• «Ақиқат» журналы
  • >
  • Тұлға
  • >
  • Ұлт театрының ұлтанын шегелеп кеткен адам (режиссер, актер, драматург Жұмат Шанинның туғанына 125 жыл)

Ұлт театрының ұлтанын шегелеп кеткен адам (режиссер, актер, драматург Жұмат Шанинның туғанына 125 жыл)

  • 11.04.2017
  • 1214 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Сайлау Байбосын,
ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері

Қазақтың ұлттық кәсіби театры дегенде, биыл туғанына 125 жыл толып отырған Жұмат Шанинның аты алдымен аузымызға түседі. 1926 жылы сол кездегі ел астанасы Қызылордада ұйымдасқан қазақ театрының директоры, әрі көркемдік жетекшісі болып барған Ж.Шанин жайлы белгілі театртанушы Бағыбек Құндақбаев: «Ел арасынан шыққан өнер шеберлері Еуропа үлгісіндегі театр өнерін жасап, көруші қауымның сүйіспеншілігіне бөленді. Солай болғанмен де, оларға өз бетімен, өздерінің күшімен театр жұмысын кәсіби жолға қою аса қиындыққа соқты. …Театрдың дамуы фольклорлық, этнографиялық және халықтық өнер аясымен ғана шектелуі мүмкін емес. Ондай өнердің өресі тар, ғұмыры қысқа болмақ. Жаңа ұйымдасқан жас ұжым театр өнерін жетік білетін ұйымдастырушыға мұқтаж болатын. Ондай көркемдік жетекшілікке – Жұмат Шанин сай келді» – деп жазады.
Бір қызығы, жаңа ұжымға жетекші болып барған Шанин Ресейде немесе Еуропа жерінде театр өнері жайлы арнаулы білім алған адам емес. Оның бар бітірген оқуы – Омбыдағы бір жылдық бухгалтерлер курсы ғана. Бірақ, бойға біткен тума алғырлық пен зерделілік, білім мен еңбектің арқасында тұтас бір ұлттың театр өнерінің негізін қалап кеткен.
Кіндік қаны Баянаула жерінде тамды десек те, Шанинның барлық шығармашылық, қайраткерлік ғұмыры елден тысқары жерде өтеді. Ресми ғұмырбаянында 1892 жылы Желтау деген жерде дүниеге келген деп жазылған. Бұл жер қазір Баянауыл ауданындағы Күркелі ауылдық округінің аумағында. Күркеліден оңтүстікке қарай жүрсеңіз, 14-15 шақырымнан соң Ғабит Мүсірепов жазатын белгілі Қос шалқарға тірелесіз. Осы Қос шалқардың қарсысында, Желтаудың күнгей бетінде Жұматтың атасы Шананың қыстауының жұрты жатыр. Бұл жер әлі де солай аталады. Одан әрі отыз шақырымдай жерде аты шулы Қоянды жәрмеңкесінің орны бар. Ж. Шанинның өмірі мен шығармашылығы жайлы «Талант тағдыры» атты кітап жазған Рымғали Нұрғалиев жас Жұматтың өнерге ғашық болуына алғаш әсер еткен осы Қоянды жәрмеңкесі еді деп жазады.
Бір ғажабы, Желтау, Сарытау өңі­рінде дүниеге келген жақсылар жал­ғыз Жұматпен шектелмейді. Осы төңі­ректе Павлодар уездік Алаш комитеті төрағасының орынбасары болған Ахметолла Барлыбаев, бұл күнде аты ұмытылуға айналған ұлт зиялысы Сәлемхат Күленов, қазақтан шыққан тұңғыш геолог-ғалым Мерғалым Қадылбековтер туған. Алаш қайраткері Қошке Кемеңгеровтың атажұрты да осы Сарытауда. Бұлардың барлығы да зұлматты заманның құрбаны болғандар…
Қайсыбір жылдары Семейдегі облыстық мұрағаттан мынадай бір құжат кездестірген едім. Онда былай дейді: «Список гараждан расстрелянных по приговору выездной сессий Военной коллегий Верховного суда СССР в феврале-марте 1938 года в городе Алма-Ате.
26 февраля:
1.Жансугуров Илияс
2.Куленов Салемхат
3.Шанин Жұмат
27 февраля:
4.Қадылбеков Мерғалым
28 февраля:
5.Тоганбаев Карткожа
(Ж.Аймауытовтың «Қартқожа» рома­ны­ның кейіпкері – С.Б).
Өнер мен білімге ғашық Жұмат 1913 жылы сол кездегі қазақ зиялылары бас қосқан Омбыға барып, алғаш рет театр өнерімен таныс болады. Сондағы қазақ жастарының ойын-сауық кештеріне қатысып, «Бірлік» ұйымының жұмысына араласып, заманның ендігі кілті білімде екенін түсінген Жұмат зауытта жұмыс істей жүріп, мұғалім жалдап, өз бетінше білім алады. Сол алған білімімен үлкен бір зауытта бухгалтердің көмекшісі болып жүргенде, Бірінші дүниежүзілік соғыс бас­талып, әскердің қара жұмысына алынып, оның да азабын бір кісідей бастан өткеріп, тек февраль төңкерісінен кейін ғана елге оралған екен. Байқап отырсақ, Жұматтың қоғамдық, қайраткерлік қыры осы әскерде жүріп ашылған секілді. Себебі, қара жұмысқа алынған басқа ұлттан шыққан сауаты жоқ адамдар орысшаға жүйрік, білімі бар Жұматты өздерінің өкілі етіп сайлап, ол солардың жай-күйін жоғарыға жеткізіп, жан сала қорғайды.
Төңкерістен соң әскердің қара жұмы­сынан аман-сау босаған Жұмат 1917 жылы елге оралып, Қарқаралыда уездік кооперативтің бухгалтері болып орналасады. Сол жерде өмірлік жары Жанбикені кездестіріп, екеуі бас қосып шаңырақ көтеріп, 1918 жылы тұңғыштары Рауыпбек дүниеге келген екен. Жұматтың осыдан соңғы өмірі тек мемлекеттік қыз­мет, сосын, театр өнерімен ғана байланыс­ты. 1920 жылы Зайсанға уездік атқару комитетінің төрағасы болып барған ол, қызметтің шеңберінде ғана қалып қоймай, жергілікті ақын-жыраулармен жақын араласып, олардан «Арқалық батыр» дастанын жазып алып, кейін осының негізінде күрделі драма тудырады. Соңынан бұл шығарманы Семейдегі өзі басқарған «Ес аймақ» театр труппасы тұңғыш рет сахналаған. Бұның бәрі айта берсек, таусылмайтын әңгіме… Жұмат сол кезде іргесі жаңа қаланып жатқан жас қазақ мемлекетінің саяси-қоғамдық жұмыстарына да барынша араласып, 1923 жылы Қазақ АКСР орталық атқару комитетінің мүшесі, Бүкілресейлік Х сьезге делегат болып сайланады. Режиссер Шанин өзін шын мәніндегі өнер қайраткері екенін таныта білген жері – Қызылорда. Осында ұйымдасқан қазақ театрына директор әрі режиссер болып барған Жұмат қанатын барынша жазып, сол кездегі қазақ жазушыларының шығармаларын былай қойғанда, Шекспирдің «Гамлетін», Пушкиннің «Тас мейманын» сахналап, қазақ көрермендеріне таныстыруының өзі ұлт мәдениетіндегі үлкен жаңалық еді. 1927 жылы Мәскеуде тұңғыш рет өткен этнографиялық концертке Қазақстан делегациясын бастап алып барады. Осы еңбегінің нәтижесінде, 1931 жылы Ж.Шанинге алғашқылардың бірі болып Қазақстанның халық әртісі деген атақ берілген екен. 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақстанның онкүндігінде де оның режиссерлық өнері сол жақтағы мәдени қауымнан жоғары баға алады. Ж. Шанинның қазақ театрын қалыптастырудағы еңбегі тек спектакльдер қоюмен ғана шектелмеген. Ол шын мәнінде театрдың іргетасын қалап кеткен адам. Шет ел және орыс классиктерінің еңбектерін аударып, қазақ көрерменіне таныстыру, театрдың ішкі-сыртқы жұмысын тәртіпке келтіру, әртістерді кәсіби деңгейде тәрбиелеу, оқыту, бір сөзбен айтсақ, әлі де қазақ тұрмысына сіңісті болмаған театр өнерін қалыптастыруда сіңірген еңбегі айтып жеткіліксіз.
1932-33 жылдары Жұмат көршілес Қырғыз мемлекеттік академия театрына режиссер болып барып, біраз еңбек етеді. 1934 жылы Абай атындағы опера және балет театрын құруға атсалысып, Е.Брусиловский, Қ.Жандарбековтармен «Қыз Жібек», «Жалбыр», «Ер Тарғын» операларын қойысуы да оның сан қырлы дарынының белгісі. 1937 жылы Орал қаласында қазақ драма театры ашылып, сол жылдың қыркүйегінде Жұмат режиссер болып сонда барады. Бұл атышулы қуғын-сүргіннің нағыз шегіне жеткен кезі еді. Ұлттың бетке ұстарларын баудай қырған қанды науқаннан Жұмат та сау қалмайды. Сол жылдың желтоқсан айында ол «халық жауы» ретінде ұсталып, келесі жылы Алматыда атылады. Жұмат дегенде, оның аяулы жары, қазақтан шыққан тұңғыш актрисалардың бірі Жанбике Шанинаны айналып кете алмаймыз. Қарқаралы өңірінің тумасы Жанбике шынын айтқанда Жұматқа Құдай кездестірген жан секілді. Жұмат өзі өнерге араласқасын, зайыбын да отбасы, ошақ қасында қалдырмай, бірге жетелеп, театр тірлігіне тартады. Тумысынан дарынды, өзі әнші Жанбике бұл ортаға жылдам сіңісіп, өзін мойындата білген. 1936 жылы Мәскеудегі Қазақстанның онкүндігінде «Қыз Жібек» операсында Қамқаның рөлін сомдаған Жанбикенің өнеріне таң қалған мәскеуліктер бұл әйел қайда білім алған деп сұраған екен. Өкінішке орай, Жанбикенің бұл базарлы тірлігі де ұзаққа бармапты. 1938 жылы «халық жауының» әйелі ретінде ұсталып, 8 жылға кесіліп, Ақмоладағы Алжирден бір-ақ шығады. Осы жерде түрменің бар азабын бастан кешіп, алғашында қара жұмыста, кейін тігін цехында жұмыс істеген Жанбике мерзімін толық өтіп, 1946 жылы ғана босаған екен. Сөйтіп, Қарағандыдағы Мәрзия атты сіңлісінің қолына келіп паналаған Жанбике сол жердегі тігін фабрикасына жұмысқа орналасады. Бірақ, талай жылғы көрген қорлық, түрменің азабы, ауыр сырқат ақыры 1950 жылы Жанбикені де алып тынады…
Енді, бірер сөз Шанинның ұрпақтары жөнінде. 1918 жылы дүниеге келген Рауп­бек атты ұлы қазақтан шыққан тұңғыш скрипкашылардың бірі, Мәскеу, Алматы консерваторияларында оқыған. Алғаш рет Алматыда шекті аспаптар квартетін құрған өнерпаз. Денсаулығында кінәраті бар Раупбек әкеден өлідей, шешеден тірідей айырылғасын, осындай ауыр қайғыны көтере алмаса керек, 1939 жылы дүниеден озады. Сахна өнерінде Жұматтың жолын жалғаған оның екінші ұлы – 1925 жылы туған Қасымхан. Жұмат өзі ұсталғасын, Шаниндер әулеті тегіс оңтүстік Қазақстан облысына жер аударылады. Осы жерде оның інісі Әкіш Шанин оның әйелі Мәпіш облыстық драма театрына әртіс болып орналасыпты. Бозбала Қасымхан да 1940 жылы театрдың балет бишілері тобына қабылданып, оның содан кейінгі өмірі түгелдей театр өнерімен байланысты болған. 1950-56 жылдары Мәскеу мен Ташкенттің театр институттарында оқыған Қасымхан кейін театр мен кинода ондаған рөлдерді сомдаған дарынды өнерпаз. 1968 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Жетісай қаласында музыкалық драма театры ашылып, Қасымхан соның бас режиссері болып тағайындалады. Өзінің актерлік ғұмырында ол «Қыз Жібек, «Жалбыр», «Ш.Уәлиханов», «Абай», «Аршин мал алан», «Жаяу Мұса», «Шұға», «Біздің үйдің жұлдыздары», «Тау қызы», «Прага каштаны», «Майра», «Амангелді» т.б. спектакльдерді сахнаға шығарып, өзі де ойнаған екен. Қасымхан Шанин сондай-ақ, «Қараш-қараш оқиғасы», «Ән қанатында», «Алдар Көсе» т.б. фильмдерге түскен. Өкінішке орай дарынды актер және режиссер Қасымханның да ғұмыры қысқа болады. 1969 жылы небары 44 жасында өмірден озған. Қасымханның ұрпақтары қазір Алматы қаласында тұрып жатыр.
Ж.Шанинның өмірі мен шығар­машылығы жайлы ара-тұра жазылып жүргендіктен, оны қайталамай-ақ қоялық дедік. Ең бастысы, өнер саңлағы бүгінде атаусыз қалып жатқан жоқ. Шымкентте Жұмат Шанин атында облыстық драма театры бар. Мерейтойлары да еске алынып жатады. Біздің айтайын дегеніміз мынау еді: Баянаула жерінен кімдер шықты дегенде, салақұлаш тізімнің ішінде Жұ­мат Шанинның да аты-жөні жүреді. Бірақ, Баян жерінде Жұматты еске саларлық бір белгінің жоқтығы адамды еріксіз ойға қалдырады. Жасыратыны жоқ, тәуелсіздік алған соң, ел іші кәдімгідей дүрлігісіп, атаусыз қалған жақсыларына елді мекендердің аттарын бере бастаған. 1993 жылы бұрынғы «Южный» совхозына да Жұ­мат Шанинның есімі беріледі. Бірақ, неге екені белгісіз, аз уақыттан соң ауыл атауы Күркелі болып өзгеріп кеткен. Себебін сұрасақ, сол баяғы қазақы салғырттық, құжаттары дұрыс болмаған екен дейді. Дәл осындай себеппен Жүсіпбек Аймауытовтың аты берілген Жосалы ауылы да кейін Жуантөбе болып өзгеріп кеткенін бұрындары жазғамыз. Сол жылдары Жаяу Мұсаның аты берілген ауыл да қазір басқаша, Жаңатілек боп аталады.
Бір қызығы, Күркеліге кіре берісте «Жұмат Шанин ауылы» деген үлкен жазу тұр. Бірақ, ресми құжатта ауыл атауы – Күркелі.
Тағы бір айта кететін жайт, ауылдың орны ерте заманда Қапар деген дәулетті адамның қонысы болған екен-міс. Естуімізше, ауыл адамдарының бір тобы елдімекенге осы Қапардың есімін бергісі келетін көрінеді. Тіпті, әжептәуір дау-дамай да туындағанға ұқсайды. Ол ол ма, кейбіреулер Жүсіпбек Аймауытовқа ескіше хат танытқан осы Қапар екен деген сөз таратып жіберіпті. Бірақ, бұның барлығы негізсіз дерек. Жүсіпбекті оқытқан Қапар Орманбасұлы деген адамның сүйегі Ерейментау ауданының Ажы ауылында жатыр. Ал, енді Күркелі жерін мекендеген Қапар жөніне келсек, ол да өз заманында дәулетті, сыйлы адам болған шығар. Бірақ, Жұмат деген бір ұлттың мақтанышы ғой, екеуін еш салыстыруға келмейді. Сондықтан, ауыл адамдары ақылға келіп, 125 жылдық мерейтойының қарсаңында біртуар тұлғаның есімін қайтадан жаңғыртып, ауылға беретін шығар деп ойлаймыз. Себебі, Баян жерінде туылды дегесін, Жұмат Шанинның есімін еске салатын бір белгі керек қой.

Алдыңғы «
Келесі »