Дәркембай Шоқпарұлының қазақ мәдениетіндегі орны

  • 10.05.2017
  • 1760 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Роза АМАНХАНОВА,
режиссер

Дәркембай Шоқпарұлы – суретші-этнодизайнер, Қазақстан Суретшілер және Дизайнерлер Одағының мүшесі, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының «Сәндік өнер және дизайн» фа­куль­теті, «Сәндік өнер» кафедрасының профессоры бол­ған. Қырғызстанның «Дизайн академиясының» корреспондент-мүшесі, көптеген халықаралық бай­қау­лардың дипломанты еді. Дәркембай Шоқпарұлы құжаттарға араб әрпімен сыпайы ғана «Дәркембай ұста» деп қол қойған екен. Ал, «ұста» сөзінің шын мәнінде ауқымы зор, тұғыры биік, құлашы кең қасиетті сөз. Ұсталық атадан балаға мирас болып келетін жауапты іс.
Дәркембай Шоқпарұлы – 1946 жылы 23 мамыр күні Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Ақши ауылында дүниеге келеді. Әкесі Шоқпар Ерғожаұлы, оның тете інісі Алдамберді мен кенже інісі Ахмет ағайынды ұсталар. Екеуі де қол өнерімен Жетісу өңіріне белгілі болған адамдар екен.Осындай өнерлі отбасынан шыққан Дәркембай Шоқпарұлының ұсталығы атадан балаға дарыған қасиет. Ұста, зергер, қолөнер шебері болған. «Халқымның дәстүрлі төл өнері, Кәсібім ата-мұра қолөнері. Жинадым әдет-ғұрып салт-дәстүрін, Елімнің көзге ыстық қолөнері» – деп жазады Дәркембай Шоқпарұлы өлең шумақтарында. Дәркембай Шоқпарұлының өнерге құштарлығы анасы Жұмагүлдің ақ сүтімен дарыған. «Дәркембай» деп, азан шақырып атын қойған нағашы ағасы Жармұхамбеттің өзі тегін кісі емес. Ахмет ағасының көріктерін кезек-кезек басып қолөнерге тәнті болып өседі. Әкесі Шоқпардан қалған көрік пен төс, темір балғаға ерте ие болған Дәркембай әке мұрасын жалғастырды. Әкеден оза туып, өз белін өзі буып, атакәсіп қолөнерді жалғастырады.
Ұсталық – ұстамдылықты ұнататын өнер. Халық шеберлері төс темірден шыққан дыбыстан-ақ, шебердің шың­далғанын байқап, бағасын берген. Нағыз ұста бірде желпітіп, бірде баяулатып, бірде батыра, жұмсарта балға соғу арқылы музыкалық ырғақ тудырып иі қаныққан темірден әдемі бұйым жасағаны белгілі. Шоқтығы биік қолөнер шеберлерінің құпия сырын мең­герген бірегей тұлға – Дәркембай Шоқ­­парұлы еді. Әсіресе, ер қаруы – бес қару – садақ, қылыш, найза, айбалта, шоқпар жасауда қазақ еліне танылды.Дәр­кембай Шоқпарұлының ғылыми-зерттеу, ғылыми-танымдық 200-ден астам мақаласы бар. 29 кітаптың және оқу құралдарының авторы. «Өрім өру» (1994), «Домбыра жасау» (1996), «Бесікке бөлеу» (2001), «Қазақтың қолданбалы өнері» (2007), «Қазақтың қолөнері» (2005) т.б. Ақын ретінде танылған «Ай-алқа» атты кітабы бар. Онда қол­өнерге байланысты этнографиялық та­қырыптағы, лирикалық т.б. өлеңдері жа­рияланған. «Қазақтың қолөнері» ат­ты кітабы «Өнер» баспасынан 2005 жы­лы жарыққа шыққан. Кітапта автор алғыс сөзінде: Географиялық картада Алтай мен Атырау арасын алып жатқан кең-байтақ өлке біздің туған еліміз – Қа­зақстан Республикасының жері. Осынау байтақ жерде көсілген кең далалар мен асқар таулар, толқынды теңіздер мен айдын шалқар көлдер, арналы өзендер, мен орман тоғайлар өте көп. Қазақстан жерінде өсімдіктер мен жануарлардың алуан түрлері кездеседі. Жер қойнауы әр алуан қазба байлықтарға тұнып тұр. «Осындай табиғат байлығын ата-баба­ларымыз ерте замандардан бері қолдан келгенше игеріп отырған», – деп бастайды автор [1, 5-6].
Ежелгі тас дәуірінен бастап, бүгінгі күнге дейін қазақ жерінен табылған қолөнер үлгілерінің түп-нұсқалары мен шынайы шеберлердің қолынан шыққан өнердің озық үлгілерін бұл күнде музейлерден көріп те жүрміз. Ал, енді, қолөнер дегеніміз не? Оның адам өміріндегі қызметі қандай? «Қолөнер ғасырлар бойы дамып, қалыптасып келе жатқан халық творчествосының сарқылмас қайнар көзі, халық мәде­ниетінің айнасы. Ол талай ғасырлар ке­зе­ңінен өтіп түрленіп, жаңарып келіп, атадан балаға мұра ретінде бізге жеткен дәстүрлі де қастерлі өнер» – деп жазады Дәркембай Шоқпарұлы [1, 8]. Оған дәлел, Шоқпарұлының соңынан ізін жалғап, өнерін өшірмей ұрпаққа жеткізіп келе жатқан баласы Дәулет Дәркембайұлы. Қандай халықтың қолөнері болса да оның тарихымен, қоғам­дық құрылысы, әдет-ғұрып, салт санасымен аттасып қатар өркендейді. Қолөнер адам баласының әсемдікке, нәзіктікке деген ұмтылысын, сол бағытта табиғатты өзінше таңбалап бедерлеуін, сұлулықты іздеуге құштарлығын танытады. Ол арқылы біз үлкен рухани-эстетикалық тәлім алып, өнер әлеміне қанат қағамыз. Кітап 8 бөлімнен тұрады. 1. Ою-өрнек. 2. Тері өңдеу. 3. Ағаш өңдеу. 4. Металл өңдеу. 5. Ер-тұрман. 6. Қару-жарақ. 7. Саз аспаптары. 8. Жиһаз, ыдыс-аяқ. Автор бұл бөлімдерге атаулар беріп, оны жік-жігімен жіктеп, түсіндіріп өтеді. Бірінші бөлімде, ұста Дәркембай Шоқпарұлы ою-өрнекті 3 композияциялық құры­лымға бөледі. Ою-өрнек өнердің өте көне, әрі күрделі түрі. Әр елдің әдет-ғұрып, салт-дәстүрі географиялық, та­биғи ортасына байланысты ою-өрнек үлгілері де ерекшеленіп, елдік сипатқа ие болып, түрлене түседі [1,13]. Жалпы, ою-өрнек дегеніміз – геометриялық бейнелі элементтердің жүйелі ырғақпен қайталанып, үйлесімдік құрылуы. Дәр­кембай Шоқпарұлы бірінші болып тері өңдеу туралы зерттеуінде, мал терісінің түрлері мен атауларына көңіл бөледі. Төрт түлік малдың терісі өте қымбат шикізат. Соның ішінде, ірі қараның терісін сиыр терісі, өгіз терісі, тайынша терісі, бұзау терісі деп төртке бөледі. Жылқы терісін бие терісі, жабағы және құлын терісі деп үшке бөледі. Түйе терілерін атан терісі, бота терісі дейді [1,34]. Тарамысты әзірлеу үшін, үлкен еңбек керек. Тарамысты торсық, мес, саба т.б теріден жасалған ыдыстарды тігу үшін пайдаланады [1,43]. Көн – ірі қараның терісінен иленген қатты былғары (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі «Ғылым», Алматы, 1980, 162- бет).
Көн туралы Дәркембай Шоқпарұлы бұл анықтаманы жоққа шығарады. Зергер: «біріншіден көн деп қазақ иленбеген теріні айтады, екіншіден былғары көн болуы мүмкін емес, ол арнайы иленіп, кермектеліп, боялып жасалады». Көн – малдың (аңның) иленбей, (қан шылғи) кептіріліп, қатты күйге түскен терісі. Көннен тулақ, торсық, кеукерін, бұлқыншақ, талыс, т.б. бұйым­дар әзірленеді. Көннен әзірленетін бұйым­­дар екі түрге бөлінеді. Біріншісі түгін қалдырып жасайтын бұйымдар, екіншісі түгі алынған теріден жасалатын бұйымдар [1, 49]. Ағаш өңдеу туралы, Дәркембай Шоқпарұлы кітабында, ағаштардың ішіндегі ең «шешені» сөй­легіші қарағай дейді. Музыка аспабын жасаушы шеберлер, қарағайдан домбыра тұтас шауып та жасайды немесе басқа ағаштан шабылған домбыраның қақпағын міндетті түрде қарағайдан сала­ды. Шеберлер сан жылдаған тәжі­рибенің нәтижесінде қарағайдың тербелу арқылы дыбыс шығару резонанс қабілеті өте жоғары екендігін дөп басып таба білген. Дәркембай Шоқпарұлы: тұт ағашы, үйеңкі, емен, қайың, терек, тал, жеміс ағаштарын зерттеп, олар­ға анықтама беріп, нақтылап жазады. Қандай ағаштан қандай музыкалық аспап жасауға болатынын көрсетеді. Бұл зергердің келер ұрпаққа қалдырған өш­пес мұрасы. Ағаштан жасалатын құ­рал-саймандар, бұйымдар көп. Онымен қоса, ағаш өңдейтін құрал-саймандар: балта, жай шот, шот, қашаулар, ұңғы, қолара, пышақ, аталғы, садақша ара, пәрмі, бұрғы, ағаш балға т.б. 4-бөлімінде ұста металл өңдеу туралы және металдан жасалатын бұйымдар туралы жазады. Мысалы: түйме, оймақ, сырға, білезік, жүзік, сақина т.б әшекей бұйымдарды атап көрсетіп, жасалу жолдарына тоқ­талады. Ұсталар тобы көбінесе, ал­тын, күміс сияқты қымбат бағалы металдар мен тастарды қолданып, өте нәзік зергерлік бұйымдарын әзірлеген.
«Зергер» парсы тілінен ауысқан «зәр­гәр» сөзі. Парсы тілінде алтыннан, кү­містен суырып, созған жіңішке сымды «зәр» дейді. Халық арасында зергерлер өте жоғары құрметке ие болып, елдің сүйікті адамы саналған: Содан соң: Қорқақ ер болмайды, Қола зер болмайды, – деген халық арасында айтылып жүрген сөздерге қа­рап, елдің зергерлер мен зергерлік өне­ріне немқұрайды қарамағандығын айтамыз [1,91]. 5-бөлімде Ер-тұрман туралы жазады. Ер әшекейлері, құйысқан, өміл­дірік қоспалары, қыз баланың ері. Бүгінде ат жарыту, бәйгеге шабу өнері де қайта бел алып келеді. Міне, сондай өнер­мен шұғылданатын кісілерге де ат әбзелдері керек [1, 109]. Ер-тұрман де­геніміз – салт атқа мінуге арналған әб­зел-жабдықтар жиынтығы. Ерші – ер-тұрман жасайтын, шебер, ұста [1, 111]. Ершілер ерте заманнан бері ерді негізгі үш топқа бөлген. Олар: ашамай, еркектерге арналған ер, әйелдерге арналған ерлер. Дәркембай Шоқпарұлы ер-тұрман тақырыбында көптеген мағлұматтар береді. Осындай дүниелерді жазуға біраз еңбектеніп, тер төгу керек. Ер-тұрман әзірлеуге қажет шикізаттарды жазып, анықтап суреттермен көрсетеді. Бұл нағыз ізденіс. Дәркембай Шоқпарұлы қо­лына балғасын алып шеберханада осы айтылған заттарды жасап жүрсе де болар еді. Бірақ, ұста олай жасамады. Келер ұрпаққа, жастарға қазақтың қолданып жүрген бұйымдарының жасалу технологиясын атын атап, түсін түстеп көр­сетіп кетті. Бұл Шоқпарұлының мә­дениетімізге қосқан үлкен еңбегі. Көне сөздерге терминдік анықтама берді. Мысалы, ыңыршақ, ашамай, қылыш, найза, айбалта, шоқпар, жеңсе, тізелік, қалқан, көн дулыға, қорамсақ т.б. Дәркембай Шоқ­парұлы кітаптың 7-бөлімінде «Саз аспаптар» туралы: «Қазақстандағы ас­паптану ғылымы жөнінде сөз қозғасақ, осы салада ширек ғасырдан астам тер төгіп, түрлі саз аспаптарының үлгілерін жинап, зерттеп, саралап, республикалық әр түрлі басылымдарда насихаттап, көз майын тауысып, бірнеше кітап жазып қалдырған ғалым, марқұм Болат Шам­ғалиұлы Сарыбаевтың еңбегі ұшан десек, жаңылыспаймыз» – дейді [1, 137].
Бұл кітапта Дәркембай Шоқпарұлы бі­раз дүниелерді тілге тиек етті. Болат Сары­баевтың қазақтың саз аспаптарының 30-дан астам түрлерін тауып, түрлі эксперименттер жасап, аспаптарының дыбысын жетілдіріп, кейбірін жаңғыртып, қайта өмірге алып келгендігі туралы айтады. Шоқпарұлы: «Хал­қымыздың мәдениетін, музыкалық мұрасын, этнографиясын зерттеп, қалам тартып жүрген Ө. Жәнібеков, А.Сейдімбеков, С.Ақатаев, Ж. Шәкәрімов, Т.Әсемқұлов, С. Медеубеков сынды азаматтар бар. Саз аспаптарын жетілдіріп, қайта тірілтіп жүрген Алтынбек Құмаров, Оразғазы Бейсембаевтарды атап өтуге болады, сол сияқты бұл күндері саз аспаптарын әзірлейтін үркердей бір топ шеберлер бар, олар: Мұса Әділов, Құрақбай Егізбаев, Жолаушы Тұрдығұлов, Есен Құлжабаев, Сатыбалды Кенжеғараев, Мәулен Сүлейменов т.б.» деп жазады [1, 152]. Зергер ағаштың қасиетін нақтылап көрсетеді. Музыка аспаптарын әзірлеу шеберлікті, шыдамдылықты қажет ететін өнер екен. Ең алдымен ағашты таңдау, дайындау, сақтау сияқты шараларды дұрыс меңгеру керек деп айтылады. Байырғы шеберлер музыка аспаптарын әзірлейтін ағаш неғұрлым ұзақ кепсе (сақталса), соғұрлым сапасы жоғары болады деп есептеген екен. Дәркембай Шоқпарұлы саз аспаптары туралы жақсы мәлімет береді. Ыдыс-аяқ, жиһаз туралы да көп зерттеп, көп мағлұмат жинақтаған. Халық шеберлері бұл күндері біздер күнделікті тұрмыста тұтынып жүрген үй жиһаздарын ерте кездерден жасай бастаған. Дәркембай Шоқпарұлы тұрмыста қажетті бұйымдарды зерттеп, жинап оларға терминдік анықтама берген. Мысалы, абажа, адалбақан, асадал, ағаш төсек, әбдіре, кебеже, сандық, жүкаяқ, жастықағаш, жағлан, жозы т.б. ыдыс-аяқ заттарын қазіргі кезде қолданамыз ба? Ол не? – деп ұрпағымыз сұрауы да ғажап емес. Ұмыт болып бара жатқан осынау дүниелер: абажа – бұл ыдыс-аяқ пен тамақ салатын үй жиһазы, кебеженің үлкен түрі. Тақтайдан жасалып, көбіне киізбен, кейде былғарымен, қаңылтырмен де қапталады, астына әшекейлі жүкаяқ қойылады [1, 159]. Ал, кебеже деген – азық-түлік сақтауға пайдаланған, ағаштан жасалып, беті сүйек, күміс ою-өрнегімен әшекейленген сандықша ыдыс. Қайың, терек, қа­рағай сияқты ағаштардан жасайды. Бетін оюлап, сырлайды. Оң, сол жақ қабырғаларына қайыстан, темір металдан құлақша орнатады – деп анықтама береді Шоқпарұлы [1, 161].
Жоғарыда ағаш пен металл туралы айтып өттім. Осы ағаштан жасалатын ыдыстар: астау, аяқ-табақ, көз аяқ, қарын аяқ, сары аяқ, табақ, зерен, керсен, ожау, тостаған, тегене, шара екен. Мысалы, табақ – піскен етті, тағамды салатын дөңгелек жайпақ ыдыс екенін білеміз. Ал, қарын аяқты білесіз бе? Ол – әркімнің тамақ ішетін меншікті ыдысы [1, 164] деп жазады. Яғни, Дәркембай Шоқпарұлы әр заттың анықтамасын бере отыра, ұмыт болып бара жатқан заттарды іздеп табады. Оған мысал, металдан жасалатын ыдыстар: бақыр, бақыраш, леген, тегеш, шәугім, шөген т.б. Шындығында бұл ыдыстар қазіргі таңда тұрмыста қолданылмайды. Көненің көзі деп жар құлағы жастыққа тимей, тірнектеп жинап, оны қағаз бетіне түсірген Шоқпарұлының бұл еңбегі мәдениетке қосқан үлесі болар. Бір қызығы жүннен жасалатын ыдыстар болады екен. Олар: боқша, боғама, қапшық, қанар. Жалпы, түрлі заттарды салуға ар­налған кішірек қапты қапшық деп айтып жүрміз. Ал, қанар деген не? Қанар – мақта, жүн салуға арналған, кенептен тігілген үлкен қап [1,167] . Көнек, қауға, бұлқыншақ, мес, сүйретпе, талыс, жанторсық т.б. тері­ден жасалатын ыдыстарға жатқызып, осы ыдыстарға да анықтама береді. Мысалы, қауға – малдың терісінен жасалған, құ­дықтан су тартып алуға арналған шелек (ыдыс) [1,168]. Ұстаның зерттеулері мен жаз­баларынан біраз мағлұмат алуға болады. Ұзақ жылдар бойы қолөнер туралы зерттеп, жинап, оны қағазға түсіру бұл нағыз із­деніс.
Осы кітаптан соң, Дәркембай Шоқ­пар­ұлының 2007 жылы «Алма­тыкітап» баспасынан «Қазақтың қолданбалы өнері» деген кітабы шығады. Бұл кітаптың екінші авторы, Шоқпарұлының ұлы Дәулет Дәркембайұлы. Кітап 7-тараудан тұрады. Кітаптың 3-тарауына тоқталсақ. «Сүйектерге жан бітсе» деп аталады. Дәр­кембай Шоқпарұлы нанымдар мен ұғымдар деп тақырыпты қойып, «Қа­зақта сүйекті қастерлеу, қадірлеу салты ерте замандардан қалыптасқан. Сон­дықтан, бақи дүниеге сапар шеккен адам­ның мәйітін туған жеріне, кіндік қаны тамған жерге әкеліп жерлегенді жөн көрген. Жаугершілік замандарда шейіт болған жауынгерлердің сүйегін «қорлайды» деп жат жерде қалдырмай, мәйітін сілтеге салып, қайнатып, еттен ажыраған сүйекті тері қапқа салып, киізбен орап, қапқа салып, туған жердің топырағына әкеліп қоятын рәсім болған. Төтенше жағдай туып, сүйекті түгел әкеле алмаса, бір саусағының сүйегін алып келген» – деп жазады [2, 75]. Оған мысал келтіреді. Сүйектің не екенін туралы айтып қана қоймай, бұрынғы қариялар жөн сұрасқанда бір-бірінен «сүйегің кім», көңілі жақын, жегжат адамдар кейінгі ұрпақ суысып кетпесін деп бір-бірімен қыз алысып, қыз беріп отырған рәсімді «сүйек жаңғырту» туралы және «сүйекке түсу» рәсімдері туралы айтады. Дәркембай Шоқпарұлының бір ерекшілігі бар. Ол осы кітаптарды оқып отырғанда, жазбаларында бай­қалды. Дәр­кембай ұста мақал-мәтел, халық нақылын, өлең шумақтарды, жыршы, жыраулардың сөздерімен мысалдап жет­кізгенін байқайсыз. Мысалы, «Әкеден мал қалғанша, тал қалсын», «Бабын тап та бақ өсір», «Тұт еккенің – құт еккенің», «Шыдамы жеткен шебер болар» т.б. деген мақалдарды ағаш өңдеу тарауында қолданса, «Бармағынан бал тамған, Не шеберлер өтіпті, Үлгі берген өнермен» (Ақтан Керейұлы), Шарға ұстаған балта едім, Шабуын таппай кетілдім. Қай­раса тағы жетілдім (Махамбет), «Бәйбішеге жарасар, еміздіктеген сабасы, келіншекке жарасар, емшектегі баласы» (Бұқар жырау), – деп жырау­лар айтқанымен дәлелдесе, Ілияс Жан­сүгіровтің «Қызылдап қымыз сабасын, Жыртығын үйдің жамасын, Айт, апатай келінге», (келсап туралы) [2,101]. «Са­райым – сабап қоям пісіп-пісіп, қой­дырман ән қымызын ой-кернетіп» (Жан­сүгіров), «Томыртқы қылып тор­сыққа, Шөлдермін сусын су байла» (томыртқа туралы) [2,119]. «Дүкенім құрған шеберім, Шеберле шеге шегеле», (Ілияс Жансүгіров) [2, 159]. «Елдің жайын ел баққан, Ерлер білер деген сөз. Зердің жайын зер соққан, Зергер білер деген сөз» (Жам­был Жабаев) [2, 151]. Осындай нақыл сөздермен, мақал-мәтелдермен мы­салға алынып жазылған бұл кітаптың ерек­шелігі болуы керек. Бұл шебердің кітап жазудағы стилі, зерттеуі, жазу шеберлігі.
Жігітке жеті өнер де аз, дегендей Дәр­кембай Шоқпарұлының бір қыры – ақын­дығы. Оның өлеңдер жинағы 2003 жылы «Айалқа» деген атпен шыққан. Ол:
Халқымыздың дәстүрлі төл өнері,
Кәсібім ата-мұра қол өнері,
Жинадым әдет-ғұрып салт-дәстүрін,
Елімнің көзге ыстық көнелері.
Тыңдаған қарттарынан өлмес күй-ән,
Көненің көзіндей бұл мұрағаттан,
Дер едім, келер ұрпақ көрмес зиян,
Сенемін, келер ұрпақ көрмес зиян,
Өнерім, өлеңімді дербес қоям,
Қабылда аманатты туған елім! – деген өлең шумақтарымен ақындығында бай­қатады [3, 1].
Дәркембай Шоқпарұлы туралы көп­теген мақалалар жазылған. Архивтен газет-журналдарды қарап шыққанда, біраз мағлұмат жинақталды. Сұхбаттарды оқып отырып, Дәркембай Шоқпар­­ұлы­ның мектебі туралы айтпауға болмас. Мысалы, «Ұлан» газетінде 1998 жылдың 28 шілдесінде жарыққа шыққан «Дәркембай мектебі» туралы журналист Сұлтан Қалиұлының сұхбатында: «Мектеп ашып, ұстаздық етуге неге қызықтыңыз?»- деген сұрағына «Өмірдің де, өнердің де жедел дамуына бірден бір ықпал ете­тін­дер – мектеп, ұстаз. Құдайға шүкір, біз­дің ата-бабаларымыздан мұра болып келе жатқан зергерлік өнеріміз, қолөнер ешқандай халықтың өнерінен кем емес. Мектеп ашудағы мақсатым, өнерімді, білгенімді шәкірттерге үйретсем деймін. Олар да өзінен кейінгілерге үйретіп, халқымыздың қолөнер шеберлерінің туындылары әлемдік қолөнер туындылары қатарынан өз орнын тапса деймін» – дейді Дәркембай Шоқпарұлы [3, 2].
Дәркембай ұстаның шәкірттері өте көп болды. Ұсталық өнерді, зергерлікті жасына да, кәрісіне де қарамай үйрететін. Ақиқатты білгің келсе әліппеден баста де­мек­ші, қазақтың киелі қолөнерін ұсталық жолдан бастаған. Қатқан қалып, мырдымсыз машық, үйреншікті үлгі өнерді өркендеткені рас. Талғампаз талант тарланы Дәркембай қолөнер түрлерін меңгеруде, үйрену мен жирену үдерістерін тәжірибеден өткізген ұстаз. Оған дәлел, 1996 жылы туған жері Ақши аулында ашылған «Асыл» атты мектебі. Ол мектепке республиканың әр жерінен келген шәкірттері тегін оқыды. Дәркембай Шоқпарұлы тылсым тіршіліктің иірімдеріне терең бойлаған, киелі қолөнер пернелерін дөп басқан азамат. Өнері өтімді, іс-әрекеті ғұмырлы. Дәркембай қазақтың қайталанбас қолөнер иесі, өткен ғасыр өресіндегі ұлт­тық өнердің жанашыры. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, Дәркембай шебер Т.Жүргенов атындағы Қа­зақ Ұлттық Өнер академиясында «Сәндік өнер және дизайн» факультетінде «Метал­ды көркемдеп өңдеу» мамандығында студент­тер оқытып, доцент және 2005 жы­лы про­фессор атағын алады. Дәркембай Шоқ­парұлының тағы бір қыры – суретші әрі мүсіншілік өнері. «Студент қыз», «Алтын адам», «Қарасай батыр» т.б. портреттері бар. Металдан, ағаштан, тастан қашап жасалынған ескерткіштер. Мысалы, Абдолла Розыбақиев (1977 ж., Шелек), «Құланаян Құлманбет» (1998 ж,. Түрген), Мұстафа Шоқай (1998 ж., Қызылорда, Шиелі), Мұхтар Әуезов (2001ж., Есік қаласы), Қа­шаған Жаманқараев (2001ж,. Қаракемер), Ра­қым­жан Тоқатаев (2004 ж,.Қаракемер) тарихи тұлғаларымыздың мүсін-ескерткіштерін жасаған. Онымен қоса, көптеген тарихи сәу­лет ескерткіштерінің қалпына келуіне өз үлесін қосты. Шебер шет елге көрмелерге қатысып отырған. Мысалы, Нью-Йоркте халықаралық сауда орталығындағы «Қазақ декорациялық-қолданбалы көрмесі» (1982 ж,.) (АҚШ ). СССР-дің 60 жылдық мерейтойына орай, шебер 1982 жылы көрмесін шығарды, Алматы қаласында 1991 жылы ашылған жеке жәдігерлік коллекциясынан құралған этнографиялық мұражайындағы дүниелер халыққа ұнады. Париждің Ренн қаласында өткен «Экспо-2001» атты көрме-жәрмеңкесінде еуропалықтарды таңғал­дырған. Шебердің өзіндік дара жолы бар. Ол мұражай ашу жолындағы даралығы мен ерлігі. Алғаш рет Дәркембай Шоқпарұлы 1991 жылы Алматы қаласынан жекеменшік этнографиялық музей ашады. Дәркембай Шоқпарұлы – қазақ қолөнерінің алтын діңгегі, алып тұлғасы. 1970 жылдардың соңында Өзбекәлі Жәнібековтің тікелей ұсынысымен «Қазреставрация» деген үл­кен трест жаңаша «Қазмузейреставрация» деп өзгерді. Мұражайлар мен үкімет қа­рауын­дағы тарихи ескерткіштер, оларды жөндеу мен безендіру жұмыстары ғылыми тұрғыда зерттеліп, қайта қалпына келтіру ісі жаңа бағытпен қолға алынды. Алғашқы жыл­дары осы үлкен мекемеге суретші-ше­бер Дәркембай Шоқпарұлы бас суретші қыз­метіне тағайындалады. 1980 жылдардың ортасында қазақ мәдениеті мен ғылым тарихына «Халық музыка аспаптар» музейі дүниеге келді. Ал, музыкалық фольклор тарихында «Сазген» ансамблі үлкен орын алды. Осы мұражайдың дүниеге келуіне себепші болған Дәркембай Шоқпарұлы екен. 1979 жылы Венгрияға досы Иштван Қоңырға қонаққа барып, Будапешт қаласынан шамамен 100 шақырымдай жерде орналасқан Кечкемет қаласында болып, сол қаладағы поляк азаматы Альберт Ляшковскийдің «саз аспаптар» мұражайын көрген. 700-ден асатын саз аспаптар Дәркембай Шоқпарұлына үлкен әсер қалдырады. Көкейіне қонған ұшқыр ойды суретке түсіріп, сол кездегі Мәдениет министрлігінің орынбасары болып отырған Өзбекәлі Жәнібековке алып келген екен. 1980 жылдың басында Өзбекәлі бастаған білікті мамандар және Дәркембай Шоқпарұлы сынды шәкірттерімен үлкен бастаманы жүзеге асырған екен. 1981 жылы сәуір айында келешекке ұлттық нақышқа айналған «Халық саз аспаптар» мұражайы ашылады. Осы мұражайдың алғашқы тақырыптық жоспары бойынша қойылған дабылды-соқпалы беті теріден, шанағы темірден жасалатын аспаптардың көне нұсқалары шындауыл, дауылпаз, шың, сақпан, адырна аспаптарының көне түрлері қайтадан қалпына келтіріледі. Көптеген ұмыт болған музыкалық аспаптарды этнограф-ғалымдар Х.Арғынбаев, О.Хаймолдин тағы да басқа көнекөз қариялардың айтуымен жаңғыртып, кең шанақты, іші ішекті, үш ішекті, қуыс мойын, әмбебап атты домбыралардың түрлері көбейді. Қазақтың халық аспаптары мұражайының алғашқы талантты қызметкерлерінен «Сазген» ансамблі құрылады. Осы ансамбльге аспаптар мен биге қажет көмекші құралдар дайындалып алғашқы репертуары ұтымды шығып, қазақты таң қалдыруда Дәркембай Шоқпарұлының зергерлік өнерінің көмегі тиді. Ансамбльде алғашқы қолданылған қолөнер заттарының баршасы Дәркембай Шоқпарұлының қолынан шығып, бидің 5-де қолданылады. Мысалы, «Шалқыма» биінде жыға, торсық, тостағандар, «Жезтырнақ» биінде жезден ойып жасалынған жез тыр­нақтар, «Қылыш» биінде алмас қылыш, «Ай қосақ» биінде кепшік, асатаяқ. Ұлттық салт-дәстүрді, оған қатысты этнография тарихын жақсы білгеннің арқасында Дәркембай Шоқ­парұлы, 1980 жылдардан жаңаша жаң­ғырған музыкалық фольклор саласына, аспаптану ғылымының дамуына, ұлттық киімдерге, қолөнер саласының барлық түрлерінің қалпына келуіне ықпал жасады. Зергерлік бұйымдарды – алқа, сақина, білезік, әшекей бұйымдарды қалпына келтіріп, ұлттық бұйымдарды насихаттаған. Ата-баба мұраларын түгендеп, дамытып, сақтау ұлтжанды азаматтың ғана қолынан келеді. Дәркембай Шоқпарұлының тағы бір үлкен еңбегі – Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогика институтының 60 жылдық мерейтойына құрылған «Ақтұмар» мұражайын ашуға қосқан үлесі. Осы мұражайда Дәркембай Шоқпарұлының қолынан шыққан дүниелер бар. Қыз баланың жас мөлшерінен бастап, бойжеткен, қалыңдық, келін, әже образдарын бейнелейді. Мұражай құнды дүиелерге толы. Ерекше атап өтетін 5 бейне бар. Мұражай же­тек­шісі Сәуле Мерекеева бәрін мұқият түсіндірді. Мұражайда қойылған әрбір заттың тарихы бар. Сондай-ақ, мұражайда «Әйел әлемі» атты этнографиялық ком­позиция қойылған. Ол бес бөлімнен тұ­рады:1. Кішкентай қыз бала. Көйлегі қызыл атлас, кестелі қамзолына тана, моншақ қапсырмалар тағылған. Көз тимеу мақсатында тақиясына үкі қадал­ған. Жанына ортеке, шіңкілдек, тұяқ тас, сақпан саз аспаптары қойылған. Мұра­жайдағы біраз дүниелерді зерттеп, тізбектеді. 2.Бойжеткен қыз. Бойжеткен қыз киімінің негізгі айғағы – оның қос етек бүрмелі көйлегі. Шашына кестелі шашқап кигізілген. Ал, жасауы құрақ көрпе, шілтерлі, кестелі орамалдармен безендірілген. 3.Қалыңдық. Қалыңдық – киімінің негізгі айғағы – сәукелесі. Мұражайдағы сәукеле – құйма төбелі сәукеле. Тұтастай мельхиордан құйылып, асыл тастармен безендірілген. 4. Әже бейнесі. Киімнің салтанатты бөлігі – күн­дік пен зерлі кимешек. Әже қасында бесік қойылған. Әже бұйымдары: саба, келі, күмістелген кепсер, ожау, астау. Жауынгер қыз. Басында дулыға, тері сауыт, жеңсек пен тізелік киген жауынгер қыз садақ тартып, бес қаруын асынған. Осы «Әйел әлемі» деп аталатын этнографиялық коллекцияны жүзеге асырған. 5. «Жауынгер қыз» бейнесі мыстан жасалынған. Қазіргі кезде Дәркембай Шоқпарұлы атындағы мұражай бар. Ол Ақши ауылында. Негізінен бұл мұражай орнының ғимараты 1962 жылы салынған екен. Жалпы көлемі 365 шаршы метрді құрайды. Қазіргі күні бұл мұражайда 2400 экспонат бар. Мекемеде бес адамнан құралған шығармашылық топ жұмыс жасайды. Олар жасалу материалдарына қарай, атқарар қызметі мен орындалуына байланысты топтарға жіктелген.Мұражайдың экспозициялық зал көлемі – 210 шаршы метр. Ол Дәркембай Шоқ­парұлының шығармашылық өмірі мен қызметі. «Жігітке жетпіс өнер де аз», «Үй жиһаздары мен ыдыс-аяқ», «Ха­лық саз аспаптары және зергерлік бұйымдар», «Саятшылық, аңшылық», «Ер-тұрман, қару-жарақ, құрал-сай­мандар», «Дәркембай Шоқпарұлының үй жиһаздары» деген алты көрме залдарынан тұрады.
Салт-дәстүр ғасырдан-ғасырға, атадан балаға жететін құндылыққа толы дүние. Салт-дәстүрімізді біріміз білсек, бірімізге мүлдем ұмыт болған жәйттер де бар. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» – дейді Мұхтар Әуезов. Ата-бабадан қалған мүлік тозады, өнер озады. Демек, қазақ қолөнерінің түрін түгендеп, тамырынан бастап зерттеген Дәркембай Шоқпарұлы ұлттық өнеріміздің отын сөндірмеген екен. Осының құпиясы Дәркембай ұстаның еңбекқорлығы және шыдамдылығы еді. Дәркембай зергердің өнерге деген алғашқы қадамы ұсталықтан басталады. Қайрат күшін қара темірге жұмсап, қарапайым қара темірді қамырша илеп одан ауыздық, таға, балға, шот сияқты бұйымдар жасауды меңгерді. Үйренсең білесің, білсең жеңесің демекші қолөнерін үйретудің әліппесін ұсталықтан бастауы өнер иесін ұстамдылыққа, шыдамдылыққа тәрбиеледі. Шыдамдылықтың шыңына жеткен адам ғана шеберлікті дұрыс меңгереді.Дәркембай Шоқпарұлы «Шебердің қолы ортақ» атты телебағдарламасында домбыра жасаудың технологиясын, домбыраны құрап жасау, ашамай, торсық, дауылпаз, ер-тұрман, құранды ер жасау, қыл қобыз, зергерлік бұйымдарды жасау т.б. үйретеді. Бұл бағдарлама республикаға танылған. Хабарды қарап отырып, көпшіліктің танымын ашып, салт-дәстүрімізді дәріптеп, зердені ашады. Дәркембай Шоқпарұлы режиссер Ә.Әшімовтің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» көркем фильмінде Қарабай уәзір бейнесін шебер сомдады. Сонымен қатар режиссер Бақытжан Қайырбековтың «Шебердің оралуы», режиссер Нұрлан Ахтановтың «Зергерлер» және басқа да деректі фильм­дерге кеңесші ретінде өз үлесін қосып, қолтаңбасын қалдырды. Қазақта «Әке көр­ген оқ жонар, Шеше көрген тон пішер» – дейтін мақал бар. Дәркембай Шоқ­пар­ұлының артына қалған мұрагері, баласы – Дәулет Дәркембайұлы. Әкесінің ізін жалғастырушы, ізбасары, қолөнер шебері. Ол кісінің бойында тынымсыз еңбек бар. Жарқын жүзінен жанының жайсаңдығын аңғаруға болады. Кейінгі жылдары баспасөз бетіне этнографияға қатысты сан алуан мақалалар жазып жүр. Аудан, облыс, қалалық, республикалық тіпті шет елдерге шығып көрме қояды.
Дәркембай Шоқпарұлының ұсталық, зергерлік өнерін жалғастыратын ұр­пағы бар. Қай заманда да, қоғамда да «ұлыдан ұрпақ, тектіден тұяқ қалады»деген ұғым бар. «Тектінің ұр­па­ғы тек кетпес» әке аманатына абыроймен қарап келе жатқан Дәулет Дәр­кем­байұлы біраз дүниелер жасап жүр. Осы кезде – қазақтың ұлы ақыны Абай Құнан­баевтың: «Өлді деуге сыя ма, ойлаң­даршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» – деген «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» деген өлеңінің үзіндісі түседі. Дара тұлға – Дәркембай Шоқпарұлының соңынан мәңгілік өлмейтұғын із қалды. Инемен құдық қазғандай тірнектеп жинаған жәдігерлері, өзінің қолмен өріп соққан бұйымдары бүгінде еліміздің ал­тыннан қымбат тарихи қазынасы мұра­жайда көрініс тауып отыр.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Шоқпарұлы Дәркембай. Қазақтың қол­өнері. «Өнер», Алматы: 2005. -176 б
2. Шоқпарұлы Дәркембай, Дәркем­бай­ұлы Дәулет. Қазақтың қолданбалы өнері, «Алматыкітап»: 2007 ж.
3. Қалиұлы Сұлтан. Дәркембай мектебі //Ұлан, 28.07.1998, 3-б.
4. Дәркембай Шоқпарұлының жеке мұ­рағаты.

Алдыңғы «
Келесі »