«ҚАРА АЛТЫН» ХАЛЫҚ ИГІЛІГІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУІ ТИІС

  • 11.04.2017
  • 413 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Өткен жыл Маңғыстау мұнайы тарихындағы елеулі жыл болып тарих жылнамасына енді. Жетібай кен орнындағы №6 ұңғыдан атқылаған алғашқы мұнай бұр­қағының 55 жылдығы, осы кен орнындағы кәсіпшіліктің ашылуының 50 жылдығы өткенді саралаудың, болашақты бағдарлаудың белесі болды.
Біз бүгін осы компанияның Бас директоры Бақыт Иманбаев және бас директордың бірінші орынбасары Пэй Цзяньшэн мырзамен кәсіпорынның даму барысы, еліміздің экономикалық қуатын арттыру жолындағы мақсат-міндеттері және еңбек ұжымындағы әлеуметтік ахуал жайында әңгімелескен едік.

– «Туған ай – туралған етпен тең». Амал келді, жыл басы – Наурызға жетіп, жа­­ңа жылдың да жаңа бір еңбек тоқ­санын игеріп тастадық. 2016 жылды қорытындылағанда ол компания өмірінде қандай із тастады, қорытындысы қандай, осы туралы әңгіме сабақтасақ…
– Тарихи тұрғыдан алғанда өткен жылғы Маңғыстау мұнайының 55 жылдығы, «Жеті­баймұнайгаз» өндірістік басқармасының 50 жылдығы, ең бастысы, бұл атаулы даталардың Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келуі жауапкершілігімізді көтеріп, күшімізге күш, жігерімізге жігер қосқандай болды.
Тағылым үшін өткен мерейлі мерекелер ұрпақ сабақтастығын жалғастыруға, тарихты таразылай отырып, үлкенге кішінің құрметін жария еткен келелі жиын болғандығын атап өткен жөн. Жетібай кен орнының тарихы – бай тарих. Мұнай өндірісінің білікті кадрларын, мықты ұйымдастырушылық мектебін қалыптастырған орта. Қарапайым мұ­найшыдан Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің Премьер-Министріне дейін көтерілген Нұрлан Өтепұлы Бал­ғынбаевтың өмірбаяны сөзімнің дәлелі. Сондықтан да, 55 жыл бойы ел экономикасын дамытуға үлес қосқан жетібайлық мұнайшылардың еңбек дәстүрі, атақты мұнайшылардың ерлікке толы еңбек жолын насихаттау мақсатында мұражайдың ашылуы өткен жылғы компания өміріндегі елеулі де маңызды оқиға деп ерекше айтқым келеді. Мұнда сонау 66-жылдан бастап жанқиярлықпен еңбек еткен, қасиетті өлкеде жаңа кәсіпорындар, қалалар мен елді мекендер пайда болуына бар ғұмырын арнаған, Қазақстанның Тәуелсіздігіне үлес қосқан аға ұрпақтың ерлікке бергісіз еңбегі, өмір жолы жатыр. Бұл мұражай өңірдегі мұнай саласының дамуынан, өткен тарихынан, мұнайшылардың еңбек жолынан мағлұмат береді. Жастарымыз осы мұражай арқылы өткен тарихымызды, елге еңбек еткен майталман мұнайшыларды танып-біліп, тағылым мен тәлім алатыны сөзсіз.
Өткен жылғы тағы бір жағымды жаңалық – «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Ұлттық бизнес-рейтингтері одағының ресми статистика мәліметтері негізінде жасалған саралау нәти­­желеріне сәйкес «Маңғыстаумұнайгаз» «Жыл ішіндегі табыс (шығын)» номинация­сында Қазақстан бойынша жеңімпаз атанып, қаржы-экономикалық қызметінің көрсет­кіштері болып табылатын «активтер мен капитал көрсеткіштері», «табыс көрсеткіштері», «өтемпаздық көрсеткіштері» сияқты үш номинацияда Маңғыстау облысындағы кәсіпорындар арасында бірінші орын алды.
Бұл мұнай-газ өндіру саласындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі болғандықтан, «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамына «Сала көшбасшысы-2016» алтын медалі, «Сала көшбасшысы» ресми ұлттық VIP сертификаты мен «Экономика мақтанышы» ордені табыс етілді. Сондай-ақ, жуырда Ұлттық Бизнес рейтингтің сыртқы экономикалық қызмет көрсеткіші бойынша Қазақстан Республикасы экпорттаушылары арасында «Экспорт-импорт суммарлық көлемі», «Операциялар көлемі», «Іскерлік белсенділік» критерийлері бойынша алтын, «География» номинациясында «күміс» медальды иеленгені туралы жақсы жаңалық жетті.
– Бұл жетістіктер басқару тетіктерін стра­тегиялық тұрғыда тиімді орайлас­тыру мен команданың ынтымақты қызметінің жемісі, әрине! Облыс экономикасына сүбелі үлес қосып келе жатқан «Маңғыстау-мұнайгаз» акционерлік қо­ғамының қазіргі таңдағы хал-жағдайы қандай? Соңғы жылдары әлем нарығында «қара алтын» бағасының төмендеуі салдарынан қалыптасқан күрделі кезеңде компанияның дамуын қалыпты деңгейде ұстау оңайға түспеген шығар…
– Абыз Әбіш аға Кекілбаевтың өтпелі кезең, күрт бетбұрыстар тұсында «байыбын тауып іс қылып, бағытын тауып алға басқан жөн… жүрек пен бас, қол мен ақыл қатар қиналып, қатар қимылдайтын кезең келді. Сонда ғана еңбегіміз еш, қарекетіміз кеш болмайтын шығар» деген сөзі бар еді.
Мұнай бағасының төмендеуі салдарынан біраз бағдарламаларға арналған шы­ғындарды шектеуге, үнемдеу саясатын қатаң ұстануға тура келді. Дегенмен, мұнай өндіру қарқынын төмендеткен жоқпыз. 2016 жылы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ 6 млн. 285 мың тонна мұнай өндіруді жоспарлаған болатын. Біз бұл межені артығымен орындадық. Жоспардан тыс 4 902 тонна мұнай өндіріп, мемлекетке 6 289 902 тонна мұнай тапсырдық. Мұндай көрсеткішке компания ұжымы жоғары кәсібилігі мен берік ынтымағының арқасында қол жеткізді. Жоспарлау мен геологиялық-техникалық шараларды дұрыс және сауатты жүргізу жетістікке жетудің негізгі факторлары болды. Атап айтсақ, жаңа ұңғыларды бұрғылау нәтижесінде 320 759 тонна мұнай игерілді. Сонымен қатар, мұнай ұңғыларында жер қойнауының қабатын сумен ажырату, жоғары жатқан жер қабаттарына қайта оралу, Қаламқас кен орнындағы ұңғыларда полимерлі су тоғыту сияқты шаралар қолданылды.
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ – мұнай өндіру көлемін жыл сайын ұлғайтып отырған компания. Үстіміздегі жылы да осы үрдістен таймауды көздеп отырмыз. Биылғы жоспарымыз бойынша 6 млн. 350 мың тонна мұнай өндіруіміз керек. Бұл – 2016 жылға қарағанда 60 098 тоннаға артық меже.
– Компанияның әлеуметтік саясатына, атап айтқанда әлеуметтік әріптестікке тоқ­талсаңыз…
– «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы – Маңғыстау өңірінің инфра­құрылымын дамытуға бағытталған көптеген ірі бағдарламаларды іске асырып отырған компания. 2010-2015 жылдары компанияның әлеуметтік инвестициялары 8 млрд. 245 млн. теңге болды. Маңғыстау тұр­ғындарын әлеуметтік қолдау және осы бағытта жер­гілікті атқару органдарымен келісімді қа­рым-қатынаста жұмыс жасау – компанияның әлеу­меттік саясатының басым бағыты. 2016 жылы акционерлік қоғам тек осы өңір ғана емес, республикамыздағы әртүрлі мекемелерге демеушілік және қайырымдылық көмек көрсетуге, мемлекеттік әлеуметтік бағ­дарламаларды іске асыруға, қоғамдық шараларды өткізуге 4 223 364 480 теңге қаржы бөлді. Облыстағы ең ірі салық төлеуші кәсіпорындардың бірі ретінде өткен жылы жергілікті және республикалық бюджетке 128 657 216 мың теңге көлемінде салық пен басқа да төлемдер түсірді.
Бұған қоса «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ отандық тауар өндірушілерді қолдауға және қазақстандық тауарлар, жұмыстар мен қыз­меттерді қамтуды дамытуға бағытталған Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешім­дерін де мүлтіксіз орындап отыр. Ком­пания тарапынан жергілікті фермерлерге үлкен қолдау көрсетілуде. 2015 жылы олармен арада үш жылдық меморандумға қол қойылды. Осыған сәйкес, жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен 2015 жылы 547 млн. теңге, ал, 2016 жылы 490 млн. теңгенің өнімі сатып алынды. Осылайша ет және сүт өнімдерін мұнайшылар бүгінде кепілді өткізу нарығы бар маңғыстаулық фермерлерден сатып алып отыр.
– Ал, жер қойнауының байлығын ел игілі­гіне айналдырып отырған мұнайшы қауымның әлеуметтік мұқтаждықтары қа­лай шешіліп жатыр? Кәсіпорынның еңбек ұжы­мында әлеуметтік тұрақты-лықты сақтау бағытында қандай шаралар жасалуда?
– Өндірілген әрбір тонна көмірсутегінің артында мұнайшылардың бірнеше ұрпағының жанқиярлық еңбегі, олардың жұдырықтай жұмылған бірлігі мен кәсіби шеберлігі тұр. Бүгінгі «Маңғыстаумұнайгаз» – бұл 6000-ға жуық жоғары білікті маман қызметкерлер, бұл – ынтымағы жарасқан тату ұжым, бұл – нағыз өз істерінің шеберлерінен құралған команда. Компания өз қызметкерлерінің және олардың отбасылары алдындағы жоғары әлеуметтік жауапкершілік саясатын ұстанады. Өйткені, қалай болғанда да, «қара алтын» қарапайым халықтың игілігіне қызмет етуі тиіс. Әр тамшы мұнайдың артында соны өндірген азаматтардың ерен еңбегі мен осы жердің иесі –халқымыздың мүддесі жатқанын біз ешуақытта естен шығармауымыз керек.
2013 жылдың 7 қарашасында «Маңғыс­тау­мұнайгаз» акционерлік қоғамында жұмыс беруші мен еңбек ұжымы арасында 2013-2016 жылдарға арналған Ұжымдық шартқа қол қойылды. Алайда, әлемдік нарықтағы дағдарысқа және мұнай бағасының төмендеуіне байланысты, 2015 жылғы 19 қаңтарда өткен шарт жасақтау комиссиясы мүшелерінің отырысында Ұжымдық шартқа өзгертулер енгізіліп, шарттың кей­бір тармақтарын алып тастауға мәжбүр болғанбыз.
Биыл жаңа Ұжымдық шарт жан-жақты талқылаудан өтті. Нәтижесінде алынып тас­талған тармақтар қайтадан енгізіліп, тіпті, кейбір тармақтар бойынша төлемдердің көлемі екі есеге дейін ұлғайтылды. 2016 жыл­дың желтоқсан айында 2017-2019 жыл­дарға арналған жаңа Ұжымдық шартқа қол қойылды. 2016 жылы Ұжымдық шарттың шығыны 600 264 мың теңге болды. Жаңа шарт бойынша, кәсіпорын мұнайшылардың әл-ауқатын көтеру бағытындағы әртүрлі мәселелерді шешуге жұмсалатын шы­ғын­дарды жылдан-жылға көбейтуді көздеп отыр. Енді жаңа Ұжымдық шартқа сәйкес жыл сайын 383,8 миллион теңге көлемінде қосымша қаржы жұмсалып отыратын болды. Мұның бәрі – мұнайшылардың лайықты өмір сүруі мақсатында жасалып жатқан шаралар, акционерлік қоғам басшылығының қарапайым қызметкерлердің хал-ахуалын жақсарту бағытында атқаруы тиіс абыройлы міндеті.
Компания қызметкерлерінің ынтымағы мен бірлігі – еңбек ұжымының әлеуметтік тұрақ­тылығының кепілі. Кәсіпорында 2015 жылдан бастап басшылық пен еңбек ұжымы арасында «кері байланыс» жүйесін дамытуға, жұмыс берушілер мен қызметкерлер және кәсіподақтар арасында сындарлы диалог орнатуға бағытталған ішкі коммуникация құралдары енгізілді.
Атап айтқанда, компания басқармасы әр жарты жыл сайын жүйелі түрде кәсіпорынның еңбек ұжымымен есептік кездесулерін өткізіп отырады. Желілік басшылар еңбек ұжым­дарымен әр тоқсан сайын кездеседі. Бұл кез­десулерде еңбек ұжымы компания тіршілігі туралы ақпаратты тікелей басшылардан алады, қызметкерлер өз мұң-мұқтаждарын, арыз-өтініштерін, ұсыныс-пікірлерін сол жерде айтып, басшылардан өздерін толғандырған мәселелер жөнінде бірден жауаптарын алып отырады. Әрбір кездесудің хаттамасы жасалып, қызметкерлердің өтініштері бірінші басшының бақылауына алынады. Компания басшылары тоқсан сайын қызметкерлерді жеке өтініштері бойынша қабылдайды. Корпоративтік сайтымызда ашылған бірінші басшының блогы арқылы да мұнайшыларға өз өтініштерін айтып, сұрақтарын қоюға жағдай жасалған. Бұған қоса Қаламқас, Же­ті­бай кен орындарында, өнді­рістік қызмет көрсету орталық қызметі мен материалдық-техникалық жабдықтау қызметі базаларында, көлік департаментінің автопаркінде және орталық офисте қызметкерлердің шағым­дары мен ұсыныстарын жинауға арналған жал­пы саны жиырма алты жәшік орнатылды. Бұл өтініштер де жіті бақылауға алынады. Мұ­найшылар әрбір сұрағына нақты жауап алып отыр. Осылайша компанияда басшылық пен еңбек ұжымының арасында тікелей байланыс орнатуға қол жеткізілді.
Сондай-ақ, жыл сайын еңбек ұжы­мын­дағы әлеуметтік-психологиялық тұрақ­ты­лықтың деңгейін сауалнама арқылы анық­тау жұмыстары жүргізілуде. Сауалнама нәтижелері мен қыз­меткерлердің өтініштері компанияның «Әлеу­меттік әл-ахуал мониторингі» электрондық бағ­дарламасына енгізіліп отырады. Мәселен, 2016 жылы 5665 сауалнама парақшалары енгізілді. Соның нәтижесінде қызметкерлердің 321 өтініші тіркеліп, бақылауға алынды. Осы бағдарлама арқылы қызметкерлердің өтініштері жіктеліп, оның орындалысы туралы басшылыққа ақпарат беріліп отырады.
– «Самұрық-Қазына» Ұлттық Әл-ауқат Қоры» акционерлік қоғамы тапсырмасына сәй­кес «ҚазМұнайГаз» ұлт­тық компаниясы» акционерлік қоғамында трансформациялау бойынша арнайы бағдарлама қабылдағаны белгілі. Осыған сәйкес «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамында құрылымды қайта ұйымдастыру бағытында қандай жұмыстар жүруде?
– Трансформациялау Үкіметтің талабына сәйкес барлық Ұлттық компанияларда жүргізілуде. «Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамы мен «Самұрық-Энерго» ҰК» акционерлік қоғамдарында бейінді емес активтерді нарыққа шығару жұмыстары бүгінде аяқталды. Бүгінде әрбір компанияның әрі қарай дамуына қажет стратегиясы мен қызмет түрі анықталды, ал, осы стратегиялық бағыттар мен қызмет түрлеріне сәйкес кел­мейтін активтер бейінді емес болып есептеледі. Демек бейінді емес активтер дегеніміз – кәсіпорынның негізгі қызметіне байланысы жоқ активтер.
«Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоға­мында өртке қарсы қызмет, медициналық-сани­тарлық қызмет, қауіпсіздік қызметі сияқты бір­не­ше бейінді емес құрылымдарды шығару жұ­мыстары атқарылды. Компания құрылымынан шығарылып жат­қан активтердегі жұмыс жасайтын қыз­меткерлердің барлығының жұ­мыспен қамтылуы біздің басты міндетіміз деп есеп­тейміз. Сондықтан, аталмыш салалардағы барлық қызметкерлердің жұмыспен қам­тылуына Қоғам кепілдік алды, мұнда жұмыс­сыз қалған бірде бір қызметкер жоқ.
Жыл басында компанияның медици­налық-санитарлық қызметі нарыққа шы­ғарылды. Меди­циналық қызметкерлер то­лықтай ашық конкурста жеңіп шыққан ком­пания – «Хи­рургия институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне өтті. Сондай-ақ, Хи­рургия ғылыми-зерттеу институты меди­циналық қызмет көрсетудің сапасын көтеру, қызметкерлердің кәсіби шеберліктерін жетілдіруге, медициналық қызметтің инфраструктурасын жаңғыртуға, заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандыруға 3 жыл ішінде 1 млрд. тең­геден астам инвестиция салу жөнінде міндеттеме алды. Ендігі жерде үш жақты ке­лісімге сәйкес компания кәсіподақ комитеті мердігерлердің алған міндеттемелерінің орындалуын бақылап отырады.
Келесі кезекте әкімшілік мәселелер депар­таменті тұрғын-үй пайдалану цехын ашық нарық алаңына шығару үшін конкурстық құжаттаманың техникалық тапсырмасы жасақталуда. Мұнда мердігерге қойылатын барлық талаптар құжатқа енгізіледі және осы құжаттаманы жасақтау барысында жұмыс тобының құрамына цех өкілдерінің қатысуларына жағдай жасалады.
– Компания болашағы – бүгінгі жас буын мұнайшының ертеңі. Осы тұрғыда Сіздердің пікіріңіз…
– «Бабалар айтқанындай, өлі риза болмай, тірі байымайтынын, ағаның назары жығылғаннан, інінің базары тар­қамай­тындығын, алдыңғының нысап­сыздығы артқыны имансыз ететінін, үлкеннің жолын кескеннің көрінбей қаларын, кішінің жолын кескеннің көмілмей қаларын бір сәт те естен шығармайтын тұс – қазіргідей өтпелі кезең, қазіргідей өлара кезең… Кешегілердің еңбегін елемесек, бүгінгілердің көңіліне қара­масақ, ертеңгілерді қалай қарқ қыламыз?!». Бұл да Әбіш аға Кекілбаевтың сөзі. Компанияның жас­тар саясаты туралы сауалына орай ойға келген әңгіме еді бұл. «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының үлкен ұжымының үштен бірін 35-ке дейінгі жастар құрайды. Толқынды толқын қуады. Зейнет жасына келген аға әріптестеріміздің ізін басып жатқан жастардың осал еместігіне күнде куә болып жатырмыз. Айталық, кәсіпорында осыдан үш жыл бұрын Жас мамандар кеңесі құрылған болатын. Бұл кеңеске бүгінде 1500-ден астам жас мұнайшы мүше.
Өндірістің өз ішкі тәртібі дейміз бе, қа­лып­тасқан заңдылығы дейміз бе, көбіне алдыңғы кезекте мұнайдың өндірілуі тұрып келгендігін жасырмаймыз. Осы бір қасаң қағидатты Жас мамандар кеңесі бұзғандай. Мұнай өндірісі оңай кәсіп емес. Бұған біздің Маңғыстаудың қатыгездеу табиғатын қосып қойыңыз. Қысы-жазы апырып-жапырып еңбек майданын қыздырып жататын жас мұнайшыларды жастар саясаты дендеп қолға алынғаннан бері жаңа қырынан таныдық. Мемлекетшіл, қоғамшыл, патриот жастар қаулап шыға келді. Президент сайлауы, Парламент сайлауы тұстарында, Маңғыстау мұ­найының 55 жылдық, Жетібай кен орнының 50 жылдық шара­ларын ұйымдастыру барысында бұған куә болып, шын сүйсіндік. Қанша талантты жастар жүр ортамызда!
Жас мамандар кеңесінің тек біздің компа­ниядағы ғана емес, жалпы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның компаниялары арасында, рес­публикалық және облыстық деңгейлерде болып жатқан қоғамдық шараларға белсенді қатысып жүргені көңіл қуантады. Компанияның құры­лымдық бөлімшелері арасында «Брейн-Ринг» интеллек­туальдық ойындарын, ардагерлерге, мүжәлсіз отбасыларға, балалар үйінің тәр­биеленушілеріне арнап қайырымдылық істердің, мемлекеттік және кәсіптік мерекелерге байланысты компания қызметкерлері үшін мәдени-көпшілік шаралардың бас-қасында жастар жүр. Ардагер мұнайшылар мен қызметкерлердің балаларын да назардан тыс қалдырмай, оларға арналған көптеген қоғамдық шараларды өткізуді өздерінің міндетіне алған. Мұнайшылардың балаларын компанияның бұқаралық өмірінің бел ортасынан – көркемсурет байқаулары, тақырыптық шығармалар сайысынан, тіпті мұнайшылар күшімен қойылып жатқан мерекелік концерттен де жиі кездестіреміз. Сон­дай-ақ, «Қаламқас кештері» атты жоба да барлық дарынды мұнайшы жастарды маңына топ­тастырып, кәсібі мен өнерін қатар алып жүрген мұнайшылардың жұмыстан бос уақытын мазмұнды ұйымдастыруға мұрындық болып келеді.
Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне деген қамқорлық, үйлеріне барып құттықтаулары, ол кісілердің құрметіне концерттерін қойып, бағалы сыйлықтар тарту етуі, Жетібай ауы­лындағы №5 мектептің қыздар волейбол командасына, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің футбол командаларына спорт жарақтарын алып беріп, демеушілік көрсетуі, ауыл мешітінде Ораза айт дастарханын ұйымдастыруы, осы сияқты бірқатар іс-шаралар – «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамында жастар саясатының дұрыс жолға қойылғанының белгісі деп ойлаймын. Ең ма­ңыздысы, бұл компанияның ауызбіршілігіне, ынтымағына оң әсер етті. Арасы шалғай екі кәсіпшіліктің жастарының ұйымшылдығы компанияның қоғамдық өміріне жан бітірді.
2016 жылдың қыркүйек айында жас көркем­өнерпаз мамандарымыз «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниялар тобының қызметкерлері арасындағы спартакиаданың салтанатты жабылуында жоғары деңгейде өнер көрсетіп, басшылықтың алғысын алды. Ал, қазан айында Қостанай қаласында өткен жас кәсіп көшбасшыларының республикалық дебаттық турнирінде Жас мамандар кеңесі өкілдерінен құралған мемлекеттік және орыс тілді екі ко­ман­дасы да жүлделі бірінші орынды иеленді.
Компания жастары қараша айында Ақтөбе қаласында өткен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ ком­паниялар тобы жас мамандарының III слетіне қатысты. Сол жиында жас мамандардың күшімен ұйымдастырылған мәдени шараның тізгінін «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы жастары ұстағанын ерекше атап өткім келеді. Астана қаласында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған мерекелік салтанат, осы жылдың Наурыз мейрамы күндеріне орайластырып өткізілген ұлттық компанияның 15 жылдығын ұйымдастыруға да біздің жастарымыз белсене қатысып, саладағы жас­тар саясатының оң нәтижесін көрсетті. Сондай-ақ, маңғыстаумұнайгаздық жастар үстіміздегі жылдың 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай ардагер мұнайшы әйел-аналарға, әріптес қыз-келіншектерге арналған облыс көлеміндегі барлық мұнай компания жастарының қатысуымен өткен «Анаға сәлем» атты ретро-концертке мұрындық болып, естен кетпес әсер сыйлады.
Кеңес жұмысына белсене араласып жүрген жас мамандар есебінен компанияның кадрлық резерві қалыптасуда. Жалпы, әлеуметтік тұрақтылық рейтингін анықтау бағытында жүргізілетін сауалнамада «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына қарасты құрылымдарда өндірістік, инженерлік-техникалық және әкім­шілік-басқару кадрларын өсірудің ашық болуы жөніндегі мәселе жиі көтеріледі. Осыған орай Ұлттық компания шешімімен арнаулы іс-шараға сәйкес кадр резерві жасақталмақ. Биыл «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы» оперативтік кадр резерві бойынша пилоттық жобаға қатысады.
«Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қо­ғам Басқармасы жастар саясатының ұжы­мымыздағы әлеуметтік-психологиялық тұрақ­тылықты сақтаудағы рөлін жақсы сезінеді. Сол себепті компанияның Жас мамандар кеңесіне қажетті деңгейде көңіл бөліп, жас мұ­найшылардың игі бастамаларын әрдайым қолдай беретін боламыз.
– Сұхбатыңызға рахмет! Алдағы уақыт­та да өздеріңіз басқарып отырған ком­­па­нияның қызметі жемісті болуына ті­лек­теспіз.
Аман ӘЛІМ,
журналист

Алдыңғы «
Келесі »