Қазақстан Республикасы Президентінің билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі ҮНДЕУІ

  • 02.02.2017
  • 470 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Құрметті  қазақстандықтар! 
Сіздердің  назарларыңызға  еліміз  үшін  аса маңызды, тағдырлы мəселені ұсынбақпын. 
Бұл – Конституция мен заңдарға өзгерістер енгізу. 
Біздің алдымызда билік тармақтары­ның өкілеттіктерін қайта бөлу міндеті тұр. 
Қазір заманның дидары өзгерді. 
Біз де өзгеруге тиіспіз. 


Сол се­бепті, мемле­кеттің басқару жүйе­сін де жаң­ғыртатын кез келді. 
Мен елдің  мүддесі  мен заманның тала­бын, ұрпақтың болашағын ойлай отырып осын­дай байлам жасадым. 
Арнайы  құрылған жұмыс тобы атқа­рыл­ған істерді баяндады. 
Реформа екі негізгі бағыт бойынша іске асады. 
Біріншіден,   Президенттің  əлеуметтік-эко­­но­­микалық процестерді реттеудегі біршама өкі­леттіктерін Үкіметке жəне басқа да атқа­рушы органдарға берген жөн. 
Сонда бұл салаға Үкімет, министрліктер жəне əкімдіктер толықтай жауап беретін болады. 
Өкілеттіктерді беру тиісті заңдарды өз­герту арқылы іске асады. 
Бұл өзгеріс­терді Үкімет қазіргі сессия­ның аяғына дейін Парламентке енгізуі тиіс. 
Екіншіден, оданда күрделі міндет – билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңгерімді ету. 
Осы реформаның аясында Үкіметті жасақ­таудағы Парламенттің рөлін күшей­теміз. 
Парламент сайлауында жеңген партия Үкімет құрамын анықтауға түбегейлі ықпал ететін болады. 
Бұл  Министрлер кабинетінің өкілетті билік алдындағы жауапкершілігін арттырады. 
Тиісінше, биліктің заң шығарушы тар­ма­­ғының атқарушы билікке бақылауын күшейтеді. 
Айтылған екі бағыттың қай-қайсысы да жауапкершілік пен кəсібилікті арттыру ар­­қылы мемлекеттік басқару тиімділігін кү­шейтеді. 
Жұмыс тобы барлық сұрақтарды жан-жақты зерттеп, қоғамдық талқылауға шығару үшін ұсыныстар жиынтығын əзірлеуі қажет. 
Құрметті қазақстандықтар! 
Мен сіздерге еліміз үшін қағидатты мəселе бойынша қайырылып отырмын. 
Бұл – мемлекеттік билік тармақтарының арасындағы өкілет­тіктерді қайта бөлу. 
Менің өкіміммен арнайы Жұмыс тобы құрылды. Олар жаман жұмыс істеген жоқ. 
Мен топтың жұмысы туралы есепті тың­дадым. Алдағы реформа біздің дамуы­мыздың қисыны мен тұтастай қазіргі заманғы даму қисынына арқа сүйейді. 
Негізгі мəні – Президент өзінің бірқатар өкілеттігін Парламент пен Үкіметке береді. 
Күшті  президенттік  вертикаль  бізге мемлекет қалыптастырудағы орасан қиындықтарды еңсеру барысында қажет болды. 
Бұл уақытында өзін ақтады. Біздің барлық жетістіктеріміз дəл осы жүйе кезінде жүзеге асырылды. 
Бұл реформа басқару жүйесінің тиімді­лігін арттыруды көздейді. 
Біз жаңа мемлекет, жаңа экономика, жаңа қоғам құрдық. 
Біз іргесін қалаған даму траекто­риясы­ның дұрыстығын тарихтың өзі қуаттап отыр. 
Тəуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өткен кезде біз өзіміздің та­быстарымыз туралы, оның ішінде билік құрылымдары­ның, президенттік жүйенің жұмысы туралы айттық. 
Алайда, əлем бүгінде көз алдымызда өз­геріп жатыр. 
Қоғамдық үдерістердің жылдамдығы мен күрделілігі Қазақстанда да артып келеді. 
Қазірдің өзінде біз алдағы кезең алды­мызға міндетті түрде көлденең тартатын жаһандық жəне өңірлік сын-қатерлерге қалай қарсы тұратынымызды ойластыруға тиіспіз. 
Ұсынылып отырған реформаның мəні билік өкілеттіктерін сарабдалдықпен қайта бөлуде, тұтастай саяси жүйені демократияландыруда жатыр. 
Президент үшін жаңа жағдайларда стра­тегиялық функциялар, жоғарғы арби­тр­дің биліктің тармақтары арасындағы қа­тынастардағы рөлі басым болады. 
Мемлекет басшысы, сондай-ақ, сыртқы сая­сатқа,  ұлттық  қауіпсіздік   пен  елдің қор­ғаныс қабілетіне күш-жігер жұмыл­дыра­ды. 
Бұл ретте Үкімет пен Парламенттің рөлі ай­тар­лықтай күшейеді. 
Аталған жұмыс екі шешуші бағыт бойынша жүргізілетін болады. 
Біріншіден, Президенттің əлеуметтік-эко­­номикалық үдерістерді реттеу жөніндегі заңымен бекітілген өкілеттіктерінің айтар­лықтай бөлігін Үкімет пен басқа да атқарушы органдарға беру керек. 
Аталған салаға толық көлемінде Үкімет, министрліктер мен əкімдіктер жауап беруі тиіс. 
Өкілеттіктерді беруді тиісті заңдарға өз­ге­рістер енгізу есебінен қамта­масыз етуге бо­­ла­ды. Үкіметке немесе Парламентке беруге бо­латын 40 шақты өкілеттік бар. 
Бұл түзетулерді қабылдау үшін Үкімет Пар­­ламентке үстіміздегі сессияның аяғына дейін басым ретпен енгізеді. 
Екіншіден, бұдан да күрделірек міндет – билік тармақтары арасындағы қарым-қатынастарды конституциялық деңгейде теңгеру. 
Парламенттің  Үкімет  жасақтаудағы  рөлін күшейту,  Министрлер  Кабинетінің депутат­тар корпусы алдындағы жауапкершілігін арт­тыру маңызды. 
Парламенттік  сайлауларда  жеңіске  жеткен партия Үкіметті жасақтауға шешуші түрде ықпал ететін болады. 
Осыны   бас­­­шылыққа  ала  отырып, Үкі­меттің өкі­леттігін бұрынғыдай Прези­денттің емес, жаңадан сайланған Мəжі­лістің алдында тоқтатуы заңды болмақ. 
Үкімет мүше­леріне Парламент палата­лары тарапынан сенімсіздік білдіру тəртібін оңайлату қажет. 
Ол биліктің заң шығарушы тармағының атқарушы тармаққа бақылау жасауын кү­шейтпек. 
Үкіметке, ол сол үшін толық жауап­керші­лікте болатындай, мемлекеттік бағ­дар­лама­ларды бекітуді тапсыру орынды болмақ. 
Үкіметтің өзіне оның құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдарды құру мен тарату құқығын беруге болады. 
Президент Үкімет  пен  Премьер-Министр­дің   акті­лерінің  іс-əрекетінің күшін  жою бол­ма­са тоқтату құқығынан бас тарта алады. 
Мұның  бəрі  атқарушы  мемлекеттік органдар мен оның  басшыларының жауап­керші­лі­гін арттырып, қажетті өкілет­тік­тер береді. 
Заң күші бар Президент жар­лықтарын қа­былдау мүмкіндігі туралы норма көкейкес­тілігін жойды. 
Жергілікті атқарушы билікке қатысты Парламенттің рөлін күшейту ұсынылады. 
Оның  сыртында Конституциялық Ке­ңес­тің,  сот жүйесі мен  прокуратураның  қыз­метін жетілдіру туралы мəселені қарастыру талап етіледі. 
Сонымен бірге, бізге өз конституциялық құры­лысымыздың бұлжымастығына сөзсіз кепілдік қажет. 
Жұмыс тобы одан əрі де жұмыс істей бе­ретін болады, олардың осы мəселелерді жан-жақты зерттеп жəне одан арғы қоғамдық тал­қылау үшін ұсыныстар пакетін дайындауы қажет. 
Ұсынылып отырған бағдарлама үш мін­детті шешуге жағдай жасайтын болады. 
Біріншіден,  көптеген жылдарға күні бұ­рын саяси жүйе тұрақтылығының қорын жасау. 
Екіншіден,  Үкімет пен  Парламенттің   рө­лін арттыру  қазіргі  заманғысын  тегеурін­дер­ге жауап қайтарудың неғұрлым тиімді ме­ха­низмін бермек. 
Иə, бұл басқарудың неғұрлым күрделі жүйесі, бірақ қоғам да неғұрлым күрделі бола түсті. 
Мен Президент ие өкілеттіктердің айтар­лықтай бөлігін беруге саналы түрде барып отырмын. 
Мен мұны жалғыз ғана мақсатпен – елді басқарудың неғұрлым тиімді, ор­нықты, заманауи жүйесін құру үшін жа­сап отырмын. 
Үшіншіден,  əлемде  мемлекеттік  құрылыс­тың əмбебап  моделі жоқ. Бəрі де ізденіс үс­тін­де. 
Халықаралық тəжірибе шеңберінде іс-қимылдар жасайтын мəселелер бола тұрса да,  біз өзіміздің, кейде ерекше шешімдерімізді таба  отырып,  мемлекеттік құрылыстың бөгде модельдерін көшіріп алумен ешқашан ай­­налысқан емеспіз. 
Біз ұсынып отырған реформа ең алдымен өз тəжірибемізге жəне Қазақстанның өзінің қажеттіліктеріне арқа сүйейді. 
Реформалар бағдарламасы – ол Қазақстан қай бағытта жүреді деген сауалға біздің жауабымыз. 
Жауап айқын жəне дəйекті – демократия­лық даму жағына қарай. 
Ұсынылып отырған шаралардың маңыз­дылығын ескере отырып, мен жарияланатын конституциялық реформалардың жобасын жалпыхалықтық талқылауға ұсыну жөнінде шешім қабылдадым. 
Тиісті Жарлық шықты. 
Мұның бəрі елдің болашақ дамуына жауап береді  жəне бес институттық реформаға сəйкес келеді. 
«Ашық Үкімет» атты бесін­ші пункт дəл осы өкілеттіліктерді елеулі түр­де қайта бөлу­ді қарастырған болатын. Биліктің барлық тармақтары тиімді жəне жауапкершілікті жұмыс істеуі үшін олар­дың арасында тиісті тепе-теңдіктер мен арасалмақтар құру ма­ңызды.

Алдыңғы «
Келесі »