К Ө К Т Ө Б Е

  • 10.05.2017
  • 1249 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Көктөбе – Іле Алатауының бөкте­ріндегі көрікті жерде орналасқан төбе. Алматы қаласының оңтүстік-шы­ғысында. Абсолют биіктігі 1070 м, салыстырмалы биіктігі 370 м-дей. Беткейлері тіктеу келген. Оларда бұта, жусан аралас таудың әр түрлі астық тұқымдас шөптесіндері өскен. Көктөбеде биіктігі 372 м болатын телевизиялық мұнара, қала тұрғындарының демалыс аймақтары, т.б. орналасқан. Көктөбе – Алматы қаласына панорамалық шолу жасайтын орын саналады.
Алматы қаласының айшықты, сәу­летті орындары туралы айтқанда алдымен Көктөбе көз алдыңа келеді. Халық ежелден «Алланың нұры жауған Алатау» деп тылсым табиғатына тәнті болған тау сілемдерінің биік шоқысы Көктөбе ғажайып өңір. Табиғаты өз алдына бұл өлкеде Тәңір тылсымын сездіретін ауа ағысы, тау самалы еседі. Көктөбе тұрған жердің қасиеті және көркем табиғаты, тұнық ауасы жанға шипа, тәнге қуат береді. Сондықтан болар, 50 жылдары бұрынғы үкімет үйін салуды ойластырып, жер таңдағанда сәулетшілердің ішіндегі бір-екі маман ғимарат Көктөбеде салынсын деп, – ұсыныс айтады. Романтик сәулетшілер билік ғимаратының асқақтап, Алатаумен үйлесіп тұрғанын қаласа керек. Тарихта тау сілемдерінің шоқы, жоталарына салынған үй, ғимараттардың, ғибадатханалардың болғанын білеміз. Яғни, ұсыныс текке айтылмаған. Сол сәулетшілердің идея, ұсыныстары жаң­ғырып, 70-ші жылдардың соңында мұнда әлемде теңдесі жоқ телемұнара салынды. Биіктігі 372 метрлік бұл мұнара Алматыдағы кереметтердің бірінен саналады.
Көктөбе өңірінің сұлу табиғаты мен көркем көрінісі бұл өңірді күндіз-түні бірдей әсерге бөлейді. Жер жанаты, ерекше табиғат құбылысы, мөлдір таза ауа әрқашан өзіне ынтықтырып тұрады. Осыдан болар, бұдан оншақты жыл бұрын Көктөбе өңірінде Алланың үйі зәулім, мұнаралы мешіт салудың жобасы жасалып, тіпті, орны да белгіленген еді. Мешіт құрылысы бас­талмады. Көктөбе сөз жоқ Алматының бренді, оның әсем табиғаты қазір заманауи құрылыстармен үйлесіп, саябақтармен жалғасып, неше түрлі символикалық нақыш, өрнек­термен айшықталып, адамды алыстан арбайды. Гүлзар-саябаққа айналған Көктөбе шетелдіктердің көзінің құртына айналған.
Бұрынғы Көктөбе (Кеңестік дәуірдегі), ауыл-кенті қазір өз алдына ерекше бір мөлтек аудан болып, түрленіп, құлпырып кеткен. Әл-Фараби айналма даңғылының осы маңынан өтетін тұсындағы қазіргі өркениет құрылыстары, нысана-сілте­мелер, жарнама-суреттер ерекше тәнті етеді. Кеңестік дәуірде мұнда киіз үй үлгісінде салынған «Ауыл» мейрамханасына келушілерде есеп болмайтын. Ауылдан келген студент жастар ауылдарын сағынғанда осында келіп, дем алатын. Биікте тұрып Алатауды, оның етегінде жатқан Алматыны тамашалайтын. Алматы жайындағы бір әнде (Көктөбе) әсерлі шумақ, сарынды әуез болатын. Сол атақты «Ауыл» мейрамханасы бүгінгі өркениет талабына сай ерекше айшықталып, тамаша көрінісімен баурап алады. Көктөбеге баратын аспалы жол туристер үшін нағыз саяхат қызығы. Әсіресе, жазды күндері мұнда келушілер кезекке тұрады. 1967 жылы салынған аспалы жол жарты ғасырдан аса қалалықтарға қызмет етуде. Ерекше бір айтатын нәрсе Көктөбеден қарағанда Алматы алқандағыдай көрінеді.
Абай алаңынан басталатын аспалы жолдың ұзындығы – 1627 метр. Бұрын мұнда аспалы жолмен вагон әр 5 минут сайын келіп, оншақты реис жасайтын. Бір жылдары толық күрделі жөндеуден өткен аспалы жол қазір нағыз саяхат жолы болып отыр. Көктөбенің шығысында терең сайдан аты алматылықтарға белгілі «Казачка» өзені ағады. Еңістеп ағып арнасын көбейтіп, Әлмерек кенті маңынан өтіп, Қапшағайға құяды. Көктөбе өңірі өзен-суы арқылы Іле алқабымен байланысып жатыр. Көктөбе тек фаунасымен ғана емес флорасымен де әйгілі өңір. Табиғат әлемі өз алдында мұнда неше түрлі құстар сайрап, саябақ өңірді кей кездері у-шуға бөлеп жатады. Мұнда, біраз аң-құстардың мекені болған зоологиялық бақ бар. Әсіресе, бұл балалар үшін қызықты әрі әсерлі жер. Жазды күндері мұнда керемет табиғат пен тау бөктерінің сұлу келбеті келген адамды өзіне ынтықтырады әрі ешкімнің кеткісі келмейді.
Жоғарыда айтқан әл-Фараби даңғылы түйлісетін Көктөбенің тұсынан өткенде ерекше бір табиғат құбылыс әлемі ашылады. Төменде ақшаңқан немесе аспан түстес ғимараттар асқақтаған, неше түрлі көліктер жүйткіген, жоғарыда мұңара көк тіреген Көктөбе күн өткен сайын көркейіп келеді. Ал, оның түнгі көрінісі бейне ертегіні елестетеді. Көктөбені әлемде жоқ брендке айналдыруға байланысты біраз жобалар, жоспарлар жасалынды. Бұдан бір-екі жыл бұрын Көктөбеде әйгілі ақын Мұқағали Мақатаевқа, батыр Бауыржан Момышұлына, кемеңгер Дінмұхамет Қо­наевқа үйлескен кешенді ескерткіш орнату туралы баспасөзде мәселе көтерілген еді. Бұл жоба Алматылықтар тарапынан қолдау көрді. Баспасөзде пікір, ұсыныстар айтылды. Алматы қалалалық әкімшілігі Көктөбе өңірін көркейтуге байланысты біз білмейтін жоба-жоспарларды жасап жатқан да болар. Түйіп айтқанда, Көктөбе Алматының тәжі.

Ораз-Ай

Алдыңғы «
Келесі »