ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ КҮЙІ

  • 02.02.2017
  • 280 рет оқылды
  • Пікір жоқ

 Мағыналы жұрттың көзімен қарағанда біздің жұрт дүние жүзіне жаңа туып, тіршілігі бар жанды нәрсе екендігінің белгісін енді көрсетіп отыр. Қазақтың бұрынғы өткен заманында жорықта тіршілік болды деуге болмайды, себебі ол өткен күндерді біз соқырлықпен өткіздік.
Һәр жұрт өзінің жұрттығын біліп, өзгемен тізелесіп отырып жұрттық сыбағасын жырып ала алмаса, қасындағы іргелі көршісі қандай саясатты қолданып отыр, достығы қандай,  дұспандығы қандай екенін білмесе, өз ішінде жұрт едім-ау деп ояну, сілкіну болмаса, онда не тірлік, не жұрттық болады? Біздің жұртта осы айтқан кербалалық болды. Қайда айдаса жүре беру, қалай илесе көне беру, басқа ұрса өлу, көтке ұрса көну мінеки февраль өзгерісіне шейін біздің көрсеткен жұрттығымыз.

Енді ол ұйқы, мастық түні өтті. Ол күнді көрген ащы мен тұщыға һешкімді кінәләп уақыт өткізу керек емес. Шүкіршілік. Қазақ өз басшысының етегінен мықтап ұстап, білімді көсемін ақ батасын беріп аттандырып, соның тілегіне алты алаш болып алақанын жайып, тілек қосып, дұғада отыр. Міне ояну, міне тіршіліктің қуаты сілкініс дүниені сергітуге айналғаны. Жә, қазақтың сол баста деп алдына салып отырған көсемі кім? Ол – қазақтың оқыған азаматтары, зиялылары. Енді бұдан кейінгі қазақ жұртының күзетшісі осы оқыған азамат. Бұдан былай қазақ жарға жығылса обалы, жақсылыққа жетсе мақтаны – оқыған азаматта. Қазақтың жұрттық қалпын тезге салып, астын-үстіне шығару шексіз оқығанның билігінде. Оқыған азамат жұрт қалпының тезі екендігіне төменгі жұрттардың басынан кешірген халдері дәлел болса керек…
Мысалы, Япония әуелгі сиогун, даймпостар билеп, ел ата-бабасының на­дан­дығын парыз қылып тұтынып отырғанда Япония еліне сыртқы жаудың саясаты килігіп, патшалықты құртуға айналғанын көріп, оқыған азамат күшін салып, өнерлі жұрттардың бәріне барып шарлап үлгі алып, Японияға сол үлгілерді жайып, белді бір патшалық қылып әкетіп отыр. Жұрттың кешегі ата-бабамның жолы дегенін бұл уақытта жоқ қылуға айналды. Жұртын тазартып ағартты. Бұдан кейін Түрікті алсақ тәртіпсіздік, үлгісіздік, надандық өрт болып лаулап, кешегі қол астында отырған ұсақ жұрттар Түркияны жұтып қоюға айналғанда, негізінен қопармаса түрік оңбайтынын біліп, оқыған жастар шығып, патшасын түсіріп-түсіріп, жаңалықтарды кіргізіп, бұл уақытта Түрікті қандай қылып отыр . Оны көзімізбен көріп отырмыз.
Мысалыға Россияны алайық.  Орыстың оқыған азаматының халқынан алғыс     алғаны да, қарғыс алғаны да бар. Алғыс алғандардың қызметі 80 миллион мұжық бай мен ақсүйектің құлдығына түсіп, адам баласы аярлық сорлылық езгіні көргенде, оқыған азаматы жанын отқа салып, зарлап, кітап жазып, сөз сөйлеп, асылып, атылып айдалып, 20-30 жыл тұтқында отырып, өмірдің рахатын, қызығын далаға тастап қызмет қылды. Бұндай қайғылы ауыр қызмет 150-200 жылға созылды. Сонда да оқыған азамат қажыған жоқ. Аяғы мысқалдап келіп нашарға өз дәрежесін түсіндіріп, ақырында Николайды түсіртті. Көгендеулі сорлылар азаттық дүниесіне кіріп отыр. Бостандығы тиді, бірақ оқыған азаматтардың жартысы Достоевскийдің сөзінің шын екенін осындай кең байтақ заманда көрсетіп қалғысы келді. Ол сөзі: «Орыс шек білмейді, бір құласа басы жерге жеткенше құлайды, көтеріліп алса тағы сондай екпінді болады» – деген. Соңғы сөзі қашан анықталады? Мәлім емес, әйтеуір алға шығысына дау жоқ болды. Бұл күйге ұшыратып отырған азаматтары тағы нанғыш, желекшіл, нашарын артынан ертіп алып, түсте көрген сағымын қуып, ірілеп кеткен орысты ойрандап-ойрандап, қазір де қоңын айырып, зарлатып, Россиядан қарғыс алып отыр. Ал бұл уақытта орыстың үлгі алып жүргең Англия, Германияларының азаматтары әншейінде социалист болып жүрсе де, Германия, Англияның амандығын бәрінен артық жоғары ұстап, социализмді тастап, ұлтшылдықтың барып тұрған жері шовинизмге шығып кетті. Оқығанның бетінен ауа жайылып, бөлек жол іздейтін бұқарасы осы күнде ұлтшылдықты иман қылып отыр. Міне, осы айырылған халдерге қарағанда оқыған азаматына бастатпайтын жұрт болмайды. Өл десе өлу, тіріл десе тірілу бар жұрттың мойынсұнатын нәрсесі (н) жоғарыдағы мысалдардан көріп отырмыз. Азаматы түзетем  деген ел түзеліп кетіп, бұзам деген елдер бұзылып отыр. Мұның себебі: білімсіздің ақылы білімдінің арқанында.. Бұқара адал көңіл, шын ниетпен еремін десе де, тіршілік тартысы еріксіз оқығанды бұқараға, бұқараны оқығанға тықсырып кеп отыр. Бұдан кейін бұқара сыналса, оқыған, заман ағысын ұққан адам екі сыналады.
Бұл қүнге шейін елдікті ойламай тәртіпсіз, бағытсыз келген елдің ішінде неше түрлі кемшілік, неше түрлі жұртқа сыймайтын өрескел міндер бар. Қазақтың ендігі басшысына бірбеткейлік жарамайды, талай бетті қызмет керек.
Қазақтың ішінде арқалы жуан бар, әлсіз нашар бар. Зорлықшыл, жылатып жүрген қиянат, тізе жуанды көріп жылап жүрген бар. Осы күйлердің бәрін басшы жаттап алып, әрқашан есінен шығармауына керек. Қиянатшыл, көптігін, жуандығын құрал қылатындарға оқыған басшының еш рахымы болмауы керек. Шын ел болатын көпті бауырға тарту, есеге жеткізу керек. Қашан болсын, жұрттың жұрттыққа шығуына әуелі сол жұрттың өз ішіне тәртіп кіріп, бұрынғы жаманы жойылып, орнына жақсы жаңалықтар кіруіне керек. Жұрттық аяқтап басталады, әр қашан жұрттық негізгі қалың елдің ішіне құрылады. Жұрттық дүкенін құруға оқыған азаматтың қандай әсерінің бар екенін айттық. Енді оқыған басшылар қазақтың азуына себеп болған шетін мінездерден сақ болып, өзінің ақылмен құрған бір негізін темір қазық қылу керек.

Мұхтар ӘУЕЗОВ,
«Абай» журналы, 1918 жыл, №9

Алдыңғы «
Келесі »