ЕЛ ДАМУЫНЫҢ ЖАҢА КӨКЖИЕГІ

  • 12.04.2017
  • 463 рет оқылды
  • 0

Бақтияр СМАНОВ,
профессор

Еліміз өткен желтоқсан айында ғана Тәуелсіздіктің 25 жылдығын зор өрлеу үстінде салтанатты жағдайда атап өткені баршамыздың есімізде. Екі жарым ғасырдан астам уақыт Ресей империясының боданында, оның ішінде 74 жыл Кеңес Одағының құрамында болған қазақ елі үшін «тәуелсіздік» деген сөздің қадір-қасиеті ерекше қымбат, айрықша маңызды. Ресей империясы біздің жеріміздің байлығын сүлікше сорып, халқымызды қаншама қанды қырғынға ұшыратқаны халық санасынан әлі өшкен жоқ. Ал, коммунистік партия билеп-төстеген Кеңестер Одағы да қарамағындағы бұратана халықтарды аяусыз басып жаншыды. Жеріміздің асты-үсті толы байлықты да орталық иемденді. Біз, қазақтар, тілімізден де, дінімізден де, барлық рухани құндылықтарымыздан да айрылып қала жаздадық. 1991 жылы ел Тәуелсіздігін жариялаған кезде біз кеңестік зауыттардың қирандыларының арасында қалған едік. Бізге кеңес үкіметінен бірде-бір жібі түзу кәсіпорын, не өндіріс орны қалмаған-ды. Ел экономикасы тұралап тұрды. Кәсіпорындар жабылып, миллиондаған адамдар жұмыссыз сандалып кетті.
Тап осындай қоғам мен мемлекет және адам тағ­дыры сынға түскен сәтте Тұңғыш Президентіміз, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дана басшылығы арқасында жас мемлекетіміздің іргетасын қалап қана қоймай, қабырғасын берік етіп тұрғызып, шаңырағын шырқау биік көтеруге жеткізіп сол шаңырақтың ұшар басына мөлдір аспан түстес көгілдір байрағымызды да желбіретіп үлгердік. Ал, тәуелсіздік алғалы арадан өткен 25 жылда біз Елбасы ұсынған «Қазақстан – 2030» стратегиясында белгіленген міндеттерді толық жүзеге асырып, әлемдегі ең дамыған 50 мемлекеттің қатарына ендік. Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай, өткен 25 жыл ішінде біз әлем картасында болмаған мемлекет – тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құрдық. Мемлекеттік шекарамыз халықаралық деңгейде бекітілді. Ел-мемлекет басқа­рудың Конституциялық негізде жұмыс істейтін тиімді жүйесі құрылды. Сондай-ақ, біз заманауи Қарулы күштер мен құқық қорғау жүйесін иеленіп отырмыз. Халықаралық деңгейде мемле­кетіміздің абырой-беделі күн санап жоғарылап келеді. Тәуелсіздік жылдарында экономикамыз 20 есеге өсті. Біз экономиканың тиімді моделін жасадық. Бізде коммуникацияның, өндірістің, электр қуатын таратудың бірыңғай жүйесі Тәуел­сіздік жылдары қалыптасты. Бүгінде бір­ың­ғай көлік жүйесін құру ісі де аяқталуға таяу. Қазірдің өзінде 1000 шақырым автомобиль жолы, 3000 шақырымға жуық теміржол төселді. Жүздеген өңдеуші кәсіпорындар салынды. Мәдениет, руханият саласындағы табыстарымыз қаншама. Ширек ғасырда жаңа Елордамыз – Астанамызды салып алдық. Ол қазақ елінің абыройына, символына айналды. Осы жылдың ішінде 1 миллионнан астам отбасы жаңа қоныстарға жайғасты. 1350 жаңа мектеп салынып, 2700-ден астам балабақша және шағын балалар орталықтары ашылды. Барлық өңірлерде 20 Назарбаев зияткерлік мектептері ашылды. «Болашақ» бағдарламасы бойынша 12 мың қазақстандық жастар шетелдерде оқыды. 1300 аурухана мен емханалар салынды.
Ел егемендігінің жиырма бес жылда осындай табыстарға қол жеткізген тәуелсіз Қа­зақстан бүгінде Үшінші жаңғыру кезеңіне аяқ басып отыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлт Көш­басшысы Н.Ә.Назарбаев 2017 жылғы қаң­тар айында жариялаған «Қа­зақстанның үшінші жаңғыруы: жа­һандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталатын жаңа Жол­дауында мәлімдеді. «Бүгін мен Қазақстанды Үшінші жаң­ғырту жөнінде міндет қойып отырмын, – деді Елбасы осы Жолдауында. – Елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ете­тін экономикалық өсім­нің жаңа мо­делін құру қажет… Табысты өткен екі жаңғыру арқылы баға жетпес тәжі­рибе жинақтадық. Біз енді алға батыл қадам басып, Үшінші жаңғыруды бастауға тиіспіз. Бұл жаңғыру – қазіргі сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, «Қазақстан – 2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ. Ол «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» базасында өткізіледі».
Осылай деген Президент Н.Ә. Назарбаев өз Жолдауында үшінші жаңғырудың негізгі басымдықтарын көрсетіп берді. Оның біріншісі – экономиканың жедел­детілген технологиялық жаңғыртылуы. Мұ­ның өзін цифрлық технологияны қол­дану арқылы құрылатын жаңа индустриялар деп түсінуіміз қажет. Осы арада озық мемлекеттерде қолданылып жүрген 3Д- принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету технологияларын денсаулық сақтау, білім беру, халыққа қызмет көрсету салаларында кеңінен қолдану талап етіледі. Цифрлық индус­трияны дамыту басқа да барлық салаларға серпін береді. Сондықтан, IT (ақпараттық технология) саласын дамыту – уақыт талабы болып табылатынын ескертті Елбасы. Инновацияны қолдау және оларды өн­діріске батыл енгізу жаңа индустрияларды қалыптастыруға бастайтын жол екенін бүгінде әрбір қазақстандық жақсы білуге тиіс.
Жаңа индустриялар құрумен қатар дәстүрлі базалық салаларды дамытуға да серпін берілмек. Бұл дегеніміз еліміздің өнеркәсібін, агроөнеркәсіптік кешенін, көлік пен логистика, құрылыс секторын табанды түрде алға бастыру деген сөз. Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін жаппай енгізу үшін авто­маттандыру, роботтандыру, жасанды интеллект, «ауқымды мәліметтер» алмасу жеделдетіледі. Экономикалық өсімнің тұ­рақ­тылығын қамтамасыз ету үшін тау-кен металлургиясы мен мұнай-газ кешен­дері өздерінің стратегиялық маңызын сақ­­тауға тиіс. Сонымен бірге, минералдық-шикізаттық базаны кеңейтуге баса назар аударып, геологиялық барлау жұмыстарын белсенді жүргізу міндеттері тұр.
Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел тәуелсіздігінің алғашқы күнінен бастап білім беру саласына ерекше көңіл бөліп келеді. Білім мен ғылымды терең игерген ел ғана әлемдік бәсекелестікке төтеп бере алатынын басты назарға алған мемлекет басшысы тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде қазақ­стандық білімді халықаралық стандарттарға жақындату, сәйкестендіру үшін қаншама тер төккені бізге жақсы мәлім.
Елбасының биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсеке­лестікке қабілеттілік» тақыры­бындағы Жолдауы да білім саласын айналып өтпеді. Қазақстан дамуының үшінші кезеңінде елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін қалыптастыру қажеттігі туындап отырса, экономикамен қатар оның негізгі тірегі болып табылатын адами капитал сапасын жақсарту, мұның ішінде білім беру жүйесін түбегейлі жаңарту мәселесі сөз болғаны осы ойымның дәлелі. «Біздің міндетіміз – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру», – деген Елбасы оқыту бағдарламаларын, оқушының сыни ойлау қабілетін дамыту және оларда өз бетімен іздену дағдыларын қалыптастыруға ба­ғыттау қажеттігін, ақпараттық техно­логияға (IT) негізделген білімді, қар­жылық сауаттылықты қалыптастыруға, ұлт­жан­дылық қасиетті дамытуға баса көңіл бөлу керектігін атап көрсетті. Шын мәнінде IT– біліммен қаруланған өз елін сүйетін елжанды, патриот ұрпақ тәрбиелеу – ұлт болашағының кепілі десек, Елбасының білімді, бәсекеге қабілетті отаншыл жас­тарды қалыптастыру туралы ұсынысы өте орынды. Өйткені, жалпы білім беретін мектептер алдағы уақытта ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етуі керек.
Жолдаудың білім саласына қатысты тарауында үш тілді оқытуға кезең-кезеңмен көшу мәселесі сөз болды. «Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Қазіргі кезде 90 пайыз ақ­парат ағылшын тілінде жарияланады. «Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпыұлттық прогреске жете алмайды. 2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқытатын боламыз»,– деген Елбасы үштілділік мәселесін тағы да назарға салады. Әрине, мектепте жекелеген пәндерді ағылшын тілінде оқыту үшін ағылшын тілін ғана емес, сол пәнді (мысалы, математика, физика, химия және т.б. пәнді) жетік меңгерген маман мұғалім қажет екені айдан анық. Сондықтан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Президент Н.Ә.Назарбаев ұсынған «Тілдердің үштұғырлылығы» мәдени жобасын өзінің ұзақ мерзімді стратегиясы етіп алды. Бізде осыдан төрт жыл бұрын Көптілді білім беру институты ашылған еді. Жаңа оқу жылынан бастап ол «Филология және көптілді білім беру институты» болып қайта құрылды. Мұнда мемлекеттік тіл және басқа да тілдермен қатар ағылшын тіліне басымдық беріліп, осы тілде сабақ өтетін мұғалімдер даярлануда. Университет бойынша қазірде кәсіби әлеуеті жоғары 50-ден астам оқытушы-профессор көптілді маман дайындауға қызмет етіп жүр. Олар студенттерге ағылшын тілін General English – B1 және В2 деңгейінде оқытуда. Университетте ағылшын тілінде білім алып жатқан топтар 2012-2013 оқу жылында 19 болса, үстіміздегі оқу жылында 40-тан асты. Бүгінде құқықтану мамандығында 5 пән, тарихта 2 пән, географияда 3 пән, халықаралық қатынастар мамандығында 19 пән, халықаралық құқықта 4 пән ағыл­шын тілінде оқытылады. Физика, математика, информатика, педагогика және психология мамандықтарында да бірнеше пән ағылшын тілінде игерілуде. Өткен жылы математика, физика, педагогика және психология пәндерінен ағылшынша дә­ріс беретін мұғалімдердің алғашқы легін шығарып үлгердік. Бұл іс, Елбасы Жолдауы талаптарына сәйкес, бұдан былай да жаңа арна тартатыны сөзсіз.
Н. Ә. Назарбаев жаңа Жолдауында жоғары білім беру жүйесінде білім сапасына, оқу орындарының кадрлық құ­рамына, материалдық-техникалық жабдықталуына және білім беру бағ­дар­­ламаларына ерекше көңіл бөлу керектігін атап көрсетті. Осыған орай, айтарым: біздің университетте ше­телдік ең беделді университеттердің, Назарбаев университетінің профессорларымен бірге соңғы 4-5 жылдан бері 55 білім беру бағдарламалары жасалды. Бұл бағдарламалар бүгінгі заман талаптарына толық жауап береді деп бағаланды. Елбасы тапсырмасына сай білім бағдарламаларын жаңарту одан әрі жалғастырылуда.
Білім беру сапасы да басты назарда. Әлемдегі 55 мемлекеттің 120 белді университеттерімен әріптестік байланыс орнату, олармен студенттер, магистранттар, профессор-оқытушылар алмасу, сабақ үдерісіне үздік технологияларды енгізу нәтижесінде жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп отырмыз. Бүгінде Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру үшін университет ұжымы нақты іс-шаралар жоспарын белгілеп отыр.
Биыл Жолдаудың алдында ғана Пре­зидент Н. Ә. Назарбаев «Қазақстан Республикасы Президентінің билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөнінде хал­қымызға Үндеу жариялағаны белгілі. Онда уақыт талабына орай мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту мәселесі көтерілген еді. «Реформа екі негізгі ба­ғыт бойынша іске асады, – деген еді Елбасы осы Үндеуінде. – Біріншіден, Президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілет­тіктерін Үкіметке және басқа да ат­қарушы органдарға берген жөн. Сонда бұл салаға Үкімет, министрліктер және әкімдіктер толықтай жауап беретін болады. Өкілеттіктерді беру тиісті заңдарды өзгерту арқылы іске асады. Екіншіден, …билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңгерімді ету керек. Осы реформаның аясында Үкіметті жасақтаудағы Парла­менттің рөлін күшейтеміз».
Әрине, бұл реформалардың бәрі де Конституцияның тиісті баптарын өзгерту, оған тиісті толықтырулар енгізу арқылы жүзеге асырылатыны белгілі. Осыған байланысты, үстіміздегі жылдың 26 қаң­тары мен 26 ақпаны аралығында ел Конс­ти­туциясының жекелеген баптарына өзге­рістер енгізу жөніндегі жоба бойынша бүкілхалықтық талқылау өткізіліп, 2017 жылғы 3 наурызда халықтан түскен ұсыныстар мемлекетіміз Парламенті Пала­таларының бірлескен мәжілісінде қолдау тапты. Парламент Палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаев Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерістер енгізу арқылы жүзеге асырылатын саяси реформалардың басты факторлары мен аспектілерін атап көрсетті. «Менің Жарлығыммен әзір­ленген конституциялық реформалар жобасы бір ай бойы өткен бүкіл­халықтық талқылауға салынды. Әр адам ұсыныс беру құқығына ие болды», – деді Елбасы. Ең бастысы, жаңа заң Парламенттің мемлекеттік істердегі, соның ішінде Үкіметті жасақтаудағы рөлін айтарлықтай күшейтеді. Сондай-ақ экономиканы тікелей басқару жө­ніндегі өкілеттіліктер берілетін Үкі­меттің дербестігі артады. Және де құқық қорғау мен сот жүйесінің кон­ституциялық негізі жаңартылады. Заң­дардың сақталуын жоғары деңгейде бақылау, сотта мемлекет мүддесін қор­ғау жайын қарастыратын прокуратура қызметінің базалық негіздері қа­ланады. Конституциялық бақылау жүйесі де нығая түседі. Тәуелсіздігіміздің, бір­тұ­тастығымыздың, аумақтық тұтас­тық пен басқару нысанының өзгер­мейтініне конс­титуциялық деңгейде берілетін ке­піл­дік күшейе түседі.
Елбасы Н. Ә. Назарбаев осы жиында биліктің барлық тармағының жоғары кәсі­билігін, олардың өзіне жауапкершілік алып, шешім қабылдай алатын қабілеті артатынын атап көрсетті. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті президенттік бас­қару жүйесінің сақталатынын, мемлекет пен қоғамды одан әрі жаңғырту үшін саяси жағдайлар жасау мақсатымен жүргізіліп жатқан реформалар бағытының өзгермейтінін мәлімдеді. Қос палаталы Парламенттің бірлескен отырыстарында заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданып, ол 6 наурыздағы бірлескен мәжілісінде екінші рет талқыланып қабыл­данды.
Жолдауда айтылған Қазақстанның үшін­­ші жаңғырылуы Конституциядағы өз­ге­рістермен баянды болатыны бүкіл елдің болашаққа деген сенімін арттырып, көңіл­дерін орнықтыруда.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.