Берері бар шығарма

  • 19.09.2012
  • 655 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Жұма-Назар СОМЖҮРЕК,
Қазақстан Жазушылар Одағының
мүшесі, әдебиет сыншысы

Сәбит Досанов – өмірінің шырғалаңы мен күрмеуі көп жазушы, қилы-қилы тағдыр иесі. Соған қарамай, көп жылғы көркемдік «Жиырмасыншы ғасыр» роман-эпопеясы өмірге келді. Алғашқы томы орыс тіліне «Двадцатый век» деген негізгі атымен Мәскеудің «Советский писатель» баспасында басылып шықты. Орыс әдебиетінің бүгінгі көзі тірі классиктері Лениндік сыйлықтың иегерлері М.Алексеев пен Ю.Бондарев, сыншы, академик Ф.Кузнецов, ақын О.Шестинский, жазушы В.Мирнев, «Литературная газетаның» бас редакторы Ю. По­ля­ковтардың әрқайсысы өз мақалаларында С. До­сановтың «Жиырмасыншы ғасыр» романына оң баға берген. В.Мирнев: «Сәбит Досанов – аса үлкен шебер. Оның «Жиырмасыншы ғасыр» романы – кең эпикалық туынды, оны прозамен жазылған поэма десе де болады», – депті. Енді, өз жазушыларымыз бен сыншыларымыз қалай бағалады екен? Олар үнсіз қалмапты. Академик-сыншы Серік Қирабаев, халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов, белгілі жазушылар Оразбек Сәрсенбаев, Асқар Алтай, Бақытжан Тобаяқов, Кәмила Құдабаева, Қайсар Әлімдер республикалық баспасөз беттерінде жарияланған өздерінің мақалаларында Сәбит романдарының әрқайсысына тоқталып, жан-жақты талдаған.
Қалың қазақ қырғын-сүргіндерді, небір нәубеттерді бастарынан өткере жүріп, ақыры санғасырлар бойғы арманы Тәуелсіздікке жет­кізіп, Астанаға келіп ат басын тіреді. «Жиырмасыншы ғасыр» эпопеясында, міне, осындай халқымыздың жүз жылдық өмірі арқау болған.
Осынша ауқымды ғасыр оқиғаларын жазушы зор шеберлік танытып, хроникаға ұрынбай суреттей білген. Ғасырдың әр кезеңінде жасаған кейіпкерлердің өмірі үзілгенімен оқиғалар желісі үзілмейді. Жаңа өмірге олардың балалары араласып, заман көшін солар алға жалғастырады. Мысалы, орталық кейіпкер Нұрдәулет қаза болғаннан кейін оның баласы Қаратай басты кейіпкер ретінде өмір сахнасына шығады. Бағланның баласы Асылхан да кейінгі заман оқиғаларының жуан ортасында жүреді. Кеңестік жаңа қоғамның белсенді қайраткерлері болып, Қазақстанның өнеркәсібін өрге сүйреп алға бастырады. Бірінші, екінші кітапта Нұрдәулет төңірегіндегі оқиғаларды оқып тамашалаған оқырман үшінші кітапта оның баласы кеңшар директоры Қаратайдың тағдырына ортақтасады. Жаңа заманның жаңа кейіпкерлері мен қоғам қайраткерлері – алдыңғы ұрпақтың балалары мен немерелері. Шығарма сонысымен қызықты.
Роман-эпопеядағы орталық кейіпкер – Ерасыл Жақсыбеков қазақ ұлтының зиялы қауымының білікті өкілі, белгілі жазушы, өз ортасына да, Республика басшыларына да сыйлы, сыйымды айтулы азамат. Жазушы Сәбит жазушы Ерасылдың образын жан-жақты ашып, әсіресе, оның қоғам өміріндегі азаматтық бел­сенділігін, адамгершілік асыл қасиеттерін, қысылғанға қол беріп көмектесіп, жәрдем көрсетіп, кісіге жақсылық жасап жүретін елгезек сергектігін ізгі де игі істер үстінде суреттеп бейнелейді. Ерасылдың мерейтойын өткізген аудан мен облыс басшылары жазушыға темір тұлпар сыйламақшы болады. Ерасыл одан бас тартып, оның орнына Жайна, Әбжан есімді ерлі-зайыпты қос мүгедекке шетелдік коляс­ка алғызып және облыс орталығынан ыстық суы бар жайлы үш бөлмелі пәтер беруді сұрап, сол өтінішін орындатады. Бұл Сәбиттің өз басынан өткен оқиға, оны кейіпкерінің бейнесін сомдауға орынды пайдаланған. Романда одан да басқа Ерасылдың жетімдер мен жесірлерге, қаражаттан қысылғандарға жасаған жомарттық жақсылығы баян етілетін беттер шығарманың шырайлы да жарқын жолдарына жатады. Сүйсініп оқисыз, адамдарды ізгілікке, қайырымдылыққа бастайтын, игі әсер ететін, тәрбиелік мәні зор азаматтық қылық деп бағалайсыз.
Адамгершілік, қайырымдылық жасауда Ерасылдың жары Айгүл де қалыспайды. Бірде бір бейтаныс кісі үйлеріне келіп, Орал қаласындағы үйіне қайтуға көк тиыны болмай қалғанын айтып көмек сұрайды. Қаражаттан өздері де қысылыңқырап тұрған Ерасыл «не істейміз» деп әйелімен ақылдасады.
– Менде сол кісінің жолына жететін ақша бар. Соны бер, – деді Айгүл ойланбастан.
– …Квартплат та төленген жоқ. Қысылып қалмаймыз ба? – дедім мен.
– Бір реті болар. Олжас сияқты ірі бол! Сені азамат деп арқа тұтып келді ғой, бер!
Айгүл осыны айтты да күнделікті тірлікке жаратып жүрген тиын-тебенін қолыма ұстатты. Алғысын жаудырып бейтаныс жолаушы кетті. Мендегі газет, журнал алып жүрген тиынды санап біз қалдық.
Ердің шырайын шығаратын қай азаматтың да жары сондай болса ғой деп оқырман ойға қалып, риза болары анық. Ерасылдың айдай сұлу Айгүлге өлердей ғашық болып, арудың махаббатын оятып, көңілін өзіне қаратқанға дейінгі оқиғалар аса қызғылықты тартымды жолдар.
Романда жастар Талап пен Тәрбиенің, Күрлеу мен Сандуғаштың ғашықтық-құш­тарлық хикаялары, кездесу кештері тамаша-тартымды суреттеледі. Жалпы, Сәбиттің осы романында қыз бен жігіттің, ер мен әйелдің сұхбаттары, қауышқан сәттерінің суреттелуі оқырманды ынтықтырып, еліктіріп отырады. Сәбит – диалог құрудың шебері. Оның диалогтерінде жасандылық жоқ, ер-әйел, қыз-жігіт тілдесулері жарасымды, жанға жұғымды, көңілге қонымды сөздермен өрнектеледі.
Сәбит «Жиырмасыншы ғасыр» роман-эпопеясында, оның өзі жанындай сүйетін Ұлы дала табиғатын жүрек тебірентерлік сүйіс­пеншілікпен бейнелеп, суреттеп отырады. Мысалы, мына жолдарды оқып отырып, өз туған жеріңді қалай еске алмайсың.
Ауылдың сол жағында Аман тоғайы тұр сыңсып. Сол тоғайдағы табиғаттың өзі өсірген алуан түрлі жеміс-жидектің жұпар исі желді күндері ауылға жетіп, жан сарайыңды шайдай ашады. Бір шеті қарағайлы қалың орманмен жалғасып жатқан тоғайдың тағы бір көркі – қысы, жазы бір үзілмейтін әнші құстар. Олар таңмен таласа сайрай жөнелгенде, жүректің нәзік пернелерін дәл басып, қиялыңды қиялдарға самғатады.
Оң жақта сауырын күнге сүйгізіп керіліп жатқан кең дала. Жібектей жасыл шөп пен ақ селеу, боз көде мен боз жусан бетін жапқан сол ұлан-ғайыр ұлы даланың қыры мен қырқасына қаулай өскен қызғалдақ пен сарғалдақ көздің жауын алады (Бірінші кітаптан).
Міне, Сәбит ұлы даланың бір пұшпағының табиғатын, көркем көрінісін осылай сүйсіне және сені де сүйсіндіре суреттейді. «Сауырын күнге сүйгізіп, керіліп жатқан кең дала», – деген жалғыз жолдың өзінде сол далаға деген қаншама сүйіспеншілік әрі мақтаныш сезімі тұр десеңізші! Сәбит ұлы даланың көркем бейнесін суреттегенде, шығарманың көркемдігін арттырып қоюды ғана мақсат етпейді. Оқырманның сұлулыққа сүйсіну, түй­сіну сезімін күшейте түсуді, туған жер табиғатына деген сүйіспеншілігіңді арттыруды, патриоттық сезімді тәрбиелеуді де мақсат етеді.Өзі де сол мол махаббатын сізбен де, бізбен де бөліседі; өзгелер де қазаққа Құдай сыйлаған осынау ұлы даланы менше сүйсе екен дейді; ғажайып даламыздың қадір-қасиетін біле түссе екен дейді. Оның шығармаларында табиғат көріністерінің молынан суреттеліп отыратын себебі, сол игі мақсаттан туындап жатады. Оны жай шешендік, сөз ойнату деуге болмайды.
«Жиырмасыншы ғасыр» эпопеясының бір кейіпкері – ұлы даламыздың, оның көк зеңгір, заңғар аспанының еркін де асқақ қыран құсы Ақбас бүркіт. Ол адамша ойлайды, адамша толғанады; ұлы даламызда болып жатқан оқиғаларға қыран көзбен қарап, назарынан тыс қалдырмайды. Ол туралы осы эпопеяны орыс тіліне аударған жазушы Владимир Мирнев былай деп жазады: «Образ хранителя души народа орла Акбаса в романе «Двадцатый век» как символ жизни и бессмертия идущих из далеких эпосов народных идеалов, проходящий через весь роман, невероятно интересен, значим, и до глубины души трогает читателя. Пожалуй, в литературе до сих пор не было подобного образа, когда душу народа символизирует и оберегает в веках великолепный Белоголовый орел, сопережающий лучшим своим сыном». Ия, дұрыс айтады. Сонымен бірге, Ақбас бүркіт ұлы даламыздың ұлылығының жанды бейнесі әрі киесіндей көрінеді. Сондай әсер аласың. Роман-эпопеядағы Ақбас бүркіт – күрделі кейіпкер, періште бейне. Автор Ақбас бүркіт сияқты қазақтың ұлы даласында бүкіл жиырмасыншы ғасырдың ұзына бойында болып өткен оқиғаларға қыран көзбен шола қарап, соларды көркем сөзбен кестелеп көз алдымыздан өткізеді емес пе.Қысқасы, романда Ақбас бүркіт пен автор бейнесін бір-бірінен бөле қарап, ажыратуға болмайды.
Қорыта келгенде, оқиғаларын тұтас­ты­рып бір роман-эпопеяға сыйғыз­ған басқа шығарма жоқ шығар.
Сондай-ақ, эпопея көркем тілмен, оқыр­манды қызықтырып, бас алмай оқи­­тындай шеберлікпен жазылған.
«Жиырмасыншы ғасыр» романында әлем­де Ұлы дала деп тарихқа енген даланың заманалар, ғасырлар бойы иесі болып келген қазақ деген халықты орыс отаршылдарының, кейін оның мұрагері болған коммунистік, шовинистік биліктің қалай қор етіп, жойып жібере жаздағаны, аштыққа, геноцидке, қуғын-сүргінге, репрессияға ұшыратып, қынадай қырғаны, адамзатқа жат жауыздықтары жақсы ашылып әшкереленген. Сайып келгенде, жазушы Сәбит Досановтың «Жиырмасыншы ғасыр» роман-эпопеясы қалың оқырманға берері бар шығарма.
Жұма-Назар СОМЖҮРЕК,
Қазақстан Жазушылар Одағының
мүшесі, әдебиет сыншысы

Алдыңғы «
Келесі »