ТУҒАН ЕЛ, ТУҒАН ЖЕР ТОЛҒАУЛАРЫ Белгілі қаламгер Жанат Елшібектің шығармашылық әлемі төңірегінде сөз

  • 10.05.2017
  • 871 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Серік ҚИРАБАЕВ,
академик

Мен – бақытты жанмын. Қаламгерлік әрі ұстаздық ұзақ өмір жолында талай буынның өкілдеріне дәріс оқып, тәлім-тәрбие бердім. Бүгінгі қазақ әдебиеті мен мәдениетінің танымал буындарының арасында ондаған қабілетті де өзіндік қолтаңбасымен дара көрінгендері көп-ақ. Оларды әрдайым мақтан көремін. Солардың сапында талантты шәкірттерімнің бірі ретінде Жанат Елшібек жайында жылы пікір білдіруіме тура келіп отыр. Осынау мерейтой үстінде менің ойыма оның кейінгі жарық көрген «Сырлы әлем» кітабына жазған алғы сөзім ойға оралады:
«Қалам бабы бөлек-ау. Оны шығармашылық адамы жақсы түсінсе керек. Әр нәрсеге желе-жортып бүлкілдей жөнеле бермейтін қаламыңның кейде шоқырақтап, жүрмей қоятыны бар. Ал, кей сәттері көңілің ашық күндей жарқырап, қиялың қанаттанып, ойың серпіліп қоя береді. Мұндайда қаламыңды тізгіндеп, ойыңды тежей алмайсың. Көкейіңде жүргенді ақтарып, жүрек түкпірінде ұялаған пікіріңді ағытуға асығатының белгілі. Міне, мен де дәл осы мезет сондай күйде отыр­ған­даймын.
Данышпан Абай: «Өмір – мұхит, уақыт – толқын» дейді ғой. Күні кеше ғана секілді. Бәрі-бәрі көз алдымда. Ұзақ жылдар еліміздің байырғы білім ордасы – респуб­ликадағы жоғары оқу орындарының қарлығашы санала­тын ҚазПИ-де ұстаздық еттім. Қасиетті қара шаңы­рақта талай жастарды түлетіп ұшырдық. Әрқилы ұрпақтың, толқын-толқын буынның өкілдерін құрайтын сол жүздеген, мыңдаған шәкірттерімнің сапында Жанаттың есімін ерекше үкілеп айтар едім. Институттың қабырғасында жүр­генде-ақ жазған-сызғандарына «ҚазПИ-дің студенті» деп қол қоятын ол шын мәнінде институт мақтанышына ай­нал­ған болатын. Алаштың арыстары Сәкен Сейфуллин мен Мәлік Ғабдуллин дәріс оқыған, дауылпаз ақын Тайыр Жа­роков жыр тасқынын селдеткен әй­гілі №25 аудиторияда отырып қазақ әдебиетінің ғұламалары Қажым Жұ­ма­лиев, Шайқы Кәрібаев, Төкен Әбді­рах­манов, Хасен Әдібаев, Зейнолла Серік­қа­лиев лекцияларын тыңдап, тәлім алған студентімді мен де ерекше құрмет­тей­мін.
Өткенге зер салып қарасам, Жанат­тың әртүрлі тақырыпта жазған дү­ние­лерін баспасөз беттерінен қырық-қырық бес жылдан бері үзбей оқып келемін. Мерейіңді марқайтары сөзсіз. Түбіт мұрты тебіндеген бозым шағынан білетін талантты, қағылез шәкіртімнің көз алдымда кемелденіп өсіп, қабырғалы қаламгерлер қатарына қосылғанын көру – қандай ғанибет. Қауырсын қаламы қатайып, шығармашылық көріктің небір те­­зінен өтіп, үлкен өмір мекте­бі­нің ыстық-суығында шыңдалды. Оған айғақ – Жанат Елшібектің қа­ла­мы­нан туған жиырмаға жуық дерек­ті-публицистикалық, та­ным­­дық және көркем-әдеби кітап­та­ры. Қадап айтар жайт, Жанат жаз­ған туындылардың қай-қайсысы да оқыр­ман назарынан қағыс қалған емес. Кө­тер­ген келелі та­қы­рыбымен, қозғаған өзекті өткір мәселесімен, айтар терең ойымен көп­шілік қауымды елеңдетеді. Ал, оның танымдық жанрдың көкжиегін ке­ңей­тудегі шығармашылық ізденісі ұшан-теңіз. Өзіндік дара қолтаңбасы қа­лып­­тасқан жазушының повестері мен әңгі­мелерінде де жұрт көңілін аудартар та­нымдық, қызықты деректердің молы­нан ұшырасуы тегін емес. Мен оған егжей-тегжейлі тоқталмаймын. Жол-жөнекей әңгіме орайына қарай айтып жатқаным да. Өйткені, Жанатқа кезінде Жазушылар одағына мүшелікке өтуге кепілдеме бер­гендердің бірімін.
Жазушы Жанат Елшібектің өздеріңіз парақтап отырған жаңа кітабы хақында бірер ауыз сөз. Жоғарыда ескерткенімдей, ол қырық жылдан астам уақыт табан аудармастан баспасөзде қызмет атқарып келеді. Әуелгі жылдары жас журналистер ұстаханасы – «Лениншіл жаста» (қа­зіргі «Жас Алаш») еңбек етсе, одан кейін­гі бүкіл саналы ғұмыры «Егемен Қазақ­станда» өтуде. Бұл басылым – үлкен мектеп. Оның үстіне соңғы ширек ға­сыр­дан бері редакцияның жауапты хат­шысы. Мүйізі қарағайдай-қарағайдай қа­лам­герлермен иық тіресіп, қоян-қолтық араласып, сөз өнерінің мехнаты мен ра­хатын белден кешті. Қазақ әдебиетінің бекем уығына айналған талай ақын-жа­зушылармен пікірлес, сырлас болды. Яғни, жалпақ тілмен жеткізсек, ортақ терінің пұшпағын бірге илесті. Мұны тәптіштеп отырғаным, Жанаттың осы жинағы тұтасымен әдебиет, мәдениет, өнер қайраткерлерінің шығармашылық әлеміне арналған екен. Әйгілі ақын-жа­зу­шылардың, өнер саңлақтарының көр­кем бейнелерін әр қырынан сомдаған әдеби портреттер мен эсселер өте тар­тымды жазылған. Есімдері елімізге елеулі тұлғалар образдары шұрайлы штрих­тармен, ұтымды детальдармен кескін­делген. Қызықты оқиғаларды, сырт көз біле бермейтін елең еткізер деректерді ар­қау етіп өрілген туындылардың беделін көтеріп, еңсесін одан бетер асқақтатып тұрған автордың құнарлы тілі. Елеусіздеу көрінер көріністерді кестелі де бедерлі тілмен өрнектеуге келгенде Жанаттың қаламы қашанда жүйрік.
Халық жазушылары Шерхан Мұр­таза, Қалтай Мұхамеджанов, Мұ­за­фар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әлі, Мұх­тар Мағауин, қазақ сөз өнерінің май­талмандары мен маңмаңгерлері Бал­ға­бек Қыдырбекұлы, Сейдахмет Бердіқұлов, Марфуға Айтхожина, Темірхан Ме­дет­бек, Жақау Дәуренбеков, Мағира Қо­жахметова, Қастек Баянбай, Есенғали Раушанов, атақты қылқалам шеберлері Айша Ғалымбаева, Гүлфайрус Исмаилова, Раушан Момбекова жайында жазылған дүниелердің бәрі де көркем әңгімедей ғажайып әсерге бөлейді. Маған сөз қа­сие­тін жақсы танитын Жанаттың сын­шылық, зерттеушілік қырлары қат­ты ұнады. Сондай-ақ, жинаққа енген өзге де өнер иелерінің шығармашылық әлемін әңгімелеген эсселер ешкімді де бейжай қалдырмасы анық. Астарлы әзіл мен уытты қалжыңға толы алақандай әңгімелер де кітап мазмұнын байытып тұр. Журналист әріптестері жайындағы ой-толғаныстар, былайғы көп жұрт біле бермейтін газет шығарудағы қалта­рыстарды суреттейтін эпизодтар сыр­шыл­дығымен, шынайылығымен баурап алады.
Иә, шығармашылық адамының өмірі – өзінше бір сырлы әлем. Оның беймәлім құпиясы, тылсымы мен жұмбағы сан қабат. Әр қаламгердің өнернамасына жіті жанар жүгіртіп, көңіл көзімен, ой көзімен үңіле түскен сайын оның қадір-қасиеті мен салмағын тереңірек ұғарың даусыз.
Ендеше, сырлы әлемді саяхаттаңыз. Өкінбейсіз…»
Жанат Елшібек – қаламы баспасөзде төселген кәнігі журналистердің бірі. Өмірді көп зерттеп, оның сырына қаныға, жазуға төселе келе журналистердің көбі үлкен әдебиетке ауысатын әдеті. Журналистік қызмет ұғынуға, көркемдік сырын түсі­нуге, адам мінезі мен құлқын, оның өмірдегі орнын байымдауға көмектеседі. Қаламын қалыптастырады. Сөз сырын аңдауға, үнемшілдікке, аз сөзге көп мағына сыйғызуға үйретеді. Үлкен жазушылардың көбі-ақ осы мектептен өткен. Сондықтан да, олар жас жазушыларға баспасөз мек­те­бінен өтуге кеңес берген. «Егемен Қа­зақстанның» үлкен мектебін өтіп, газет-журнал беттеріндегі мақалаларымен қатар, бірсыпыра журналистік кітаптар жария­лаған Жанаттың үлкен әдебиетке жасаған қадамы да осы тұрғыдан қызықты. Оның «Атамұра» баспасынан жарық көрген «Тағдыр желі» атты кітабы осы ойымызды дәлел­дей түседі. Жинаққа автордың хикаяттары мен әнгімелері кіріпті. Бұл кі­тапты мен қызы­ғып оқыдым. Онда ай­ғайлатып ат қойып, тақырыбын саудалап, қоғамдық-саяси мазмұнға құрылатын әдебиеттің ізі де жоқ екен. Керісінше, жазушы ауыл адамдарының қарапайым тір­шілігін зерттеп, шағын сюжеттік желі арқылы олардың ішкі сырын, талғам-түсінігін, мінез-құлқын, адамдық кейпін даралай суреттеуге ерекше мән береді. Сол өмір сабағын шығарма аяғында аза­маттық, ұлттық идеяға апарып тірейді. Оны жас ұрпаққа үлгі етеді.
Жанат туындылары құрылымы жа­ғы­нан ұзақ әңгімеленіп, баяндау жолымен дамымайды. Ол нақты бір елеусіздеу оқиға төңірегінде адамдар тағ­дыры мен көзқарасын, ұғымын та­нып бейнелейтін көркем суреттерді мол пайдаланады. Солардың негізінде тағдыр тәлкегіне көп ұшыраған, өмірінде көнбістікті көп көрген халықтың са­бырлы мінезін, қайсарлығын, өмір сүргіш рухын, туған ел, туған жермен бай­ланысты сезімдерін, ұлттық әдет-ғұрыпты баса бейнелейді. Мұны біз, ең алдымен, жинақты ашатын «Балықтың қылтаны» атты хикаядан көреміз. Мұндағы оқиға далада мал бағып жүрген қойшы Құдайбергенге немересінің келіп, үйге қасында екі адам бар, бұрын білмейтін көзі көрмейтін дәу кемпір (Дәу апа) келгенін хабарлаумен басталады. Таныс емес қонақ Құдайбергенге өзін «Меңзипа деген апаң боламын» деп таныстырады. Баяғы отызыншы жылдардың аштығы кезінде әке-шешесі мен бауыры Өмірзақ өліп, тоғыз жасар жетім қыз тентіреп жүріп, талай өткелектен өтіпті. Ақыры Жезқазған, Қарсақбай жақтан шығып, тұрмыс құрған, өмір бойы туған жерін ұмытпай еске алып, әке-шеше, бауырының басын іздеп табуды арман қылыпты. Бірақ, тіршілік қамынан шыға алмапты. Алайда, көңілі сара, арманы үлкен адам алғаш бетінен қайтпай, ендігі кезде жағдайының бұдан жақсармайтынын сезіп, қайсарлықпен немересін ертіп жолға шыққан екен. Ол Құдайбергенге ата-анасының, інісінің жерленген жерін, ауылдарының сол кездегі мекенін оймен саралап жеткізеді. Бірақ, ол айтқан «Үш бейіт» деген жерді Құдайберген де, ол іздеп барып сұрастырған Мұқанғали қария да білмей шығады. Көпті көрген Мұқанғали Меңзипаны өлдіге санап жүреді екен, хабарын естіп қуанып қалады. Ақыры олар ескі жұртты аралап жүріп «Үш бейітті» табады. Қорымның айналасын адам, мал аяғы баспайтындай етіп қоршап тазалайды, бастарына белгі қояды. Аруақтарға құран оқып, көңіліне алған ісін тындырған Дәу апаны бауырлары риза көңілмен шығарып салады. Осы бір шағын сюжеттің негізінде Құдайбергеннің де, Дәу апаның да адамдық қалып, мінез-құлқы, еліне, Отанына деген ыстық сезімі, туған жерге кін­дігінен байланған, одан ажырамастан күнде ойынан кетпейтін көңіл аңсары, аруақ алдындағы парызын сезінуі өзгеше бір жылылықпен суреттеледі. Нанымды, бейнелі суретпен табиғат пен адамның ара-қатынасындағы ашарлық ақиқатын шынайы түрде алға тартады.
Негізгі кейіпкерлердің тұлғалық бейнесін ашуда олардың осы оқиға тұсындағы ішкі сезім иірімдерін танып суреттеуге болса да, бұрын іске асыра алмай жүрген шаруасын тындырған Дәу апаның туған жермен ру­хани байланысы әдемі ашылады. Жазушы аулынан алыстап кеткен қыздың ес жиып аттануын сабақтай отырып, оның Балқашын, Қараталын, «Сегізінші мартын» (өздері тұрған ауыл осылай аталыпты) үнемі сағынып жүретінін, ел есіне түссе, көз алдында өмірден озған әке-шешесі мен бауыры қоса елестейтінін жылы сезіммен әңгімелейді. Тіпті, ауыл болып таба алмаған «Үш бейітті» Меңзипаның табуы да қызық. Мұқанғали ақсақал меңзеген Қарасудың жағасын Дәу апа да жобалайды. Оның зеректігіне таң қаласыз. Қарасуды жағалап келіп тоқтаған Құдайбергенге апасы көзі көрмесе де, шығысқа қарай бетін бұрғызып тұрып алып, былай дейді: «Ендеше, құлағынды түргейсің, Құдаш! Тура маңдай тұсым – Мақаштың қыстауы, оңтүстік шығысқа таман сәл қиястау жерде «Сегізінші марттың» орталығы саналатын қораш­тау екі көше… Осы тұрғаным да оң жағымда, қозыкөш жерде Ержанның тамы, ал, сол жағымда Бәйсейіт құмы, одан беріректе ортада үлкен Қарасудан қашқан «Жайылма» көлі… Батыста Жыланды тауы, ар­тымызда «Батырбекпен» жапсарлас Са­рытолағай жайлауы жатыр емес пе? Ал, менің дәл осы қалпымнан қарасақ, құлақ шеке тұсымда біздің үйдің орны мен іргелес Рақымжан қойшының қыстауы болуы керек. Арасын Қарасу бөледі. Сосын-сосын, жаңылмасам, теңізге бүйірлей, қалың қамыс қолтығында Байзақ сиыршы отыратын. Ұмытпасам, оның тетелес екі қарындасы да аштан өлді-ау деймін. Олардың қабірлері де осы Үлкен қарасудың о жақ, бұ жағында…»
– Апатайым-ау, неткен қағылез жан едіңіз! Айтқандарыңыздың бәрі ай­на-қатесіз! Өзін-өзі ұстай алмаған Құдайберген қаққан қазықтай сілейіп, не ілгері, не кейін жылжымай тұрып қалған Меңзипа шешейді айғайлап құшақтайды… Кәні, алға басыңызшы! Зарығып іздеген, құрақ ұшып жеткен аяулыларың анаң мен әкең, сүйікті бауырың үш төмпешік болып қарсы алдыңда жатыр. Міне, мұнда, әкелші колыңды… Топырағын сипашы, ала­қаныңмен аялашы…
Осылай үш бейітпен аруақтардың кейін­гі жұрағаттары азан-қазан болып табысады. «Жаным анашым, күнім көкешім, Өмірбегім менің» деп Меңзипа зарлап, өзінің оларды өмір бойы іздегенін айтады, кешігіп жет­кеніне кешірім сұрайды. «Әжетайым жы­ламашы» деп оны немересі жұбатады. Ізі жоқ әке-шеше басын тауып, Қобайдың да қөнілі босайды. Қастарындағы адамдар басу айтып, дұға жасайды. Олар өлі аруақты іздетпеген заман ауыртпалығын еске алады. Бүгінгі тәуелсіздікке риза көңілін білдіреді. Осы повесте автор Меңзипаның естеліктері, аштық әңгімелері мен туған жер табиғатына елжіреп, сезіне қараған көңіл күйімен толықтырады.
«Үш бейітті» іздеу жолында Меңзипа мен Құдайберген басқа аруақтарды еске алды. Ұзын жолдың бойында жатса да, ешкім мойын бұрмайтын Арқабай әулие мен Тілеуғұл батырдың басына ел болып, белгі орнатып ас береді. Қаратал бойында жатқан Мықтыбек, Бақай сияқты батырлар, Ақтұз әулие, әкелі-балалы Жәлменде би мен Пышан ақынның қасиетті есімдері қайта оралды. Балалар Сарыесік атырабында өткен белгілі адамдарды іздеп тауып, олар­дың өмірбаянын, өлкенің тарихын зерттеуді қолға алады. «Үш бейітті» іздеп таба алмай келген Құдайбергеннің түсіне Садуақас нағашысының кіріп жол сілтеуі де аруаққа сенген қазақтың психологиясын бейнелейді. Осы оқиғалар легі тәуелсіздік заманда қазақтың ұлттық дәстүрлері жаңарып-жаңғырып, халықтың өз салты мен тарихын өзі іздей бастағанын көрсетеді. Сөйтіп, хиқаяның негізгі тақырыбы ұлттық дәстүр, аруақ сыйлау, ел, жер сүю болып шығады. Бұл есті ер-азаматтардың ұлттық сана ұғымын жаңартар, болашақ жастар үшін мектеп екенін ұғасың. Қазақтың «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген мәтелінің мазмұнын түсінесің.
Құдайберген бейнесі бүгінгі ауыл өмірімен тікелей байланысты берілген. Ауылда мал ішінде өскен ол совхоз тарағанда жеке шаруашылық құрып, азын-аулақ малмен күнкөріске көшкен. Үлкен байлығы болмаса да, сол шағын шаруашылығымен күн көріп отырған жайы бар. Ауыл арасындағы жол қатынасының қиындығы, бензин тапшылығы шаруа­шылыққа қол­байлау болып отырғаны Құдай­бергеннің «Үш бейітті» іздеуі кезінде анық байқалады.
Дала табиғаты, оның көріністері, адамның оны түсінуі мен танымы үнемі жазушы назарында отырады. Ол адам ісін, сезімін, ой-талабын табиғат суреттерімен астастыра кескіндеуге өте шебер. Табиғат көріністерін бейнелеп тану, жайшылықта көзге іліне бермейтін құбылыстарды андауы жағынан да байқағыштығын көрсетеді. Бүкіл хикаят бойынан Балқаш көлі жағалауы мен оған құятын Қаратал өзені табиғатының жарқын жасалған суреттерін айтуға әбден болды. Сонымен жалғастыра отырып, жазушы дала көріністеріндегі өзгерістерді, экологиялық апатты жағ­дайларын да сөз етеді.
«Жер де, жол да мүлде тозып кетіпті», – дейді тыныштықты бұзған Құдайберген қос қолын рульден босатпаған күйі.
– Апа, біз қазір тура Нұрақбайдың бауырындағы Қарабие көлін жағалап келеміз. Сол жақта кіші Аққұм мен үлкен Аққұм қалып барады. Алдымызда Ахмет атаның жайлауы. Сәл әріректе Мұқанның көлі мен Қызтекенің көлі. Одан соң Балықты мен Шағалалы көлдерін кесіп өтеміз. Заманында бұл жерлерде жағасы жасыл желек көм­керген, үйрек-қазы жыртылып ай­рыл­ған көздің аясындай жәудір көлдер шалқып жатты дегенге кім сенеді? Сұлу табиғат та ажарынан айрылып өледі екен-ау!
«Бір кезде Арал дедік, полигон дедік. Оған улы заттар мен газды түтіндер шығаратын зауыт-фабрика да қосылды. Енді, міне, тұз бен сорға айналған әсем табиғатымыздың жантүршігерлік түрін қараңызшы. Адам аярлық-ақ» – деп бала Қадыржан да сөз қосады.
Кезінде Балқаш жағасында өскен нар қамыстардың құрылыс материалдарына айналып жойылып кеткенін, көл жағасы жалаңаштанып қалғаны да сөз болады.
– Қарағым, Құдаш! – дейді көзі көрмейтін Меңзипа апа:
– Айтысыңа қарағанда, осы өңірде шалқып жататын телегей-теңіз сулардың дені суалып, қаңсып қалғанға ұқсайды. Ерте көктемде аттылы кісінің өзіне өткел бермей, жер-көкті шайып кетер енепат тасқынның болмағаны-ау, шамасы. Су кеткен соң бәрі де кетеді.
Хикаяттың атында да символдық мән бар. Балықтың қылтаны Өмірзақтың та­мағына тұрып қалып, өліміне себепкер болған өмірдің бөгеті ғана емес, адам бойын жаздырмай, бірін-бірі іздеуге жол бермеген, ата дәстүрінен айырған тар заманның да бейнесін елестетеді.
Жанаттың басқа хикаяттары мен әңгі­мелері де осы сияқты қарапайым өмір суреттері мен адамның дара мінез-құлқына толы. Бәрі де ата-мекен, көне жұртты пана­лап, ыстық ұя орнын қимай өмір сүреді. Заманның жаңарып, ескі ауыл іргесінің сөгілгенін парықтай бермейді. Кеңес дәуі­рінің соңғы кезінде-ақ үкімет колхоз, совхозды ірілендіріп, шағын мекендерді азай­та бастаған. Нарықтық экономияда бұл одан да тереңдей түсті. Жастар іріленген ауыл орталықтарына, аудан мен қалаларға көшті. «Жетім жұрт» хикаясында бір ауылдың жұртында қалған Торғын кемпір мен Отарбай шалдың характерлері осы шындықпен байланыстыра ашылады. Олар өзі отырған мекеннің қасиетті топырағын қимайтын мінезін «Құс – екеш құс та өзі өскен ортасын қимайды» деумен дәлелдеуге тырысады. Қаладағы балаларына бара қалса, аз күн болып, ауылын сағынып қайтады. Кішкентай немерелерін ауылға шақырады. Бір мезгіл ақ ішіп… қауын-қарбыз жеп… дегендей. «Жылына бір мәрте туған ауылдың ауасын жұтпаған сараң адам өзі аурушаң болады». «Ауылдың көкөнісі, өз топырағымызда өскен қауынға не жетсін», т.б. ұғымдар санасына сіңген. Екі ауыл орнында екі үй қалған Отарбай мен Торғын біріне-бірі кездескеніне мәз. Анасын жалғызсыратпайын деп қызы Рахиланың көшіп келуі тіпті тойға айналады. Оның балалары Торғын қолындағы немерелерге қосылып, аядай аула думанға толады. «Ауылға келіп-кетушілер көбейді. Бірақ өмір алға жылжуда. Ескі жұрттың күзетшісі Торғын жол апатынан қайтыс болып жұрт жетім қалды».
«Қош бол, теңіз» хикаятында да теңіз жағасының ескі тіршілігін қы­зықты санаған елдің психологиясы басым көрінеді. Оған аудан басшысы Әбікенге еріп барған баласы Мәлік пен қаладан келген журналистің көзі жетеді. Мәлік теңіз өмірінен қызықты суреттер салса, журналист Хасен Бал­қаш балықшыларының еңбегімен та­нысады. Жағалаудың адамдары да қайратты, еңбекқор. Хикаятта сол ортаның тылсым сырын жетік білетін шежіре қарт Мақан, балық колхозының бастығы Төлеуқасым, аудан басшысы Әбікен сияқты еңбек адамдарының жан-жақты бейнесі жасалған. Теңіз романтикасы жастарды да еліктіреді. Олар да өмір танып, «теңіз толқынында нық тұруға» үйренеді. «Теңіз жүрексіздер мен жігерсіздерді сүймейтініне», «Дауыл өтінде, толқын төсінде шыңдалмаған адамның теңізші бола алмайтынына» көз жеткізеді. Бірақ, сол теңіз күзетшілері бүгін азайып бара жатыр. Мақан қарттың өлімі осыны аңдатады.
Бұл хикаяттарда да халықтың әдет-ғұрпы, дәстүріне, ауылдың экологиялық жағдайын суреттеуге кең орын берілген. Олар әрқилы планда көрінеді. Аулына келген Отарбай ақсақалдың атын мініп шыққан Саяттың «бойымен бірге ойы да өсіп шыға келгендей». Ол жол үстінде құлаған, қираған үйлердің орнын тамашалайды. Үй иелерін есіне түсіреді. Жазушы бәрін санамалап, үңірейген қорқынышты сурет­термен әспеттейді. Баланың есіне «Жуасы мен жусаны бұрқырған ауыл» әні түседі. Кәдімгідей көңілі босайды. «Егер, біз де қалаға мүлдем көшіп кетсек, иесіз қа­ңырап қалады екен ғой. Үймен бірге ауыз­ғы бөлмедегі қарлығашымның ұя­сы да быт-шыт бола ма» деп ойлайды ол.
Торғын кемпір ата жұртты күзетіп отырғанына мәз. «Қайнағаның құтты мешіті ғой. Қашан еді?… Осы табалдырықты келін болып аттаған күнімді неге ұмытайын! Бәрі-бәрі есімде. Алтыбақан басындағы ән-жыр да тура кешегідей, Құлағымның түбінде жаңғырады-ау! Қарашы, еңді, міне, жер де тозған, ел де тозған. Тозғаны емей немене, анау тұста терең өзек ағып жататын жаз бойы талай сырды ішіне бүгіп алып… Қалың құм басып тастаған бұл жерде жасыл желек жамылып, көк құрақ сыбдыр қағып тұрушы еді дегеніме мына Саятым сенер ме екен!» – дейді ол бүгінгі жер сұрқына көңілі толмай.
Газ-69 машинасымен теңізге қарай жолға шыққан жолаушылар (Әбікен, Мә­лік, журналист) көзімен де жазушы да­ланың, жолдың тозғанын дәлелдей су­рет­­тейді. «Жаңбыр аңсаған дала төсі ақ­таңдақ соры шығып, тілім-тілім жа­рылып кеткен. Мезгілсіз сарғайған қыр суреті де сүреңсіздеу. Қаулаған сораң, қап­таған баялыш пен ақ теріскен. Құмның тырбиған қызыл жыңғылы мен қоңыраулы сылдырмақ таққан қара шеңгелі жолдың біресе о жағына, біресе бұ жағына ауысады. Бойларын көтере алмай бұйрат-бұйраттың бауырын тасалаған бәкене сексеуілдер… Әлсін-әлсін ұшырасып қалар шоқ-шоқ ша­шақты ши мен күрдек бас мия ғана шағыл құмға өзінше рең бергендей».
Жолаушылардың құм қойнауынан шы­ғып, Қараталға бет түзегеннен кейін дала табиғатының ажарлана бергенін де жазушы суреткерлікпен аша білген. Теңізбен астас­қан дала пейзажын құдды қыл қалам шебе­ріңдей әдемі де келісті кескіндейді.
«Жазылмаған жара» хикаясы ел бойын­дағы кешегі соғыс салған жараның әлі де жазылып болмағанын суреттейді. Оның негізгі кейіпкері – соғыстан бір аяқ, бір қо­лынан айырылып келіп елде қайтыс болған шалының орнын күзетіп, әскерден қайтпай хабарсыз кеткен Әли атты баласын күтіп отырған Жамал кемпір. Бір үйде жалғыз, үйі де, өзі де тозған. Кейде от жағуға да шамасы келмей жатып қалады. Көп адамдардың оны көрмегені де қашан! Осындай күйде жатқан ананы мектептің ауылға көмектесіп жүрген ересек балалары Дана мен Сандуғаш іздеп табады. Олар әжесін тұрғызып, үйіне от жағады, тамақ әкеп көмектеседі. «Алау» тобының мүшелері Әлиді іздеп табады. Оның соңғы хаты арқылы Смоленск маңында соғысқанын біліп, сол жердің «қы­­зыл­­ізшілеріне» хат жазады, Смоленск оқу­шылары бір солдаттың қабірінен гиль­заға салынған хатты іздеп тауып, оның авторы Әли екенін анықтайды. Ол Смо­ленскіні қорғаушылардың қатарынан орын алады. Олардың шақыруымен Жамал әжей баласының басына барып қайтады. Алыс жолда төбесі көкке екі-ақ елі жетпей қайтқан қарт ана жиған-тергенін шашып той жасайды да, кешікпей өзі де өмірден өтеді. Хикая соғыс салған жараның адамдар бойында әлі де өтіп болмағанын, соғыс ардагерлеріне қамқорлықтың қажеттігіне назар аудартады. Бұл хикаяда да ауыл адам­дарының өмірі жанды елестейді.
Жанат әңгімелері де әдеттегі эпи­калық туындылар үлгісіне ұқса­майды. Олардың журналистің қала­мынан шыққаны байқалып тұрады. Эпизодтық оқиғаларға құрылған әңгіме­лерде адамның мінез-құлқын, психо­логиясын танытарлық, өмірдің өзінен ойып алған суреттер мол. Тартымды да қызықты өрілген көріністер көңіл өсіреді. «Ауылдағы дос», «Бір күн, бір түн» әңгімелерінде жазғы демалыста ауылдағы атасы мен әжесіне барған балалардың ісі, қылығы, психологиясы жақсы ашылады. Өз құрбыларымен танысып, достасқан қала мен ауыл балаларының бірін-бірі шын дос санаған ақ көңілі, хат жазысуы, жазғы демалысты бос өткізбей, ауылда шөп шабуға қатысуы, біртіндеп еңбекке қызығу, дала табиғатын сүюге үйренуі де тартымды әңгімеленеді. Қаламгер ауыл өмірін жақсы біледі.
Жанаттың бұрынғы кітаптарында да көркем әдебиетке публицистиканы пай­далану, өмір проблемаларын кең көтеру, әдебиеттің танымдық сипатын арттыру жолындағы ізденістері айрықша байқалатын. Ол жастар өміріне көп көңіл бөледі. Қанша дегенмен, өмір өз дегеніне көндіріп жатыр, ескі жұртты күзетіп қалғандар азаюда, енді солардың орнын басарлық жеткіншектерді танып, оларды даланың табиғаты мен ауыл өміріне қызықтыру, ата дәстүрді сыйлауға үйрету – оның негізгі тақырыбы болып табылады. Ол тағдыр мен адам проблемасын қозғайды, яғни туған ел тіршілігін толғайды. Тілі көркем де, бейнелі. Сөз киесін жан-дүниесімен түсінеді. Қуаныштысы да міне осы. Ауыл жыршысы екенін танытқан жазушының қиын жолдағы ізденістеріне сәттілік тілейміз.

Алдыңғы «
Келесі »