РУ ЕМЕС, РУШЫЛДЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДЕРТКЕ АЙНАЛЫП БАРАДЫ

  • 07.08.2012
  • 781 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ,
философ

Ғасырлар бойы қазақты біріктірудің ең басты құралы, оның мемлекеттілігін сақтаудың іргесі болған, ұлттың гендік (тектік) қорының сақшысы – рулық жүйе қазақ ұлтының алдында өзінің тарихи миссиясын аяқтаған секілді. Бұл – өте өкінішті жағдай. Шынында да, қазіргідей ру-руға бөлініп тартысқан рушылдықты әрмен қарай қалдыра берсек − ол қазақ елінің тұтастығына қауіп төндіретін, ұлтты іштен ыдыратушы кеселге айналуға бет бұра бастады. Күннен күнге өршіп бара жатқан рушылдық ұлтымыздың бірлігі мен тұтастығына ғана емес, оның болашағына қарсы жұмыс жасауға көшті (әрине, мүдделі топтың айтақтауымен). Қазақ халқы ғасырлар бойы көзінің қарашығындай сақтаған рулар қауымдастығы, сөйтіп, бүгінде байлық пен билікті қатар меңгерген азғана топтың тоғышарлық тәбетін қанағаттандырудың, пайымсыз ойын жүзеге асырудың ең оңтайлы және тиімді құралына айналып кетті…
Бұрынғы рулық жүйе қазақ хал­қының қалқаны еді, ендігісі – жүрегіне қа­далар қанжары болғалы тұрған сы­ңайлы… Дегенмен, қазақтың рулық жүйе­сінің тарихына көз салсақ − бұл жүйе қазаққа ұшан-теңіз көмек көрсеткенін, тіптен, бүгінде «қазақ» атымен танылған ұлтты (халықты) тарихи аренаға алып шыққанын көреміз. Өз заманында осы жолда ол мынадай міндеттерді атқарып шықты: Бірінші, руын сұрастыра келе жеті және одан да арғы аталарын тарату арқылы қазақтың тарихи жадын, тектік (гендік) қасиетін сақтады. Екінші, руын сұрастыра келе – «қарға тамырлы қазақ» деген біртұтастық символды жасап шықты. Кейде, тіптен, «құдай қосқан қосағың да қарын бөле», «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді», «Жігіттің үш жұрты бар, бірінші жұртың өз жұртың, екінші жұртың нағашы жұртың, үшінші жұртың қайын жұртың» дегендей туыстық қатынасқа негіз болды. Үшінші, байтақ жеріміз рулық иеліктерге, одан әрі, оның негізінде жүздік бөліктерге бөлініп, жерді қорғау жауапкершілігі, сол аймақты тұрақты мекендеген руларға жүктелді. Қазақтың атамекенге деген ыстық ықыласы осындай салмағы ауыр жауапкершілікті сезіну арқылы қалыптасты. Сондықтан да, қазақтың Ел мен Жерді сүюі жалаң сезім емес, салмақты сезім! Міне, сондықтан да әр қазақ атамекенін, өрісін, қоныстанған жерін қорғауда жанкештілікке, көзсіз ерлікке баруға даяр болды. Сонымен қатар, «қарға тамырлы қазақ» деп аталатын ортақ туыстық сезімнің арқасында көршілес рудың, одан қалды – жүздің, одан қалды – тұтас қазақ елінің жерін қорғау міндетінің ортақтығын айқын ұғып отырды. Төртінші, рулар өздеріне тиесілі жерді бөліп алу арқылы оңтайлы шаруашылық үрдісін қалыптастырды. Шаруашылық тәсілінде аса көп айыр­машылық болмауы себепті (көшпенді мал шаруашылығы), рулар арасында тепе-теңдік әріптестік қатынас орнады. Әр рудың өзін-өзі қамтамасыз ете алуына көңіл бөлінді. Рулық жүйеге негізделген шаруашылық қазіргі жете алмай жүрген нарықтық бәсекелестікке табиғи түрде қол жеткізді. Ал, рулар қауымдастығы ел арасында кездесетін бақталастықтың шектен шыққан түрі – барымтаны (қазір оны рейдерлік деп атайды) билер соты арқылы бірге жазалап, әділетті жолмен бітімгершілікті қалпына келтіріп отырды. Бесінші, өз руынан (7 – 12 атаға дейін созылады) қыз алмай, қыздарын өзге руларға атастыру, ұзату арқылы халықтың біртұтастығының рухани бас­тауын – тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін біртекті етті. Сол арқылы барлық қа­зақтың бір-біріне деген туыстық ықыласын қамтамасыз етті. Бірлігінің рухани бастауы мығым ел, сол себепті де бастан өткерген небір зұлматтан түбегейлі жойылып кетпей, өміршеңдігін сақтады, ұзаққа созылған соғыстарда біртектілігін сақтай отырып жеңіп шыға алды. Алтыншы, жүздердің өзі де, жүздер ішіндегі ірі рулар мен шағын рулардың ара салмағын ажырату арқылы «аға-іні» (ұлы-орта-кіші), «үлкенді (аға руды) сыйлау, жол беру», «үлкен тұрып кіші сөйлегеннен без», шағын руларға қамқор болу, «ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар» секілді асыл қасиеттердің қайнар бастауын ашты. Бұл қасиеттер халықтық істерді ақылдаса, ортақ келісімге келе отырып шешуге қабілетті демократиялық үрдістің нағыз қайнар бастауы болды. Тіптен, көп жағдайда, заңдық тұрғыда қабылданатын өмір сүру принциптеріне айналды. Жетінші, рулар конфедерациясы болып табылатын жүздердің арасындағы ынтымаққа баса назар аударылды. Олардың әрқайсысына арнап лайықты теңеулер қалыптастырды: «Ұлы жүз – байлық кенішім, Орта жүз – ақыл кенішім, Кіші жүз – жүзі қайтпас қылышым» деген. Сегізінші, қазақ ұлты аясында біріккен рулардың бәріне ортақ ЕР, БАТЫР, ЖІГІТ, АҚСАҚАЛ, АНА, БАУЫР, ҚАРЫНДАС және сол сияқты көптеген ұғымдарды қалыптастырды. Бұл ұғымдар және басқа ортақ дәстүрлер рулық мағынадан жоғары тұрған, бүкіл қазаққа ортақ қазақы болмысты – қазақ ұлтының ділін өмірге келтірді. Тоғызыншы, Сонымен қатар, қазақтар жетімін жылатпауға, жесірін жат қолына бермеуге қатты көңіл бөлді. Рулық тұтастықты сақтау – ұлттық намыс діңгегіне айналды. Жетімі мен жесірін қорғай алмау, бұзақысына тиым сала алмау – бүкіл рудың бетіне түскен шіркей ретінде қабылданды. Мұндай – тентегін тезге сала алатын еркін және тұтас жүйеде түрменің қажеті болмады. Түрме, шын мәнісінде, мәдениеті артта қалған елдің белгісі саналды.
Осының бәрі де Рулық жүйе аясында жүзеге асты. Басқадай жүйе бол­ғанда: «қа­зіргі қазақты «қазақпын» дегі­зіп отыр­ған қатынастардың, ерек­шелік­тердің бірі де болмас па еді», − деп, кейде ойланасың… …Мүмкін, аталас бауырына қызын беретін көршілес түркілік жұрттың үлгісін алар ма едік, әлде, келін-енесімен ашына болуды сорақы санамайтын орекеңдерге ұқсар ма едік… кім білген оны! Сондықтан, қазіргі қандастарымды «рушылдық құрысын!» дегенмен бірге «рулар да құрысын!» деп айтардан бұрын көп ойланса деймін.
Бүгінде қазақ билік пен байлыққа жанталаса ұмтылуда. Соның арқасында және олардың тікелей араласуымен ұлт мүддесі жолда қалды. Рушылдық жеке мүддені көздеудің құралына айналып, қоғамдық кесел ретінде өршіп бара жатыр. Жалпы, осындай келеңсіз көрініске әркімнің де қарсы болуына қарамастан, әр қазақ өз ұлтының рулық жүйесін қараламауы тиіс. Себебі, қазіргі «Ру жойылсын!» деген ұранның өзі де қазақты ыдыратушы ұранның бірі бола алады. Онсыз да, қазақ ұлты бұрынғы жүйеден қалалық және далалық, қазақ және орыс тілді, ал қазір бай мен кедей болып, тіптен, діни тұрғыда бөлініп жатқанда − ендігі жетпегені осы еді ме?! Жоғарыда айтылғандарға қазіргі рулық жіктелуді қоссақ – ұлт ретінде тамтығымыз қалмасы анық. Ендеше, аты аталғандай ыдырау қаупінің төбесі көрінгенде − қазақ өзін текті ұстауға ұмтылғаны дұрыс. Мәселен, анда-санда арамыздағы бір арсыздау не алаңғасарлау қазақ: «найман – шайтан» деп айтудан бұрын − тілін аямай тістеуі шарт! Ал, тағы біреулерге: «ҚТ», «ДТ» деп арсыз күлерден бұрын – екі езуін тігіп тастағаны дұрыс болар еді. Сондықтан қазақ, бүгінде, ­рулық туыстыққа қатысы бар жерлерде өзіңді бейпіл сөзден тый! Өзіңмен бірге, бір ғана ҚАЗАҚ деген ұлтты құрап отырған руларыңды қорлағаның − өзіңді қорлағаның! Бұл қазіргі замана талабы, әрі, қазақтың елдік тұтастығының жалғыз шарты! Әсіресе, өркениеттің атын жамылып, еліміздің мол қазба байлығына бүкіл жер жүзі алпауыттары лап қойған заманда қазақ бірін бірі бауыр тұтып, бір арнадан табылмаса – кім көрінгенге жем болары анық. Егер, әр қазақ өз тұтастығын осылай ұғып, оны міндет санаса ғана − біз ел боламыз, еңсені көтереміз, өзгенің шылауында кетпейміз.
Өз руластарын маңайына топтастырып, «бір бармағы бүгілген» астыртын саясат жүргізуші олигархия немесе соларды қолпаштап отырған «рушыл» билік − бұл мәселеде ТӨРЕШІ бола алмайды. Байлық пен билік – өтпелі дүние, ал халық − егер өзіміз жігер мен ақылды қатар ұстасақ – мәңгілік! Осы ерекшеліктердің арқасында қазақтың рулық бөлінісі қазіргі жағдайда екі жаққа да қызмет ете алатынын көрсетті: бірі – жағымды, бірі – жағымсыз. Жағымды жағы – ұлт мүддесі жолында тұтастықты нығайтушы, біріктіруші жағы.
Жағымсыз жағы – тарих көшіне әлдеқалай жағдайда ілескен, дегенмен ел билігін қолына алуға қол жет­кі­зіп, жеке мүддесін қорғаушы біреу­лердің құралына айналып кетуі (Қазақ даналығы өзінен басқаға пайдасы жоқ дүние мен атақты қабылдамаған. Қазір де қабылдай алмай отыр. Ендеше, өз жағдайының «күзетшісі» ру мен ұлт мәселесінде бізге төреші не азғырушы жол бастаушы болуы тиіс емес!). Енді, жоғарыда айтылғаннан туар қорытынды: осының «қайсысы − дұрыс, қайсысы – бұрыс?» деген сұраққа жауап өзінен өзі түсінікті болар деп ойлаймын. Ол жауап біреу ғана − ел болып еңсе көтеретін жағдайда жұдырықтай жұмылып іргелі халық болуды қамтамасыз етуші салттар мен дәстүрлерді көздің қарашығындай қорғау! Соның бірі – қазақтың руаралық туыстық сана-сезімі.
Осыған байланысты менде «қалың қазақ қазіргі өтпелі дүниенің артынан қуалаған рушылсымақтардың соңына ілесемін деп арандамаса екен» деген тілек бар. Оның қысқаша мазмұнын атақты Сүйінбай бабамыздың қырғыздың «тілінде сүйегі жоқ» Қатаған ақынымен айтысынан көруге болады. Сүйінбайдың Қатағанды қалай жеңгенін бәріңіз де білесіздер. Сүйінбай ата өз төрінде отырып шабыты еселене шалқыған қырғыз ыршысын бір ғана пайыммен – қазақтың тұтастығын алға тартса ғана тоқтата алатынын және өзі де сол күштен құдірет алатынын ұқты. Ұқты да – қырғыз ақынының мүлт кетер жерін тосып отырды. Ол да көпке создырған жоқ: «Мына біздің чоң манабымыздың байлығынан, салтанатынан асып түсер бай бар ма сенің қазағыңда?!» деп салды қымыздың буымен… Осыны ғана күтіп отырған Сүйінбай содан кейін рухтанып, құдыреттеніп қырғыз ақынына дес бермей кетті: «ана жақта қалың үйсін-дулатым (және т.т.), түстігімде – арғын-найман-керейім (және т.т.), батысымда – он екі ата байұлым (және т.т.), соларым келсе жиылып, бір төбеге үйіліп − құтың қашар Қатаған!!!» деген мағынаны лек-легімен төгіп жіберді… Елдің ұлылығын алға тартты… Осылай байлықты мадақтаған қырғыз ақынының аузына құм құйды… Қырғыз манабы «қазақтың руына тиісіп нең бар еді!?» деп Қатаған ақынын қамшымен аямай осты… Тура осы секілді арман ғой, менің бүгінгі көтеріп отырғандарым … Ал, енді, көтеріліп отырған мәселе төңірегінде тағы біршама түсініктемелерді алға тартсақ:
● Рулық жүйе мен рушылдықтың арасы жер мен көктей. Рушылдық өзінің пайдасын көздеген жерде пайда болады да, әрмен қарай үстемдікке қол жеткізген ру өкілдерінің өзге руларға қатысты шови­нистік көзқарасын туғызады. Мысалы, кезінде айтылған «мен ыстымын, бәрінен де күштімін!», «танысаң – адаймын, танымасаң – құдаймын», бүгінде – «шапыраштымыз» дегендей және т.с.с. астамшылдықтар осының нақты көрінісі.
● Билікке таласқан күншілдер сыбырлап айтатын: «сақ бол, сыртқа теп, қолдан келсе қаңғытып жібер» дегендей пайда көздегіш рушылдық пен адамның шежіре тарихына жетелейтін рулық сананы қойыртпақтап араластырсақ – ненің оң, ненің теріс екенін ажырата алмай қаламыз. Сондықтан, ондай жерде қазақы қалыптағы, бұрыннан бері болмысымызға сіңісті болған түсінікке жүгіну қажет. Ол − бүкіл қазақ бір атаның баласы, Алаш жұрты деген түсінік. Бұл ұғым рулық сананы жоймайды, себебі, Алаш ұғымының өзі руларға (ұрпаққа) қатысты алғанда жеке, дара, тұтас мағынаға ие. Ал, әрбір рудың түп-тамырын Алаш атына, яғни, түп бабаға апарып тіреу – қазақтың қанына сіңісті дәстүрі.
●Қазіргі кезде қоғамның дамуы ру­лық жүйенің дәстүрлі біріктіруші қыз­метіне сүйене алады дей алмаймыз. Қазіргі тәуелсіз мемлекеттің дамуы басқа тарихи жағдайда және қалыптасқан ортада жүзеге асуда. Сондықтан, оны басқару жоғарыда біз атап өткен «рулар бірлестігі» принциптер бойынша жүзеге асуы да екіталай. Себебі, біз, біріншіден, ол принциптерді әбден лайлап алдық. Рушылдық сезімді жасампаздыққа қарай бұрудың орнына, оны абыройсыз істерге бұрдық. Билікке таласқандардың қол шоқпарына айналуына ашықтан-ашық жол бердік. Мәселен, қазіргі жағдайда астыртын түрде жүріп жатқан «тым тәуелсіз рулық қауымдастықтар» на­сихаты бізді ұлт ретінде әлсіретіп, күш-қуатымызды күйретпесе – өрге сүй­ремейді. Ол бұрыннан ел аузында жүрген «бірін-бірі аяқтан тартатын қазақ» деген сөзді растай түседі немесе барлық жерде ондай жағдайдың орын алуына итермелейді. Екіншіден, ұлттық байлықты бөлу кезінде орын алған әділетсіздік жергілікті рулардың бойында баяғыдан табиғи түрде бұйығып жатқан «ел мен жерді қорғау инстинктін» қайта оятып, бүгінге дейінгі біртұтас болып келген қазақ ұлтының арасында сепаратистік ниеттің алғашқы ұшқындарын туындата бастады. Дәл осылай деп айтпасақ та, ондай үрдістің жүріп жатқаны жасырын емес. Бұған дейін бұл көрініс батыста жиі байқалса, енді оның өзге өңірлерге де келу қаупі төне бастады. Егер, жағдай осылай өрши берсе – жер-жерлерде өз үстемдігін орнатуға бағытталған локалды руаралық кикілжіңдер көрініс таппайтынына ешкім кепіл бола алмайды. Бұл – мемлекет ішіндегі астыртын «азаматтық соғыс». Мәселенің барлық қатері осында!
● Биліктің әлеуметтік, экономикалық, идеологиялық салалардағы өрескел қате­ліктері ондай «рулар тәуелсіздігіне» жол ашады. Дегенмен, мұндай ыдырау халықты айтпағанда, билікке де қажет емес. Шын мәнісінде, халық қана емес, кез келген билік өзі билеп отырған мемлекеттің қуатты және біртұтас болуына мүдделі. Себебі, күшті мемлекет – халықтың бақытты өмірінің тірегі болса, ол, сонымен бірге, оның билігінің қызметінің жемісті болуының және өміршеңдігінің кепілі. Бұл жазылмаған ереже бізде ғана емес, әлемнің барлық елдеріне міндетті шарт. Егер, билік түрі ұлтты ұйыстыруға, мемлекет қуатын еселеп арттыруға, халықтың тұрмыс жағдайын көтеруге қол жеткізе алса, онда ондай билік түрі халық алдында қашанда легитимді. Ондай жағдайда, осы тақілеттес билік түрінен ажырамауды халықтың өзі талап ететін болады. Яғни, ондай билік, мейлі, жиырма жыл төрде отырса да – қашанда легитимді! Егер, азаматтық қоғамның әлеуеті мен қоғамдық жүйенің (биліктің) мақсаты мемлекетті нығайтуға жұмылмаса, екі тарап (билік пен халық) осы бағыттағы ортақ мүдде төңірегіне бірікпесе, онда барлық жауапкершілік тек бір адамның – Ұлт көшбасшысының мойнына жүктеледі. Ел билеудің мұндай түрлері тарихтан көптеп белгілі. Мәселен, өз тарихымыздағы бол­ған қағандар мен қағанаттар соған куә: жауапкершілік үдесінен шыға алған Қаған қоғамды алға бастырса, ол үдеден шықпаған басқарушы – мемлекетті құл­дыратып, кейде қағанаттардың жойылып кеткен жағдайлар да аз болған жоқ. Ал, қазіргі рулық деңгейден жоғары тұратын бұрынғы «төрелер» институты жойылған кезде – бұндай жағдай рулық сепаратизмнің туындауының қосалқы себебінің біріне айналып кетуі де мүмкін. Біздің еліміздегі билік халықтан біршама тәуелсіз жүйе. Ендеше ондағы жауапкершілік бір адамға байланған болса, онда одан төменгі буындардың бәрінде дерлік қоғамның дауына ықпал етуші «мемлекеттік жауапкершілік» көмескілене бастайды. Мұндағы жауап­кершіліктің болмауы, ел басқаруда ретсіздікке әкеліп, көптеген негативті факторларды туғыза бастайды.
Мемлекет басқару − өнер. Жауап­кершілік жоқ жерде Ұлт көшбасшысына осы «өнердің» квази (алдамшы, жалған, өткінші, тұрақсыз т.т.) қөрінісі ұсынылатын болады. Сонымен бірге, осы алдамшы көріністі жуып-шаятын жағымпаздық, құрғақ уәде, заңсыздық т.с.с. жағымсыз құбылыстар өре түрегеледі. Өйткені, мұндағы мақсат біреу ғана: ол − билік жүйесін құрушы Елбасы алдында көзге көріну, қалайда шен-шекпенге қол жеткізу, орынтақтан тайып кетпеу… Алайда, бұндай әрекеттер ешқашан қоғам мақсатымен үндеспек емес. «Ел мен жерге қызмет ету» дегеніміз жалған көрініс болып қана қала береді. Сондықтан, болар, қазіргі шен мен атаққа ұмтылушылардың біршама бөлігі өз әрекеттерінде қоғам мүддесін, тіптен, заң мен адамгершілік норма­ларын таңдап әуре болғылары жоқ. Олар үшін бұл маңызды болмай қалды, керегі жеңіл жол ғана. Ал ондай жолдың ең оңтайлы әрі тиімдісі – дес бермей бара жатқан коррупция және трайбалистік рушылдық. Мұндағы рушылдық Ұлттық мүддеге қарсы құрал. Ондай құралды, әрине, «мемлекет қуатын арттыру», «ұлттық бірлікті еселеу» мақ­сат­тары көмескіленген жағдайда ғана ұлтқа қарсы кезену мүмкін болмақ. Мә­се­лен, азаматтарда (әсіресе, биліктегі тұл­ғаларда) мемлекетшілдік рух неғұрлым төмен болған сайын, қоғамның басты құндылықтарының мәні де жойыла береді. Таразы басында мемлекет пен жеке мүдде қатар тұрғанда − жеке мүдденің салмағы басып кетеді. Себебі, көп адамдарға «мем­лекеттік мүдде» абстрактілі ұғым − бар-жоғы сезілмейді. Ал, «жеке мүдде» көзге көрінетін, қолға ұстайтын, дәмін тататын нақты нәрсе. Мақсатқа жетсе пайдасы табан астында. Бірақ, ондай жол трайбализм мен коррупцияны өршіту жолы болғандықтан, қоғамның үдемелі және тұрақты дамуы қамтамасыз етілмейді. Нәтижесінде, қоғамда жалпы күйреу бастау алады… Мінеки, уланған, дертке шалдыққан, сырқат «рушылдықтың» көзге көрінбейтін зардабын осылай деп бағалау қажет! Сондықтан, қазіргі рушылдықтан арылу замана талабы. Алайда, біздегі жағдай әр штатына толық ерік берген АҚШ-пен салыстыруға келмейді. АҚШ Штаттары демократияны өркендетудің арқасында өздерінің мықты мемлекетін ұстап отыр! Онда мемлекетшілдік идеологиясы өте күшті. Сонда дағы, «ұлтсызданған» АҚШ үлгісі бізге жат. Қазіргі жағдайда бізге «жергілікті өзін-өзі басқару» үлгісі көбірек ыңғайлы. Бұндай басқару жүйесі формасы мен мазмұны жағынан қазақтың ежелгі «рулық басқару жүйесіне» біршама жақын.
Қазіргі көші-қон жағдайында локалды (жергілікті) рулық бірлестіктер құру мүмкін емес. Қазір қазақ рулары ғана емес, Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мидай араласып кетті. Сондықтан, оларды баяғы қалыпқа келтіре алмаймыз, әрі, ондай қадам мемлекетіміздің дамуын кейінге шегеріп тастайды. Бірақ, заман қалыптастырған бұл ахуал қазақтың «рулық санасына» еш зиянын тигізбек емес. Өйткені, «руын тану» − қазақтың қанына сіңген болмысы. Ендеше, біз рулық жүйенің жаңа мәдени-рухани формада өмір сү­руі­не үйренуіміз қажет. Қазақтың сана­сына бұрынғы рулық мағынадағы АҒА-ІНІ секілді тәрбиемен келетін ойды қалыптастырып, елдің рухани-мәдени дамуын ұлттық дәстүрлермен ұштастырсақ алға басамыз. Жаңа мәдениет қазақтың рухани қалыбына жеңіл түседі. Сөйтіп, қазіргі бұқаралық деңгейде жүріп жатқан ұлт ретіндегі ұйысу процесіне бір атадан тарайтын рулық тамырлар әлі де қызмет етеді! (Қазақтың санасында «бір ата» сенімі әлі де берік). Ендеше, бүгінгі ұрпақтың тарихи миссиясының бір мазмұны «ұлтты біріктіруші» рулық қарым-қатынастардың өз антиподына – «ұлтты ыдыратушы» күшке айналып кетпеуін қадағалап отыруда жатыр дер едік!
Кейінгі кезде рушылдықтың өршуіне байланысты оған қатысты «трайбализм» ұғымын қолдану сәнге айналды (Ағылшын тілінде «трайбал» ру (тайпа) деген мағынаны білдіреді). Көптеген сарапшылар оны «қазақтың бұрыннан келе жатқан жазылмас кеселі» деп біледі. Мысалы, трайбализмді рулық сепаратизм ретіндегі номадтық (көшпенділік) құбылыс деп атайтындар бар. Мәселе түсінікті болу үшін, өзім өте құрметтейтін белгілі журналист Жәнібек Сүлеевтің «Түркістан» газетіне берген сұхбатынан үзінді келтірейін:
– Қазақ қоғамы туралы айтқанда трайбализм мәселесін көп айтасыз. Сіздіңше, трайбализм қазақы ортаға тән мінез бе, әлде…
– Совет заманында «бөліп ал да, билей бер» деген қағиданы айтып отырсыз ғой. Жоқ, бұл – номадтық, өзіміздікі, архаикалық құбылыс. Онымен ойнауға болмайды. Шындығында, трайбализм дұрыс механизм, кезінде өзінің рөлін дұрыс атқарды, бірақ, оның мөлшерін сақтау керек. Неге билік басында отырғандарға көбірек қатысты? Ал, қара халық бұл жөнінде көп ойланбайды?
– Жеті атасына дейін ата-тегін білу, сұрау – текті есте ұстау, ұлт тазалығын сақтау, ол трайбализм емес.
– Мәселе тегіңді білуде немесе білмеуде емес. Бәленің бәрі оған әкімшілік ресурс­ты қосып пайдаланғанда басталады. Трайбализмді түп-тамырымен құртудың қажеті жоқ. Тек әлдебір азамат лауазымды қызметке тағайындалғанда немесе шығармашылық ұжымды басқарғанда, трайбализмнің оның қызметіне араласпауын ғана ойлау керек. Басқаша айтқанда, трайбализммен үйіңде айналыс. Қан тазалығын сақтау керек.
– Бірақ трайбализм барлық жерде тамыр жайған деуге де болмайды. Мысалы жастар арасында…
– Солай да шығар. Бірақ қоғамда осындай дерттің бар екені рас. Ал, қазақ қоғамының соңғы 20-25 жылдағы өзгеруімен бұл құбылыстың біртіндеп азайып, жойылып бара жатқаны да байқалады. Бұл жерде екеуміздің пікіріміз бір жерден шыққан сияқты. Қазақ тілі ғана емес, қазақ қоғамының заманға сай модернизациялану барысында бұл құбылыс біртіндеп жойылады деп ойлаймын.
Енді, осында айтылған пікірлерді талдайық. Әлқиссада: «Трайбализм қаза­қы ортаға тән мінез бе?» деген сұрақ қойылады. Жалпы, ғылымда «трайбализм» дегеніміз мемлекет ішіндегі ірі тайпаның мемлекеттен бөліну ниетімен (сепаратизммен) байланыстырады. Сондықтан, оны ұлттың ділі мен мінезіне телу қате пікір. Белгілі бір тайпаның не рудың сепаратистік қадамдарға баруы ұлт мінезінен туындамайды, ол – сол мемле­кеттегі әлсіз идеология және қате саяси қадамдардан туындайды. Егер, бір мем­лекет аясында іргелі рудың мақсаты аяққа тапталса, не күйзеліске ұшыраса, онда ол ортада сепаратистік ойлар пайда бола бастайды. Осы бағыттағы қозғалысты трайбализм деп атайды. Мәселені осылай қарастырғанда, қазақ елінің пайда болуы да трайбализмнен туындаған дегенге келеді: көшпенді өзбек ұлысын тастап шыққан рулар Шу өңіріне үдере көшіп, Қазақ хандығын жариялады. Алайда, трайбалистік әрекеттің сәтті аяқталуы үшін көптеген қосалқы факторлардың орайы келуі тиіс болатұғын: бірінші, бөлініп шыққан тайпаның әлеуеті жаңа мемлекеттің негізін қалауға жеткілікті болуы; екінші, бөлінген жұрттың тез арада өзіндік елдік санасын қалыптастыра алуы; үшінші, мемлекеттік құрылымын түзеп алу мүмкіндігі; төртінші, осы іске бас болатын тарихи тұлғалардың болуы; бесінші, өздері тастап шыққан мемлекеттің қатты күйзеліс жағдайда тұруы және т.б. Қазақ хандығы құрылуының алғашқы кезеңінде осы факторлардың барлығы да сол кезде басы біріккен қазақ тайпалары үшін өте сәтті болды. Айналдырған он-он бес жылда Қазақ хандығы күшейіп, өзі бұрын құрамында болған көшпенді Өзбек ұлысын ығыстырды, өрісін кеңейтті.
Ал, Жәнібек айтқан «бұл – номадтық (көшпенділік), өзіміздікі, архаикалық құбылыс» деген екінші пікірде «түсініктер алмасуы» орын алған. Мәселен, көшпенділер бір тұраққа байланбаған, санасы еркін халық. Алайда, осы еркін мінезді халықтың көш-қонын, рулық шежіресін трайбализммен шатастыру дұрыс емес. Көшпенді қыспақтан «қашып» емес, тіршілік көзі − «шарушылық ыңғайына» қарай, өз еріктерімен көшіп-қонады. Оның өзіндік шекарасы мен уақыты болған. Сондықтан, номадтарды «трайбалистер» еді, не «номадтық құбылыс» деу – шала пікір. Әрине, трайбализмнің «дұрыс механизм» екендігі тарихта ілуде бір рет қана дәлелденуі мүмкін. Жоғарыдағы Қазақ хандығының мысалы соған куә. Солай болғанның өзінде, оның «мөлшерін қалай сақтауға болады?» Бұдан «ығыса көшемін деп, басқа елдің жеріне еніп кетіп, қырылып қалма» деген сөз сұранып тұрған жоқ па? Онда ол – «жаулап алу» не «басқыншылық» болар еді. Оған трайбализмнің еш қатысы жоқ. Ендеше, трайбализмнің «дұрыс механизмі» оның өзі құрамында болған, іріп-шіріген жүйені күйретуінде жатыр. Мысалы, КСРО империясының күйреуінде де трайбализм элементтері болды: Одақтас республикалардың жаппай жариялаған «тәуелсіздік парады» империяны күйретті − жаңа мемлекеттердің жаңа сатыда дамуына жол ашты.
Сұхбатта мұнан кейінгі айтылған «жеті атасына дейін ата-тегін білуді», Құдай сақтап трайбализм емес депті, әйтеуір. Болмаса, ол − қазаққа жапқан жала болар еді. «Жеті ата» туралы жоғарыда айттық, сондықтан, қайталап жатпаймыз. Алайда, Жәнібектің: «азамат лауазымды қызметке тағайындалғанда немесе шығармашылық ұжымды басқарғанда, трайбализмнің оның қызметіне араласпауын ғана ойлау керек. Басқаша айтқанда, трайбализммен үйіңде айналыс. Қан тазалығын сақтау керек» деген сөзінде қазақтың рулық жіктелуін трайбализммен теңестіру анық білініп тұр. Оның үстіне, бұл пікір, оның сәл ертерек айтқан «бәленің бәрі оған әкімшілік ресурсты қосып пайдаланғанда басталады» деген пікіріне қарама-қайшы да! Олай болса, ру мәселесінде «әкімшілік ресурсты» іске қосу трайбализм да, оның «қан тазалығын» сақтайтын «үйіңде айналысатын трайбализмнен» айырмашылығы қандай? Сөйтіп, Жәнібек біз мақала басында айтқан «рушылдық» атаулыны бөле жармай трайбализмге әкеліп тіреп қойыпты. Әрине, екеуі екі түрлі құбылыс болса да! (Қазіргі қазақ рушылдығы билікті ұстап тұру не оған жету құралы болғанымен, оның мағынасында сепаратизм жоқ. Сол себепті оны трайбализмге жатқыза алмаймыз).
Сөз соңында, сұхбат алушы да, сұхбат беруші де «қазақ қоғамының заманға сай модернизациялану барысында бұл құбылыс біртіндеп жойылады» деген ортақ ойға тоқтапты. Сонда, қазіргі қазақ ұлтында мүлде жоқ трайбализм жойыла ма, әлде қазақтың қан тазалығын сақтауға қызмет етуші рулық жіктеу жойыла ма? Оның басын ашып айтпапты. Ал, егер дәстүрлі рулық сананы жойсақ, онда одан әрі қазақ «қан тазалығын» қалай сақтауы тиіс? Мүмкін, модернизацияға ұшыраған қазақтың дамыған медицинасы оның басқа әдістерін ойлап табатын шығар?.. Ол туралы да бұл сұхбаттан ешбір дерек таба алмадық…
Ал, мен ойымды: «қазіргі қазақ ұлтының басын ауыртып отырған мәселе трайбализм емес, оны «тәуел­сіздік алған мемлекеттің тәуелсіздігін тиянақты ету, қазақ елін «мәңгі елдер» қатарына қосу, әркімнің лауазым атағына қарамай Отан мүддесіне қызмет етуін қамтамасыз ету, халықтың тұрмысын көтеріп, іргелі елге айналдыру секілді мәселелер мазалауда!» деп түйіндеп, көпке топырақ шашпай-ақ, бүгінде «ру емес, рушылдық қоғамдық дертке айналып барады» дегім келеді..

Алдыңғы «
Келесі »