СӨЗ СӘЙГҮЛІГІ (эссе)

  • 10.05.2017
  • 519 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Дариға!.. Сағынышты сәттер тау­сылған ба? Әлі күнге қаратаудың басынан ұбап-шұбап көш келе жатқандай көрінеді маған. Оған бір бүйірден рухани-мәдени қазына артқан Тәкен Әлімқұловтың керуені қосылып, көкіректе нұрлы із қал­дырып, көк­жиек­ке сіңіп барады.
Бәріне де бірте-бірте бой үйренеді. Қа­ламгерлер қауымы қызық халық. Тосын іс-әрекет, мінез-құлық таңдандырады. Нә­сіп бұйырған шығар. Көне Қараспан баурайындағы итарқасы қияндағы кішкентай ауылдан үлкен астанаға жол түсті. Әдебиет әулиеханасының сиқырлы есігі ашылды…
Мен оны сырттай білетін едім. Тәкен Әлімқұлов! Бұл есім көп оқырманға бағдаршам іспетті жарқырап тұр. Бір жолы жұлдызды түн ішінде Көсегенің көк жонында Темірқазыққа қарап жол таба алмай бір топ жолаушының адасқаны бар. Шығармашылығы адастырмайтын ой адамдары болады. Тәкең сондай еді. Мен ағамен бекісіп те, шекісіп те, татуласып та, бауырласып та күн кештім (ит мінез кімде жоқ). 1959 жылғы қоңыр күзде ұстазы Мұхтар Әуезовпен оңтүстік сапарында болды. Туған топырақпен бейне бір кіндігі ажырамастай байланысып жататын. Тіпті, соның қойнауында бір төбешікке айналып, ол бақилыққа жұлдыз болып аттанды. Былайша қара­ғанда, көлденең көк аттыға байқала бермейтін түз тіршілігі марғау сияқты болғанмен өмір асау ағысты ең, ол соны зейін қоя зерттеп көркемдік көкжиегіне қарай іңкәр ізденіс үзенгісіне аяқ салды. Тәкен (Тәңірберген) аттың жалы, түйенің қомында өскен ұрпақ өкілі. Көшпелілер енді-енді отырықшылыққа бет бұра бастаған болатын. Бала жүрегі алақұйын заман аласапыранын сезді. Өсе келе күрделі жан соның бәрін сезіммен ой елегінен өткізді. Ол біріншісінен қоғамдық өмірдің екінші сатысына өтерде уақыт өлеарасында туып өсті.
Талғам мен таңдауды ешкімге күштеп таңа алмайды. Әркімнің өз қалауы. Неміс, орыс және қазақ тілдерінің бас білгірі марқұм Герольд Бельгердің оны Жүсіпбек Ай­мауытов, Мұхтар Әуезовтен кейін үшінші атауы жайдан-жай емес. Зерттеушілер Т.Әлім­құловтың ана тілінің майын тамызып қалауымен қолданатынын тамыршыдай біледі. Әуелі «Қаратау перзенттері» деп ба­сылған бір романның өзінде сүйсіндіретін қаншама сөз кездеседі. Хасап емес (сойылман) дейді. Қападар, келгінші, тұғыжым, жақақтау, дәлду, өрдеш (төс), айырылмыш, дайыртақ (шомбал), тәжікешіл, мондыбай, кәрітаңдай, батқыл, іздеміш, жігіт-жыртың (бұрын жігіт-желеңді естігенбіз), болпашсынып, сөз сырағысы, арзагөй, сүбди көк, мүсәлла, тырсындай, шендеп, қоқты, сейдін, маңғыл, шабыр, сабкер, нәжүс, тосқалаң, сымпыс, келеңдеу, солталаңдаған, шәркездесіп, аңдоз, райкерлік, барашақ, сапалас, ұстагер, бабашақ, қабылдампаз, нұсқама сөздері тек Т.Әлімқұловтың бай­лығына жататынына дау бар ма? Ән­шейін­де, болбыр көрінетін ол әрбір сөзді алтын кірпіш қалағандай етіп пайдаланғанда таңдайын тақылдамасқа лаж жоқ. Телегей теңізден інжу-маржан іздеушілер бұндай қазынаға жолықпайтын шығар. Қаншама тырысқанмен ол шығармашылық зертханасына үңілдірген емес.
Бір күні қысқа демалысқа шығып, М.Горький әуекассасынан билет алып қай­тып келе жатсам «Динамо» стадионы маңындағы аялдамада ұшырасып қал­ға­нымыз бір түрлі сәйкестіктей. Қысқы аяз қысып тұр (Біздің теріскей көршіміз аса астамшылық жасап, Құдайдың орман-суын руский лес, мороз, руская зима деп иемденіп алғаны құлаққа ғана емес ерсі, әрине). Ол жалаңбас, үстінде сұр макинтож, аяғында жазғы топыли. Қатты кейідім.
– Былай жүру сізге жараспайды. Жұрт құсап жылы киініп жүрмейсіз бе?
Ол жанкүйер болып, шайбалы хаккейдің шайқасынан шыққан беті екен. Буы бұрқырап тұрғандай. Үстінен Қаратаудың дерменесі мен киікотының иісі келетіндей. Үшқат, тобылғы мен даланың жұпары аң­қиды. Ойға Бөлтірік шешен оралды. Жа­рықтық, ауым-сауым жүре береді екен. Ортаға алып ағайындары:
– Сіз жұрттың адамысыз қалай болса солай киінуге болмайтынын айтып, әпшіні қуырып жатса, діләр:
– Әй, бәтшағарлар, ұзын болса ұлымдікі, қысқа болса қызымдікі, – деп уәж айтып құтылыпты. Сол сияқты Тәкең де: – Қыста жалаңбас жүрсе сақина болмайдыны айтып сытылып шықты. Ол кіммен болса да терезесі тең тұрып сөйлесетін. Ол қызмет істейтін КСРО Жазушылар одағында, Әде­биетшілердің орталық үйінде, атмайданда, Қазақстанда, тіпті, Созақстанда ұшырасуға болар еді, бірақ, екі қазақтың он миллион тұрғыны бар Мәскеуде кездесуі кездейсоқ па? Ол Қазақ әдебиеті ірі өкілі ақын-жазушылардың еңбегін, өзін жақсы білді. Қызмет бабымен М.Светлов, К.Симонов, Г.Серебрякова, Н.Тихонов, К.Федин, тағы басқа мүйізі қарағайдай қаламгерлермен аралас-құралас жүрді. Анда-санда КСРО-ның шартарабынан келетін авар Р.Гамзат, литвалық Э.Межелайтис, башқұрт М.Кә­рім, қарашай-мамыр Қ.Құлиев, қыр­ғыз Ш.Айтматовпен тұздас-дәмдес болды. М.Әуезовпен жиі тілдесіп, оңтүстік сапарында бірге болғанын білемін. Ұлт әдебиетінің төлбасылары С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, замандас-әріптестері Ә.Нұр­пейісов, Т,Ақтан, Қ.Мұхамеджанов, Қ.Шаң­ғытбаев, С.Шаймерденовпен сыпайы қарым-қатынас жасайтын. Ең бастысы ол әде­биетке адал қызмет етті. Әдебиетші ре­тінде Әлімқұл баласының жолы оңай бол­ған жоқ (Қашан тақтайдай түзу болды!). Ащысайдағы кенде еңбек етті. Қорғасын зауытының үнжариясында редактор, «Оң­түстік Қазақстанда» жауапты хатшы, сонан соң Алматы, ары Мәскеу мектебі. Бұның барлығы іздену үстінде толысып, тәжірибесі молайып, іштей байып жазушы санатына қосылуына зор ықпал жасады.
Сөздің сиқыр көмбесі, енді, тау суындай сарқырап ашыла бастағандай екен. Мен алғаш Тәкеңді ханқамауда ой үстінде отырғанда ұшыраттым. Көзге қораш көрінді. Анда-санда мұрын желбезегін сауып қойып, шахматқа шұқшиды. Атжақты үлкен басы одан сайын сопайып тұқшындап кетіпті. Ақбурыл шашы сиреп төбесіне қашып бара жатқандай. Шығармашылық жолы шымшытырық сан қырлы суреткердің бұндай жай қарапайым жұмыр басты пендедей отыруы бей-жай қалдырған жоқ, мені. Дауыл алдындағы тып-тыныш жан дүниесі астан-кестен болып сала берді. Соған қарағанда, Т.Әлімқұловтың әлемі бар-бәріне мұқият зер салуға үндеп, елгезек қарауға үйретеді.
Қазір біздің елімізде бәрі де мүмкін. Екінің бірі қоғам қайраткері, президент (алақандай мекеме басқарса да). Аяқ алып жүргісіз. Ғылымға түк берері жоқ дүмбілез докторлар, алақол академиктер, эстрада да рабайсыз «жұлдыздар» қаптап кетті. Қалтадан алып шүлен таратқандай. Анау да классик, мынау да классик. Әммасын уақыт көрсетеді десек те, ұғым мен ұстанымға былай сонша көңілшек кең қолтық болуға болмайды. Жақсылық емес, әрине. Жақсы мен жаманды, бар мен жоқты, қымбат пен арзанды айырудан қалып барамыз. Т.Әлімқұловтар болса бұндай жалпақшешей «бармақ басты, көз қыстыға» төзбеген болар еді. Қай қоғам болсын, алдымен неге жалаң төс ақын жазушылар оқ нысанасында жүреді? А.С.Пушкин айдап салған жасырын жекпе-жектен өлді, Абай сабалды, Махамбеттің басы кесілді. Өз заманында, өз елінде жүріп олар неліктен у ішеді? Мәңгілік елі қайда?!.
«Әлденеден көңілі алақаржақтанып, жүрегі өрекпіп, дөңбекшіп шықты. Құлқын сәріде төсектен шығып, тысқа шығып еді. Үйінің жанында біраз тұрып қалды».
«…Үй маңында бота боздады, өрістен түйе қызыл изенді қыдыра шалуын доғарды.
Қараойдың үстінде көң қарға мен қызғыш ұшып жүрді.
Күн батар шақ еді. Қараой қаралы қызыққа батып дөңгеленіп бара жатты. Сол түні ай тұтылған…» Бұл алай-түлей сан-сапалақ ажал тырнағындағы жаныққан Махамбеттің ышқынып соңғы тұяқ серпуі, жанталасып жарық жалғанмен қоштасуы. Әділетсіздікпен күресіп опа таппады. Текешар бай-манаптар қыр соңынан қалмай қуғын­дап, бостандыққа бұғау салып, қаты­гез жендеттің қақпаны қауып, төрден көрге сүйреп, жайбарақат жатқызбады. Ақыры өлім құшты. Солай ма, жоқ па? Жазушы қылаусыз сендіреді. Илан­басқа шара қалдырмайды. Әңгіме бірде шамырқандырып, енді, бірде ши­рықтырып, тағы бір орайда шындық шыжғыртады. Құдіретті қаламға жан бітіріп, жүректі сөйлетеді. Шеберлік шыңындағы суреткердің алымы да, шалымы да сүйсіндіреді. Бай мазмұн жоқ сықылды. Жарық жалғандағы бір сәттік сәуле жарқ етіп өшті. Оқырманға не керек еді. Іздегенін тапты. Жазушы қолға көркемдік кілтін ұстатты. Бекзат бейнелілік, кейіпкердің күрделі жан-күйін, күйініші мен сүйінішін көрсетіп, сол арқылы жазушы мият тауып, опынады, масаттанады. Қағазға қатталғандай. Керең кемеңгер Бетхобеннің жан тәсілім етерде найзағайға жұдырық түйіп, «қараңғы түнектен жарыққа!» – деп көк­ке сес көрсетіп, қайрат танытуы нені меңзейді? Адам – сезімнің құлы емес, та­биғат бөбегі.
«Көк қаршығадағы» Ақанның рухы жасымайтын Махамбетпен жан-жаратылысы жақын. Алайда, Қамысақты көлінің жаға­сында жапа шеккен егде тартып, өмірі екіндіге таяған серінің көңіл-қошы адам табиғатындағы басқа бір гәпті айшықтайды. «Мамырда бойға сіңген дымқыл ызғар маусымның шуағынан сейіліп, шілдеде ғайып болған еді. Сүмбіле туғалы бері кәрі дене қайтадан сыр беріп, көңілдің хошына кірбің түсіре бастады».
Махаббат бақшасында түн қатайын,
Нүктедей нон үстінде бір жатайын, – деп құрбыларға нәшті наз айтып, жастық бал дәуреннің талай қызық-шыжығын бас­тан өткерген ақын, әрі әнші ақырында мүсәпір халде:
– Төре-қараға қор болған қайран елім-ай, – деп күңіреніп бармақ тістейді. Желден жүйрік Құлагерден, самғап көкте асыр салған Көкжендеттен айырылып, күш-қуаты барған сайын сарқылып келе жатқан өнерпаз кісіні дәл осылай шынайы, сырбаз суреттеп, жанындағы сұм­дық алапат арпалысты мақаммен жеткізіп берген жазушы амалсыз өзіне тәнті етеді.
Байқампаздық пен талғампаздық қалам иесіне ауадай қажет қасиет. Т.Әлімқұлов бір тұста бейтаныс Е.Байболовтың 1968 жылғы «Жұлдыздың» көктемгі санында «Абай Жетісуға келген бе?» атты мақала жариялағанын тек сыдыртып айтып өтеді. Ол бұрыспа, иә, дұрыс па дегенге бір ауыз сөз айтпай жалтарып кетеді. Обалына не керек, Е.Байболов өз еңбегінде жарты ғасырдан кейін жарияланған Ж.Қарабасовтың мақа­ласымағына қарағанда байыпты, дәлел­дірек жазғанымен бір жақты кетеді. Ең болмаса, келін болып түскен Тобықты жағынан бір кісіні куәге тартып, сөйлетпей ме? Тіпті, жарты патша Құнанбай әулетіне қажет екен өткен ғасырдың 31 жылына дейін аман-есен өмір сүрген Шаһкәрім көзі тірісінде өзінің туған жеңгесін неге іздеп келмеген дейтін сауал кеңірдекте тас болып көлденең кептеліп тұрғандай. Осындайда ешкімге қиянат жасамай, қауесетке жол бермей турашыл төрелігін айтатын «Абай» журналы бейтарап қалғаны ма? Бұл бірді айтып, басқаға ауа жайылып кеткендікті көрсетпейді.
Бір күні институт жатақханасының залында тұратын ескі сазсандықтан (пианино айтып жүргеніміздей күй сандық емес, күйден тыс ол әралуан әуен-әуезені орындауға лайықталған музыкалық ас­пап) үзік-үзік «Кертолғау» төгіліп, сағынышты әуезге ауысып жатыр екен. Жақындасам – Тәкең! Бүкіл ықыласы ауып, ынты-шындымен ырғаққа сай бет пішіні құбылып, күй табиғатына әбден беріліпті. Ешкімді аңғармайтындай. Бұл кезде «Ақбозат» романы жазылып қазақ қарасөз қорына «Көк қаршыға», «Сарыжайлау», «Қараой» қосылған сақа тарта бастаған сыршыл суреттер сонда елді, күн мен дала иісін сағынған екен ғой деген ой сап ете қалды. Оның Сейтек, Тәттімбет, Сүгір және тағы басқа домбырашылар тақырыбына баруы заңды құбылыстай. «Анау-мынау тауға бергісіз Қарашоқы – қосабаның басына шыққанда ұзақ ентікті. Бейне дымқыл шаң жұтқандай көкірегі ашып барады». «Жер ортасына» келген жасамыс Тәттімбеттің көрген қызығы, кешкен бақыты енді ойласа Сарыжайлауда жатыр». Басы артық бір ноқат, қайырма, сызық жоқ. Неткен сиқыр! Тәкен өзінен пәлен уақыт бұрын өмір сүрген күйшімен бірге мехнат кешкізеді. Түңілдіреді. Үңілдіреді. Ол ақыл азабын аз тартқан жоқ. Қай тақырыпқа барса да қаламының қарымы жететін еді. Оңтайына келген оқиғаны қаузап, ұлттық тұлғаны сан қырынан ашып көрсетті.
1958 жылы Мәскеуде өтетін Қазақ Республикасы өнері мен әдебиеті онкүндігіне «Художественная литература» баспасы ел ақындары жырларының антологиясын шығарды. Алғысөзін М.Әуезов пен Т.Әлімқұлов жазды. Қамшы салдырмайды. Оқушы енесінен айырған құлынның еті бұзылатынын Тәкен шығармашылығынан табады. Желдің де түр-түсі болатыны сонда кездеседі. Оның кітапта өріп жүрген қарапайым қойшылары мен жүзік көзінен өтетін жылқышылары, ішін кебек тес­кен диқандары мен даңғойлау дода­герлері, сұлу сәйгүліктері мен сайыпқыран адамдары қандай! Ол Абай туралы көл-көсір мағұлматы болып, ойлары кенересінен асып, мөймілдеп тұрса да неге «жұмбақ жанмен» шектелді? Мәселен, 1898 жылғы Мұқыр болысын сайлау барысында күй­зеліп, ащы етіне таяқ тиіп, Сенатқа хат жолдауына мәжбүр ақын қайғы-қасіретін тиек етіп, әңгіме жазуына болатын. Бірақ, өйтпеді. Алдында мұзтаудай ұлы Мұхтар Омарханұлы тұрды. Бәлкім, онымен босқа жарысып желөкпелік жасамайын деді ме, құлқы болмай, не зауқы соқпаған шығар. Не де болса бұл тақырыпты бір жанрда айналып өткенмен теңдесі жоқ талдау мен толғауға толы сыни кітап туды. «Жұмбақ жан» әлі тиесілі бағасын алмаған таңғажайып туынды. Жинақ қазақтың бас ақынына зәуінде соғылған ең еңселі ескерткіштердің бірі. Оның түбі телегей теңіздей терең, дала көкжиегіндей кең, биіктігі басын бұлт шалып, апайтөсі көк тіреген Тәңіртау шыңдарынан аспаса, кем түспейді. Кісіні сол мәңгілік құндылықтарға меңзейді. Ол «Жұмбақ жанда» қазақ оны мәдениетінің қандай жоғары екенін көрсетеді. «Қараой», «Көк қаршыға», «Сарыжайлау» әл­деқашан қазақ әңгімесінің классикасына айналды. «Жұмбақ жан» мен «Қасым Аманжолов» сондай өміршең, өскелең. Ендеше, олардың авторына классиктікті қимаса не дейміз.
Жаңылыспасам, 1968 жылғы жазды күні екеуден-екеу қос атпен Баба Атадан шығып, жайлауында дариға жас дәуреннің қызығын өткізген Қамбар мен Назымның Қызылкөл арқылы Қаратауды дәруіштей еркін аралағанымыз естен кетпейді. Күндіз тау бұлақтарының күміс сыңғыр сылдырын, сәмбіталдар сыбдыры сыр шертті. Түнде жұлдыз санап кез келген шопанның үйіне түнеп шыққанымызды сипаттауға тіл жетпейді. Үсік тас жотасының желкесінде Бәйдібек пен Созақ аудандарының шекарасында туғанын көрсетіп еді. Содан, Баба Түкті Шашты Әзиз басына зиярат етіп, көне қала қасындағы Құмкент кеншарына ат басы бұрылды.
Сонда, ғой. – Ой, Тәке, осы өлеңді қойсаңыз қайтеді? – деген інілік базынаға: – Егер, өлең өлкесінде өндіре еңбек етсем, қатардағы ақындардың бірі болып жүрер едім, – деп ағынан жарылған болатын.
Алда әлі біраз өмір бар еді. Сынаптай сырғып жатқан уақыт-ай! Сол күндер аламанда алқымы іспес арғымақпен жүйткітіп қусам жеткізе ме, әттең?!.

Аян НЫСАНАЛИН,
ақын

Алдыңғы «
Келесі »