КІТАП ОҚУ МӘДЕНИЕТІН КӨТЕРУ – ӨЗ ҚОЛЫМЫЗДА

  • 10.05.2017
  • 2899 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Жанар АБДИКЕРИМОВА,
ҚР Ұлттық кітапханасының көрмелер және мәдени
бағдар­ламалар қызметінің жетекшісі

Біздің рухани құндылықтарымызға жетер баға бар ма?! Бізді өсірсе, рухымызды биіктетіп, мәдени деңгейімізді биіктетсе, сол ұлы күштің бір ұлы қайнары осы рухани қазынада жатқан жоқ па?! Осыдан біраз жылдар бұрын, Алматыдағы Ұлттық кітапхананың аумағында «Саяхаттаушы кітаптар кітапханасы» немесе Буккроссинг жобасы ашылған еді. Буккроссинг (ағылшын тілінен аударғанда, «кітаптың айналыс­та жүруі») идеясын интернет-технология маманы Рон Хорнбекер 2001 жылы ұсынған болатын. Жарты жылдан кейін, оның сайтында  еркіндікке жіберілген кітаптың жолын жалғастырған 300 белсенді пайдаланушы тіркелді. Буккроссинг «өзің оқы да – басқаға бер» қағидасына негізделген қарапайым іс-әрекеттен тұрады. Мақсаты – кітап оқуды дәріптеу, кітап оқуға тарту. Біз өз кітаптарымызды оқырман оқуы үшін оларды сөрелерде қалдырамыз. Әрбір адам сөредегі кітапты алып, орнына басқа кітап қалдыруына болады. Буккроссинг адамдардың кітапқа және кітап оқуға деген қатынасын өзгертеді. Оның мәні – кітаптардың сөрелерде шаң басып жатпауы, басты мақсаты – пайда әкелу!  Басқаша айтқанда, бұл жанды кітапхана болып табылады. «Буккроссингтің» бір ерекшелігі – біздің жас­тар өзінің оқыған кітабын басқа кітаппен алмастырады.
Шараның жастар арасында өтуі – ғаламтордағы әлеу­меттік желіге байланып, асыл уақыттарын босқа өткізіп жүрген жастардың көбінесе кітап оқуға, білім қайнарынан сусындауларына деген талпынысын оятады. Бұл кітап оқуға деген сезімді оятудың өзіндік бір бірегей тәсілі десе де болар еді. Өйткені, бұл шара кітапхананың ішінде емес, ауласында, жол жиегінде өтті. Оның да себебі бар. Кітапханаға баратын адам басқа шаруаларын кейінге қалдырып, онда тек кітап үшін ғана барады ғой. Ал, буккроссинг акциясында сіз өз кітабыңызды, көше бойында, саябақта өтетін өзіндік уақыты аясында тегін алмасып, өзге досыңыздағы маңызды кітапқа қол жеткізе аласыз. Тіпті, орыс, ағылшын тіліндегі кітаптар да бар. Сондай-ақ, Қазақстан Респуликасының Ұлттық кітапханасы мен «Жас Отан» жас­тар қанатының бірлесіп ұйымдастыруымен жастар арасында «Буккроссинг» кітап алмасу күні өте табысты өтті. Іс-шараны Алматы қалалық «Жас Отан» жастар қанаты төрағасының орынбасары Жұлдыз Ыбытаева ашып, іс-шара туралы жастар арасында басталған бұл бірегей бастама жалғаса беретіндігін айтты. Шараны Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының қызметкері Аян Темірбекұлы жүргізді.
Ұлттық кітапханада оқырмандарды кітап оқуға баулып, жаңа кітаптарды насихаттап, таныстыру және кітап оқу мәдениетін көтеру тұрғысындағы іс-шаралар дәстүрлі түрде жалғастырылып келеді. Мәселен, былтырғы жылдың өзінде ғана 32-ден астам кітаптың тұсау­кесері өткізілді. Атап айтқанада, Оразәлі Сәбденнің қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрген «АБАЙ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҒЫ ЖӘ­НЕ ӘЛЕМДІК ЦИВИЛИЗАЦИЯ» және Оразәлі Сәбден мен Әбдімәлік Аши­ровтың «ХХI ғасыр және содан кейінгі ғасырдағы адамзаттың өмір сүру страте­гиясының концепциясы», Сұлтан Хан Аққұлының «Әлихан Бөкейхан. Қазақ жерінің жоқшысы» және «Алихан Букейхан. Творец истории» атты қазақ және орыс тілдеріндегі қос томдық тұңғыш деректі монографиясы, Қытай Халық Республикасы Орталық Ұлттар университеті филология факультетінің доценті, тарих ғылымдарының докторы Дүйсенәлі Әбділәшімұлының «Жұңго бірінші тарихи мұрағатында сақталған қазақша құжаттар»,  «Ескі қазақ жазба тілі», философия ғылымдарының докторы, профессор Сағади Байұзақұлы Бөлекбаевтың «Тюркский вклад в мировую культуру и цивилизацию», көрнекті журналист, білікті аудармашы, жалынды публицист Нұрмахан Оразбектің «Өтіп еді сол заман нақ осылай», «Шындықпен шыңдалған адам», Әбсаттар Дербісәлінің «Руханият және өркениет», Мақсат Байлының «Илиада: Түркологиялық пайым» («Илиада глазами тюрколога») атты ғылыми-көпшілік кітабы және Қазақстанның Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова туралы «Хиуаз» кітабының тұсаукесеріне зиялылар мен оқырмандар белсене қатысты. Аталмыш кітаптың тұсаукесері өте тыртымды болды. Шараға Атырау облыстық әкімдігі қолдау көрсетіп, өзінің арнайы делегациясын жіберді. Салтанатты шарада ардагер журналист Раушан Айтжанова, Динара Асанова, Ұлттық кітапхана директоры Жанат Сейдуманов, Әбу Сәрсенбаевтың қызы Райхан Әбуқызы, белгілі жазушы, қоғам қайраткері Мереке Құлкенов, Халық қаһарманының ұлы Ерболат Әміров, әнші Татьяна Бурмистрова, сыншы Әлия Бөпежанова, кітапты құрастырушы қаламгер Тұр­сын Қалимова сөз алып, батыр апамыз жәйлі естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Түр­киядағы елшілігі, ТҮРКСОЙ және Еуразия кітапханашылар қауым­дас­тығының қолдауымен Түр­кияда түрік тілінде  шыққан «Atayurt’tan Öyküler – Kazakistan. Hüzün Kuşağı» (Атажұрттан әңгімелер – Қазақстан. Мұңдас буын) атты әңгімелер жинағының тұсаукесері өте тартымды ұйымдастырылды.
Түркі халықтарының тарихын, тілі мен әдебиетін, мәдениеті мен өнерін біртұтас дүние ретінде бағалайтын, зерттейтін, дамытатын, болашақ ұрпақтарға мұра етуді мақсат тұтатын халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының атқарып жатқан істері сан алуан. Қазақстан ақын-жазушылары да Қазақстан мен Түркия арасындағы достық дәнекері ретінде қызмет етеді. Аталмыш кітаптағы әңгімелерді түрік тіліне аударып, жинақты құрастырған – аудармашы, публицист, Қа­зақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының өкілі Мәлік Отарбаев. Жинаққа Берік Шаханұлы, Мархабат Байғұт, Смағұл Елубай, Несіпбек Даутайұлы, Нағашыбек Қапалбекұлы, Дидахмет Әшімханұлы, Нұрдәулет Ақыш, Жұмабай Шаштайұлы, Тұрысбек Сәукетай, Ертай Айғалиұлы, Қуандық Түменбай, Рақымжан Отарбаев, Мақсот Ізімұлы, Көсемәлі Сәттібаев, Қали Сәрсенбай, Сәбит Дүйсенбиев, Серікқали Хасан, Нұрғали Ораз, Жанабек Шағатай, Асқар Алтай, Роза Мұқанова, Айгүл Кемелбаева, Гүлзат Шойбекова және Мәлік Отарбаевтың әңгімелері енгізілді.
Қазіргі кезде біздің кітапханамыздың ұжы­мы республикалық деңгейде үлкен жоба «Оқитын Қазақстан» бағдарламасын даярлау үстінде. Бұл жердегі басты мақсат ұлттың рухани және интеллектуалды серпілісінің қажетті құралы ретінде халықты оқуға баулу. Бағдарлама ауқымында оқу психологиясы, педагогикасы мен ғылыми негізделген практикалық ұсыныстар әзірлеу, отбасылық оқуды дәріптеу арқылы оқу машықтарын дамыту, оқу үшін тартымды әдебиетті шығаруға Қазақстанның баспа саласын (қызықты, ғылыми-көпшілік, көркем, нонфикшн, интерактивті) әлемдік және отандық көркемдік ойдың ең озық үлгілерін экранға шығаруға киноиндустрияны бағдарлау жолымен оқу репертуарын кеңейту, оқуды дәріптеуге жаңа технологиялар пайдалану негізінде өндірістік ұжымдарда оқу дәстүрлерін жаңғырту, демалыс танымдық үлгісі бойынша ұйымдастырылған балалар кітапханалары желісін дамыту және ірі сауда – ойын-сауық кешендеріндегі балалар оқу салонын ұйымдастыру, түрлі номинация­лар бойынша байқаулар, әдеби сыйлықтар белгілеу арқылы жазушы еңбегін ынталандыру, кітаптарға, әдеби сынға, оқырман шолуларына тұрақты рецензиялар жариялау жолымен оқу тартымдылығын жасау үрдісіне БАҚ-ды араластыру шаралары кеңінен қарастырылған.
Кітапханамызда оқырмандармен жұ­­­мыс істеп, оларды қоғамдық өмірге бел­сене қатысуға жетелеудің барлық іс-шаралары қарастырылған. Осындай бастамалардың бірі – қоғамдық негіздегі клубтар. Біздегі «Ермек Тұрсыновтың киноклубы» (жетекшісі Ермек Тұрсынов) бірқатар танымдық-тағлымдық деректі-көркем туындыларды жұртшылық назарына ұсынып отырады. Былтырдан бері біздің кітапханамызда «Оқырмандар клубы» тұрақты жұмыс істеп, игілікті істерді атқаруда. Бұл клуб әу баста ха­лықтың кітап оқуға деген ынта-ықы­ласын арттырып, интеллектуалдық ор­та қалыптастыру үшін құрылған. «Имани гүл» клубының жетекшісі – «Төле би» қоғамдық қорының дирек­торы Масатбаев Оралжан Жақаұлы. Бұнда «Қазақстан – 2050» стратегиясы ІІІ тарауының 7-ші «Жаңа қазақстандық па­триотизм – біздің көпұлтты және көпкон­фессиялы қоғамымыз табысының негізі» бабында белгіленген белестерге қол жеткізу жолындағы халқымыздың ерен еңбегіне белсенді түрде қатысып, әркімнің өз үлесін қосуы басты мақсат етілген. «Айгүл Абдраимованың «қаржылық сау­ат­тылық мектебі» – бұл сізге өзіңіздің жеке қаражатыңызды басқаруға және қар­жылық мақсаттарыңызға жетуге үйрететін бірегей оқу-білім беру орталығы болып табылады. Мектеп төмендегі сауалдарға жауап береді: жеке басы және отбасы бюджетін сауатты жоспарлау; балаларға лайықты білім беру; мұқтажсыз қарттық; ипотекасыз баспана; Қазақстанның қор нарығы; нөлден бастап инвестор жолы; кепілдік және бақылау. Жауапкершілік қайда, кімде? Инфляция және құнсыздану. Ақшаны сақтаймыз; ата-тектік капитал; инвестициялық портфель.
Кітапханамыздағы көрме залдары мен мәдени бағдарламалар жұмысы не­гізі­нен қалың оқырман жұртшылыққа ар­налған. Осындағы әрбір үлкенді-кішілі іс-шаралардың бәрі де оқырмандарға қы­зықты дүниелерді жарқыратып көрсету, оқырмандар назарын аудару, елдің рухани игілігіне қызмет етуге бағытталған. Тәуелсіз Қазақстанның өркениетін өшірмей, өсіруді мақсат еткен мұндай шаралар алдағы уақытта да жемісті түрде жалғасын табады деп сенеміз.

Алдыңғы «
Келесі »