ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСТИКАСЫНЫҢ ҚАЛЫ ҚАЛАЙ?

  • 07.08.2012
  • 692 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Серік Әбдірешұлы,
саясаттанушы

Кез келген елдің азаматтық рухының деңгейін сол елдің журналистикасын танысу арқылы білуге болады. Тіпті, БАҚ-тың қауқары сөз бостандығының шынайы көрінісі болып табылады. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, Қазақстандағы журналистиканың қазіргі ахуалын сөз еткенде көзге түсетіні – орыс және қазақтілді БАҚ-тар. Алайда, елдегі басты доминант орыстілді журналистика екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Соған қарамай, орыстілді БАҚ-тардың Қазақстан қоғамына ықпалын алға тартқаннан гөрі, оның қазіргі биліктің әжетіне бірден бір жарап тұрған саяси құрал екендігін атаған абзал. Бұл жерде біржақты түрде билікті кінәлау әділетсіз. Ертеңгі күні биліктің әжетіне жарайтын ағылшын не қытайтілді БАҚ-тар табылып жатса, соларға да осылайша жол ашылмақ. Өйткені, автохтондық БАҚ өкілдері өздеріне тиісті міндетті атқармағандықтан, оны өзгетілді БАҚ-тар қағып алуда.
Ал, қазақтілді журналистика неге жетімнің күйін кешуде? Мәселе, журна­листиканың тек қана төртінші билік екендігінде ғана емес, сонымен бірге, қазіргі заманда оның ақпараттық индустриялық сипатының барлығында болып тұр. Бұл жағынан алғанда орыстілді талай БАҚ өз алдына жекедара индустриялық қуатқа ие болып, келесі сатыда экономикалық-саяси деңгейге көшіп отырғандығына көз жіберетін мезгіл жетті. «Караван» медиа-холдингісінен бастап, бұл тізімге талай орыстілді медиаиндустрия топтарын атауға әбден болады. Ал, мұндай тізімге қазақтілді бір де бір медиатопты былай қойғанда, жекедара БАҚ «Время» газетінің деңгейінде емес. Сөйтіп, күн тәртібінде қазақтілді журналистиканың индустрияға айналуына қандай шідер бар деген сауал тұр.
Аталмыш сұраққа жауап іздегенде, осыдан бір жыл бұрынғы «Қазақстан» телеарнасының басындағы ахуал еріксіз еске түседі. (Қазір, Құдайға шүкір, жүзі ұлтқа қарап, сөзі де, өзі түзелген сияқты – автор А.Ә.) Шын мәнінде, бұл телеарна елдегі бірден бір қазақы рухты және қазақы журналистика дамуына із сала бастаған ұжым болатын. Кез келген дамыған журналистикалық топтың саяси партиядан да қатерлі екенін ескерсек, бұл топты ыдыратуға кімнің мүдделі болғанын іздеп табу сонша қиын емес. Нәтижесінде, әлгі телеарнадан күтілгендей деңгейдегі кеңестік рухты, құл сипатты, еңсесі езілген өнериетсіз (творчествосыз) әлжуаз нәрселер балалауда. Бұрынғы деңгейдегі журналистика жер болып, оның орнына ықпалсыз насихат құралы болып табылатын кеңестік үгіт көзі ғана құрылды. Сөйтіп, қазақ рухының төменшіктеуіне кезекті қадам жасалды да қойды. Рас, «Қазақстанның» бұрынғы ұжымы көктен салбырап түспегенін білеміз, бірақ, бұл топ қалған қазақы электрондық журналистикаға аз да болса жетек бола бастаған сыңайы бар-тұғын. Ал, аталмыш телеарнаны ыдырату барысында, тілге тиек мемлекеттік тілді басқа электрондық арналар мен толқындарға батыл кіргіземін деген бұрынғы министр Ертісбаевтың қазақ халқына уәдесі ақырында әншейін масаның ызыңы екендігі белгілі болды. Өйткені, ол әлгі айтқан уәденің орнына тұжырымды ешбір бағдарлама ұсына алмады. Оның орнына, мақала басында айтқанымыздай, Қазақстан орыстілді әлемдік БАҚ-тардың контингентіне айнала бастады. Айтқымыз келіп отырғаны – әлгі бірден бір басты шідер ресми биліктің қазақ журналистикасының дамуына мүдделі еместігі және одан соншалықты қауіптенетінінде. Бұл қауіп, елдегі демократияға бірден бір мүдделі қазақтілді жұртшылық болуында.
Қазақ журналистикасы неден ақсап отыр? Біздіңше, бұған басты екі себепті де қазақ журналистерінен іздеу керек: біреуі – кеңестік құлдық рухтан арылмағандық, екіншісі, қазіргі заманғы журналистикалық ырықты экономиканы меңгере алмағандық. Бірінші себепті аша түссек, алдымен көзге түсетіні, қазақ журналистерінің әлі күнге кеңестік тәсілмен маман даярлануында, бұл жағынан орыстілді мамандар өз деңгейлерін шетелдік білік жоғарлату арқылы және ресейлік журналистиканың ыңғайымен қажетті сатыға көтеріп алды. Мұндай сатыдағы білікті жас қазақ журналистері қолында редакциялық билік болмағандықтан, жасық рухтың зардабын тартады. Бұл себепке қосылатын тағы бір жайт, қазақ журналистикасының жаңа заманғы редакциялық ұйымдастыруды меңгермегендігі. Бұл негізінен қазақтілді редакцияларды журналистер емес, көбіне ақын-жазушылар басқарып отырғанын мойындасақ жетіп жатыр. Осылайша, қазақ журналистикасы әлі күнге әдебиет пен журналистиканы шатастыруды аяқтаған жоқ.
Осыдан келіп, кәсіпқой редакторлардан гөрі мансапқор да жалтақ редакторлар журналистиканы дамытуға құлықсыз екені өзінен өзі шықпай ма? Қазақ редакторларының мансапқорлығына, кеңес империясына қызмет еткен әдебиеттің өкілдерінің буыны жол салып кеткен болатын. Сол «мектеп» әлі де қарасын үзген жоқ. Сондықтан да, қазақ басылымдарын ашып қалғанда айқара бетте көзге түсетіні ақпарат өнімі емес, ақын-жазушылардың туындылары немесе солардың саяз сұхбаты. Тіпті, қазақ топырағында туылған дүниеде теңдесі жоқ поэтикалық журналистика болып табылатын айтыстың өзі қазір әлсіреп қалғаны қашан! Сол себепті де, қазіргі айтыс парақорлық пен ойындық сипаттан арыла алмай отыр.
Қазақ журналистикасының дамуына шідер болып отырған екінші себеп қазіргі менеджментті меңгермегендік. Қазақ журналистикасының дамымауына тілдің артта қалғандығы емес, оның басты күн көрісі болып табылатын қаражат көзінің бітелгендігінде болып отыр. Қазіргі журналистика табыс көзін екі тараптан ғана тартатыны белгілі: мемлекеттік тапсырыс ретінде мемлекеттік бюджеттен және жарнамалау түрінде коммерциялық тараптан. Ал, үшінші жағдай баспасөзге жазылым. Ол шын мәнінде болмашы ғана ықпалы бар қаржы көзі. Бұлардың ішіндегі ең бастысы – жарнамалау саласы. Ал, Қазақстанда жарнама тілі орыс тілі екенін ескерсек, азаматтардың конституциялық құқығын былай қойғанда, қазақтардың тұтынушылық құқығының аяққа басылып жатқандығымен ешкімнің ісі жоқ. Шын мәнінде бұл кезіндегі министр Ертісбаевтың ауызынан шығуға тиісті таптырмас дәйек еді. Яғни, осы дәйек арқылы әрбір жарнамалаушы (рекламодатель) мен жарнамашыны (рекламщик) мемлекеттік тілде жарнамалауға міндеттеуге толық заңды негізі бар болатын. Алайда, бұл саясаттың неге іске аспайтындығы жоғарыда аталды. Ал, Министрді осыған мәжбүр етуге тиісті қазақ қаламгерлері еді. Бірақ, мұны өз мүдделері ретінде алға тартып отырған қазақтілді БАҚ-тар да көрінбеді, өйткені, олар өздеріне не керек екендігін меңгерген менеджменттен ада және қалған-құтқанға шүкір ету қандарына сіңген кеңестік психологиядан арылмаған. Мұны соңғы кезде журналистер қауымының басшысы С.Матаев дүркін-дүркін шын жүректен айтып жүр. Осылайша, елдегі ықпал БАҚ-тарда болса, оның дені орыстілді журналистикада, оған дәлел олар тартып отырған қыруар жарнамалық қаражат пен билік дәлізінен шығып жатқан алуан түрлі орыстілді аса қымбат жылтыр журналдар мен аудио-визуалдық өнімдер.
Сөйтіп, журналистиканың әлеуметтік маңызын, оның ұлттық сана мен қоғамдық пікір тұтушысы (носителі) екендігінен табатынымыз рас болса, онда біздің жур­налистиканың дамымауын тілдің кемшілігінен емес, керісінше, тілге жол ашылмауын журналистиканың өз міндетін атқара алмауынан іздеуіміз керек. Өйткені, ол – төртінші билік, «халықтың көзі, құлағы һәм аузы». Егер, біз көздің «Соқыртеке» ойнауға, құлақтың өсек тыңдауға, ауыздың аңқиюға ғана жаралмағанын ескерсек, бәлкім, журналистиканың нағыз арналымын енді аңдайтын болармыз…

Алдыңғы «
Келесі »