ОҚУЛЫҚ ҰЛТТЫҚ СИПАТТА БОЛМАЙ ОҢАЛМАЙДЫ немесе ҰБТ-ға оқушы қай кітаппен дайындалады

  • 07.08.2012
  • 796 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Айман
СЕЙІЛБЕКҚЫЗЫ,
журналист

Қазақстанның білім жүйесі тәуел­сіздік алғаннан кейін қалай қарқын алды? Бүгінгі жағдайы қандай? Оқу­лық мәселесін талқылау осы күнге дейін күн тәртібінен түспейді? Қанша жыл­дан бері қолданысқа енгеніне қара­мастан, оқу жылы соңында бір дүрліктіріп қоятын ұлттық бірыңғай тестілеудің болашағы қалай болады? Осы және өзге де мәселелер «Ақиқат» журналының кезекті келелі кеңесіне Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық Білім академиясының президенті Алма ӘБІЛҚАСЫМОВАНЫҢ, Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінің мектепке дейінгі және бастауыш мектеп кафедрасының профессоры, Қазына АЙМАҒАМБЕТОВАНЫҢ, Қожа-Ахмет Яссауи атындағы №123 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Шайза ОМАРОВАНЫҢ, №1 мектеп-гимна­зиясының қазақ тілі пәнінің мұғалімі Ботакөз ЖАЙЛЫБАЕВАНЫҢ, Мүсілім Базарбаев атындағы №138 гимна­зиясының бастауыш сынып мұғалімі Айдын МӘЖІБАЙДЫҢ, Қожа-Ахмет Яссауи атындағы №123 мектеп-гимна­зиясының бастауыш сынып мұғалімі Эльмира АЛМЕКЕЕВАНЫҢ, №12 гимназиясының тарих пәні мұғалімі Қайыр­бек АХМЕТОВТІҢ қатысуымен талқыланған болатын.
– Алма Есімбекқызы, «Егемен Қаз­ақ­стан» басылымына шыққан мақа­лаңызда «Он қағида орындалса, оқу­лықтар оңалады» деген екенсіз. Осы мақалада сіз көрсетіп берген қағидалар бүгінгі таңда орындалды ма?
Алма ӘБІЛҚАСЫМОВА:
– Бүгінгі таңда «оқулық оңалып кетті» деп, айта алмаймыз. Өйт­кені, оқулық жа­зу­дың өзі оңай дү­ние емес. Кеңес одағы кезінде оқу­­лықтардың бар­лығы тек қана орталықтан келетін. Бірақ, бұған қарап Қазақстан оқулық жазбай, құралақан отырды деп айтуға болмайды. Ол мақалада осы мәселе де айтылған болатын. Кеңестік кезеңде Қазақстандағы төл оқулықтарымыз, мысалы, әліппеден бастап, қазақ тілі, Қазақстан тарихы тұрмақ, математиканың өзі бір идеологияны көздеді. Яғни, сол кездегі идеологияның ұшқыны кез келген пәннен көрініс тапты. Енді, одақ ыдыраған 90-жылдардан бері қарай біздер өз оқулықтарымызды өзіміз жаза бастадық. Сол 90-жылдың ортасынан бастап Қазақстан әр білім деңгейін қамтыған, өзінің білім жүйесінің тұжырымдамасын жасады, «Білім туралы» заңын қабылдады. Білім жүйесінің тұжырымдамасы жасалғаннан кейін, Қазақстан өзінің білім стандартын қа­былдады. Сол білім стандартына сай оқу бағдарламаларын, төл оқулықтарын жаза бастады. Төл оқулық жазу мәселесіне мемлекетіміз зор көңіл бөліп, 1996 жылы Үкіметтің арнайы қаулысымен мектептің барлық салаларын оқулықтармен, ол оқулыққа қажетті оқу құралдарымен, басқа да материалдармен қамтамасыз етуге бюджеттен арнайы қаржы бөлініп отырды. Сол кездегі Ы.Алтынсарин атындағы Білім проблемалары институтына осы жұмыстардың барлығы жүктелді. Сөйтіп, бұл институт мектепте қанша пән бар, бастауыш, орта, жоғары буынға арналған оқу құралдарын жазу үшін білім стандартын, оның бағдарламасын, типтік жоспарын жасауға Қазақстандағы авторларды өзіне тарта бастады. Әрине, алғашқы қиыншылықтарды жаңа буын оқулықтары енген тұстарда біз анық сезе бастадық. Себебі, төл оқулықтарды жақсылы-жаманды өзіміздің авторлар жаза бастаған. Бірақ, идеология сол біреу ғана еді. Сол себептен, төл оқулықтарымыз деген, мәселен, марқұм Манаш Қозыбаев ағамыз жазған «Қазақстан тарихының» ішінде компартия деген сөздерден көз сүрінді. Ал, енді жаңа буын оқулығын жаза бастаған уақытта осы санадан, әсіресе, тарих, қоғамтану пәндері бойынша, сол кездегі авторлар шыға алмай қиналды. Осындай сарынмен жазылған оқулықтарымыздың қайсысының жарайтын, қайсының жарамайтынын айырып, қол қоюымыз керек болды. Әлгіндей кемшіліктеріне қарамастан, бекітіліп кетіп, шығарылған жағдайлардың орын алғаны рас. Сол оқулықтардың оқу процесіне арнайы сараптамадан өтпей еніп кеткені үшін қынжылғандардың арасында өзім де болғанмын. Кейін, осы және басқа да оқулықтарды Мемлекет басшысы 2004 жылғы 19 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауында қатты сынға алып, Білім және ғылым министрлігіне мектепте қолданыста жүрген барлық оқулықтарға сараптама жүргізуге тапсырма берді. Соның нәтижесінде министрліктің арнайы бұйрығымен көптеген оқулықтар оқу процесінен алынды.
Осы орайда айта кететін жайт, ол әр оқу жылына министрліктің бекітетін оқулықтар мен оған қосымша әдістемелік құралдар тізбесі. Оған қарамастан мектептерге тізбеден тыс таратылып кетіп жүрген оқулықтардың орын алуы. Дәл осы жерде астыртын саясаты бар оқу материалдары да кіріп кету қауіптері де болды. Дегенмен, осындай жағдайларға қарап, сол кезде жасалған, бүгінде жасалып жатқан жұмыстарға көз жұма қарауға болмайды. Өйткені, елімізде бүкіл оқулықтардың бюджеттен қаржыландырылып жазылуы, олардың баспадан шығарылуы, мектептерге жетуі, сол оқулықтар бойынша мұғалімдерді де тегін дайындау дегеніңіз бұл салаға деген мемлекеттің, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың үлкен қамқорлығын білдіреді. Ал, бар қиындық – кейбір авторларымыздың шорқақтығынан туындап жатты. Өйткені, Кеңес одағының кезінде, басқа республикалардан авторларды оқулық жазуға бейімдеген жоқ, дайын кітаптар тек орталықтан беріліп отырған. Сол замандардағы Педагогикалық ғылымдар академиясының Оқытудың мазмұны мен құрылымы институтының Қазақстанда филиалы болды. Мәскеуде қабылданған оқу нормативтік құжаттары бізде тек қазақша аударылып қана беріліп отырды. Оқу процесін жоспарлау жағынан бұл бір оңтайлы жүйе көрінгенімен, ал, идеология жағы ақсап жатты. Осы инс­титут қазаққа қазақ деп қарап, оқу­лық жазғанда, соның құрылымын, маз­мұнын, керек десеңіз, оқулықтың ішін­дегі анықтамасының қандай болуы керек­тігін үйретпеген. Осы жағынан бізде тәжірибенің аздығынан қазақ тілі, қазақ әдебиеті, қазақ әліппесі деп, оларды өзіміз жазғанымызбен, олар сол идеологиядан шыға алмады. Сондықтан, авторлық оқу­лық жазу тәжірибесінің аздығы өз әсерін тигізді. Бұл бір жағы, екінші жағы – қазақ десе өзімізге тиеді, сол кездегі авторлық топтарды құрастырғанда, біз жерлестік, туысқандық принциптен де арыла алмадық. Осындай туысқаншылдықпен, жерлестікпен жүріп, ешқандай да әдістемелік шеберлігі жоқ мамандарды шақырып алдық та, ал, мектептің мұғалімдері тек тұ­ты­нушы ретінде ғана қалдырылды. Әрине, сол кезде мұғалімдерге сериялық тұрғыда дөңгелек үстелдер, семинарлар ұйымдастырып, ойды ортаға сала отырып оқулықтарды таныту керек еді. Себебі, оқу әдістемелік кешенін, мектеп оқулығын автор балаға, оның жас ерекшелігіне, білім деңгейіне бейімдей отыра және де мектеп әдістемесін білген кезде ғана жазады. Сонымен қатар, сіздің (автордың) әдістемелік шеберлігіңіз, психологияңыз, танымыңыз, сіздің жан-жақтылығыңыз қалай болса, бала да сіз жазған оқулық арқылы солай ойлайтын болады. Сол себептен, оқулықты жазуға теория жағынан ғылым докторлары мен кандидаттар керек шығар, бірақ, бүкіл идеяны жүзеге асыратын мектептің мұғалімдері болғандықтан, біз соларды Білім академиясына шақыруға тырыстық.
– Жаңа сіз оқулық жазғанда теорияға қарағанда, тәжірибе қажет, яғни, ғалымдарға қарағанда, ұстаздарды, мұғалімдерді тарту мәселесін айттыңыз. Осы тұрғыдан келгенде ортамызда автор апайымыз отыр. Ол кісі қандай пікір айтады екен?
Қазына АЙМАҒАМБЕТОВА:
– Мектеп оқу­лықтарына қа­тысты саяси да, әлеу­­меттік те ойлар жа­ңа жоғарыда то­лық айтылып кетті. Мен сөзімді прак­тик ретінде жал­ғастырғым ке­леді. Өзім 1968 жыл­дан бері мектеп оқулықтарының ав­то­рымын. Мектеп оқулығы туралы сыртынан сөйлеп, жаман дейтіндер жетеді. Ал, оның «несі жаман, неге жаман?» дегенді талдап айтатын ешқайсысын таппайсыз. Өйткені, оқулықтың не екенін өздері білмейді. Елбасымыздың терең саясатының арқасында жаңа буын оқулықтарын жасау қажеттігі жөнінде 1996 жылы қаулы шықты. Бұл өте дұрыс қолға алынған мәселе болды. Расында да, жаңа Алма Есімбекқызы айтқандай, ол кезде біз Мәскеудің берген ұсынысымен, солар жіберген материалдар негізінде ғана жұмыс жасайтынбыз. Керек десеңіз, табиғаттану… бұл деген өзіміздің табиғат қой. Біз басқа табиғатты танымаймыз. Солай бола тұра, сол оқулықтың ішінде біз орталықтағы табиғатты қамтып кетуге тырысатынбыз. Әйтпесе, оқулық өтпейді. Енді, жаңа буын оқулығын жасау мәселесі қолға алынғанда, қандай талаптар қойылды? Ең бірінші, өз елінің салт-дәстүрі, білімі, табиғаты алға тартылып, қамтылуы керек. Балаға жақын келу, баланың күнде көретін, күнде кездесетін затына оны жақындату мәселесі жолға қойылып отырды. Мен 17 жыл Ы.Алтынсарин атындағы ғылыми зерттеу институтында жұмыс істедім. Сонда бастауыш пен мектепке дейінгі бөлімді басқарып отырып, бүкіл мектептерді араладым. Сондықтан болса керек, менің кандидаттық та, докторлық та диссертация жұмыстарым бастауыш мектеп мәселесіне арналды. Айтайын дегенім, оқулыққа, әсіресе, бастауыш сыныптарға қойылатын талап өте қатаң. Ресейде 100-ден астам ғалым оқулықтар жазуға байланысты ғылыми еңбек қорғаған. Сонда олар қойылып отырған талаптарды айқын айтады. Мен, мәселен, табиғатты айтатын болсам, «табиғат деген не, тірі табиғат деген не, өлі табиғат деген не?» деймін? Ол ғылыми тіл. Сөйте тұра, ол балаға түсінікті болсын дейді. Түсінікті болуы үшін ғылыми тілді өзгерте, жеңілдете алмайсың ғой. Қалай түсінікті болады? Ол үшін материалдың берілуі бір-бірімен байланысты, жүйелі болсын, сосын оқулығың көрнекі болсын дейді. Ал, енді мұғалімдер, авторлар, кез келген оқулықтың негізінен үш бөлімнен тұратынын біле бермейді. Бұрын оқулығымызды ашып отырып, жер болатынбыз. Қазақтың баласының суретін суретші беретін болса, олар көзі тартылған, бет-аузы торсықтай, түрсіз, қара баланың суретін салып қояды. Сол үшін авторлар қандай шу шығаратынбыз. Өйткені, олар қазақтың баласының көркемдігін, әдемілігін көрсеткісі келмейді. Ал, бұл қазір дұрыс жолға қойылды. Балаларымыздың суреттегі көздері ашылды, бәрі жап-жақсы. Жаңа айттым, оқулықты талдауға мұғалімдердің барлығының бірдей өрелері жете бермейді. Біздің Алматыдағы мұғалімдердің өрелері жетіп қалған шығар? Өйткені, олар дөңгелек үстелдерге, ылғи да конференцияларға қатысады. Алма Есімбекқызы «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығына барғалы көзіміз ашылды десек, артық айтқандық емес. Неге? Бізді, яғни, авторларды жыл сайын мұғалімдермен қоян-қолтық кездестіреді. Сол мектептерде оқулықтарды талдаймыз. Екіншіден, қазір бір ғана ғалым жазған оқулықты кездестірмейсіз. Кемінде, үш-төрт автордан тұрады. Оның арасында ғалым адам міндетті түрде болуы керек. Себебі, материалдың ғылыми жағы бар. Көрінген мұғалім оқулық жаза алмайды. Содан кейін, әдіскерді қосып отыр. Өйткені, осы оқулықтың құрылымын сол әдіскер реттейді. Үшіншіден, мұғалімді де қосады. Бүкіл аймақтан мұғалімдерді жинап, оларға математикаңыз бен әліппені, ана тілін талдатып, авторлар мен мектеп мұғалімдерін сайысқа шақырды. Сонда авторлардың да көзі ашылады, мұғалімдер де біраз нәрсені үйренеді. Әдіскерлер де жөнге келеді. Соңғы жылдары оқулық жөнделіп жатыр. Мен мәселен, жаңа буын оқулығын жазған авторлардың бірімін. Ол кезде біздің қолымызда не стандарт, не бағдарлама болған жоқ. Солай бола тұра, төрт айдың ішінде оқулық жазып бердік. Бірақ, соған қарап, «ах» деуге болмайды. Өйткені, жағдай солай болды. Ал, Алма Есімбекқызының басқаруымен, жаңа буын оқулығын стандарт, бағдарлама құрып, содан кейін жазуға кіріскен кезде басылымдарды шетінен сараптамадан шығардық. Оқулықтарды мұғалімдерге береміз, сосын, ол жерге Алма Есімбекқызы барлық мұғалімдерді іссапарға алып барады. Сабаққа қатысады, ал, мұғалімдер біздерге сол оқулық бойынша пікірлерін айтады, оның үстіне сабақ үстінде отырып, оқушылар оны қалай ұғып жатқанын өзіміз де көреміз. Мұның бәрі, әрине, көзге анық байқалады. Енді, тағы бір жайды айта кетейін, мұғалімдердің білім дәрежесін көтеруге көңілдің тола бермейтіні рас. Осы облыстық, қалалық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының бір әдіскерінің өзі пәлен пәннен дәріс оқып шығады. Өйткені, оған ақша табу керек. Сосын, ол жаратылыстанудан да, дүниетанудан да дәріс оқиды. Мен мұны талай рет өздеріне де айттым. Егер, математикадан болса, сол пәннің керемет мұғалімін әкел. Сол үйретсін. Дүниетанудан болса, биологты әкел. Жоқ. Жалғыз өзі барлығын 120 сағат бойына оқып шығады. Бұл әлі күнге жалғасып келеді. Мұны жасыруға болмайды.
Эльмира АЛМЕКЕЕВА:
– Жақында стан­­дарттың өзгер­тілетінін естіге­ні­міз бар еді. Сонда дүниетанудың жағ­дайы қалай болады? Оның бір сағатқа қыс­­қартылатыны рас па?
Қазына АЙМА­ҒАМБЕТОВА:
– Бұл негізгі мәселенің бірі ғой. Кейде автор болған соң айтатыным бар, балаға сөз үйретсең де, есеп шығартсаң да, сурет салғызсаң да, оны дүниетанусыз қозғалта аласың ба?
Алма ӘБІЛҚАСЫМОВА:
– Әңгіме стандартқа қарай ойысқан соң, айта кетейін, тәуелсіздік алған 20 жылымызда жасалмаған білім стандартын қазіргі министр Бақытжан Жұмағұлов қолға алды. Мұны неге айтып отырмын? «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді. Жасалған стандарттың типтік оқу жоспарлары болады. Қазақстанда қазір әртүрлі деңгейдегі мектептер көп. Олардың арасында шетелдік мектептер де бар. Соның барлығының оқу процесі Қазақстанның білім стандартына тәуелді болуы керек. Осыған орай, Б.Жұмағұлов қолға алған білім стандартына сәйкес 60-тан астам типтік оқу жоспары жасалды. Қазір бұл нормативтік құжат Үкіметте бекітуде жатыр. Министрдің тапсырмасына орай, білім Академиясы бүкіл облыстарға шығып, әлгі стандартты, типтік оқу жоспарын талқыладық. Ал, бізде тереңдетіп оқытатын, жекеменшік, спорттық, музыкалық, әскери, Назарбаев зияткерлік мектебі, кешкі мектептер бар. Кешкі мектептің ішінде кешкі сырттай оқу деген тағы бар. Одан кейін коррекциялық мектептер де бар. Солардың бәрін бір жүйеге келтіріп, типтік оқу жоспарын жасау, бір стандартпен жұмыс істеткізу оңай шаруа емес. Мысалы, бізде жыл сайынғы жасалған стандартта информатиканы 7-сыныптан беріп қойып, қарап отырады. Ал, 7-сыныпта 14 жасқа келген бала бірінші рет «клавиша, компьютер деген не?» дегенді оқи бастайды. Одан кетіп қалғанымыз қашан? Осыған орай, мынау стандартта информатиканы Б.Жұмағұлов 5-сыныптан бастап енгіздіртті. Енді, Елбасының көптілдікке көшу мәселесіне орай, қазір ағылшын тілін 1-сыныптан бастап ептеп енгізу жайы қарастырылуда. Бұл мүмкін 2013-14 жылдардағы оқу жылынан бастап енетін болар. Бүгінгі таңда министрлік тарапынан көптілділікті жоғары оқу орнына да енгізу қарастырылған.
– Жалпы, оқулықтардың сапа жағы жоғарыда аз әңгіме етілген жоқ. Осы оқулық мәселесінде ұстаздар қандай қиындықтармен бетпе-бет келіп отыр екен?
Шайза ОМАРОВА:
– Егер, сіз 1-сы­ныптың оқулы­ғын жазсаңыз, өзіңіздің 6-7 жасар балаңызды көз алдыңызға елес­тетуіңіз керек. Болмаса «7 жастағы немерем менің мынау оқулығымды қалай түсінеді?» дегенді ойлауыңыз қажет. Ата-аналар тарапынан «бала тұрмақ, өзіміз түсінбейтін сөздер көп» дегенді естіп жатамыз. Өйткені, бастауыш сыныпта ата-аналар балалармен бірге оқиды ғой. Сонда, сол оқулықтағы тапсырмаларға ата-аналардың санасы жетпей жатады. Мен өзім 5-11 сынып аралығында қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімімін. Кезінде кеңес дәуіріндегі тіл мен әдебиет пәнін де оқыттық. Одан кейінгі өзіміздің авторлардың да оқу­лықтарын оқытып жүрміз. Шыны керек, кеңес дәуірінде оқытылған қазақ тілі-әдебиетіміз бен қазіргі оқулығымызды салыстырғанда, кеңес дәуірін аңсап кететін кездеріміз болады. Мұның бәрі де, жоғарыда айтылғандай, тамыр-таныстықтың кесірі. Оларды мен «бүгінгі «халық жаулары» деп атар едім. Өйткені, олар халықтың болашағын емес, өзінің туысқанының немесе тамыр-танысының жағдайын ойлап отыр. Неге халықтың, елдің баласын ойламайды? Мен осы жағынан күйінемін. Қазақ тілі оқулығы туралы айтпай-ақ қояйын. Өйткені, оның кішкене кемшіліктері бар. Кемшіліксіз оқулықтың болмайтынын да білеміз. Тәжірибелі ұстаздар ол кемшіліктердің тігісін жатыстырып, оқытып келеді. Ал, әдебиетке қатысты айтар болсам, ол стандартқа тікелей байланысты дер едім. Мен өзім математика класына да, гуманитарлық класына да сабақ беремін. Сонда, математика сыныбының өзінен журналистикаға қанша бала кетіп жатыр, осы математика сыныбынан филиологияны бітіріп жатқандары қаншама? Сонда, мынау, 5-11 сыныптарға арналған қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша күнтізбелік-тақырыптық жоспарды алып қарасаңыз, 9-10 сыныптардағы мектептің пәндік олимпиадаларында техникалық цикльді оқып отырған бала қазақ тілінен жарысқа барады. Сонда, бұл балаларға олардың бағдарламасында, оқулығында жоқ материалдар келеді. Осы бағдарлама бойынша, гуманитарлық бағыттағыларға әдебиет пәніне 3 сағат та, ал, техникалық топтағыларға 2 сағат беріледі. Сағаты азайғаннан техникалық топтағылар қаншама дүниені оқи алмайды. Мысалы, Жамбылды 11-сыныпта бір сынып оқиды, ал, бір сынып оқымайды. Соған қарап, баланы өзгертіп, дамытып жібердік пе? Айырмашылық осы, біреуінде бір жазушыны береді, екіншісінде бермейді. Жаңалық осы ма? Бұл неге керек? Ең болмағанда оқитын бағдарламасын бірдей жасасын да, сағатын өздері білсін делік. Бірақ, сол беретін жазушыны екі жаққа да бірдей етіп берсінші. Екінші, мұғалімнің жағдайын ойлап жатқан ешкім жоқ. Мен екі сыныпқа сабақ берсем, онда екі түрлі кестемен жұмыс жасаймын. Мұғалімнің жұмысын жеңілдеткеннің орнына, қиындатып тастады. Осындай мәселелерді беруде стандарт болсын деп айтқым келеді. Сосын, сағаттың стандарты өз алдына, берілетін материалдардың стандарты болса…
Алма ӘБІЛҚАСЫМОВА:
– Сөзіңізді бөлейін, материалдың стандарты, сосын оқулықтың стандарты… Өздеріңіз білесіздер, оқулық шы­ғару баспалардың меншігіне берілген. Қазақстанда оқулықтарды сынап жатады. Бірақ, дәл осы оқулықтарды Білім министрлігі жасап, Білім министрлігінің авторы жазып жатқан жоқ. Қазір оқу­лықтардың барлығы да баспалардың құзіретінде. Сондықтан да, авторлардың барлығын реттейтін баспалардың өздері. Яғни, бұл жерде Білім министрлігін кінәлау – орынсыз. Білім министрлігінің құзіреті – жақсы стандарт, жақсы типтік оқу жоспарын, жақсы бағдарлама беру, сосын тақырыптық жоспарлауға бақылау жасау.
Қайырбек АХМЕТОВ:
– Стандарт деп отырсыздар. Расында, ең негізгі мәселе – осы баспа мәселесі. Жүйе болмаған жер­де оқу да болмай­ды. Ұстаздарға оқу­лықтарға са­рапта­ма жасатқанда мен Қа­сымбаев пен Қайт­­паеваның тарих кітабына сараптама жаса­ғанмын. Қайтпаева 7-сыныптың тарих оқулығын жасады. Шыны керек, біз қазір оқушыны қай кітаппен оқытатынымызды білмей қалдық. Манаш Қозыбаев ағамыздың да тарихы бар. Осылардың бәрінде бір жүйе болмағандықтан, еліміздің батыс аймағы «Атамұра» баспасы оқулықтарымен, Алматы қаласы «Мектеп» баспасымен, тағы бір жақ «Рауанмен» оқиды. Сонда, Білім басқармасы мұның бәрін бір жүйеге келтіруіне болады ғой. Қазақстанда айналдырған 16 млн. адамымыз бар. Мектебіміз бар. Соларға бір жүйе бойынша тапсырма берілсе. Қарасаңыз, баспалар жаңа оқулық шығарады, базарға барсаңыз оқулықтың неше түрлісі самсап тұр. Ал, бізге Білімді жетілдіру институты келеді де, «міне, мынау оқулықпен оқисыздар» дейді. Біздер М.Қозыбаевтың оқулығымен оқып, тестке де сол бойынша дайындалғанбыз. Ал, биыл, тестке, мысалы, Бүркіт Аяғанның кітабы бойынша тапсырмалар келді. Бұл жерде мұғалімнің, ата-ананың кінәсі қанша? Қазір тест жасайтын орталықтар да көбейіп кетті. «Балаларға тест дайындаймыз» деп, аптасына 250 теңгеден жинап алады. Сосын, амал жоқ, баланың білімінің сапасын жабу үшін соған барамыз. Өйткені, бізден білімді емес, сапаны сұрайды. Ал, сапа жоқ жерде білім қайдан болады?
Эльмира АЛМЕКЕЕВА:
– Менің мектептегі тәжірибем 20 жыл. Қазына апай айтқандай, жаңа буын оқулығынан бастап, қазіргі оқулықтардың барлығы біздің елегімізден өтіп жатыр. Оқушыға ол қаншалықты жетуде, мұғалім оны қаншалықты жеткізе алуда? Біз осы жағдайдың барлығының негізінде «Алматыкітап», «Атамұра» баспасына үнемі пікірімізді жазып, қай оқулықта қандай олқылықтың барын айтып отырамыз. Ол біздің міндетіміз деп ойлаймын. Өйткені, оқулық арқылы біз болашақ қоғамды тәрбиелеп отырмыз. Біз биыл үшінші жыл «Алматыкітап» баспасы оқулықтарымен оқып келеміз. Олардың жалпы сапасы жақсы деп айта алмаймын. Бірнеше бөліктерге бөлінген. Тапсырмалардың да түрлендіріліп берілуі көңілге қона бермейді. «Алматыкітаптың» әдебиетінде тапсырмалар шығармашылық сипатта емес. Біздің оқулықтардың көбі, «мұғалім айтады, оқушы тыңдайды» деген принципке сүйеніп жасалған. Шығыста «егер де маған айтып берсең, түсініп алам, түсіндіріп берсең, жаттап алам, ал, енді қалай істеуін үйретіп берсең, онда тез ұғып алам» деген сөз бар екен. Иманбекованың 3-сыныпқа арналған оқулығының 19-бетінде «Оқымысты бала» дегенде мынадай тапсырма бар: «Әңгімедегі Әлкейдің есейгенде кім болғаны туралы мұғалімнен сұрап біл» дейді. Неге оған мұғалім айтып беруі керек? Соның орнына «Әлкей Марғұлан туралы өзің ізденіп көр» деп жазып қойса ғой. Бұл менің авторларға деген ұсынысым.
Қазына АЙМАҒАМБЕТОВА:
– Мен бұл кітаптың авторының кім екенін білмеймін, бірақ та, сол кітапты балаға жеткізу деген болады. Жарайды, мұғалімге «қаңбақты айтып бер» дейді. Ал, бірақ, барлық сөздің түбіне жеткізіп отырар болсақ, онда оның бәрі кітапқа сыймайды ғой? Сондағы бар тұрған нәрсені мұғалім жеткізіп беруі керек. Мұғалім керек десеңіз, мәтінді пайдаланудың әдісін білмейді. Мәнерлеп оқу, дауыстап оқу, түсініп оқу дегендер бар, осыларды жүргізбейді. Одан кейін сөздік жұмысын жүргізу бар. Әлгі айтылып кеткен қаңбақ пен жантаққа байланысты сөздік жұмысын жүргізу керек.
Айдын МӘЖІБАЙ:
– Біз де «Алма­тыкітап» бойынша оқытып жатыр­мыз. Балалар 1-сыныпты бітіріп, би­ыл 2-сыныпқа бара­ды. Қазына Ай­ма­ғам­бетованың дү­ние­тану кітабы кө­ңі­лімнен шықты. Материалдары нақ­ты, бірізділік сақталған. Суреттер де өте жақсы берілген. Мұнда сөздік жұмыстары бар. Ол да балаларға өте қажет дүние. Дүниетану кітабында деңгейлі тапсырмалар, шығармашылық тапсырмалар бәрі нақты берілген. Менің Қазына апайға айтқым келетіні, енді әр тарауға байланысты тест жұмыстары жасалса, нұр үстіне нұр болар еді.
Ботакөз ЖАЙЛЫБАЕВА:
– Мен орыс мек­тептеріне қазақ тілі пәнінен сабақ бере­мін. Тоқталғым кел­гені, 10-сыныпта Жа­ңыл Адамбаеваның оқу­­лығы жүреді. I тоқ­санда бізде «Абай жо­лынан» 10-ға жуық мәтін, соның ішінде «Аққасқа» дегеннен үзінді беріледі. Сол кезде орыс мектебінің балаларына атты сипаттауға келгенде біз өте қатты қиналамыз. Атты сипаттауда орыс мектебі баласы тұрмақ, қазақ мектебі баласының қиналып жататыны бар. Жалпы, «Абай жолы» романының тілі өте ауыр екенін білесіздер. Осы мәтіндердің орыс мектебі балаларына түкке қажеті жоқ деп ойлаймын. Біріншіден, ол өте қиын. Екіншіден, орыс мектебінде оқитын балаға атты сипаттаудың қажеті шамалы. Одан кейін тапсырмалардың барлығы да бір сарынды, баланы жалықтырып жібереді. Жоғары сыныптың тапсырмаларында деңгейлік жоқ. Сосын келеді де, 12 тапсырма болса, 12 тапсырмада да біріне-бірі ұқсастырып, «антонимді тап», «синонимді тап», «омонимді тап» деп, айта береді. Яғни, оқушыны жалықтырады. Сосын, 11-сыныпқа арналған жаратылыстану оқулығында «молекулярлық биология деген не?» «күн – тіршілік көзі» деген мәтіндер берілген, оның бәрі де ғылыми тұрғыдан да, ал, ұлттық сипат мүлдем ұмыт қалған. Оқулық ұлттық сипатта болмай оңалмайды. Сосын, жоғары сыныптың оқулықтарында тіл байытуға, ой дамытуға келгенде грамматикалық тапсырмалар өте аз.
Алма ӘБІЛҚАСЫМОВА:
– Мемлекеттің, Мемлекет басшысының тарапынан білім жүйесіне жасалып жатқан қамқорлық ұшан-теңіз. Бүгінгі осы дөңгелек үстел басындағы әңгімеден шығаратын қорытынды не? Менің неше жылдан бері айтып келе жатқан мәселем, мектепке, әсіресе, ауыл мектептеріне өзекті бір ғана оқулық керек. Яғни, әр пәннен бір ғана оқулық болуы шарт. Қалған оқулықтар қосымша оқулық ретінде пайдаланылуы тиіс. Кеңес одағы кезінің бір жақсылығы сол, мәселен, математикадан біздер балаларды оқытқанда, бір ғана оқулыққа сүйендік. Ал, қалғандары қосымша әдебиет ретінде ұсынылды. Ол – бір. Екіншіден, мен жаңа сіздерге айттым, білім стандарты қабылданғаннан кейін жасалынып отырған 60-тан астам типтік оқу жоспарының негізінде қазір Білім академиясы 300-ге жуық бағдарлама дайындады. Сондықтан, осы стандарт еліміздегі неше түрлі мектептерді бір жүйеге келтіреді деп ойлаймын. Соған мен сенемін де. Үшіншіден, 2000-жылдан бері оқулық жасау баспалардың құқығына берілгенін жаңа сөзімде айттым. Соның арқасында қазір баспа да көбейді. Осы баспаларды жүйелі түрде жұмыс істету керек. Олардың оқулықтарының арасында сабақтастық болуы тиіс, имандылыққа шақыруымыз қажет. Әркімді көшеден ұстап, оқулық жазғызуға болмайды. Сондай-ақ, бұл баспалардың әдістемелік шеберліктерін де арттыруымыз қажет. Баспаларда әріпті қаріп деп танымайтын редакторлар отыр. Яғни, бұл жерде баспаның жұмысын кешенді түрде бір жүйеге келтіруіміз керек. Тағы бір айтып кетерім, тест мәселесі. Оның ең өзегі – биыл әкімдердің рейтингі алынды, бақылауға мектеп мұғалімдері емес, министрліктің өкілдері жіберілді. Министр білімнің саясатын анықтайды, ал, тестті сол тест орталықтарының жергі­лікті жердегі бөлімдері өткізді. Бала­ларға қиын болмасын деп, министрдің мәлімдемесі бойынша 7 мәрте байқау тесті өткізілді. Сонда, сол тесттен 7 рет өте алмай, құлаған бала болған жоқ. Ал, тест сұрақтарының аяқ астынан өзгеруі жыл сайын 30 пайыз кездесетін жайт. Сол себептен, «бірыңғай ұлттық тестілеу жайында осындай болды» деп, болмашы жағдайларға бола алаулатып-жалаулатудың қажеті жоқ. Ал, әлгі аяқ астынан орын алған өзгерістерге байланысты оған қатысы бар адамдар жауап беріп жатыр. Осы дөңгелек үстелге шақырғандарыңызға рақмет. Осылайша, ойды ортаға салып, ақылдасып отырып шешкенге не жетсін?! Жалпы, Қазақстандағы білім жүйесі нашар болса, сонау әлемдік Гарвард, Кембридж университеттерін балаларымыз бітіріп келген болар ма еді? Олар да осы еліміздің білім жүйесінен ілімденіп қанаттарын жайды ғой. Ал, «Болашақ» бағдарламасымен шетелге барып, қай оқу орнын болсын бітіріп келіп, олимпиадаларға қатысып жеңіп жатқандар қазіргі таңда ұшан-теңіз. Сондықтан, «біздің білім жүйеміздің нашарлығын биылғы ҰБТ дәлелдеді» деген сөздер орынсыз деп білемін.
– Әңгімелеріңізге рақмет.

Алдыңғы «
Келесі »