Қазан төңкерісі қазаққа не берді?

  • 06.03.2017
  • 180 рет оқылды
  • 2

Дина Имамбай,әлеуметтанушы

Биыл  Қазан төңкерісінің 100 жылдығына орай, осы тақырып  қоғамда кеңінен  талқылануда. Қазан революциясы – ХХ ғасырдағы үлкен саяси оқиғаның бірі. Осы төңкерісте жеңіске жеткен большевиктер Кеңес одағын құрды. Осылайша әлемдік тарихта тұңғыш рет жаңа әлеуметтік-экономикалық және саяси құрылым орнату талпынысы жасалды. Қазан төңкерісінің  нәтижелері әртүрлі бағаланады: біреулер Кеңес одағына біріккен  елдер  өркениет көшінен артта қалды, тоталитарлық езгі орнады десе, екіншілері үшін бұл адамзат тарихындағы орасан зор прогрессивтік оқиға саналады.  Бұдан басқа да саналуан көзқарастар бар екені белгілі. Десек те, тоталитарлық  режимнің қатаң бақылауында болған Қазақстан үшін Қазан төңкерісінің нәтижесін біржақты бағалауға болмайтыны айқын. Осыған орай, «Келелі кеңестің» кезекті отырысында тарих ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қытайтану кафедрасының меңгерушісі Нәбижан Мұхаметқанұлы, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері, докторант Рашид Оразов, тарих ғылымдарының докторы, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология  институтының Тарихнама, деректану және заманауи методология  бөлімінің меңгерушісі Гүлбану Жүгенбаева, «Ақиқат» журналының Бас редакторы Аманхан Әлімұлы осы тақырыпты талқыға салған еді.

– Қазан төңкерісінің алдында Ресей  империясында және оған бағынышты елдерде қалыптасқан қоғамдық-саяси жағдаят қандай еді? Төңкерістің алғышарттарын қысқаша қалай си­паттауға болады?    
НабижанН. Мұхаметқанұлы: – Қазан  революциясы Ресейдің жаңа дәуірін бастап берді. Бұл революция тек Ресейде ғана емес, бүкіл дүниежүзі тарихына үлкен өзгеріс енгізген оқиға. Сондықтан, осы Қазан төңкерісі қалай жүзеге асты деген мәселені жалпы дүниежүзі тарихы тұрғысынан қарастыру керек. ХІХ  ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басында бүкіләлемдік тарихта ұлы державалар империялық  деңгейге көтерілді, сонымен бірге, кейіннен ол қатарға Германия мен Ресей империялары қосылып, дүниежүзін қайтадан бөліске салу мәселесінде дәстүрлі империяларға қарсылас болды.  Бірінші дүниежүзілік соғысты империалистер арасындағы мүдде қақтығысы шиеленісуінің соңғы жарылысы деп қарастыруға болады. Ал, Ресей империясы ХІХ  ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басында өзінің отарлық территориясын кеңейту сатысында болатын. Міне, шығысқа қарай бет алған Герман империясымен мүдде қақтығысы Ресейді ақыры соғысқа әкеп тіреді. Одақтастар мен Антанта арасындағы бұл соғыс  2 жылдан  кейін екі жақты да дағдарысқа ұшыратты. Ел  ішінде экономикалық, саяси, әскери, қоғамдық қайшылықтар орын алды. Сол дағдарыстың ең ауыры Ресейде болды. Батыс елдерінде де, Ресейде де халық соғысты тоқтатуды талап етті, билікке қарсылық күшейді. Ақыры Ресейдегі Ақпан төңкерісі патшалық жүйені құлатып, Уақытша үкімет құрылды. Бірақ, ол өзінің тарихи міндетін атқара алмағаны мәлім.
1 дүниежүзілік соғыс кезінде Орта Азиядан,  Қазақстаннан тылға адам алу жөніндегі патша жарлығымен 1916 жылы ұлт-азаттық көтеріліс орын алды. Ресей империясы құрамындағы ұлттар бұл езгіден шығар  жолда өзін-өзі басқару не болмаса ұлт-азаттық көтеріліс арқылы өзінің жеке ұлттық билігін орнатуға ұмтылды. Осы тұста үлкен идеологиялық ағымдар – социализм, социалистік мемлекет құру идеясы тарады. Оның теориялық қайнары марксизм болатын. Әлеуметтік-экономикалық дағдарысқа тап болған елдер социалистік мемлекет құруды қолдады. 1916 жылғы  Қазақстандағы ұлт-азаттық көтеріліс сияқты патша билігіне, соғысқа қарсы қозғалыстар Ресейдегі  дағдарысты тереңдете түсті. Міне, Ақпан революциясының жүзеге асуына қоғамдық-саяси алғышарттар жасалып қойған еді. Ал, ақпан революциясы барысында құрылған Уақытша үкімет буржуазиялық сипатта болатын. Сол кезде Ресей империясының құрамындағы елдерде өзін-өзі басқаруға, тәуелсіздікке қол жеткізу бағытындағы ұлттық-демократиялық қозғалыстар жүріп жатты.
1 дүниежүзілік соғыс Осман импе­риясының толығымен жойылуына алып келді. Ақпан төңкерісі Қазан революциясына ұласты, осылайша большевиктер партиясының билікке келуімен Совет өкіметі орнады. Бүкіл   дүниежүзіне әсер еткен бұл оқиғадан кейін, әсіресе, шығыс елдерінде ұлт-азаттық қозғалысы жанданды. Қытай лидері Сунь Ят Сен  Ленинге «Ресей революциясы Қытайға үлгі болады» деп телеграмма жолдаған. 1918 жылы 3-ші Коминтерн құрылып,бүкіл әлем социализм жүйесіне өту керек делінді. Ал, оған өтудің бірден бір жолы – Маркстің үздіксіз революциялар жасау теориясы. Осы идеология 1918 жылдан бастап кеңінен тарады. Соның нәтижесінде көптеген социалистік үйірмелер, жастар қозғалыстары, Қытайда, Азия елдерінде, Солтүстік Кореяда, Индонезияда ұлттық партиялар құрылды. Осылайша, Ресей революциялық жолмен билікке жетудің үлгісі болып қалды.
Қазақстанда  құрылған Алаш партия­сының мақсаты Ресей құрамында бур­жуазиялық мемлекет құру болды, олар ұлттық теңдік, әділеттілік, өзін-өзі басқару идеяларын жүзеге асырмақ болғаны белгілі. Бірақ, алғашқы кездегі Лениннің «Ұлттар өзін-өзі басқаруы тиіс» деген ұраны жалған болып шықты.
Ресейдегі монархиялық биліктің аяқталуы дағдарыстың ең соңғы шегіне жеткенін көрсетеді. Большевиктер билі­гінің ең басты идеологиясы болған социалистік мемлекет құру, мұраты – кедей-кепшіктің теңдігі, ұлттық теңдік, діни сенім еркіндігі сияқты концепцияларды алға қою арқылы бұл билік алғашқы кезде халықтың қолдауына ие болды.
Жугенбаева-гүлбануГ. Жүгенбаева: – Қа­зан төңкерісі ғылыми, тарихи тұрғыдан әлемдік контексте қарастырылуы тиіс. Өйткені, марксизм идея­сының өзі алдымен Еуропада таралған. Жал­пы, адамзат қоғамында теңдік орнату идеясы ерте кезден бар. Әр дәуірдің ойшылдары қоғамдық даму үдерістеріне теңдік тұрғысынан баға беруге ұмтылған. Соның бір көрінісі – ХХ ғасырдың басында Ресей империясында жүзеге асқан Қазан революциясы. Әлемді қайта бөлуден  үлес алуға, бөлшектеуге ұмтылған империялар арасындағы текетірес 1 дүниежүзілік соғысқа алып келді. Ол ғылымның, техни­каның, өнеркәсіптің іс жүзінде сыналған кезі де болды.
ХХ ғасыр басында Ресейде саяси, идео­логиялық, көзқарастар қайшылығы тұрғысынан қызу пікірталастар жүріп жатты. Осы кезеңде ұлтшыл, керітартпа, монархиялық, конституциялық-демокра­тиялық, социал-демократиялық партиялар құрылып жатты.
Соғыстың  ауыртпалығы қай кезде де ең алдымен халықтың иығына түседі, бұл бұқара халық әбден күйзелген кез еді. Экономикалық дағдарыс Ресейдің шеткері аймақтарындағы дүмпулерге,  Қазақстандағы 1916 жылғы көтеріліске, халықтың бұлқынуына алып келді. Езілген халықтар құқығының аяққа тапталуы, Түркістан аймағының Ресей империясының экономикалық  әлеуетіне айналуы, халықтың күйзелісі жұмысшы ереуілдеріне жалғасты. Осындай жағдайда Ленин бастаған большевиктер партиясы шын мәнінде саяси аренада өздерін дәлелдей алатын күн туды.  Соның айғағындай «Фабрика-зауыттар –  жұмысшыларға», «Жер – шаруаларға», «Соғысқа – бітім», «Езілген халықтарға – теңдік» дейтін атақты ұрандардың көтерілгені осы кез.
Бұл саяси биліктің өмір сүрген кезінде халыққа берген пайдасын халықтың тағдыры, мәдениеті, тарихы сияқты  ас­пектілер тұрғысынан қарау керек. Монархиялық биліктің дағдарысы салдарынан қос үкіметтің құрылуы, Керен­скийдің билікке келуі, жұмысшы-шаруа депутаттары органының  құрылуы, осы­ның бәрі түптің түбінде демократиялық үрдістердің көрінісі. Монархиялық билік Ресейді барынша аздырды, өзін-өзі сарқып, таусылды. Мұның екінші жағы да бар, яғни, ол демократиялық құндылықтарға бейілділігін көрсетті. Мысалы, Түркістан өңірінде 1916 жылғы көтеріліске қаты­сушыларға амнистия берілді, тіл, дін мәселелері көтерілді. Осы кезде қазақ зиялылары құрған Алаш партиясының Ресей федеративті демократиялық республикасы құрамында автономия жариялағаны белгілі. Бұл бір жағынан Ленин бастаған большевиктер партиясының үгітіне алданғанын көрсетеді.
1917 жылдың 20 қарашасында жария­ланған «Ресей және Шығыс мұ­сыл­­мандарына» деген атақты дек­ларацияда езілген халықтардың өз бостандығын алуы, тілін, дінін айқындауы жөнінде  айтылған болатын. Осының нәтижесінде Қоқан, Алаш автономиялары құрылды, олардың тағдыры қалай аяқталғаны белгілі. Кеңестік тарихнама оларды барынша мұқатып жазды. Ал, біз бұны тәуелсіз ел болуға, өркениеттік дамуға қадам басудың бір ұмтылысы деп бағалаймыз.
Кеңес өкіметінің шын мәнісінде қазақ халқына берген пайдасынан қасіреті көп. Қазақты ұлт ретінде жаныштау, түрлі экономикалық науқандар, мәдениет сала­сындағы модернизациялар, кеңестік патриотизм, осының бәрі қазақ халқына көп зардап әкелді. Әлі күнге дейін созылып отырған экономикалық мешеулік те сол кезден бастау алды.
Жалпы, кеңестік саясаттың шындығын, кеңестік билік жүйесінің қазақ ұлтына жасаған қастандығын Мұстафа Шоқайдан артық көрсетіп берген адам жоқ.  М.Шоқай «биліктің мүддесіне келгенде ақ орыс пен қызыл орыс бірігіп кетеді» деп жазған. Кеңес тарихын зерделегенде осы жағынан баға беруге тиіспіз.
рашид-Оразов-цветР. Оразов: – Бүгінгі тарих ғылымында адам­зат тарихындағы төң­керістер не берді деген сұрақ өзекті мәселе. Сәл ше­гініс жасайтын болсақ, гео­графиялық ұлы ашылулар кезінде, ХV ғасырда әлемді қайта бөлу үдерісі басталған болатын. Бұл үдерістің басында Португалия,  Испания, Франция және Ұлыбритания тұрды. Құрлықтық державалар арасында Азиямен шектесетін Ресей де отарлауды үдете түсті. Ресей императоры І Петрдің «Орта Азия – Үндістанға шы­ғатын қақпа» деп көрсетуі отарлау үде­рісіне жол ашып берді. Жалпы, XIX ғасыр Ресейде 1861 жылы крепостнойлық правоның жойылуымен, қазақ даласын отарлап алудың аяқталуымен сипатталады. Ресей империясының  отарлау саясатына қарсы қазақ даласындағы Сырым Датұлы, 1837 жылы басталған Кенесары Қасымұлының көтерілістерінен патшалық Ресейдің ыдырауына себеп болған 1916 жылғы көтеріліске дейінгі қазақ даласындағы үздіксіз толқулар біздің тарихымыздағы азаттыққа, тәуелсіздікке деген ұмтылыстың көрінісі.
ХІХ ғасырда қазақ қоғамы неліктен өркениетті елдерден артта қалып қойды? Міне, өзге елдің отары болуымыздың бір  себебі, біздің өркениет  көшінен, сол кездегі заманауи технологиялардан артта қалып қойғанымыз екенін мойындауымыз керек. Жалаң найзамен, қылышпен сол замандағы озық технология  саналатын қару мен зеңбірекке қарсы тұру мүмкін болмады.
ХХ ғасырдың басында дүниені қайта бөліске талас салдарынан тұтанған бірінші дү­ниежүзілік соғыстың тікелей себепкері Германия мемлекеті болатын. Осы   соғысқа Ресей империясы да араласты, ал, оның отары ретінде Қазақстанның өзі қаншама зардап шекті. 19 бен 43 жас   арасындағы ер азаматтарды майданның қара жұмысына алу жөніндегі жарлыққа орай, қазақ халқы майданға бала береміз бе, жоқ әлде қарсы тұрамыз ба деп екіге жарылды. Кейіннен патшалық Ресейдің жазалаушы отрядтары қазақ  даласын қанға бөктіруі, 300 мыңға тарта адам Қытай асуы, міне, осы қанды қырғын империялық отарлаушы елдің саясатын анық көрсетіп берді. Ахмет Байтұрсынов «Ақпан революциясы қазақ халқына қаншалықты түсінікті болса, Қазан революциясы соншалық түсініксіз болды.  Біз ақпан төңкерісі арқылы азаттыққа, автономия алуға қол жеткіземіз деген ойда болдық» дейді. Жалпы, Алаш зиялылары Қазан революциясын қолдамады.
Карл  Поппердің сөзімен айтқанда, қоғамды өзгертудің екі жолы бар, бірі реформалар, екіншісі  қарулы төңкеріс арқылы. Большевиктер қоғамды өзгертуді қару арқылы шешті. Өркениетті елдер реформалар жолын таңдады. Мысалы, аграрлық реформалар арқылы да қоғамды өзгертуге болатынын көршілес елдер тәжірибесінен көруге болады. Сон­дық­тан,  қазақ қоғамына қос төңкерістің тигізген пайдасы мен зардаптары әлі де талқылана береді.
– Большевиктер билікке шаруалар мен жұмысшылардың қолдауының арқасында жеткені мәлім. Ал, шаруалар коммунизм немесе социализм  үшін емес, жер үшін күресті. Бұл жер мәселесі қай кезде де өзекті екенін көрсетеді. Большевиктердің жер реформасы қаншалықты жүзеге асты?  
Р. Оразов: – ХІХ ғасырдағы Столы­пиннің аграрлық реформасы қазақ дала­сының бос жатқан  жерінің бәріне ішкі Ресейден жаппай қоныс  аударту арқылы қарашекпенділерді қаптатып, оларға құ­нарлы жердің бәрін тартып әперуге алып келді. 1916 жылғы  көтерілістің де бір себебі, жер мәселесі болатын.  Лениннің тактикасы қарапайым халыққа наны мен жерін беру арқылы өзіне тартуды көздеді. Сөйтіп, ол Ресейдегі миллиондаған шаруаларды өзінің артынан ерте білді. Ал, қазақ қоғамында жерді пайдалану рулық-қауымдық формада жүрді. Сондықтан, дәл Ресейдегідей реформаларды сол күйінде әкеле салу қабыспайды, бұны да ескеру керек.
Ахмет Байтұрсынұлының сөзімен айтқанда қазақ қоғамы, оның ішінде көзі ашық зиялылары болмаса қарапайым ха­лық  ағын да  қызылын да  түсіне  алмады. Кеңес үкіметінің саясаты бүркемеленіп, қолдан жазылды.
Г. Жүгенбаева: – ХХ ғасыр басында жер мәселесі асқынып тұрды. А.Бай­тұрсынұлының «Жер  мәселесі қазақтың өлі я тірі болуының мәселесі» дейтіні содан. Жер мәселесі қалай ушықты? Столы­пиннің аграрлық реформасы және 1861 жылы крепостнойлық правоның жойылуы салдарынан шаруалар жерсіз қалды.  Міне, қолында түгі жоқ, кез келген реформаны жасай алатын бұқара халық пайда болды.  Сөйтіп, ХХ ғасырдың басында Ресей өзінің шығысында жатқан бос жерлерді елестетіп,  атақты Ф.Щербинаның, В.Кузнецовтың  экспедициялары қазақ даласына аттанды.  Отырықшы халықтар көшпелі тұрмысты, қазақ үшін жер деген өз алдына бір экономикалық әлем екенін ешқашан түсіне алмайды. Оны тү­сіндіруге тырысқан Әлихан Бөкей­хановтар болғанмен, аз ғана зия­лының үні жетпеді.
Мұхамеджан Тынышпаев «Мен Вер­ныйда ерлер гимназиясында оқып жүр­генде жазда Сарқантқа салт атпен бара жатып Жетісудан былайғы жердің  бәрінен  орыс переселендерінің қоныстарын көретін едім» дейді. Ішкі  Ресейдегі езілген шаруалар аңсаған шығыстағы жұмақ жер осы болатын. Билік оларға қаншама жеңілдік берді, салықтан босатты, т.с.с. Арнайы  қоныс аудару ұйымы да құрылды. Ресей империясының жер  саясаты отар халықтарды өзіне жау етті. Ал,  большевиктер билікке келген кезде бұқара халықтың әлсіз тұсын пайдаланып, жер мәселесін бірінші орынға қойды. Кеңес өкіметінің қалың бұқараны соңына ертіп кетуінің бір себебі осы болатын.
Н. Мұхаметқанұлы: – Жерді халыққа бөліп беру Лениннің тұсында басталды. Қытай компартиясының билікке жетуінің де себебі, олар жер мәселесін шешті, яғни, помещиктердің жерін шаруаларға алып берді. Жерге ие болған шаруа 14-15 жастағы баласын Қызыл армияға береді, ерлік көрсеткендерге сыйлық ретінде жер берілді.  Өйткені, жер – адамның өмір сүруінің кепілі.
Жерді жекешелендіру кеңінен ойластыратын күрделі мәселе. Жерді жеке меншікке бермей де нарыққа өтуге болады. Мысалы, Қытайда жер мемлекеттік меншікте, жерді пайдалану құқығы ғана жеке меншікке 30-40 жылға беріледі.  Олар мемлекетпен өнім өндіру, пайданы бөлісу жөнінде  келісімшарт жасасады. Жалпы, жерді тауар ретінде сату – өте қауіпті нәрсе. Қазақ халқының өзіндік дүниетанымы, дәстүрі бар, шетелден алынғанның бәрі қазаққа үйлесе бермейді. Мемлекет басындағылар тарихи тәжірибені қоғамға, заманға лайықтағаны дұрыс.
– Қазан революциясының жеңісін біржақты бағалауға болмайтыны анық. Дегенмен, осы төңкеріс қазақ халқына не берді деп айта аламыз? Әлде бұл бүтін бір ұлтқа келген апат па?  
Н. Мұхаметқанұлы: – Біріншіден, Қазан төңкерісінен кейін социалистік жүйе құрылды. Ал, социалистік жүйе, бір сөзбен айтқанда, адамзаттың даму заңдылығына қайшы келеді.  Ол жеке адамның тұлғалық қабілетін ашпайды, тек аз ғана топтың саяси мүддесін көздейді. Адамның басты міндеті ең алдымен жеке басының мүддесін іске асыру десек,  социалистік жүйеде түрлі шектеулермен басып тастайды. Егер, сен партияға қарсы болсаң халыққа қарсысың, қылмыскерсің.  Совет үкіметі полициялық жүйе құрды. Капиталистік қоғамда да қайшылықтар болған, бірақ, капитализмнің өз реттегіш тетіктері бар. Социалистік жүйеде бірін-бірі рет­тейтін, бақылайтын механизм болған жоқ.  КСРО-ның ыдырауын көбі­несе сыртқы себептер дейді, олай емес.  Кеңес одағында қоғамдық жүйедегі ішкі қай­шылықтар асқынып, ең соңғы шегіне жетті.  Бұл жүйеде жеке адамның құқығы да,  мүддесі де жоқ, бірінші ке­зек­те әскери саланы дамытуға күш салынды.
Кеңес одағында білім жүйесі жақсы дамығанын жоққа шығаруға болмайды. Өйткені, социалистік жүйені сақтау үшін білімді адамдар керек еді. Социализмнің абзалдығын көрсету үшін кейбір саланы дамытуға басымдық берілді, денсаулық сақтау жүйесі жақсы дамыды және тегін болды. Мұның бәрі жүйені нығайту үшін қажет. Алайда, одақты жайлаған  екіжүзділік, жалған мәліметтер беру, өтірік көрсеткіштер, жо­ғары жақтың қойған міндеттемелерін орындау, осының бәрі жүйені іштей ірітті. Ғылыми негізде жасалмаған мұндай жасанды жүйе әрине құриды. Лениннен басталған көзбояушылық соңғы кезде, тіпті, шиеленісіп кетті. Саяси элита халықтан мүлдем бөлек өмір сүрді. Халыққа жақсы өмір сүруге мүмкіндік бермеді.  Айталық, сіз 100 рубль жалақымен күн көресіз, басқа табыс табуға болмайды. Еркін ойлауға, пікіріңді айтуға шектеу қойылған. Бұл адамның табиғатына қайшы емес пе? Сондықтан, оның ғұмыры ұзаққа бармады. Жалпы, бір қоғамдық жүйе үшін 70-80 жыл қысқа мерзім саналады. Кезінде Маркс капиталистік қоғамды да жойылады деген, бірақ, ол бұл жүйенің өзін-өзі реттейтін тетіктерін байқамады. Ал, Ресейдегі кеңестік жүйенің осындай реттеуші тетіктері  болған жоқ, тек партия жоғары тұруы тиіс болды.
– Қазақстандық тарих ғылымы тұрғысынан Қазан революциясының тарихи бағасы қашан беріледі?
Г. Жүгенбаева: – Кеңес одағы тұсын­дағы оқиғаларды ғылыми зерделеу енді ғана басталды. Өйткені, 70 жылдық казар­малық жүйе тұсында тарихи сана тұтқында болды. Біздің тарихи ойлау жүйеміз, саяси ілімдер, дүниетаным белгілі бір шеңбердің ішінде болды.  Кеңестік саяси идеология маркстік таптық ұстанымға негізделді, ол кеңінен ойлауға мұрша бермейді. Совет өкіметінің саясаты адамдарды құрсауда ұстады, содан біздің тарихи санамыз тұмшаланды. Бұл ғылымды, әсіресе, ұлттық тарих ғылымының дамуын тежеді. Тәуелсіздіктің 25 жылында ғана біз көне тарихымызға, дүниетанымымызға орала бастадық.
– 25 жыл аз уақыт емес қой.
Г. Жүгенбаева:  – Біз империя құр­сауында болған халықтың ұрпағымыз, сондықтан ойды, сананы өзгерту оңай емес. Ізгі  ғылымдардың барлығы кеңестік идеология шеңберінде дамыған кезде тарихи сана категориясының өзі жеке зерттелмеген еді. Соның зардабын енді тартып отырмыз, ойлау жүйеміз әлі күнге дейін шектеулі. Осы тұста социалистік жүйедегі Қытай неліктен дамып кетті деген сұрақ туады, олар социализм идеясын қабылдағанмен, адамның еркіндігін жоққа шығарған жоқ. Өйткені, олар конфуцийшілдікті сақтап қалды. Қазір де Қытай соның негізінде дамып отыр.
Р. Оразов: – Бұл көтерілістің, жалпы, Кеңес өкіметі саясатының тарихи бағасы берілуі үшін  ұрпақ ауысуы тиіс. Тарихи сана бірден қалыптаспайды. Оған  уақыт керек.
Жалпы, қазан төңкерісінің қазаққа берген пайдасынан гөрі зияны басым. Лениннің көтерген идеясы бойынша билік қарапайым бұқараға өтуі тиіс. Мұрағаттарда сақталған құжаттарды қарасақ, бір ғана Жетісуда билік басына келген адамдардың бәрі тек өзге ұлт өкілдері. Демек, большевиктер жалған идеология арқылы билікке қол жеткізді. Әрине, бұны жай халық түсінген жоқ. Тарихи мұрағаттарда осы Жетісу облысында әскери комиссар  болған П.И.Шебалиннің 1917 жылы «Қоқан автономиясын мойындамау керек» деп берген арнайы нұсқауы  сақталған. Бұл кеңестік биліктің әу бастан адам құқын, оның ішінде отар елдердегі адам құқын аяққа таптауының тікелей бір көрінісі. Азамат соғысы кезінде қазақ халқы большевиктерді де, меньшевиктерді де түсінген жоқ. Ағы кеп бір, қызылы кеп екі шапты. Кейіннен 1916 жылғы көтерілісте кеткен  кегіміз деп қазіргі Алматы облысы Шелек ауданында бүтіндей бір ауылды пулеметпен қырып тастаған оқиға бар. Міне, кеңестік биліктің бүркемеленген саясаты осындай.
Жалпы, осы Азамат соғысы кезінде қанша қазақ шығын болғаны әлі анық емес. Бұл біздің тарихымыздағы ақтаңдақ беттердің бірі. 1916 жылғы  көтерілісте шамамен 300 мыңдай адам опат болды дейміз. Ал, азамат соғысы кезіндегі  ақиқатқа Ресейдің жабық қорларын және өзіміздің жабық мекемелердің қорларын ақтару арқылы көз  жеткізуге болады.
Кеңестік биліктің Азамат соғысы кезіндегі тактикасын алайық, мысалы, жаңа экономикалық саясат деп салғырт салығын салды. Қолыңдағы барды берсең де, бермесең де  тартып алады. Халық сәл еркіндік алып аяғынан тұрып келе жатқаны сол еді, «жоқ, халық күшейіп  кетсе билікті тартып алады» деген үреймен 1928 жылдары байларды тәркілеу, одан кейін жаппай колхоздастыру басталды. Соның салдарынан болған 1931-33 жылдардағы аштық қазақ халқына зор апат алып келді. Оның артынан көзі ашық азаматтарды репрессиялау орын алды. Репрессияға ұшыраған кейбір  азаматтардың партияға өту кезіндегі құжаттарын ақтарған кезде мынадай  мәліметтер көзіме түсті: кеңестік билік партияға өткендердің бәрінің патша заманында кім болғанын мұқият зерттеген екен. Болыс, би  бол­ғандардың ұрпақтары партияға қалай өтті, тегін қалай жасырды – осының бәрі тексерілген. Міне, 1925, 1937 жылдардағы партиялық тазалау осылай жүргізілген.
Большевиктер 1937 жылы алдыңғы қатарлы азаматтарымызды  баудай қырып салды. Міне, өстіп ұлттың қаймағын бұз­ғаннан кейін партияның айтқанына бас шұлғитын халге жеткізді. Егер, әлі  зерттелмеген мұрағат қорлары ашылатын болса, бұл революцияның зардабына толық көз жеткізетін боламыз.
Н. Мұхаметқанұлы: – Мұны мемле­кеттік саяси жүйемен байланыстыру керек. Ғасыр басында 6 миллионнан асқан халықтың 3 миллионы жойылып кеткен. Егер, бұл Еуропа мемлекетінде болса үлкен сот процесі жүретін еді. Бір  ұлттың 50 пайызын жойған жүйені ақтауға болмайды! Біз қазір  кем дегенде 40 млн халық болар едік, бұл орны толмайтын қасірет.
Р. Оразов: – 1929 жылы Қазақстанды араб графикасынан латынға көшіру, 1941 жылы латыннан кириллицаға көшуі – біздің тарихи жадымызды өшіру мақсатында жасалған саясат. Біз  қазір өткенімізді білмейтін дәрежеге жеттік. Большевиктер  жеңіске жеткен соң бір халықты Еуропаға үлгі ретінде көрсету керек болды, сонымен, олар өзбектерді таңдады.   Өзбек ұлтын мұқият зерттеп, билікке қарсы шықпайтынын білді. Совет өкіметі кезінде оның жақсылығын бір көрсе осы өзбек халқы көрді. Ал, зардабын тартқан  қазақтар мен украиндар еді. Мысалы, біз Тобольск архивінде болған кезде патша заманында 900 мың адам айдауда болғаны туралы мәліметтерді көрдік. Ал,  кеңестік билік одан асып түсті. Қарлаг, Гулаг сияқты түрмелер жүйесін жасады. Халықты осындай қорқынышта, үрейде ұстау арқылы  кеңес өкіметі өз саясатын жүргізді. Бұл саясат 73 жыл 7 ай өмір сүрді.  Ал, егер, әу баста халықтың мүддесі үшін құрылса біз қазіргі Швейцария сияқты гүлденіп отырар едік.
A01А. Әлімұлы: – Ф.Дос­тоевский  «Братья Карамазовы» атты романында  Карамазовтың аузына мынадай сөз салады: «Егер де, социализм рас бо­латын болса, онда Құ­дай жоқ, ал,  Құдай бар болса, онда социализм өтірік». Әдетте ұлы жазушылардың ішкі интуициясы уақыттан алда жүреді. Карамазовтың жаңағы сөзінде шындық бар. Социализм құлады, Құдайдың  барлығына көз жетті.
КСРО елдерінің ішінде украиндықтар мен қазақтар бәсекелестікке  бейім, өте қабілетті халықтар еді. Ойшылдары, ел бас­тайтын тұлғалары көп. Сондықтан, оларды  тұқыртып ұстау керек болды. Мысалы, Октябрьден кейін шыққан тұлғаларды салыстыратын болсақ, өзбектерде, грузиндерде саусақпен санарлық. Ал, бізде тұтас бір топ – Байтұрсыновтар бастаған плеяда алдыға шықты. Бәсекелестікке қабілетті ұлттың еңсесін басып отыру большевиктердің бірден бір ұстанымы болғаны анық.
– Қазан революциясының рухани-адамгершілік мазмұнын қалай сипат­тауға болады?  Жалпы, төңкеріс қар­саңындағы діни ахуал қандай еді? 
Н. Мұхаметқанұлы: – Кеңес одағы атеистік көзқараста болды. Жалпы, діни  нанымы жоқ адам жауыздыққа бейім болады. Большевиктердің Ресей патшасы Романовтың өзін ғана емес, 2 жастағы сәбиін, тіпті, үй қызметкері мен арбакешін, дәрігерімен қосып атып тастауы деген қаншалықты жауыздық!  Қытайдағы осындай революция кезінде манчжурларды тақтан тайдырғанда отбасының бір де бір мүшесіне тиіскен жоқ.  Жапонияда  монархты мемлекеттің символы ре­тінде қарайды. Репрессия да дәл солай  жүргізілді. Күйеуі қылмыскер делінсін, ал, оның әйелі, баласына дейін ондаған жылға қамау деген дүниежүзі тарихында болған емес. Бұл социалистік жүйенің антигуманистік сипатын көрсетеді. Бұл жерден адами қасиеттің жұрнағын да таба алмаймыз. Совет дәуірінде адам құрт- құмырсқамен бірдей болды. Адами қасиет тапталған  жерде қоғамдық құндылық болмайды.
Кеңес өкіметінің жақсы жақтарын тізбелеу біздің ойлау жүйеміздің кемшілігін көрсетеді. Әлеуметтік жәрдемнің бәрі мемлекет қаржысынан бөлінді. Ал, ХХ ғасырда капиталистік елдер тұрғындарының тұрмысы бірнеше есеге көтерілді.  Олар алдымен адамның өз қабілетін іске асыруына мүмкіндік жасайды. Қазірде  әлеуметтік мемлекеттің үздік үлгісі сол батыста ғой. Кеңес мемлекетінде аз істесең де,  көп істесең де сол жалақыны аласың. Жемқорлық, қымқыру, ұрлау осыдан шықты.
Р. Оразов: – Ресей империясы қазақ даласын отарлау кезінде дінді бір құрал ретінде пайдаланды. «Қазақтарда дін жоқ екен, татар молдалары арқылы қазақтарды таза ислам дініне алып келеміз» деп, діни орталықты Орынбордан ашты.
Столыпиндік  реформа басталған кез­де ішкі Ресейден қарашекпенділерді қо­ныс аудартып қазақтарға жақындатты. Мұрағаттан Торғай губернаторының бір әскери министрге берген мәліметінде «біз орыс  переселендерін қазақ ауылдарына жақын орналастырып жатырмыз, енді, қазақтар шоқына бастайды» деп жазылған. Алайда, біраз жылдардан кейін переселендердің арасында өз еркімен мұсылман дінін қабылдағандар болған.
1905-1907 жылғы бірінші орыс революциясынан кейін жандармерия жақсы жұмыс істеді. Олар көзі ашық, оқыған азаматтарды бақылауға алды. Бүкіл оқу­ға тыйым салынатын кі­тап­тардың тізі­мін жасады. Бұл жұмысты патшалық жүйе құлағаннан кейін большевиктер жалғастырды. Мысалы, 1925 жылы Верный қаласында қанша мешіт бар, онда қанша адам қызмет істейді, соның тізімін жасау жөнінде НКВД-ға арнайы тапсырма берілген. Сөйтіп, олар көзі ашық, халықты ерте алатын азаматтарды, имамдарды, ишандарды құртты.  «Дін – апиын» деп құдайын мойындамайтын, таза атеизмді насихаттайтын имансыз адамдарды әкелді. Осылайша патша өкіметінің жете алмаған саясатын кеңестік билік 20 жылдың ішінде жүзеге асырды.
Г. Жүгенбаева: – ХХ ғасыр басында ұлт зиялылары саяси аренаға шыққан кезде қазақ қоғамындағы тіл, дін, жер мәселесін көтерді. 1905 жылғы Қоянды жәрмеңкесінде 14500 адам қол  қойған атақты «Қарқаралы петициясында» осы мәселелер көтерілген. Алаш қайраткерлерінің бағдарламасында бұл мәселелер басты орынға қойылды. Жалпы, дін адамның ең жанды жері. Дәстүрлі дінін, Құдайын ұмытпаған адам еш уақытта жауыздыққа бармайды.
Р. Оразов: – Патшалық билік дінге араласса да қазақтардың қажылыққа баруын шектеген жоқ. Ал, кеңестік билік қажылық, дін істерін шектеп, ме­шіт­терді жапты. Олар осы биліктің басы-қасында жүрген шоқынған Әліби Жангелдин сияқты азаматтарды пайдаланды.
– Қазан төңкерісі тарихынан қандай тағылым алуға тиіспіз? 
Р. Оразов: – Кез келген тарихи оқиға белгілі бір уақыт өткен кезде дәл сол формада болмаса да, кейбір атрибуттары қайталанып отырады. Біз 1917 жыл­ғы көтеріліс болсын, 1986 жылғы кө­теріліс болсын, қай жерден кемшілік жібер­генімізді ескеруіміз керек. Болашақта түрлі реформалар жүргізер кезде сол оқиғаларды ғылыми тұрғыдан негізге алып отырсақ, біз ешнәрседен ұтылмаймыз.
Г. Жүгенбаева: – Кеңес кезіндегі эко­­номикалық науқандар да негізсіз жүр­гізілді. Мысалы, тың және тыңайған жер­лерді игеру жөнінде ғалымдардың пікірін казармалық жүйе ескермеді. Билік пен халық арасындағы алшақтық, рухани-мәдени құндылықтардың аяққа тапталуы және т.б. келеңсіздіктер ақыр аяғы бұл жүйенің күйреуіне әкеп соқты.
Н. Мұхаметқанұлы:  – Қазан революциясынан алатын ең үлкен сабағымыз – мемлекеттік саясат ғылыми негізде болуы тиіс. Сонда заң да, қоғамдық жүйе де дұрыс болады. Кеңес  одағының ең үлкен қателігі де осы болатын. Сондықтан, тарихи тәжірибенің пайдалы, зиянды жақтарын екшей отырып, әрі қарай дамуымызды айқындаймыз.
– Алдағы уақытта отандық тарихшыларымыз жүз жыл бұрын өткен осынау дәуірлік уақиғаның ғылыми негізді бағасын беретіні анық. Өткенді білу бүгінгі болып жатқан оқиғаларды дұрыс түсініп, ертеңнен не күтетінімізді аңғаруға көмектеседі. Келелі кеңеске келіп, мазмұнды пікірлеріңізбен бөліскендеріңіз үшін алғыс айтамыз.

Алдыңғы «
Келесі »

2 Пікір бар

  1. Кеңестік кезді аңсайтындар оқыса ғой. Ресей отаршылдарынан қазақтың тартқан қасыретін ұрпақтар білуі тиіс.

  2. Ата бабадан калган сура о асы муравьи

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.