Қаланың ауылға көмегі

  • 01.02.2017
  • 204 рет оқылды
  • 4

Дина Имамбай,
әлеуметтанушы

Ауыл жайында сөз қозғалса, ауыл шаруашылығы қатар аталады. Аграрлық сала еңбеккерлері де ауыл тұрғындары. Бірақ, еліміздің ауыл шаруашылығындағы нақты өсім көлемінің артуына қарамастан, ауыл  мәселелерінің бірқатары шешімін әлі де табар емес. Бұл  ауыл шаруашылығы Қазақстан экономикасындағы ма­ңызды бағыттардың  бірі болғанмен, ауылды дамытуға серпін бере алмай отыр­ғанын көрсетеді. Оның себептері әрқилы. Соның ішінде, ауыл шаруашылығын қаржыландыру, ғылым мен өндірістің арасындағы байланыс, білікті мамандар даяр­лау мәселелері де бар.  Осы ретте, «Келелі кеңесте» қозғалған ауыл және  ауыл шаруашылығы мәселелері жайында Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің Ғылым және интеграция жөніндегі проректоры, техника ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының Құрметті мүшесі Марат Қалиасқаров мырзамен сұхбаттасқан едік.

– Аграрлық саладағы оқу орындарының көш­бас­шысы ретінде Қазақ ұлттық аграрлық уни­верситетінің ауылды, ауыл шаруашылығын дамытуда алатын орны қандай? Ғылым мен білімнің ауылға нақты көмегі бар ма?
– Қай саланы алмайық, көптеген мәселенің шешілуі мамандарға тікелей байланысты. Қазақ ұлттық аграрлық университеті аграрлық салаға арналған мамандар даярлаумен айналысады.  Маман даярлау үш деңгейде жүргізіледі – бакалавр, магистратура, докторантура. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша бакалавр деңгейінде 38 мамандық, магистратурада 32, докторантурада 16 ма­мандық бар. Осы бірінші және екінші  деңгейде білім алған мамандар ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына барып жұмыс істейтін болса, екінші және үшінші деңгейде білім алған мамандар орта және жоғарғы оқу орындарында оқытушылық қызметпен, ғылыми-зерттеу институттары мен жоғарғы оқу орындарында ғылыми жұмыспен айналысады.  Жалпы, әлемнің дамыған елдерінің тәжірибесі бойынша, барлық саладағы білім мүмкіндігінше тұрақты түрде, үздіксіз ғылыммен толы­ғып отыруы тиіс. Бұл уақыт талабы. Университетімізде ауыл шаруашылығын ғылыммен, ғылыми жаңалықтармен жетелеуге баса назар аударылады. Айталық, 16 мамандық бойынша даярланған Phd докторлар ірі ғылыми-зерттеу мекемелерінде жұмыс істей алады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрамында Ұлттық аграр­лық ғылыми-білім беру орталығы бар. Оның құрамындағы 24 ғылыми-зерттеу институты, 3 жоғарғы оқу орны, 14 ғылыми-тәжірибелік станция – бәрі бір шаңырақтың астында. Мамандандырылған ғылыми-зерттеу институттары Қазақстанның жер жағдайы мен топырақ түрлерін зерттеу, егін, мал, көкөніс, жеміс-жидек, күріш, мақта өсіру, жұмыс түрлерін механикаландыру және электрлендіру, өсімдік қорғау, ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу және т.б. салалары бойынша жаңа технологияларды пайдалану және даму бағыттарын зерттейді. Ал, жалпы маман  даярлау біздің үлесімізде. Білім берумен қатар біздің ғалымдар әр салада ғылыми жұмыстарды да атқарып отыр.
Жалпы, елімізде ауыл шаруашылығына маман даярлаумен үш жетекші университет – Қазақ ұлттық аграрлық уни­вер­ситеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агро­техникалық университеті, Жәңгір хан атын­дағы Батыс Қазақстан агротехникалық уни­верситеті айналысады. Сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігіне қарасты басқа да бірнеше  ЖОО-да ветеринар, агрономдар даяр­лайтын факультеттер бар.
– Осы ғылыми зерттеулердің нәти­желері, ғылыми жаңалықтар ауылға жете ме? Ғылымды коммерцияландыру жағы қалай?
– Ғылыми деңгейде зерттеп, белгілі бір нәтижеге қол жеткізгеннен кейін оны өндіріске таратып енгізу кезеңі бар. Міне, осы кезеңді «ғылымды коммерцияландыру» дейміз.  Аграрлық салаға қажетті жерді өңдеудің жаңа технологиялары мен оған қажетті заманауи құрал-жабдықтар жасауда, біздің табиғи жағдайға бейімделген мал тұқымдары мен өсімдіктердің жаңа түрлерін зерттеуде, мал және өсімдік ауруларына қарсы дәрі-дәрмектер жасауда, орман және су қорларын тиімді пайдалануда, ауыл шаруашылық өнім­дерін тиімді өңдеуде және тағы да басқа бағыт­тарда жүргізілген ғылыми зерт­теулердің бірқатары оң нәтижемен аяқ­­талып, өндіріске енгізуге дайын. Осы ұсы­­ныс­тарға ауыл шаруашылығымен айналысып отырған мекемелер мен фермерлерден сұраныс та баршылық. Бірақ, олар осы ұсыныстарды өндіріске енгізуге қажет қаржыны табуға қиналады.Бұл бағытта облыс әкімшіліктерінің билігіндегі 019 бюджеттік бағдарламасы бойынша дайын ұсыныстарды өндіріске енгізу үшін қаржы бөлу қарастырылған. Біздің университет ғалымдарының бірнеше жобалары 2015 жылдан бастап Алматы, Ақтөбе және Қызылорда облыстарында қаржылай қолдау тауып, сондағы шаруашылықтарға енгізілді. Сонымен қатар, 2016 жылы Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Ғылым қоры» АҚ-ның сұраныс бар маңызды дайын жобаларды өндіріске енгізу мақсатында ұйымдастырған конкурсына біздің университеттен 6 жоба қатысып, оның екеуі қолдау тапты. Бір жобаға 120 млн.теңге, екінші жобаға 300 млн. теңге қаржы бөлу қарастырылуда.
Қазіргі үрдіске қарасақ, ауыл шаруа­шылығымен айналыса­тындар­дың ара­сында басқа мамандық иелері көп. Олар малдың, егіннің жайын, ауыл шаруашылығына қажетті  технология­ларды жетік біле бермейді. Бұл сол ша­­руа­шылықтың дамуын тежейтін фак­­­торлардың  бірі.  Ең алдымен маман даяр­лау, ары қарай солардың білі­мін ғылыми жетістіктермен,  жа­ңа­лықтармен, жаңа технологиялармен толықтырып отыру ауыл үшін өте қажет. Шаруашылықтар орна­ласқан жердің табиғи-климаттық ерек­шелік­теріне байланысты дақылдар мен мал басының өнімділіктерін арттыру, зерттеу жұмыстарының нәтиже­лерін өн­діріске енгізу сол мамандардың деңгейіне байланысты.
Бүгінгі күні Үкімет тарапынан бері­летін көмекті уақытында алу, болмаса өз шаруа­шылығының тиімді бағыттарын анықтап алу кез келген шаруашылық мамандарының қолынан келе бермейді. Міне, дәл осы бағытта білікті мамандардың қажеттілігі өте жоғары.
– Ғалым ретінде дәл қазір «ауылдың басты мәселесі» деп нені айтар едіңіз?
– Біз тәуелсіздік алғалы бері 25 жыл өтті, осы жылдары біраз мәселе оң  шешілді.
Ауылды жерлерде сала-сала бойынша бұрынғы жоғалтқан бағыттар  қайта қалпына келтірілді. Ендігі алдымызда тұрған бірінші міндет – халқымызды то­лықтай сапалы азық-түлікпен қам­та­масыз ету.  Қазіргі күнде біз 100% ас­тықпен, соған жақын етпен қам­тамасыз етіп отырмыз. Көкөніспен қамтамасыз ету 70%-ға жақындайды. Дегенмен, ше­телден алатын азық-түлік түрлері өте көп. Бұл бағытта атқарылатын жұ­мыстар баршылық.
Бізде шешімін күткен өзекті  мәсе­ленің бірі – ұсақ шаруашылықтарды бірік­­тіру. Егемендік алған алғашқы жылдары бұрынғы құрылымнан қалған совхоздар мен колхоздардың жұмысын қаржы тапшылығына байланысты қамтамасыз ету мүмкіндігі болмағандықтан, жерді жекешелендіріп, халыққа бөліп беру керек болды. Сол уақытта біреуге 5, біреуге 50, біреуге 500 га тиді. Көп жер алған тұлғаның табысы көп, техника алуға мүмкіндігі бар, өнімділігі де жоғары. Ал, 5 га бар адам қалай құрал-жабдық алады, ол жерден түсетін пайдасы да шамалы. Айталық, бір ғана Алматы облысында 43,9 мың фермерлік  шаруашылық бар. Республика бойынша да сан жағынан басым екеніне қарамастан, фермерлік шаруашылықтар жалпы өнімнің 31%-ын өндіреді және олардың 40%-ы бар болғаны 10 гектардан егіндік жерге ие. Сондықтан, кооперациялау, ірілендіру өте өзекті мәселе. Оның әртүрлі жолдары бар. Мысалы, жерді пайдалану бағыты, табиғи ерекшеліктер, алатын өнімді сатып өткізу, т.с.с. Яғни, шаруа­шылықтарды біртіндеп қосу үшін әртүрлі әдістемелерді қолдануға тура келеді. Бір ша­­руа­шылыққа ұсынып отырған әдіс­ті екін­ші шаруашылыққа тура солай қолдануға болмайды. Ғалымдар қазір осы ерекше­ліктерді ескере отырып, жұмыс істеуде.
Жоғарыда аталған үш университет ай­мақтарды бөліп алған, айталық, ҚазҰАУ-іне бес облысты – Алматы, Жамбыл, Оң­түстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстары тиесілі. Біздің міндетіміз – өнімділікті арттыру, жұмыс күшін тиімді пайдалану, алынған өнімді дұрыс сақтау, оны сатып өткізу жұмыстарын дұрыс ұйымдастыру мақсатында шаруа­шылықтарды ірілендіруге атсалысу. Бүгін­гі күні оңтүстік аймақтарда ірілендіру нәтижесі жаман емес. Мысалы, қазір Алматы облысында 36  шаруа қожалығы кооперативке бірігіп үлгерді. Олар әр салада – көкөніс, жеміс, мал шаруашылықтарында жұмыс істейді.
Біз «Кооперациялау туралы заңға» өзгеріс енгізуге байланысты бірқатар  ұсыныстар беріп отырмыз. Ол ұсыныстар шаруалардың мүддесін қорғаудан туындайды. Егер кооперациялау қағидалары шаруалардың мүддесіне қайшы келетін болса, біз оларды бәрібір күштеп кіргізе алмаймыз. Өйткені, «500 га  жері бар адам 5 гектардың иесін жеп қояды».
– Университет түлектерін ауылда жұ­мысқа орналастыру жағы қалай?  Олар­ға сұраныс қаншалықты деңгейде?
– ЖОО түлектерін ауылда жұмысқа орналастыру жергілікті әкімшіліктер мен шаруа­шылықтардың сұранысына байланысты. Бұл ретте  республикалық деңгейде аграрлық саладағы Үкіметтің көзі мен құлағы Ауыл шаруашылығы  министрлігі екені белгілі. Жалпы, қандай аграрлық саясат ұстануымыз керек, сырттан қандай азық-түлікті сатып алу керек, қандай азық-түлікті өзімізде өндіру керек және т.с.с.  мәселелер осы деңгейде шешіледі. Ары қарай бұл саясат аймақтардағы атқарушы органдар –әкімдіктер арқылы  жүреді. Ауыл шаруашылығы алға басу үшін, бірінші кезекте мамандар дұрыс  болуы тиіс. Бұл енді облыстық, аудандық әкімдіктердің жұмысты жүргізуіне байланысты. Мы­салы, жақында Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаев бізден  университетті биыл бітіретін мамандардың тізімін беруді сұрады. Оларға маман керек. Міне, егер әрбір облыс әкімдігі осылай жұмыс істесе, онда ауылдың бірқатар мәселелері ше­шімін табар еді.
1-ден, адам үшін ең басты  қажеттілік – дұрыс тамақтану. Ауылдың, ауыл  шаруашылығының  қандай маңызды екенін осыдан-ақ білуге болады.  Ал, енді мамандар ауылда тұрақтамаса ауыл көркеймейтіні аян. Сондықтан, ауылдағы әлеуметтік жағдайды жолға қоя білсек, жастар ауылда тұрақтап жұмыс істейтіні анық.
2-ден, қай елде болсын, ауыл шаруа­шылығы мемлекеттік қолдауды қажет етеді. Ауыл бірінші кезекте қолдауды қажет етеді, өйткені, ол халықты азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Әрине, мемлекеттің қалтасы түпсіз емес. Ең алдымен аса қажет салаларды айқындап алу маңызды. Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың бағыты жыл сайын өзгеріп отыруы тиіс Мысалы, бүгін ет бағыты кешеуілдеп жатса, соған субсидия беріп қолдау, қаржы бөлу, ертең көкөніс, т.с.с. Бұл бүкіл әлем­дік тәжірибеде бар. Ал, енді осы бағыттағы саясатты дұрыс жүргізу Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің, облыс пен аудан әкімдіктерінің міндеті.
– Ал, ауылдағы жеке шаруа қожа­лықтары тарапынан мамандарға, ғы­лымға сұраныс бар ма? Олармен универ­ситет арасындағы байланыс қалай?
– Біз жақында бүкіл республика бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін беріп отырған шаруашылықтардың электронды базасын жасадық. Мал өсіруші, егін егуші және басқа шаруашылықтармен тұрақты байланыс орнатуға мүдделіміз. Әсіресе, мал мен өсімдік тұқымдарына байланысты жаңа ғылыми -зерттеулер мен инновациялық технологиялар, ғылым жетістіктерінің өнім­ділікті өсіруге ықпалы туралы ақпараттар беріп отыру біздің міндетіміз. Түлектерімізді жұмысқа орналастыру бізге де керек.
–  Бүгінгі күні аграрлық салада қандай мамандықтар сұранысқа ие?
– Қазір тағам қауіпсіздігі мен энергия көзімен қамтамасыз етуге көп көңіл бөлінуде.
2015 жылы Мемлекеттік индус­трия­лық-инновациялық даму бағдар­ламасы бойын­ша бізге қосымша 2 мамандыққа мем­лекеттік гранттардан тыс қаржы бөлінді, олар – тағам қауіпсіздігі (190 орын) және агрохимия (50 орын). 2016 жылы тағам қауіп­сіздігі мамандығына 180, агрохимия мамандығына 110, жылу энергетикасы мамандығына 38 және биотехнология маман­дығына 37 орын бөлінді. Бұл бүгінгі таңдағы аса қажетті мамандықтар болып саналады. Аталған мамандықтарға қатысты зертханалар ашу үшін 2015 жылы 300 млн.теңге, 2016 жы­лы тағы 342,5 млн.теңге қаржы бөлінді. Осының өзі Үкіметтің ауыл шаруашылығы үшін маман даярлауды реттеу саясатын қолға алғанын көрсетеді. Алдағы уақытта орман, қоршаған ортаны қорғау бағытында ма­мандар даярлау назарға алынатын болады.
– Ауылдар даму жағдайына сәйкес төрт топқа топтастырылғаны мәлім. Елімізде даму әлеуеті жоғары (саны – 1062), орташа елді мекендер бар (саны – 5664). Бұл екі топтағы ауылдарға қаржы көздері қарастырылған. Ал, қалған үшін­ші және төртінші топтағы (олар шамамен 788) елді мекендердің әлеуметтік-эко­номикалық  дамуы жағынан өте төмен деңгейде. Оларға қаржы бөлінбейді. Сіздің ойыңызша, дәл қазіргі жағдайда ауылдардың біртіндеп жойылып кетуі мүмкін бе? Жалпы, 21 ғасырдың ауылы қандай болуы керек?
– 21 ғасырда, менің ойлауымша, әлем­дік технологияларды өз жерімізге бейім­деп, енгізе алсақ, сөйтіп, адамның қол жұмысын жеңілдетсек, онда ауылда тұ­рақты тұратындардың саны артады. Әрине, ауылдағы тұрмыс жағдайын жоғары деңгейге жеткізуге мүмкіндік бар. Мұның бәрі айналып келгенде Үкімет тарапынан қалай ұйымдастырылады, қандай саясат қолданады, соған байланысты.  Өйткені, жеріміз үлкен, халқымыз аз, ал, табиғи жағдайлар жерді қажетті деңгейде игеруге мүмкіндік бермейді. Елімізде табиғи-климаттық жағынан қиыншылыққа ұшы­рап отырған аймақтар көп. Бұл жағынан Қазақстанның мал шаруа­шы­лығы, өсімдік шаруашылығы дамып отырған облыстарда ауылдар бос қалмайды.  Ауылдық жердің бос қалуы тек табиғи себептерге байланысты. Климаты қиын аймақтарда сондай қауіп бар. Бірақ, оған да ғылым тарапынан көмек жасайтындай жағдай туады. Жалпы, ғылым мен техниканың үздік жаңалықтарын пайдалана алсақ, бізде ондай қауіптің алдын алуға әбден болады.
– Қазақстан – аграрлық мемлекет. Қа­­зақ­станның жер жағдайы елімізді ғана емес, көрші мемлекеттерді де азық-түлікпен қамтамасыз етуге қабілетті. Жерімізді пайдаланудың тиімді жолдары қандай?
– Жерді дұрыс пайдалансақ, оның мүмкіншілігі өте жоғары. Қазақстан өзін асырап қана қоймай, шет елдерге, мысалы, көр­шілес  Қытай еліне көптеген өнімдерімізді экспортқа шығара алады. Қытай елі өзі де біздің ауыл шаруашылығымызға қадам басқысы келіп, біраз жобаларды өз тарапынан қаржыландыруға мүдделі болып отыр. Біз де өз жерімізді тиімді пайдалануды ойластыруымыз керек.
Мал шаруашылығына арналған жер қоры дұрыс пайдаланылмай отыр. Республикамызда 187 млн.га жайылымдық жер болса, соның 81 млн. гектары ғана қолданыста. Оның ішінде елді мекендерге жақын орналасқан 26,5 млн. гектар жайылым жарамсыз болып қалған. Жайылымдық жердің құнарлылығын сақтауда бізге көп жұмыстар атқару қажет. Осы уақытқа дейін азық-түлікті экспортқа шығаруда бір-ақ түрлі өнімге басымдық беріліп келді, ол – бидай. Оны ары қарай да сақтап қалу керек.  Қазір енді сүт өнімдеріне басымдық беріле бастады. Бізде көкөніс жағы да шектеулі, көрші Өзбекстан, Қырғызстан сияқты біз әлі көптеген жаңа  технологияларды меңгере алмай отырмыз. Тағы бір артта қалып келе жатқан сала – жылыжайларды пайдалану.  Мұның бәрі азық-түлік қауіпсіздігі, жерді дұрыс пайдалану, артық өнімді шетке шығару сияқты міндеттердің шешімін табуға септігін тигізе алады.
– Сіз сүт өнімдеріне басымдық беріледі дедіңіз. Алайда, бүгінгі күні біздің дүкендерімізде Ресей мен қырғыздың сүт өнімдері толып тұр. Тұтынушылар негізінен соларды сатып алады. Мұның бәрі сапаға келіп тіреледі. Біз неге өзімізді-өзіміз сапалы сүт өнімдерімен қамтамасыз ете алмай отырмыз? Осы жағынан қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Сапалы өнім даярлау үшін, біріншіден, сүт беретін ірі қара малдың тұқымдарын жетілдіру қажет. Ірі қара өсі­ретін мал шаруа­шылықтары    мен  ғы­лы­ми-зерттеу мекемелері бірлесіп, шет­тен келетін тұқымдар мен өзіміздің тұқымдардың өнімділігін көтеруі тиіс. Екіншіден, алынған өнімнің сапалы, таза болуы мал азығының құрамына байланысты. Мал азығын тиісті деңгейде дайындау үшін жерге тыңайтқышын дұрыс беру, топырақтың құнарлылығын сақтау керек. Малдың сүттілігін, өнімділігін көте­руге мүмкіндік беретін азықтық өсімдік түрлерімен қамтамасыз ету, қысы-жазы өнімділікті сақтау үшін қосымша әртүрлі дәруменді құрамы бар жем беру және т.с.с. Мал шаруашылығы бойынша жайылымды жақсарту маңызды. Өйткені, аяғымен жайылған малдың қоңдылығы, оның еті мен сүтінің сапасы жоғары болады.  Ал, енді, кейінгі кездері  шетелден бірқатар жем өнімдерін алып жатқандар бар, оның   құрамында сүттің көлемін көбейткенмен сапасын төмендететін заттар кездесіп жатады.  Міне, осы жағдайға көп көңіл бөлу керек. Оның ешқандай құпиясы жоқ, көпшілікке белгілі жәйт. Мысалы, Қытайдан келетін қоспа жемдерін бергенде өз аяғымен жайылмайтын мал жақсы семіреді, бірақ, оның еті сапасыз немесе сүті дәмсіз болып келеді.
– Сіздерде осындай азық-түліктің сапасын анықтай алатын мамандар бар ма?
–  Тағам   қауіпсіздігі  зертханасын  сол үшін  ашып отырмыз. Бұл зертхана республика деңгейінде  алдыңғы қатарлы зертхананың бірі, бұған Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан сұраныс болды. Сондықтан да, зертхана 2016 жылы индустрияландыру бағдарламасы бойынша алынды. Бұдан былай осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыруға толық мүмкіндігіміз бар.
– Ауыл шаруашылығын дамытуға қа­тысты мемлекеттік саясат, оның ішінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің қызметін қалай бағалайсыз, қандай ұсыныстарыңыз бар?
– Ауыл шаруашылығы министрлігі қыз­меткерлерінің көбісі ҚазҰАУ-ды тәмам­даған тәжірибелі мамандар. Олардың бәрі қазіргі ауыл шаруашылығында туындап отырған мәселелерден хабардар. Көбінесе мәселенің шешілуі тек оларға ғана емес, төмендегі облыстық, аудандық деңгейдегі атқарушы орындарға, ауыл шаруашылығы басқармаларының жұмысына да байланыс­ты. Жалпы, біз министрлікпен қоян-қолтық жұмыс істейміз. Маман даярлаудан бөлек, осы саладағы кемшіліктер мен мүмкіндіктер жайында министрлікке ақпарат пен талдау, ұсыныстар жасап отырамыз.
– Ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында түрлі қаржы көздері, субсидиялар беріледі, арнайы бағдарламалар бар. Бірақ, «осы қаржыға негізінен ірі корпорациялар ғана қол жеткізе алады» деген пікірлер бар. Ондай  ірі  ауыл шаруашылық кәсіпорындарының саны 5% болса, шаруа қожалықтары 95%-ды құрайды. Қаржы бөлінісіндегі осы әді­летсіздіктің бір себебі кезінде шаруа­шылықтарды ұйымдастырудың дұрыс жүргізілмегенінде жатқан сияқты. Ауыл­дағы әлеуметтік жағдайдың дамымай отырғаны да осыдан емес пе?
– Менің жеке өз басым «25 жылда ауыл мүлдем дамымай қалды» деп айта алмаймын. Ауылдың бұрынғысы мен қа­зір­гісін салыстырғанда өзгеріс айдан анық көрініп тұр. Әрине, алғашқы жылдары ұйымдастыру жұмыстарына, қаржыға бай­ланысты қиындықтар болды. Осы 25 жыл­дың ішінде ауыл шаруашылығында қол жеткен жетістіктер баршылық. Ірі корпорациялардың құрылу себебі, олар Үкімет тарапынан сенімге ие, қолында белгілі бір мөлшерде қаражаты бар. Ал, 5 га жері немесе 5 бас малы бар адамға қаржыны қалай сеніп тапсырамыз?  Ол ер­тең қиыншылық туған уақытта азын-ау­лақ малын жеп қояды да, қарап отырады. Сон­дықтан, ірі шаруашылықтарға сүйеніп, солардың деңгейінде жұмыс істеу дұрыс қадам, әрі шет елде де солай.
–  Аграрлық   секторды әр тараптандыру жұмыстары соңғы кезде ғана қолға алына бастады. Осы тарапта қандай жаңа­лықтар бар?
– Қазір бізде жүгері, жоңышқа және тағы басқа мал азығы түрлерін көбейтуге көңіл бөлінуде. Малға келетін болсақ, дүние жүзінде түйе шаруашылығымен негізінен араб елдері айналысатыны белгілі. Бірақ, олардың жері біздікіндей емес, өте қуаң, көп малды бір жерде топтастырып ұстау өте қиын. Алматыдан 150 шақырым қа­шықтағы Күрті ауданында «Дәулет-Бекет» деген үлкен түйе шаруашылығы бар, қазір ондағы түйе саны 5 мың бас­тан асты. Бұл дүниежүзіндегі осы бағыт­тағы ірі шаруашылық. Олардың  шұбат өндіретін цехтары бар. Енді, таяуда Ғылым қорының қолдауымен түйе малының етін экспортқа шығару жө­ніндегі жоба қолға алынды. Түйенің етін көпшілік жемейді, оны толықтай пайдалану үшін шетке, оның ішінде араб елдеріне шығару керек. Дайын өнім­ді жеткізу үшін  жаңа технология­лар қажет. Міне, мемлекеттің қол­дауы осы бағытта бөлінетін болады. Уни­вер­си­теттің серіктесі саналатын бұл шаруа­шылыққа біз ғылыми жағынан көмек көрсетіп отырамыз.
– «Дипломмен – ауылға» сияқты жоба­лардың пайдасы бар ма?  Жалпы, уни­верситет түлектері ауылға баруға ынталы ма?
– Мұндай бағдарламалар керек. Егер үгіт-насихат болмаса, халыққа ақпарат жете  бермейді. Жастар қалада кез келген бұрышта отырып, біреуден алған затты екіншісіне сатып пайда тапқанша, ауылға барып өз еңбегімен пайда тауып, халыққа да, өзіне де пайда келтірсе одан артық не керек. Сондықтан,  мамандар ауылда өз мамандығымен жұмыс істеуі қажет.
–  Ата-бабамыздан  мирас болып қал­ған атамекен жерімізде жайқалып егін өссе,  жайылымда төрт түлік малы өріп жүрсе, сол жердің иесі бар деген сөз. Бұл ретте жердің болашақ иелерін тәрбиелеп, білім беріп отырған оқу орнының ат­қаратын қызметі зор. Ендеше, «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» айтсаңыз.
– Халқымызды дұрыс тамақтандыру, болашақта халқымыздың өсіп-өнуі ауыл­дың дамуына тікелей байланысты. Та­ғам қауіпсіздігі жерді дұрыс және тиімді пайдаланудан басталады. Жердің құнарлылығы жоғары болса, химиялық қоспасы аз болса, жайылымдық жерді дұрыс пайдаланып, сапалы өнім алсақ, бұл халықтың   денсаулығы  емес пе? Ха­лық­тың денсаулығы өз кезегінде халық санының ұлғаюына, өсуіне алып келеді. Ертеде қа­зақтар бірімен бірі көптен көріспегенде «Мал-жан аман ба?» деп амандасатын. Бәріміз де жерге, мал-жанға қарап отыр­мыз, бұл қа­натты сөз өмірден, тәжі­рибеден алынған. Сондықтан, сөз соңында ауыл шаруашылығын дамыту – ауылды дамыту – ұлтымыздың болашағының кепілі дегім келеді.
– Ендеше, мал-жанымыз әрдайым аман болсын. Әңгімеңізге рахмет.

 

Алдыңғы «
Келесі »

4 Пікір бар

  1. Аграрлы сала мамандары бізде тапшы. Осы салаға деген сұраныс, мамандыққа деген қызығушылық төмен.

  2. Аграрлы саламен, мал шаруашылығымен айналысам дейтін кәсіпкерлерге қолдауды арттырса, сала да біршама дамитын еді.

  3. Ауылды жандандырып, жастарды ауылға тартудың жаңа жолдарын мемлекет жан-жақты қарастыруы керек.

  4. Мқала авторына рахмат. осыныоқитын ауылдықтар болса,сңз құсаған қаламгелерге рахмет айтар еді.

Пікірлерге тыйым салынады.