«Мен де еліме, халқыма адал қызмет етсем…»

  • 11.04.2017
  • 1425 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Шарипа Нұржанова,
Әсел Әлім

Халық ағарту ісінің ардагері, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, ҚР Журналистер одағының мүшесі, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік университетінің құрметті профессоры, академик Е.А. Букетов атындағы сыйлықтың лауреаты – Қайролла Мұқановпен сұхбат.
– Азаматтық ұстаным, өзіндік көзқарас талап етілетін осынау қоғамдық қам-қарекетке ара­ласуыңызға не түрткі болды?
– Менің бастауыш мектепті қазақ тілінде, орта мектепті орыс тілінде бітіргенім бір жағынан жақсы болды. Нәтижесінде қазақша да, орысша да кітаптарды оқыдым. Мектепте оқып жүргенде-ақ Абайдың, Мұхтар Әуезовтің, Сәбит Мұқановтың, Ғабит Мүсіреповтің, Әбділда Тәжібаевтың…, А.С. Пушкиннің, Н.В. Гогольдің, М.Ю. Лермонтовтың, И.А. Крыловтың, М. Шолоховтың, А. Фадеевтің, Л. Соболевтің, А. Твардовскийдің, К. Си­моновтың, А. Сурковтың, т.б. шығармаларын оқып та­ныс­тым (бәрін атау мүмкін емес). Осының бәрі менің ой-санамды, өмірге деген көзқарасымды кеңейтті.
Мысалы, Абайдың:
Әуесқой болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та бар қалан,
– деген сөздері көп ой салды, көкі­регімде жатталып қалды. Мен де еліме, халқыма адал қызмет етсем, ұлтымыздың басқа халықтардан кем болмауына, алға басып өркендеуіне атсалыссам деген ой-арман мені ылғи ілгері басуға, ұлтымыздың әйгілі адамдарының өмірі мен халыққа сіңірген еңбектерін зерттеп жұртқа, әсіресе жастарға насихат­тауға жетеледі.
Дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың украин ақыны Тарас Шевченкодан аудар­ған өлеңінің:
Ұйықтап өтсең өміріңде,
Ұйқың ұдайы қанбаса,
Тірлігің не, өлгенің не
Ешбір ізің қалмаса, – деген бір шумағы менің өмірлік ұстанымыма айналды. Бұл сөздер жалқау болма, ұдайы халқыңа еңбек ет, өлсең де артыңда еліңе жасаған еңбегіңнің ізі қалсын деп тұр ғой. Басқа да себептер бар, міне, осының бәрі қоғамдық қам-қарекетке айналысуыма түрткі болды.
– Халық ағарту ісінде, тың көтеру кезеңінде жүзеге асырылған қайта құрулардың салдарлары туралы қан­дай пікірдесіз? Сол уақыттың жаң­ғырығы бүгінгі таңда да білінуде деген тұжырымға қалай қарайсыз?
– Тың игерудің жақсы жақтары да, кем­шіліктері де болды. Сол кезде бар­лық жер жыртылып, ауыл малын бағатын жер тарылып қалды. Сол жылдары тың игеруші облыстарда бірқатар жаңа мектептер салынды. Орта мектептер саны өсті. Оқушылар саны көбейді. Алайда, қазақ тілінде оқытатын мектептер саны азайды. Мысалы, біздің облыста олардың саны 102-ден 82-ге дейін төмендеді. Шағын қазақ ауылдарында тек бастауыш, әрі кеткенде жетіжылдық мектептер ғана жұмыс істеді. Жақын жерде қазақ орта мектептері болмады. Сондықтан ата-аналар балаларын орыс мектептеріне оқуға берді. Ол кезде (Хрущев заманында) орыс тілін білмейтіндердің жағдайы қиын болды. Тіпті, таза қазақ ауылдарындағы мектептерде сабақ тек орыс тілінде жүргізілді. Ал, ондағы мұғалімдердің өздері де орыс тіліне шалағай еді. Бұл оқушылардың білімінің төмен болуына әкеп соқты. Бұл жағдай тек 80-нші жылдардың соңында «Тілдер туралы» Заң қабылданғаннан кейін ғана түзеле бастады. Қазақ тіліне, қазақ мектебіне деген қамқорлық, әсіресе, еліміз тәуел­сіздік алғаннан кейін жоғары сатыға көтерілді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылғы 16 желтоқсанда Қа­зақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзінде бұл туралы былай деді: «Біз қасиетті Қазақ тілі мен Ұлттық мәдениетіміздің жаһандық гуманитарлық кеңістікке еркін ену­ін қамтамасыз еттік. Қазақтың тілі Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассам­блеясының төрінен естілуде. Ол ға­рыштан да естілді. Ол бүгінде ин­тер­неттің де тілі, отандық ақпарат құрал­дарының басым көпшілігі қа­зақша шығады.
Естеріңізде болса бір кезде Алматыда бір ғана қазақ мектебі бар еді. Өткен 25 жылда елімізде қазақ тілінде білім беретін бір мыңнан астам мектеп ашылды. Біздің тілімізде Америка Құрама Штаттары, Ұлыбритания, Германия, Қытай, Оңтүстік Корея, Мажарстан, Польша, Азербайджан мен Армения сияқты елдердің белді уни­верситеттерінде оқытады. Бүгінгі таңда мектеп оқушыларының үштен екісінен астамы, студенттердің 60 пайызына жуығы мемлекеттік тілде білім алады. Еліміз бойынша қазақ тілін оқытатын 350 орталық табысты жұмыс істеуде».
Мысалы, біздің Петропавл қаласында Тәуелсіздікке дейін жалғыз қазақ мектеп-интернат болса, қазір 6 қазақ орта мектебі және қазақ-түрік лицейі жұмыс істейді.
– Мағжан шығармашылығын зерт­­теуге қалай келдіңіз? Ұлы ақын өсіп-өнген өңірде өмірге келіп қызмет ет­кен­діктен сізге қайраткер тұлғасы біртабан жақын екендігі түсінікті. Мағ­жанның гуманист әрі ұлтжанды азамат қалыптасуына әсер еткен жеке адамдар, оқиғалар жөнінде әңгімелеп берсеңіз.
– Мағжан ақынды біз 80-жыл­дар­дың соңына дейін білмедік. Біздің бала кезімізде ауылдағы үлкендер жан-жа­ғына қарап алып, «Шіркін, Мағ­жанның өлеңдері-ай!» – деп, оның өлең­­дерін ақырын жатқа айтып оты­ра­тын. Біз бұл Мағжан деген кім екен, оның өлеңдерін қайдан табуға болады, – деп іштей қызығатынбыз. Ал, Мағ­жанның өлеңдері жарты ғасыр бойы қамауда жатты. Тек, өткен ХХ ға­сырдың 80 жылдарының соңында ғана ол ақталып, халқымен қайта табысты. Оның ақындық өр дауысының жаңадан жаңғыра естілген үнін бүгінгі ұрпақ зор қуанышпен қарсы алды. Ақын ақталып шығармалары жарыққа шығуы еліміздің талай ақындарының шабытын оятып, оған арналған көптеген өлеңдер мен поэмалар туды. Көрнекті ақын Кәкімбек Салықов ақын есімінің халқына қайта оралуына арналған бір өлеңінде:
Есесін ессіз күннің тағдыр берсін
Қайталап Мағжан атты жаңғырды есім.
Жетеді ет-жүрекке әрбір сөзі.
Кетеді ес­ке оралтып тағдыр көшін, – деп, өзінің де, халықтың да зор қуанышын білдірді.
Ұлы ақын ақталғаннан кейін газеттер мен журналдарда оның өмірі мен шығармашылығын зерттеген бірқатар еңбектер жарық көрді. Осының бәрі мені де бейжай қалдырмады. Мен де оның өмірі мен шығармашылығын зерттеуге кірістім. Алдымен оның Петропавлда 1920 ж. маусым-тамыз айларында мұғалімдердің білімін жетілдіруге арналған «Қызыл мұғалімдер» курсының директоры әрі қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс оқығанын, одан соң 1921 ж. педтехникумда, 1927 ж. совпартшколада сабақ бергенін зерттеп мақалалар жаздым. Сосын 1905-1910 жж. Петропавлдағы шалақазақ медресесінде, 1910-1911 жылдары Уфа қаласындағы әйгілі «Ғалия» медресесінде оқығанын, Петропавлда Міржақып Дулатовпен, Жұ­ма­ғали Тілеу­линмен кездесіп дос болғанын жаздым. Кейін 1913-1917 жж. Омбыдағы белгілі Учительская семинарияда оқығанын біліп, әдейі Омбыға барып сол семинарияның архивінен біраз деректер таптым. Одан соң Мағжанның Ташкентте, Москвада болған кездерін зерттедім.
Мағжанның гуманист әрі ұлтжанды азамат ретінде қалыптасуына әсер еткен жеке адамдар мен оқиғалар мыналар: Ұлы Абайдың өлеңдері оған зор әсер еткен. Және… Міржақып Дулатов «Оян, қазақ!» кітабы үшін қуғындалып, Қы­зылжарға келіп бас сауғалайды. Осы қалада әртүрлі қызмет істеп жүріп, Қызылжар медресесінде оқып жүрген Мағжанмен танысады. Оған орыс тілін үйретіп, орыс әдебиетімен таныстырады және келешекте орысша оқуға кеңес береді. Осындай ақылды бір кездескенде Ахмет Байтұрсыновты айтса керек. «Ғалия» медресесінде оқыған кезінде сонда оқытушы болып жүрген белгілі татар жазушысы Ғалымжан Ибрагимов Мағжанның білімділігін көргеннен кейін «Мағжан, сенің білімің бұл медресе беретін білімнен кем емес, сондықтан сен басқа оқу орнына түсіп оқы», – деп кеңес береді. Содан Мағжан 1913 жылдың күзінде Омбы қаласына барып, сондағы мұғалімдер даярлайтын семинарияға оқуға түседі.
Қазақстанда алашордашыларды қу­ғындаған кезде осы партияның бір­сы­пыра белгілі қайраткерлері: Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамбетов, Мырзағазы Есболов, Тұрар Рысқұлов, Нәзір Төреқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Хайретдин Болғанбаев, Мұхтар Әуезов, т.б. Ташкентке барып Түркістан республикасында қызмет атқарады. 1922 ж. күзде Түркістан республикасын басқарып тұрған Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожанов Петропавлда қуғын көріп жүрген Мағжанды Ташкентке шақырады. Сол жылғы қараша айында Мағжан әйелі Зылихамен Ташкентке келеді. Бұл кезде Тұрар Рысқұлов пен Нәзір Төреқұлов Мәскеуге қызметке ауысқан болатын. Мағжанға Түркістан республикасын басқарушылардың бірі Сұлтанбек Қожанов қамқорлық жасайды. Мағжан осы қаладағы қазақ-қырғыз ағарту институтына оқытушы болып орналасады әрі осында шығып тұрған «Ақ жол» газетінің және «Шолпан», «Сана» журналдарының жұмысына белсене қатысады. Оларда өзінің өлеңдері мен поэмаларын, әңгімелерін жариялайды. Осында оның атақты «Батыр Баян», «Қорқыт», т.б. поэмалары мен өлеңдері шығады. Жалпы Ташкентте болған бір жылда Мағжан көп шығармалар жазған, сондықтан, оның сол кездегі шығармашылық кезеңін Пушкиннің «Болдинская осень» кезеңімен салыс­тыруға болады. Ақынның Ташкенттегі шығармашылығының қорытындысы – 1923 ж. Сұлтанбек Қожановтың алғы сөзімен шыққан өлеңдер жинағы болды.
1923 жылдың күзінде Түркістан рес­публикасы мемлекеттік ғылыми-кеңе­сінің шешімімен Мағжан Мәскеуге орыстың көрнекті ақыны Валерий Брюсов басқарып тұрған Жоғары әдеби-көркем институтына оқуға аттанады. Ол осы институтта оқумен қатар Мәскеудегі Күншығыс еңбекшілерінің коммунистік университетінде сабақ береді. Сол кез­дегі белгілі мемлекет қайраткері Нәзір Төреқұлов басқарып отырған Күншығыс баспасында редактор болып қызмет іс­тейді. Мұнда онымен бірге Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов та қызметте болған. Осында Н. Төреқұловтың редак­торлығымен шығып тұрған «Темірқазық» журналында ақынның бірқатар өлеңдері мен поэмалары, әңгімелері, аудармалары жарияланды. Сонымен қатар ақын сол кезде бірнеше оқу құралдарын жазып шығарды. Жалпы, мен Мағжан туралы: «Мағжан Петропавлда», «Мағжан Омбыда», «Мағжан Ташкентте», «Мағжан Мәскеуде», т.б. көлемді мақалалар және «Мағжан-азамат, ақын, педагог» деген ғылыми-практикалық облыстық конференцияда баяндама жасадым. Ақын туралы «Ақын ізі. След поэта», «Мағжанның ізімен. По следам Магжана» атты жеке кітаптар шығардым. Бұлардан басқа «Сарыарқа», «Жаңа Сарыарқа», «Нива», «Мағжан» журналдарында ол туралы мақалаларым шықты. Мағжан алғаш рет 1929 ж. 6 шілдеде Петропавлда тұт­­қындалады. Мәскеудің «Бутырка» түр­­месінде біраз жатқаннан соң оны Ка­релияға жер аударды. 1936 ж. маусымда одан М. Горький мен оның әйелі Е. Пешкованың көмегімен босап елге оралды. Бірақ мұнда оны тағы қуғындай бергесін Сәбит Мұқановтың шақыруымен 1937 ж. 25 наурызда әйелімен Алматыға барды. Сонда сол жылғы 30 желтоқсанда тұтқындалып, 1938 ж. 19 ақпанда атылды. 1960 ж. шілдеде ақталса да шығар­маларын шығаруға рұқсат етілмеді.Тек, 1988 ж. желтоқсанда то­лық ақталды. 1989 ж. ақынның өлеңдер жинағы Әб­ділда Тәжібаевтың алғы сөзімен жа­рыққа шықты. Содан бері ақын туралы көптеген ақын-жазушылардың, белгілі ғалымдардың зерттеу еңбектері жарияланды. Алайда, Мағжанның өмірі мен шығармашылығы, меніңше, әлі түгел зерттеліп болған жоқ. Сондықтан, әлде де зерттеу керек.
– Халық ағарту саласын одан әрі же­­тіл­діру жөнінде бүгіндері қолға алынып жатқан шараларға көзқарасыңыз қандай?
– Халық ағарту саласын одан әрі же­тіл­діру үшін бүгіндері бірқатар жаңа шаралар қолға алынуда.
Бірінші, биылғы 1-ші қыркүйектен бастап 1-нші сыныптарда қазақ, орыс тілдерімен қатар ағылшын тілі оқытылуда. Барлық мектептерде физика, математика, биология, химия пәндері ағылшын тілінде жүргізіледі. Бұл мәселелер, меніңше, дұрыс қойылып отыр, өйткені, қазіргі заманда әлем елдерінің көпшілігінде ағыл­шын тілі пайдаланылады. Ол тілді білмегендер шетелдермен терезесі тең болып қарым-қатынас жасай алмайды. Біздің облыста да бұл бағытта көп жұмыс жүргізілуде. Екінші, 2020 жылға дейін кезең-кезеңімен 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу қолға алынды. Бұл да дұрыс іс. Облысымыздың бірнеше мектептерінде бұл жөнінде эксперимент жүріп жатыр. Нәтижесі жақсы. Үшін­ші, колледждерде биылдан бастап кәсіптік-техникалық білім беру тегін жүр­гізіледі және бұл іске кәсіпорындар белсене қатысады. Сабақтардың теория жағы колледждерде өтсе, практика жағы кәсіпорындарда өтеді. Бұл электросварщик, электрик, газосварщик, құры­лысшы, печник, тігінші, парикмахер, механизатор, ветеринар, т.б. жұмысшы маман­дарды дайындауға көмектеседі. Ал, әзірше, барлық жерде осындай мамандар жетіспеуде. Қазір облысымызда осындай мамандарды дайындайтын 27 колледж жұмыс істейді. Бүгінде кәсіптік-техникалық білім берудің басты векторы-дуалдық жүйемен оқыту. Бұл жүйе облыста 2012 жылы 6 колледжде енгізілсе, 2016 жылы 12 колледжде енгізіліп, оларда 2328 студент 24 мамандықта білім алды.
Міне, еліміздің мұндай жетістігіне қалай қуанбасқа?! Алайда, кемшіліктер де жоқ емес. Есеп комитетінің мәліметі бойынша 2014 жылы мемлекеттік грантпен оқу бітірген 9 мың түлек жұмысқа орналаса алмай қалыпты. Осы 9 мың түлекті оқытуға мемлекет бюджетінен 4 млрд тенге жұмсалыпты. Бұл Білім және ғылым министрлігі жоспарының экономиканың нақты қажеттілігіне сәйкес келмейтінін көрсетеді және мұндай жағдай жыл сайын болып тұрады. Білім беру саласында ата-аналардан заңсыз ақша жинау әлі тоқталмай келеді. Жыл сайын Ұлттық Бірыңғай Тестілеу (ҰБТ) дау шығарып жатады. Біздің заманымызда орта мектепті бітіретіндер сол өз мектебінде қорытынды емтихан тапсыратын. Олардың жоғарғы оқу орындарына түскісі келетіндер қа­лаған оқу орнына барып өз бетімен емтихан тапсыратын. Ешқандай у-шу болмайтын. Мұғалімдер де бұған араласпайтын. Қазір ҰБТ-ға оқушыларын дайындау ке­зінде мектеп мұғалімдері де ата-аналар да, оқушылар да әбден қажиды.
Биыл Білім және ғылым министрлігі бұл істі жөнге келтіреміз деп отыр. Бұл іс лайым дұрыс жолға қойылуын біз де тілейміз.
– Қазір не жазып жүрсіз? Қалам­гер ретіндегі қоржыныңыз қомақты ма?
– 2013 жылы қараша айында көшеде көктайғақта құлап жамбасымды сындырып алдым. Ауруханада 40 күн жатып емделдім. Бірақ, нәтиже болмады, мүгедек болып тек үй ішінде қос бал­дақпен жүремін. Бұрынғыдай архивке, кітапханаға бара алмаймын. Сондықтан, бар ермегім газет, журнал, кітап оқу. Сонымен қатар, бұрынғы жинаған біраз материалдарымды қайта қарап, саралап мақалалар және кітаптар жазамын.
2013-2016 жылдары қазақ және орыс тілдерінде газеттерде 60-тан астам ма­қала, журналдарда 10 шақты мақалам шықты. Осы жылдарда (2013-2016): «Арманда кеткен асыл тұлға», «Самай Керей шежіресі», «Из истории народного образования Северо-Казахстанской области», «Жалтыр ауылы», «Мағжанның ізімен» атты 5 кітабім жарық көрді. Ал, жалпы менің жеке өзімнің 22 кітабім басылып шыққан. Ал, мақалалар саны 500-ден асады.
Қазіргі уақытта жоспарым бойынша 2017 жылғы айтулы даталарға материалдар жинап өңіріміздің зиялы да өнегелі азаматтары туралы, халық ағарту, білім беру ісінің тарихы туралы жазбақпын. Жазамын деген жоспар көп. Денсаулық болса, бос қарап отырмаймын, шамам келгенше жаза беремін.

Алдыңғы «
Келесі »