Мекке – мінәжат мекені

  • 06.03.2017
  • 860 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ,
журналист

Мекке – мінәжат мекені, құлшылық қаласы. Қасиетті Құран кәрім түскен өңір. Асыл дініміз өсіп-өркендеген өлке. Адам ата мен Хауа анамыздың тәубесі қабыл болған  айтулы аймақ. Адамзаттың асылы – Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың туып-өскен  жері. Алла Тағаланың жер бетіндегі тұңғыш үйі – Қағба салынған ел. Қасиетті  қара  жердің  кіндігі. Раббымыз Құранда: «Негізінен адам баласы үшін Меккедегі алғашқы үй (Қағба) бүкіл әлемге мүбәрак және тура жол» дейді. Оның үстіне ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Әй, адамдар, Алла Тағала сендерді қажылықпен міндеттеді, ендеше, оны орындаңдар!» деген хадисі де бар. Сондықтан да бұл киелі де қасиетті мекенге әлемнің түкпір-түкпірінен қажылық парызын өтеу үшін миллиондаған  мұсылман қауым ағылып келіп жатады.

Өйткені қажылық – бес парыздың бірі. Оны өтеу, жыл – он екі ай бойы тоқтамайды. Қажылықтың  екі  түрі  бар. Бірі – кіші қажылық, ал екіншісі – үлкен қажылық. Кіші  қажылықты жылдың кез келген мезгілінде өтеуге болады. Ал үлкен қажылық бүкіл мұсылман қауымы үшін қасиетті боп саналатын Құрбан  айт  мерекесінде  өтеледі. Нақтырақ  айтсақ, зул-хиджа айының сегізі  күні  басталып, он үші күні аяқталады.
Қажылық – Жаратқан Иенің  сүйікті құлына деген сыйы. Сондықтан да қажылар  Алла  Тағаланың  қонағы боп есептеледі. Биыл бізге де осындай сый бұйырып, Алланың нұрына бөленген қалада қажылық парызымызды өтеу нәсіп болды. Біз деп отырғаным, сексеннің сеңгіріне шыққан ауыл ақсақалы, қазақ  журналистикасының  көсегесін  көгертуге  сүбелі үлес қосып жүрген белгілі азаматтар: Сәкен Сыбанбай мен Ерлан Әбдірұлын тәрбиелеген Әбдіғаппар  Сыбанбай, белгілі ақын, «Ақиқат» журна­лының бас редакторы Аманхан Әлімұлы, филология ғылымдарының докторы, про­фессор Айгүл Ісімақова, «Алматы ақшамы» газетінің тілшісі Сәкен Сыбанбай, «Айқын» газетінің тілшісі Есей Жеңісұлы, айтыскер ақындар Жандарбек Бұлғақов пен Таңжарық Ержан, Кәркен Ахметов атындағы олимпиада резервінің респуб­ликалық мамандандырылған мек­теп-интернат колледжі директорының орын­­басары Мақсат Мыхыбаев, «Қазақ эн­­циклопедиясы» баспасының директоры  Жадыра Тойбай, тағы басқа ақы­реттік достар. Қажылық сапарда бірге болғандарды «ақы­реттік достар» деп айтуға толық негіз бар екен.
«Алыс сапар алғашқы адымнан баста­лады» дегендей, 2016 жылдың 2 қыр­күйек күні біз мінген әуе кемесі Жидда қаласын бағытқа алып көкке көтерілді. Алып аэробуста қазақстандық 10 туристік компанияның 400 қажысы бар. Олардың бәрі Алматы әуежайында ихрам киген болатын. Сондықтан оларды бірден тану мүмкін емес. Бәрі бірдей ақ матаға оранып алған. Ханы қайсы, құлы қайсы айырып бол­майсың. Жалпы, ихрам киімі екі бөлек ақ матадан тұрады. Оның үстіңгі бөлігі – рида, ал, төменгі бөлігі – изар деп аталады. Ал, аяққа тобықты жаппайтындай тәпішке киіледі. Осы тұста ескеретін бір нәрсе, ихрамды кигеннен кейін иіссабын, сусабын, тіс пастасын қолдануға және шаш, тырнақ алуға, сондай-ақ денедегі түктерді қыруға болмайды. Аң аулауға, өсімдік атаулыны кесуге, жұлуға тыйым салынады. Негізі, ихрамды миқатқа дейін киген абзал. Миқат дегеніміз – қажылық  амалын  ниет  еткен  адамның  ихрам  хәліне  кіретін  аймағы.
Діттеген жерімізге алты сағаттан астам уақыт ұштық. Миқат аймағына келгенімізді ұшақ капитаны хабар­ла­ғаннан кейін, бүкіл қажылар дауыстап тәлбия айтып, оны Жидда әуежайына қонғанша тоқтатқан жоқ. Өйткені, қажылар тәлбияны тек тілмен емес, жү­рекпен айтып келеді. Тәлбия ай­ту – қа­жылық  ғибадаттың  басталғанын  біл­діреді.
Ләббәйкә  аллаһумма  ләббәйк. Ләб­бәй­кә лә шәрика ләкә ләббәйк. Иннәл-хамдә, уән-ниъмәтә, ләкә  уәл-мулк. Лә шә­рикә ләк. 
Мағынасы: Уа, Алла! Міне, мен Сенің алдыңдамын. Міне, мен Сенің алдыңдамын. Сенің ешбір серігің жоқ, міне мен Сенің алдыңдамын. Расында, мадақ та, нығмет те, мүлік те Саған ғана тән. Сенің серігің жоқ.
Адамзаттың сәруары – Мұхаммед (с.ғ.с.) пай­ғамбарымыз тәлбияны дауыстап ай­ту туралы былай деген екен: «Маған Жәбірейіл келді де, сахабаларым мен жанымдағы адам­дарға тәлбия айтқан кезде дауыстарын кө­теруді бұйыруыма  әмір етті». Сондай-ақ оның: «Ең жақсы қажылық – бұл тәлбия (сөздерін) қатты дауыспен айту және құр­бан­дықтың қанын ағызу» деген де хадисі бар.

Алланың алғашқы үйі

Алып лайнер Жидда әуежайына түн ортасында келіп қонды. Бұл халықаралық әуежай 80 миллион адамды күтіп алуға қауқарлы екен. Ұшақтан түсісімен тынысты тарылтатындай ыстық леп соғып тұрғанын сездік. Әуежайдың іші қапырық, адам қарасы көп. Бәрі – ихрамда. «Түні мынадай ыстық, күні қалай болар екен?»  деген  секем  бар санада. Өйткені, ыстыққа шыдай алмай, жүрегі қысылатын адам­дардың бірі едім. Бірақ, Алланың  қона­ғы  болған  соң, Өзі қа­райласты. Әйтпесе Нұр тауындағы Хира үңгіріне тау  теке­сіндей  орғып шығар ма едім?! Арафатта 50 градусқа  жуық  ыстықта  5-6  сағат  бойы дұға тілеп отырар ма едім?! Мұның  бәрі – Алланың берген күш-қуаты, кө­мек-жәрдемі. Сондықтан, Оған  мың да бір тәуба айтамын.
Таңғы намазды әуежайда оқып алып, Меккеге жол тарттық. Екі қаланың арасы жүз шақырымдай жер екен. Екі көзімізді әзер ашып отырсақ та ара-арасында тәл­бияны дауыстап айтып қоямыз. Өйткені, ихрамға кірген адам тәлбияны айтуды миқаттан бастап, Қағбаны көргенге дейін тоқтатпауы тиіс.  Шариғаттың шарты солай. Оған бағынбаса болмайды.Таңертең Меккеге келіп, «Гранд Резиденс» атты  жайлы  қонақ үйге жайғасып, ес жиған соң, әл Харам мешітін бетке алдық. Әл Харам – әлемдегі ең үлкен мешіт. Бұл құлшылық үйінде бір мезетте 1 миллион 500 мың адам, ал сыртқы алаңында 200 мың адам намаз оқи алады. Ал, қажылық кезіндегі Жұма намазында бұл сан  бірнеше есеге өсетіні  анық. Өйткені, Құдайға құлшылық  ете­тіндер қала көшелеріне дейін шығып  кетеді  екен. Бұл –  иманға ұйыған қала үшін  қалыпты  жағдай. 
1988 жылы Фаһд корольдің кезінде мешіттің батыс бөлігі 61 мың шаршы метрге  дейін  кеңейтілген екен. Ал қазіргі король Абдулла ибн Абдулазиздің  жоспары  бойынша  мешіттің  солтүстік жағы 750 мың шаршы метрге дейін кеңейетін көрінеді. Сондай-ақ сол беттен 65 зәулім қонақ үй салынатын  сыңайлы.  Алдағы уақытта мешіт 6 қабатты болады. Қосымша 15 мың дәретхана салынады. Дүниежүзі бойынша теңдесі жоқ бұл мешітте 3 үлкен қақпа, 27 қосымша есіктер және 500-ге тарта бағандар бар. Бұл ғимарат жанында 4 қабатты арнайы салқындатқыш орталық бар екен. Ол тәулік  бойы  жұмыс  істеп, ауа температурасын бір қалыпта ұстап тұрады.
Раббымыздың жер бетіндегі ең алғаш­қы үйі – Қағба. Сондықтан да ол киелі де қасиетті боп саналады.  Оны тәуап ету – жыл – он екі ай һәм 24 сағат бойы тоқтамайды. Бір  жылдары  Қағбаны су алып кетіпті. Сол кезде де ел Қағбаны айнала жүзе жүріп, тәуап еткен екен. Міне, бұл да Алланың хақ екенін, Оның  құдіреті  күшті екенін Һәм 18 мың ғалам­дағы тіршілік атаулының Оған  мұқтаж екендігін  білдірсе  керек. Біз де осы үрдіске орай амал жасап, Қағбаны 7 рет айналып, Алланы еске алып әрі зікір етіп, Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымызға  салауат  айтып, екі бас намаз оқыдық. Жаратқан  Иемізден жарылқау тіледік. Негізі, тәуапты қара тас тұрған тұстан оң қолды көтеріп, алақанды жайып: «Бисмилләһ, Аллаһу әкбар» деп бастау керек екен. Қара  тас орналасқан бұрыштың сол жағында «Йемен» бұры­шы бар. Сол «Йемен» бұрышынан қа­ра тас бұрышына дейін мына дұғаны  оқыған  абзал.
Раббанә  әтинә фид-дуния  хәсәнәтәу  уа фил-ахирати хәсәнәтәу уә қинә  ъазәбән-нәр.  
Мағынасы:  Раббымыз, бізге дүниеде де жақсылық бер әрі ақыретте де жақсылық  бер  және  тозақтың  азабынан  сақта!
Қағбаны әр айналған сайын оң қол­дың алақанын қара тас жаққа қара­тып: «Аллаһу әкбар» деу керек. Тәуап барысында ер адамдар оң иық­тарын ашып жүргені жөн көрінеді. Бұл – Пайғамбарымыздың мүшріктерге көр­сет­кен сесі болса керек. Содан бастап бұл бізге сүннет боп қалған. Қағбаны айналып біткеннен  кейін оң иықты қайтадан жауып алады. Мұнан кейін Мақам Ибраһимнің артында немесе мешіттің кез келген жерінде екі рәкат тәуап намазы  оқылады.
Умраның тағы бір амалы – сағи жасау. Әрбір  тәуап етуші Сафа төбесіне келіп мына аятты оқуы тиіс.
Иннәс-сафа уәл-мәруата мин шаъайи­рилләһ. Фәмән хажжәл-бәйтә әуиътәмәра  фәлә жунәха ъаләйһи әййәттаууәфә биһимә. Уә мән тәтаууәъа хайран фә-ин­наллаһә  шәкирун  ъалим.
 Мағынасы: Расында Сафа мен Мәруа – Алланың белгілерінен. Сонда кім қажылық немесе умра орындаса, ол екеуінде тәуап ету­дің оқасы жоқ. Кімде-кім артықша бір жақсылық істесе, Алла шүкірлікті  Қа­былдаушы, толық  Білуші (Бақара,158).
Мұнан  кейін  Қағбаға  қарап, екі қолды жайып Аллаға мадақ айтылады:
Лә иләһә иллал-лаһу уәхдәһу лә шәрикә ләһу, ләһул-мулку уә ләһул-хамду уә һууә  ъалә  кулли  шәй-ин қадир.  Лә иләһә иллаллаһу уәхдәһу, әнжәзә  уәъдәһу,  уә  нәсара  ъабдәһу,  уә  һәзәмәл-әхзәбә  уәхдәһ.
Бұл дұғаны үш рет қайталаған дұрыс деседі.
Мағынасы: Жалғыз, серігі болмаған Алладан басқа құдай жоқ. Билік пен мадақ Оған тән әрі Ол әр нәрсеге Құдіретті. Жалғыз Алладан өзге құдай жоқ. Ол  уәдесін орындады, пендесіне ( Пайғамбарға ) көмек берді (жеңіске жеткізді), бүкіл топты жалғыз Өзі жеңді.
Осы дұғаны оқығаннан кейін отбасы мен Отанына һәм барша мұсылман қауымға  дұға  тілеген  абзал.
Мұнан  кейін  Мәруаға  бет алады. Жалпы, Сафа мен Мәруа арасы – 450 метр. Осы екі аралықта жасыл белгі бар. Сол жерден бастап, келесі жасыл белгіге дейін ер адамдар жүгірген кейіп танытып жылдам жүруі керек. Ал әйелдер баяу жүрсе де болады. Мәруа төбесіне жеткеннен кейін әрбір сағи жасаушы жүзін құбылаға бұрып, Сафада айтқан дұғаларын қайталайды. Сафадан Мәруаға баруды бірінші, ал Мәруадан Сафаға баруды екінші айналым деп есептеп, жетінші айналымды Мәруада аяқтайды. Осылай 7 рет сағи жасайды. Бұл – айтуға ғана жеңіл амалдар. Мұның бәрін өзіңнің Алланың құлы екендігіңді шынайы сеніп, Одан жарылқау тілеп,  көзіңе жас ала жүріп орындағанда, өзіңді ауада ұшып жүргендей жеңіл сезінесің. Мына жалған дүниенің бүкіл ауыртпалығын ұмытасың. Боқ домалатқан қоңыздай тұрлаусыз тір­шілігіңе лағнет айтасың. Біліп-білмей істе­ген күнәларың үшін кешірім сұрайсың. Ақыретке ұмты­ласың. Мәңгілік өмірді мәнді де сәнді һәм мазмұнды етуге, соған сай сауап жинауға тырысасың. Өйткені, сен  өзіңді  жаратқан құдіреті күшті Алланың алдында тұрсың. Оның сынағынан  өтудесің. Пендесін кешіру, жарылқау  –  бір Алланың ғана  құзырында. Осы орайда айта кететін бір нәрсе, қазірдің өзінде  Сафа мен Мәруа  арасын бір сағатта 108 мың адам сағи жасай алады. 
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Зәмзәм суы – ауруға шипа, тойымды су» десе, тағы бір ха­дисінде: «Әлемдегі ең жақсы су – зәмзәм суы. Оның жағымды дәмі бар  әрі ауруларға ем» деген екен.
Сондықтан қажылық парыздың әрбір амалын жасағаннан кейін, зәмзәм суын шө­ліңіз бен мейіріңіз қанғанша ішкен абзал.  
Пайғамбарлардың  сардары – Мұхаммед (с.ғ.с.): «Зәмзәмді не мақсатта ішсең, сол үшін болады. Оны емделу үшін ішсең, сені Алла емдейді; егер сен оны қарныңды тойдыру үшін ішсең, Алла сені тойдырады; егер шөліңді қандыру үшін ішсең, Алла шөліңді басады; егер оны жәрдем тілеп ішсең, Алла сені қорғайды» деген екен. 
Имам Шафиғи (р.а.): «Зәмзәмді үш ті­лек айтып іштім. Мерген болайын деп, менің атқан он жебемнің оны да нысанаға дөп тиеді. Әйтпесе, оннан тоғызы тиеді. Ілім сұрап іштім, ілімдегі орным өздеріңе мәлім. Жәннат сұрадым, ол тілегім де қабыл болады деп үміт етемін» деген екен өзінің еңбегінде.
Дін өкілдерінің айтуынша, зәмзәм суын ішер кезде құбылаға қарап, «Бисмилләһ» деп, түрегеп тұрып және тойғанша ішу керек. Қасиетті суды ішу кезінде үш рет дем алып, дұға жасап  және соңында шүкір ету керек. Зәмзәм ішіп айтылған дұға қабыл болады деседі. Көптеген ханафилік ғалымдардың пікірінше, зәмзәм суын тұрып ішкен дұрыс. Қорытындылай келе айтарымыз, зәмзәм суын отырып та, тұрып та ішуге болады. Өйткені діни ілімі бар ғалымдар екеуін де құп көреді. Сондықтан да зәмзәм суын отырып, я болмаса тұрып ішкен адамды айып­таудың қажеті жоқ. Ең бастысы, ниет түзу болсын!
«Зәмзәм суы – ең таза су. Бұл Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымымен дә­лел­денген. Профилактикалық сараптама нәтижесінде зәмзәм суының таза, түссіз, иіссіз екендігі, аздаған спецификалық дәмі барлығы анықталды. Судағы на­трийдің көп мөлшерлігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының  барлық талаптарына жауап береді» дейді әлемдік деңгейдегі дәрігер Ахмал әл-Мұхандис.
Бір таңқаларлығы, бұл Қағбадағы құдық 5 мың жылдан бері қасиетін сақтап, әлі күнге дейін ағып жатыр. Жыл сайын сол қасиетті суды миллиондаған қажы ішкенін ішіп, ішпегенін еліне алып кетеді. Зәмзәм суы сонда да таусылмақ емес. Сауд Аравиясы – бір де бір өзені жоқ ел. Сонда да дүйім халық суды осы елден тасиды. Бұл да – Алланың бір құдіреті!
Кіші қажылықтың амалдарын жасап болғаннан кейін, шаш алдырып, жуынып-шайынып, ихрамнан шықтық. Бұл – кіші  қажылық өтелді деген сөз. 
Енді үлкен қажылыққа дейін бір жұмадай уақыт бар. Осы күндері  қа­жылық парызымызды өтеуге бірге барған асыл аға, алғыр інілермен бас қосып, құлшылығымызды күшейтіп, таһажуд, бамдат, бесін, екінті, ақшам, құптан намаздарын әл Харам ме­шітінде оқуға тырыстық. Себебі онда оқыл­ған әрбір намаз жүз мыңға еселенеді. Осы әл Харам аумағында жасалған сауап та сонша есе көбейеді. Сондықтан әрбір адам кез келген адамға жақсылық жасағысы кеп тұрады. Бір-біріне нан, құрма, су, банан ұсынады. Тіпті, ыстықтап келе жатсаң, бе­тіңе су бүркеді. Қайыршыларға қайыр-садақа үлестіреді. Сөйтіп сауап жинауға ты­рысады. Осы  аумақта  ат басындай  алтын  жатса да алуға  тыйым  салынған. Бұл – бүкіл қала тұрғындары үшін де, қажылар үшін де шариғат  заңы. Оны  орындауға  Мекке мен Мәдина халқы бейіл. Қазақта – «Адамның құлқы түзелмей, өмірдің құлпы түзелмейді» деген сөз бар. Сол айтқандай, көзі мен жүзінен нұр төгілген халықтың иманы мен пейіліне қарап, бұл елдің құлқы да, құлпы да түзу екенін аңғаруға болады.
Сауап демекші, былтыр дәл осы әл Харам мешітінде мынадай оқиға болыпты. Бір қажы осы мешіттің ауласын сыпырып жүрген кісіге садақа бермек болып оның қолына қаржы қыстырады. Әлгі пақыр: «мен мұнда қайыр сұрау үшін емес, сауап жинау үшін келдім» деп садақаны алудан бас тартады. Сөйтсе ол Үндістанның білдей бір миллиардері екен. Жыл сайын ораза айында қасиетті әл Харам мешітінің ауласын тегін сыпырып, сауап жинайтын көрінеді. Бұл ақпарат бүкіл әлеуметтік желілерді шулатты. Міне, біздің елдің бай-бағландары осыдан үлгі алса, қанеки?! «Сөзді ұғар, кө­кірегі болса көзді» деп дана да дара Абай айтпақшы, ел ішінен сөз ұғар кісі шықпайды деймісіз?! Әрине, шығады. Соған сенемін.
Жоғарыда «Гранд Резиденс» қонақ үйіне  жайғасқанымызды айтқан болатын­мын.   Осы жерде біз «Хикмет» компаниясының қа­жыларымен бірге болдық. Күнде  құп­тан намазынан кейін  «Асыл арна» телеар­насының директоры, 15 рет қажылық  па­рызын өтеген Мұхамеджан Тазабек, «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Қуат Ерғалиұлы, «Қарағайлы» мешітінің бас имамы Ермек Көкірекбаев, тағы басқа дін өкілдері қажылық парыз және ислам тарихы туралы тәлім-тәрбиелік мәні зор әфсаналар мен уағыз айтып тұрды. «Күштілерім сөз айтса, бас изеймін шыбындап» деп хәкім Абай айтқандай, мұндай уағыздардың қажылық парызын ең алғаш өтеуге келген һәм дін жолына жаңа түскен мұсылман қауымның діни сауатын ашуға көпкөрім септігі тиді. Оларға Алланың нұры жаусын!
Мекке қаласында Нұр деген тау бар. Оның айбары – асқақ, еңсесі – биік, тарихы – терең. Сол таудағы Хира үңгірінде адам­заттың асылы – Мұхаммед (с.ғ.с)  пай­ғам­барымызға ең алғашқы «Оқы, оқы, оқы» деген уахи келді. Осы ерекше мәртебеге ие болған үңгірде Жәбірейіл (ғ.с.) періште арқылы Расулаллаға пайғамбарлық қасиет қонды. Сол қа­сиетті үңгірде 2 бас намаз оқып, тәуап жаса­дық. Ол тарихи үңгір 634 метр биіктікте орналасқан.
Ертесіне Мекке қаласындағы Айша ана­мыздың мешітінде болдық. Айша – хазіреті  Әбу Бәкірдің  аяулы қызы, адам­заттың алыбы – Мұхаммедтің (с.ғ.с) пай­ғамбарымыздың асыл жары. Ол – білімді де ілімді, иманды да ибалы, сабырлы да салиқалы, зерек те зерделі сахаба болған адам. Барша мұ­сылман қауымның  асыл да  ардақты анасы. Алла Тағаланың Өзі Құран кәрімде оны: «Күнәлардан  және жүректің шүбә-күдігінен арылған мүминдердің пәк анасы» деп бағалаған. Ғұлама ғалымдардың бірі Имам Зуһри  өзінің  еңбегінде: «Егер өз дәуірінің бүкіл ғалымдары мен Пайғамбарымыздың басқа әйелдерінің ілімдерін бір жерге топтаса, Айшаның ілімі асып түсер еді» деген екен. Ол саналы ғұмырында 2210 хадисті риуаят етіпті. Тіпті Пайғамбарымыз қайтыс болғаннан кейін кейбір даулы  мәселелерге  сахабалар Айша анамыздың төрелігіне жү­гінген көрінеді. Жалпы, Айша анамыздың ислам діні үшін  сіңірген  еңбегі ұшан-теңіз. Сондықтан оның ғибратты ғұмыры күллі мұсылман қауымға үлгі-өнеге  болары  хақ. Біз де  ол  кісінің рухына құран бағыштап, Жа­ратқан  Иемізден  жарылқау  тіледік. 

«Қажылық  –  Арафат»

Үлкен  қажылық  басталар  күні түн  ортасында тұрып, ғұсыл  құйынып, ихрам  киіп, таң  намазын  оқыдық.  Ихрамды  киер  алдында «Ләббайка хажжан» деп  ниет етіледі. Ол ниет: « Иә, Алла! Сенің разылығың үшін парыз  қылған қажылығыңды орындауға алдыңа келдім» деген мағына береді. Содан кейін автобусқа отырып, Мина жазығында тігілген шатырларға орналастық. Сонда Арафатқа барғанша құлшылығымызды жал­­ғастырдық. Осы  орайда айта кететін бір жәйт, Сауд Аравиясында жалғыз  теміржол  бар екен. Оның да жұмыс істегеніне 5-ақ жыл болыпты. Ол теміржол қажылық амалдар жасалатын Мина, Муздалифа, Ара­фат жазықтарының  арасын  қосады. Онда  бар-жоғы 9 станса бар. Олар: Минада – 3, Муздалифада – 3, Арафатта – 3. Осы бағытта 240 метрден тұратын 6 состав  пойыз жұмыс істейді. Оның әрқайсысына 3500 адам сыяды. Бір  сағатта 75 мың  қажы тасымалданады екен. Былтыр 100 мың адам тасымалданыпты. Бұл –  әлемдегі ең жоғарғы көрсеткіш. Алайда, бұл – қажылардың  30 пайызына ғана  қызмет көрсетіледі деген сөз. Екінші орынды  Ресей  еншілепті. Ол елде сағатына 48 мың жолаушы тасымалданады екен. Мұның тағы бір ерекшелігі – құрылыс бір жарым жылда бітіп, әлемдегі ең жылдам аяқталған жоба ретінде тіркелген. 
«Қажылық – Арафат» деген екен Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз. Ал Арафаның ең ізгі амалы – дұға  жасау. Сол  күні бесін  мен екінті  намазы  қосып  оқылады да, содан ақшамға дейін дұға тілеу керек. Бүкіл қажылар қауымы бұл амалды шын ықыластарымен орындады. Аллаға мадақ, Пайғамбарымызға салауат айтып, Раббымыздан кешірім, мейірім, шапағат, рақым тіледі. Ел-жұрттың аманатын құдіреті күшті  Алла Тағалаға  жеткізді. Екі аяқтап тік тұрып, көкке қол жайып, егіле жылап дұға тілеген қажылар да болды. Ал ол дұға-тілектердің орындалатынына кәміл сену қажет. Күмәндану, сенбеу – күпірлік. Арафаттағы  амалдардың  аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы  мен «Асыл арна» телеарнасының  ұйымдас­тыруымен  «Бір мезетте бір ниет» атты  акция  өткізілді. 
Тірлік басқа болса да,
Тілек бір.
Бармақ басқа болса да,
Білек бір, – деген қағиданы басшы­лыққа алған бұл шараға қазақстандық қажылар қатысып, ардақты  Пайғам­барымыз бен оның сенімді сахабаларына құран бағышталды. Имамдар мен зиялы қауым өкілдері дұға-тілектерін айтты. Мұның  бәрі «Асыл арна» арқылы  жалпақ  жұртқа  көрсетілді. 
Жалпы, Арафаттағы шатыр қала­шығы 8 миллион шаршы метр жерге орналасыпты. Оған 5 миллион қажы еркін сыяды. Ал­дағы уақытта 8 миллион қа­жыны еркін қабылдайтын екі қабатты шатырлар салынатын көрінеді.
Үлкен қажылықтың алдында тама­ғым ісіп, қызуым көтеріліп, қатты ауырып қалдым. «Ұлы парызымды өтей алмай қаламын ба?» деген де қауіп болды. Сөйтсем, қажылық парызын бізбен бірге өтеп жүрген Айдын Бақытжанұлының айтуынша, олай қауіптенуге ешқандай негіз жоқ екен. Өйткені, парызын өтеуші қатты ауырып, емханаға жатып, тіпті жүріп-тұра алмай қалса да үлкен қажылық кезінде оларға арнайы дәрігерлер мен көлік, қажет болса, тікұшақ бөлініп, толық жағдай жасалады екен. Оған сенбеске лажың жоқ. Себебі ол бұл елдің тіл мен тұрмысын, салт пен дәстүрін жақсы біледі. Оның үстіне қажылық парызын бірнеше рет өтеген. Айдын  Бақытжанұлының сөзін мына ресми мәлімет те тірілте түседі. Қажылық  кезінде Арафатта – 4, Минада – 4, Меккеде – 7, Мәдинада – 9, жалпы 25 аурухана жұмыс істейді екен. Оған қосымша 1416 медициналық орталықтар қызмет  көрсетеді.  Осы емханаларда 22500 дәрігер еңбек етеді. Сонымен қатар, барлық  қан топтарымен қамтамасыз етілген 16 мың қан  құю  орталықтары  тағы бар. Ме­дициналық орталықтар 80 жедел жәр­­дем, 95 арнайы  жабдықталған көлік жә­не бірнеше тік­ұшақтармен қамтылған. Олар­да 105 дәрігер, 242 мейірбике жұмыс  істейді. Міне, Құдайдан үміті зор елдің қажыларға деген құрметі осындай.
Осы орайда елшілердің сардары – Мұ­хаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың қа­жы­лық  туралы  айтқан  мына  хадисін  толық  бергенді жөн көрдім. Хадисті  хазіреті  Омар  (р.а.)  жеткізген.

Хазіреті  Омар  айтады:
«Біз Алланың елшісімен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мина өлкесіндегі  мешітте отырғанымызда, бізге біреуі –  ан­сар­лардан, ал екіншісі – Сақиф руынан  болған екі адам келді де, сәлем берген соң отырды. Сосын  олар: «Уа, Алланың  ел­шісі, біз  саған  сұрақ  қоюға келдік» деді. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сә­лемі болсын): «Егер қаласаңдар, мен сендерге  сұрағыларың келген нәрселеріңді ха­бар­лайын, ал, егер қаласаңдар, сендер мұны өздерің  айтыңдар»  деді.
Олар: «Уа, Алланың елшісі, хабарла» деді. Сақафи ансарға: «Сұра» деді. Алайда ол: «Хабарла маған, уа, Алланың елшісі» деп айтты. Ал, Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Сен Қасиетті Мешітке  бару  мақсатында  үйіңнен шыққаның үшін саған не (сый-сауап) болатынын сұрау үшін келдің. Тауаптан кейінгі екі ракағат туралы, (яғни) саған  ол үшін не (сый-сауап) болатынын білу үшін. Сафа мен Мәруаның арасын айналып жүру туралы білу үшін. Арафатта тұру туралы, бағаналарға тас лақтыру туралы, шашты қыру және Қағбаны айналу  туралы  –  осылар үшін саған не (сый-сауап) болатыны туралы!» Әлгі кісі: «Сені ақиқатпен Жібергенмен ант етемін, мен дәл соны сұ­рауды қалап келгенмін» деді.

Алла  елшісі  айтады :
«Ақиқатында, сен Қасиетті Мешітке қарай жол алып үйіңнен шықсаң, сенің  мінген жануарың аяғын әр көтерген және түсірген сәтте, саған бір сый-сауап  жазылады  және  бір  күнәң  кешіріледі.
Қағбаны (жеті рет) айналудан  кейінгі екі  ракағатқа (намазға)  қатысты  айтар болсақ, онда бұл сенің Исмаил (пайғамбардың)  ұр­пақ­тарынан  болған бір құлға азаттық  берге­ніңдей.
Сафа мен Мәруа төбелерінің арасын айналып жүруге келер болсақ, бұл жетпіс  құлды  босатумен  бірдей. 
Сенің  Арафатта  тұруыңа  қатысты  айтар  болсақ, онда  Алла Тағала төменгі   аспанға түсіп, періштелердің алдында мақтанып, былай  дейді: «Құлдарым  Жәннатымды  қалап, Маған  әр жақтан шаштары ұйпалақтанған күйде келді! Егер олардың күнәлары майда тастардың, жаңбыр тамшыларының және теңіз  көбігінің санындай  көп  болса  да, Мен оларды кешірер едім! Әй, Менің құлдарым, сендерге кешірім сый етілді!» 
Тас лақтыруға келер болсақ, әрбір тас­талған тас үшін сенің кіші күнәң кеші­ріледі.
Құрбандығыңа келер болсақ, бұл үшін саған  Раббыңның алдында  ұлы  сый әзір­ленген. 
Басты қыруға қатысты айтар болсақ, әрбір талшық шаш үшін саған игі іс жазылады  әрі күнәң  кешіріледі.
Періштелер қанаттарын қажының  иы­ғына қойып «өткеніңнің бәрі кешірілді»  деп айтады.
Ал, сенің осының барлығынан соң  Қағбаны айналуың туралы  айтар болсақ, онда сен күнәсіз болған күйде тәуап   жасайсың. Әрі осыдан соң періште  келеді  де, қолдарын сенің иығыңа қойып, былай дейді: «Болашақта саған жазылған  нәрселерді  орындай  бер,  өйткені  бұрын болған нәрселердің барлығы саған  кеші­рілді!».
Әл-Баззар 2/182, Ибн Хиббан 963, ‘Абдур-Раззақ 8830. Хафиз әл-Мунзири хадистің сахихтығын растаған. Қз.: “Сахих әт-тарғиб” 1112. жеткізген.
Ғұлама  ғалымдардың  хұсни  хаттарына  зер  салсақ, Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Арафатта  тұрған кезде адамзат баласына ғұмыр бойы азық болатын насихат айтты. Бұл – Алла елшісінің соңғы хұтпасы еді. Ол осы қоштасу қа­жылығынан  кейін тоқсан-ақ күн өмір сүрді. 
Адамзаттың абзалы – Мұхаммед (с.ғ.с.) былай деді:
Әй, адамдар! Сөзімді тыңдаңдар. Мүм­­кін мен сендермен биылдан кейін  ешқашан жолыға алмайтын шығармын.
Әй, адамдар! Сендер міндетті түрде Раббыларыңа жолығасыңдар. Ол сендердің жасаған істерің жайлы сұрайды. 
Кімде-кім бір аманатты мойнына алған болса, оны аманаттаған егесіне қайтарсын. 
Әй, адамдар! Әйелдеріңде сендердің ха­қы­ларың бар, олардың сендерде хақылары бар. 
Әйелдерге өте жақсы қараңдар. Олар сендердің қолдарыңда еш мүлкі жоқ қыз­метші секілді. Оларды сендер Алла алдында аманаттап алғансыңдар. 
Әй, адамдар! Сөзімді ақылмен түсі­ніңдер. Міне, мен жеткіздім. Сендерге егер жабысып ұстансаңдар ешқашан адаспайтын анық бір іс қалдырдым:
Ол – Алланың кітабы мен Пайғам­ба­рының сүннеті.
Әй, адамдар!  Барлық мұсылмандар өзара бауыр екенін біліп алыңдар. Бауы­рының қандай да бір нәрсесі ол өзі разы болып бермейінше адал (халал) етілмейді. Өз-өз­деріңе зұлымдық жасамаңдар. Алла­ның атымен жеткіздім бе? – деді. 
Сонда сахабалар:
– Алланың атымен жеткіздіңіз, – деді. 
 Пайғамбар (с.ғ.с):
– Я, Раббым! Өзің куә бол , – деді.

Ирбад ибн Сәрия (р.а.) айтады:
Бір күні Пайғамбар (с.ғ.с.) бізбен бірге намаз оқыды. Сосын, бізге қарай бұрылды да көзді жасауратып, жүректерді қозғаған өте әсерлі уағыз айтты.
 Сонда бір кісі: 
– Я, Алла елшісі! Мынау қоштасып бара жатқан адамның уағызы секілді. Бізге не бұйырасыз ? – деді. 
Сонда ол кісі: 
– Сендерге Алладан қорқып, тақуа болуды өсиеттеймін. Сендерге жүзі  мейіздей қара құл  патша болса да бағынып, мойын­сұнуды бұйырамын. Өйткені, кім менен кейін ұзақ өмір сүрсе, ол көп қарама-қай­шылықтар көреді. Менің сүннетімнен және менен кейін келетін тура жолдағы әділетті халифалардың сүннетінен азу­ла­рыңмен тіс­теп ұстаныңдар. 
Бұл – Ақиық пайғамбардың (с.ғ.с.) соңғы сөзі, соңғы өсиеті еді.

Мұздалифаға түнеу – сүннет

Ақшам намазын жамағат боп оқы­ғаннан кейін Мұздалифаға келдік. Бұл – тау етегіндегі кең жазық. Онда дәрет­ханадан басқа ештеңе жоқ. Шариғат заңы бойынша мұнда түнеу – сүннет. Өйткені адамзаттың абзалы – Мұхаммед (с.ғ.с.) пай­ғамбарымыздың өзі солай істеген.  Сон­дықтан қажылар  ұйықтап, демалуға тиіс. Біз  таһажуд намазына дейін тынығып, тиісті  амалдардан кейін Минаға жаяу тарттық. Миллиондаған адам бір ба­ғытқа қарай жүрген соң, кептеліс болатыны – заңдылық. Оған қажылар түсіністікпен қарап, сабыр­лық таныту қажет. Сабыр – қажыларға тән қасиет. Онсыз қажының қадірі болмайды. Ас-суымызды айырған соң, Жамарат ақабаға барып тас аттық. Ол жеті тасты Мұз­далифадан теріп алғанбыз. Шайтанға тас атушыларда есеп жоқ. Бәрі ібіліске лағнет айта, ерекше құлшыныспен лақтырады. Дін өкілдерінің айтуынша, ол дұрыс емес екен. Шариғаттың шарты бойынша қажылар тас атуды Ибраһим пайғамбардан жеткен бір сүннет амал ретінде орындайтын көрінеді. Алғашқы күні бірінші және екінші жамаратқа тас атпайды екен. Осы амалды орындауға барғанда-қайтқанда бай­­қағанымыз, жер шарында  200-ге жуық ел болса, қажы­лардың  ішінде  сол барлық  ұлттар мен ұлыстардың өкілдері жүр десек, әсте қателесе қоймаспыз. Елшілердің мөрі болған Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмбеті  күн санап көбейіп келе жатқанын көріп қуандық. Сол күні Минадан 42 тас теріп алып, екі күн бойы әр қабырғаға 7 тастан 21 тас атып, амалымызды орындадық. Жалпы, Жамараттың ғимараты 5 қабаттан тұрады. Оның ені – 80, ал ұзындығы – 950 метр. Алдағы уақытта ол ғимаратты 12 қабатқа дейін көтеретін көрінеді. Жамаратқа  бір  уақытта 5 миллион  қажы  кіріп тас лақ­тыра алады. Қосымша жерасты 3 туннель салынған. Мұнда тікұшақтар қонатын арнайы орындар дайындалған. Сондай-ақ ғи­ма­раттың  11  қақпасы, 12  есігі бар . 
Құрбан айт күні құрбандығымыз ша­лын­ғанын хабарлағаннан кейін шашымызды тықырлап алып, ғұсыл құйынып, ихрамнан шықтық. Діни деректерге сүйенсек, шашты ұстарамен тықырлап алған абзал көрінеді. Өйткені Пайғамбарымыз  (с.ғ.с.)  шашын  толық алдырғандар үшін үш мәрте, қысқартқандар үшін бір мәрте дұға жасаған екен. Осы қағидаға сүйеніп, біз де шашымызды тықырлап алдық. Негізі, жыл  сайын  қажылық кезінде 61 миллионнан  астам  қой  құрбандыққа шалынып, ол еттердің бәрі әлеуметтік жағдайы төмен  27 елге таратылатын  көрінеді.

Үлкен  қажылықтың  сыйы  –  жәннат

Қажылықтың  артықшылықтары туралы Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген екен: «Жаман сөз сөйлемей, күнәлі әрі орынсыз еш нәрсе жасамай, Аллаға қажылық жасаған адам, анасы оны туған күнде қандай (күнәсіз) болса, солай  оралады». 
Сондай-ақ Алла елшісінің (оған Алла­ның игілігі мен сәлемі болсын): «Умра­дан кейін умраны орындау – олардың ара­ларындағы күнәлардың өтеуі болады, мінсіз қажылыққа келер болсақ, ол үшін  Жәннаттан өзге сый жоқ!» деген хадисі  бар. Ендеше  барша қажыларға Алла Тағаланың осы  сыйы  нәсіп  болсын!
Үлкен  қажылықтан соң, екі күн тыныс­тап, Қағбамен қоштасу тәуабын жасап, ертесіне Мәдина қаласына жол тарттық.  Бұл тәуап Меккедегі істердің  ең соңғысы  болуы тиіс. Себебі Пайғамбарымыз ( Ол кі­сіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ешкім соңғы ісі тәуап  болмайынша Меккеден кетпесін» деген екен. Яғни, Қағбамен қоштасқаннан кейін қажылық сапарға қа­тысты амалдардан басқа, қонаққа бару, сауда  жасау, қыдыру  және  сол  секілді  істермен  айналысуға  болмайды.

«Мәдина  –  өмір  сүру  қаласы»

Мекке мен Мәдинаның арасы 410 ша­қырым екен. Жолшыбай екі жерде полиция қызметкерлері  тоқтатып, тексеру шараларын жүргізді. Екеуінде де олар қажыларға сый-құрмет көрсетіп, зәм-зәм суы мен тағамдар таратты. Мұ­ны көріп: «Адамның ұя­ты бетінде, адамгершілігі  ниетінде» деген осы екен-ау  деп  қалыстық. Оның үстіне «Жол қуған қазынаға жолығады» деген де  мақал  бар. Өз еліміздің мақалының мән-мазмұнын  өзге елде жүріп жете түсінгендей болдық. 
Түн ортасында Мәдина қаласына  жетіп, сондағы     «Мәнәзил әл-Әсуаф» мейманханасына орналастық. Расында, дәулетіне сәулеті жарасқан қала екен. Бұл қаланы Алла  елшісі және оның сахабалары  өте жақсы  көріпті. Бұл  сөзімізге  Пайғамбарымыздың: «Уа, Алла! Мәдинаны бізге сүйікті ет, Мек­кені жақсы көргеніміздей және одан да қаттырақ» деген дұғасы дәлел бола алады. Сондай-ақ ол тағы бір дұғасында: «Уа, Алла! Ибраһим Меккені қасиетті етті, ал мен қос қара тас арасындағы жерді (Мәдинаны) қасиетті еттім» деген екен. Ертесіне Пай­ғамбар мешітіне барып намаз оқыдық. Әлем­дегі  әл Харамнан кейінгі екінші мешіт боп саналатын бұл Алла үйін кей мүміндер «Мәсжид ән-Нәби» деп те атайды екен.  Бұл мешіттің қадір-қасиеті туралы айтып тауысу мүм­кін емес. Расулалланың (с.ғ.с.) өзі бір хадисінде: «Мешітімде оқылған намаз Харам мешітінен бөлек, басқа мешіттерде оқылған мың рәкаттық намаздан да қайырлы» деген екен. Тағы бір хадисінде: «Мен – пайғамбарлардың соңғысымын. Мешітім де – қасиетті мешіттердің соң­ғысы» депті. Міне, осы хадистерден  Пайғамбар мешітінің мұсылмандар үшін қандай қа­сиетті екенін бағамдай  беруге  болады.
Ардақты  пайғамбарымызға  һәм  оның  сенімді сахабалары  Әбу Бәкір  (р.а.) мен  Омарға (р.а.) сәлем бердік. Кезінде халифа  һәм  хазіреті Омар  (р.а.): «Иә,Алла, өз жолыңда шаһид болуды және Пайғамбар қаласында көз жұмуды нәсіп ет» деп дұға еткен екен. Оның осы мешітте жатқаны – дұғасының қабыл болғаны десек, әсте қателеспейміз. Бұл мешітке бір мезгілде бір миллионға жуық  адам  сыяды. Үш күн бойы осы қасиетті мешітте құлшылық жаса­дық.
Іргесінде  әл-Бақиғ зираты  бар. Бұл қабірде он мыңға жуық сахабалар дамыл тапқан. Сонымен қатар Пайғамбарымыздың асыл жарлары мен ұл-қыздары да осында жерленген. Үшінші халифа хазіреті Османның (р.а.) қабірі де осы зиратта. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар  бұл жерді зиярат етіп: «Ей, мұсылмандар қауымы, сендерге Алланың тыныштығы болсын! Әлбетте, біз Құдай қаласа, сендерге жолығамыз. Өзіміз үшін және сендер үшін де Алладан жарылқау тілейміз» деп дұға етіпті. Бұл қабірстан – Алланың нығметіне бөленген құл­дарға ғана нәсіп болатын орын екен. Сондықтан да қажылық кезінде қайтыс болған шаһидтер де осында жерленеді. Зиратты зиярат ету – сүннет  амалына  жатады.
Мәдина қаласындағы екінші күні Ухуд тауына, құрма бағына, Құба мешітіне барып зиярат жасадық. Бұл Құба мешітіне Алла елшісі жиі келіп, екі рәкат намаз оқып тұрған екен. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Құба мешітіндегі намаз – умраға  тең» депті. Яғни, бұл – кіші қажылықпен пара-пар деген сөз. Ал Ухуд тауы туралы Ра­сулалланың өзі: «Бұл бізді жақсы көретін, біз де оны жақсы көретін тау» деген екен.
Мәдина – құрманың   отаны. Бұл  қала­да  Алла  елшісінің  өзі  еккен «Ғаджуа» деп аталатын ерекше құрма өседі. Мұн­дай  құрманы өзге елден таппайсыз. Пай­ғамбарымыз бір хадисінде: «Кімде-кім таңертең аш қарынға ғаджуаның  жеті  данасын  жесе, ол  адамға  сиқыр  дарымайды» деген екен. 
Қайтар күні Құран кәрім кітабын сатып алып, Пайғамбар мешітінің сөресіне қойып кеттім. Дін өкілдерінің айтуына қарағанда, әлгі Құран кітапты неше адам пайдаланса, сонша сауап жазылатын көрінеді. Алла бұл амалымызды сауаптан жазғай!
Біз межеленген уақыттан бір күн кеші­гіп қайтатын болдық. Сондықтан да бізді  басқа  қонақ үйге көшірді. Себебін сұрасақ, біздің кешігуіміз Сауд Аравиясы әуе ком­паниясының кінәсінен екен. Сол үшін ен­дігі шығынды солар көтеретін көрінеді. Кетуге бір күн қалғанда кім көшуге құлық таныта қояр дейсің?! Біз де сөйттік. Қонақ үйіміз жайлы әрі Пайғамбар мешітіне жа­қын еді. Көңіл күйіміз жоқ. Оның үстіне қажылық парызды өтеу барысында әбден шаршағанымыз бар. Сіркеміз су көтерер емес. «Бір  күнге қоянның да терісі шыдайды» деп бізді қала сыртындағы бір жатақ­ханаға орналастыратын шығар» деген де күдік бар. Сөйтсек, қатты қателескен екенбіз. Біз көшіп барған қонақ үй бұрынғыдан артық болмаса, кем емес. Тіпті, Пайғамбар мешіті тиіп тұр. Мұндай қуанбаспыз. Бұл – иманы бар елге тән қасиет. Дәл осындай жағдай Жидда әуежайында да болған еді. Автобусқа отырардың алдында бәріміздің құжатымызды жиып алды. Енді оны тек Мәдина әуежайында ғана береді екен. Меккеге келген соң бір қажымыз төлқұжатында  бүкіл ақшасы кетіп қалғанын айтып налыды. «Егер бұйырса, Мәдинаға  бар­ғанда аларсың. Оған дейін бір амалын қарас­тырармыз» дестік. Екі-үш күн өт­пей, біздің компания басшыларына әлгі қаржыны кеден қызметкерлері әкеп тастап кетіпті. Осы әрекеттеріне қарап, араб елі уәделеріне берік халық екенін мойындадық. Ама­натқа қиянат жасамайтынын ұқтық. Алладан қорыққан елдің арамға бармайтыны анық қой. 
Уәделі күні Мәдина әуежайына түс ауа келіп, екінті және ақшам намаздарын сондағы намазханада оқыдық. Құлшылық орны аса кең болмағанымен, біраз адамның парызын өтеуіне жарайды. Намазханаға кірген бетте сапқа тұра қалыстық. Полиция мен кеден қызметкерлері де бізбен бірге намаз оқыды. Сөйтсек, біз ұйыған имам полиция сардарларының бірі боп шықты. Оған біз әрі қайран қалыстық, әрі риза болыстық. Құдайдан қорқатын ел осындай болса керек. Бұл  елдің тағы бір ерекшелігі, мейлі ол қонақ үй, мейлі әуежай, мейлі сауда орталығы болсын, барлық ғимараттың шаңырағына қағбаның суретін салып, құбыланың бағытын көрсетіп қояды екен. Кез келген намазхан соған қарап, жүзін бұрып, намазын оқи береді. Алла Тағалаға  ғана сыйынып, әрбір іс-әрекетін  сауапқа арнаған елдің  қажыларға деген құрметін тіркеуден өтіп жатып тағы да сезіндік. Әр­қайсымызға «Сауд Аравиясы королінің сый­лығы» деп 5 литрден зәмзәм су мен қасиетті  Құ­ран  кітапты  тарту етті. 
Қасиетті қаламен қош айтыса тұ­рып: Құдіреті күшті Алла Тағала!
Адамзаттың абзалы, елшілердің мөрі болған – Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымызға және оның сүйікті отбасы мен хазіреті халифаларына һәм сенімді сахабаларына игілік пен сәлем жолдап, оларды Өзіңнің шексіз нығметіңе бөлей гөр деп дұға еттік.

Тобықтай түйін

«Мекке – құлшылық қаласы. Мәдина – өмір сүру қаласы» деген екен Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар. Бізге Алланың нұрына бөленген екі қала да ұнады. Бұл қасиетті мекенге бесінші парызды өтеу үшін келіп, мол сауап жинап қайтып барамыз. Мұндай нығметі мен игілігі үшін Аллаға шексіз мақтаулар мен мадақ айтамыз. Алла хақ. Он сегіз мың ғаламда Оған серік болатын құдай да, тәңір де жоқ. Біз бүкіл қалалардың анасы атанған Мекке, барша мұсылман қауымды қол бұлғап шақырып тұрғандай әсерге бөлендік. Өйткені Мек­ке мен Мәдина қаласына өзге дін өкіл­деріне кіруге тыйым салынған. Ақиық Пайғамбарымыз өзінің бір хадисінде: «Мен сендерге екі нәрсе қалдырдым. Егер сол екеуінен бекем ұстайтын болсаңдар еш­уақытта адаспайсыңдар. Ол екі нәрсе: Алла Тағаланың кітабы – Құран және менің сүннетім» деген екен.  Сондықтан Аллаға құлшылық етуге асығыңыз. Сіз Оған қарап  бір қадам жасасаңыз, Ол сізге қарай жү­гірері хақ. Қажы  болу –  Сізге де нәсіп болсын, ағайын!
Осы орайда ұлы сапарды ұйым­дас­тырған һәм Мекке төрінде бүкіл қазақ­стандық қажыларға арнайы ас берген Қа­­зақстан мұсылмандары діни басқар­масының төрағасы, Бас мүфти Ержан  қажы Малғажыұлына, «Асыл арна» телеар­насының бас директоры Мұхамеджан қажы Тазабек мырзаға, осы арнаның қызметкерлері Артықбек Болғанбай, Нұғман Сүлетайұлы, Жанәділ  Райымбек, Ардақ  Байғабыл, Мейір­хан  Әбіл, Айдын  Бақытжанұлы,   Алмас  Қали, Әділет  Рахметолла, Алмас  Кенебайға, сондай-ақ «Кәусар-саяхат» турис­тік компаниясының  директоры  Азамат қажы Қадыровқа  айтар алғысымыз  зор. Қазақстандық қажылар  осы  кісілердің  арқасында  парыздарын  алаңсыз өтеп, тікелей эфир арқылы елге сәлем жолдап, алған әсерлерімен  бөлісіп  отырды. Оларға   Алланың  нұры  жаусын!

Алдыңғы «
Келесі »