Естеліктердегі Әлихан Бөкейхан тұлғасы

  • 12.04.2017
  • 1844 рет оқылды
  • 5

Сағымбай Жұмағұл,
профессор

Әлихантану – ұлттанудың болат өзегі. Сондықтан, орыс отаршылдығындағы халқын азаттыққа бастаған қыр пер­зентінің өзгеше бітімдегі бекзат болмысы мен асыл қасиеттерінің беймәлім қырларын тануда естеліктердің алар орны ерен. Ұлт перзентінің жасампаздық ғұ­мырынан жазылған естеліктердің тақырып аясы барынша кең. Олардан туған жері мен өскен ортасы, ататегі мен ағайын-туысқандары, отбасы мен сыралғы серіктері, балалық шағынан бастап бірегей тұлғасының қалыптасу жолдарын, рухани және ғылыми айналасын, тар жол, тайғақ кешулі саяси-қоғамдық қызметінің белесті кезеңдеріне қатысты қадау-қадау құнды деректерге қанығамыз. Алаш туына біріккен үзеңгілес және мұраттас ақ жүрек жандардың арман-аңсарын, күрескерлік рухтағы достық қарым-қатынасының жарқын сәттері мен қуғын-сүргіннің қара түнек жылдарындағы қа­сіретін, осынау бес күндік жалғанда ар-ұжданына кір жұқ­тырмай өткен дегдарлықтарына сүйсінеміз.
Ақын Мәшһүр Жүсіп «Ойлайтын елдің қамын ерді жібер, Жерінен суырып алып көрде жатқан» деп барша Алаштың азаттық аңсарындағы өмірлік арманын жырлағанындай, ел тарихындағы бейуақытта ұлттың тұрлаулы тағдырын қолына алған тарлан туралы бұлғақ заман тереңіне бойлатар естеліктердің жазылып, бүгінгі күнге жетуінің өзі бір ғанибет. Отандық тұлғатануға өлшеусіз үлес болып қосылар рухани жәдігерлердің бірқатарын жаужүрек азаматтар сталинизм қия­натын өткере жүріп те жазды. Енді бірі эмиграцияға кетуге мәжбүр болған зия­лылардың шерлі толғамдарына өзек болса, кейінгілері тәуелсіздік рухының жемісі. Қалай десек те, нар тұлғаның өнегелі өмірі мен қайсарлыққа толы та­банды күрескерлік қызметінің әр ке­зеңінен жан-жақты немесе жанама, тіп­тен, мардымсыз дерлік дерек беретін ес­теліктердің Әлихантанудағы маңызы зор.
Алаш ұлының жасампаздық ғұмы­рынан жазылған құнды естеліктер шо­ғырында Смахан төре Бөкейхан жазба­ларының мән-мағынасы айрықша. Бұл естелік қыр перзентінің тұтас ғұмыры мен қайраткерлік тұғырын танудағы бір­ден бір құнды дереккөзі әрі бұлтартпас дәй­екті айғақтардың бастау қайнары болуымен дараланады. Смахан төренің «Әлекеңнің өмірі» күнделік естелігінде Әлихан Бөкейханның ата тегі, өскен ортасы, азаматтық тұлғасы, кісілік қасиеттері жан-жақты қамтылған. Төте жазумен жазылған қолжазба естеліктер жұқа 18 дәптерден тұрады. Алғашқы он дәптердегі естеліктерді тұңғыш рет Әлихантанушы Сұлтанхан Аққұлыұлы «Жұлдыз» журналының 1996 жылғы №3 санында, қалған 8 дәптердегі үзіндіні 2003 жылдың №3 санында жариялады. Араға ұзақ жылдар салып Сырым Бөкейхановтың қазақ және орыс тілдеріндегі «Өткен күнде белгі бар: мемуарлық жинағында» (2016) Смахан төре Нұрмұхамедұлының аталған естелік күнделігі жеке тарауда, қазақ, сонымен қатар, орыс ті­лін­дегі аударма нұсқасы (аударған Қ.Садуақасов) қамтылды. Бұл еңбектің «Әлихан» (Ақаң), «Смахан», «Елизавета Әлиханқызы», «Смағұл», «Сергей (Өкітай)», «Ата-анамыздың шаңы­рағы», «Құдайберді әулеті», «Қасенхан Алтынбеков» бөлімдерінің Бөкейхан әулетін танудағы құндылығы ерекше.
Смахан төре Бөкейхан (1881-1969 (1964) – Ә.Бөкейханның туған інісі. Әлихан «Сма­хан сені Мәскеуге, Петерборға, тіпті, Стамбұлға, Мысырға да жібертіп оқыта аламын. Бірақ та, сенің ел арасында болуыңды қалаймын» деп біл­ген­діктен, қалың қазақтың ортасында ұйытқы болып отыруына сенім артқан. Ол Әлімхан Ермекұлының шақыруымен 1913 жылы Арқада құрметті қонақ болған Г.Н.Потанинге қазақ ертегілерін жазып алуына жәрдемдескен. Г.Н.Потанин қазақ еліне жасаған сапарына орай жазылған естелік жазбасында кейіннен «…С особой благодарностью я должен отнес­тись к Смахану Нурмухамедовичу. Он доставил мне лучших сказочников» деп алғысын білдірді.
Смахан төренің «Қазақ» газетінде «Сұң­­қар» бүркеншік есімімен «Лепсі уезі (Кісі өлімі)», «Темірші», «Тоқырауын (Қарқаралы уезі)», «Яқұп (Жақып) туралы» (Қарқаралыдан), «Қарқаралы», «Қар­қаралы оязынан», «Ақшатау», «Қа­зақтың қалыңмал бітімі» мақала хабарламалары жарық көрген.
Бөкейхан әулеті қуғын-сүргінге түскен зобалаң жылдары өз отбасымен бірге інісі Базылханның балаларын бауырына басып, Жетісу өңіріне жылыстауға мәжбүр болады. Сталиндік жүйе қысымына алынған Смахан төре отбасымен Сібірдегі Топчиха мекеніне (қазіргі РФ Алтай өлкесі Топчиха ауданының әкімшілік орталығы) айдалып, одан соң Алтайдағы Алейская стансасына (қазіргі РФ Алтай өлкесі Алейск ауданының әкімшілік орталығы. Алейск қалалық округінің әкімшілік орталығы) жөнелтіледі. Сталин өлімінен соң атажұртқа оралып, Балқаш өңіріне орналасады. Өз қаражатына Балқаш қала­сында мешіт салдырып, имандылық жо­лын ұстанады. Ә.Бөкейханның киген құлақшынын Талдыбейіттегі ата қо­рымындағы зиратқа лақаттап көміп, 1960 жылдардың басында Талдыбейіттегі Бө­кей­хандар әулеті қорымында Әлиханға ескерткіш белгі орнатады. Смахан тө­­ренің үлкен ұлы Жәңгір Екінші Дү­ниежүзілік соғыс майданына аттанарына дейін Жамбыл облысының Красногорск ауданындағы орта мектепте оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарған. Сұрапыл шайқастарға қаты­сып, 1946 жылы елге мүгедек болып оралған. 1979 жылы өмірден өткен. Смахан төренің одан кейінгі перзенті – Балабаршын. Үлкен қызы – Сәуле.
1936 жылы туған Балабаршын Сма­ханұлы – құрылыс және архитектура саласының маманы. Смаханның елу бес жасында өмірге келген. Әкесі «Қартайған шағымда, ел-жұртымнан жырақта жүргенде туды, кәрі бүркіттің баласыңдай болып өссін» деп атын Балабаршын қойған. Балабаршыннан: Те­мір­лан, Нұрлан, Марғұлан және Лейла атты ұл-қыз тарайды. Жұбайы Әлімхан Алтынбекқызы медицина қызметкері. Бала Әлиханның ұлт тізгінін қолына алған дара тұлғаға айналған кезеңдерінен бастап жат жерде атылған тұрлаулы тағдырын жан-жақты тереңнен қозғап жазған Смахан төре естелігі жан толқытады. Қайраткерлік күреске толы жылдарындағы арман-аң­сарын, мұрат-мақсатын «…Әлиханның ойы қазақтың елін, жерін, суын, қалай өмір сүруін білу үшін аралаған. Қала салып, егін салып, бала оқытып, бай-кедей демей-ақ жеткіземін деген ойға кезіп жете алмады.
Әлекең «оқыдым» деп басына пайда қылмаған, мал жимаған, үй салмаған, үй тігіп, бие байлап, қымыз ішіп, қазақша дәурен сүрмеген. «Қазағым, елім!» – деп кеткен. Пара алмаған, қазақтың елін, жерін аралап көрген. Өмірін «қазақты ел қыламын» деп сарп еткен…» деп жеткізеді. Естелікте көрініс тапқан қадау-қадау оқиғалардан ұлтына қорған болған тау тұлғалы ағасына деген ет жақын бауырының алабөтен құрмет сезімін, тұтас әулетті ойрандап, шаңырағын шайқалтқан мейірімсіз саяси жүйеге деген бойды кернеген кек пен наланы сезінеміз.
«…Әлекең байшыл адам емес, жан­ның бәрін бірдей көреді. Ешкімнен еш­нәрсе алайын демейді, пара алмайды. Қазақтың қамын жеген сорлы, тілеуі қабыл болмай арманда кетті. Есенгелді, Сар­жан, Кенесары, Наурызбайдай арманда кетті, қайтейін!
Дүние жалғанда шәһит, қиямет таңда Алла, ел үшін үшін өліпсің! Ту­ған адам өлмек, жау қолында шәһит болыпсың! Дүниеден кеттің арманда, армансыз кім бар жалғанда, топырағын торқа ғып, рахым айла қылғанға…
…Әлекең айтушы еді: – Қазақ елі – ақылы кірмеген жас бала сияқты. Баланы құшақтап сүйіп отырсаң, төсіңе сиіп жібереді. Қазаққа тиме, өмір, тұрмыс, ғылым көрсетеді, үйретеді, – деуші еді. – Оқу оқы, егін сал, пішен шап, өнер үйрен, ағаш шап, темір соқ, етік тік, мылтық ат, жақсылап ән сал! – деуші еді…
…Қазақ мақалы: «торғай жаңбыр жауса балапанын қорғайды, бұршақ жауса – басын қорғайды». Біздің хал­қы­мызға, елімізге басына тас жауды, бірімізді біріміз қорғай алмадық, өлігімізді көре алмадық, тірімізге амандасып қош айтыса алмадық. Орысқа оқ атпай, қылыш суырмай қараған сахарада қарусыз сорлы қазақ!..»
Әлихан Бөкейхан – жаһандық дең­гей­дегі алып саяси тұлға. Әлімхан Ер­­мек­ұлының Жайық Бектұровқа «Білім жөнінен мамандығы орман шаруа­шылығы, оның экономикасы болса да, ол Петербургтің, жалпы Россияның сан алуан адамдарымен тікелей араласты. Алғашқы Думаға депутат болып, орыс, Европа елдерінің көркем әдебиетін зерттеді. Көптеген оқымыстылардың, революционерлердің, кадеттердің, үкі­мет мүшелерінің қалың ортасында жүрді», Қалкен Мәкенбаевқа «Ол кісі Санкт-Петербург Орман техникалық институттың экономика факультетін тәмамдаған. Заң факультетіне Ленинмен қоса экстернат болып емтихан тапсырған. Терең, дария-мұхит білімді ғалым болатын. Шет елдердің тоғыз тілінде еркін сөйлеп, жаза білетін…» деген жан сырында айтылғандай, оның саяси және ғылыми, рухани және мә­дени ортасы ұлттық һәм адамзаттық өрке­ниеттің тығыз тоғысуымен дараланады. Сон­дықтан да, шетелдік соның ішінде орыс қайраткерлерінің қыр перзенті ғұмырының белгілі бір кезеңін қамтып жазған мұралардан қазақ халқының жанашыры, Әлиханды сыйлас досым деп айрықша бағалаған әрі 1913 жылдың маусым айында Алаш көсемі туған Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысында қазақ ертегілерін жинау мақсатында арнайы сапармен болған Григорий Николаевич Потаниннің (1835-1920) жол жазба естеліктері негізінде Томс­кіде Сібірді зерттеу бойынша Ом­быдағы Географиялық одақтың Батыс Сібір бөлімшесінде оқылған «На притоке реки Токрау» баяндамасы оқшау тұрады (Қараңыз: Сибирская жизнь. – Вторник, 22 апреля 1914 года.). «Сібірдің әлеумет басшысы, ақ жүрек азаматы, білгір сая­сатшысы» (Міржақып Дулатұлы) Г.Н.По­танин «Летом 1913 года я посетил среднюю часть Каркаралинского у., Семипалатинской области. Я прожил весь июнь месяц в ауле Ермековых в местности Былкылдак; так называется небольшая река, один из левых притоков другой более значительной реки, Токрау, которая течет по направлению к озеру Балхаш… Мой выбор пал на этот уезд потому, что в нем кочует родственник моего друга Алихан Букейханов, на содействие которого я мог рассчитывать; в чем я не ошибся» деп ұлы тұлғалар өсіп-өнген қазақ өлкесінің табиғатын суреттейді. «В 90 верстах моей стоянки на Былкылдаке живет брат Алихана Букейханова Смахан. Так как г. Ермеков предложил служить мне переводчиком при записывании сказок, то я остановился на житье в его ауле и не доехал до Смахана, но он, услыхав о моем приезде, сам приехал в Былкылдак. Его брат Алихан, постоянно живущий в Самаре, не мог этим летом приехать в Каркаралинский уезд, но он прислал письма в край, благодоря которым я познакомился с его друзьями: Хасеном Ак­баевым, Якубом Акбаевым, Хасеном Биджановым и др.» деп Әлиханның өзі­не жәрдемдескенін құрмет сезіммен атап көрсетеді.
Г.Н.Потанин соңғы жылдардағы қа­зақ даласындағы рухани серпіліс пен оқу-білім алуға деген құлшынысты атайды. Ұлттық оянудағы «Айқап», «Қазақ» басылымдарының өрісті ықпалына екпін жасайды. Ал, Ресей халықтарының ұлы Шығысы массондық ложасы құрамында Ә.Бөкейханмен бірге болған Лев Карлович Чермак (1862-1941), кадеттердің Самара тобының жетекшісі Александр Григорьевич Елшин (1878-1928), Алаш қайраткерінің өтінішімен Түркістан өл­ке­сінде болып, 1916 жылғы патша жар­лығына байланысты көтерілістердің жа­за­лаушы әскерлер тарапынан аяусыз жан­­шылуын Дума мінберінен баяндаған Александр Федорович Керенский (1881-1970) естеліктерінде оның орыс масон­дығымен байланысы жазылған. Өз кезегінде башқұрт халқының мемлекет және қоғам қайраткері Зәки Уәлиди Тоған (1890-1970) естеліктерінде аласапыран дәуір­дің шынайы болмысы баяндалып, Ә.Бөкейхан бастаған ұлт зиялыларының тарихи қызметі жан-жақты көрініс тапқан. Олардың әлеуметін ісін атқарудағы кесек мінезді өршілдігі мен жанкештілігі, ұлт алдында өтелуі тиіс перзенттік парыздарын атқаруға ар биігінен келген тағылымы бас идіреді.
Түбі бір түркі әлемімен қатар шетелде тарыдай шашыраған исі қазақ бала­сын Алаш идеясына ұйыстырар әрі айбын болар ерен тұлғаға деген құрмет тарих толқынында еш толас­таған емес. Әлихан рухы азаттық үшін арпалысқан боздақтарға күш қуат бере­тін жебеушіге айналды. Сондықтан Шы­ғыс Түркістан қазақтарының ұлт-азат­тық көтерілісінің қаһарман көсемі Оспан батыр Исламұлының қанды балақ серігі Нұрғожай батыр Молдажанұлы (1912-1986) естелігінде «…Соңғы бі­тім­де орыстар генералдарының басын сұрады. Генерал Банкенің сүйегін бер­дік. Разборовтың сүйегін бермедік. Өйткені, ол соғыс қылмыстысы еді. Көктоғайдағы орыс елшілеріне Ырысхан: – Сендер 1937 жылы Мәскеуге апа­рып өлтірген Бөкейханның, Ахмет Бай­тұрсынның басын әкеліп беріңдер, – деді…» деп ұлт көсемінің құнын даулаған қандастарының өрлігін үлкен тебіреніспен жазды. Ұрпақтар сабақтастығындағы осынау ілкі қасиеттер әлемнің түкпір-түкпіріндегі қандастарымыздың тұла бойларында жаңғырып жатты. Бұл ретте Алаш қозғалысын, Алаш қайраткерлерінің өмірін шетелдерде 42 жыл бойы үзбей «Азаттық» радиосы арқылы насихаттаған, 1967 жылы Алашорда үкіметінің 50 жылдығын Мюнхенде атап өтуге ұйытқы болып, баяндама жасаған, сол баяндамасы Измирде шығатын «Ұлттық әрекет» журналында «Алаш» деген айдармен Әлихан Бөкейханның айшықты суретімен басылып шықан тұңғыш мақала авторы Хасен Оралтай (1933-2010) естелігіндегі тұщымды ойлардың тарихи тұлғаларды ардақтаудағы мән-мағынасы алабөтен. Отандық Әлихантанудағы естеліктерді айтқанымызда, олардың Алаш көсемі өмірінің белесті кезеңдерін тереңірек бажайлауға мүмкіндік беретінін баса көрсе­теміз. Мәселен қоғам және дін қайраткері Садуақас Ғылмани (1890-1972) жазбалары арқылы жеткен ІІ Дума мүшесі, 1907 жылы Ә.Бөкейхан тапсырмасымен Түркияда болып, Ресейдің отаршылдық және шоқындыру саясатын әшкерелеген Шаймерден Қосшығұлұлы (1869/1874-1932) естелігінің де маңызы зор.
Ә.Бөкейхан бастаған Алаштың елшіл перзенттерінің қазаққа қиын-қыстау күндері қорған, адасқан жұртына тұтқа болып, ұлтпен біте қайнасқан азаматтық қажыр-қайратқа толы ерен ерліктері де естеліктерде жарқын түрде көрініс тапқан. 1916 жылғы жарлыққа байланыс­ты майданның қара жұмысына аттанып, Ә.Бөкейхан басқарған ұлт зиялыларының азаматтық істерінің куәгері болған, 1919 жылдары «Дұрыстық жолы», «Ұшқын» газеттерінің алқа мүшесі, Қарақалпақ АССР-інде әдебиет саласында көп жыл еңбек етіп, өмірінің соңғы жылдарында Мәскеуде тұрған қайраткер Тамимдар Сафиевтің (1898 жылы туған. Өмірден өткен жылы нақты анықталмаған) өлкетанушы М.Ысмағұлов өтінішімен жазылған естелігі (қараңыз: «DANAkaz». – 2015. – №5(19), әкесі Рамазанға Әлихан Бөкейхандай біртуар алыптың атқосшысы болу жазған Қалдыбек Рамазанұлының естелігі (Болат Мүрсәлімнің Facebook әлеуметтік желісіне жариялаған бейне-сұхбаты) үлкен маңызға ие.
«Мен марттың 6-сына дейін Минс­кіде болдым. Әлихан Бөкейханов басында отырған Бұратана бөліміне бардым. Онда Әлихан, Міржақып, Кенжин, Есболов, тағы басқаларды көрдім. Әлихан менен жай-жағдайды, 7-дружинадағы қазақ жігіттерінің жағдайын сұрасты. Бөкейхановтың қолында «Русское слово» газетасы бар. Соны оқып көріп: Милюков, Шингарев, Ред(ван)колар менің жолдастарым еді. Бәрі министр болып кетіпті. Мен бұл жерде не қылып отырғаным, – деп сөз етті, күлді» деген Т.Сафиевтің жүрекжарды толғанысынан Алаш көсемінің «Түймеге жарқылдаған алданбаған» (Сұлтанмахмұт) тектілігіне куә боламыз. Азаматтық сыналар сол бір қилы күндердегі Әлиханның өрлігі мен ке­сімді мінездегі ірілігіне боямасыз сипаттама берілгеніне сүйсініп, жанынан табылып, сүйеу болған Міржақып Дулатұлы, Асфандияр Кенжеұлы, Мырзағали Есбол­ұлы сынды есіл ерлердің ерен ісіне бас иеміз. Ал, Қ.Рамазанұлының естелігінен «ұлық болсаң кішік бол» деген халық даналығының лебі бойынан ескен дара тұлғаның мәрттігін, кішіпейілдігін жа­ңа бір қырынан танимыз. Мұраттас ізбасар серігі Жүсіпбек Аймауытұлының жарқын бейнесіне қанығамыз. Ұлт кө­се­мі Әлиханның кіндік қаны тамған Жел­таудың жотасынан алқалаған әлеу­метке асау заман толқынына жұтылып кетпей, жер жыртып, егін егуге кеңес берген сұңғылалығына тәнті боламыз. Боль­ше­­виктердің өктем қыспағына алынып, мылтықтың дүмімен туған жері мен елі­нен Мәскеуге күштеп әкетілер сәттегі анасымен қоштасардағы қыр баласының «Ал, азаматтар, сендердің үкіметтерің орнады… Тоқырауынның екі жағасы қара топырақ, соған егін егіп, өзен суымен суарып, күндеріңді көріңдер. Малдарыңды кедейлерге таратып берің­дер. Таратпасаңдар, тартып алады», – деп, елмен қоштасып отырғанда төбе басынан мылтықтары шошайып, екі солдат келді. Әлихан оларға «Сейчас пойдем, сейчас пойдем» деп, ең соңында Бегім деген шешесінің алдына келіп: «Ана, алыс жолға кетіп барамын. Енді келіп, топырақ сала алмайтын шығармын. Аналық ақ сүтіңді кеш, ақ сүтіңді кеш», – деп, жылап, кимешегін көтеріп, тас боп қалған емшегін иіскегенде, 90 жастан асқан анасының емшек сүті бұлақтай аққанын көрген елдің жыламағаны қалмады. Әлихан анасының маңдайынан бір сүйіп, кетіп қалды. Ол 1922 жылдың шілдесі болатын» деген тебіренісі көзге жас алдырады.
Естеліктерде Ә.Бөкейханның қиын-қыстау күндері өзінің Алаш қозғалысы, Алаш Орда үкіметіндегі мұраттас серік­теріне қол ұшын созып, рухани және материалдық қолдау білдіріп отыруына қатысты тың мәліметтер де тұнып тұр. Сталиндік қара түнек жылдары сағы сынбаған ол «Алаш ісі» бойынша жер айдалған серіктерінің жігерін жанитын аталы сөзін айтты. Ел үшін атқарылған кемел істің әділдігі мен өміршеңдігіне иландырды. Алаш идеясына адалдығын сақтап, оларға рух берді. Оны Алаш қайраткері, қазақтың алғашқы биолог ғалымдарының бірі Жұмахан Күдерінің (1891(93)-1938) ОГПУ-НКВД тергеушілеріне берген ес­телік іспеттес жауабы айқындай түседі. «…Осы тұсты Жұмахан Күдерин былайша еске алады: «Вокзалдан түссек, бізді Бөкейханов күтіп тұр екен. Бә­ріміз қоршап тұра қалдық. Сол кезде Бөкейханов: «Жігіттер, уақыт аз. Қазір сендерді пойызға салып алып кетеді. Тез әңгімелесіп алайық. Мен сендермен кездесуге әдейілеп ресми рұқсат алып келдім», деді. Біз әңгімелесе бастаған уақытта Сұлтанбек Қожанов пен Есқараев екеуі келді. Әлекең: «Екі топқа бөлінейік. Айтарларыңды айтып қалыңдар», деді. Содан, Қожановқа бір топ кетті. Біз Әлекеңмен әңгімелесіп қалдық. Сонда, Әлекең: «Жігіттер, сендер не үшін сотталып бара жатқандарыңды білесіңдер. Сендерді соттап отырған жүйені де білесіңдер. Ешкімнің алдында кінәларың жоқ! Сендер ел үшін сотталып бара жатқан азаматсыңдар! Мұңаймаңдар! Бастарыңды төмен түсірмеңдер! Алда жақсылық болады», деп шығарып салды. Біз Воронежға барғанша көңіліміз өсіп, күліп-ойнап бардық», деп жазады (Қараңыз: Қойгелдиев М. Алаш көгіндегі күн Әлихан Бөкейхан //old.abai.kz/content/alash-kogindegi-k-n-elikhan-bo­kei­khan).
Алаш қайраткері Ә.Бөкейханмен бір­ге Ресей Мемлекеттік Думасының мұ­сылман фракциясында хатшы қызметін атқарған, оның аманатымен эмиграцияға өткен Мұстафа Шоқай (1890-1941), сонымен қатар, Алаш Орда Үкіметі құра­мында Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Ж.Ақпайұлы, М.Тынышбайұлы, Ж.Дос­мұхамедұлы, Б.Құрманұлы қата­рын­да болған қайраткер, он сегіз жыл сталиндік ГУЛАГ қорлығын басынан өткерген Әлімхан Ермекұлы (1891-1970), 1942 жыл­­дың мамырында қамауға алынып, РСФСР Қылмыстық істер кодексінің 58-ші бабымен он жылға бас бостандығынан айрылған, Солтүстік Оралға жер ауда­рылған Жайық Бектұров (1912-1998), ұзақ жылдар мәдениет саласында еңбек еткен Қалкен Мәкенбаев (1924) сынды сыралғы сыйлас азаматтарға айтып қалдырған естеліктерінен де ұлы­лары­мыздың кіршік­сіз жан әлемін танимыз.
Әлімхан Ермекұлы Алаш көсемінің жара­тылысы бөлек болмысын, кесек міне­зін төмендегіше суреттейді: «…Әлихан ағамыз бетті, көбіне тіке кететін кісі еді. Ол осынысынан беріде көп зиян шекті. Арғы түбі төре. Сонау Тәуке хан әулетінен. Ол да мына біз сықылды бала күнінде қырда өсті. Осыдан ба, айла-шарғыға, қулық-сұмдыққа, ресми мәмлегерлікке шорқақтау еді. Ол мәймөңкелемеуді әсте білмейтін. Жұртты бет-жүзің демей, мінін тіке айтып салатын. Әрине, мұндай кісіні жұрт онша жақсы көре бермейді. Ал, мұндай өткірлік, қатаң мінез аса білімді, әділ, турашыл, бұқпантайды жек көретін, күш-жігері тасыған қайратты адамның ғана бойында болады. Осындай қасиетінен ол жұртқа нанғыш та еді. Алдауға да көп түсіп қалатын еді. Жұрттың бәрін өзіндей турашыл көретін. Қандай ресми, мықты басшы адамдармен сөйлескенде де Әлихан тікесінен кететін. Жылқыда еріні салбыраған, арқасы қырдай, бұлшық еттері тоқпақтай, кеудесі сала-құлаш, тұяқтары күректей, жүрі­сі қатты, үстіндегі адамды желісі тұрсын, аяңының өзі соғып тастайтын аттар болатын. Қыс ауыр жүк артып, шанаға жеккенде, қалың қарды омыраулап, қамытын екі иығына тигізбей ойнатып, қар басқан жолдың бұлқан-талқанын шығаратын қабырғалы аттар болатын. Біздің Әлихан ағамыз дәл сол тұяғы жерді ошақ орнындай ойып тастайтын, аспанға ұшырған қармен шанадағы адамды көміп, бет қаратпай, арба-шананы ойнақтатып отыратын, құндыздығынан су төгілген тұлпардай еді».
Әлиханның психологиялық портретін тануда мұраттас серіктері мен замандас қаламгерлер жарларының естеліктері бір төбе. Мемлекет және қоғам қайраткері Мұстафа Шоқайдың зайыбы Мария Шоқай (1888-1969), Мұхтар Әуезовтің зайыбы Валентина Николаевна Әуе­зова (Кузьмина) (1904-1977), Әлихан Бө­кейханның күйеу баласы, мемлекет қайраткері Смағұл Садуақасұлын ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне қа­тысқан Сәбит Мұқановтың зайыбы Мариям Қожахмет қызы Мұқан келі­ні (1909-2010), тарихшы ғалым, Әли­хан Бөкейханның қызы Лизаның қайраткер Смағұл Сәдуақасұлының біраз мұрағатын әкесіне тапсырғанын жазған Ләйлә Мұхтарқызы Әуезова (1929-1993) естеліктеріндегі шағын ғана айшықтардан Ә.Бөкейханның өзгеше тұрпаттағы сом бейнесін аңғарамыз. Мәселен Валентина Николаевна Әуезова (Кузьмина) «Ондай зиялы, бiлiмдi әрi мысымен адамды басып жiберетiн қазақты көр­медiм», Мариям Қожахмет қызы Мұқан келіні «Бөкейханов келбетті адам екен. Үстінде етегі жер сызған, жағасын алтайы қызыл түлкіден салған қымбат тоны бар. Кескін-кейпі патшадай болып көрінді маған. Такаппар, суық жүзді» деп ағынан жарылып, өзгеше бітімдегі табиғатына бойлайды. Сонымен қатар, сталиндік қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары, асылдың сы­нығы іспеттес Ахат Шәкәрімұлы (1900-1984), Гүлнар Міржақыпқызы Ду­латова (1915-2010), Үшкөлтай Субханбердина (1927-2008) естеліктері пер­зенттік сағыныш аңсарында жазылып, Әлиханның отаншылдық рухында қа­лыптасқан ояну дәуірі алыптарының тау-тұлғаларын әдеби-тарихи бірлікте жеткізуімен ерекше күйге бөлейді.
Қазақтың жаңа тұрпаттағы ұлттық элитасын қалыптастырған ұлы дала тумасының кісілік келбеті, ұлық тұлғасы 1926-1927 жылдары КСРО ҒА Одақтас және автономиялық республикаларды зерттеу жөніндегі комитет мүшесі академик А.Е.Ферсман, профессор С.И.Руденко басшылығымен Қазақстан және Алтай бойынша ұйым­дастырылған экспедициялары жұмысына қатысқан, экспедиция жұ­­мысы барысында Ә.Бөкейханмен бірлесіп қызмет атқарған Әлкей Хақан­ұлы Марғұлан (1904-1985), Алаш рухы ұлт қайраткерлерімен сый­­ластықта болған әкенің тәлім-тәрбиесімен бойына дарыған Қайым Мұхамедханұлы (1916-2004), тоталитаризм қысымына иілместен «Қа­зақ тарихындағы бір үлкен асқар бел – Алашорданың құрылғаны» деп объективті бағалап, қазақ мем­ле­кет­тігінің негізін қалаушы бірегей тұл­ғалар тұрғысында құрметтеп өт­кен Бауыржан Момышұлының (1910-1982) сан алуан сипаттағы естелік жазбаларының да Әлихан бастаған ұлт қайраткерлерінің рух дидарын танудағы маңызы ерен. Атап айт­қанда, Ә. Марғұлан барша исі қазақ баласының оны шын мәніндегі ұлт көсемі деп шексіз құрметтеп, төбе­сіне көтеріп ардақтауын: «Ол кезде Бөкейханов секілді қазақтың бірегей ұлдары қудалауда жүрсе де, сондағы жұрт Әлихан Бөкейхановтың құр­метіне тай сойды. Қазақ әдетте тек ең құрметті қонағына тай әлде құлын сояды» деген толғанысымен әдіптейді.
Алаш көсемінің өмірі мен қайрат­керлігі тікелей немесе жанама түрде қамтылып жазылған кейбір естеліктерге кеңестік идеология талабындағы бір­жақтылық тән. 1946 жылдың жел­тоқсан – 1947 жылдың қаңтар айларында Ә. Жан­гелдиннің (1884-1953) өз аузынан тарих ғылымдарының кандидаты Р.И.Голубева жазып алған естеліктердегі Ә.Бө­кейханға қатысты құжатты деректер соны көрсетеді. Иә, Әлихан Бөкейханның қайраткерлік тұлғасын танудағы қо­ғамдық сана серпілісі ұнамды құбылыс. Алаш көсемінің қарапайым кісілік болмыс-бітімінен бастап қайраткерлік тұл­ғасына, елдік мұраттағы өмірлік мақсатына үңілуде замандастары мен үзең­гілестері жазған естеліктердің мән-мағынасы ерен. Әрине, жоғарыда шолу тұрғысынан қарастырылған әралуан сипаттағы отандық естеліктерді әлемдік мемуарлық естеліктер табиғатымен салыстыра зерделегенде, кемерінен асып жатқан кемелділікті де, жанр талабының қисынымен қабыса бермейтін өзіндік ерекшеліктердің де барын аңғарамыз.
Азатшыл рухтағы бұлқыныстарды аяусыз жаншып отырған коммунистік жүйенің имансыз саясатына қара­мастан исі қазақ баласының Әлихан Бө­кейхан бастаған Алаш идеясына деген құрметі ешқашан толастаған емес. Оған тоталитарлық қысым жылдары жазылған естелік жазбалар толықтай дәлел бола алады. Ұлы дала перзентінің ға­ламдық ой-сана биігіндегі сан салалы іргелі ғылыми және рухани мұрасынан қуат алған елшіл ұрпақтың да мұраты тау суындай тасқынды болары хақ.

Алдыңғы «
Келесі »

5 Пікір бар

  1. Қазақ үшін туған азаматсың! 👍🏻

  2. Естеліктер мен көркем әдебиеттегі бейнесі арқылы Әлихан Бөкейханның тұлғалық болмысын жан-жақты ашатын еңбегіңіз үшін Сізге ризашылығымыз шексіз. Ұлтқа үлгі болар Әлихандай рухты бабамызды ұлықтау – әр қазақтың парызы. Саналы ұрпақ тәрбиелеуде қызметіңізге табыс тілейміз.

  3. Беу! Барекелді Сәке! Көп жасаңыз!

  4. Сәке, керемет!

  5. Тамаша талдау!

Пікірлерге тыйым салынады.