Текті тұлғадан текті ұлтқа дейін… немесе тектілік туралы ұғым

  • 12.04.2017
  • 610 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Үмбетхан Сәрсембин,
философия ғылымдарының
кандидаты

Қазақ дүниетанымының тарихи бастауы тереңде, көне дәуірлердегі қазақ жерін мекендеген тайпалардың тұрмыс-тіршілігінен бастап, ұлттық ата-тегіміз түркілердің мәдениетімен жалғасып келе жатқан дүниетаным халқы­мыздың ұлттық қасиетін нығайтып отырған. Ұлттың тарихи кезеңдерде рухани қалыптасуы мен тұлғалануының дәстүрі дүниетанымдық тәжірибелерге тәуелді. Сон­дықтан да, ұлттың және зиялылардың тұлғалық бейнесін дүниетанымдық тәжірибелер арқылы түйіндей аламыз. Ата-бабамыздың ұрпаққа ұлттық мұра етіп қалдырған тәжірибелері, әсіресе, бүгінгі күн үшін ма­ңызды болып отыр.
Дүниетанымның қалыптасуы және қалыптасқан дүние­танымдық тәжірибелерді игеріп отыру, тарихи уақыт өрі­сінде өзінің дүниетанымдық негіздеріне сай өмір сүру ұлт­­тың тұлғалық деңгейін көрсететін қасиеттердің бірі.
Дүниетаным бағытында ұлттың рухани құндылықтарын қалыптастырушы тұлғалар, олардың тағылымы, даналығы ұлт мүддесінің тірегі, ұлт болмысының тұлғалануына қызмет етуші зиялылардың рухани қазынасы ұрпақтың бірігуіне негіз болатын құндылық. Тұлғалар рухы мен даналығының негізінде қалыптасып отырған рухани мұраларымыздың тұлғалық рухын бейнелейтін ұғым­мен өлшенуі, сол тарихи уақыттарда өмір сүріп отырған халық болмысының да тұлғалық ерекшеліктерін айқындай түспек.
Тұлғалық қасиет – кейінгі буын үшін тарихтың тереңдігін танытатын идея. Тұлғалық қасиетті қа­лып­тастырушы тарихтағы халық пен ұлт тұлға­ларының зиялылығы, зиялылықтың қадір-қасиетін ұғынып, сол рухани дүние арқылы өмір сүрудің мәнін зерделеу ұрпақтың ұстанымын білдіреді. Тектілік қазақ ұлтының, жеке адамның тарих­тағы тұлғалық қасиеттерінің бейнесі. Тек­тілік ұғымы толығымен ғылыми зерттеу­ле­рі­міздің шеңберіне ене қоймаса да, хал­қымыздың тарихтағы рухани өмірі, ру­­хани дүниелері тектіліктің мәнін көр­сетіп отыр. Ата бабаларымыздың тек­ті­лігі елдің мүддесін, рухын сақтап отыр­ған қасиет екендігін бүгінгі уақыт дәлелдеуде.
Сонымен бірге тектілік адам бала­сы­ның рухани өмірде қол жеткізетін кісі­лік жетістігі. Оның әлеуметтік өрісінің, жеке адам мен халық болмысының бойынан көрініп отыратын негізі бір. Қа­зақ ұлтының дүниетанымындағы, салт дәстүрінің және әдебиетінің бойында сақталып келген білім тектіліктің ұр­паққа қояр талабын, тарихи кезеңде ұлттық тәрбиенің ұрпақ тарапынан жүзеге асырылу бағытын, әр ұрпақ буын­ның өмірдің күрделі талаптарын орын­даудағы рухын салмақтай түспек.
Ата-баба аруағын сыйлау адамның ұлттық тегін, негізін қадірлеп отыруында. Қоғамдық өмірдің қай саласында болмасын адамның адамгершілік қасиеті біріншіден өзінің адами тегіне, екіншіден ұлттық тегіне, үшіншіден отбасылық мәдениетіне сай өз бойындағы рухани қасиеттерді жетілдіру мен үнемі оны сақтап, өз ісін рухани өмірдің халық мүддесіне ортақ талаптарына дұрыс бағыттай білуде. Осы тұрғыда, тектіліктің ұғымын зерделеп, насихаттап отыратын қазақтың ұлттық тәрбиесінің ұлттық идеяға айналуының нақты мысалы, тектіліктің тарихи өмірдің талабы, адамның адамгершілік талғамымен келетін қасиет екендігінде. Халықтың рухы неғұрлым биік, дүниетанымы терең болған сайын халық мүддесінің зиялыға қояр талабы да терең. Шешендік өнерге жақын, даналық өсиетке терең болу бұл қазақ елінің тектілігінің әлеуметтік бейнесі.
Адам бойында ашылмай жатқан қасиет­тер аз емес, өз бойындағы қасиеттің көзін тани білу, оны тәрбиелеу ісі адамның білімді игеру қызметінен де қиын әрі терең. Осы себептен, қазақ елінің рухани өмірінде баланы елдікке баулып отыру алдыменен ата – ананың отан алдындағы борышы саналған. Рухани қазынаның тәжірибесін пайдалану үшін де адамға рухани тереңдік қажет. Ал, қазақ елінің тарихи өміріндегі рухани тереңдік қоғам өмірінің қиыншылығына төзімді болу, ол үшін не істеу қажет? Қазақ мақал-мәтелдерінің танымдық мағынасы ұрпаққа төзімділіктің шарттары мен жолын үйрететін білімімен құнды. Ата дәстүр нәрінен алшақтамай сусындап өскен жастарға тарихи өмірдің берер қуаты, ата-баба рухын ұрпақ бойына дарытып отыруында. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ тектілік дегеніміз қазақ ұғымында тұлғалық сананың дең­гейіндегі ерекше қасиет үлгісі. Қа­зақ рухы оның дәстүр тәжірибесінің күшінде. Жеті аталық дәстүр қазақ болмы­сының қалыптасуындағы оның интел­лек­туалдық өрісін кеңейтіп, көрсетіп отыратын ата-бабаларымыздың елдік түсінігінің қасиетін бейнелейді.
Жеті аталық дәстүр – Қазақ хандарының дәуірінде мемлекеттік заң ретінде қалып­тасқан, ол қазақ елінің әлеуметтік мәдени негіздегі ұлттың бір тұтас санасына айналған ата заңдарының бірі іспеттес. Сонымен қатар, жеті аталық дәстүр адамның генеологиялық шығу тегінің жолын сақтау мақсатында ғана емес, мәдени танымдық ұлттық ерекшеліктің қалыптасуы, оның өрісінің кеңейіп отыруында маңызды рөл атқарып отырған ереже. Ұлттық деңгейде ұрпақтың зиялы өмір сүруінің мәнін көрсетіп отыратын дүние, тарихи әдеп ережесі.
Қазақ ұлтының осы жеті аталық дәстүр тәжірибесінің рухына қатысты айтып кеткен өсиет сөздері аз емес. Қазақтың ұлт­тық мәдениеті мен дәстүрін, тарихы мен мүддесінің рухын, ұлт болмысының ру­хани қуатын сақтап, біріктіріп отырған жеті аталық дәстүр жөнінде қазақтың түсінігі билердің, жыраулардың руханиятында кеңінен зерделенген. Қазақ ұлтының мәдениетінің болмысын зерттеуші ғалым А. Тарақты «Қазақтың жеті аталық үрдісін тек қана жеті буын ұрпақта есте сақтай білу, одан әрі қыз алысып, қыз берісу деп жалаң түсінуге болмайды. Жеті аталық үрдістен туындайтын қандастық мың-сан жөн-жоралғы, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, мо­ралдық-этникалық нормалар түрінде ұлттық өмір салттың төл-тумалығын орнықтырып отырған» – деп жазады [1.39 б.]. Жеті аталық дәстүр бұл да тұлғалық деңгейдегі ұлттың өмір сүру тәжірибесі. Тұлғалық деңгейде өмір сүруді негіздейтін ұлттық идея қалыптасу үшін тарихтың, өмірдің тәжірибесінің негізінде, ғылыми деңгейдегі ұғым қажет. Ұғым танымдық білім арқылы қалыптасатындығын ескерсек, жеті аталық дәстүрдің мәнін түсінуі мен халыққа жеткізіп, оны қоғамның өмір сүру ережесіне айналдыруы, осы дәстүрдің ғасырлар бойы жүзеге асып ұлт болмысы мен мәдениетінің рухын қалыптастыруы, бұл сол тарихи уақытта өмір сүрген қазақ хандарының даналығын көрсететін шын­дық. Қазақтың жеті аталық дәстүр даналығы ұлтымыздың ұлттық идеясына айналған дүние.
Қазақ ойшылдарының ұғымындағы тектіліктің ойшылдың рухани өмірі­мен байланысуы заңдылық. ХV ғасыр­лардың өзінде тектілік тұлғалық феноменге айналды, тұлғалық дәстүрдің негізі тек­тілікпен зерделеніп отырған:
Бай баласы байға ұқсар,
Байлаулы тұрған тайға ұқсар.
Би баласы биге ұқсар,
Алты қанат үйге ұқсар.
Хан баласы ханға ұқсар,
Биік-биік шыңға ұқсар.
Құл баласы құлға ұқсар,
Мал таптаған гүлге ұқсар.
Ханның ұлы қарауыл,
Бидің ұлы шыңдауыл [2. 9 б.]. Тектілік тек рухы, ата тектен қан арқылы, тәрбие арқылы беріліп отыратын қасиет, сол қасиеттің тұлғаның тарихи қызметі ар­қылы игілікке айналуы:
Құбыладан жылы жел есер,
Арқадан суық жел есер.
Анаға қарап қыз өсер,
Атаға қарап ұл өсер.
Тоқтамыстың уағында
Құлға билік тиген соң,
Жесір қатын, жетім ұл
Қайтіп қана күн көшер?.. [2. 8 б.].
Ойшылдарымыз қашанда тектілік­тің мәнін салмақтап отырған. Ұлтты сақ­тайтын текті ұрпақ, ұрпақтың қасиетті, саналы болуы тектілік. Қазақтың жеті атаға дейінгі қыз алыспау дәстүрінен бастап, атастыру, құда түсу, келін түсіру, қыз ұзату, дүниеге келген баланың құр­метіне жасалатын жоралар бұның бар­лығы қазақтың ұлттық деңгейіндегі тек­тіліктің мәнін салмақтайды.
Ата-бабаларымыз қан тазалығына бірнеше деңгейде мән берген. Басты дең­гей қанның қасиетін сақтау, бабалар дәстүрін ұлттық-аталық текке не­гіз­деу. Бұл адамның физиологиялық, генетикалық жағынан берік, ойлауы жағынан жүйрік, қабілетті, сезімтал бо­луына ықпал ететін нәрсе. Адамның мінсіз болмысын сақтау ол алдыменен қан тазалығын сақтау. Қайталап айтсақ, шариғатта тектілік адам қасиетінің қорғаны, адамның кісілік қасиетін сақтап отырудың амалы ретінде белгіленген ұстаным үлгісі. Дін мен ата дәстүрдің тағылымынан білім алған қазақ даналары адамды, ұлтты, ұрпақты қорғайтын тектіліктің қасиеті жөнінде мұра қалдырып отырған.Тектілік қазақ бол­мы­сының қазығы. Рух азығы – ақыл, ақыл­дың негізі бойдағы қасиеттің, адам­гершіліктің нығаюына ықпал ететін тектілік. Тектілікпен келген білім адамды сақтайды, қандай қыйындыққа кезіксе де адамның ақылдан таймайтын күші тектілікте.
Адамның алдыменен өз қадірін өзі та­нуы тектілік. Адамның жаратылысынан белгілі оның өмірге келу мақсаты мен өмір сүру мақсаты бір, бір-бірімен тығыз бай­­ланысты. Қанағатшыл, турашыл, сезімтал, түсінігі мол, талғамы биік, адам­гершілігі зор, жақсыға жақын, әл­сіз­ге көмегін есептемейтін адам текті адам. Қазақ руханиятының басында тұрған Асанқайғының даналығы тектіліктің қасие­тін әр ұрпақ буынға таратып отыратын күшке ие. Жырау бабаларымыздың рухани дүниелерінің күші өмірдің сан қилы жолдарымен қилысып отыратын, ұрпақ өмірінен алыстамайтын, ұрпақ игілігіне қажет құн­дылықтарды тереңнен қозғап отыратын даналық білімінде. Қазақтың сол кездегі тұлғаларының рухы кез келген уақытта елдің елдігіне, халықтың бірлігіне, адамның төзімділігіне қажет құндылықтарды тармақ­тап отыратын күшімен қажет кезінде идеяға айналып, елдің мүддесімен бірге ұрпақ алдында жүріп отырады, бейбітшілік уақытта ұлттың рухани қазынасына айналып та­рихтың бойында сақталып тұрады. Рухани мұра мен оның иесі тұлғаларымыздың күші тектілік.
Қазақта тәуелсіздікке қол жеткізудің басты тәсілі адамды сақтау, әлеуметтік ортада тектілікті қалыптастыру, сол тек­тілік арқылы елдің болашағына қыз­мет ету. Қазақ тұлғаларының қа­сиеті арқылы көрсетіліп отырған рухани қасиет үлгілер, яғни, төзімділік, шыдамдылық, батырлық, ақылдылық, абай­лаушылық, сезімталдық, сауатты­лық, діни сауаттылық кешегі өткен алаш зиялыларының бойында бар. Бұ­дан түсінетініміз мыңдаған жылдарға жететін, ұлттың тәрбиесі арқылы ұр­пақтың қасиетімен тарихи уақыттың бөгетінен өтіп отыратын тектіліктің қасиеті, тектілік қасиеттің күші. Біз көп жағдайда батырды қара күштің иесі, ханды ақыл мен айланың иесі, биді сөздің иесі деп жатамыз, бірақ, олардың қанында, жан әлемінде, бойында бар ортақ қасиет тектілік. Тұлғалық қасиетті бойына тартып, оны өмірдің жағдайында, халықтың мұң-мұқтажына сай шығара білу, батырдың жаугершілік сәттерде жауынгерлікке жүгініп, ел ішінде, бейбіт уақытта қарапайым адам болуы рухани қасиет иесінің ерекше табиғатының мәнін айқындайды. Сондықтан да, қазақ тектілікті адамның өзін сақтайтын, өзі арқылы өмірін сақтайтын, өмірі арқылы ұлтын қорғайтын қасиет деп түсінген.
Халқымыздың тектілікті зерделеуден туған келесі бір ұғымы отбасылық тәрбие, ата-ананың балаға үйретер әдебі жөнінде. Шал ақынның мұраларында ата-ананың өміріне қатысты айтылған мысалдар көп, сол мысалдардың өмір шындығымен ке­летін тұстары аз емес. Бабаларымыздың батыр, парасатты бейнеде өмір сүруіне, текті ұрпақ тәрбиелеп, ер қорғаны болатын қазақтың ұлдары мен қыздарының асыл қасиеттерімен тарихта қалуына себепкер аналарымыздың, әжелеріміздің тәрбиесі. Діни сауаты мол, ұлттың тәрбиесін бойына сіңірген әжелеріміз өздерінің келін болып түскен шаңырағының рухын ғана емес, ұр­пақ тәрбиелеп елдің рухын сақтағандығын айтуымыз керек. Өмірдің бейнетіне ақылмен көнген, жаугершілік уақытта өмірге әкелген ұл-қыздарының басын қорғап, тарих алдында есептеспей керісінше ел үшін ұрпақ тәрбиелеген, өсірген ұл-қызын ұлт үшін тарих алдына шығарған қазақ отбасыларының тектілігі тарихымыздың бойында тарих болып қалды. Не бір батырлар, ақын адамдар, кемеңгер ғалымдар, терең ойлы жазушылар ата-ананың тектілігімен тәрбиеленіп өскен.
Ердің ерлігі елін қорғауда, елін қор­ғайтын ер алдымен отбасының бір­лігін сақтай алатын адам. Балаға үлгі болу үшін ердің балаға да, анаға да қатар жүретін қамқор мінезі қажет. Себебі, әйел баланың анасы, баланы сыйлау ананы құрметтеумен бір. Әкенің анаға деген құрметін көріп өскен баланың қоғамға, айналасындағы адамға деген сенімі тұрақты келмек. Ананың да әке мен бала алдындағы міндеті аз емес. Шал ақын былай деп айтып кеткен:
Екі қатын алғанның дауы үйінде,
Жаман қатын алғанның жауы үйінде.
Жақсы қатын алғанның тойы үйінде,
Жаман қатын алғанның соры үйінде…
Кез болса ер жігітке жақсы қатын,
Жақсы қатын шығарар ердің атын.
Жаман болса, өз қылған істерімен
Еріне қалдырады жаман атын [2.81 б.].
Шал ақын бабамыздың айтып кеткен дүниелерінде өмір шындығы мол. Жырау даналарымыздың тектілігінің күші елдің алдында жүруінде, өзі өмір сүріп отырған қоғам өмірінен бір ғасыр бұрынғы немесе кейінгі уақыттың болмысын зерделеп, ақылмен түйіп отыруында. Елге сын айтып, оның асыл қасиеттерін ашатын ойларын таратып отыруында. Ерін сыйлау елге үлгі, себебі, отбасында тәрбиеленіп жатқан бала болашақ елдің азаматы. Сондықтан да, әйел адамның отбасылық өмірге адал­дығы, әдептілігі, ері мен балаға жанашырлығы, шаңырақты таза ұстау мін­деттері аналарымыздың жаратылысынан оның өміріне жүктелген міндет. Аналарымыздың бақыты отбасының амандығы, баланың тәрбиелі ел азаматы болып өсуі. Осыны тарихта қазақ әйелдерінің жоғары деңгейде түсінуі қазақ зиялыларының қалыптасуына ықпал еткендігі анық.
Қазақ руханияты оның дүниета­нымы­ның өрісі. Тарих бойы руханият өрісін құ­рып, кеңейтіп отыратын жыраулар. Жыраулар сауатты адамдар, яғни, бабаларымыз сауат­тылықты діннен, өмірден даналықты үйренген, сондықтан да, олардың мұраты халыққа дін мен тарихта орын алған тағы­лымды жеткізу, үйрету арқылы ұрпақты тексіздіктен сақтандыру. Адамтанудың ұлт­тық дәстүрі қазақтың тектілік туралы ұғымы адамның қасиеті мен рухын сақтайтын, қорғап отыратын дүние. Адамтанудан бастап, адамның ұлттық санасы мен сапасын жетілдіре түсетін қорғап отыруды көздейтін бұл дәстүр ғасырлар бойы халықтың ұлттық ой-өрісін дамытып, адамның ұлттық тегін сақтайтын құндылықтарды қалыптастырып, ұрпақтың қасиетін қорғап отырған.
Жеке адамның тектілігі тілді, дін­ді таза ұстау, атадан балаға, бабадан ұрпаққа берілетін асыл мұра ділді қор­ғау. Қазақтың тілді қадірлеп, тіл ар­қылы жанды тәрбиелеп, ойды, білімді дамыту өнерінің бойында да тектілік аз емес. Қазақ ұғымында ойлы адам ғана тілді қорғай алады, себебі, ой білім мен қабілеттің бірлігінен туатын дү­ние. Тектілік дұрыс білімнен, дұрыс ойдың, дұрыс ойдан дұрыс идеяның қалыптасуына ықпал ететін қасиет. Жоғарыда айтып өткеніміздей, сонау ұлт­тың қалыптасу тарихынан бастап, оның дүниетанымы, мәдениетін, тарихы мен тарихи санасын, құндылықтарын сақ­тайтын қасиет тектілік. Адамның бойындағы қорғану күші, өшпейтін, өзгермейтін, жоғалып кетпейтін мінез, ол қанша данышпан, ғалым, ойшыл, батыр болса да ұлтты сақтап дамытып отыратын негіз.
Қазақ өмірінде, қазақ ойшылдарының, ақындары мен жазушыларының, тіпті, алаш зиялыларының мұраларында өмірді тек­тілікпен суреттейтін шығармашылықтың рухы басым. Тілдің қасиетін білген, сөздің құнарын тарихтың рухымен салмақтаған адам ғана бабалар тағылымын бойына ұя­лата алатындығын тұлғаларымыздың ру­хани дәстүрі дәлелдейді. «Тектен нәр алған тозбайды» – деген бабалар өсиетінің мағынасы осында. Күлтегін заманынан бастап күні бүгінге жетіп отырған бабалар сөзі, ұлттың тілінің қияметке дейін жалғасатындығын дәлелдейтін, ұлттың бойына берілген қасиет түрі. Әлихан Бө­кейханов қазақтың ойшыл ақындары сақ­таған қазақ тілінің қияметке дейін өмір сүретін ұлттың түп дүниесі деп айтып кетсе, Мағжан Жұмабаев талай қиыншылығы мол уақыттан жоғалмай, барлық ұлттық құндылықтардың көзіне айналған дүние баба тілі деп зерделейді. Сұлтанмахмұт Торайғыров дүние есігін ашқан сәбиге тәрбие мен өмірдің болмысын бейнелеп, ұғындыратын ана тілі деген. Бұдан ұғарымыз бабаларымыздың ұрпаққа берген тектілік тәрбиесі, өнегесі қанша қиындық болса да өзіне қайтып оралатын, төл дүниелерін тарих қатпарынан тауып алатын ұрпақты (санасын) оятқан. Сол тарихтан ерте оянған ұрпақтың бірі алаш зиялылары, одан кейінгі қазақ тұлғалары.
Қазақтың ана тілді – тектіліктің негізі деп салмақтауы тегін емес. Тілі жоғалған, тарихы жоғалған жұрттың жойылуға ыңғайлы келетінін алаш зиялылары те­гін жазбаса керек. Тілді нығайтып, сөзді сақтау үшін тарихи тақырыпта өлеңдер жазу, зиялыларымыздың тектілік сананы оятуы, ұлттың тектілік ұғымын қайта жандандыруы, жалғастыруы тарихта қалған ұстаным.
Қазақ тілі туралы Бауыржан Момышұлы мақала жазды. Батыр данамыздың бұл мақаланы жазуына себеп болған сол кездегі қазақ тілінің жағдайы, тілдің қасиетін көрсетіп, құнарын сақтайтын сананың жо­ғала бастауы болса керек. Бауыржан Момышұлының мақалада айтылған сөз­дерін оқыған адам, тарихтағы қазақ зия­лыларының тағдыры мен қазақ тілінің болашақ тағдыры арасында тұрған батыр бабамыздың жағдайына көзі жетеді. Бауыржан Момышұлы арқылы қазақтың ақындары, ойшыл адамдары ғана емес, батырлары да тілсіз елдің мұңы зор бола­тындығын жетік біліп, тілді де қорғаған адамдар екендігін толық түсінесің. Ұлттық қасиетіне берік адам ғана тілді қадірлейді. Бауыржан Момышұлы қанша майдан даласында жүріп, соғыстың ауыртпалығын, басқа ортаның өмірі мен психологиясын бастан өткізді, ол майдан даласында қазақтың өмірін, қазақтың мұң-мұқтажын есіне алып отырған. Балалық өмірден бергі алған тәрбиесін, оқып біл­ген, естіген тарихын, ата-баба дәстүрін, өсиетін қағазға түсіріп отырған. Бұл батыр бойындағы ұлттық тәрбиені, қасиетті берік сақтап отыратын тектілік. Жүсіпбек Аймауытов Мағжан, Сұлтанмахмұт жөнінде жазған мақалаларында өздерінен кейін келе жатқан қазақ ақындарының тектілігін тілге тиек еткен. Олар жаңашылдықты білді, жаңа қоғамдық өмірді, басқа ортаны да көр­ді бірақ қанша жаңашыл нәрсені, өмірді көрген мен ұлттың асыл дүниесі тіл мен ділден қол үзбеген. Соның тағдырын ойлап дүниелер жазудағы зиялыларымыздың арманын тарих көрсетіп отыр. Қазақты және қазақтың баласы қазақ тұлғаларының ұғымынан түйіндейтініміз тектілік дініңде айтылған, тарихыңда ескерілген асыл дүниелердің білімін білу, қасиетін қорғау.
Текті құрметтеу елді сақтайды, ел сақталса жер сақталады. Өмірге қай­ратты, талғамына берік келетін тектілер атаның өнегесіне, бабаның өсиетіне қарап өседі. Өткеннің өсиетін тыңдап, өнеге көрген ұрпақтың өмірін жақсы қасиет түрлері басады. Сон­дықтан да, қазақ тектің асылдығын мойындаған, адам бойына ұялайтын жақсы әдептің түрлері тектің рухында деп түсінген. Қазақ ұғымында, «Тектен нәр алған тозбайды». Ұлтымыздың тектану психологиясы адамның мінезін, қабілетін, ерекшелігін, қанмен берілетін қасиет үлгілерін зерделейді.
Қазақ руханиятында, «Үлкеннен өнеге, кішіден ізет» – делінген. Бұның мағынасы үлкен мен кіші буын арасында рухани ықпалдың болуы. Тектілік рухани ықпал. Өткеннің мирасы өнегемен жетсе, ұрпақтың мұрасы өсиетке айналады. Өнегесіз өмір жоқ, өнегелі өмір болмаса кейінгі буын арасында өсиет қалмайды. Қазақта үлкен деген сөз бар, үлкен кісі, үлкен адам немесе жолы үлкен, үлкен орындағы адам, үлкеннің ізін басқан адам деген сөздер тарихта, ұлтымыздың дәстүрінде орын алған. Үлкен деген сөз халықтың теңеуі, халықтың адамға берген бағасы. Дінде айтылған тазалықты орындай білген, шаңырақты сақтап, ұрпақ тәрбиелеп оларды орнықтырған адам, айналасындағы адамдармен дұрыс қарым қатынаста болып, адамға қол ұшын беретін, көмегін, ақыл кеңесін аямайтын, өмірінде не нәрсе болса да оған қанағатпен қарайтын, тәубешіл, тәуекелшіл парасатты адамды қазақ үлкен деп сыйлаған. Ал, соның артында қалдырған, тәрбие берген ұрпағы ата-бабасынын, ата-анасының рухын, ізін, өнегесі мен өсиетін сақтап соны жалғастырған адамды үлкен орынның иесі, үлкен шаңырақтың баласы деп айтқан. Қазақта бұндай қасиетке ие болып, халыққа үлгі болатын дәрежеде өмір сүрген адамдардың құрметке бөленуі, сол қасиет иесінің және осындай кісілік қасиет иелерін танып, бағалап отырған қазақтың Алла Тағаланың ризығына, мейіріміне, құдіретіне деген сенімінің түзу, ұғымының терең болуында.
Қазақ ұғымында тектілік іздену, жан-жағыңды көру, біліп тану. Көрген білген нәрсеңнен пайдалыны жию, игілігі жоқ нәрседен өзіңді тыйып отыру. Қазақ руханиятында, «Көргені жақсы көш бастар» – делінген. Жаңаны біліп, жақсыны тану, танып білген нәрсеңді халыққа тарату жақсы қасиет. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) айтып кеткен: «Ғылымды үйреніп әркімнің өз бойына сіңіруі де біле білсеңдер парыз. Сол себепті алыстығына қарамастан қайда болса содан үйрену керек». Білім мен ғылым жолында халыққа үлгі болатын бағытта адамның адамгершілігін сақтайтын тектілік. Адам көп жерді шарлауы мүмкін, бірақ жүрген жерінен білім алу адамның қасиетіне байланысты. Сондықтан да, бабаларымыз көпті көру адамдық парыз, көрген білген нәрсені халыққа беру кісілік қарыз деген. Төле би бабамыз, «Ой өрісі тар жігіт ауылдан асып озбайды» – деп ұрпаққа өсиет етіп кеткен.
Қазақ халқының тектілік туралы түсінігінің мәні терең, өрісі кең. Барлық құндылықтармен сабақтас ұлттық қасиеті­міз тектілікпен беріліп, тектілікпен өрілген. Бұдан ажыраған қазақта тұлға жоқ, барлығыда көнеден бастау алған халық дана­лығымен сусындаған, ұлттың рухани ұйыт­қысына айналған төл мұраның өрісіне аянбай қызмет етіп отырған. Адамның ақылы мен дене күшін қатар талап ететін тарихи дәуірде адам тану түгіл адамды тәрбиелейтін рухани дүниелерді ұрпақтың жан-дүниесінен шығарып, халықтың жан әлеміне жеткізіп отыру оңай нәрсе емес. Қазақ ұлты тектілік ұғымымен адамды танудың, тәрбиелеудің, қорғаудың, рухын шыңдаудың тұлғалық деңгейдегі жолын қалдырып отырған.
Қазақ халқының тектілік туралы ұғымын, ұлттың тектілік қасиетінің рухын, ата-баба бойынан төгілген тектілік қасиеттің ұлттың тұлғалану тарихындағы өрісін, тектілікпен қа­лыптасып, тектіліктің заңымен қор­ғалып, нығайып отырған қазақы мәде­ниеттің таралымын қазақтың жас ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров өзі­нің «Айтыс» поэмасында тегістей сом­дап кеткен. Ұрпақты тәрбиелейтін ұлттың ұғымы, тәрбиемен берілетін ұлттық ұғым адамның ұлттық зердесін, ұлттық рухын, ұлттық қасиетін қалыптастырады. Ұлттың ұғымы тарихтың есігіне адамды бағыттайтын, мәдениетінің, рухани өмірінің жолын адамға анықтап отыратын білім. Ұғымы бар адам елінің өмірін сүйіп өседі, елінің ырысы мен несібесін бар өмірінде қорғап өтеді. Өзінің өмір сүріп отырған уақытындағы елінің бар нәрсесіне қанағат етіп өседі, жоғын жоқтайды, тарихта жо­ғалтқаны болса оны ақтап, қайта әкелуді мақсат етеді. Ұлттық қасиетінен қуат алады, кемелділігімен ұлтына тәуелсіздік, ұрпаққа үлгі болатын тарихты қасиетімен жасайды. Тұлғаларымыз үлгі еткен қазақ баласының қазақтығын мақтан тұтуы ерлік қасиет, тарихта елінің алдына ата-баба ұранымен шығуы елдік қасиет, елінің өмірінен ал­шақтамай оның ертеңі үшін тер төгіп өтуі ұлы қасиет. С. Торайғыров қазақтың тек­тілігін халықтың ұғымымен өлшеген, түсінікпен берілген, бойдағы қасиетпен есілген тектілікті сақтайтын да, насихаттайтын да ұлттық тәрбие:
Ерікті ен даланың құсынша ұшып,
Ержеттім кеңшіліктің сүтін ішіп.
Алтай, Ертіс, Сырдария, Есіл, Жайық,
Арасын қоныс қылдым ірге жайып.
Елім, жерім, қорғайтын ерім болып,
Ер жеттім ен далада лықа байып [3. 210 б.].
Тектілер елдің болмысынан қуат ал­ған ұрпақ. Елдің тұрмысы, халықтың табиғи өмірінің болмысы, сол болмыстың ішін­де сақталатын тарихи ұлттық бол­мыс­тың белгілері ұрпаққа қасиет берген, ұрпақ бойындағы қасиеттің көзін ашып отырған. Осы құбылыстың рухын ұғынған ата-бабаларымыз ұрпақты ұлттың табиғатына, табиғи өміріне, халықтың тұрмыс-тіршілігіне жақын өсірген.
Тектілік адамға қанмен, тәрбиемен берілсе адамның ұғымы, ақылы мен білімі арқылы өріледі, яғни, оянады. Бабаларымыз ел мен жердің бір бөлігі жауға кетіп жатса да тәрбиенің, ұлттық идея мен рухтың бір шетін жауға бермеген халық. Себебі, жау бүгін жеңсе, ертең жеңілуі мүмкін, рух жеңілсе халық жеңіледі, халық рухымен жеңілсе ел әлсірейді, ұрпақтың рухы жүдейді. Жерге рух беретін ел, халықтың сол жердің табиғатына икемделген болмысы, тұрмыс-тіршілігі. Елге рух беретін елдің адамдарының қасиеті, ел ішіндегі әулие, батыр, кемеңгер адамдардың, зиялылардың рухы елдің рухын нығайтып, қорғап отырған. Әрбір тарихи бейнені иеленген рухани адамның елге еткен төрелігі, жерге еткен иелігі қасиетімен халықтың санасында идеяға айналған. Сол адамның тарихына қарап жер мен елдің рухын зерделеуден келер ұрпақ жаңылмаған.
ХV ғасырларда өмір сүрген Қазтуған жыраудың толғауларынан да қазақы тектіліктің мәнін ұғына аламыз:
Ойыл да Қиыл, Жем, Сағыз,
Қайран саланың жатқан аңғары-ай,
Ақ шалмалы пірлердің,
Мешітке жаққан шамдары-ай!
Менің бүйтіп қозғалақтап жүргенім,
Аузы түкті кәпірдің,
Күшті болған салдары-ай!
Кәпірден теңдік алуға,
Қайта келер деймісің.
Мұсылманның баяғы,
Шыңғыстан туған хандары-ай?!
Бұл қоныстан кетпесең,
Мұны талақ етпесең,
Атаңа нәлет кәпірдің,
Пайдасына қалмаса игі еді.
Ноғайлы, қазақ жұртымның
Кейінгі туған балдары-ай! [2. 21 б.].
Жердің қасиетін аңсайтын бабала­рымыздың толғауларының күші ұр­пақ­тың рухын жауға бермеуінде. Осын­дай терең толғаулардың арқа­сында тектіліктің ұғымы сақталды, жау­гер­шілік уақытта дүниеге келген қазақ балаларына тәрбиенің кілті болып та­бысталды. Тарихтың сағымына ай­налып бара жатқан ұлттың идеясын қай­та көтеріп, ата тарих толғауының ел та­рихының бағдары ретінде қағазға тү­суіне себеп болған алаш зиялыларының қалыптасуына ықпал еткен қазақтың тектілік ұғымы.
Тектіліктің мәні қазақы табиғаттың ұғымын жете түсінген қазақтың зиялылары ұлттың рухына күш беретін ұлттық қасиет үлгілерінің өрісі қазақ тұлғаларының тарихы мен мұраларын зерттей бастаған. Біреуі жырмен тектіліктің рухын жарыққа шығарса, енді бір буыны, ұлттың сөз өнері мен тіліндегі рухани байлықты, сол рухани байлықтың рухани тірегі ұлттың рухани қасиетін зерттейтін ғылымның негізін қалаған, енді бір буыны қазақтың өнер туындыларының тағдыры мен өнер иелерінің тарихындағы қазақ дарын иеле­рінің тектілігін тарих қылып жазып кеткен. Бұның барлығы қазақша өмір сүру үшін ғана емес, қазақтың рухы мен рухани қасиетін, оның өрісін, қазақтың мәдениеттілігінің жемісін ұрпаққа жеткізу. Қазақ зиялысы Ахмет Жұбанов өзінің «Ғасырлар пернесі» атты еңбегінде қазақтың адамға тәрбие беретін өнерінің рухы жөнінде былай деп жазады: «…кең даланы мекен еткен қазақ жұртының ең аяулы да қасиетті музыкалық аспабы – домбыраның бірде күмбірлеген, бірде тыңқ-тыңқ шертілген ойлы дыбысы құлаққа жағымды, жүрекке жақын, оның күмістей сыңғырлаған үні талай сырдың басын қайырады. Сымдай тартылған қос шекте сан ғасырдың сан алуан сипаты, ақыл-ойы, көңіл-күйі жатыр. Домбыра – көшпелі елдің көне көз шежірешісі, көпті көрген қарияның көкірек күйі. Не бір аруақты, дарынды дала перзенттерінің аты ұмытылып кетсе де, сары алтындай шығармалары тот баспай бізге аман жетті…» [4. 11 б.].
Тектілік туа біте берілетін қасиет, өмір­мен, халықтың рухымен тәрбиесі арқылы келетін ерекше мінез үлгісі, ақылдың көркем бейнесі. Қазіргі уақытта бірқатар ғалымдар қазақтың тектілігін түрлі ғылымдарда көтерілген мәселелермен са­лыстырып зерделеп жатады, әрине бұл дұрыс емес. Тектілерді туғызған тарих, тектілікті талап ететін өмір. Дінімізде, ділімізде тыйым салынған нәрселер, адамға жүктелген міндеттердің бәрі осы тектілікті негіздейді. Осы себептен, тектілікті халқымыздың болмысымен, тұрмысының өрісінде, бабаларымыздың рухымен зерделеу өнімді білім, салмақты ұғым берері анық.
ХV-ХVІ ғғ өмір сүрген Шалкиіз жы­рау жырау бабамыз:
Жақсының жақсылығы сол болар –
Жаманменен бас қосып,
Сөйлемекке ар етер;
Жаманның жамандығы сол болар –
Сөйлесе, дәйім бетін қара етер;
Бір жақсыға басың қосып сөз айтсаң,
Сол жаман сырың сақтамай,
Әрдайым дұшпаныңа әр ісіңді қор етер – деген [2. 32 б.].
Қазақтың жақсылығы сол ұрпағын барлық жаман нәрселерден қорғай білген. Жақсылығын адамның бойынан іздеген, жамандығын ойынан тани білген, жамандықтан сырт айналған, жақсылыққа әрдайым көңіл бөлген қазақ даналарының өнегесі елдің қор­ғанышы. Бұны дәлелдеуге Дарвиннің немесе басқа еуропалық ғалымдардың дәлелдемелерінің қажеті шамалы.
Дінде айтылған нәрсені қазақ ақылмен ұғынды, дінде тыйым салынған нәрседен ділін қорғады, тарихи өмір талап еткен нәрсеге біліммен қарады, ақылға салды. Тәуекелге әрдайым бел буған тәубешіл ба­ба­ларымыз тарихтың кеңістігінде зерек­тіктің туын тікті. Қазақтың зеректігі дін мен ділдің, тіл мен сөздің, өмір мен тарихтың, ұлт пен ұрпақтың қасиетін біріктіретін қабілеттің рухына қол жеткізе алуында. Бұл деңгейде бабаларымыздың өмір сүруіне ықпал еткен бір ғана қасиет тектілік, қана­ғатшылдық ұғымы. Өткінші нәрседен көрі, жақсылықтың мәнін терең түсінген. Өмірге мағынамен қараған, халықтың, ұрпақтың өміріне мағына келетін рухани байлықты көздеген. Бұл еңбектеген баладан, еңкейген қарт бабаларымыздың ізгілігінің асыл бейнесі.
Қиын-қыстау кездері, жаугершілік, ашар­­шылық, отаршылдықтың ызғарын көз­бен көрген қазақ халқының перзенттері жан азығын тән азығынан жоғары қойған. Қанша жоқшылықтың зардабы білінсе де олар рухани жағынан жаттығып өскен, өмірге сананың күшімен енген, елдің күйзелісінен туындаған жан күйзелісін жұбата алды, сол жұбатудың негізінде халықтың мұң-мұқтажына толы уақытты бейнелейтін, зерделеп отыратын тұлға тарихын, қазақ өнерінің тарихын дүниеге әкелген. Соның нақты көріністерінің бірі қазақ күйшілерінің тағдыры, рухани өмірі, өмірдің қиыншылығын жарып шыққан қабілеттің рухы.
Қазақтың көрегендігі де, көсемдігі де санасында, сананы тәрбиелейтін, қор­ғайтын, жетілдіретін тарихи әңгімелері мен өнер. Қиыншылық қыспағының қар­қынын рухани жағынан тежейтін көрегендік саналы адамдардың шығуына ықпал еткен, әділетсіздіктің заңын орындайтын санасы жұтаң адамдарға бұл әдіс белгісіз болып көрінгенімен, тарихтың рухымен қатар келетін ұлттық сананың қасиетін ұрпақ бойынан қайта ашатын қазақы тәрбиенің әдіс-айласы ойдан ойға, бойдан бойға тарап рухты күшейтеді. Ұлт перзенттерінің интеллектуалдық оянуына тез ықпал етіп отырады. Ата-бабаларымыздың тектілік ұғымының мәні осында жатыр. Бала күн­дерінде тағдырдың қиыншылығымен са­балақ атанған қазақтың хандары, қойшы атанған қазақтың күйшілері, тай мініп, садақ атқан қазақ балаларының батыр болуының басты себебі жан дүние өрісінде. Ол уақыты келген, өмір талап еткен уақытында күшіне еніп, деңгейіне жетіп жан-дүниеден жарып шығатын қуатқа айналып, ең соңында елеусіз жүрген бала өзінің қасиетімен өмірдегі шынайы ролін, тарихтағы орнын өз күшімен дәлелдеп шығады. Демек тектіліктің заңы дала заңының бір белгісі, қазақтың ұлттық ерекшелігін айқындайтын басты тарихи уақыттың басты бейнесі.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. «Қазақ». Алматы: Білім, 1994.-176 бет.
2. Жеті ғасыр жырлайды: екі томдық. Алматы: Жзушы, 2008. 1-том. – 400 бет.
3. Торайғыров С. Екі томдық шығармалар жинағы. – Т. 1. – Алматы: Ғылым, 1993. 280 б.
4. Жұбанов А. Ғасырлар пернесі. Алматы, 2002. 328 б.

Алдыңғы «
Келесі »