ЕЛБАСЫНЫҢ ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛДАУЫ

  • 12.04.2017
  • 362 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Сейдулла Садықов,
профессор

Президент Н.Назарбаевтың 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсе­кеге қабілеттілік» атты Жолдауының мақсат-мүддесі, жауапкершілігі мен талаптары бұрынғы қай кездегімен болмасын айрықша болғанын ешкім де теріске шығара алмайды. Елбасы Қазақстан 2050 жылға қарай әлемдегі ең алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына қосылуға тиіс екенін қадап тұрып айтты. Мемлекет басшысының бұл үкілі үміті ешқандай да күмән тудырмаса керек.
Қазақ елінің Бірінші жаңғыруы аға ұрпақ саналатын біздердің есімізде. Қазақстан ауыр экономикалық жағдайда Тәуелсіздігін жариялап, егемендікке қадам басты. Кең-байтақ еліміздің қыруар қазынасы, жылдар бойы жасалып-жасақталған потенциалы еншімізге берілді. КСРО-ның қирандысынан шығып, әлем картасында болмаған жаңа мемлекет құрдық. Жоспарлы экономикадан нарықты экономикаға көшу жүзеге асырылды. Бейбіт өмір салтанат құрды, түрлі кесапат-кеселге жол берілмеді. Еліміз Екінші жаңғыруын «Қа­зақстан – 2030» стратегиясын қабылдаумен бастады. Қазақ елінің жаңа елордасы – Астана бой көтеріп, өзінің сән-салтанатымен әлем назарын аударды. Республикамыз экономикалық тоқырау шырмауынан босап, әлемдегі экономикасы бәсекеге қабілетті 50 мемлекеттің қатарына кірді. Осынау ұлы жетістік-жеңістеріміз Тәуел­сіздігіміздің 25 жылдық торқалы тойында барынша атап өтілді. Ширек ғасырлық қысқа мерзімде Қазақ елі, қазақ халқы әлемге танылды! Біз мұны бар дауыспен айтып, мақтаныш етуге қақымыз бар! Қазіргі Тәуелсіз Қазақстан халықаралық аренада жоғары беделге ие болды, ұстанып отырған саясатымыздың берік те бекем екендігіне ешқандай да күмән жоқ.
Елбасы Жолдауында Үшінші жаң­ғырту жөнінде міндет қойылып отыр. Бұл Жолдаудың «Қазақстанның Үшін­ші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабі­леттілік» аталуынан да көрініп тұр. Жаһандық бәсекеге қабілеттілік. Тәуелсіз еліміздің қалыптасуы мен дамуы, әлемдік бәсекеде егемен ел ретіндегі алар орнымыз бен қабілет-қарымымыздың деңгейі тұрғысынан келгенде ұлтымыздың өзіндік ерекшеліктері мен өзгешеліктерін зерделеу маңызды. Осы орайда Тұңғыш Прези­дентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қаз­ақ­стан жолы» атты кітабында жазған төмендегі жолдары ойға оралады: «Бәсе­кеге қабілетті ұлт туралы айтқанда ұмытылмайтын бір тиіс нәрсе – бәсекеге қабілеттілік. Бұл ең алдымен өзіңнің бар­лық артықшылықтарыңды пайдалана білу деген сөз, бірақ оларды өзіміздің кім екен­дігімізді ұғынғаннан кейін барып қана анықтауға болады.
Біз – ғасырлар бойы әлемдік өркениет­тердің тоғысқан жерінде өмір сүрген әулеттердің ұрпақтарымыз. Ұлы Дала қашан да әр түрлі мәдениеттер, тілдер, әскерлер, діндер, тауарлар және идеялар тоғысқан қиылыста тұрды. Мыңдаған жылдар бойы Дала халықтардың генераторы болды. Ал, ХХІ ғасырда ол ерекше сападағы адамның генераторына, жаңа идеялардың генераторына айналуы тиіс…».
Ұлттық идентификация проблемасы кез-келген мемлекет секілді Қазақстан үшін де фундаментальді маңызға ие. Ол жекеше не қоғамдық санамен, оның қалыптасуы мен дамуының теориясымен және практикасымен тікелей байланысты.
Ұлттық сананың көрінісі, өзіндік қайталанбас ерекшеліктері халқымызға әлемдік қауымдастықта өзінің лайықты орнын алуға мүмкіндік береді. Ұлттық теңдіктің, пара-парлыққа ұмтылыстың жарқын белгілері – этностың, қоғам мен мемлекеттің орнығуы мен дамуының міндетті шарты іспеттес. Ұлттық идентификациялану мен ұлтшылдық адамдар қауымдастығын нәрлендіреді, оны қа­рапайым қауымдастықтан ұлттық қау­ым­дастыққа айналдырып, өзінің жеке мемлекетін, мәдениетін, идеологиясын құруға мүмкіндік туғызады. Кез-келген ұлт өзіндік «Менін» терең сезінбейінше, алға айқын мақсат қоя алмайды, өзіндік іс-қимыл мен ұмтылысты үйлестіруге қабілетсіз болып шығады. Идентификациялану мен ұлттық бірегейліктің, өзге ұлттармен пара-парлыққа, теңдікке ұмтылыстың күрделі астарлары бар. Бұл проблемалар ежелден, этностардың қалыптасу сәттерінен бастап пайда болды. Ол адамдарды қоғамдық-саяси және экономикалық жүйе жағдайларына қарамастан әрдайым толғандырып келген. Бүгін бізге қайтпас та қайсар халқымыздың, жекеленген қайталанбас тұлғаларымыздың шынайы тарихы ауадай қажет. Бұл тарихи сәттерде құрыштай негізге айналуы тиіс. Қазақ халқының, Ұлы Дала көшпенділерінің тамыры тереңде жатқан ежелгі тарихы, сондай-ақ, Ресей империясы мен КСРО құрамындағы тарихы бар. Осы мемлекеттік құрылымдардың шеңберінде жасанды жолмен жаңа ұлт құруға әрекеттен түк шықпады. Кезін­де Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Ғасырлар тоғысында» кітабында айтып өткендей, «Кеңес кезінің өзінде шын ұлттық мемлекеттілік таптық сипаттан ұлттық сипатты жоғары қою жолымен жүзеге асатынына көз жете бастады. Өмірдің барлық саласына «жаңа тарихи қауымдастық – кеңес халқының» моральдық кодексін күштеп енгізу адамдардың ұлттық сезімін, халықтардың өзінің этникалық тегін тануға деген ұмтылысын жойып жібере алмады. Адам қайда жүрсе де, туған бойдан, ана әлдиін ести сала, өзін қазақпын, орыспын, украинмын, өзбекпін деп сезінеді… Адамның ол сезімін қандай үлкен калибрлі идеологиялық снарядпен атқыласаң да, бәрібір құрта алмайсың. Бұны жоққа шығару ешкімнің де қолынан келе қоймас».
Президент Жолдауда Үшінші жаңғы­рудың негізгі бес басымдығын айқындап берді:
– экономиканың жеделдетілген тех­но­логиялық жаңғыруы;
– дәстүрлі базалық салаларды да­мытуға серпін беру;
– еңбек нарығын жаңғырту, макро­экономикалық тұрақтылық;
– адами капитал сапасын жақ­сарту;
– институтционалдық өзгерістер, қауіп­сіздік және сыбайлас жемқорлықпен күрес.
Бұл басымдықтар экономиканың әлемдік өсімінің орта деңгейден жоғары қарқынын және 30 озық елдің қатарына қарай ілгерілеуді қамтамасыз етеді.
Шағын мақалада аталмыш басым­дық­тарға толыққанды сипаттама беріп, тал­дау мүмкін емес. Дегенмен де, орайы келгенде өзімізді толғандыратын кейбір жайлар жөнінде ойымызды ортаға салуды жөн санаймыз. Әңгіме адами капитал сапасын жақсарту жөнінде болмақ. Осы орайда қаймана қазақ үшін аса маңызды саналатын мынадай жайтты айтпай кетуге болмас. Президент Н.Назарбаевтың егемендігіміздің алғашқы жылдарынан бастап министрлер мен облыс әкімдеріне тамыр-таныстықтан, сыбайлас жемқорлықтан қолы, рушылдықтан санасы таза адамдарды орналастыруды тереңнен ойлап, осы бағытта ұстамдылық танытып отыруын рушылдық ылаңына тосқауыл қою мақсатынан туындаған ізгі ниет деп қабылдағанымыз жөн. Қазақ ағайынның рушылдықтың ұлттық психологиямен үш қайнаса да сорпасы қосылмайтынын ұғынатын кез келді. Ол адамдар қауымдастығының ең ежелгі формасы – рулық құрылысқа тән психология. Әлемдік өркениетке қадам басып бара жатқанда адамдардың санасында рушылдық психологияның дендей түсуі аса қауіпті. Мұны кезінде Президент те күйіне отырып айтты. Бұл жерде басты қауіп рушылдықтың санадағы берік орнығып қалуында емес, оны жасанды түрде қайта қоздырып, өз ыңғайларына орай белгілі бір мақсаттарда шебер пайдаланып отырған кейбіреулердің саясатшылдығында. Ұлтты аздыратын осы індетті аяусыз әшкерелеу керек, кесірлі кесапаттың алдын қазір алмасақ, ертең кеш болады. Мұны жақсы түсінетін қазақ зиялылары, оқыған-тоқығандар жоқ емес, бар. Сондай азаматтарымыз бой көтеріп, салиқалы сөз бастар болса Тәуелсіздігіміздің іргесі бекемделе түсері анық. Рушылдықтан гөрі ұлтшылдық – әрбір саналы, көкірек көзі ояу адамға тән патриоттық асыл қасиет болса керек-ті… Осы орайда академик Т.Сайдуллиннің «ұлтшылдықсыз ұлт қалыптаспайды, ал, ұлтшылдығын жоғалтқан ұлт өзін-өзі сақтай алмайды. Бұл қарапайым ақиқат ешбір дәлелдеуді керек етпесе керек-ті» деген сөздерімен келіспеске болмайды.
Қазақстан Республикасы экономикалық және әлеуметтік даму көрсеткіштері жөні­нен ТМД елдері арасында алдыңғы орынға шықты. Дүниежүзі мемлекеттерінің санатында нарықтық экономикалық ел ретінде мойындалды. Қазір әлем Қазақ елін Ор­талық Азия аймағындағы дамыған көш­басшы демократиялық ел ретінде таниды. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан Респуб­ликасы аймақтағы геосаяси тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында ұлан-ғайыр еңбегімен халықаралық қауымдастықтың толыққанды мүшесіне айналды. Айталық, 2007 жылы желтоқсанда Еуропадағы Қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына қауымдасқан 56 мемлекеттің Сырт­қы істер министрлерінің Қазақстанның осы ұйымға төрағалық қызмет атқаруын мақұлдап дауыс беруі, Қазақстанның 2010 жылғы 3 тамызда осы ұйымға Төраға болып бекітілуі соның жарқын дәлелі болып табылса керек. Қазақстан ТМД елдерінің арасынан аталмыш ұйымға төралқалыққа сайланған бірінші мемлекет! Бұл шешім халықаралық қауымдастықтың Қазақстан халқының Тәу­ел­­сіздік жылдарындағы табыстарына берген лайықты бағасы болды. Шын­туайтына келгенде, Қазақстанның ЕҚЫҰ-на қатысушы елдер­дің сеніміне кіріп, мойындата білуі, ашық дипломатиялық тиімділіктің хрес­томатиялық үлгісі болды.
Елбасының үстіміздегі жылғы Жолдауын жасампаздық Жолдауы ретінде қа­был­дауымыз керек. Бұл Жолдауда алға қойылған міндеттер елімізді әлемдегі да­мыған 30 мемлекеттің қатарынан кө­рі­нуге бастайтын болады. Насихатшы ре­­тінде түрлі жиындарда жиі болып жүр­міз. Қарапайым ауыл тұрғындарының, ди­қандар мен малшылардың, мұғалімдер мен дәрігерлердің, сан алуан мамандық ие­лерінің жүрекжарды лебіздеріне құлақ түрер болсаңыз, олардың жарқын болашаққа деген нық сенімі, Президент Жолдауындағы басымдықтарды терең ұғынуы, Елбасыға деген қошамет-құрметі жаныңызды шуақты нұрға бөлейді.
Болашағымыз – бірлікте!
Алға Қа­зақстан!

Алдыңғы «
Келесі »