Ұлттық идея және БАҚ

  • 07.08.2012
  • 7958 рет оқылды
  • 1

Досан Баймолда, Философия докторы PhD , Абай атындағы ҚазҰПУ-нің журналистика кафедрасының меңгерушісі

Ұлттық идеяның қажеттігін, онсыз ұлт нағыз ұлт болып қалыптаса алмайтынын кезінде Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай сынды Алаш көсемдері айтып, оны ту етіп көтерген болатын. Кешегі келмеске кеткен Кеңес империясының қабырғасы сөгіліп, Қазақ елі дербес ел ретінде тәуелсіздігін әлемге алғаш жариялаған күннен бастап, ұлттық идея мәселесі тағы көтеріле бастады.
Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында «Ұлттық идея – біртұтасы қазақ идеясы» деген жақсы ой-пікірлер көптің көңілінен шықты. «Сондай-ақ, ұлттық тіл болмайынша, ұлттық идея болуы мүмкін еместігі» бүгінгі күннің өмір шындығына айналып отыр. Бүгінгі күні қазақ халқының үштен бірі өз тарихи отаны – Қазақстаннан тысқары жерде өмір сүріп жатқанын ескерер болсақ, қара шаңырақ Қазақ елі мен шетелдегі қандастардың рухани және мәдени салада бірігуі мәселесінде ақпараттың рөлі өте үлкен әрі күшті болып отыр. Әлемнің 40 шақты елінде өмір сүріп жатқан, 5 миллиондай қандастарымыз Қазақстанның күнбе-күн жаңалық хабарларын қазақ тілінде естіп тыңдай алуы, олардың рухани тұрғыдан қажеттілігі екендігі түсінікті. Сондай-ақ, тәуелсіз Қазақстанды әлем елдері толықтай танып, оның абырой беделі халықаралық сахнада барған сайын өсіп бара жатыр. Осы жағдайларды ескеріп әлемнің бірқатар мемлекеттері бұқаралық ақпарат құралдары арасынан радионың ерекшелігін ескеріп, қазақ тілінде радиохабарларын тарата бастады. Бұған қазақтар көп тұратын Қытай, Моңғолия, Түркия және Иран секілді елдердің қазақ тілінде хабар тарататын радиоларын және АҚШ-тың қаржыландыруымен қазақша хабар тарататын «Азаттық» радиосын жатқызуға болады.
Кеңестік заманда тек Қытайдың өзінде қазақ тілінде хабар тарататын екі радиостанция – Бейжиндегі Орталық радио бекеті және Шыңжаң халық радио бекеті жұмыс істеді. Ал, Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында қазақша хабар тарататын радиостанциясы жарты ғасырға таяу уақыт жұмыс істеп келеді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Орта Азия аймағындағы геосаяси жағдайға байланысты Иран Ислам Республикасы және Түркия елдері қазақша хабар тарататын радиоларын ашты. Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанда қазақ тілінде хабар тарататын жергілікті шағын радиостанциялар бар. Соның ішінде, шетелдік халықаралық радио­станциялардан «Азаттық» радиосы жарты ғасырдан астам уақыт бойы қазақша хабар таратып келеді. Кері­сінше, 1996 жылдан қазақша хабар таратып келген ағылшынның Би-Би-Си радиостанциясы 2006 жылдан бастап хабар беруін тоқтатты.
Шыңжаңдағы халық радиосы 1955 жылы 15 ақпанда қазақша алғашқы хабарын тарата бастады. Сол кезден бастап Шыңжаңның радио істерінде жаңа бір бет ашылды. Қытайдағы қазақ радиосының алғашқы дикторы Кәрімбек Әлімбаев Шыңжаң радиосынан әлемге қазақша алғашқы хабарды қалай жеткізгенін: «1955 жылдың 15 ақпаны өмірімдегі есімнен кетпес күн. Сол күні, диктор Сарқыт Бай­та­қова екеуіміз «Шыңжаң халық радио станциясынан сөйлеп тұрмыз» деп радио хабарын қазақша дүниеге тараттық. Сол күннен бастап еліміздің радио тарихында қазақ үні эфирге тарады», – деп еске ала­ды.
Шыңжаң халық радиосының басы­нан талай қиын кезеңдердің өткені белгілі. Қазақ тіліндегі радиобағдарламаларының мазмұны, сапасы, пішіні, кәсіби деңгейі, техникалық жабдықталуы қоғам талабына сай, халықтың қажетіне қарай жақсара түсті. Бүгінгі күні Шыңжаңдағы қазақ радиосы Қытай коммунистік партиясының саясатын насихаттаушы бұқаралық ақ­парат құралы болумен бірге, сондағы қа­зақтардың тыныс-тіршілігі, мәдени өмірінен сыр шертетін шын жанашыры әрі сырлас досына айнала білді.
Шыңжаң халық радиостанциясының қазақ редакциясы 1994 жылы желтоқсан айында жасанды байланыс серігі арқылы қысқа және орта толқындарда және интернет байланысы арқылы күніне 18 сағат бойы қазақша хабар тарата бастады. Қазақ тіліндегі бұл бағдарламалар Шыңжаң өлкесін толық қамтумен бірге, көршілес Моңғолияны, Қазақстанды, Қырғызстанды, Ресейді, Тәжікстанды, тіптен, Азияның басқа мемлекеттерін және Тынық мұхит жағалауы елдеріне дейін толықтай қамтып отыр. Шыңжаң халық радиосының қазақ тіліндегі күнделікті хабарларын кез келген уақытта интернет арқылы тыңдауға болады.
2010 жылдың шілде айында өзі­нің орнағандығының 70 жылдығын тойлаған Моңғолияның Баян-Өлгей аймағы 1940 жылдан бері «ұлттық аймақ» деген мәртебеге ие. Моңғолия қазақтарының осы ұлттық ерекшелігін ескерген Моңғолия үкіметі о бастан қазақ баспасөзін, қазақ тілінде хабар тарататын радионы дамытуды қолға алды. Моңғолияның батысындағы ең қиыр, ең алыс өлке саналатын Баян-Өлгей аймағының қазақ тұрғындарына арналған қазақ тіліндегі алғашқы хабар 1944 жылдан эфирге тарай бастады. Қазақша бұл радиохабарларында ал­дымен аймақ өміріндегі және ел­де­гі жаңалықтар сондай-ақ шетел жаңалықтары да берілетін. Негізгі хабарлар халықты білім алуға, өнерге, мәдениетке және мал шаруашылығын өркендетуге үндеген Моңғол Халық Революциялық Партиясының саясатын бұқара халыққа таныстыру соны үгіттеген үгіт насихат жұмыстарына арналды. Бұл заман талабы еді. Қазақша хабарларды Бай-өлкеден басқа көршілес Қобда, Увс аймақтарында тұратын қазақ ағайындар және кейде шекараның аржағындағы қазақ ағайындар да тұрақты тыңдай бастады.
Алтай тауларының бөктерінде мал бағып, күн көрістерін тауып келген Моңғолия қазақтары үшін, радио үкімет саясатын насихаттайтын тиімді құрал болумен бірге, 120 мыңдай халқы бар аймақ тұрғындарын ішкі және сыртқы жағдайлармен, түрлі оқиғалармен дер кезінде таныстырып отырды. Яғни, халықтың көзін ашып, сауатты болуына көмекке келді. 1961 жылы қазақ аймағының өмірінде алғаш рет Чехословакия елінің техникалық көмегімен аймақ орталығы – Өлгей қаласында қазақ тілінде радио хабарларын тарату станциясы орнады. Ол үшін 1435 гц жиілікте хабар тарататын 60 квт күш қуаты бар, 365 метр биіктікте, 47 бөліктен тұратын, 170 тоннадай салмағы бар, сол жылдары Азия құрлығындағы ең биік антенна орнады. Чехословакияның көмегімен салынған бұл радиостанцияның хабар тарату ұзақтығы 500 шақырымдай еді. Яғни, қазақша хабар Бай-өлкеден алыс Шыңжандағы қазақ бауырларға, Ресейдің Қос-ағаш ауданындағы қазақтарға тіптен Шығыс Қазақстанға дейін жететін.
Моңғолия қазақтары ертеден-ақ өзде­ріне қажет, күнделікті ақпаратты 12 сағат бойы хабар беретін Моңғол радиосынан, әр күн сайын кешкісін қазақша хабар беретін Өлгей радио­сынан және Қазақстаннан шетелдік қазақтарға арнап берілетін «Шалқар» радиосынан және орталығы Гер­манияның Мюнхен қаласында ор­наласқан «Азаттық» радиосынан ғана алып тұрғаны тарихи шындық. Ол кез коммунистік идеологияның үстемдік етіп тұрған кезі болғандықтан, АҚШ-тың қаржыландыруымен қазақ тілінде хабар беретін «Азаттық» радиосы хабарларын емін-еркін тыңдауға болмайтын уақыт. Сондықтан, кейбіреулер шындық ақпаратты іздеп «Азаттықты» жасырын тыңдаса, ал, кейбіреулері шекара сыр­тында қалып қойған ағайындарын сағынғандықтан «Шыңжаң» радиосының қазақшасын да тыңдайтын. Өйткені, ол уақыт интернет, компьютер заманы емес, аймақ тұрғындарының көбісі орысша, ағылшынша тұрмақ моңғолшаның өзін жарытып білмейтін кез еді .
Бүгінгі күні Баян-Өлгей қазақтары интернет арқылы әлем ақпарат кеңістігін еркін кезе алатын жағдайға жетті. Әйт­седе, Қазақстанның «Қазақ» радио­сының жаңалық хабарлары, музыкалық хабар­ларын және Прагадан берілетін «Азаттық» радиосының әлем жаңалық хабарларын тыңдауға құштар. Соған қарағанда, «Қазақ» радиосының және «Азаттық» радиосының хабарлары ондағы халықтың ақпараттық қажеттігін толық өтеп отыр деп айтуға болады. Ал, Баян-Өлгей қазақ­тарының негізгі ақпарат құралы – «Баян-Өлгей» қа­зақ радиосы ғана. Радио күніне жер­гілікті уақыт бойынша кешкі сағат 21.00-22.00 арасында бір сағат хабар таратады. Әрі Моңғолиядағы мемлекет қаржыландыратын бірден-бір ақпарат құралы.
Ирандағы қазақ радиосы 1996 жылы 20маусымда ресми түрде ашылды. Әрине ресми қызметіне кірісуден бұрын Иран қазақтарының дені тұратын Гүлістан аймағының орталығы Горган қаласында 6 айдай дайындық жұмыстары жүрілді, ең алдымен радиоға қажет адамдар іздестірілді. Радиоға іріктелген кісілер парсы тілінен қазақшаға аударма жасауға және дикторлық шеберлікке жаттығып, дайындалды. Бүгінгі күні ел астанасы Тегеранда орналасқан Иран радиосының қазақ бөлімі күніне бір сағат хабар береді. Радионың бір сағаттық бағдарламасында ең маңызды деген жаңалықтар назардан тыс қалмайды. Бұл ақпарат құралдары үшін ақпараттарды Иранның ИРНА ақпарат агенттігі, орталық хабар бір­лестігі таратады. Журналистер бұл агенттіктер дайындаған хабарларды қазақшаға аударып дайындайды. Бір сағаттың жартысы дайын хабарларға арналады. Бұлар – дінтану, өлкетану, Иранның тарихы мен мәдениеті, әдебиеті жайында. Қалған жарты сағаты тікелей эфирдегі жаңалықтарға, саяси шолуларға арналады .
Иран радиосының қазақша хабар редакциясының интернет сайтындағы ақпарат деректер бойынша Иран радиосы мемлекет меншігіндегі радио болып саналады. Аудиториясы Қазақстан мен Орта Азияға бағытталған. Бүгінде онда оншақты журналист жұмыс істейді. Бұл радионың ашылуына ондағы қазақ диаспорасының өкілдері белсене атсалысқан. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Иранға білім алуға барған қазақстандық жас студенттер жаңадан құрылған қазақ редакциясының қалыптасуына көмектесіп, сондағы қазақ диаспорасы өкілдерімен етене бірге жұмыс істеді.
Қазақстан тәуелсіздігін алғаш мойын­даған елдің бірі Түркия қазақ тілін­де хабар тарата бастағалы он шақты жылдың жүзі болыпты. Бүгінгі таңда Түркияның шетелге бағытталған радиохабарларын тарату қызметі (ТРТ) «Түркия үні» радиосы арқылы жүргізіледі. Бүгінде бар­лығы 32 тілде хабар тарататын «Түркия үні» радиосы (Voice of Turkey) қазақ тіліндегі өз хабарларын қысқа толқынды таратқыштар, жерсерігі және интернет арқылы әлемнің барлық жеріне жеткізе алады. «Түркия үні» радиосы жергілікті FM радиоарналарын пайдалану арқылы да тарату байланыстарын кеңейте түсуді, неғұрлым тыңдармандарына жақын болуды және эфирдің жергілікті мазмұнын арттыруды көздейді. «Түркия үні» радиосы сенімді бұлақтардан алынған хабарларын бейтараптық принципті ұстанып, тыңдармандарына тез, жылдам жаткізуге асығады.
«Түркия үні» радиосының қазақша редакциясы 1998 жылы қыркүйек айында ашылды. Бүгінгі таңда редакцияның жұмыс істеп келгеніне 14 жыл толып отыр. 1998 жылы 1 сағаттық эфирмен өз жұмысын бастаған редакция бүгінгі таңда күніне жарты сағат эфирге шығады. Қазақ редакциясы басқа редакциялар секілді толығымен мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Қазақ редакциясы ТРТ сыртқы эфирлер басқармасы құрамындағы редакциялардың бірі болғандықтан бір мақсатта, яғни Түркияны шетелде таныту үшін қазақша сөйлеген аймақтардағы тыңдармандарға өз бағдарламаларын таратады. Өзінің жеке интернет парақшасы бар.
Шетелдегі қазақ тілінде хабар тара­татын радиостанциялар арасынан АҚШ-тың қаржыландыруымен әлемнің 28 тілінде хабар тарататын «Азаттық» радиосы 60 жыл бойы хабар таратып келе жатыр. «Азаттық» радиосы алғаш құрылған күнінен бастап ұстанған қағидасы тек шындықтың жаршысы болу арқылы демократиялық қоғам орнатуға, нарықтық экономиканы дамытуға ынталандыру, соған көмектесу болды. Кеңестік дәуір­де «Азаттық» радиосы туралы саяси себептерге байланысты Қазақстан жұрт­шылығына бір жақты хабар айтылып, сыңар жақты тұжырымдар жасалып келді. Ал, шын мәнінде ол кезде «Азаттық» радиосы әлемде және Қазақстанда болып жатқан нақты оқиғаларды хабарлап таныстыруда, басқа ақпарат құралдарына қарағанда көш ілгері тұрды. «Азаттық» радиосы бір кезде аттарын атауға, жазып қалдырған еңбектерін зерттеуге тыйым салынған Алашорда қайраткерлері, қазақ халқының үштен бірін құрбан еткен ашаршылық апатының шындық жағдайы және басқа да қазақ халқының тарихтағы ақтаңдақ беттерін жұртшылыққа естіртіп, оны үнемі жария етіп отырды. Яғни, «Азаттық» радиосы тәуелсіз Қазақстан үшін тарихи маңызы зор, сондай-ақ соған лайықты қызмет атқарды деуге болады.
Қорыта айтқанда, шетелдің қазақша хабар тарататын радиолары шетелде жүрген қандастар өмірі мен тұрмысы туралы хабардар етумен бірге тәуелсіз Қазақ елінің тарихы мен бүгінін, ондағы демо­кратияның дамуы мен нарық жағ­дайының қалай жүріліп жатқандығын білуге, ең маңыздысы қазақтардың бір­тұтас қазақ идеясымен сусындауына өзінің үлкен көмегін тигізе алатындығын атап өту жөн болмақ.

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. Сіздердің Қазақ радиосын үзбей интернеттен қарап отыратынымызды айта келе , енди өлгейдің бағдарлама , жаңалықтарын теледидар арқылы көрсетілсе екен деген пікіріміз бар. Сіздерге үлкен – үлкен рахмет! Сонымен қатар Өлгейдегі туыстарым: Үсен Еркебек,Үсен Пернебек, Үсен Баян, жездем Тоқтал т.б туыстарыма, Толбо сумынындағы туыстар: Шарип Хабыл, Шарип Қуат, Шарип Әділбек,апамыз Дахайға сәлем жолдай отырып, “Туыстарға сағыныш” әнін жолдасаңыздар дейміз. Абай Серікбол, Бірлестік Әлемгүл.

Пікірлерге тыйым салынады.