Қазақстан ұзақ жасаушылар мекені бола ала ма?

  • 19.09.2012
  • 851 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Әбдірашит Бәкірұлы,
философ-публицист

Бір күндік сәуле..
Бір күндік жарық мекенім!
Мәңгілік түнек – қапасқа қалай
кетемін.
Келмейді-ау тілім…
Өмір дегенге,
Тірлікте, сірә, жетер ме ой.
Жарық сәуледен басқаның бәрі
бекер ғой.
…Бекер ғой бәрі – бөтен ғой,
Өмір дегенің – бір күндік Сәуле
екен ғой!..
(Мұқағали Мақатаев.
Моцарт. «Жан азасы»)

«Барлық тіршілік иелері арасынан тек адамдар ғана өздеріне пайдалы нәрсені білмейтіні ұят-ақ нәрсе»
(Үлкен Плиний)

Қазір ғалымдар адамның ұзақ өмір сүруі тұқым қуалау қасиеттерімен байланысты екендігін дәлелдеді. Әйтсе де, бұл феноменнің табиғи және қоғамдық ортаға да байланысты екені жоққа шығарылмайды. Және де, оған қоса бұның адамның көңіл-күйі мен өмір сүруге деген құштарлығына да тәуелді екені анықталды. Осы ғылыми деректерге сүйене отырып: «адамға жүз жасқа жету әбден мүмкін нәрсе, алайда оңай шаруа емес» деген қорытынды жасауға болады, әсіресе, егер халық үздіксіз реформалар заманында өмір сүріп, билігі бір бөлек, халқы өз бетімен, бағыт-бағдарынан және жұмылып өмір сүру діңгегінен ажырап қалған заман болса…
Ұзақ ғұмыр − жер бетіндегі «жұмаққа» тап болғандардың несібесі
Әлемде адамдардың тек аз ғана бөлі­гі жүз жасқа жетеді. Ал,110 жастан асқан­дарды саусақпен санап алса болады. Сондықтан, барлық жерде 90 жастан асқан адамдарды «ұзақ жасағандар» деп есептейді. Алайда әр елде тұрғындардың санына шаққанда ұзақ жасаған жандардың саны біркелкі емес. Өйткені, мемлекеттер әрқилы табиғи жағдайда орналасады, әр халықтың жейтін тағамы, ішетін суы, ауасы, тіптен, күн сәулесі мен жер қызуы да бөлек болып келеді. Сонымен қатар, әр халықта қауымдасып өмір сүру тәсілі, әдет-ғұрып, салт-дәстүр және т.б. ерекшеліктер бойынша елеулі айырмашылық бар. Міне, осының бәрі сол ел адамдарының орташа өмір сүру жасына тікелей әсер етуші факторлардың жиынтығы болып табылады. Яғни, орташа өмір сүру жасы әлемдегі барлық елдерде біркелкі болуы мүмкін емес.
Бірақ, ұзақ өмір сүру туралы айтқанда бүкіл адамзатқа ортақ бір ерекшелікті айтпай кетуге болмайды: ол – «қай елде орташа өмір сүру жасы жоғары болса, сол елде көнекөз қариялар көп» дейтін қарапайым ғана шындық. Мысалы, Жапония мемлекеті көп жылдар бойы орташа өмір сүру деңгейі жөнінен әлемде алдыңғы орында келеді. Соған сәйкес, ол елде жан басына шаққанда қарт адамдар көбірек. Онда 100 жастан асқандарының саны 28 мыңнан асады және олардың көпшілігі әйелдер (85,4 пайыз Егер 1963 жылы жасы 100-ден асқандардың саны 153 адам болса, 1981 жылы – 1000, 1998 жылы – 10000-нан асты. Қазіргі есеп бойынша 28000 адам 100 жастан асып отыр. Бұл дерек Жапон мемлекеті өз адамдарының сапалы өмір сүруін, денсаулығын және т.б. жағдайларын басқаларға қарағанда әлдеқайда жоғары деңгейде қамтамасыз етіп отырғанын білдіреді.
Соңғы жылдары бұл өзекті мәселе Қазақстанда да көтеріле бастады. Оның да жөні бар… Шынында да, Қазақстан өзінің барлық ерекшеліктері бойынша нағыз «ұзақ жасаушылар» мекені бола алар еді. Себебі, біздің атамекен жер шарындағы адамдардың өмір сүруіне қолайлы санаулы аймақтардың бірі. Бірінші, өте жоғары деңгейдегі тұрмыс жағдайын қамтамасыз етуге кепіл бола алатын қазба байлықтың молдығы. Екінші, біршама дамыған, білім мен ғылымды меңгерген әлеуметтік орта. Үшінші, өмір сүруге қолайлы табиғи аймақтардың жеткілікті болуы. Төртінші, жаһанданумен қатар жүретін урбанизациялау үрдісінің баяулығы, адамдарға аса қауіпті стрестік (күйзелу) жағдайларды бол­дырмаудың алдын алу мүмкіндігінің молдығы және т.с.с.. Бірақ, өкінішке орай, бұл тек теория жүзінде ғана қалып отыр. Ал, қоғамдық өмірдегі жағдайымыз тіптен басқаша. Осындай мүмкіндіктерге ие бола отырып, біздің халқымыз соңғы жиырма жылда үнемі «күйзелістер шабуылына» ұшырап келеді. Психологиялық көңіл-күй де мәз емес. Содан болар, кейінгі кездері қоғамдық пікір бұл мәселені мысқылға айналдырып: «мынадай ит тірлікпен ұзақ өмір сүрудің қажеті қанша?» деген сұрақ тастады. Тіптен, сұрақпен шектелмей, адамдардың өзіне-өзі қол салу әрекеттерінің де тым көбейіп кетуі − осы «мысқылдың» ащы бір шындығына айналды…
Сонда, біздің халық ұзақ өмір сүруді қажет етпейтін болғаны ма? Олай дей алмаймыз. Халықтың өмірге деген құштарлығын білгің келсе – ақындарын тыңда! Жоғарыда келтірген Мұқағалидың сөзі оны айғақтап тұр! Адамдар өмірінен өз еркімен безінбейді. Өйткені, әркімнің түпкілікті мақсаты табиғи болмысқа сай «ұрпақ жалғастыру» деген тілекпен өрнектеледі. Ендеше соңғы кезде жиі айтылатын «ұзақ ғұмыр» төңірегіндегі әжуәның астары басқада болып тұрғанын мойындау қажет. Шынында да, егер, мемлекетті ұзақ жылдар басқара отырып, халықтың тұрмысын қанағатты деңгейге жеткізе алмаған билігінен халық шаршаған кезде, халық шығармашылығы осындай −сарказмға толы сарынға қарай бет бұрады екен. Соған сай өздері үшін ғана «жұмақ» орнатқан билік тарапынан айтыл­ған жоғарғы пафостағы кез-келген сөз («бос сөз» десе болады) халық арасында наразылықпен қабылдана бастайды. Жоғарыдағы «кекесін» содан туған! Әйтпесе, «ұзақ ғұмырға» не жетсін! Ол әркімге арман! Қорқыт бабаның ұрпақтары қай уақытта өмірден қашып еді?
Бірақ, біздің ырқымызға көнбейтін бір шындық бар. Ол − өзінің ғана күйін күйттеген билігі бар елде «ұзақ ғұ­мыр» тек сол биліктің, яғни бұл өмірдегі «жұмақта» жүргендердің несібесі санала бастайтыны! Ал болашағы бұлыңғыр, өзіне деген сенімі аз, қолда бар байлығынан ажырап, жұмыссыздық пен шарасыздықтан өмірдегі қалауын жүзеге асыра алмай, дәрі-дәрмегі мен ішер тамағына жарымай отырған қалың жұртқа «ұзақ өмір» деп жырлағаннан гөрі, «осы жылдан қалай аман өтсек» деген жанталас әлдеқайда маңызды болып шығады!
Жалпы, генетиптік тұрғыдан алғанда қазақ халқы семіздікке ерте бой алдырмайтын, ұзақ жасауға табиғи тұрғыдан бейім, төзімді халық екенін медицина іштей мойындаған. Егер, біз қоғамды үйлесімді (жарасымды) дамыта алғанда, онда Мұқағалидың жоғарыдағы жыры басқаша − көтеріңкі пафоста − жырланбас па еді?!. Амал нешік, әзірге ерлердің орташа − 63,41, әйелдердің – 73,32 жасына әупірімдеп жеткенге де шүкір деп отырмыз… Қарапайым есепке салсақ: біздің ер азаматтар зейнетке шықан соң 5 ай зейнетақы алып «о дүниеге» аттанып кете барады екен. Керемет есеп! 5 айлық зейнетақы да сол үшін есептелгендей… (Дегенмен, бұл көрсеткіш табиғаты қатал Астанада 69,35 және 77,09 жыл болып тұрғаны – жағдайдың түзеуге келетінін білдіреді. Сондықтан үміт отын өшірмейік).

«Көңілді (қайғысыз-мұңсыз) адамдар тез айығады, ұзақ
өмір сүреді»
Бұл А.Паренің сөзі. Сол айтқандай, адамдар өміріне риза болса, «көңілі тоқтық − қарын тойғызады» дегендей уайым-қайғыдан, психологиялық депрессиядан, әртүрлі күйзелістік жағдайдан арылып, еңсесін көтереді. Ондай адамдар ұзақ жасауға бейім. Ал, азаматтардың өмірінің сапасын көтеру мемлекеттің тікелей міндеті. Сондықтан, бұл мәселені «мемлекеттік шара» қатарына жатқызу қажет. Әрине, өмір туралы айтқанда, алдымен денсаулық ойға оралады. Қазіргі заман медицинасы көптеген ауру түрлерін жеңіп, мезгілсіз ажалға тосқауыл қоя алатын деңгейге жетті. Мәселен, ғылымы мен білімі дамыған алдыңғы қатарлы елдер адам организмінің микробиологиялық-химиялық-психологиялық ерекше­ліктерін жетік зерттеп, соған сай дұрыс тамақтану ережесін (диетология) енгізген. Фармацевтика өндірісін дамытып, салауатты өмір сүру салтын қалыптастырған. Қоғам мақсатын жеке адамның мақсатымен үйлестірген. Нәтижесінде, ол елдерде «ұзақ жасаушылар» саны көп. Ол туралы алыс-жақын шетелдерге туристік сапарлармен барып жүрген әркім де айта алады – сексеннің сеңгіріне, тоқсанға шыққан еуропалық немесе жапондық, американдық кемпір-шалдардың фото-бейне камераларын мойындарына іліп, әлем таңғажайыптарын тамашалап сапырылысып жүргенін көрмегендер аз шығар. Шет ел шал-кемпірлерінің «көрсем, білсем», яғни, «өмірді сүре берсем» деген құлшынысы жастарға бергісіз… Осы орайда, қазақтың шал-кемпірлері жер жүзін кезіп жүр десек – күлкіге қарық боп қалар ма едік, кім білсін?..
Бұған «біз кімнен кембіз?» деп өкпе­леу­дің қажеті жоқ. Расында, қазақта «бейне­тіне қарай зейнеті» деген сөз бар. Қазақтың қариялары үшін немерені бауырға басу «бейнет» емес, керісінше ең құнды «зейнет». Қариялар «Құдай соған жеткізсін!» деп отырады. Бірақ, осындай «қанағатшыл» қарияларын өлместің ар жақ-бер жағындағы зейнетақымен қамтамасыз етіп қою ешқандай да күлкілі жағдай емес. Осындай зейнетақымен (стипендиямен, әлеуметтік төлемақымен, жалақымен) жоғарыдағы «бізде әлі күнге дейін дұрыс тамақтану ережесі жоқ» дегенді айтып неғылайық! Болмаса, академик Т. Шорманов қазақ халқының тамақтану ерекшелігі туралы мәселені талай рет көтерді. Атап айтқанда: «қазақ ұлты ет және сүт таға­мына үйренген, еттің ішіндегі тәуірі жылқы еті, сүттің ішіндегі ең тәуірі − қымыз бен шұбат» − дейді академик. Өйткені, жылқы етінде адам организміне зиянды ферменттер өзге мал еті түрлеріне қарағанда әлдеқайда төмен. Осыны ескере келе академик қазақ халқына арналған дұрыс тамақтанудың «арнайы ұлттық ережесін» жасауға бірнеше рет талпыныс білдірді.
Алайда денсаулық министрлігі оны қабылдамақ түгілі, халық арасында наси­хаттауға, ұлттық тағам өндірісін дамыта отырып дәрі-дәрмексіз-ақ көптеген аурудың алдын алуға, халықтың өмір сүру жасын ұзартуда салғырттық танытуда. Мысалы, Лондонда қазақстандық зілтемірші Илья Ильиннің олимпиаданың екі дүркін жеңімпазы болғаннан кейін ағылшын баспасөзі еш әзіл-оспақсыз «Илья феномені» жылқы етімен байланысты екенін жазып жатыр… Бір қызығы, жылқы етін аузына алса ұшықтанып қалатын олардың сөзінде еш­бір сарказм байқалмайды. Өйткені, Ильяның өзі мойындағандай – шындық сол! Біз, сөйтіп, өзге жұрт мақтаған жылқы етін ұлттық тағамның «көшбасшысына» айналдыра алмай жүргенде, ол аз болған­дай, қымызымызды да бұрын оны «үш ұйықтаса түсінде көрмеген» өзге бір еуропалық ел патенттеп алыпты деген сыбыс бар. Болашақта қымыз (шұ­бат) өндіру үшін сол елге салық тө­леп отыратын болсақ − ұяттың көкесі сол болмақ… Бұны «комедия түрінде қайталанған тарихты» біздің «жайбарақат» биліктің өз қолымен жасағаны демей не дейміз?! Атадан балаға мирас болып келе жатқан қолдағы дүниеден қалай айырылып қалғанбыз, сонда?..
Азық-түлік қауіпсіздігі − адам өмірін ұзартудың кепілі.
Жалпы, «ас адамның арқауы» деген халық даналығына сүйенер болсақ − «ұзақ өмір сүру» елдің азық-түлік қауіпсіздігімен тікелей байланысты. Бұл бүкіл әлем мойындаған ереже. Мәселен, 1996 жылы БҰҰ бастамасымен қабылданған «Әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігі туралы Рим декларациясында»: «қоғамның азық-түлік қауіпсіздігі дегеніміз − адамдардың салау­атты әрі белсенді өмір сүруіне қа­жетті азық-түлікке кез келген уақытта әрі жеткілікті көлем­де қол жеткізе алуы» –деп атап көрсетілген. «Қажеттілік» − тұтыну нормаларымен сәйкес болуы тиіс. Ал, бұл нормалар Қазақстан Үкіметі қабылдаған нормалардан 1,5-2 есе жоғары. Соған қарағанда біздің қариялар (студенттер, жұмыссыздар, мүгедектер және т.б.) тамақты екі есе аз ішетін қанағатшыл, бірішек болғаны ғой, шамасы… Және де, мұнда назар аударатын бір «қулық» бар: ол – біздің үкіметтің «азық-түлік қауіпсіздігі деп базарда азық-түліктің 43 түрінің болуын» санауы. Ал, Рим декларациясында қауіпсіздік деп «адамның өзіне қажет тағам түріне қажетті мөлшерде және кез-келген уақытта қолы жетуін» айтады. Айырмашылығын көріп тұрған боларсыздар? Яғни, бұл − біздің Үкімет «базарда 43 түрлі азық-түлік түрі бар» деп жариялаумен бірге әрбір адамның оған қол жеткізе алуын қамтамасыз етуден қашып отыр деген сөз. Әрине, олай етер болса үкіметтің жауапкершілігі қазіргіден әлдеқайда жоғары болатыны анық. Ал, оның біздің «мемлекетшіл» шенеуніктерімізге қажеті қанша? Сондықтан, біздің үкіметке ондай жауапкершілікті мойынға артқаннан гөрі, базарды тағамның 43 түрімен толтырған кәсіпкерлер мен алыпсатарлардың жұмысын «өз жетістігіміз» деп меншіктеп алуды тиімді санайды. Әрі, бұл маңдай терін төгіп, халық үшін, оның денсаулығы үшін жұмыс істегеннен әлдеқайда оңай болып шығады. Яғни, егер үкімет қауіпсіздікті осылай түсіндіру арқылы жауапкершіліктен оңай құтылады және өз «жұмысының» бағасын көтереді. Ал, «құда да, құдағи да тыныштық» тек сөз жүзінде ғана…. Шын мәнісінде, «халықтың тұтыну қабілетін арттыру» дегеніміз не? Бұл − ғылым жетістіктеріне негізделген өндірістер ашу, жұртты біліктілігіне сай жоғары жалақы алатындай жұмыспен қамту, адамдардың іскерлік қабілетін көтеру, шарасыздарын мәртебелі зейнетақымен, әлеу­меттік жәрдеммен қамтамасыз ету, барлық адамдардың өмірге деген құштарлығын арттыру және т.б. «Көңілі тоқ, көйлегі көк» адам ғана өз өмірін ұзарта түседі, өмір сүруге деген құштарлық артады. Сөйтіп, өмір мағынаға толған сайын − қоғам да салауатты жолға түсе бастайды. Яғни, қоғам осындай болса − «ұзақ өмір» туралы қалай айтсақ та жараспай ма? Ал, қазір, ол мысқылға айналып тұр. Үкімет осы мысқылдың жауапкершілігін мойнына алудан қашып отыр. Болмаса, неге Рим Декларациясы бұрмаланады?..
Дегенмен, ауызды құр шөппен сүрте беру жараспас. Қазір, құдайға шүкір, әлемде медицинадағы жағдай аздап болса да түзеліп келеді. Оны соңғы кездері байқап та жүрміз. Алайда, жақында ғана студент жастардың тәуелсіз сарапшылары еліміздегі белді медициналық институттың бірі коррупциялану бойынша екінші орында тұр деп жариялады (Баспасөзді қараңыздар). Әрине, олар «айды аспанға шығарған» жоқ. Коррупция біздің білім жүйесінде жаппай орын алған құбылыс. Мені басқа сұрақ қызықтырады: осы оқу орнынан білім алып шыққан жас дәрігерлер біздің өмірімізді ұзарта ма, әлде бізге «тозақ өмір­ден» тезірек құтылуға көмектесе ме? Міне, бұл сұрақ әзірге жауапсыз қалып тұр… Сонымен қатар, елімізде шетелдік қымбат медициналық аппараттардың біразының шаң басып жатқаны туралы деректер бар. Себебі, ол техникамен жұ­мыс істейтін маман тапшы. Бұл да меди­цинаның, жалпы ғылым мен білімнің кенжелеп қалуымен байланысты дер едік. Сөйтіп, амалдың жоғынан «біздің медицина адам өмірін ұзартудың жетекші факторы бола алмай отыр» деген қорытындыға келуге мәжбүрміз.
Енді адам өмірі ұзақтығына қатысы бар бірнеше факторларды атап өтейік:
Бірінші, мемлекетте білім беру деңгейі жоғары болса, ол адамдардың өмір жасына тікелей әсер етеді. Сауатты, көзі ашық, жан-жақты білімді адамдар аурудың алдын алу­ды, ауырса – қалай дұрыс емделуді және т.б. қатерлерден сақтануды біледі. Яғни ондай елдің азаматтарының өзін-өзі сақтау имунитеті өте жоғары. Әрі ғылым-білімі толысқан елде азаматтар өз өмірін дұрыс ұйымдастыра алатындықтан, олар көптеген орынсыз стрестерге ұшыруадын сақ болады. Күйзелістен аулақ болу – жүрек және тағы басқа ағзалардың бірқалыпты жұмыс жасауының бірден-бір кепілі. (Қауіптілігі жөнінен жүрек талмасы бірінші орында тұр). Екінші, мемлекетте құқық қорғау жүйесі азаматтардың мақсаты мен мүддесіне орай жұмыс іс­тесе – ол да адамдардың орта жасына (өмір ұзақтығына) әсер етеді. Адамдар өз құқықтарының қорғалатынына, әділетсіздікке жол берілмейтініне, өз мақсатына жетуге барлық заңдық жол ашық екеніне сенімі бар болса – өзіне де сенімді болады. Бұл сенім адамға өмір сүруге деген құлшыныс береді. Оны «өмір сүрудің элексирі» деп атаса артық емес. Үшінші, мемлекеттің ғылыми-техникалық жетіс­тігі де өмір сапасына әсер етеді. Мысалы, бұрындары жаман жолдарда қаншама адамдар жол апатынан жазықсыз өмірден ерте кетіп жататын. Қазір жолдар салына бастағалы жол апаты қысқарып, кенеттен келетін ажал азаюда. Осыған озық технология мен ғылыми дәйекті жобаларды іске қоса отырып, жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Соның арқасында көптеген адамдар 100 жастан асуы әбден мүмкін. Бұл мемлекеттің осы шараны дер кезінде қолға алуына байланысты. Сонымен қатар ғылыми жетістіктер өмірдің барлық саласынан көрініс тапса, ол адам өмірін ұзартады. Нақтысында, оларға экология, азық-түлік, табиғи апаттарға қарсы тұру, еңбекті дұрыс ұйымдастыру, оның қауіпсіздігі және т.б. жағдайлар жатады. Төртінші, адам өз өмірін өзі жоспарлайды. Сондықтан, ұзақ өмір сүру мәселесін тек мемлекетке арта салу дұрыс емес. Мемлекет ұзақ өмір сүрудың алғы шартын жасаса, ұзақ өмір сүру, бәрібір, жеке адамның өз қолында қалады. Сондықтан қоғамда «салауатты өмір» атты бағдарлама болуы шарт. Осы шара аясында адамдар темекі, маскүнемдік, нашақорлық сияқты тажалдан арылып, өмірдің қызығы мен мәні басқа құндылықтарда екенін ұға бастауы тиіс. Бесінші, адам өзін неғұрлым бақытты сезінсе, соғұрлым ұзақ өмір сүрсем дейді. Яғни, адам өз өмірін мағынамен толтыруы қажет. Мағынасыз өмір – тұл өмір. Бұл ұғынуға тұрарлық ережеге айналуы тиіс. Яғни, «адам өзін неғұрлым бақытты сезінсе, соғұрлым ұзақ өмір сүре алады». Алтыншы, ұзақ өмір әр нәрсенің шегін ажырата алғанда ғана мүмкін. Барлық нәрсе өз шегінде ғана пайдалы, шегінен шыққанда зиян. Ол туралы ұлы дәрігерлер талай рет айтқан: «Дәрі – мөлшермен ішкенде дәрумен, шамадан тыс қолданғанда – у» деп. Сондықтан, біз жақсы мен жаманның арасын ажырата алсақ − көптеген кездейсоқтықтан құтыламыз. Бірақ өмірде ылғи да олай бола бермейді. Әсіресе, адамның жүрегіне қатты салмақ салатын «байлыққа құнығу» деген нәрседе шек болмайтыны секілді… Ендеше, өмір біз білгеннен, ойлағаннан әлдеқайда күрделі болғаны ма?.. Жетінші, Ең бастысы әрі маңыздысы: қоғамда кері кету белгілері саналатын − маскүнемдік, есірткі, бала туудың төмендеуі, өлім-жітімнің артуы, адамгершіліктің құл­дырауы, қаңғыбастық, отбасының күй­реуі, қылмыстық әлемнің бой көте­руі, наркомандық, қорқаулық, қатыгездік, енжарлық, заңсыздық сияқты құбы­лыстарға қарсы тұру, одан қорғана білу иммунитетін қалыптастыру.
… Ал, өз кезегінде, бұлардың барлығы саяси жүйе мен ел басқару тұтқасын қол­ға ұстағандардың ниеті мен пиғылына, гуманистік келбетіне тікелей байланысты нәрселер…
Жер бетінде ұзақ жасаған адамдар (Бұл тізім құжатпен дәлелденбеген бізге тек дерек түрінде жеткен):
– Ли Цинъюнь, Қы­тай, 256 жас жасаған.
– Шералы Мүслімов, Әзірбайжан Рес­пуб­ликасының ең ұзақ жасаған тұрғыны, 168 жас.
– Заро Ага, Түркия, 157 жас.
– Туринах, Индонезия, 2010 ж., 157 жаста болды.
– Махмұд Багироглы Эйвазов, Әзір­байжан, 152 жас жасаған.
– Кантеми, Индонезия, 2010 жылы 145жаста болды.
– Гаини Лал Сингх Джакар, Үндістан, 143 жас жасаған.
– Хабиб Миян, Үндістан, 139 жас жа­саған.
– Насир Аль-Нажри, Біріккен Араб Әмірлігі, 2008 жылы 135 жаста.
– Халиме Олджай, Түркия, 137 жас­та.
– Айша Кетчи, Ирак, 2002 жылы 135 жаста болатын.
– Молоко Темо, Оң­түс­тік Африка Рес­публикасы, 134 жас жасаған.
– Сархат Ибрагимқызы Рашидова, Дағыстан, 131 жас.
– Мария Оливия да Силва, Бразилия, 130 жас.
– Антиса Хвичава, Грузия, 130 жастан асты.
– Тути Юсупова, Өзбекстан, 130 жас­тан асты.
– Хабибамал Бикмұхаметқызы Хамитова, Челябинск қаласы, Ресей, 2010 жылы 120-ға толды.
Ал, Қазақстанда 2009 жылғы санақ кезінде 130 жасқа толған Сахан Досова әже табылды. Бірақ, өкінішке қарай, ол кейуана 2009 жылдың 9 мамырында дүниеден қайтты.

Салыстырмалы деректер:
Көпклеткалы организмдердің өмірінің ұзақтығы: Адам (Homo sapiens) −134, Піл (Elephas maximus) – 86, Жылқы (Equus caballus) − 62, Шимпанзе (Pan troglodytes) − 75, Ит (Canis familiaris) – 34, Қоңыр аю (Ursus horribilis) −40, Сиыр (Bos taurus) − 30, Арыстан (Panthera leo) – 29, Мысық (Felis catus) − 29, Жабайы қабан (Sus scrofa) − 27, Үй ешкісі (Capra hircus) – 20, Тиін (Sciurus vulgaris) – 16, Тышқан (Mus musculus) – 4.

Алдыңғы «
Келесі »