ДОС ЖЫЛАТЫП АЙТАДЫ… немесе ИМАНИ ТӘРБИЕНІҢ МАҢЫЗЫ

  • 06.03.2017
  • 134 рет оқылды
  • 0

Молдағали Матқан, публицист-жазушы,
академик

«Осы сендер, ой, айттық қой, жаздық қой» дейсіңдер, қайталап айтып отыру керек, үйдің төбесінен тамшылап аққан су-екеш су да іргеде жатқан қара тасты тесіп өтеді,  қайталап айтып отырыңдар».
Мұхтар Әуезов.

«Біз өз қажеттілігімізді ойша айтамыз да, өзімізге өзіміз кешірім жасап, кейін оны ұмытып кетеміз. Егер біз оны дауыстап айтатын болсақ, онда өзімізді-өзіміз кешіру қиын болады».
Профессор Я.Долецкий.

Текті заманның теңдессіз ұлылығы

«Басқалармен салыстырғанда көреген болғаным, алып­тардың иығына жайғасып, алысқа қол созғандығымнан болар».
Исаак Ньютон.

«Едігеден бастамасам, Ертегіге кетермін» деп жорық жыраулары айтқандай, бұл қазақ қай заманда да «күн отырмай», «түн ұйықтамай» ұланғайыр Ұлы Даланы ұрпағына аманат ету жолында болсын, тәуелсіз елдікке қол жеткізіп, елдің, ұлттың, ұрпақтарының бағын жандыру қамында болсын, алдымен қажымас қайсарлықпен күресе алатын жанқияр қайраткерлер мен халықшыл тұлғаларды қаулата білу арқылы ұлы өркениетке өзге ел-жұрттан бұрын қол жеткізе білген ата-баба, аналарымызға мың тағзым!
Тәуелсіз ел болдық, ғасырлар бойы бодан болып, кіріптар күймен мүсәпірлік күн кешкен басымыз еркіндік алды. Ел ата-баба тарихына үңілді, ана тіліне құлшынды. Ендігі жерде, ағымдағы уақыттың, мезгілдің бәрінде де бәсекелі тәуелсіз елдікке лайық ұлттық жаңашыл да бастамашыл болмысымызды да, прогрессивті, принципшіл де мәртебелі өмірлік ұлы ұстанымымызды ұтқыр дәрежеде жаңаша қалыптастыра отырып, оздыра білуге айрықша міндеттіміз. Өйткені, бүгінгі қазақ халқы үшін сын сағаты теңдесі жоқ дәрежеде ерекше соғып тұр.
Бағзы замандағы ұлы ата-бабала­рымыздың мұратына жылына білген кезеңде елдік пен ұлттыққа қатысты өзекті мәселеге, әсіресе, ел, ұлт, ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне әке-шешелеріміз, ата-әжелеріміз аса айрықша мән бергендігі тарихтан белгілі. Ал, бүгінгі тәуелсіз ел атанған елде қандай?..
Қазақ қауымы әрбір отбасындағы өз бала-шағаларымызды түзеуден бұрын әке-шеше де, ата-ене де ең әуелі өзін-өзі түзеуі, ортамызда абыройлы күймен жүрген үлгісі мен өнегесі орасан зор, кемел де текті азаматтарды көре білу арқылы түзелуі аса қажет. Жас ұрпақты үлгілі-өнегелі іс-әрекетпен қарым-қатынас жасау арқылы тәрбиелеу – ұл-қызымыздың, немере-шөбереміздің пара­­­сатты ақыл-ойы мен шабытты ізде­німпаздыққа, ізгілікке, кемел адам­гершілікке бастайтын ұлағаты зор бастамашыл да жаңашыл жолды көрсете білу, бұл – ананың негізгі айнасы. Өмірлік тәжірибе тәрбиесіне үңілсек, ең бастысы бұл қатаң талап пен тәртіптің ықпал бірлігінің нәтижелілігінен болады. Бірі – отбасында айқайлап сөйлеу тәртіпсіздігі мен мәдениетсіздігінен, сауатсыздықтан, тексіздіктен, тәрбиесіздіктен, ұрысқақ­тықтан, дөрекіліктен, екіншісі – тұйық­­тықтан, жігерсіздіктен, ұялшақ мінездерден арылады. Ұлтсыз, ақылсыз, парықсыз, тексіз, сауатсыз, көргенсіз, опасыз әке-шеше ғана өзгеріссіз күйде қалады. Яғни, Құдай қаламайтын қылықсыз, сорақылығы мен дөрекілігі жиіркенішті, қасиетсіз мінезін жал­ғастырады. Мысалы, өз ұрпағының, әсіресе, немере-шөбересінің денсаулығы мен өркендеуіне аса айрықша кесапатын тигізетін иісі кесапатты – қауіпті де қатерлі темекіні шегуін, арақты ішуін, кесірлі ұрыс-керісті үдетуін үзілді-кесілді түрде тоқтатпайды. Өйткені, оның ешкімге де жаны ашымайды. Тәрбие мен тәртіп түзелмей, ел, қоғам, ұлт, ұрпақ түзелмейді, өмірлік ескек құдіретті болмайды. Сондықтан, отбасындағы күнбе-күнгі кесірлі іс-әрекеттеріміз бен бір күнгі ұрыс-керістің… кейін қырық күндік қырсығы болатындығын естен әсте шығармағанымыз жөн. Сонымен қатар, күнбе-күнгі әрбір ұлағаты зор іс-әрекеттеріміз арқылы, үлгі тұтар өнегесі мол келбетіміз арқылы ұтқыр да озық тәлім-тәрбиенің үлгілерін ұрпақтарымыздың ой-санасына, өн-бойына сіңіре білсек, біз үшін үлкен жеңісті жетістік болары анық. Досай би: «Жақсыдан жаман туса, Шамшырағың өшкені емес пе? Елге үлгі айтар ерің болмаса, Құт-берекең көшкені емес пе?» деуі осыдан.

Бүгінгі ұл-қызды асылдандыру – ұлы мақсат

«Адамның толық бақытты болуы үшін – оған жүрегін мейірлендіретін Отан қажет».
Киостық Симонид.

Қайдасың, қазақты оятатын текті ақсақалы мен асылдың сынықтары?..
Иә, не нәрсеге болса да, қандай мәселені болса да жаңа көзқараспен жаңаша қарап, ХХІ ғасыр сахнасында әлемдік бәсекелестікке қабілетті және тәуелсіз елдікке лайық тәрбиелі де инабатты, саналы да білімді, есті де текті, рухты да намысты, кемел де кемеңгер, тұлғалы ұрпақты көкте еркін самғату үшін қалай тәрбиелеп, қалайша қаулата өрбітеміз? Оларға қоғамға, елге, ұлтқа, өзінің отбасына ұтқыр дәрежеде мінсіз қызмет жасай білудің қыр-сырларын қалай үйретеміз? Олар қоғамымызда кімнен және қандай озық үлгілі-өнегелі келбеттерді алуы қажет? Әке-шешенің, ата-әженің, ата-ененің қоғам және ел, ұлт, ұрпақ алдындағы мінсіз атқаруға тиісті міндеті мен борышы, өтелуге тиісті қарызы мен парызы қандай дәрежеде болуы керек? Жалпы, бүгінгі тәуелсіз елдікке лайық ауадай қажетті кемел ұл-қыздарымызды… озық та ұтқыр күйде тәрбиелей алмағандығы үшін, қажетті сан-салаға еркін самғата алмағандығы үшін олар заң алдында қатаң жауапты ма? Ел ішінде қылмыстың аса ауыр түрлері де, ауқымы мен ықпалы да неге еселеніп барады? Неге? Олардың ар алдында жауап беруге міндетті әке-шешесі, ата-әжесі қайда жүр? Жауапқа кім тартады? Қашан? Мінеки, осылайша тізбектей берсек тағдыршешті мемлекеттік стратегиялық мәселеге қатысты сұрақтар өте көп, бірақ…

Әңгіменің ашығын айтуымыз керек. Адамзат баласында нығмет атаулының ең абзалы – салиқалы да сабырлы, бекзат мінезді, тәрбиелі де өнегелі, есті де текті, ибалы да инабатты әйел, шеше, әже екені ақиқат. Өйткені, ізгі әйел – үйдің жылуы. Ізгі әйел – күйеуінің жердегі жұмағындай. Қазақы нақылдарда да жақсы әйелдің мәртебелі сипаттары көп айтылған. Олай болса, Ұлтымның Ұлы Мәйегі! Қалғыма, Қазақ Әйелі! Рухы зор ұлттық намысты қандай күйде жүргеніңе қарамастан қайткен күнде де текті кісілікпен сақтай біл. Имансыз қасиет болады. Рухсыз, арсыз-намыссыз, тексіз, тәрбиесіз, ұлтсыз, ұятсыз ұл-қыздарымызда Отан болмайды!
Әлбетте, рухы зор есті де текті шешесі бар үйдің, ұлттық намысы асқақ, көргенді енесі бар үйдің отбасы дауысты ешқашанда көтеруге жеткізбейді және кез келген мәселенің ұтымды шешімін айқай-шусыз, ұрыс-керіссіз, тек ақылды, парасатты, сабырлы, салмақты, текті кісілікпен ғана шешеді, түзеледі. Әрбір отбасы түзелсе ел түзеледі. Ел түзелсе, имандылық, ізгілік, қайырымдылық, адал жанашырлық, адамгершілік, кісілік секілді ұлттық ең асыл құндылықтарымыз бен өзге ұлт-ұлыстардан шоқтығы биік артық­шы­лықтарымыз салтанат құрады. Иман­дылық салтанат құрған қоғамның да, отбасының да мерекелі берекесі, суыспас ынтымақты бірлігі мен тату тірлігі күн сайын нығаюмен шыңдала түсіп, ең игілікті де ізгілікті жақсылықтың тек нұрлы шуағының сәулесі жарқыраумен жылытады. Жақсылықтың нұрлы сәулесі жылытқан ел бақытты өмір сүреді. Сонымен, бақытты болу дегеніміз бақытты өмір сүре білу жолында өле-өлгенше өмір бойына жан-жақты сауатты да талғампаз күймен іздене білу және сол көздеген мақсатқа, яғни, бақытқа айрықша мүдделі құштарлықпен қол жеткізе білу үшін үнемі жанқияр дәрежеде күресе білу болса керек. Күйреуге түскен рухани иммунитетімізді теңдесі жоқ дәрежеде күшейте білуіміз аса қажет. Демек, ұлттық текті кісілік пен көреген кемелдіктің ұтқырлығын оздырудың түп-тамырын түгендей білген, замананың, уақыттың талаптарына сай оларды үнемі жетілдіре білу арқылы оздыра білген ел, ұлт, ұрпақ тоқырауға ұшырамайды. Әділет министрлігінің мәліметі бойынша, 2016 жылы елімізде  6687 аралас неке тіркеліпті. Оның ішінде қазақ қызы қытай жігітімен 2016 жылы 127 қосылса, ал, 2015 жылы 118 қыз жұптасыпты. Осыған орай психолог Анна Мергенбайқызы аралас некеден дүниеге келген балалар психологиялық соққы алуы мүмкін дейді. Сондай-ақ, шетелдіктерге тұрмысқа шығатын қыздардың әрекетіне жігіттер де жауапты дейді психотерапевт.
Алайда, «надан кещелікпен ұл-қы­зым бақытты болсын» деп тек бетін сый­пай салушылықтан әрі аса алмайтын сорақы көрсоқыр сезімінен де, надан бос кеудесінен де әрі аса алмайтын қайсыбір күрессіз әке-шеше баласын, ата-ене келінін бақытты қыла алмайды. Керісінше, өзін-өзі алдаушылық, арандатушылық ең сорақы қылығымен бақытсыз өмір кешуге итермелейді, мәжбүрлейді. Бұл сайып келгенде, кімді-кім қалай алдап жүргендігін өздері де білмейді, оны білгісі де келмейді. Бұл – жұлығынан жұлынына дейін қыңыр­лықтың, надандық пен кещеліктің, мәңгүрттік пен опасыздықтың нағыз шырқау шыңы емес пе?! Расында да, дәл солай. Сол себептен де, олар өз балаларын бақытты ете білудің жолында жанқиярлық жанталаспен күреспейді де. Сондықтан, бұндай ар-намыссыз, ұлтсыз, тәрбиесіз, тексіздікпен мүлде күрессіз күйде тіршілік күйін кешетіндер өзінің ұрпақтарымен мақтана білуді де, марқая білуді де ешқа­шанда армандамайды, білмейді, түсін­гісі де келмейді.
Қыздарымыздың, жалпы өскелең ұр­пақ­тың тәлім-тәрбиесі – халықтың ең қымбат байлығы. «Қызды тәрбиелегенің – бір ұрпақты тәрбиелегенің», – деген ата-бабамыз қызға қырық үйден тыйым салуға және бір сәтке де көзінен таса қалдырмай, ұлттық тәрбиесіне ерекше зор мән берген. Сонымен қатар, ұлттық намысқа қатысты, әсіресе ұлтсыздыққа, опасыздыққа, сатқын­дыққа… аса қатаң жауапкершілікпен қарауды айрықша мұрат тұтқан. Ендеше, ХХІ ғасырда біз де келешегімізді, ұлт тағдырын жауапкершілікпен ойласақ, қыз баланың тәрбиесін ұлттық болмыстың барлық іргетасымен астастыратын халықтық қағи­даны, өсиетті қалтқысыз ұстана білуіміз қажет. Қыздарымызды сан алуан жаман қылықтан, жиіркенішті көріністен тыйып, алданып қалудан, зорлық-зомбылықтан қорғай білуіміз аса қажет. Қазақ қызының таза да тұнық, тәрбиелі де өнегелі болмысы – есті де текті кісілігіміз бен кемел ұлттығымыздың айнасы. Ұлт тағдыры қыздарымызға байланысты. «Жерді Ер қорғайды, ұлтты Қыз сақтайды» деген ұлы ата-бабамыздың өмірлік ұлы өсиетін теңдесі жоқ дәрежеде жаңаша жандандырып, жаңаша жаңартып, көшбасшылыққа лайық мәртебелі абыройымызды жаңаша асқақтата білейік, ағайын.

Ұлы Даланың өнегелі де үлгілі ұрпақтарымыз

«Жаманнан туған жақсы бар,
Адам айтса нанғысыз.
Жақсыдан туған жаман бар,
Күндердің күні болғанда,
Бір аяқ асқа алғысыз».

Асан Қайғы.

Бүгінгі қазақ елінде шын мәнінде нағыз әділет, адалдық пен жанқияр халықшылдық үстемдік құратын болса, онда шын мәнінде өркениетті елдікке, тәуелсіз ұлттыққа міндетті түрде қол жеткізу арқасында ел, ұлт, қоғам, ұрпақ түбегейлі гүлдей жайнап, жапырақтай жайқалып, көркеюмен жарқырап өркендей білуге даңғыл жол ашылары сөзсіз. Қашанда әділдік салтанат құру үшін өмірлік шындықты адал жанашыр күйдегі шынайы текті кісілікпен айта білетін, жаза білетін адам – жау емес. Керісінше, ол кім-кімнің болса да  нағыз адал досы, шын мәніндегі жанашыры, айтулы қорғанышы екені ақиқат. «Дос жылатып айтады…» – деген сөз содан қалған.
Ендеше, сын түзелуге де, ұлтты, қоғамды түзетуге де бет алды, олай болса, қазақ – менің жанымдай жақсы көретін жалғызым   болғандықтан да,  сен де ойлан! Ақыл-есті, етек-жең­ді жый­на! Біз тәуел­сіз  елдікке сай ұлттық болмысымызды және ой-сана­мыз бен өн-бойымыздағы сан салалы қа­білет-қарымымызды тезірек түзетуге міндеттіміз. Алайда, бұлардың бәрі бүгін ерте көрінгенімен, ертең тым кеш болып, қауіпті қатерлері еселеніп кетуі әбден мүмкін. Адасуға да, алжасуға да қақымыз жоқ. Ұлы ата-бабалардың аманатына қиянат жасауға болмайды. Шегінер жеріміз де қалған жоқ, оян, қазақ! Өйткені, біз Ұлы Даланың теңдесі жоқ өнегелі де, үлгілі де, кемел де кемеңгер, жеңімпаз батыр, қаһарман  рухты ұл-қыздарымыз. Ұлттық ой-санасы жоғары, ар-намысы берік, рухы асқақ адам адаспайды. Дей тұрғанмен де, қазақ қауымында отбасында береке-бірлігі мол, текті де сауатты, яғни, тәрбие-тағылымы орасан зор ата-ананың өнегелі қызын (келінді) – қайсыбір тексіз де сауатсыз ененің мазаққа айналдыру, ит төзгісіз азап пен тозақтың отына салуы кімге қажет? Қысқасы, қысқа күнде қырық түрлі ұрыс-керіс пен дау-дамайды өршітуден кім не ұтады? Тек ененің «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» жасауды дәстүрге айналдыру қайдан, қалай шыққан? Өмірге келген немере-шөбере кімнен, қандай үлгі-өнеге алады? Тыныш мамыражай, уайым-қайғысыз, шуақты отбасында бала бақытты күймен өседі. Әрине, алаңсыз күйдегі балалардың бал күлкісіне не жетсін. Ал ұрыс-керісті, айқай-шуды жиі еститін баланың психикасы, дұрыс дамуы, жетілуі, денсаулығы, оқуы… қандай дәрежеде болмақ? Бұндай жағдайда өзгенің қателерінен үйрене білу қажеттігін түсіне қоятын көреген де ақылды, есті де текті ене кәнеки?! Данышпан Абай: «Адам боламын десеңіз, бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге ғашық бол» деген өмірлік өсиетті бекерден бекер айта салмағаны да баршаға аян.
Қысқасы, «Қарау адам – күншіл, мекер адам – міншіл» дейді ықылым заманнан бергі атам қазақ. Өйткені, әділдіктен, адамгершіліктен, бекзат мінезділіктен танып, қасиетсіз қылық көрсетіп, келінді күндеу – жалақор, қарау ененің әдеті болса, іштарлық жасау, көре алмаушылығы зор айлакер, қудың әдеті. Қарау адамның қараулығы келіннің жан-жақты сауатты да текті кісілігін көре алмауға байланысты болса, ал қудың мекерлігі – келінге қалай болған күнде де мін таққыштығы, кемітіп-кемсітіп күн көрсетпеудің жолын жанталаса іздестіруі болса керек. Қалай дегенде де өмірлік үлгілі өнегесі орасан зор текті қазақ «Қатықсыз қара су ішсең де, құлағыңның өсек-аяңнан тыныш, жаныңа жайлы бейбіт мамыражай өмірдің болғаны абзал» деуі, міне, осыдан. Айталық, жас келінді итше талауға түсіре отырып, отырса – опақ, тұрса – сопақ жасаудың, отбасыңның ырысты ынтымағы мен өмірлік бірлігін қасқырша сойқандаудың ең сорақы көрінісі. Ал, қарау адамдар сол мақсатты қалайда іс-жүзіне асыру үшін тырнақ астынан тек кір іздеуге келгенде аса шебер келеді. «Өзің білме, білгеннің тілін алма» дейтін аса қатерлі  қарғысқа ұшыраған ба дерсің мұндай жағ­дайды көргенде. Шынымен де, бұдан асқан ауыр қасірет те, қаскүнем қатыгездік те бұл дүниеде жоқ та шығар, сірә. Ендеше, бұндай қасіреттен жазыла алатын күн туа ма? Әй, қайдам. Әлде, бұл тұқым қуалайтын, тіпті, ешқашан айықпайтын ең қатерлі қасірет пе? Қалай дегенде де қоғам, үкімет болып, қандай қатаң шараларды қолға алғанымыз жөн болады?
Жылы сөз – жаныңды жылытады. Көркем мінез – өміріңді көркейтеді. Сонда деймін-ау, өз келінін «балам» деп адал да мейі­рімді  аналық  сезімге толы ең шуақ­ты нұрлы сәулесімен әрдайымда өз бауырына тарта алмаған, ішіктің ішкі бауынан да бетер ыстық та ынтық дәрежеде жылыта алмаған жиіркенішті ене, ертеңгі күні кімнен, қандай шуақты жылу күтеді? Сондықтан, отбасына шектен тыс қасірет сыйлаудан әрі аса алмайтын жек­сұрын, қанішер, опасыз, көргенсіз, обыр үстемдікке құштар сорақы енеден Құдай сақтасын дейік. Десек те, отбасындағы көпшіліктің абыройын айрандай төгіп, насырын табан астына бүгіп, бүкіл өмірлік жігеріңді құм ете білуден, өркендеп дамуға байланысты мүдделі жоспарыңды күл ете білуден әрі аса алмайтұғын қатерлі енеден қалай болған күнде де сақтана білудің ұтқыр жолын таба білу аса қажет. Әрине, өзін-өзі тәрбиелей білу арқылы ұтқыр өзгеріске түсіп, өнегелі де үлгілі өмір сүре білудің қажеттілігін мүлде ұқпайтын, тіпті, ұққысы да келмейтін обыр енеден жақсылық күтуге болмайды. Бар дүниенің нарқы мен парқын білмейтіндіктен, алтынды мыстан ажырата алмайтын, текті кісіліктің көреген кемелдігі мен кемеңгер даралығын көре алмайтындықтан, жүрген жеріне шөп шығаруды қаламайтын кертарт­па ене талайлардың түбіне жетпей, шаңырағын ортасына түсірмей қой­майтыны сөзсіз. Енеден рахат емес, керісінше, зардап шеккендердің саны жылдан-жылға көбейіп барады. Отба­сындағы сан алуан ұрыс-керістің кеса­па­тынан жас жұбайлардың ажырасуы әлемдік рекордтық межеден де асып түсті. Бұның сыртында қазақ қыздары тәрбиесіз, ар-намыссыз ұлт­сыздықпен, көргенсіз мәңгүрттікпен, сауатсыз мәдениетсіздікпен басқа ұлттың жігіттеріне күйеуге шығудың, бауыр еті нәрестені әжетхананың құдығына лақтырудың, қысқасы, елдің, ұлттың ар-намысын аяққа таптаудың, әсіресе, әке-шешесін тірілей көрге тығудың опасыз дәстүрі шектен шығудың нәтижесінде әлемдік рекордтық дәрежеге жетті. Бізге бұндай ұлттық қасіреттің алдын алу және бассыздықпен насырымызды бүккіш тәрбиесіз, көргенсіз, ұлтсыз, намыссыз әке-шешені де, қызды да тәртіпке дер кезінде салу үшін жауапқа тартатын аса қатаң заң аса қажет. Бұл жөнінде біз үйренерлік, үлгі аларлық озық мемлекеттердің саны көптеп саналады. Өмірлік айдай ақиқат-шындықты күллі ел, ұлт болып, қоғам, үкімет, мемлекет болып, дер кезінде мойындай білу, бұл – ең үлкен маңызды ерлік. Бір-ақ мысал. 2015 жылы дүниежүзі бойынша ерлі-зайыптылардың ажырасуына орай, 10 мемлекеттің қатарына Қазақстанның да енгендігі туралы Ұлыбританияның әйгілі «The Economist» журналы сүйінші сұрап тұрып жазған-ды. Демек, мың адамға шаққанда – 2,7 болғандықтан алғашқы ондыққа кіріп отыр. Ең жанға батар тұсы еліміздің ажырасу көрсеткіші бойынша мұсылман елдері ішінде көш бастап тұруы. Бұндай қасірет шежірелі ұлттық тарихымызда бұрын-соңды ешқашанда болып көрмеген, өзекті өңешті өртейтін ең келеңсіздік қой. Өкінішті.
Ажырасудың артында тұтас ұлттың, мемлекеттің және отанның болаша­ғының жатқанын ескеруіміз керек. Ендеше, ұрыс-керіс, айқай-шудың кесапатынан құтылудың жолы қандай, ағайын? Бұл өте қиын және өте ауыр сұрақ. Ақыл айту одан да қиын. Десек те, ұрыс-керістің, айқай-шудың… алдын алудың және одан қайткен күнде де құтылудың бір жолы ретінде айтарымыз, адамдарды имандылыққа шақыру, Құдайдан қорқуға үндеу болатын шығар, сірә. «Бір жамандыққа-бір жамандық, ал бір жақсылыққа еселенген жақсылық бар» – деген қасиетті Құран сөзін естен шығармау ләзім болар!
Ұзын сөздің қысқасын айтар болсақ, бүгінгі таңда өзін-өзі тәрбиелей алмайтын, асыл құндылыққа, текті адамгершілік пен есті кісілікке құлшынбайтын қазақтың басындағы аса ауыр қасіреттер мен опасыз, жағымсыз қасиеттердің түрлері – міне, осылар. Осынау қасіреттің бәрін сараптай келгенде ахиретті ұмытудан болып отырғанын көзі қарақты оқырман өздері де ұғып отырған болар.

Тұғырымыз  берік,  мәртебеміз биік  болсын десек…

«Түйенің өзі түйе, құмалағы түйе емес».
Бекболат би.

 «К сожалению – здесь уже вдействий закон самой природы – наследники Чингис хана, не обладая талантами и способнос­тями своего великого предка, разрушили, пожалуй, величайшую Империю всех времен и народов».
Қайрат Закирянов.

Тал бесік пен жер бесіктегі аралық – біз үшін сынақ көпірі. Көпірге тұрақтап қалу мүмкін емес қой, сондықтан да, мұны біздің ата-бабаларымыз «жалған дүние» деген. Адамзат баласы өзінің ой-санасын, ойлау жүйесін, өмірлік тіршілікке қатысты амалдарын жан-жақты талдау, рухани жетілдіре түсу арқылы тағдырын дұрыс жолға бұрып, өзгерте де, оздыра да алады. Ендеше, Абай айтқан біз де «заманға қарай өзгеруіміз» керек. Заманға қарай өзгеру үшін бізге білім мен білік, пайым мен парасат керек. Сонда ғана ұлттық рухымыз, ұлттық мінезіміз дүрысталып, ұлттық намысымыз жанданады. Сон­дық­тан, бұрынғы жаман қылық-әдет­терден құтылып, тал бойына жақсы, әдеп­ті әдеттерді, бекзат мінезділікті үнемі жетілдіру арқылы қалыптастыра білуге ерекше мүдделілікпен құлшыну қажет. Рухани білім-ілім беретін кітаптарды оқып, білімін үнемі жетілдіріп отыру керек. Сонымен бірге, кез келген адам өмірге қандай мақсатпен келгендігін ұмытпағаны жөн. Біз жай ғана адами құндылық – дін мен ділді, ұлттық ар-на­мысты, ана тілді, ата дәстүрдi, салт-сананы… ұмытып бара жатырмыз. Халықтың ұлт­тық өз бет-бейнесiнен айырылуы не сақ­тап қалуы – әрбiр ұрпақ өкiлiнiң өзiнен кейiнгi iзбасарларына бабалар аманатын қай сапада жеткiзе білуiне тікелей байланысты. Сондықтан да, өкінішке орай, әке-шешелер, ата-әжелер өзінің ең басты өмірлік миссиялары, мақсаттары жайлы ұмытып, бірі – байлықты, мансапты, атақты қуып, екіншісі – тірліктің шырмауықты шырғалаңынан өлмес амалдарын іздеп, үшіншісі – ұрыс-керістің… өсек-аяңның соңына түсіп, ұлттық тәрбие, түптеп келгенде, құрдымға құлдырап барады. Бір ғажабымыз, өкінішке қарай, қазақ қауымы өз бойындағы қателікке толы шексіз күнәларын ешқашанда өзінен іздемейді, керісінше өзгеден іздейді, тіпті, оның атына небір нақақ жалаларды жабуға келгенде айтулы құштар, әрі ерекше шебер келеді. Ең қасіретті сұмдық – міне, осы.
Әлбетте, қоғамдағы негізгі жүйелі қыз­меттердің бірі, ол – баланы озық та ұтқыр күйде тәрбиелей білу, ұтымды дәрежеде сан-салаға самғата білу. Бұл ретте әке-шеше, ата-әже теңдесі жоқ дәрежедегі өмірлік ұстаздықты, тәрбиешілікті оздыра білуі – қатаң шарт. Осыған байланысты бір ғұлама философ: «Біздің ауруымыз бен дұшпанымыз – біздің ұстазымыз» деген екен. Бұл сөз шындығына келгенде дөп басып, дәл тауып, ұтымды ұтқырлықпен әділ айтылған сөз. Сол себептен де, өзінің баласын, немере-шөбересін міндетті түрде бақытты ете білу мақсатында, кез келген сауатты да адал ізденімпаз әке-шешеден, ата-әжеден өмір бойына өле-өлгенше жан-жақты талғампаз күйдегі қажырлықпен із­денуді, аянбай өлшеусіз тер төгуді қатаң түр­де талап етеді. Қашанда мерекелі берекесі мен ынтымақты бірлігі үнемі қабысу ар­қылы сары желімдей жымдаса жарасқан, ұлттық тәлім-тәрбиенің ұтқырлығы мен өнегелі ұлағаты ұласқан, тұғырлық құдіреті мен түтінінің қасиеті өнегелі де, үлгілі де бола білген отбасы, бұл – баянды жарқын болашақ. Бұндай отбасы – ең бақытты отбасы. Бұндай отбасында һәм қазақтың ойдағы ұлы мақсаттары міндетті түрде орындалады, еңсесі тіктеледі, ұл-қыздары… теңдесі жоқ дәрежеде көктеумен гүлдейді.
Демек, атам қазақ «темірді қызған ке­зін­де соқ» демекші, өз баламыздың, не­мере-шөбереміздің жарқын болашағы үшін саналы өміріңді сарп ете білуді, сәті келген тұста уақыт-мезгілін созып алмай дер кезінде бар жиған-тергеніңді құрбан ете білуді қажет етеді. Баланы бақытқа жеткізе алатын жалғыз ұтымды жол, ол – әке-шешенің де, ата-әженің де күн­делікті тынымсыз тіршіліктің барысында адал жанашырлық пен мін­сіз қамқорлыққа қатысты, қоғам алдын­дағы әке-шешелік қарызың мен па­рызыңды мінсіз атқара білу жолында үнемі көрсете білуге міндетті үлгілі де текті келбеті болса керек. Сонымен қатар, баланың ой-санасына шегелеп сіңіре білуге тиісті өнегелі де озық тәлім-тәрбиесі, сапалы да ұтқыр білім-ілімі мен руханиятқа бай алтын қоры ғана. Бұл, әрине, жарқын болашақтың кепілі. Өйткені, қазақ өзінің бақытын тек өзінің баласынан, яғни, өзінің ұрпағынан ғана, өзінің немере-шөбересінен ғана күтетін теңдесі жоқ ерекше халық. Бұл ретте жер бетінде қазақтай ұл-қыздарын, немере-шөберелерін бақытты ете білуге келгенде күллі жан-дүниесін де, бар жиған-тер­гендерін де тек құрбандыққа шалудың жолында ғана өмір сүре білетұғын ұлт-ұлыстың жоқ екені де даусыз.

Диплом – сауаттылықты білдірмейді

«Өмірден тәлім алмаған, ешбір мұғалім­нен тәлім ала алмайды…».
Рудаки.

 Сөздің  шыны керек, адамның қолы­на түскен диплом – сауаттылықты, текті кісілікті білдірмейді. Алайда, әке-шеше, ата-әже, ата-ене жан-жақты сауатты бола білу үшін өмір бойына, қараңғы көрге кіргенше талғампаз ізденімпаздықпен іздене білу, өлшеусіз тер төге білу қажет. «Жанымызда жүр жақсы адам» демекші, біз прогрессившіл, бастамашыл және көшбасшылық бағытында ортамызда жүр­ген ұлттық асылдарымыздың, алып­тары­мыздың сынықтарының өнегелі ұтқыр өмірін көргіміз келмейді, тіпті, білгіміз де келмейді. Өз ұл-қыздарымыз бен немере-шөберелерімізді ұтқыр күйде тәрбиелей білу үшін ең алдымен үлгілі-өнегелі отбасынан үйрене білудің өле-өлгенше ауадай қажет екендігін түсінгіміз келмейді. Қалай айтқанда да, озық та ұтқыр күйде жаңаша өмір сүре білетін кезең әлдеқашан келді. Алаш баласы айнаңа қатал сын көзбен қарай отырып, ар алдында дар алдында тұрғандай сезініп, өмірлік үлгі-өнегесі зор текті отбасынан, әсіресе, әке-шешеден, ата-әжеден, ата-енеден үйренген өнегелі асылдық пен кемел ұлылықтарды оздыра білу үшін саналы да ұтқыр сауаттылықпен ең алдымен өз ұрпағының ой-санасына, өн-бойына шегелеп сіңіре білу қажет. Сонда ғана өміріміз мәнді де, сәнді де, берекелі де, мерекелі де болатыны даусыз.
Сонымен, сауатты деп – кез келген оттың басында болсын, қоғамдық ортада болсын, ең алдымен өзін-өзі тәрбиелей алатын, нәтижесінде бойындағы жа­ғым­сыз, тәрбиесіз, тексіз, ұр да жық дөрекі мінезінен тезірек түбегейлі арыла алатын, өзінің күнделікті жүріс-тұрысының, қабілет-қарымының ұт­қыр­лығы мен ұтымдылығын бақылай алатын, сонымен қатар, өзін қоршаған адамдармен қарым-қатынасын, ұл-қыз, немере-шөбере алдындағы ұлағаты зор тәрбиелік пен мәдениеттіліктің, кісі­лік пен адамгершіліктің үлгі-өнегелі кел­бетін міндетті түрде көрсете алатын, қысқасы, міне, бұлардың барлығын да күнделікті тіршіліктің барысында қатаң түрде қадағалай алатын, білім-ілім мен біліктіліктің, жеңімпаз іскерлік пен сауаттылықтың озық бола түсуін жан-жақты жетілдіре отырып, бекзат мінезділікпен ұтқыр қабілет-қасиеттерді оздыра алатын әке-шешені, ата-әжені… ғана айтамыз. Демек, кез келген саясатты жан-жақты сауаттылықпен терең игере білу, бұл – сапалы да саналы, озық та ұтқыр күйде өмір сүре білудің әдіс-тәсілдері мен жолдарын жетік меңгере білу.
«Бақыттың дәмін татқан біледі» дейді дана халқымыз. Сол себептен де, бүгінгі таңда бізге ұлттық тұрғысында, халықтық тұрғысында, тәуелсіз елдік тұрғысында жан-жақты да терең ойлай алатын, дәстүрге айналған олқылық пен опасыздықты талдай отырып, оның қасіретін жоя және қоғамымыздың дамылсыз дамуына, ұлт­тың, халықтың алаңсыз көктеп гүл­де­нуі­не, жапырақ жайып көркеюі мен ұт­қыр­лықпен өркендеуіне мінсіз қызмет көрсете білудің өнегесін оздыру арқылы өлшеусіз сүбелі үлес қоса алатын ұрпақ ауадай қажет. Егер, адамның ешқандай тіреуіш (тәрбие) құдіреті болмаса, онда ол ешқандай ұлттық жауапкершілікті де мойнына алмайды. Тәрбиесіздің мәдениеті кейін қалады, ақылсыздың ақылы толмайды. Сондықтан да, ең алдымен біз өз тари­хымызды, мәдениетімізді, текті ұлт­тығымызды… жан-жақты жетік әрі терең білуіміз керек. Егер, жақсы біліміміз, білі­гіміз жеткілікті болатын болса, соның өзі ұлтты күйреуге, жойылуға жібермейді. Әли­хан  Бөкейханұлы:  «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деуі осыдан.

Қартаю – ортаю емес

«Бостандыққа қуаныңдар, мені басшымыз деп айтқандарың шын болса, міне, мен өле-өлгенше сендерге қызмет қылуға уәде беремін, сендер уәде бересіңдер ме бостандықтың жолымен болуға?».
Әлихан Бөкейханов.

Реті келгенде айта кеткеніміз жөн. Қазақ қауымында, өкінішке қарай, ақыл-есі түзу есті де текті отбасынан дұрыс тәлім-тәрбиені, өнегесі мол үлгілі келбетті көрмеген дүбара ұл-қыз, кейін тұрмыс құрған соң да сауатты да өнегелі әке-шеше бола алмайды. Сауатты да өнегелі әке-шеше бола алмаған – ұлағаты мол ата-әже бола алмайды. Ұлағаты мол ата-әже бола алмаған – ұрпақтарына ұлағаты зор өнегелі бата-өсиеттерді айта алмайды. Ұлағаты зор өнегелі бата-өсиеттерді айта алмағанның ел-жұрт үлгі тұтатындай, ұрпақтарымыз өнеге алатындай кемел де кемеңгер кісілік келбеті, бекзат мінезді, сом тұлғалы тұрпаты болмайды. Кешегі елге, ұрпаққа мінсіз ие бола білудің озық өнегелі үлгісін үнемі көрсете білгендіктен, халықшыл ақсақал атанған текті де мәртебелі ұғым түбегейлі құрдымға жетті. Айталық, аракідік кездесіп қалатын, бір күндік пайдасы үшін бір тостаған көжеге не бір стақан араққа анасын да, Отанын да, қысқасы, бәрімізді де ойланбастан сатып кетуге айрықша құштар өңшең сатылымпаз қариясымақ «ақсақал атанғандар» қайдан шықты? Кім өрбітіп жатыр? Бүгінгі кейбір қарияларымыздың өзінің жас ұрпақтарына да, қоғамдық ортаға да үйретері жоқ, ал, отбасында болсын не қоғамда болсын, жасап жүрген кесір-кесапаттары орасан зор келеді. Неге? Кім жөнге салады? Осыған орай бірде бір ойшыл «Өзің диуанасың, сонда кімге пір боласың» дегендей, бұндай отбасынан ел үлгі тұтар еланасы бола алатын қыз, отбасындағы ұл-қыз, немере-шөбере дегенде адал да жанын қияр қамқорлығы орасан зор текті әке, отбасына, ортаға лайық тұғыры мықты өнегелі ата шықпайды. Қайсар күрескерлігі, кемел көсемдігі мол, ізденімпаз да талғампаз, көреген де кемеңгер отағасы бола білуге лайық ұл тумайды. Сонда, апыр-ай, бұндай ұлтсыз, тәрбиесіз, сауатсыз, үлгі-өнегесіз, тексіз, көрсоқыр, мәңгүрт әке-шеше, ата-әже, ата-ене ұл-қыз бен келінге… қалай, қандай дәрежеде пір бола алады?
Ойшыл Абай «Болмасаң да, ұқсап бақ» демекші, әу бастағы өзі шыққан отбасынан ештеңені де үйрене алмаған жағдайда, ұл-қыздарымыз қоғамда, ортамызда жүрген шоқтығы биік азаматтың бойындағы ұлылық пен кемелдікті көре жүріп, қалай болған күнде де өзін-өзі түзете білу, бұл – текті кісілік пен кемел көрегендіктің белгісі. Әрине, қашанда есті де текті әке-шеше, ата-әже өле-өлгенше өмір бойына ерекше мүдделікпен үйрене білуді оздыра түсу үшін ат үстінде үнемі ізденумен, өлшеусіз тер төгумен өмір сүреді. Міне, осындай қажырлы еңбекпен тер төге білудің нәтижесінде ғана тәуелсіз елдігіміз де, ұрпақтарымыз да бақытты өмір сүреді.
Қартаю – ортаю емес. Әу бастағы өзі өскен шаңырағында өнегелі де тәрбиелі, мәдениетті де тәртіпті, есті кісілікпен есейе білмеген, қартая білудің методикалық өнегелі ілімін түсінбейді, мүдделікпен іздемейді де. Сондықтан да, асыл, жаңашыл, текті кісілікке қол жеткізе білу мақсатында, алдымен тәрбиелеу процесінде өзін-өзі жеңе алмайтын мәңгүрттер санатында болатыны айтпаса да түсінікті ақиқат. Міне, осылайша арлы да намысты, есті де текті, жан-жақты сауатты да ұятты, өнегелі де үлгілі әке-шешелеріміз бен ата-әжелеріміздің дара даналығы және кемел адамгершілігі мен көреген кісілігі еселеп арта түскен ұтымды жағдайда ғана отбасындағы ұрпақтарымыз әрдайымда жарқын күйінде бақытты өмір сүре алады. Күнделікті өмірлік тіршіліктің барысында небір қиын-қыстау тәухеметіне кезіксе де, тіпті, аса қауіпті қатер-қасіреттің қыспағына іліксе де, өз бала-шағасын далаға лақтырып кетуге ешқашанда бара алмайды. Егерде, бала-шағасын далаға лақтырып кетуге, яғни опасыз әрекетке бара қалған жағдайда, бұндай сорақы әрекет нағыз төрт аяқты хайуанға ғана тән, тіпті бұл өліммен пара-пар саналған.
Қысқасы, қараңғы көрге кіргенше өмір бойына ел, ұлт, ұрпақ алдындағы өмірлік, ұлттық, қоғамдық қатал жауапкершілікті әрбір әке-шешеміз, ата-әжеміз, ата-енеміз ар алдында – дар алдында тұрғандай айрықша сезінуіміз аса қажет. Ұяты зор әке-шешеміз… есті де текті, кемел дәрежеде бола білу – алдымен ұлылық пен кемеңгерлікке, көреген кемелдік пен текті кісілікке, бекзат мінезділікке қайткен күнде де қол жеткізе білу жолында жанкешті дәрежеде жан-жақты ізденімпаздықпен, талғампаз, қажырлы еңбекқорлықпен ғұмыр кеше білу. Демек, әке-шешемізде ел-жұрт үлгі тұтарлық жан-жақты жақсы ой, көркем мінез бен иман, жақсы сөз, игі ниет, өнегелі іс-әрекет, бекзаттық анағұрлым басым күйде болатын болса, онда отбасында гүлдену мен көркеюдің көрікті көрінісі жарқырай түседі. Сонда ғана бұндай әке-шешелеріміз… қамшының сабындай қысқа ғана өмірінде ең бақытты да ұлағатты асылдардың санатында бола алатындығы сөзсіз. Ал, бұзық іс-әрекеттерге құштар жаман ниет, жаман ой, жалақор сөз, тәрбиесіздік пен дөрекі мінезділік, ұрыс-керіс, өсек-аяң өршіген отбасында өлім мен күйреу орын алады. Құран-Кәрімде: «Жақсылық жасасаң да өзіңе, жаманшылық жасасаң да өзіңе…» – дейтін аят бар. «Біздің ауруымыз бен дұшпанымыз – біздің ұстазымыз» деген ғұлама философтың сөзі, міне, осыны меңзейді.

Бүгінгі күйді талдап пікір айт, теңдесі жоқ үлес қос

«…Ат міндім деп шалқайма, қарайлағын артыңа,  жаяулаған жалпыға».
Асан қайғы.

«Ұлт ұлтшылдықты қалыптас­тыр­майды, керісінше, ұлтшыл­дық ұлтты қа­лып­тастырады».
Бенедикт  Андерсон. 

«Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын».
Әлихан Бөкейханов.

Біз бүгінгі бәсекелі замананың, уақыттың қатаң талаптарына сай алдымен өзімізді-өзіміз өзгерту арқылы, қоғамды, өз өмірімізді талғампаз да ізде­німпаз, прогрессивті бағытындағы бас­та­машыл да жаңашылдықпен өзгерту арқылы, қайткен күнде де жаңаша ұт­қыр күйде қалыптастыра білуге, тең­десі жоқ дәрежеде оздыра білуге айрық­ша міндеттіміз. Сондықтан да, бұл туралы ұтқыр пікір айту, тәуелсіз елдік үшін, ұлт, ұрпақтың қамы үшін теңдесі жоқ дәрежеде қызмет қылу, бұл – ел, ұлт алдындағы қарызымыз бен парымызды мінсіз өтей білу болса керек. Ұлттық мемлекетті ұтқырлықпен жасақтай алмай отырып, тәуелсіз елдігіміз бен ұлттығымыздың тұғырын баянды ету және оның құдіретін мәңгілік ету мүлде мүмкін емес. Жоғары деңгейде мүдделі де мәртебелі ұлттық ұстанымы жоқ, мінезсіз халық – ол тобыр. Ол – аса қауіпті. Жүсіпбек Аймауытов: «Қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек. Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды» деуі осыдан.
Қысқасы, әлемнің әміршісі – мүдделі ізденімпаздығы мен талғампаздығы орасан зор жанкешті Еңбек! Көздеген межелі мақсатқа   қол жеткізбей өлмеудің бағы­тын­дағы қажымас қайсар Еңбек! Ел, ұлт, ұрпақ қамы үшін аттан бір сәтке де белді шешуге түсуді білмей жақырап жақыраумен қатар, ұлтыңа, жұртыңа міндетті түрде сүбелі үлес қоса білу! Бізде, ұлтшылдыққа әлі күнге дейін баяғы  кеңес заманындағы нацизм, шовинизм  ұғымдарының тұрғысынан қарау басым. Сол себепті біз өз ұлтын жанындай айрықша сүйе білетін ұлтшылдықты кең дәрежеде  жаңаша ұлықтай білуіміз аса қажет. Ахмет Байтұрсынұлы: «Ерлер кетіп, еркек қалды, Көлеңкеден қорқақ қалды…» деуі, міне, осыдан. ХХ ғасырда заңғар жазушы М.Әуезов: «Ел боламын десең, бесігіңде түзе» десе, «Мың жылдығыңды ойласаң, ұрпақ тәрбиеле», – дейтұғын ұлы ата-бабамыздың ежелден һәм қазаққа арнаған ұлағаты мен маңызы орасан зор даналық өсиеті бар. Осыған орай, мәңгілік елдікке лайық қажетті қажымас қайсар қайраткер тұлғаларды тәрбиелей білуде ұрпақ бойына сапалы білім-ілімді сіңіре білуге қоса, жан-жақты ізгілік, іскерлік атаулының прогрессивті бағытындағы жаңа­­шыл да бастамашыл нұрын себе білу жолында тәрбие процесінің маңызы да орасан зор. Ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлы: «Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін» деуі осыдан. Әйгілі Әйтеке би ұлы бабамыз: «Өмірім халықтікі, өлімім ғана өзімдікі» деп ұлы өсиет қалдырып кеткендей, ел, ұлт, қоғамға, әсіресе, отбасына аса қажетті кемел де кемеңгер отағасы, сол сияқты тұлғалы қайраткер мен бәйтерек алыптар анадан дайын күйінде туылмайды. Дайын күйінде көктен де түспейді. Бұл, әлбетте, ұтқыр да озық тәлім-тәрбиеге қатысты үнемі ізденімпаз да талғампаз, қажымас табанды еңбекқорлық пен өлшеусіз тер төге білудің нәтижесі тудырмай қоймайтындығы сөзсіз. Бүгінгі исі қазақ мінсіз атқаруға міндетті қатаң шарт – ең алдымен отбасында әке-шеше, ата-әже өзінің ұл-қыздарын, немере-шөберелерін озық та ұтқыр дәрежеде тәрбиелей білу арқылы, кейін есейген соң олардың өзіне-өзі жан-жақты тәрбие беру арқылы тұғырды ұтқыр жасақтай алғанда ғана, құрыштай ширатып сомдай білгенде ғана, сан қырда еркін самғайды. Нәтижесінде біз, һәм қазақ өз ұл-қыздарымызбен көкке де, көпке де мақтана аламыз, марқая да аламыз. Олай болса, жас ұрпаққа сапалы, озық білім, саналы, ұтқыр тәрбие беру жолында бәріміз бірігіп, ыждаһатты түрмен бір кісідей жұмылып, жанқияр дәрежемен күресе білсек қана, шығар биігіміз жоғары болатыны даусыз.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.