БІР ҚАЙЫРЫ БАР ДҮНИЕ

  • 06.03.2017
  • 9949 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Мәлік ОТАРБАЕВ,
Қазақстан Жазушылар 
Ода­ғының мүшесі

Сырлы әлемнің сырғалары

Таң атқанда жұлдыздар да біртіндеп жасырынады емес пе. 
Олар Күнге саналы түрде бағынып мойынсұнатынға ұқсайды. «Жарығы мен жылуын ғаламға мейірлене шашқан Күннің қасында біз сияқты бірде жанып бірде сөнетін жұл­дыздарға орын жоқ» дегендей кішіпейілділік танытатын көрінеді. 
Содан жер бетіндегі тіршілік саябырсып, тынышталған уақытта шыға келіп, аппақ Аймен армансыз сырласады. 
Жер қазығына арқандалғандай мұңлы, момақан Ай не айтады екен оларға? Бәлкім, адам туралы айтар. Адамның сонау жаратылысынан бастап жасаған жақсылығы мен жамандығын тілге тиек етер. Абыл мен Қабылдың қақтығысынан бастап сыр ақтарар…


Жұлдыздар – ұялшақ.
Жұлдыздар – кішіпейіл.
Жұлдыздар – сырлы әлемнің құлағына ілінген сырғалары іспетті…

Дегенмен, осы ақ пейіл жұлдыздар Жерді дүр сілкіндіріп жатқан адамның зорлық-зомбылығы мен зұлымдығына қарамастан, ешуақытта жарық шашпай сөнген емес-ау. Бізге әманда амандық тілеп, үнемі үмітпен қарайтын сияқты.
Атқа қонған шабандоздай мына қарт Жерге мініп алып, құдіретті Күн нұрына шомылып жүргенін бірде сезініп, бірде сезінбейтін адам баласы осы  қиянатын қашан қояр екен? Зұлымдығын қашан доғарар екен?
Жұлдыздар да бәріне куә! Жо-жоқ, олар ұйықтамайды. Олар түні бойы басын сәждеден көтермей, барша үмбетінің екі дүниедегі бақыты үшін көз жасын көлдей ғып төгіп, азаптана амандықты тілеген пайғамбар секілді Жер бетін­дегі бейбіт өмірге бақ-береке тілейді. Қас қарайған сәтте өздерін тебіреніспен тамашалайтын Жер беті тұрғындарына қауышқаны үшін жалт-жұлт етіп қуанышқа кенеледі.

Баланың ойы

Қызым атақты Ш.Уалиханов атындағы мектептің бастауыш сыныбында оқып жүргенде көк базардың тұсында тұрған үйімізге  28-панфиловшылар саябағы арқы­лы өтіп, көше бойын жағалап қайтатынбыз.
Сары жапырақтар саудырап төгіліп жат­қан кез. Саябақтағы шіркеудің қасынан өте бергенімізде сабақтың жайын айтып келе жатқан қызым кенет:
– Папа, неге мына шіркеу қаланың орта­лығында салынған? Қараңызшы, әдемі саябақтың ішінде, ал, біздің мешіттер қала­ның сыртында… – деп сұрады.
Мен оның бұрын осылай салынғанын айтып, тарихтан біраз сыр шерттім. Жауабыма онша қанағаттанбаған қызым:
– Сонда мұсылман болғанымыз ұят па? – деп ендігі сұрақты, тіпті, төтесінен қойды.
– Жоқ. Қайта біздің мұсылман болма­ғанымыз ұят болады, – дедім.
Әйтсе де, әліпті таяқ деп үйреніп жүрген баланың кіршіксіз таза ойы мені терең ойға жетеледі…
«Е, Құдай-ай! Бұдан да бір қайыр бар шығар!» деп жұбаттым өзімді-өзім.

Бір қайыры бар

Баяғыда Африкадағы ұшы-қиырсыз сахараға билік жүргізген бiр әмiршi алмас кездiкпен алма аршып жеймiн деп, бiр сау­сағын байқамай кесiп алыпты. Сөйтiп, оның қызметшілері бәйек болып, қолына киiз күйдiрiп басып, әбiгерге түсiп жатқанда бас уә­зiрi әрі жақын досы: «Қапа болмаңыз, патшам, бұдан да бiр қайыр бар шығар», – деген екен.
Мұны естiген әмiршiнiң көзi шақшиып, алмас кездiкке бiр, жерде жатқан саусаққа бiр қарап, қып-қызыл боп ашуланып кетедi де: «Ой, ақымақ, бұдан не қайыр болушы едi?! Сен менi мазақ етейiн деген екенсiң! Әй, жендеттер, әкетiңдер мынаны. Зынданға апарып тастаңдар!» – деп ашуланыпты.
Әмiршiнiң айтқанын жендеттері екі етпей, әп-сәтте орындайды. Бiрақ, сәлден соң саусағының қаны тыйылып, ашуы ба­сылған әмiршi: «Әй, әлгi пақыр зынданға тү­сiп бара жатқанда не дедi? Тәубасына келiп, кешiрiм сұрады ма?» – дейдi. Сонда жендеттер: «Жоқ, тақсыр. Бiз оны зынданға алып барғанда: «Бұдан да бiр қайыр бар шығар» деп, бiр ауыз сөз айтты да, өз еркi­мен түсiп кете бердi» – дептi. Ендi, әмiр­шi ба­сын шайқап: «Әй, ол расында да, ақы­­лынан алжасқан екен. Бәлкiм, зынданда жатып, есiн жияр. Қайыр дегенді қайдан тапқан өзі?» – деп ойлайды. 
Күндердiң бiр күнiнде ол қасына бiр топ нөкерлерiн ертiп, аң аулауға шығады. Қанжығаларын майлап, қызық қуып, сайран салып жүргенде, әлгi қалың орманды мекендейтiн бiр адам жегіш жабайы тайпа тұт­қиылдан бас салып, аяқ-қолдарын бай­лап, тұтқынға алады.
Сөйтiп, бiр-бiрден сойып, етiн қазанға салып аса бастайды. Кезек әмiршiге жет­кенде жабайы тайпаның жендеттерi оның бiр саусағы жоқ екенiн көредi де, бастарын шайқап, «бұл болмайды» дегендей белгi жасайды. Сiрә, бiр мүшесi кем адамды олар жемейтiн болса керек. Содан соң әмiршiнiң қол-аяғын шешедi де, тұтқыннан босатып жiбереді.
Арып-ашып елiне келген әмiршi есiн жиып, саусағына қарап ойланып отырып: «Әлгi, досымды, бас уәзiрдi алып келiңдер!» – деп бұйырады. «Қап, әттең! Қателік менен кеткен екен», – деп өкінеді. Ол келген соң басын иiп, құрмет көрсетiп, болған жай­ды түп-түгел баяндап бередi де: «Сен айт­қандай, бұдан да бiр қайыр бар екен», – деп кесiлген саусақтың орнын көрсетедi. 
Содан соң, әмiршiге тағы да бiр ой түсiп: «Бiрақ, сен өзiңдi зынданға салғанда да осы сөздi қайталаған көрiнесiң. Айтшы, одан не қайыр көрдiң?» – деп сұрайды. Сонда бас уәзiрi иiлiп, төмен қарап: «Тақсыр, сiз менi зынданға сал­ма­ғаныңызда, өзiңiзбен бiрге аң аулауға алып шығатын едiңiз. Әлгi пақырлармен бiрге мен де сол жабайыларға жем болар едiм», – деген екен.

  Елорданың шапағаты

Бұрыңғы Таран ауылында жел тұрса жарық сөнеді. Жарық сөне қалса, сонау 90-шы жылдардың жарықсыз түндері еріксіз еске түсіп, сол бір қиын кезеңді бастан кешіп отырғандай боласың. 
Ел-жұрттың еті үйренген. Бұтақ басын­дағы жапырақтың сыбдыры естілсе дайын­дыққа кіріседі. «Әттең, түрік телехи­кая­сының жалғасын көре алмайтын болдық қой!» – деп сандарын соғады. 
Астана күні мерекесінің қарсаңында ауылға барып қайтайық деп шештік. Бүкіл­халықтық мейрам емес пе. Жолда кетіп барамыз. Алыстан ауылдың қарасы көрінді. Күнбатыс жақтан жел уілдей соға бастады. Демалысымыз демалыс болмайтын болды-ау, бүгін кешке тым-тырыс боп отыратын шығармыз деп ойладық.
Абырой болғанда сол күні жойқын соқ­қан желге қарамай жарық сөнген жоқ. Астана күніне арналған шетелдік әнші­лердің концертін көріп тамашаладық. Қыс­қасы, адам құсап демалдық.
Елордамыздың шапағаты сонау мыңнан астам шақырым жерге тиіп жеткенге қуан­дық…

Екі түрлі иілу

Әділ әкімнің иілгені – елге басын игені. 
Әлсіз әкімнің иілгені – елден именгені.
Беу, қайырлы дүние!

     

Аңсатқан жұмақ

Өзіммен-өзім   оңаша  қалған сәттерде ішкі дүниеме, сан-алуан ойлар сапыры­лысып, сыңсып жатқан санама үңіліп қара­ғандай боламын…
Дүн-дүниенің додаға түсіп, түрлі мүд­делер қайшыласып жатқан мына дәуірде «жұмағын» жоғалтқан жұмыр басты пенде сықылдымын. 
Адамдық құндылықты арқау еткен Қожа Ахмет Иассауи іспетті бабамыз, Хәкім Абай сынды данамыз жоқ арамызда. 
«Кемелділік» қайда-а-а?! 
Бұрын «кемелділік» деген күрделі ұғым Тәңіртаудың ұшар басындай көрінетін. Бұл ұғымның қазір мәні өзгерген, қалыбы ауыс­­қан сияқты: Абай атамыз айтқан «то­лық адамы» мен кәдуілгі «семіз адам­ды» ажырату оңай болмай қалды-ау, бұ за­ман­да… 
Рухани өзегімнен алыстап, қасиетті жән­наттан қайтадан шығарылғандай хал кешемін. Өзгеден бұрын өзімді алдап, өз еркіммен «жәннатта» ұзап шыққандай бола­мын. Басқа дүниені көру үшін. Алданған күйіме қарамай, өзімді алдап жұбатамын. 
Қайдан келгенімді, қайда барарымды сезіп-білсем де, білмегендей сыңай таны­татыным тағы бар. Бейуақтағы ұйқы­дан ояна алмай жатқандаймын. 
Жәннатқа бейім жаралған жан-жүйем қабығы қалың жаңғақтың ішіне тығылып, күндей жарық ақиқатты көре алмай, зұлмат қа­раң­ғылықтың тұт­қынына айналған тә­різ­ді. Кім біледі, жұма­ғымды ұрлатып, жұ­мақ­­тағы сұлу­лық­тан ажырап қалған шығармын. 
Інжілдік сарынмен жазған Джон Миль­тонның «Жоғалған жұмағын» айтып отыр­­­­ғам жоқ, әлбетте. Бабаларымыз бен даналарымыздың жүректе ұялатып, әлми­сақтан аңсатқан жәннатты, жұмақты аңсат­қан рухты айтамын.
Бар қайырдың басы осы емес пе?

Екі метр жер

Өзінен кейінгі ұрпақ Шер-аға деп құр­меттейтін Шерхан Мұртаза атамыз: «Жазушы Ғабит Мүсірепов айтқандай, «біз жиылсақ – көппіз, жайылсақ – жоқпыз,» – деп жазады. Құдайға шүкір, тағдыр елімізді шашыратпай, төрт құбыламыз түгел болып отырмыз. 
Бірақ, аз ғана қазақтың әлі де шалқар далаға сыймай, ұлтарақтай жерге жете алмай жүргені таңғалдырады. Сол аз қазақты жылатпай, алақанға салуға болмас па?! Сай-сайды сағалап, жыра-жылғаны жаға­лап қанша қазақтың баласы баспанасыз жүр. 
Жеріміз кең де, жігеріміз кем. 
Терезесі тең қазақтың керегесі кең еді ғой.
Әлде «түбі екі метр жер бұйырады ғой»                   дей ме екен?
Қайырсыз санаға құрбан болған 
            басымыз-ай!

Қалың кітап

Түріктің белгілі қаламгері Хекимоғлы Ысмайыл өзінің ойтолғауында: 
«Үйімде үлкен кітапхана бар. Мінеки, өзіме қарама-қарсы қалыңдығы кереқарыс заң саласына арналған кітап тұр. Бұл кітапта заң да бар, ереже де бар, түрлі түсініктеме де, ақыл-кеңес те бар… 
Неге бұл кітап соншалықты қалың? Заң саласына қалыңдығы кереқарыс кітап керек пе? Елдегі жағдай бәрімізге белгілі…
Сөйтсем, елдің руханияты неғұрлым әлсіресе, көркем мінезінен ажырап мәде­ниетсіздікке бет бұрса, соғұрлым заң көбейе береді екен ғой,» – деп жазады.
Кітаптың қалыңдығынан қайыр іздейтін заман-ай!

Ақ сәлде

Ыстамбұлдағы байырғы заманның Топ­қапы сарай-мұражайында Жүсіп нә­би­дің ақ сәлдесі кіршіксіз таза күйінде сақталған.  Мұражайға барған сайын, пайғамбар ки­ген сәлдені көрген сайын кеудеде ұялаған се­нім қайта жанданады, қайта оянады…
Арды арқау еткен пайғамбар ақ сәлдесіне еш уақытта кір жуытпаған: «Уа Раббым! – деді (Жүсіп), мына зындан мені шақырған әйелдердің бұл істерінен әлдеқайда жақ­сы». 
Неліктен? 
Өйткені, өз арын сақтамаған, намы­сын қор­ғамаған адам елдің ар-абыройын қалай қорғайды?
Ақ сәлдеге қонған қара шыбын еріксіз көзге түседі. Сәлде дегеніңіз – ғалымның ғазиздігі, адалдың адамгершілігі, тақуаның тазалығы емес пе? 
Әсілі, сәлдеге кір жұқтыратын бастың өзі. Шынтуайтында, сәлденің ақ түсті бо­луын­да да бір қайыр бар.

«Салқын Самал»

Алатау баурайындағы әсем шаһары­мыздың «Самал» деген «салқын» жері бар. «Самалдың» қара ағашы да салқын сезіледі. Адамының да қарны тоқ болғанымен, қаба­ғының жылуы жоқ. 
Жалғасқан үнсіз өмір. «Баласыз үй – мазар» дегендей, аула тып-тыныш. Баяғыдай қау­қылдасып жатқан қариялар көрінбейді. Бір-бірімен шүйіркелесіп тұрған көршілер көзге түспейді.  Кенеттен кездесіп қалатын бір-ақ жер бар – «лифт» деген. Сәлем алысып, қал-ахуал сұрасатын жер ғой. Әй, қайдам, сәлем бер­ген көршіге жалқау ерін жыбыр ете қалады да, ашылған есіктен асығыс шыға жөнеледі. 
Даниэль Дефоның елсіз аралда өмір сүр­ген Робинзон Крузосы секілді өз тілін­де сөйлеп түсінесе алатын жанды табу оңай емес бұл жерде. 
Ғаламның ең «ғажап» жері осы: 
Жеті шелпек таратсаң, жексұрынға ай­наласың.
Жеті көршіге сәлем берсең, жетім қайыршыдай көрінесің.
Жеті қоян тапсаң да, қуанышыңа  ортақтасар жан таппайсың.

Әлде, «Қайраңы жоқ көлден без, қайыры жоқ елден без…» дей ме екен? 

Дауасы жоқ дерт

Ибн Синадан сұрапты:
– Дауасыз дерт бар ма бұл дүниеде?
Ғұлама хикмет сөзін жасырмай:
– Жақсылық жамандықтан қайыр тілесе дауасыз дертке айналады, – депті.
– Сонда не істеу керек?
– Білім мен өнерді қайыршыға айнал­дырмай, қамқорлықпен қарау керек. Өйт­кені, қолдау таппаған елден, демеу көрмеген жерден білім де, өнер де безіп қашады.
Әдепсіздікпен алысамыз деп мәдениет­сіздікке, сауатсыздықпен жұлыса­мыз деп надандыққа жол ашпасақ болғаны. 
Әйтпесе, руханияты жоқ дүниеден не қайыр?

Тендерге түскен тіршілік

Бала кезімізде әзіл естуші едік:
– Апа, апа! Бес теңге берші?
– Төрт теңге? Үш теңгені неғыласың? Екі теңге жетпей ме? Мә ал, мына, бір теңге!
Бақсам, тендерге етіміз бала кезімізден үйренген екен ғой. 
Театр «Тендерге түскен келіншек» дра­масын сахнаға шығарды. Ал, күнделікті тіршілікте тұтас руханиятымыздың траге­­диясын көріп куә болып отырмыз. 
Тендерге түскен жолдың өзі жыл сайын қырық жамалып жатса, руханият саласы несімен толығады? Жұмысынан айырылып қалмау үшін жалақысын «тендерге салған» қарапайым жұмысшы берекесін несімен табады?
Әйтеуір, қалай айтсақ та, «Құдай деген құр қалмас» деп, маңдайымызға жазылған ырыс-нығметке бөленіп шү­кір­шілік етіп отырмыз. Әрине, «басы ауыр­мағанның Құдаймен ісі жоқ». Бірақ, «аққа Құдай жақ» екеніне кәміл сенеміз.

Айтпақшы, қайырымсыз ұрпақ осы қайыр­­сыздықтан тумай ма? 

Тоңғақ ақын

Қараңғы түн…
Көрінеді жол қашан?
Жол қадірін білер ме едің тоңбасаң?..

                    ***
Несіне ой тоқып қиналам,
ойларым тыңдалар болмаса?!
Мына кең ғаламға сыймаған 
ақындар ақын ба тоңбаса?!
– деп жырлайды ақын Н.Оразалин.
Әр нәрсенің ыстығына күйіп, суығына тоңу – табиғи заңдылық. Ал, ыстығына то­ңып, суығына күйе білу – әр адамның қолы­нан келе бермейтін құбылыс. 
Жаздың шіліңгір ыстығында ақ қалпақ киген Тәңіртау тоңады. 
Кеңсайда жатқан қазақтың небір жақ­сылары мен жайсандары жаурайды. 
Алда шапқан жүйрік аттар мұз­дайды…
Шығыстың жарық жұлдыздарының бірі Жәлаледдин Руми де тоңған-ды. 
Бір күні Румиден сұрапты:
– Сіз Шәмс Тебризимен кездеспес бұ­рын да кәміл едіңіз. Шамдағы ұстазыңыз «ғылымды толық игердің», – деп еді ғой, сізге. Сонда Шәмс сізге не айтты? Біз білетін «Мәснәуи» атты кітабыңызда өзендей та­сып, «Диуани Кәбир» атты туындыңызда жанартаудай көтеріліп-басылып, лапылдап жанушы едіңіз. Түніменен ұйықтамайтын болдыңыз. Көктегі жұлдыздар тәріздісіз?

Сонда, Руми бір күрсініп алып, былай деген екен:
– Расында солай. Өйткені, мен Шәмстен тоңуды үйрендім. Бұрын тоңға­нымда, ылғи да жылынатынмын. Кейін жылына алмайтын болдым. Өйткені, Шәмс маған бүй деді: «Жер бетінде бір адамның өзі тоңып жатса, сен жылына алмайсың; аш жүр­се, тоқ жүре алмайсың; азап шексе, жай­барақат ұйықтап жата алмайсың».
Қайырсыздыққа қарсы қайырмен күре­се­тін қайран ақындар-ай!

Дала мен бала

Қайырсыз даладан қайырлы бала туа ма?
Баласын ойлаған даласын жөндеу керек. Дала жөнделмесе, бала үйде тәрбие көр­генімен бәрі құр бекер. Бөтен баланың тәр­биесі өз баламызға ықпал етпей қоймайды. 
Олай болса, кімді тәрбиелеп жатырмыз?

Адасушылық

Абыл мен Қабылдың аттары аталса, жазықсыз өлген адамның тағдыры, соңы қантөгіске алып келген екі ағайын арасын­дағы тартыс еріксіз еске оралады. 
Абыл мал бақса, Қабыл егін салатын. 
Құдайға атап берген құрбандықтары екі түрлі болды. Әсілі, құрбандық – тоқты болу керек еді. Бірақ, Қабыл тоқтыны құрбан етуге қимады, әйтеуір, құ­ты­лайыншы деп сапасы нашар бидай масағын әкеліпті. 
Содан, Қабылдың құрбаны қабыл бол­мады… 
Демек, ә дегеннен діннің, құлшылықтың заңына  «заңсыз» араласып, өз дегенін қо­сып, өзінің қалауынша әрекет етіп адас­тыр­ған кесел сол кезден басталған екен ғой. 
Алла адастырмайды, адам адас­ты­рады.
Әйткенмен, мұнда да қайыр болмағанда алмас тасты көмірден қалай ажыратар едік?

Қайыршының сынағы

Бір шығыс ойшылының айтқаны бар: 
«Бәріміз күнкөрістің қамы үшін жүр­міз… 
Напақа табудың, тіпті, байлыққа қол жеткізудің табиғи түрде үш жолы бар: өндіріс, сауда және ауыл шаруашылығы. Менің пайымдауымша, елге қызмет ету арқылы дүние-байлыққа қол жеткізу – та­биғи түрде баюдың жолы емес. Кім­де-кім қызметкерлік міндетін пайда табу­дың көзіне айналдырса, ел алдында нақ қайыр­шының өзі болады. Өйткені, елге қызмет етем деп лауазымды жұмысқа кіріскен адам елді ғана ойлайды, ұлты үшін ғана отқа түседі…»

Түбі тапсаң да сыналасың, жоғалтсаң да. 
Мінез қалыптаспай, көкірек толмай байлықтың да, мансаптың да қайыры жоқ сыңайлы…

Кітап саудасы

Бір күні Алматының түбінде орналасқан ауылға соқтым. Үйге кіре бергенімде сол ауылдың әкімі бума-бума кітап көтеріп келеді екен.
– Бұл қандай кітап? – деп сұрадым үйіл­ген кітапқа қызығып.
– Батыр бабамыз туралы жазылған кітап қой, – деді әкім тершіген маңдайын сүртіп қойып. Кітапты алып қарасам белгілі қаламгердің қаламынан туған шығарма. Мұқабасы қалың, қағазы жылтыр. 
– Оқуға бір данасын сыйлайсыз ба?
– Қарағым-ау! Осы кітаптарды не үшін арқалап, ауылда саңдалып жүр дейсің. Сатып жүрмін ғой. Алам десең сатып ал! Нарықтың заңын сендер жастар жақсы біле­сіңдер ғой, – деді әкім миығынан күліп тұрып. Мың дана боп басылған кітабына қуанып жүрген ағаларымның арманы осы еді ғой деп ойладым.  Әйтпесе, әкімі ақынын іздейтін өсер елде тұрғанымыз жоқ па? 
Нарықтық заманның қайыры тимесе кесірі қайдан тисін.

«Шаруам қанша!»

Осман мемлекетінің патшалары зиялы жұртпен қашан да санасатын.  
Атақты Сүлеймен патша Жақия Эфенди дейтін ғұламаға хат жолдап: «Айып көрмеңіз, Ғұсманияның болашағы жөнінде хабар бере аласыз ба?» деп сұрайды. Жақия Эфенди: «Шырағым! Ша­руам қанша!» деп үлкен әріппен жазып жібереді.
Сүлеймен патша ғұламаның жіберген екі-ақ ауыз сөзіне аң-таң болып, ештеме ұқпайды. Ақ боз атымен ұстаздың алдына барады. Сөздің мән-жайын сұрамақ болады.
– Сұраған соң жауабымызды бердік. Сөзімізді ұқпаған ақылға обал, – деп қайырады ғұлама. 
– Айып етпеңіз, бірақ, айтпағыңыз не екен? – деп, патша анық-қанығын білгісі келіп сұрап қоймаған соң, ғұлама сөзінің мән-жайын ашып айтады:
– Әділетсіздік күшейіп, зұлымдық жайы­латын болса және оны естіген жұрт «Шаруамыз қанша!» деп  немқұрайлық та­ны­­татын болса келешегің күңгірт. Қойды қасқыр емес, қойшының өзі жеп қойса және оны көргендер үндемей жү­ретін болса болашағың бұлыңғыр. Қа­рияның тартқан қасіретін, жетімнің шек­кен жапасын, жесірдің жанға бат­қан зарын тау мен тастан басқасы ес­ті­мейтін болса, міне, сол кезде нағыз бәлекеттің көкесін көресің. Ұрпағыңнан ештеме қалмайды. Қазынаңды жел ұшы­рып әкетеді. Әскерің бағынбайтын болады. Елді елдіктен ажырататын бола­сың!
«Шаруам бітті!» дегеннің шаруасы бітеді.
«Шаруам қанша!» дегеннің шаруасы қолдан кетеді.
Әділетсіздікке селқос қарайтын кісі түп­кі түбінде өзі әділетсіздіктің құрбаны болады.
Түбі қайырлы болсын!

Қыранның қайғысы

«Қанатына оқ тиіп жараланған қыраннан сұрапты…» деп басталады бір әңгіме:
– Неге сонша жылайсың? Қанатыңа шаншылған жебе жаныңа қатты батты ма?
– Сол жебеден жыласам өкінбес едім, – депті сұсты қыран. – Қарасаңшы, жебенің жалаушасы досымның қауырсынынан жасалыпты. Жаныңа қалай батпайды, қалай жыламайсың?! 
Қанаты талмас талай қырандарға бөтен жұрттан емес, өзіміздің ауылдан оқ атылды. Қайсар жандар қапыда қалып, ит-құсқа жем болды. Қырандар азайды, қарғалар көбейді.
О заманның қайыры, бұ заманның қадірі кетті.
Қырандар үнсіз, сауысқандар шықы­лықтап қоймайды…

Әлем аруы

Рузвельт таққа қонып, еліміз облыс­тарға бөлінген жылы Бельгияда «Әлем аруы» байқауы өтеді. Сұлулық сайысына түскен түріктің қызы Кериман Халис «Әлем аруы» атанады. 
Бұл оқиға Ататүрік басшылық еткен Түркия үшін де, Осман  мәдениетін арқа­лаған Анадолу халқы үшін де «сұмдық» жаңалық болды. Сол кездегі түрік басылымдары «Түркия әлемдік мәдениетке қосылды!» деп бүкіл әлемге жар салды. 
Алайда Батыс олай ойламады. Еуропа­ның ниеті басқа-тұғын. Халық айтса қалт айтпайды ғой. Түрік қызына атақ берместен бұрын байқаудың қазылар төрағасы бүй деген екен: 
«Қадірлі қазылар алқасының мүшелері! 
Бүгін Еуропа халықтары үшін үл­кен қуаныш. Ғасырлар бойы әлемге үкім жүргізген исламдық мәдениет тоқырауға түсті. Бұл – біздің жеңісіміз. Бүкіл мұсылман әйел қауымының өкілі, түріктің қызы Кериман Халис тыр жалаңаш күйде атақ үшін жанталасуда. Бұл қызды жеңісіміздің тәжі етіп қабылдайық, оны «Әлем аруы» етіп сайлайық. Одан да сұлу қыз бар ма, жоқ па, біз үшін ол маңызды емес. Өйткені, бұл жолы біздер сұлулық ханшайымын таңда­маймыз, жеңісімізді тойлайтын боламыз. Бір кездері Францияда сахналанған биге қарсы шығып, бүкіл Еуропа жұртына сес көрсеткен Сүлеймен сұлтанның ұрпағы бүгін бізден атақ сұрап отыр. Сондықтан, болашағымыз үшін осы қызға тоқталайық. Жеңіс құтты болсын!» 
«Әлем аруы» – елге абырой әпере ме, мерейімізді өсіре ме? Қазақты әлемге мазақ етіп танытудың қажеті қанша. Әлемге паш етемін десең, әне, әдебиетіміз, міне, мәдениетіміз менмұндалап тұр емес пе.  
«Менің үш қорқынышым бар. Біріншісі – бесік жырын айта алмайтын келіндердің, екіншісі – немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің, үшіншісі – салт-дәстүрін сыйламайтын ұрпақтың көбеюінен қорқамын», – деген Бауыржан Момышұлы атамыздың сөзі шынға айналғаны ма? 
Бір күні қазақтың қызы анау-мынау емес, Бүкіл әлемнің аруы атанды десе таңғалмаймыз. Өйткені, Батыстың есебі бүтін, Шығыстың есебі шығын.   
Ұлылардың ұрпағы ұсақталғанына ұял­май, жұтаңданғанына қайғырмай, енді, қайырсыздануға көшкені ме?

Кімнен қорқады?

Анадолуда ауыздан ауызға тараған Мы­сыр­дың бұрыңғы «патшасы» туралы мынандай бір «қисса» бар:
Бір күні әйгілі «патша» уәзірінен сұрап­ты:
– Айтшы, кәне! Менен бұрыңғы «патша» Насер мықты ма, әлде, мен мықтымын ба? 
– Әрине, сіз мықтысыз! Оның себебін айтайын, – деп уәзір сөзін дәйектей түседі. – Насер Израильден қатты қорқатын, ал, сіз қорықпайсыз.
– Ал, ендеше, Әнуар Садат мықты ма, мен мықтымын ба? Осыны айтшы, кәнеки!
– Сөзсіз, сіз мықтысыз! Өйткені, Әнуар Американың көлеңкесінен қорқатын.
– Жөн-жөн, – деп арқаланған «патша» тағы сұрайды: – Ал, мынаған не дейсің, Мұхаммед пайғамбардың замандасы, халифа Омар мықты ма, әлде мен мықтымын ба?!
– О не дегеніңіз… Шүбәсіз, сіз мық­тысыз!
– А? Қалай сонда? 
– Өйткені, Халифа Омар Алла тағаладан қорқатын, ал, сіз қорықпайсыз, – деп уәзір «патшаның» делебесін одан сайын қоздырады…
Сонда, осындай мықтылардың «мық­ты­лығына» шынымен де сенесіз бе? Паһ, паһ…
Пайғамбардың парасаты, әулиенің қорқынышы мен ғұламаның уайымы қайда қалды? Бұ дүниенің есебін түген­демеген адам о дүниенің қисабын қалай береді? 
Көптің көзі көреген болса, сол мық­тыларды аяуы керек. Өйткені, ешкім аспаннан түспейді, ішімізден шығады. Түріктің ақыны Тәуфик Фикрет айтқандай, «Адамзат осылайша адасады; өз пұтын өзі жасап, өзі табынады…» 

Моншадағы кісі

Күндердің бір күнінде Қыдыр (ғ.с.) моншаға барады. Ыстық моншада жалғыз жуы­нып отырған қарияға көзі түседі. Қасына жақындап:
– Ақсақал-ау, жастық шағыңызда үлкендерге көмегіңіз тигенде ғой, дәл осы кезде мына жүрген жастар да сізге қызмет етер еді, – деп әңгімеге тартқан екен. Әлгі қария жөкесін сабындап:
– Расын айтсақ, жас кезімізде үлкен кісілерге көмегімізді аяғанымыз жоқ. Қазіргі жастар – ақырзаманның балалары ғой. Үлкенді сыйламайды, – депті. Сонда, Қыдыр қарияның қолынан жө­ке­сін алып, арқасын қайта-қайта ысқылап:
– Онда жақсылығыңызды шын ниетпен жасамаған боларсыз? Әйтпесе, осы жасқа келіп, сол жақсылығыңыздың жемісін көрер едіңіз ғой? – деп сұрапты.
– Сен де айтпайын дегенді, айтқы­засың-ау… Егер, жақсылықты ынты-шынтыммен жасамасам, Алла тағала ар­қамды Қыдырға ысқылатар ма еді? – деп ақсақал Қыдырды сөзден жеңіп кетеді.  
Қарияға таңғалған Қыдыр моншадан шығып, Аллаға тіл қатады: «О, Жаратушы Ием! Сені жан-тәнімен сүйетін құлдарыңды білуші едім, бірақ, мына қарияны бірінші рет кезіктіріп отырмын!»
Сонда, Алла тағала: «Бізді сүйетін құлдардың аты-жөнін саған білдірген едік, алайда, біздің сүйетін құлдарымыздың есімін ешкім білмеуші еді…» – деген екен.
«Бір қайыры бар дүниенің мың қайырлы құлдары» деген осы.

«Асыққан шайтанның ісі»

Баяғыда Шам қаласында тұрған бір бай-манаптың әнші қызметшісі болған екен. 
Базарға бір мезгілге барып-келіп жүре­тін қызметші үйге үнемі кеш қайтады екен. Өйткені, ол бұлбұлдай құйқылжыта ән салғанда, базардағы сатушылар тәнті болып, кеш батқанша жібермейтін көрінеді. 
Бір күні қожайын құмыра сатып әкел деп базарға қайта жұмсайды. Жолда ән­шіні таныған кісілер қоярда-қоймай ән айтқызады. 
Сол мезетте өтіп бара жатқан бір топ сау­дагерлер: «Біз Мысырға бет бұрдық. Жүр, кеттік, ақыңды төлейміз, ақшаңды береміз. Әрі Мысырды көресің, қыды­рып қайтасың. Ән салып, би билеп көңілімізді көтересің», – деп, әнші жігітті үгіттеп, алдап-арбап алып кетеді.
Әнші бала Мысырда бір жыл тұрып, Шамға әрең дегенде қайтып оралады.
Шамға кіргенде, қожайынға алып келмек болған құмырасы еске түседі. Сөйтіп, бір құмыра сатып алып, бұрыңғы үйіне қарай асығады. Үйге қырық қадам жер қалғанда, аяғы тасқа сүрініп, құмырасымен бірге етбетінен құлайды. Содан, тізерлеп, сынған құмыраға қарап жылайды:
«Қырық жілік болғыр-ай! Асықсаң осы ғой… Асыққан шайтанның ісі!»  
«Бұл мақалдың шыққан төркіні де – осы!»  дейді түрік ағайындар. 

Қаланың көркі

Әбділда Тәжібаевтың «Есімдегілер» атты естеліктерін оқып, ұлттық әдебиетіміздің ауадай қажет екеніне тағы да бір көзім жеткендей болды. Ал, енді, сол әдебиетімізге де, әдеби ортаға да талай жырларға арқау болған Алматы алтын бесік болған жоқ па еді.   
Ал, Алматының көркі – Алатау. 
«Ақын таумен туысып, тауды жырлауы керек. Алатаудың салқын суы таңдайға тимей, салқын лебі маңдайға тимей өмір сүрдім деуге, ақын болдым деуге бола ма? – дейтін Бауыржан Момышұлы», – деп жазады көрнекті ақын. Алатауды жырламаған ақын кемде-кем. Төбесіне дейін тастан қамал салынса да, Алатау мәңгі Алатау болып қала береді. 
Алматының бір көркі – «Саяхат» пен «Алатау» еді. 
Талай жандардың махаббаты тоғыс­қан «Саяхат пен сағатынан» айрылып, көрер­меннің көңілін жаулаған «Алатауынан» ажырап, тау мен таби­ғаттың саясы емес, тас қаланың аясына айналған бүгінгі Алматыны кім, қалай жырлайды екен? 
Бакуге барсаң да, Ташкенге тоқтасаң да өз тарихын сақтап отырғанын көресің. Қаланың бет-бейнесіндей ғимараттарды әлі күнге дейін аялап, тәу етеді. Өйткені, олар тарихтың, мәдениеттің, елдің есін­де қалған аңыздар, нақтылай түссек – «Елдік естің ескерткіштері». Тіп­ті, Бурсаның төбелеріне шықсаң, сан ғасыр­лық ағашымен мақтанады. Саябақ­тарының есімін әдебиет пен мәдениет саң­лақтарының атымен атайды. Ол ол ма, Анадолу төрінде жердің тарлығына қарамастан, қазақтың Сүйінбайы мен Динасының атына арнап саябақ ашқан.  
Алматының көркі – көшелері… 
Алматының көркі – адам…
Қайыр да, қайырсыздық та адамнан бас­талады емес пе…

Қозғалыстағы көр

Бұл өмір биік ағаштың көлеңкесіне жай­ғасып алып, айналаға көз тастап, таңға­жайып дүниені тамашалау үшін берілген сыңайлы көрінеді, кейде. Бірақ көлеңкенің ғұ­мыры күн батқанша ғана жалғасады емес пе. 
Біреу алу үшін ғана тізе бүгеді, біреу беру үшін.
Біреу жасау үшін ғана жайғасады,  біреу жасату үшін.
Біреу өзі үшін ғана өмір сүреді,  біреу өзге үшін.

Кейде кімнің қалай ғұмыр кешкенін ақтық сапарға шығарып салғанда ғана біле­сің. Ақ ниетімен  талай дүниені сомдаған, кір­шіксіз көңілімен талайға қанат бітірген, ұлттың ұйытқысы бола білген жайсандарды қимайсың. «Әттең, қазір елге сіздей адам керек еді-ау!» – деп егілесің…
Зұлымдықтың қайтқаны – ғибрат. 
Зұлымдықтың құрбаны – трагедия. 
Зұлымдықтың басы – рухсыздық. Яғни, рухтың өлгені. Түрік ойшылы Жәмил Меричтің сөзімен айтқанда, «қозғалыстағы көрге» айналу. 
Мұндай «көрлер» көбейді. «Қайда бар­саң да Қорқыттың көрі». Әлемнің қай құр­лығына қарасаң да қуарып, сарғайып жатқан сар даланы, мүжілген тауларды, бұлқынған теңізді, өз ұрпағының игілігін желге шашып жатқан адамдарды көресің. Зұлымға қошамет көрсеткен, құм ішінде адасып жүрген наданға жолығасың. Мәде­ниет­сіздіктің шегіне жеткен, адамгер­ші­лік­тен ада болған арсыздың көрі қашан қазылар екен…

Селжуктердің сөз зергері Махмұди Ақ­сараи: «Жараға дәрі жақсаң жазылады. Ал, жаның ауырып, күңіренгенде не жағар екенсің?» – дейді. 
Құдайдан қайыр тілегеннен басқа шара жоқ.

Қайырлы дүние

– «Жазмыштан озмыш жоқ» демей ме. Ал, егер, адамға маңдайыңдағы жазмышты өзің жазып ал, десе, не жазар едіңдер? – деп ұстаз сабақ үстінде  шәкірттерінен сұраған екен. 
– Құдайсыздық атымен жоқ болсын деп жазар едім, – депті біреуі. 
– Ғалымдарды қорғап-қолпаштау керек дер едім, – депті екіншісі.
– Мұсылман баласының өсіп-өркен­деуіне ықпал етер едім, – депті және біреуі. 
Кезек соңғы шәкіртке келгенде:

– Ұстазым, барлық дүние жараты­лыстың бел ортасында айналады және солай жал­ғаса береді. Өзгертетін, алып-қосатын, түзе­тетін ештеме жоқ. Құ­дайдың ісінде мін жоқ! – деп жауап берген екен. Кейін бұл шәкірт ұлағатты ұстаздардың қатарына қо­сылыпты…
Кейде тіршіліктегі кемшіліктерді толық­тырамыз деп әуре боламыз. Тіп­ті, Ұлы Құ­діреттің жасағанын өзгерт­кіміз келеді. Өйткені, оның ішкі мәніне үңіле бермейміз. Ал, тіршілік те, мына ғалам да мінсіз жаратылып, әділетті түрде жалғасып жатқан жоқ па? Тір­шіліктің Иесі қалауынша өзгертеді, толық­тырады. 
Яғни, дүние бекер емес. 
Бір қайыры бар дүние.

Айя София

Ыстамбұлда «Айя София» деп аталатын мешіт бар. Әу баста шіркеу болған. Константинополь тарихта Ыстамбұл болып өзгерген күннен бастап мешітке айналған. Ал, кейін Түрік Республикасы құрылған кезде мешіттік қызметі тоқтатылып, мұра­жайлық сипат алды. Осы мешіт-мұражай кейде бүгінгі мұсылман баласының бейнесін көз алдыңа әкеледі. 
Қараңызшы… Жер бетіндегі көне ғи­марат. Ең ірі ғибадатханалардың бірі. Есігін айқара ашып қойған. Қазынасы әлі күнге дейін таусылмаған. 
Алайда ешқандай құлшылығы жоқ. Екі дүние үшін салынған Құдайдың үйі бүгін бір-ақ дүниеге қызмет етеді. Мәні жоғалып барады…
Тіршілік – сән, құлшылық – мән.
Айя Софияны талай жырлаған Нежип Фазыл қандай жақсы айтқан: «Бес күндік өмірге бола ұрыс, мәңгіге қалар ма екен жарым ырыс…» 
Екі жаһанға сай жаратылған жанға екі дүниенің де қайыры керек.

Өзгеге жасағаны, өзінің алдынан шығады

«Мың бір түннің» әйгілі кейіпкері, әді­летті әмірші Харун Рашит сарай бағында құлпырып өскен қызыл раушанды қатты ұнатқан екен. Гүлдің түсі де, жапырағы да сондай көз тартатын. Бір күні ол:
– Мына гүлді көргенде, бір демалып қаламын. Сен осы гүлге мұқият қара, суарып жүр, жапырақтары солмасын. Басыңмен жауап бересің! – деп бағбанға бұйырады.
Бағбан әміршінің айтқанын бұлжытпай орындап жүреді. Бірақ, күндердің бір күнін­де гүлге келіп қонған бұлбұл құсты көр­генде бағбанның көңілінен маза кетеді. Ерке құс ұшып-қонып, гүлдің жапырағын түсіріп кетеді.
– О, патшам! Анау бұлбұл, – деп со­лығын әрең басады бағбан. – Гүлдің жапы­рағынан түк қалдырмады. Не істейміз, енді, не істейміз?! 
Көпті көрген Харун Рашит сабырлық сақтап:
– Абыржыма, бұлбұлдың істегені алдынан шығады! – дейді.
Көңілі жайланған бағбан баққа қайтып оралады. Арам шөптерді жұлып отырғанда, әлгі бұлбұлды бір жыланның ұстап алып, ирелеңдеп бара жатқанын көреді. Дереу әміршісіне өз көзімен көргенін айтып келеді:
– О, патшам! Гүлдің жапырағын жұлған құсты бір жылан ұстап алды.
– Қапа болма, жыланның істегені де алдынан шығады! – дейді халифа.
Бағбан қайтадан баққа барады. Жерге еңкейе бергенде, әлгі құс ұстаған жыланды көріп, шошып қалады да, қолындағы күре­гімен бір ұрып өлтіреді. Сөйтіп, әмір­шісіне қайта келіп:
– О, патшам! – дейді бағбан. – Құсты ұс­таған жыланды күрекпен ұрып өлтір­дім.
– Айтарға сөз жоқ, сенің де істегенің алдыңнан шығады, – дейді халифа.
Халифаның дегені болады. Бір күні бағбанның бақталасы келіп, екеуі шайқасып қалады. Бағбан оның басын жарып қойып, сотқа тартылады.
– Зынданға лақтырыңдар! – дейді халифа. 
Әбден қалжырап біткен бағбан бұрылып әміршісіне қарап:
– О, патшам! Бұлбұл құстың істегені алдынан шығады деп едіңіз, ақыры оны жылан жұтты. Жыланның да мұнысы алдынан шығады дедіңіз, оны мен өлтірдім. Маған да жаза кесілді. Ал, сіз ше? Сіздің алдыңыздан ештеңе шықпай ма? Егер, айтқаныңыз рас болса, шығады ғой, – дейді. 
– Сонда не дегің келеді? – деп сұрайды әмірші.
– Мені кешірсеңіз, сізді де басқалар кешіретін болады.
– Бағбанды босатыңдар! – деп бұйырады халифа. – Баудағы жұмысын жалғастыра берсін!
Сол бір сәтте уәзірлер:
– Жазасын бермесеңіз, айыбы сол күйінде қала береді, – деседі. 
– Жо-жоқ, – дейді Харун Рашит. – Әр адамның істегені алдынан шығады! Бұ дүниеде көрмесе де, о дүниеде еселеп тартады. Ал, ұйқылы-ояу жүрген ғапылдар оны түсіне бермейді. Алланың әділдігі солай!
Кісінің жасаған қайыры да босқа кет­пейді…

Бұлбұл

Гүлдің арасында таңды таңға жал­ғап бұлбұл құс қалауынша сайрайды. Ал, тікенектің басында, қалың шыр­мауықтың қасында ше?..
Бір қайыры бар дүниенің бақыты да, соры да осы емес пе. 

Тоғызыншы президент

Былтыр қазақтың ақтаңгер ақыны Сүйінбайдың мерейтойы Анкара қаласында аталып өтіп жатқан кезде Түркияның тоғы­зын­шы президенті Сүлеймен Демирел тоқ­сан жасында ақтық сапарға аттанды. Ол түбі бір түркі елдерінің өсіп-өркен­деуіне елеулі үлес қосқан парасатты, көре­ген саясаткер еді. Зиялы еді. Рухы биік, мәде­ниеті жоғары қайраткер еді. Әдебиеттің қадір-қасиетін тереңнен ұғатын оқымысты еді. Қашанда руханиятты қолдайтын кемең­гер басшы еді. 
Тоғызыншы президент тоқсанға тол­ғанда бір топ зиялылар Анкарадағы Абай Құнанбайұлы даңғылымен қиы­лы­сатын Гүниз көшесінің бойында орна­ласқан үйіне барып, сәлемдеседі. Әң­гі­мелеседі. Ескір­меген естеліктерді еске алысады. Қал­жың­дасады. Талай-талай әзіл әңгі­мелерге арқау болған тап­қырлығына тәнті болады. Әңгіме қыз­ғанда қонақтардың бірі: 
– Сіздің ойыңызша, саясаткер мен ға­лымның айырмашылығы неде? – деп сұрап қалады.
– Бұл сауалдың астарын ұғып отырмын… – дейді бұрыңғы басшы. – Шынтуайтында, саясаткер дегеніңіз әлсіз адам. Аузына келгенді айта береді. Күндей күр­кірейді. Арыстандай ақырады, айға шабады. Сондықтан, күшті болып көрінеді. Ал, ғалым – сөзсіз күшті адам. Аузына келгенді айта бермейтіндіктен әлсіз болып көрінеді. Абырой болғанда, бізде мұндай ғалым да, ғұлама да бар. Кімді айтып отырғанымды білесіздер. Оларға да қарсы сөз айтылады. Алайда, олардың ар-абыройына ешқандай зиян келмейді. Ал, саясатпен келген абырой саясатпен кетеді. Саясаттың кесірі мәңгілік емес. Осыны есте сақтаған жөн. Осы себептен мен әрдайым ізгілікті көздеген жандарға қолғабыс еттім. Әлемнің түкпір-түк­пірінде қолға алған көптеген игі іс-шара­ларына, білім ошақтарына қолдау көр­сеттім. Оған еш уақытта өкінген  емеспін… – деп жауап қатады.

 

Алдыңғы «
Келесі »