«АЛТЫН ҒАСЫРДАН» БАСТАЛҒАН…

  • 06.03.2017
  • 548 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Жұмат ӘНЕСҰЛЫ,
жазушы

Қай дүниенің де қасиеті салыстырмалы түрде анық­талады. Поэзияда да солай. Өлеңнің қадір-қасиетін білу үшін оның теориясын жақсы білу қажет, сонымен бірге, жан-жағыңа қарап, әлемнің, қасыңдағы жұрттың жетістігі мен кемшін тұстарын бағамдай алған жөн, әрине, оған білімің жетсе.


Біздің замандастарымыз ғана емес, Ы.Алтынсарин, Абай, А.Байтұрсыновтан бастап, шетелдің әдебиетіне, көрші ел орыстың әдебиетіне назар аударған. Поэзия туралы қысқашалау пікір болғасын, орыс поэзиясына қысқаша шолу жасай кетейін. ХIХ ғасыр – орыс поэзиясы «Алтын ғасыры» атанған. Оның басында Жуковский, А. Пушкин тұр. Ал, ХХ ғасыр, анығын айтқанда, 1890-1930  жылдар арасындағы орыс ақындарының шыққан биігіне «орыс поэзиясының «Күміс ғасыры» деген баға берілді. Осы «Күміс ғасырдың» ұлы ақындары Блок, Есенин, Маяковский, Брюсов, Ахматова, Цветаева, Кузнецов, Бродский, Гумилев, Пастернак, Клюев және т.б. еді. «Орыс күміс ғасырының» ақындары «Алтын ғасыр» ақындарынан немен ерекшеленді? Міне, әңгіме осында. Орыс поэзиясының ХХ ғасырдағы ақындары әркімнің өзіне ғана тән мәнерімен, өз заманын тек өзіне ғана тән бояумен, айтқыштықпен, суреттеуімен ХIХ  ғасырдың ақындарынан айқын ерекшеленіп тұрды. Өлеңнің қалпы (формасы) демекші.
«Күміс ғасырдағы» орыс ақындарының өлең формасын түрлендіруі осы кез. Содан бұл кезеңдегі орыс ақындары арасында «Символизм», «футуризм», «модернизм», «акмеизм» сияқты ағымдарға бөлініп кетушілік болды. Мәселен, ертеректе «футуризм» ағымындағы Хлебников деген ақынды оқығаным бар. Ақындығы ешкімнен кем емес, орыстың дара ақындарының бірі болды. «Поэзияда өзіңе ғана тән түр іздеу, форма іздеу, ешкімге ұқсамайтын ой қозғау деген сол. Француздың атақты жазушысы Эмиль Золяның «Тек өзіне ғана тән стилі жоқ жазушы, жазушы емес» деп жазғаны есімде, поэзияда да солай.Орыс әдебиетінде кемелді, білікті сыншы, әдебиеттанушы өте көп. Ертеде Шкловский деген әдебиеттанушы, сыншысының еңбектерін оқығанмын. Орыс әдебиетіндегі керемет тілді, білімді сыншы еді. 
Бүгінде орыс әдебиет, оның ішінде поэ­зиясы да қарқынды дамуда. Мәскеу университетінен бастап, толып жақтан уни­­верситеттер әдебиеттану мамандарын, әдебиет, театр, өнер сыншыларын биік деңгейде дайындауда. Мықты прозаиктері, ақындары, білікті әдебиет сыншылары бар орыс әдебиеті өз заманының талабына сай деңгейде дамуда.  

                                        ***   
Орыс әдебиетінің «Алтын ғасыры» мен «Күміс ғасыры» туралы ғасыр бойы көптеген ғылыми-зерттеулер жа­зылып, дәлелденген. Орыс әде­биеттанушылары «ХХ ғасыр – Орыс­тың елу ақыны» атты ғылыми көз­қарасты қалыптастырды. Ал, біз­дегілер осы күнге дейін «кім бірінші, кім ақын?» деп қырқысумен жүр. Ал, «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» туралы жалпы сипаттамада кейде айтылып қалғанымен, оның мезгілі көрсетіліп, оған қандай шығармалар жататыны туралы бір де ғылыми-зерттеулерді оқы­маған едім. Дегенмен, «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» туралы қысқа шолу іспетті пікір жазуға болады. 
ХХ ғасырдағы «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» Абайдың алғашқы жыр жинағынан, А.Байтұрсыновтың «Қырық мысалынан», М.Дулатовтың «Оян қа­зағынан» басталады. Үшеуі де ақын. Осы үш тұлға 1909 жылы Қазақ поэзиясын алтын тұғырға көтерді. Олар осы шығармаларымен елдің рухын көтерді, түн қараңғылығын ысырып, жұртты жарыққа шығарды. 1910 жылы Ахмет Байтұрсыновтың «Абай қазақтың бас ақыны» атты әдеби танымдық мақаласы жaрық көрген болатын. Абайдың, Ахаң­ның, Міржақыптың өлеңдері, Ахаң­ның Абай туралы жазғаны қазақ әдебие­тінде жаңа, дарынды лектің келуіне зор ықпал жасағандай. Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин тәрізді, үндері, жырлары бір-біріне ұқсамайтын дара ақындар легі бірінен соң бірі әдебиет әлеміне келе бастады.
Соғысқа дейінгі поэзияға өзіндік әлемі­мен, жаңа лебімен келген ақындардың бірі – Ілияс Жансүгіров пен Қасым Аманжолов еді. Бұл ақындардың отты жыpлары өз заманын жалынмен шарпып өтті. Ал, 60-жылдарға дейін, жыр әлеміне жаңа түр енгізген, қысқа да, нұсқа жырларымен әдебиет әлемінің назарын аударған ақын Сырбай Мәуленов болатын. 60-жылдардан кейін қазақ әдебиетіне тілдік өрнектері ерекше, жырларында өзіндік мәнерлері, стильдері қалыптасқан тума таланттар дүниеге келді. Олар – Қадыр Мырзалиев, Мұқағали Мақатаев, Кеңшілік Мыр­за­беков, Жарасқан Әбдірәшев, Жұмекен Нә­жі­меденов, Темірхан Медетбеков және т.б. еді.
Ал, ХХ-ғасырдағы қазақ прозасы қазақ әдебиетінің маңдайындағы гаухар тасы десе де болады. Қазақ романының бастауында М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамалы» тұр. Одан кейінгі прозаның шылбырын Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Бейімбет Майлин, Саттар Ерубаев, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин іліп әкетіп, әрі дамытты. 60-жылдардан кейін жазылған Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тeрі», І.Есенберлиннің «Алмас қылышы», М.Мағауиннің «Аласапыраны» қазақ әдебиетінің жаңа шыққан биік белесі болды.
Ал, Қазақ әдебиетіндегі сын жанрын А.Байтұрсынов өзінің «Абай қазақтың бас ақыны» мақаласымен және «Әдебиет та­нытқыш» оқулығымен бастап берген. Әдебиет сыншылары сол кезде де болған. М.Дулатов, Шонанов, Ж.Аймауытов ке­зін­де өздерінің әдеби танымдық сыни мақа­лаларымен де елге танылған еді. Одан бе­ріде, Қ.Жұмалиев, М.Қаратаев, З.Қаб­долов, С.Қирабаев және т.б. сын жанрымен, теориясымен кәсіби айналысқан еді.
Қысқаша айтқанда, ХХғасырдағы «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» 1909-жылдан 1970 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Содан кейінгі қазақ әде­бие­тінің ғұ­мырын  «Күміс ғасырмен»  са­лыстыруға болады. 
Поэзия туралы тағы бір пікір

Әдебиет саласында Поэзия туралы айту ең қиын шаруа. Ең қиын болатыны – Поэзия туралы осыдан 23 ғасыр бұрын Аpистотель өзінің «Поэтика» еңбегінде жазып кеткен. Содан бері поэзия мың түрленіп, өзінің шырқау биігіне жетті. Сондай ақ, 1926 жылы Ахмет Байтұрсынов «Әдебиет танытқыш» атты ғылыми-теориялық еңбегін жарыққа шығарды. Жас ақын-жазушыларға Ахаңның осы шығармасын оқыған жөн. Ақын досым Аманхан Әлімұлы жас ақындарға Ресей сын­шыларының Поэзия мен Проза туралы тео­риялық  қағидаларын  ұсынған екен. Дұрыс. Орыс поэзиясы әлемдік әдебиетте алдыңғы қатардағы жанр. Әдебиеттану ғылымы да дамыған. А.Әлімұлы оқырмандар назарына ұсынған теориялық мақалада «Поэзияның прозадан артықшылығы сезім сәтін немесе табиғат көрінісін қысқа да, нұсқа, көркем, бейнелі тілмен суреттеп бере алады» деген абзац бар. Мен оған керісінше, «Прозаның поэзиядан артықшылығы шағын лирикалық жанрда бейнелей алмайтын ұзақ ғұмырдың оқиғаларын (әңгіме, повесть) оқырманның көз алдына елестетіп бере алады» деймін. Аманхан досымның осы фейсбуктегі жазбасы менің поэзия туралы бірер пікір айтуыма себепкер болып отыр. 
Қазіргі қазақ поэзиясы туралы сөз қозғасақ, ол ұзақ сөз болар еді. А.Әлімұлы жас aқындардың өлеңдерін жариялап, жақсы бастама көрсетіп отыр. Қазақ баспасөзін, сайттарын шолып отырып, соңғы он-он бес жыл ішінде тілі көркем, ойлары түйінді талантты, дарынды жас ақындардың нөпірі пайда болғанын байқауға болады. Бұл өте жақсы ырым. Ұлт тірегі бүгінде, келешекте де ұлтжанды ақындар, жазушылар болып қалмақ. Нөпір деген сөзді мен әдейі қолданып отырмын. Ақын көп, нөпір болғасын оның ішінде артық, кемісті болуы да заңды. Мен олардың бәрінің шығармашылығына талдау жасайын деп отырғаным жоқ. Тек сол жас ақындардың ішінде поэзия жанрларының теориялық жағын білмейтіндіктерін аңғардым. Поэзияда ода деген жанр бар. Ода жанры атағы шыққан адамдарға арнау, мадақтау түрінде жазылады. Соңғы онжылдық легінде атағы шыққан жас ақындардың осы Ода жанрына жиі иек артып жүргені еске түседі. Солардың одаларын жазба түрінде оқып көрсең, қарабайыр, қу сөз екенін көріп, түңілесің. К.Мырзабековтің «Іңкәр дүние» атты жинағында Н.Тілендиевке арнап жазылған өлеңі бар еді, сол Оданың классикалық үлгісі деп айтар едім. Өйткені, онда Тiлендиевтің керемет образы бар.
Сол сияқты баллада жанрын жас ақындар түсіне бермейтін тәрізді. Оларға отыз ауыз өлең болса, сол «баллада» тәрізді, шамасы. баллада туралы қысқаша айтсам, ол «сюжетті лирика». 
Поэзия жанрындағы элегия жанры өте әдемі жанр. Ол негізінен өмір философиясына құрылады. Егер, сол өлең философиялық оймен бірге лирикалық сезіммен ұштасып жатса, онда ол – өлеңнің маржаны.
Поэзиядағы ауыр жанрлардың бірі – реквием. Реквием  деп  әуелде  католиктердің  адам өлгенде  айта­­тын   жоқтауын  айтқан. «Реквием»  атты  Моцарт музыкалық композиция  жазған. «Реквием» атты Ахматованың жыры бар. 
Онда:
«Это было, когда улыбался,
Только мертвый, спокойствию рад.
И ненужным привеском качался,
Возле тюрем своих Ленинград.
И когда, обезумев от муки,
Шли уже осужденных полки,
И короткую песню разлуки
Паровозные пели гудки,
Звезды смерти стояли над нами,
И безвинная корчилась Русь,
Под кровавыми сапoгами 
И под шинами черных марусь…» деген мұңды, зарлы жолдар бар. Реквием осылай жүрек жарды жазылуы тиіс.
Реквиемнің қазақша мағынасын азалы жоқтау деп алса әбден болады. Реквием жазуға осы күнгі жас қазақ ақындарының ішінде жазған жас ақындар бар. Бірақ, олар шығармаларын сондай азалы күйге жеткізе алды ма! Міне, мәселе осында. Олар шығармаларының айдарын «Реквием» деп көпірткенше, азалы жыр деп атаса, әлдеқайда көңілге қонымды болар еді. Қазақтың Реквиемі ол қазақтың жоқтауы. Мәселен, А.Байтұрсыновтың жинағына енген «Әйтеке» жоқтауы Реквием поэмаға тең деуге болады! Тілі, айт­қыштығы, көр­кемдігі ғажап! Сондай-ақ, «Кенесары-Наурызбай» жоқтауы да реквиемнің теңдессіз үлгісі.

Алдыңғы «
Келесі »