Еңкеймеген екеу (Әсілхан Оспанұлы мен Қалтай Мұхамеджановтың өмірлерінің кейбір ұқсас сәттері)

  • 11.04.2017
  • 802 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қазбай Құдайбергенұлы,
Күнімжан Құдайбергенова

Қазақстанның халық жазушысы, драматург Қалтай (Қалиолла) Мұхамеджанов 70-жасқа толған мерейтойын өткізуге Шымкент арқылы – Қызылордаға келгенде (1999 ж.) біздерге: – Есіңде болсын, Шымкентте ұстаз-ғалым, жорналшы, аудармашы Әсілхан Оспанұлы есімді ағаң бар. Ол саналы ғұмырын зар заман ақындарының мұраларын қазіргі жастарымызға жеткізген үлкен тұлға, турашыл, қазіргі заманның «әтте­генайларын» елден бұрын сезінген, ойын ашық айтқан, дегенінен қайтпайтын, әм еңбекшіл, пендешілігінен азаматтығы мол, сол ағаңмен етене танысуды есіңде сақта, деген-ді. Көп жыл тастап оның ұлы – суретші, жазушы, этнограф-зерттеуші Ералы Әсілханұлы Оспановты білгеннен кейін, Қалтай ағамыздың тапсырмасы жадымызда қайта жаңғырып, Әсілхан ағаның қиын да қызғылықты, тартысқа толы, нәтижелері көбіне табыспен аяқталатын істеріне көз жеткізіп, Қалтай ағамыздың өмір тарихына ұқсайтын көптеген жәйттерді зерделей бастадық. Екеуінің де өмірнамасы қазіргі жастарымыз тамсана, тұщына, таңырқап оқитын дүниелер екен.
Әсілхан Оспанұлы 1924 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, бұрынғы Арыс ауданының Көмешбұлақ ауылында дүниеге келген. Бабасы Тұрлықожа ескіше діни сауатты, қажылыққа барған, мешіт ұстаған имам болғандықтан, әкесі Оспанқожа да қуғын-сүргін зардабын көп көрген. Оспанқожа молда-ишандарды аямай қудалаған 30-шы жылдары бала-шағасын нағашыларына тастап өзі бас сауғалап кетіп, кімнің қайдан келгенін сұрамай жұмысқа алатын, қара күшке тапшы Түркістан-Сібір теміржолын салуға жалданып аман қалады. Бұл ретте Қалтай ағаның әкесі ақын, діндар Мұхамеджанның (Қарамолданың) халық жауы деген жалған жаламен атылып кеткені (1937 ж.) еске түседі.
Қалтайдың студенттік кезі мен кейінгі жазушы-драматург болып қалыптасқан уақытында да Кеңестік кезеңнің саяси шеңберіне симаған әке шығармашылығы алдын талай кес-кестей бергені еске түседі.
Соғыс жылдары (1942-1944 жж.) Шымкент мұғалімдер институтын, кейін (1948-1955 жж.) ҚазМУ-нің (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) филология факультетінің журналистік бөлімін тәмамдаған Әсілхан ағаның бала кезінен оянған құштарлық сезімі оны ғылыми жолға жетелейді. Академия президенті Қ. Сатпаевқа қайта-қайта жазған бірнеше өтінішінен кейін 5 перзентін, қарт әке-шешесін қалдырып, 1959 жылы Қазақстан Ғылым Академиясының аспирантурасына қабылданып, «ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиеті тарихының мәселелері «Майлықожа, Молда Мұса (Мұсабек), Нұралы ақын­дардың шығармашылық қызметі негізінде» деген тақырыпта диссертация жазады. Ұлы Мұхтар Әуезовтің ғылыми жетекшілігімен басталған жұмыс, ол кісі кенеттен өмірден озғаннан кейін көптеген қиындықтар мен кедергілерді басынан өткереді. Жас ғалымды болашақта не күтіп тұрғанын мына бір оқиғадан-ақ түсінсе болады. Сүйікті ұстазы бақилық болғанда Әсілхан аға Сыр бойындағы Майлықожа ақынның ауылынан «Мұхтар Омарханұлынан айрылып қазақ әдебиеті жетім қалғандай болды» деген жеделхат жібергенде, оны Тіл және әдебиет институтының бір басшысы М. Базарбаев тақтадан жұлып тастап «Мынау не деп тантиды-ай, Коммунистік партия, Совет өкіметі тұрғанда қазақ әдебиеті қалай жетімсіреп қалмақ?» деп бұлқан-талқан болыпты.
Қалтай ағаның Қызылорда пединсти­тутының 2 курсын тастап, Ташкенттің Өнер институтының бір курсын бітіріп, ақыры Мәскеудің А.В. Луначарский атындағы (ГИТИС) театр өнері институтын тәмамдап, кезінде шегіншектеп оқығаны ойға оралады.
Әсілхан аға аспирантураны бітір­ген­нен кейін бір ғылыми кеңесте Ғабит Мүсірепов алған темасын құптамай жолын кес-кестеп, 2 жылдан соң ғана барып, 1964 жылы 14 қаңтарда диссер­тациялық жұмысын қорғап, (академиктер Қажым Жұмалиев пен Сәбит Мұқановтар қарсы болады) филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алады. Сөйтіп, қазақ әдебиеті тарихында алғаш рет жоғарыда аталған үш ақынның шығармалары ғылыми айналымға түсіп, туған халқымен қауышады. Кейін, бұл саладағы ғылыми ізденістерінің нәтижесін жинақтап, күнгей өңірінің тағы да үш майталман ақыны Мәделіқожа, Құлыншақ. Ергөбектердің де өнері мен өмірлеріне қатысты зерттеулерімен толықтырып, 20-дан аса кітап бастырып шығарады. Олардың ішінде жоғары оқу орындарына көмекші құрал ретінде жарық көрген «Қаратау атырабының ақындары» (1984 ж.) мен «Қаратау шайырлары» (1991 ж.) монографияларының алатын орны ерекше болды.
Зар заман ақындарының бірде-біреуі орта мектеп оқулығына енгізіл­ме­гендіктен, Әсілхан аға осы бағытта тынымсыз еңбек етті. Жоғары билік­тегілерге бірнеше рет хат жолдайды. Қазіргі Сыр елінің басшысы, халықтың құрметіне бөленіп отырған Қырымбек Көшербаевтың Министр кезінде Май­лықожа шығармалары алғаш рет мектеп оқулығына енгізілді. Сондықтан, Әсілхан ағаның Қырымбек інісіне деген алғысы шексіз болыпты. Жаны жақсылықтан жаралған іскер басшы Қырымбекке деген Қалтай ағаның да, ағайын-туыстарының да ризашылығы ұшан-теңіз. Өңір басшысы өзі тікелей араласып қазақтың Қалтайының бай кітапханасын Қызылордаға алдырып, облыстық Ә.Тәжібаев атындағы әмбебап кітапханасынан арнайы оқу залын аштырды. Сөйтіп, Қалтайдың бай қазынасы туған елімен қауышты.
Қазір қоғам қайраткері деген жауапты, қасиетті, мәртебелі, мәнді ұғымның дәрежесін түсіріп жі­бердік. Ол күнделікті кім болса соны мадақтаудың құралына айналып кетті. Әсілхан мен Қалтай ағалардың өмірбаяндарымен жете танысып, оқып біліп, жүрегімізге терең қабылдағаннан кейін – екі тұлғаны да, нағыз қоғам қайраткерлері қатарына жатқызар едік. Сөзімізді дәлелдейік. Шын мағынасындағы қоғам қайраткері өзі өмір сүріп отырған қоғамның құлы емес, оның қозғаушы күші болуы тиіс. Қоғам қайраткері өзі бел ортасында жүрген қоғамды кері тартатын түйткілдерін біліп, сезініп, оның себептерін тұщынып, тығырықтан шығаратын жолдарын көпшілік сахнасына шығарып отыру керек. Қалтай ағаның кез келген шығармаларын алсаңыз шындыққа негізделген уытты күлкі мен өткен қоғамның келешексіз, кертартпа кезеңдеріне меңзеп отырады. Ал, Әсілхан аға 1986 жылғы ақпан айында, яғни желтоқсан оқиғасына дейін М.С. Горбачевке, онда қазақтардың ұлттық тілінен айырыла бастағанын, орыстану саясатының шұғыл жүріп бара жатқанын, қазақ халқының ұлттық болашағына қауіп төніп тұрғанын, қазақтардың да ұлтшылдық намысы бар екенін дәлелдеп хат жолдайды. Егер, Компартия басшылары ұлттық саясатты жүргізуде жіберіліп жатқан қателерді түземесе, саны аз халықтардың болашағын ойламаса, көп ұзамай ҚСРО-ның өзі дағдарысқа ұшырап ыдырап кететінін басып жазады. Ал, бұл хатына алған бар жауабы Алматыдан келген нұсқау бойынша облыстық партияның басшылары Әсілхан ағаны ортаға салып, сынап-мінеп, партиялық сөгіс жариялайды. Алайда, арада 10 айдай өткен Әсекеңнің ескерткен, бүгіндері бәрімізге мәлім 16-17 желтоқсан күндеріндегі қазақ жастарының Алматыдағы бас көтеруі орын алып, жазықсыз жан­дардың қантөгісімен аяқталып, 1987 жылы Орталық Комитеттің арнайы қаулысымен бүкіл қазақ халқына «ұлт­шыл» деген жала жабуымен жалғасын табады. Әрбір оқу орнында, мекемелерде осы құжатты қолдауға шақыратын арнайы жиналыстар өткі­зіліп, аталған шара Шымкент пединститутында да өтеді. Партбилетті өтірік қалқан еткендер жастарды айыптап сөз сөйле­генде, Әсілхан аға шыдамай мінбеге шығып бір жыл бұрын Қазақстандағы жағдай жайлы М.С. Горбачевке хат жазып, жеделхат жолдағанын айтпақшы болғанда, институт ректоры Ә. Омаров: «Желтоқсанда алаңға жастарды осындай доценттер бастап шыққан!», – деп жала жауып сөйлетпей қояды. Соған қарамастан, Әсекең тұрып: «Заман бүйтіп тұра бермейді, ертең сол батыр ұл-қыздарымыздың бетіне қалай қарайсыңдар, соны ойлаңдар, қайта осындай жаужүрек жастарымыздың барына қуанбайсыңдар ма?!» – деп тік тұрады. Ел намысын қорғаған жастардың әрекет­терін жақтағаны үшін оған қатаң сөгіс беріліп, жиырма жылдан аса ұстаздық етіп, жүздеген шәкірттер дайындаған аға жұмыстан қуылады. Жиналыс барысында Н. Ахметов сияқты азаматтар мен коммунист студенттер сүйікті ұстазын қаншалықты қолдағандарымен, рек­тор­дың тегеурінді шешімі оларды басып тастайды.
Шындықтың салтанат құруы ұзақ процесс екені тарихи шындық. Үш жылдан кейін Әсілхан ағаның «Оңтүстік Қазақстан» газетінде (13 қазан, 1990 ж.) «Мен қалай «ұлтшыл» атандым» деген мақаласы жарық көргеннен кейін, Шымкенттегі Олжабай Сүйерқұлов т.б. көптеген азаматтардан, шәкірттерінен әділеттілікті жақтаған хаттар алады. Ал, Қалағаңа келсек, 1986 жылдың 18-желтоқсанында өнер, мәдениет қайраткерлері Р. Бағланова, Е. Серкебаев, Ә. Кекілбаев, Ш. Мұртаза, Е. Рахмадиев, Т. Әбдіковтермен алаңға келіп жастарды ақылға келуге шақырғанмен, бұларды тыңдамаған, жазықсыз жастардың қаны төгілгені белгілі. Әлемді дүр сілкіндірген осы бір кезеңде Қалтай ағадан артық зәбір көргендер санаулы-ақ шығар. Қалағаңның жалғыз ұлы – Алтай Мұхамеджанов (Ішкі істер Министрлігінің нашақорлармен күрес бөлімі бастығының капитан шеніндегі орынбасары) режиссер, халық қалаулысы, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Ә. Мәмбетовті 17 желтоқсан күні өлімнен құтқарып қалғаны үшін жауапқа тартылады. Түрмеге жабылып, атасы Мұхамеджанның абақтыда көрген азабының ащы дәмін татады. Үш жылдан аса уақытта 6 рет ісі сотта қаралып, ешқандай қылмыстық дәлелдері табылмай, ақталып, қыз­метіне қайта алынып, полковник ше­нінде зейнетке шығады. Жалғыз ұлының жазықсыздан жазықсыз істі болуын Қалтай аға мен анасы Фарида жеңгеміздің қаншалықты қинала көтергенін сөзбен жеткізу қиын.
Ал, Әсілхан аға болса өз принцип­шілдігінің, адалдығының ескерткіші болсын деп әділетсіз жазаны алуға өтініш те жасамапты. Алдағыны көрегендікпен болжайтын аға тәуел­сіздік таңының да қашық емес екенін сезінсе керек! Жамандық деген ұғымның жақсылық ұғымымен қатар жүретінін ескерсек, қайсар мінезді Әсілхан аға институттан кеткеннен кейін қол қусырып отырмай, бұған дейін жариялаған 3 жеке кітабынан басқа, тағы да 16 кітап жазып, баспадан шығарады.
Әсілхан аға 1986 жылғы Қазақстан емес бүкіл Одақты дүр сілкіндірген қазақ жастарының әрекетін жақтағаны үшін жұмыстан қуылса, Қалтай аға 1987 жылы «Правда» газетіне басылған «Бойся равнодушия» деген мақаласы үшін іштен шалатын жағымпаздардың жаласына ұшырады. Ол жайлы Қа­ла­ғаң: «Келесі жылы октябрь айында «Правда» газетінің тілшісі Т. Есілбаевтың өтінішімен Желтоқсанның туу себептері туралы 20 беттік мақала жаздым. Онда Қазақстанның оқу орындарында халқымыздың өткен тарихы, рухани мұрасы оқылмайтындығын, ел басындағылардың онымен ісі болмағанын баяндадым. … Ал, «Правда» газеті Маркс пен Лениннен басқа кім жазса да, өз саясатына жүгіндіріп жариялайтынын журналистер былай тұрсын, кез келген сауатты адам білсе керек, – деп жазыпты. Осы мақала авторлары Қалағаңның машинкаға басылған 20 беттік «Бойся равнодушия» деген мақаласын 1987 жылғы 6 қазанда «Правда» газетінде жарияланған «Бойся равнодушных» деген нұсқамен салыстырып шықтық. Газет Қалтай ағаның көп ойларын бұрмалап, тақырыбын да өзгертіп басқан. Кезінде осы мақала үшін Қалтай Мұхамеджановты жазғырушылардың бірі Әлжаппар Әбішевтің өзі мақаланың түп нұсқасымен танысқаннан кейін, Қалағаңмен табысып, ағалы-інілі болып кеткен. Мақалада көтерілген көп мәселелер Әсілхан ағаның бұған дейінгі М.С. Горбачевке жазған хатында айтылады. Сол кездегі ең беделді басылымдардың бірі «Советская культура» газеті (24 желтоқсан, 1987 ж.) бір нөмерінде «Драматургия Розова, Салынского, Макаренко, Мухамеджанова, Коломийца открыто и страстно выступила против таких массовых явлений в застойный период как злоупотребление властью, карьеризм, коррупция, чвансто, гражданская пассивность» – деп жазыпты. Әлемге әйгілі жоғарыда аталған орыс драматургтерімен Қалағаңның қатар тұруы, оның шығармасының шындығын мойындағандық. Қоғам­дағы келеңсіздіктерді әртүрлі дәре­жедегі басшылардың «көңілдеріне қарамай шыжғыра» айтудан Әсағаң да, Қалағаң да тайған емес. Сондықтан болар, екеуі де көре алмаушылықтың талай кесапат-кесірін көп тартты.
Ұлтым дегенде ештеңеден аянып қалмайтын Әсілхан ағаның айтпасқа болмайтын ұлтжандылықтың тағы бір ерлігі – Өзбекстанда оқып, білім алып, әскер қатарына қабылданып, Ұлы Отан соғысы жылдары генерал-майор әскери лауазымы мен Кеңес Одағының Батыры атағын (қаза болған соң) алған Сабыр Рақымовтың қазақ екендігін алғаш болып кеңес дәуірінде дәлелдегендігі. Шыңырауда қала жаздаған шындықты шығару үшін көп ізденіп, баспасөз арқылы мәселені халық талқысына салып, қазіргі Қазығұрт ауданындағы туыстарымен кездесіп, құжаттар жинап Қазақстан, Өзбекстан үкіметтерінің алдына мәселе қойып, Сабыр Рақымовтың қазақ екендігін жанкештілікпен дәлелдеп, 1972 жылдың 9-мамырында «Оңтүстік Қазақстан» газетінде, «Лениншіл жас» газетінің 6-маусым күнгі сандарында С. Рақымовтың әкесі қазақ екенін елге жария етті. Генералдың майдандас досы, әрі жары Құралай Әлібиқызы Натуллаевамен байланысып, туыстасып кетті. Аға еңбегінің тағы бір жемісі – Шымкент қаласындағы әскери колледжге Сабыр Рақымовтың есімін беруге белсенді атсалысуы. Бұл ретте де қазақтың аяғына тұсау боп жабысатын пендешілік пердесі Әсілхан ағаны да айналып кетпепті. Егемендіктен есі кеткен өзінің кейбір шәкірттерінің баспасөз бетінде Сабыр Рақымовтың қазақ екенін дәлелдеуде «аянбай» еңбек еткендерін жариялауы, аталмыш оқу орнының 30 жылдық мерейтойына құрметті қонақ ретінде шақырылған Әсілхан ағаның жасаған еселі еңбектерінің оқу орнының басшысына телінуінің куәсі болғаны қандай аянышты десеңізші! Әсілхан ағаның ұлтжандылығын айтқанда, өзінің құжатын әдейі 4 рет өртеп, сонша рет 100 сомнан айыппұл төлеп, Оспанұлы деген фамилиямен төлқұжат алғанының өзі не тұрады. Батыр Бауыржан ағамыз бірде сол кездегі «Жұлдыз» журналының бас редакторы Әбен Сатыбалдиевке Әсілхан ағаны нұсқап: – Сен мына кісіні білесің бе? – дегенде, ол: – Ия, жерлесіміз, жас ғалым, – депті. Оның жауабына қанағаттанбаған Баукең көзінен от шаштыра: – Сен оны білмейді екенсің. Мен – Бауыржан Мо­мышұлымын, ол – Әсілхан Оспанұлы, ал, сен – Сатыбалдиевсің», – депті. Осы бір үш ауыз сөз батыр Бауыржанның Әсілхан ағаға риясыз көңілінің көрінісі іспеттес.
Әсілхан Оспанұлы көркем аударма саласында да көп еңбек сіңірген. Атап айтсақ, өзбек, түрікпен, әзербайжан, әрмән, грузин, венгер, румын, болгар, ағылшын, шотланд халықтары жазушыларының шығармаларын туған тілінде сөйлетіп «Анар» және «Тарту» атты ұжымдық жинақтар шығарып, көптеген мақалалар жариялапты. Тіпті, қазір үйреншікті болып кеткен Томирис сияқты сақ-скиф бабаларымыздың ерліктерін паш еткен Геродот, Лукиан секілді көне грек жазбагерлерінен жеткен аңыз-әңгімелерді де алғаш қазақша сөйлеткен осы Әсекең екен! Ал, Қалағаң болса, шетел, қырғыз, өзбек, орыс авторларының өлеңдері мен әдеби әм драмалық шығармаларын сөй­леткені тарихи шындық. Қоғамдағы келеңсіздіктерді әртүрлі дәрежедегі басшылардың көңілдеріне қарамай шыж­ғыра айтудан Әсілхан-аға да, Қалағаң да тайған емес. Сондықтан да болар, көреалмаушылықтың, қыз­ға­ныштың талай кесапаттарын көрген қос тұлға қайыспай, еңкеймей, қақтығыстың қайрағымен жігерлерін жана түскен сыңайлы.
Еңкеймеген екеуді жоғарыда қоғам қайраткері деп атап өттік. Сол ойымызды толықтыра түсейік. Өткен ғасырдың 70-жылдары Арал проблемасының шиелініскені соншалық, ол жерден халықты көшіру жайлы мәселе көтерілгенде Әсілхан аға, бір-екі отбасына жағдай жасайтындығын жария етті. Қазақстанның біршама жерлерінің Өзбекстанға өткеніне өзінің дәлелді, дәйекті қарсылығын да білдірді. Кеңес дәуірінде Ленинградтағы Эрмитаж директоры Пиотровскийге хат жазып, қасиетті Тайқазанды Түркістанға қайтару мәселесін алғаш рет көтерген де Әсілхан аға! «Игорь полкі жайлы сөзді» аударған И. Шкляровскийге «Далалықтарды (біз­дерді) жабайы» деп суреттегені үшін «Правда» газеті арқылы наразылық пі­кірін жеткізіп, қателіктерін мойындатты. Шымкенттегі Рубенштейн көшесіне А. Бай­тұрсыновтың есімін, басқа «советтік» көшелерге қазақ зиялыларының атын беру кезіндегі облыстық онамастикалық комитетінде атқарған ересен еңбегі тағы бар. Әсілхан аға өзінен гөрі ұлтының жоғын жоқтаған, қиындықтарға қайыс­паған, турашылдығымен тұғырын биік­теткен қайсар тұлға еді. Ал, Қалтай ағаға келсек, оның кез келген драматур­гиялық шығармалары қоғамдағы кезде­сетін келеңсіздіктерді ащы күлкімен келемеждегендіктен, жоғарғы деңгейдегі басшылардың көңілінен шықпайтыны белгілі. Кезінде экономикасы қарыштап дамыған Түрік елімен тікелей байланысқа шығып халықаралық «Заман-Қазақстан» газетін, тәуелсіздік жылдарында «Түркіс­тан» газеттерін ашуы, оның қоғам қайраткерлігінің бір көрінісі болса, туған ауылы «Шіркейлідегі» орта мектепке жерлесі, ақын Әбіраш Жәмішовтің есімін алуға атсалысқаны, туған жерге деген шексіз сүйіспеншілігін дәлелдесе керек.
Еңкеймеген екеулер ұлы Мұхтарды ұстаз тұтқан тұлғалар. Әсілхан ағаның Қазақстан күнгейінде әдебиет тарихына енгізілуін күтіп жатқан Майлықожа, Молда Мұса (Мұсабек), Нұралы ақындардың шығармаларын зерттеуге арналған диссертациялық жұмысының ғылыми жетекшісі де Мұхтар Әуезов болған. Әлішер Науайдың 500 жылдық мерекесіне (1949 ж.) құрамында С.Мұқанов, Ә.Тәжібаев, А.Тоқмағанбетов, Ғ.Орманов, Ғ.Слановтар енген Қазақ делегациясын Ташкентке М.Әуезов басқарып келеді. 14 жасында Мұхаңның латын әрпімен 1935 жылы жарық көрген «Тас түлек» атты пьесалар мен әңгімелер жинағынан бастап, кейінгі шығармаларымен де таныс Қалтай студенттің Мұхаңмен бұл жолы тікелей сәлемдесуіне жүрегі дауаламапты. Атақтары жер жаратын жазушылардың ішінен жерлесі әрі ағасы Асқар Тоқмағанбетов Хамза театрында өтетін мерекелік шараға студент Қалтайға билет беріп, соған қатысу мүмкіндігіне ие болыпты. Бірақ, өз сөзімен айтсақ: «Ол кездегі өзіме лайық мода-гимнастерка, галифе-шалбар, солдат бәтеңкемен театр партерінің екінші қатарында үлде мен бүлдеге оранғандардың ортасында (Құдай басыңа салмасын) кірпішешеннің үстінде жалаңаш отырғандай, қашан салтанатты кеш өткенше әбден берекем қашты» – деп жазады. Ұлы Мұхтардың түпсіз терең білімі мен тапқырлығының куәсі болып жиынға қатысқан Қалтай студент: «Мұхаң сөзі маған бәрінен асып түскендей әсер етті. Өз орнына келе бергенде Осман Юсупов ұшып тұрып, Мұхаңның сөзіне риза болғаны сонша айқара құшақтап алып бетінен қайта-қайта сүйгені әлі көз алдымда… Сонымен, ол сапарда Мұхаңа қол беріп сәлемдесуге дәтім бармай дидарын көріп, сөзін тыңдағанымды мол дәулет, зор қанағат санап қайтқан сол кездегі «Сорпақ байың» мен боламын» – деп жазыпты.
Қалекеңнің ұлы Мұхтармен екінші рет кездесуіне Мәскеудің А.В. Луначарский атындағы театр-өнер институтының 5-курсында оқып жүргенде (1953 ж.) сәті түсіпті. Ол кезде Мұхаң МГУ-дың профессоры болып орналасып, филология факультетіне ұлттар әдебиетінен дәріс оқып жүрген кезі екен. Кафедра меңгерушісі Г.И. Гоянның ұсынысымен М. Әуезовтің драматургиясы жайлы диплом жұмысын жазуға рұқсат сұрау үшін «Москва» қонақ үйіне іздеп барады. Бұл уақыт «Социалистік Қазақстан» газетіне «Профессор Мұхтар Әуезов ескі қателіктерінің шырмауында» деген үлкен мақала «Правдадан» бастап орталық газеттердің бірсыпырасында бой көрсетіп жатқан күндер болатын. Қалағаң бұлардан хабардар болса да, Мұхаң драматургиясынан диплом жазғысы келетінін айтқанда: «Шырағым олай болса жас бала екенсің, диплом дегенге кез-келген тақырып жарай береді, қазір мен туралы жазып абырой алу қиын, заман жөнделсе көре жатарсың» – деп шығарып салады. Заманның отты жалыны лаулап тұрғанда студент Қалтай ғұлама жазушы Әуезов шығармашылығы жайлы жұмыс жазғанда не боларын алдын-ала болжаған ұлы Мұхтарға Қалағаң өмірбақи ризашылығын білдірумен өтті. Сол уақыттағы аласапыран сапырылыс­тар кезеңінде «халық жауы» ретінде әкесі атылып әлі ақталмаған жас бозбала Қалағаңды Мұхаң бір «ажалдан» алып қалады.
Мұхаң тарапынан әкелік, ұстаздық қамқорлығын Қалағаң үшінші рет 1959 жылы ақпан айында қойылған «Бөлтірік бөрік астында» спектаклі төңірегіндегі айтыс-тартыс, дау-да­майлар кезінде ерекше сезінеді. Бұл туралы Қалағаң: «Екі-үш күннен кейін осы спектакльге арналған көрермендер конференциясының қорытындысы жа­рияланған «Ленин­шіл жас» газетінің арнаулы беті Мұхаңның «Бұл күлкіге дән ризамыз» деген мақаласымен ашылды. Дуалы ауыздан шыққан ұлы ұстаздың киелі батасы әлі күнге дейін менің өнер жолымдағы құбылнама болып келеді», – деп жазыпты. Сонымен, Ұлы ұстаз Мұхтар Әуезовтен дәріс алуы, оның ұлылықтан бастау алатын қолдауын көруі, ұлының ұлылығын ұлықтауы өмірден еңкеймей өткен екеуге тән қасиет болатын.
Сөзіміздің соңында айтарымыз Қалтай аға көзі тірісінде еңбегінің нәтижесін көріп, талай марапаттарға ие болды. Оның рухын ұлықтау әлі де жалғасын табуда. Ал, Әсілхан аға өткен өмірінде тек бірнеше алғыс хат алып, бірді-екілі төс белгімен ғана кеудесін көмкеріпті. Ағаның іске асырған игі істері марапаттың барлық түріне келетінін ескеріп, өлшеусіз еңбегін кейінгі жастарға үлгі ету үшін, оның асыл есімін мәңгілікке ұлықтау мақсатындағы іс-шараларды ұйымдастыруды Оңтүстік Қазақстан облысы мен Шымкент қаласы басшыларының үлесіне қалдырдық. Бұл ұсынысымыздың оң шешім таба­тындығына да сеніміміз мол. Алайда, осы тұста соңғы жылдары орын алып жатқан келеңсіз жағдайлар да бар екендігін айтып кетпесем болмас. Мысалы, 2005 жылы шыққан «Оңтүстік Қазақстан облысы» энциклопедиясында сол жылы дүниеден озған Әсілхан ағаның есімі аталмай қалыпты. Тағы бір көңілге кір келтіргені – Мәделіқожа, Құлыншақ, Майлықожа, Молда Мұса, (Нұралы Нысанбайұлы мен Ергөбек Құттыбайұлы энциклопедияда тіпті де жоқ) секілді күнгей сүлейлеріне қатысты берілген мәліметтерде Әсіл­хан ағаның есімі тек алғашқы ақынға қатысты ғана жолай айтылып, ал, енді Майлықожаның 1972 жылы жарыққа шыққан алғашқы «Нақыл» кітабын келтіргенде соның авторы екендігі көрсетілмепті. Ал, енді, Қалағаңа қатысты айтарым оның 1994 жылы өзі құрған «Түркістан» газетінің айдарында бұл басылымды кімнің ашқаны бүгіндері көрсетілмейді. Мысалы, Ресейдің беделді әдеби басылымы «Литературная жизнь» газетінің айдарында оны ашқан А.С. Пушкин, М. Горкийдің есімдері келтірілгені былай тұрсын, портреттері де бейнеленген. Сол секілді «Түркістан» газетінің айдарында «газетті ашқан қазақтың белгілі жазушы-драматургі Қалтай Мұхамеджанов» деген сөз тұрса басылымның салмағы тек арта түсер еді деп ойлаймын. Жалпы, кез келген елдің мәдениетінің өркендеуі ұрпақтық, оның ішінде әсіресе аға-інілік, ұстаз-шәкірттік сабақтастықта жататындығы мәлім. Әсіресе, халық алдында соңғылары – шәкірттердің жауапкершілігі ерекше, себебі ұстаз ағаларының ел алдында атқарған қызметтерін олардан артық ешкім білмейді.
Мақаламызда аты әлем шарлаған Қалағаңды Әсілхан ағадан кейін қойып неге баяндаған деген сауалға айтарымыз: Қалағаңның өзі көзі тірісінде, 70-ке толғанында Шымкентке арнайы экономикалық колледж директоры Манап Өтебаевтың шақыруымен барып өзінің қалың оқырмандарымен жүздескенінде, сахна төріне шыға сала алдыңғы қатарда отырған Әсекеңді көзі шалып қалып: «Ассалаймағалейкүм, Әсеке! Төрге шығыңыз» – деп өтінгенінде Әсілхан ағаның: «Қалтай қарағым, той сенікі, маған жол болсын?» деген жауабына, Қалағаң: «Аға! Сіз тұрғанда біздің төрде отыруымызға жол болсын», – деген ілтипатын өмір бойы ұстанымынан шығармай өткендігінің куәсіміз. Сон­дықтан біздер де еңкеймей өткен екеудің сыйластығы мен сырластығына шүбә келтірмеуді жөн санадық. Аға мен іні осындай-ақ болсын!

Алдыңғы «
Келесі »