ҚЫЗЫЛҚҰМНАН ШЫҚҚАН ЖОЛ

  • 06.03.2017
  • 411 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қуат АДИС,
журналист

Біздің ауылдан шығысқа қарай үлкен қара жол шығады. Құм ішінен басталып, бойжеткеннің бұры­мындай күншығыс жаққа қарай бұраңдап созылып жатқан осы қара жол жарты ғасырдан бері арман қуып ауылдан шыққан балаларды қияндарға аттандырып келеді. Ауылдың сол кешегі қарасирақ балаларының бірі, бүгінде есімі елге етене таныс ақын, суретші, Қазақстан Суретшілер және Театр қайраткерлері одақтарының мүшесі, Республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты Мейрамбек Әбжатұлын да сол қасиетті қара жол Алматы шаһарына шығарып салды. 


Ұлының бойындағы тасыған таланты мен таудай талабын Әбжат ақсақал ерте таныды. Алайда, жаратушының пәрменіне пенденің дәрмені бар ма, асыл әке ат тұяғын басқан құлынның арғымақ болып, дүбірлі додаларға қосылып, аламанда озып келіп олжа салғанын көре алмай кетті. Құдай қосқан қосағының аманатын алып қалған Палау анамыз көз алдынан бір сәт таса қылғысы келмесе де жалғызының жолын байламай, амалсыз ақ батасын берді. Қазақта «Топырағына тартып туған», «Құнарлы топырақта өсіп-өнген» деген тіркестер бар. Әдетте, ол әсерлеу ұлылар көп шыққан өңірлерге қатысты айтылып жатады. Асыра дәріптегенім емес, Мейрамбек аға да сондай құнарлы топырақта туған тұлға. Көрмегендердің көз алдына қуарған құм шағылдардан өзге ештеңе елестемейтін сонау қияндағы Аққыр ауылы шынында да топырағына қасиет қонған киелі мекен…
Сонымен, ауылымыздан шыққан сол қара жол асқақ арман арқалаған қара баланы құм құшағынан бөліп алып, Алматыға алып барды. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының нақ ортасында Н.Гоголь (қазіргі О.Таңсықбаев) атындағы Алматы көркемсурет колледжінің «театр және кино декорациясы» бөліміне оқуға қабылданған ауыл баласының өзге ортадағы қызылды-жасылды жаңаша өмірі басталды. Қызылқұмның тылсым табиғатының кереметін көкірек көзімен көріп, кеудесіне түйіп өскен небәрі он төрт жастағы балғын бала құм даланың құпиясын қылқаламмен ашып, дала табиғатының ғажайып құбылыстарын сан құбылта сиқырлы бояумен сөйлетіп, ұстаздарын таңқалдырды. Тіпті, Ақырап Жұбанов, Кенжебай Дүйсенбаев, Аманқос Ақанаев, Балтабай Табылдиев, Бақыт Машрапов, Салихиддин Айтбаев секілді бейнелеу өнерінің белгілі тұлғалары ауылдан барған талапкер жастың тапсырма шеңберінде орындаған жұмыстарын көріп, кәсіби сурет әліппесін алғаш ашқан баланың қабілетін ұзақ жыл арнаулы көркемсурет үйірмелерінде білім алып келген балалармен қатар қойғанының өзінен Мейрамбек ағаның туған ауылынан ерте аттануының себебін түсінесің. 
Іркес-тіркес біріне-бірі жалғасқан бұйрат құмды төбелер мен бұтақтары арса-арса болып шөл даланың қатал заңына қасқая қарап өсетін қазақпен тағдырлас сексеуілден өзге ештеңе көзге ілінбейтін құла түзден құлақ құрышын қандырар сырлы саз бен көргенде көзіңді суарып, көңіліңді қуантатын сұлу сурет іздеп қиялға бату күлкілі болуы мүмкін. Алайда, көкірек көзімен көре білген адамға көркем бояуға бай ғажайып табиғат осы құм ішінде. Иә, тек көре білген адамға…
Аталған оқу орнын 1979 жылы тәмам­дап, елге оралған Мейрамбек Әбжатов Қы­зылорда қаласындағы Н.Бекежанов атындағы драма театрда қоюшы-суретші бо­лып алғашқы еңбек жолын бастайды. Аталған театрдағы алғашқы қойылымында Әнес Сарай мен Алтыншаш Жағанованың «Қу тазша» ертегісіндегі сахнаның безен­дірілуі көрерменді бір сәт қиял әлеміне жетелеп кетті. Ә дегеннен бойындағы таланты мен жылдар бойы алған арнайы кәсіби білімі бірін-бірі толықтырып, жас суретшінің әріптестері арасындағы абыройын аспандатып, жұлдызы жарқырай бастады. Республикалық «Жігер» фестивалінің ең алғашқы лауреаты атанды. Осы жерде бір жыл жұмыс жасаған Мейрамбек аға 1980 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық мәдениет қызметкерлерінің «Білімін көтеру және тәжірибе жинақтау» институтына оқуға жіберілді. Ресей Астанасындағы әлемге әйгілі Мәскеу көркем академиялық театрында (МХАТ), «Ромэн» сыған музыкалық-драма театрында және «Кіші» театрда болып тәжірибе жинады, сахна өнерінің, соның ішінде қойылымға сай сахнаны безендірудің қыр-сырына қанықты. Ол жақта да өзіне жанашыр, рухани ұстаздар тапты. Өнердің тілі – ортақ, өз елінде ұстаздарынан көркемөнердің тылсым құпияларын үйреніп, үйренгенін өз дәрежесінде меңгеріп,  дәріс алып шыққан жас суретші орыс ұлтының көр­кемсурет өнерінің білгілі өкілдерімен де тез тіл табысты. Олармен бейнелеу өнері төңірегінде тең дәрежеде пікірлесіп, көңіліне көп нәрсе түйді. Мәскеуде өткен екі жыл жас суретшіні шығармашылық тұрғыдан едәуір өсіріп, шыңдап шы­ғарды. Шынайы таланттардың шеберханасында шыңдалған ол екі жылдан соң Сырдағы өнер ордасына қайта оралды. Келген бойда драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың «Қыз  жиырмаға толғанда» спек­таклінің  сахналық декорациясын жасайды. Спектакльге жан берген сах­наның салтанаты қалың көрермен көңілінен шығады. Қойылымнан соң Сұлтанәлі Балға­баевтың өзі қою­шы-суретшіге арнайы барып алғысын білдіріпті. Сонымен бірге, С.Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек», «Біз де ғашық болғанбыз», Төлен Әбдіковтың «Біз үшеу едік», Садықбек Адам­бековтың «Жесірлер», Әбділда Тәжібаевтың «Жас дәурен», қырғыз драматургі Бексұлтан Жәкеевтің «Бәрі ойыннан басталады», Италян драматургі Карло Гольдонидің «Екі қожаға бір қызметші» пьесаларының сахналық декорациясын жасады. Осы ортада қыз­­мет ететін қылқалам шеберлері Се­рік Пірмаханов пен Жұмаш Әбіровтер қашан көрсең де көңілінен күн күліп, көмейінің күміс қоңырауы күмбірлеп жүретін елгезек, өнерді өмір деп түсінетін інілерінен ағалық қамқорлықтарын аянып қалған жоқ. Солармен қатар, Ерсайын Дүйсенгенов, Шайтұрсын Әбдібаев, Жарылқасын Үмбетов, Хусейін Әмір-Темір секілді театр саңлақтарымен бірге қазақ өнерін дамытуға үлес қосты. Ал, суретші, ақын Қайырбай Зәкіров, Шәкен Сәменов, Асқар Кіребаевтардың жас талантқа деген құрметі ерекше болды.
«Жамандықты көргенде күйіп кету – жақсылықтың белгісі» дейді Қадыр ағамыз. Өнер адамына тән қызбалығы, турашылдығы, кейде, тіпті, өзге түгілі өзі де түсінбейтін алай-дүлей, аңғал-саңғал мінезімен қызмет жасаған ортасына тастай батып, судай сіңіп кете қоймаған Мейрамбек аға Сыр шаһарында жүргенде қызмет орындарын бірнеше мәрте ауыстырды. Әлбетте, ағаның бұл әрекеттерін қызметіне деген тұрақсыздығынан, жауапсыздығынан, не болмаса талантсыздығынан деуге болмас. Шығармашылық адамына белгілі бір ортаға тәуелді болудан, қатаң тәртіпке бағынатын жүйемен жүруден асқан қорлық жоқ. Сондықтан, бұл жайды Мейрамбек ағаның ішкі жан дүниесі ұдайы рухани кеңістікті аңсап тұруынан деп түсінгеніміз жөн. Әйтпесе, тоқсаныншы жылдары безендіру жұмыстарымен айналысатын жеке кооперативке басшылық жасады, Қызылорда қаласының бас суретшісі болып, қаланың гүлденіп, көркеюінде қолтаңбасын қалдырды. Сонымен бірге, «Құмкөл-Харек­кейн» мұнай компаниясында суретші-безендіруші және «Мұнайшы» газетінің мен­шікті тілшісі болды. Тек, екі мыңыншы жылдардың ортасына таяу өзінің жастық дәурені өткен арман қаласы – Алматыға түбегейлі қоныс аударды. Өнер өкілдерінің басын қосып, сан тараптан ағылған армандарды бір арнада тоғыстырған Алматы шаһарына келген соң «Жазушы» баспасында кітап безендіруші, республикалық «Ана тілі» газетінде көркемдеуші редактор, жауапты хатшы сонымен бірге қазақ өнерінің қара шаңырағы М.Әуезов атындағы Мем­лекеттік академиялық драма театрында жарнама бөлімінің меңгерушісі болып абыройлы қызмет атқарды. Бүгінгі күні еркін шығармашылыққа біржола бет бұрған суретшінің қылқаламы елімізге белгілі талай танымал тұлғалардың портреттерін жазды және адамзатқа ортақ құндылық болып саналатын түрлі тақырыптағы жауһар туындылары еліміздің әр өңіріндегі өнер мұражайларында сақтаулы тұр. 
Мейрамбек ағаның бойынан атам қазақ азаматына көңілі толғанда мақтаныңқырап асыра айтып жіберетін «Жетпіс өнердің» барлығы болмаса да жартысына жуығы табылады. Ілгеріректе Алатау бөктеріндегі ару қалада студенттік жылдарын серілікпен сауық-сайран құрып, шалқып, шашып, думандатып өткізіп, қыз атаулыны өзінің маңайына шырынға үйірілген шыбындай жинап жүрген келбет, көркі келісті өнерлі бозбала сол кездегі «Алатау» телеарнасындағы «Алтыбақан» ойын-сауық бағдарламасына Қайрат Байбосынов, Роза Рымбаевалармен бірге шақырылып, Кәкімбек Салықовтың жаныңды елжіретер «Жезкиігін» домбырамен нақышына келтіре орындап, көп­шілік  көрерменнің көзіне түсіп, ыстық ықыласына бөленгенінің өзінде келмеске кеткен жастық дәуреннің тарихы жатыр. Сонымен бірге, сол жылдары түсірілген «Қыз Жібек» телеспектаклінде басты рөлдердің бірін сомдап, өзінің актерлік қабілетін де сынап көреді. Мейрамбек аға студенттік шағында Бауыржан Жақып, Нұрлан Өнербаев, Бақтияр Қожа, Әлі­бек Асқаров, Ұлықбек Есдәулет, Жолаушы Тұрдықұлов және тағы да басқа көптеген бүгінгі қазақ өнерінің танымал тұлғаларымен қатар оқиды. Солардың ішінде өзінің қысқа ғұмырында қазақ көркемсурет өнерінің дамуына сүбелі үлес қосқан және елімізде Шығыс жекпе-жегі – каратэ спортын дамытуда көп еңбек сіңіріп, шәкірттер тәрбиелеп кеткен Бексейіт Түлкиевпен бірге жаттығу залында көп уақытын өткізді. Волейболдан учи­лищенің құрамасында ойнап, Бішкек, Ташкент қалаларынан жүлделі оралды. Мейрамбек Әбжатов өзінің суретші болып қалыптасуына ең алғаш жол сілтеп, сиқырлы бояу­лардың сырын ашып, осы өнерге деген қызығушылығын оятқан төменгі сыныптардағы ұстаздары Бөрібай Өте­генов пен Бағбан Салмырзаевтың есім­дерін әрдайым құрметпен еске алып отырады. 
Ағаның бойына қонған жетпіс өнердің киелісі – ақындығы. Бір қызығы бала Мейрамбек ең алғаш ақ параққа суретпен емес, өлеңмен өрнек салыпты. Бастауыш сыныптарда балғын жүректен шыққан алғашқы балауса жырлары аудандық газет бетінен жарқ ете қалғанда көрші-көлем Әбжат ақсақал мен Палау анамыздан қарашықтарының қалам ұстап, ақын болғанын сүйіншілеп жеткізгенде ата-ананың жүректері жарыла қуаныпты. Кейінірек студент шағында Мұқағалидай алыптың сырасын тасып, мұңын тыңдайды, талғампаз Қадыр ақынға өлеңі ұнап батасын алады. Олардан бөлек Шөмішбай Сариев, Ибрагим Иса, Арасанбай Естенов, Исрайл Сапарбай секілді белгілі ақын ағаларына адал шәкірт болды. Қазіргі қазақ киносының «атаманы» Асанәлі Әшімовке сыйлас іні болуға жарады. 2006 жылы қазақ халқының жүрегінде махаббаттағы қызғаныштың құрбаны болып мәңгі қалып қойған Төлеген-Құман Тастанбековтың 60 жылдық мерейтойында үлкен кенепке майлы бояуымен салған ақ боз атты «Төлегеннің» портретін мерейтой иесіне сыйға тартқанда, Құман ағасының жанарынан жас үзіліп, көңілі босап, інісіне деген ризашылығын жеткізе алмай иегі кемсеңдепті. 
Бейнелеу өнерімен бірге қазақ журналистикасы мен қазақ поэзиясына да өз қолтаңбасын қалдырған Мейрамбек Әбжатов мемлекеттен атақ пен даңқ дәметпей-ақ, киелі өнерге қапысыз қызмет қылды, өнерге деген адал­ды­ғынан айныған жоқ. Қазіргі таңда Марат Омаров, Марат Илясов, Сәкен Сенимов, Керекжан Құлмырзаев, Сатыбалды Сергебаев секілді әнші, сазгерлермен және Қызылордадағы Н.Бекежанов атындағы драма театрдың белді актері, әнші, сазгер Бектеміс Ботпаевтармен бірлесіп, шығармашылық одақ құрып, жұмыс жасап келеді. Ақын өлеңдеріне жазылған әндерді қазірде «Музарт» тобы және басқа да эстрада жұлдыздары орындап жүр. Екімыңыншы жылы Алматы қаласындағы «Жазушы» баспасынан «Қарайлап әрбір көңілге» атты тұңғыш кітабы жарық көрді. 
Өнер адамына, соның ішінде ақынға жар болуды, онымен бір шаңырақ астында бірге ғұмыр кешуді баққа балауға да болады, сор деп санауға да болады. Мейрамбек ағаның жары Зина Сақтағанқызы Есмаханова да шығармашылық өкілі. Ұзақ жылдар Қызылорда облыстық телерадио компанияда бас режиссер болып қызмет атқарады. Бүгінде «Қазақстан» ұлттық телеарнасында «Жаңалықтар бөлімінің» режиссері. Қырық жыл шығармашылық адамына жар болып, балаларымен бірге ағамызды да сәбидей өбектеп келе жатыр. Ақын жаны – нәзік. Зина жеңгеміз жарының сәл нәрседен жараланғыш жүрегін құс қанатынан ескен салқыннан да қорғады, көңіліне түскен көлеңкеге жан жүрегінен жылы шуақ таратты, өзінің адал махаббатымен шабыт берді. Тұлабойы тұңғыштары – Айгерім банк саласының қызметкері, ал, күйеу баласы Рауан авиация саласында қызмет етеді. Олардан сүйген Әлтайыр атты жиен немере бар. Кәмшат – ағылшын тілінің маманы, мұнай компаниясының қызметкері. Әке ізін басатын сүт тауысқан кенжесі Арнұр – студент. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлт­тық университетінің заң факультетінде білім алады. Қанында ата-анадан дарыған өнердің жарқылы бар Арнұр сабақтан қолы қалт еткенде кино өнері саласында да бағын сынап жүр. 
Менің қолыма қалам алғандағы мақ­сатым – кейіпкердің шығармашылығына тал­дау жасау емес, алыстағы ағама деген сағынышымды қағазға түсіру ғана болатын. Ол кісінің мөлдір әлеміне оқыстан еніп, өнеріне баға беретін дәрежем де жоқ. Сондықтан ағаның өнегелі өмірі һәм өрелі болмысы жайында аз-кем толғандым. Ал, өнерге баға беруші – халық. Тек, бір анығы – бүгінде елуді еңсеріп, алпысты алқымдап қалған ағамыз өмірден де, өнерден де өз орнын тапқан бақытты жан. Сонау бозбала күнінде Қызылқұмнан алып шыққан қасиетті қара жол ағаны адастырмапты…
            Алматыға хат
Таң шапағына ілінген,
Несібемізді үстер күн.
Амансың ба аға, бүгін мен,
Алматы жайлы түс көрдім.
Емендей едің дауылда,
Өткізген бастан түрлі сын.
Алатау жақтан ауылға,
Алаңдап аға жүрмісің?!
Тиынды жалап титімнен,
Тойдыра алмай жүр құлқын жұрт.
Итшілеп күнде итінген,
Құрысын аға бұл тірлік.
Маған да беріп кем баға,
Қоспай-ақ қойды қатарға.
Сенделіп жүрмін мен де аға,
Сен симай кеткен шаһарда.
Бақ көрген билік биігін,
Қырттар ғой мені құзға атқан.
Басамын іштің күйігін, 
«Заһардан» жұтып мұз қатқан.
Бөлмеген елден жөн ірге,
Мекеніміз ғой кең дала…
«Қарайлап әрбір көңілге»,
Абайлап келем мен де, аға!

 

Алдыңғы «
Келесі »