Осы мәселенің түйінін шешуді кім көрсете алды?» деген сұрақ бізді жиі мазалайтын.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұтқырлық бағдарламасы аясында АҚШ-тың Канзас штаты Питтсбург университетінде білім жетілдіре жүріп, ХІХ ғасырда қара нәсілділердің құқығын қорғау үшін аянбай күрескен аса танымал тұлға, ағартушы, аболиционист, жазушы Фредерик Дугластың (толық аты-жөні – Фредерик Огастес Уошингтон Бейли, 1818-1895) ағылшын тілінде 1855 жылы басылған «Тәуелділігім мен еркіндігім» (My Bondage and My Freedom) атты автобиографиялық еңбегін ұшырастырдық.
Материалды бір деммен оқып шықтық десек те болады. Осындағы «құл үшін төртінші шілденің мәні неде?» (What to the slave is the Fourth of July?) атты еңбегін қазақ тіліне аудару қажет деп санадық. Бұл – оның 1852 жылы 5 шілдеде Нью-Йорк штатына қарасты Рочестер қаласының Коритиан залында АҚШ Президенті алдында жасаған баяндамасы.
Дуглас тағдыры мен тарихы, ұстыны мен ұстанымы – біз үшін ерекше тағылым, сабақ дей аламын. Оның құлдыққа қарсы күресі 1838 жылы Солтүстікке қашқан кезінен басталады. 1847 жылы гуманист қай­раткер «Солтүстік жұлдызы» атты газет шығарады. Кейіннен, бұл басылым құл иеленушілікке қарсы ең басты мекемеге және мінберге айналады. 1861-1865 жылдардағы азаматтық соғысы кезінде газет құлдарды шұғыл босату туралы ұран тастайды. Сонымен қатар, алғашқы негр полктарының негізін салуға да қатысады. Біз сирек қолданатын «аболиционист» термині – халықты құлдықтан құтқару жолындағы ымырасыз қай­раткерді яки күрескерді анықтайды. Материалдағы «4 шілде» – 1776 жылы АҚШ-тың Ұлыбритания корольдігінен азаттық алып, Тәуелсіздік Декларациясын жариялаған күні.
Баяндамадан Фредерик Дугластың батылдығы, тапқырлығы, шешендігі, білімділігі, көрегенділігі айқын аңға­рылады. Ең бастысы, ол адамның, ұлттың, нәсілдің құқын таптау – Жарат­қанның заңына да, адамзат дамуына да қарсы қасыретті, аяр құбылыс екенін жан-жақты дәлелдеп көрсетеді.
Бір ескерер жайт, Дуглас Америка құрлығында осылай шырылдап қана қоймай, тегеурінді күш көрсетіп жатқанда, қиырдағы Қазақ даласында да Кенесары хан бастаған қаһармандар, олардың ізбасарлары «жаным – арым­ның садағасы» деп күресіп жатты…

Фредерик Дуглас,
әлемге танымал қайраткер

Құл үшін Төртінші шілденің мәні нде?

Рочестер қаласы, Нью-Йорк штаты
5 шілде, 1852

Отандастар, менің сөз сөйлеуге ниет­тен­генімнің себебі, осы республиканың негізін қалаған аталарымызды құрмет­тегендік қана емес. Тәуелсіздік Декларация­сын қабылдаған олар батыл болған. Оларды «ұлы» деп атасам да, қателеспеймін. Ұлы болғанының дәлелі ұлы дәуірді құра алғанында жатыр. Кез келген ұлт өркендей бермейді, кез келген ұлттың шын жанашыры бола бермейді. Бүгінгі бөлісуге мәжбүр болып тұрған пікірім оларды жақсы жағынан танытпаса да, мен ол адамдардың жасаған істеріне сүйсініп қарайтынымды айтқым келеді. Олар отаншыл, қайсар ел ағалары еді. Игі істері және берік ұстанымдары үшін мен бүгін сендермен бірігіп, оларды құрметтеп еске аламын…
…Отандастар, кешірерсіңдер, бір нәрсені сұрауға рұқсат етіңдер. Мен бүгін осы жерде сөз сөйлеуге не үшін шақырылдым? Біздің (менің немесе қандастарымның) сендердің тәуелсіздіктеріңе не қатысымыз бар? Тәу­ел­­сіздік Декларациясында бекітілген сая­си бостандық пен әділдіктің «ұлы» қағи­далары бізге арналды ма? Әлде, мен ұлт­тық алтарьға қарапайым ұсыныс алып келіп, тиімділігін мойындатқызып, Құдайға шүкіршілік ету үшін ғана шақырылдым ба?
Бұл сұрақтарға, Құдай, біз үшін де, сендер үшін де оң жауап жазсын. Сол кезде ғана менің міндетім мен басыма түскен қиыншылықтар жеңілдей түседі. Халықтың рақымдылығы жылыта алмайтындай адам­ның қаншалықты суыққанды болуы керек? Баға жетпес сыйға алғыс айтпайтын ол қай қыңыр? Ұлттық мейрамда халықтың «Алилуясына» қосылмайтын ол қай сылбыр өзімшіл? Мен атап шыққандарымның ешқайсысына жатпаймын. Менен шыққан ондай қылық – мылқаудың әңгіменің майын тамызып айтуымен немесе қолы шолақ адамның ағаштан түйін түйгенімен тең.
Бірақ, мәселе ол нәрседе емес. Сіз бен біздің арамыздағы сәйкессіздікті зарлы мұңмен айтып жатырмын. Бүгінгі мерейтойды тойлаушылар қатарына мен қосыла алмаймын. Ұлы тәуелсіздік тек сіз бен біздің арамыздағы шексіз қашықтықты көрсетеді. Сендердің үйіп-төгіп жатқан алғыстарың бәрімізге ортақ емес. Әділет­тілік, бостандық, тәуелсіздік пен береке мұра болып өз ата-бабаларыңнан сендерге қалған. Маған емес. Сендерге жарық пен дауа сыйлаған күн сәулесі маған тек қараңғылық пен өлім әкелді. Төртінші шілде – сендердің күндерің. Менікі емес. Сендер қуансаңдар болады, ал, мен қайғырамын. Кісен салынған адамды бостандық ордасына әкеліп, қуаныштарыңды бөлісуге шақырғандарың – адамдыққа жат қорлық.
Азаматтар, маған бүгін «сөз сөйле!» дегендерің мені мысқыл қылғандарың ба? Олай болса, сендердің әрекеттеріңмен теңесетін нәрсе бар. Ескертуге рұқсат етіңдер: қылмыстары жеті қат көкке жетіп, Тәңірдің тынысымен қайта жерге түсіп, өзінің ісі қиратқан ұлттан үлгі алған қауіпті. Бүгін мен азап шеккен, қайғыдан қажыған адамдардың зарын естірте аламын.
«Вавилон өзені бойында отырып, Сионды еске алып, жыладық. Талға арфаларымызды іліп қойдық. Себебі, бізді тұтқында ұстағандар ән шырқа десе, бізді мысқыл қылғандар олардың көңілдерін көтергенімізді қалады: «Сионның әнін айтыңдаршы!». Тәңіріміздің әнін бөтен жерде қалай айтамыз? Сені ұмытсам, Иерусалим, оң қолымның жаны кетсін! Сені еске алмасам, тілім таңдайыма жабыссын!»1.
Отандастар, сендердің ұлттық елірген шат­тықтарыңнан гөрі қаттырақ шығып жатқан дыбыс – миллиондаған жанның ыңырсуы. Бүгінгі шаттық үнін естігеннен кешегі ауыр шынжыры мүлдем төзгісіз болып бара жатқан жандардың шырқыраған қиналысы. Егер, мен ұмытатын болсам, егер, мен қиыншылықтан қансырап жатқан балаларды еске алмасам, «оң қолымның жаны кетсін, тілім таңдайыма жабыссын!». Олардың қиналғандарын ұмытып, тозған тақырыптарға сөйлей бергенім – ең бұрыс, ұятқа қалдыратын сатқындық; Құдай алдындағы, бүкіл әлем алдындағы жазғыру. Менің әңгімемнің тақырыбы – Америка құлдығы, отандастар. Мен бүгінгі күнді және оның сипаттарын құлдың көзқарасы жағынан қарастырамын. Американдық құлдар атынан бұл елдің іс-әрекеттері биылғы төртінші шілде күні одан сайын қарая түсіп, нағыз қастықтың белгісі болып отырғанын айтқым келеді. Өткеннің қаулысы болсын, бүгіннің жарлығы болсын, бұл халықтың (Америка.-ауд.) әрекет­терінің бәрі сұмпайы. Америка өзінің өткені мен бүгініне қиянат жасап келе жатыр, енді, келешегін де ресми түрде жалғандықпен байланыстырғалы тұр. Бұл жағдайда Құдай алдында қал­жыраған, қан­сыраған құл ретінде, қор­ланған адамдық атынан, байлаулы еркіндік атынан, ешкім елемей, белден басылған Конституция мен Библия атынан маған аударылып жатқан назарды пайдалана отырып, мен кінәраттап айтамын: құлдықты мәңгілеу – Американың ең үлкен күнәсі, абыройсыздығы. «Мен қашқақтамаймын; мен кешір­меймін»2.
Кейбір тыңдаушылар «Бұл жағдайға тап болғандарыңыздың себебі, халық­тың сізден және аболиционшы бауыр­ларыңыздан жа­ғымды әсер алмауында. Айыптаудың орнына дауласып, кі­­нә­­лаудың орнына шындыққа көзімізді жет­кізсеңіздер, істерің нәтижелі болар еді» деп жатқан боларсыздар. Дегенмен, мен мойындаймын, бәрі онсыз да түсінікті жерде дауласудың мәні жоқ. Құлдыққа қарсы ұстанымның қай пунктімен келіспегенімді қалайсыздар? Бұл елдің халқы тақырыптың қай жерін түсінбеді? Мен құлдың адам екенін дәлелдеуім керек пе? Бұл пікір мойындалып қойған. Ешкімнің күмәні жоқ. Заң қабылдау кезінде мұны құл иеленушілердің өздері қолдады. Әсіресе, бағынбаған құлды жазалау кезінде. Вирджиния штатында қара нәсілді адам 72 түрлі қылмыс үшін (қаншалықты білімсіз екеніне қарамастан), ал, ақ адам тек 2 қылмыс түрі үшін өлім жазасына кесіледі. Құлдың саналы, интеллектуалды және жауапқа тартылатын жаратылыс екенін мойындау осы ғой. Құлдың адам екенін мойындағандары осы ғой. Құлға оқу мен жазуды үйреткеннің қаншалықты қатал жазаланатыны оңтүс­тіктің жарлық кітапшаларының қаулы­ларында айқын көрсетілген. Сендер бізге қатысты кез келген заңды дала аңымен3 байланыстырсаңдар, мен құлдың адам­шылығының мойындалғанымен келіс­пей­мін. Көшелеріңдегі иттерің, қора­дағы сиыр­ларың, ұшқан құс, жүзген балық пен жорғалаған жыландарың мал мен құлды ажырата алмаса, мен бәріне құлдың адам екенін мойындатқызамын!
Әзірше, негр нәсілінің басқалармен тең екендігін растау жеткілікті. Біз жер жыртып, бақша егіп, механикалық құралдарды пайдаланамыз; үй салып, көпір тұрғызып, кеме құрастырып, мыс, темір, күміс пен алтын сияқты металдармен жұмыс істейміз; оқу, жазу, есептеу білеміз; арамызда көптеген заңгер, дәрігер, министр, ақын-жазушы, шешен мен мұғалімдер бар; бүкіл халыққа ортақ кәсіпкерлікпен айналысамыз, Калифорнияда алтын қазып, Тынық мұхитында кит аулап, үйімізде мал бағамыз. Өмір сүріп, әрекеттеніп, ойланып, жоспар құрып, біреулерге күйеу, әйел, бала болып, христиандар ретінде Құдайға табынып, өлімнен қорқып, өмірге үмітпен қарай тұра, біз неге адам екенімізді дәлелдеуіміз керек?
Адам баласының еркін болуға құқықты екенін дәлелдеуім керек пе? Адамның өз жаны мен тәнінің қожайыны екенін дәлелдеуім керек пе? Сендер оны мойындап қойғансыңдар. Менің құлдықтың бұрыс екенін дәлелдеуім керек пе? Бұл Республикалықтарға қоятын сұрақ па? Логика мен дәлелді, ойлану мен күш салуды қажет ететін, түсінуге қиын сұрақ па? Дәл қазір Америка халқына кез келген адамның бостандыққа құқығы бар екенін түсіндіргенім күлкілі көрінеді емес пе? Сендерді жәбірлегенімдей естіледі емес пе? Бұл өмірде құлдықтың бұрыс екенін білмейтін жан жоқ.
Адамды малға айналдырып, бостан­ды­ғынан айырып, жұмысына ақша төлемей, ағайын-туысынан ажыратып, таяқпен ұрып, қамшымен сабап, терісін сыдырып, денесін күйдіріп, аукционда сатып, бағындыру үшін ашықтырып азаптау дұрыс емес екенін айтуым керек пе? Қанмен жазылған, ласпен кірленген жүйенің дұрыс еместігін айтуым керек пе? Жоқ! Мен уақыт пен күш-жігерімді басқа нәрселерге арнаймын.
Ендеше, келіспейтін, дәлелдейтін не қалды? Құлдықты жаратқан Құдай емес екендігі ме? Дін ілімінің қателесетіні ме? Адамгершілікке жатпайтын зұлымдық Құдай­дың жаратқаны бола алмайды десем, Құдайға тіл тигізгенім. Ондайды қабылдай алатындар бар шығар, мен қабылдай алмас­пын. Бүгін мен басқаша сөз сөйлеймін.
Бүгінгі күні сендірерлік дәлел емес, ащы ирония керек. Халық алдына шыққан мүмкіндігімді пайдаланып, бүгін сарказм мен зілге толы сөз сөйлеп жатырмын. Себебі, қазір керегі – жарық емес, жалын. Ақ жауын емес, найзағай. Бізге керегі – дауыл, боран, сілкініс! Бізге керегі – халықтың сана-сезімі, ар-на­мысының оянуы; бұрысының дұрысқа айналып, іс-әрекетінің түзелуі. Бізге керегі – халықтың екіжүзділігін мойындап, Құдай мен адамға қарсы істеген қылмысын жариялап, сол үшін жауап беруі.
Америкалық құл үшін төртінші шілде нені білдіреді? Жауабым мынадай: Бұл күн – құлға оның үлкен әділетсіздік пен қатігездіктің мәңгі құр­баны екенін еске салатын күн. Сен­дердің бұл күнді тойлауларың – құл үшін жалған. Сендердің мақтан тұтатын тәуелсіздіктерің – құл үшін кесірлі құжат. Ұлттық айбын­дылықтарың – құл үшін үдемелі менмен­шілдік. Шат­тыққа толы үндерің – тасжүректің бос дыбысы. «Еркіндік пен теңдік» деп айқайлағандарың – бізді ма­зақ қыл­ғандарың. Оқыған дұғаларың, әндет­кен әнұрандарың, діни шерулерің мен салтанатты ризашылықтарың – құл үшін дүрдиюшілік, алаяқтылық, екі­жүз­ділік пен өтірік – жабайы ха­лық­тың қылмысын жауып тұрған жұ­қа шымылдық. Қазіргі күні жер бетінде құрама штаттар халқының әдістерінен қатал, қанды әдістерді қолданған халық жоқ.
Баратын жерге барып, ізденіп, монархия мен деспотия орнаған елдерді аралап шығыңдар; Оңтүстік Американы көріңдер. Әрбір зорлық әрекетін есепке алыңдар. Айуандылық пен ұятсыздықта Америкамен теңесетін ел таппайсыңдар…
Халықты бүгін жамандағаныма қара­мастан, әлі де болса үмітімді үзбеймін. Құлдықтың құлауын жүзеге асыру мақ­са­тында жасалып жатқан әрекеттер бар. «Құтқармайтындай Тәңірдің қолы қыс­­қарған емес»4 және құлдықтың аяқ­талуы күмән туғызбайды. Сол себепті мен болашаққа деген үмітпен бастаған жерім­нен тоқтаймын. Тәуелсіздік Декларациясын, оның ұлы қағидалары және америкалық институттардың ішіндегі дана тұжырымдарды қабылдай отырып, заман үрдістеріне рухым көтерілді. Қазір халықтар арасындағы қарым-қатынас баяғыдай емес. Ешбір халық басқалардан тыс шығып, ата-бабасының ескі жолына түсе алмайды. Ол заман аяқталды. Қалыптасып кеткен залалды дәстүрлер баяғыда жазасыз жалғаса беретін. Білім көбіне қол жеткісіз арман еді, қараңғы халықтың саны басым еді. Адамзат талпынысының арқасында заман өзгерді. Қоршалған қалалар мен империялар заман талабынан шығып қалды. Сауда палатасы мықты қаланың қақпасын бұзды. Салауаттылық су мен құрлық кешіп, жел мен найзағайға қарамастан әлемнің ең қараңғы түкпірлеріне дейін жетті. Мұхиттар халықтарды бөліп жатқан жоқ, мұхиттар қазір халық пен халықты байланыстырады. Бостоннан Лондонға апарар жол қазір экскурсия жолына айналды. Кеңістік жойылған – Атлантиканың бір жағында айтылған ой екінші жағына естіліп тұрады.
Кезінде алыстағы арман болған Тынық мұхиты біздің қол астымызда. Аспан төрі – ғасырлар сыры ашылды. Тәңірдің «Жарық болғай!» деген бұйрығы күшін жоғалтқан жоқ. Талғамда, спортта немесе сараңдықта болсын, ешбір зорлық және басынушылық жарықтан қаша алмайды. Табиғатпен салыстырғанда Қытайдың темір кебісі мен жаралы аяғы көрінуі керек. Африка көте­ріліп, оның әлі тігілмеген киімін киюі керек. «Эфиопия Құдайға қолын созу керек»5. Уильям Ллойд Гаррисонның асқан ынтасымен айтқанына әрбір жан қосылсын:
Құдайым, тәуелсіздік мерейтойы
тезірек келсін!
Кең дүние!
Кісендері шешілгенде,
қаналғандар тізелерін бүгеді.
Жармаға жегілген малдар
енді зұлымдық жармасын иеленеді.
Сол жылы таққа бостандық
отырады.
Адамзат баласына құқығы қайта
бері­леді.
Құдайым, адамның қаны төгілуін тоқтатқан күн тезірек келсін.
Бүкіл жерге ортақ ереже –
Адам бауырластығының дұрыс бағыты
соққыға қарсы соққы емес,
жамандыққа қарсы күресте,
жақсылықты демеуде.
Сол күні өзара тартыс тоқталады.
Әрбір дұшпан сенімді досқа
айналады.
Құдайым, зұлымның билігі,
әлсіздің азабы жойылған күн
тезірек келсін.
Бәріне бірдей мұнара соғылсын.
Тұтқыннан құлдыққа,
құлдықтан алға жылжитын сәтке
әрқайсымыз, бәріміз куә боламыз.
Ол жыл, күн, сәт келгенше
мен ақылмен, жүрекпен бар күшімді сарп етіп,
тіректі қиратамын,
құрбандықтан айырамын.
Ендеше, Аспан, куә бол!
Таңдаған жолым
қанша қауіпті болса да, ол
мен үшін қымбат!

Алдыңғы «
Келесі »