ЖОЛДАУ ЖӘНЕ ЖОЛ ТАҢДАУ

  • 06.03.2017
  • 689 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Ханкелді Әбжанов,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі

Әр жылдың басты оқиғасы болады. Еліміздің саяси өмірінде ол – мемлекет басшысының Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауы екені сөзсіз. Өйткені, конституциялық мәртебесі бар бұл құжатта Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары анықталады. Олар еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін қамтуымен, баршаның тағдыры мен тіршілігіне тікелей әсер етуімен ешкімді бей-жай қалдырмайды. Жолдау әр жылдың басты оқиғасы болғанымен оның ғұмыры бір жылдық емес. Мәселен, 1997 жылғы Жолдау «Қазақстан – 2030» Стратегиясын паш етсе, 2012 жылғы Жолдау «Қазақстан – 2050» мақсаттарын айқындады. Демек, екі құжатпен-ақ жарты ғасырдан астам мерзімді қамтып жатқан болашақты болжау жүзеге асты. Ал, 2014 жылғы Жолдаумен тиянақталған «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы ХХІ ғасыр аяғына дейін жұмыс істейтін болады. 

Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдау қалыптасқан дәстүрді қисынды жалғастыруымен әрі батыл жаңашылдығымен ерекшеленген. 
Дәстүрді жалғастыру дегеніміздің мәні – тәуелсіз­діктің бірінші күнінен бүкіл халық сайлаған Прези­дентіміздің Қазақстанды әлемдік дамыған елдер қатарына жеткізуге «күндіз отырмастан, түнде ұйық­тамастан» қызмет ететіні, сол мақсатқа жетуге баршамызды жұмылдырып келе жатқаны. Жолдаудағы тәуелсіздіктің елең-алаңы жайлы: «Біздің бәріміз бірлесіп, сол кезде елімізді күйреуге, Азамат соғысына, экономикалық күйзеліске ұшыратпағанымыз мен үшін өте маңызды» деген жолдарда терең сыр жатыр. Бұл – халықтың жасампаз әлеуетін, тарих тағылымын терең бағалай білудің үлгісі. Ал, батыл жаңашылдығы – әлемдік додаға тайсалмай кіруге, сын-қатерді қасқая қарсы алуға бел буғаны. «Бізге, – деді Елбасымыз, – уақыт талабын лайықты қабыл алып, елімізді одан әрі жаңғырту жөніндегі міндеттерді орындаудан басқа жол жоқ». Иә, қазір әркімге жалтаңдайтын заман емес. Ілгерілеу жолын таба білген ғана биік белестерді бағындырады.  Артта қалған ширек ғасырдың тәжіри­бесіне сүйенген һәм халқына қалтқысыз сенген Елбасы ел дамуына тың қарқын беретін жаңа бағдарды ұсынды. Мұндағы батыл жаңашылдық Қазақстанды Үшінші жаңғыруға әкелетін бес негізгі басымдықтың әрқайсына тән.  Бірінші басымдық – экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыр­тылуы – болашағы зор, мүлде жаңа салаларды дүниеге әкелмек. Бұдан шахтер мен металлург те, дихан мен малшы да, дәрігер мен мұғалім де, жас пен кәрі де тыс қала алмайды. Бұрын-соңды беймәлім индустриялардың бой көтеруі жаңа кәсіп иелерін, елішілік және халықаралық қатынастар мен байланыстардың жаңа талаптарын қалыптастыратыны күмәнсіз. Осыншама күрделі және жауапты іс-қимылда қылаудай қателесуге хақымыз жоқ. Заманауи технологияның бағасы тым қымбат. Жылтырағанның бәрі алтын емес. Бесенеден белгіліні қайталаумен досқа күлкі, дұшпанға таба болмау керек. Бұл істе жеті өлшеп, бір рет қана пішуге мүмкіндік бар. Сондықтан да болар Жолдаудағы 30-дан астам президенттік нақты тапсырманың жартысы бірінші басымдықпен тікелей байланыста берілген екен. Олар «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуден азық-түлік тауары экспортын 2021 жылға қарай 40% көбейтуге, жолаушыларды әуе көлігімен тасымалдауды 2020 жылға қарай 4 есе арттыруға дейін қамтыған. Әрқайсының артында мыңдаған, мүмкін миллиондаған жанның тағдыры тұр. Ал, алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған «Нұрлы жер» бағдарламасы Жолдаудың жігерлендіруші әлеуетін арттырары сөзсіз. Екінші басымдық – бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту де тәуекелді жаңашылдыққа негізделген. Оның түпкі көздегені – елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесін 2050 жылға қарай кем дегенде 50 пайызға дейін көтеру. Мемлекеттің экономикаға қатысуы азаятын болады. 
Нарықтық қатынастар тұсында бұған қол жеткізу үшін басты-басты екі ал­ғышартты мүлтіксіз орындау керек деп ойлаймын. Біріншісі – заңнамалық тұрғыдан егжей-тегжейлі бекемделген экономикалық еркіндіктің салтанат құруы, екіншісі – салық, несие, қаржы саясатын әлемдік үздік үлгіде жүргізу. Әрине, сын-қатер болмай тұрмайды. Мәселен, ауылда да, қалада да азаматтар өз бизнесін жүргізу үшін 16 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алатын болды. Жасыратыны жоқ, мемлекет үшін 16 млн көп ақша емес. Ал, жеке адамның бизнесі банкротқа ұшырай қалса, алған несиесі тағдырын шешіп жіберуі бек мүмкін. Ендеше, Президентіміздің: «Бұл шараларды бизнес жүргізу және қаржылық сауаттылыққа үйрету ісін ұйымдастырумен қатар атқару керек», дегенінде өмір ақиқаты бар. Батылдық пен жаңашылдық биліктен де, азаматтардан да білім мен білікті, әділдік пен жариялықты талап етеді. Үшінші басымдыққа – макро­эконо­микалық тұрақтылыққа байланысты берілген Президент тапсырмасы аз да болса көптей бағалауға лайық. Қаржы секторын «қайта жаңғырту» үшін Ұлттық банкке банк секторын қалыпқа келтіру жөнінде шаралар кешенін әзірлеу тапсырылды. Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп теңге түрінде қол­же­тімді орта және ұзақ мерзімге арналған қор қалыптастыруды қамтамасыз ету және отандық қор нарығын жандандыру жөнінде шаралар қабылдау міндеттелді. Қаражатты игерудің тиімділігін тексеруді Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Білім және ғылым министрліктерінен бастауды күн тәртібіне қойды. Ғылым институтында еңбек етіп жүрген мені саланы қаржыландыру жәйі ерекше алаңдатады. Егер, әлемдік өлшеммен келетін болсақ, Қазақстан ғылымына бөлініп жатқан қаржы өте аз екенін – ішкі жалпы өнім­нің 0,2 пайызын да құрамайтынын байқаймыз. Қоғамдық-гу­манитарлық ғылымдарда осының өзі жілігі татымайтын арзанқол жобаларға жем болатыны немесе бұрын жарияланған еңбектерден көшірумен (плагиат) айналысатындардың қалтасында «шөгетіні» құпия емес. Шынайы ғылымсыз биік технологиялар да жоқ, еңбек өнімділігін арттыру да мүмкін емес, бәсекеге қабілеттілік те қиял күйінде қала береді. Қысқасы, ғылымды қаржыландыру тиімділігін арттыратын заңнамалық базаны пысықтау қажеттілігі көзге ұрып тұр. Бұл макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етудің бір парасы. 
Үшінші жаңғыру саясат үшін де емес, жалаң экономика үшін де емес, бірінші кезекте адам үшін, елдің жаңа өмір шындығы жағдайларындағы жаһандық бәсекеге қабілеттілігі үшін жүзеге асырылмақ. Ал, оның мән-мағынасы төртінші басымдық, яғни адами капитал сапасын жақсарту екені Жолдауда қадап-қадап көрсетілді. Оларды екі топқа жіктеуге болады. Біріншісі – адами капитал сапасын жақсартудың басты буыны білім болғандықтан бұл жүйені қай бағытта және қандай шаралармен алға бастыруға болатыны, екіншісі – қандай бөгесіндерді, кедергілерді жұлып тастау керектігі. Жолдаудағы: «Біздің міндетіміз – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет», деген Президент пайымын адами капитал сапасын жақсартудың стратегиясы ретінде қабылдауымыз керек. Денсаулық сақтау жүйесі мен әлеуметтік қамтамасыз ету саласына жағымды өзгерістер енгізілмек. Түрлі себептермен тоқтап қалған міндетті медициналық сақтандыру қайтадан қолға алынбақ. Алдағы жылда зейнетақы тағайындау жаңа әдістемеге көшеді, ең төменгі күнкөріс шегі қайта қарастырылмақ. 
Адами капитал сапасын көтеретін фак­торлардың санатында ұлтжандылықты дамыту, қала мен ауыл мектептері ара­сындағы сапалық айырмашылықтарды жою, қазақ тілінің басымдығын сақтау, жоғары мектепке бақылау мен талапты күшейту мәселелерінің аталғаны мемлекеттік һәм ұлттық мүдделердің тамаша үйлесуі деп түсіндім. Осылардың қайсын алсақ та қазақ халқының отарлық және тоталитарлық дәуірлерде бұйыр­маған еншісін түгендеуді, бола­шақтан үмітін бейнелейді. Ағылшын тілін оқытудың мәселесі көтерілген екен. Шын­дығына көшсек, алпауыт көрші­леріміз орыс пен қытайдың тілін білмей-ақ өркениет көшіне ілесуге болады. Ал, ағылшын тілін игермесек, ғылыми-шығармашылық,  технологиялық   тұрғыдан оқшауланып, то­қырап қаларымыз айдан анық. Әрине, бұл тілді қарапайым еңбек адамына – тігіншіге, аспазға, сантехникке, телевизор жөндеушіге тықпалаудың қажеті болмас. Есесіне бүгінгінің ғалымы ағылшын тілінсіз қия баса алмайды. Елбасымыз айтқандай, қазіргі кезде 90 пайыз ақпарат ағылшын тілінде жарияланады. Әрбір екі жыл сайын олардың көлемі 2 есе ұлғайып отырады. Әдебиет пен ғылым саласынан Нобель сыйлығына ұсынылатын жұмыс ағылшын тілінде жарық көруі міндетті екені біраз жайдан хабар берсе керек. Ел ертеңін ойласақ, онсыз да мемлекеттік тілмен бірдей қолданылатын орыс тілін әспеттегенді доғарып, халықаралық тілді жастардың бойына сіңіруді өмірлік қажет­тілік ретінде қолға алған жөн.  
Жолдау тиянақтаған бесінші ба­сым­дық – институционалдық өзге­рістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты. Осы орайда берілген Президент тапсырмалары «Қазақстан – 2050» мен «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» Стратегияларын нақтылай түскен екен. Бәрі маңызды. Әсіресе, жемқорлықты жою міндеттері маңыздының маңыз­дысы деп білемін. Түптеп келгенде, жемқорлық, парақорлық, талан-тараж­ға салу тәрізді «дерттерді» жеңбей, Үшінші жаңғыру, жаһандық бәсекеге қабілеттілік меже­лерін бағындыру былай тұрсын, тәуел­сіздігіміздің тағ­дыры олай-бұлай болып кетуі әбден мүмкін. Елбасы Жолдауында: «Сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейту қажет», делінген.  Оны әлсірететін басты факторға билік пен басшылар корпусының қызметіндегі әлеуметтік-кәсіби және моральдық-иман­дық құлдырауды жатқызамын. Бұлар өз міндетін лайықты атқара алмай отырғаны елді жайлап кеткен жемқорлық пен пара­қорлықтан, жартыкеш орындалған жос­парлар мен бағдарламалардан, өтірікті – шындай, ақсақты – тыңдай ұлықтаған ақпарат тасқы­нынан «мен мұндалауда». ҚР Бас прокуратурасының мәліметінше, соңғы 10 жыл ішінде (2006-2016) елімізден қашқан шенеуніктер мен кәсіпкерлер 100 млрд теңгедей қаржыны шетелге алып кетіпті. 1300-ден астам қазақстандық азамат шетелдерде бой тасалап жүрген көрінеді («Түркістан». 2016. 17 қараша). Екі премьердің, ондаған министр мен генералдың, жүздеген әкімнің сотталуы, мыңдаған шенеуніктің қызметтен қуылуы ел абыройына, ұлт бірлігіне нұқсан келтірді. Биліктің мемлекеттік тілге шорқақтығы да оны қалың қазақтан алшақтатпаса, жақындатпауда. Мұның зардабын санап тауысу мүмкін емес. 
Президент нұсқаған биіктен көрінудің әдіс-тәсілі сан-алуан екені күмәнсіз. Солардың ішінде ең пәрмендісі – билікті иеленіп кетуге жол бермеу. Мемлекеттік құпияға қатысы жоқ болса, үлкен-кіші биліктің әрбір шешімі, биліктегі адамның әрбір қадамы, тапқан табысы халықтың көз алдында өтіп жатуы керек. Айлығы 3 мың доллар шенеуніктің 3 қабатты үй салуы мүмкін еместігін жұрт жақсы біледі. Билікті ұстап тұрғандар билікті иеленіп кетуден қағылғанда жемқорлықтың да, парақорлықтың да жолы кесіледі. Қаң­тардың соңғы аптасы Қазақстанды дүр сілкіндірген оқиғалармен ерекшеленді. Ал­дымен билік тармақтары арасындағы   өкілеттіктерді     қайта  бөлуді    бүкілха­лықтық талқылау басталды, іле-шала Елбасының Қазақстан халқына кезекті Жолдауы жарияланды. Бірі саяси жаң­ғыртудың жаңа белесін анықтаса, екін­шісі экономикалық жаңғыртудың бағыт-бағдарын паш етті. Түптеп келгенде ҚР Президентінің билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі үндеуі мемле­кетімізді саяси жаңғыртудың ірі қадамы, ал «Қазақстанның Үшінші жаң­ғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауы техно­логиялық жаңғырудың әлқиссасы болмақ. «Осы екі бастама да, – деді Н.Ә. Назарбаев, – бірін бірі толықтырып, ел дамуының ұзақ мерзімді мақсаттарына қызмет етеді».
Қазақстанның даму жолы айқын. Өз тағдырымыз өз қолымызда. 

Алдыңғы «
Келесі »