Ұлтына қызмет еткен

  • 01.02.2017
  • 1096 рет оқылды
  • 1

Светлана Смағұлова,
тарих ғылымдарының 
докторы

ХХ ғасырдың 20-30 жылдары Қазақстан үкіметінің жоғарғы билігінде отырған Ұзақбай Желдірбайұлы Құлымбетовсветл Қазақстан тарихының қиын да, аса ауыр жылдары ел басқарып, Қазақстанның саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени жағынан дамуына зор үлесін тигізді. Ауылдарды кеңестендіру, екі бірдей ашаршылықпен күрес барысында, сауаттандыру, білім мен ғылымның дамуында, Қазақстандағы Ғылым Академиясының жұмысының жандануында, халықтың мәдени өсуі, ірі өндіріс орындарының қалыптасуы, қазақ әліпбиінің латын әліпбиіне көшуі, Қазақстан  астанасының Қызылордадан Алматыға көшірілуі мен екі аста­наның да көркейіп, абаттануында оның тікелей тигізген қолтаңбасы бар.

Ұлт зиялыларының арасында шоқтығы биік Ұзақбай Желдірбайұлы Құлымбетов  1891 жылдың 18 наурызында Ақтөбе губерниясына қарасты Ырғыз уезінің Аманкөл болысында шаруа отбасында дүниеге келді. Алғыр бала әуелі ауыл молдасынан ескіше оқып, кейін үш жылдық ауыл мектебіне түсіп, орысша хат таниды. 1907 жылы Ырғыздағы екі класты орыс-қазақ училищесіне түсіп, оны бітірісімен талабы мен табандылығының арқасында Ақтөбенің 2-жылдық педагогикалық курсын бітіріп, «ауыл мұғалімі» деген мамандық алып шығады. Бойында жігері мол Ұзақбай өмірінің жеті жылын бала оқытуға арнады. Ол кеңес өкіметінің қызметіне 1918 жылдың желтоқсанынан бастап араласа бастайды. Бастапқы кезде Ырғызда жаңа құрылған депутаттар кеңесіне сайланып, оның мүшелерімен бірге Кенжеғара мен Тәуіп болыстарына кеңес ұйымын құруға және сол кездерде ауылдар мен болыстарда әлі де әрекет етіп жатқан земство басқармасының қызметін тоқтату мақсатында іссапарға жіберіледі. Екі айдан аса бұрынғы болысты жақтаушылардың, контрреволюцияшыл күштердің қарсылығына қарамастан тапсырылған міндеттерді абыроймен атқарады. Бірақ, осы сапар барысында сүзек ауруын жұқтырып, үш айдай  ауруханаға жатуына тура келді.
Ұйымдастырушылық қабілетімен, қайс­арлығымен, талапкершілігімен көз­­­­­ге түскен Ұзақбай 1919 жылдың сәуі­рін­­де болған Ырғыз уездік съезінде Ыр­ғыз уездік атқару комитетінің мүшесі болып сайланады. Алайда, мамыр айында Ырғызды ақтардың басып алуына орай комитеттің басқа мүшелерімен бірге Шалқардағы теміржол станциясына кетуге мәжбүр болды. Шегініп бара жатқандардан Ырғыз кавалериялық партизан отряды құрылып, Ұзақбай осы отрядта қатардағы жауынгер ретін­де ақтарға қарсы күреске шығады. Партизандық отрядты сол кезде бұрынғы патша офицері И.Ф. Киселев басқарып, П.А. Кузнецов оған көмекші болған еді. Ұзақбай осы отрядтың сарбаздарымен  үш ай ішінде Талдысабада және екі рет Жалтырда ақтарға қарсы шайқасқа қатысады. Отрядтың командирінің ар­найы тапсырмасымен бірнеше рет барлауға шығып, тың мәліметтер әкеледі. Өкінішке орай, ақтардан шегініп, қа­шып күйісі кеткен қызыләскер отряды Ыр­ғызға барып ақтарға берілуге мәжбүр болады. Қолға түскен қызылдарды ақ­тар шалғайда жатқан Шалқарға қа­рай жаяу айдап апарып абақтыға қа­мап тастайды. Тұтқынға түскендердің арасында Ұзақбай да бар-тын. Ол бірден ақтардың жағына шығудан бас тартты. Тұтқында болған Ұзақбайды ақтар қара жұмыс істеуге мәжбүрледі. Олардың қыс­­пағынан, көрсеткен қорлығынан ол өз офицерлеріне қарсы шыққан Шал­қардағы ақтар гарнизонындағы солдат­тардың бүлігінің нәтижесінде ғана босап, үлкен қиындықпен Ырғыз уезіне оралады. 
Ырғыз 1919 жылдың күзінен уездік революциялық комитетке жұмысқа кірісіп, кеңес өкіметін қалпына келтіруге атсалысады. 1920 жылдың қаңтарында Ырғыз партия ұйымына мүшелікке өтеді. Бастапқы кезде әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің алқа мүшесі болған Ұзақбай, 1920-1921 жылдары уездік басқарма басшысының көмекшісі, нұсқаушы-ақпараттық бөлімнің меңгерушісі, уездік революциялық тергеу комиссиясының құпия-оперативтік бөлімінің басшысы, Ырғыз уездік ат­қару комитеті қылмыстық-тергеу комис­сиясының төрағасы, Ырғыздың РК(б)П аудандық комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. Үкіметтің уездің алдына қойған ең басты міндеті ауылдарды кеңестендіру, қазақ әйелдерін құлдық психологиядан босатып, қалың малды жою, мәдени ошақтар ашу арқылы, сауатсыздыққа қарсы күресу сияқты жұмыстар болатын. Бұрынғы үстем тап өкілдерінің  қарсылығына, түрлі ке­­зік­кен қиыншылықтарға қарамастан Ұзақбай өзіне тапсырған міндеттерді тия­нақты орындауға тырысты. Талапты жас ұйымдастырушылық, іскерлік қабілетінің арқасында ел арасына танылып, осы кезден қызметтік өсу сатысына көтерілді. 1921 жылдары мамыр айының соңында Қырғыз облыстық комитетінің шақыруымен Ақтөбе губерниясына жіберіліп, Ақтөбе губерниялық съезінде  губерниялық атқару комитетіне мүше болып сайланады және Ақтөбе губерниялық камсыздандыру (губсобесом) бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады. Осы кездерде қазақ даласын аштық пен жұқпалы ауру жайлап, ел малдан да, жаннан да шығынданып, босып кеткен кез еді.  Өлім-жітім көбейіп, күннен-күнге халықтың жағдайы нашарлай түсті. Ол аштықты ауыздықтауға, әлсіздердің қолындағы арық-тұрық бар малдарын күштеп тартып алған қарақшы топтарды жоюға қатысады.  
Ақтөбе Қазақстандағы аштық құр­сауында қалған бірден-бір губерния еді. Ұзақбай аштықтан қырылып жатқан ауылдарды өз көзімен көрді. 1922 жылдың 1 қаңтарынан 15 мамыр аралығында «АРА» ұйымына өкіл ретінде жіберіліп, губернияны жайлаған аштықты ауыздықтауға қатысады. Әлсіздердің қолындағы арық-тұрық бар малдарын күштеп тартып алған қарақшы топтарды жоюға, ашком­дардың қоғамдық тамақтандыру пункт­теріне жіберілетін азық-түліктің қолды болып кетпеуін қадағалап, дер кезінде аштардың тамақтанып, дәрігерлік кө­мек алуына жәрдемдесті. 1922 жылдың ақпанынан Ақтөбе губерниялық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалып, бұл қызметті 1923 жылдың наурызына дейін атқарды. Өкінішке орай, бұл жұмысты ол дұрыс атқара алмады. Себебі, ақтар мен алашордашылардың қолында тұтқында болғаны үшін және АРА ұйымының ашыққандарға берген  көмек қорын талан-таражға салды деген жаламен 1922 жылдың 17 мамырынан 1923 жыл­дың 11 ақпанына дейінгі  аралықта Ұзақбай РКФСР Қылмыстық кодексінің 109 және 105-ші баптары бойынша айыпталып, тергеуге алынады. Тергеу барысын РКФСР Жоғарғы Соты жүргізіп, бұл іс 1923 жылдың басына дейін Орынбор қаласында қаралды. Дегенмен, оған тағылған айыптардың дәлелденбеуінен Ұзақбай 1923 жылдың ақпанында РКФСР Жоғарғы трибуналының сес­сия­сының шешімімен ақталып шық­ты. Жүріп жатқан сот процесіне қа­ра­мастан Ұ. Құлымбетов өзіне жүктеген жауапкершіліктен қашпай, үкіметтің мін­деттеген тапсырмасын орындауға тырысты. Ашығып тамақ іздеп далада қаңғып, ауыл, қаланы кезіп кеткен жетім балаларды панасыздар үйіне орналастыру, олардың сауаттануына бар жағдайды жасауға  тырысты. Ағарту саласы кемшіліксіз болған жоқ. Білім беретін маман мұғалімдер жетіспеді, мектептерде оқулықтың тапшылығы сезілді. Губернияда балалардың сиреп қалуынан жабылып немесе жабылу алдында тұрған мектептерді қайта ашуға, жұмыссыз қалған мұғалімдерді сол мектептерге қабылдауға басшылық жасады. 
1921  жылдың тамыз айынан РК(б)П гу­берниялық комитетінің мүшесі, Ақтөбеде өткен I, II, III-ші губерниялық партия конференциясына, Ақмоланың IV губерниялық партия конференциясына қатысып, елдегі ауыр жағдайды, шаруашылықты қалпына келтіруге шақырды, батыл ұсыныстар айтты. 1923 ж. ақпанында Ақтөбе губерниялық партия конференциясында губерниялық комитетке мүше болып сайланады. Сол жылдың 4 наурызынан  1923 ж. қыркүйегіне дейін Ақтөбе губерниясының үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі, ал, 1 қазаннан желтоқсан айына дейін губерниялық атқару комитетінің төрағасының орынбасары, желтоқсан айынан 1925 ж. ақпаны аралығында Ақмола губерниялық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарады. 1924 жылдың 10 қаңтарында ол Қазақ Орталық Атқару комитетінің, ал қаңтар айының соңында КСРО БОАК мен ОАК-нің мүшесі болып сайланады. Ақмола губерниялық атқару комитетінің төрағасы тұсында аштықтан әлі оңала қоймаған Ақмола және Атбасар уездерін көтеруге, ашыққан қазақтарға азық-түліктей көмек көрсетуді қолға алды. Аштықтың  салдарынан туындаған ұрлық-қарлық, қарақшылық, барымтаға тосқауыл қойды. Елдегі оқу, оқыту мәселесіндегі кемшіліктерді, яғни, сауатсыздықты жою ісін қолға алып, орта мектептерді мұғалімдермен қамтамасыз ету, жастар мен сауатсыз ересектерді оқуға тарту жұмысын жандандырды. Ағарту, мәдениет, денсаулық салаларына қаржы бөлдіру, мамандарды тарту мәселесін де жөнге салады. Осы жылдың күзінде Орта Азия мен Қазақстандағы межелеу жұмысына және облыстық комитеттерді өлкелік комитеттерге айналдыруға байланысты жаңа құрылған БК(б)П Өлкелік ко­ми­тетінің құрамына еніп, ал, оның пленумы барысында БК(б)П Өлкелік комитетінің революциялық комиссиясына мүшелікке сайланады.  
Ұзақбай Желдірбайұлы 1925 ж. ақпанынан 1926 ж. қыркүйегіне дейін Қазақ Халық шаруашылығы Орталық кеңесінің төрағасы қызметін атқарады. Бастапқы кезде Орынбор қаласында қызмет   етіп,  кейін Қызылорда қала­сын­да жалғастырады. Сол кездерде ірі кәсіп­орындардан Ембі мұнай және Риддер ғана жұмыс істеп жатқан болатын. Ол Қазақстан өнеркәсібін ілгерілендіру, жұмыс істемей тұрып қалған өндіріс орындарын қалпына келтіру, оларды қажетті құралдармен жабдықтаудың қажеттігін көтерді. Әсіресе барлық өнер­кәсіп орындарындағы ескірген техниканы жаңа техникамен алмастыру жағын тез арада шешудің маңыз­дылығын дәлелдеді. Қазақстанда шикізат пен басқа да тұрмысқа қажетті материалдарды (мата, отын және т.б.) өн­діретін кәсіпорындардың жұмысына аса көңіл бөліп, кейбір алтын, көмір, мұнай сияқты шикізаттарды өндірудің одақ­тық маңызы барлығын, осы пайдалы шикізатты шығаруда өндіріс орындарында  ұшырасып отырған кемші­ліктерді жойып, өнімнің сапасына аса назар аударуға меңзеді. Сонымен қатар мақта-мата, балық өндіру және т.б. елге қажетті өндіріс орындарын жөнге келтіре отырып ұлғайтудың қажеттігін қазақ өлкелік пленумының әрбір отырысында көтеріп отырды. «Ең басты назар өндеу өнеркәсібін дамыту және жергілікті шикізатпен қамтамасыз етіп отырылған ұсақ қолөнер кәсіпорындарын кеңейту  қажеттілігіне аударылды», – деп жазды ол өмірбаянында.  
Риддер, Ащысай кен орындарын дамыту, түсті металл өндірісін кеңейту, Павлодартрест, Алтайтрест, Екібастұз өндірісін кеңейту, ол үшін қаражат көзін іздеу, несиеге ақша алу, жұмысшыларға жалақы төлеу мәселелерін жөнге қойды. Өнеркәсіпті күшейтудің бір шарты ұзақ мерзімге несие беру қажеттігін көтерді. 1925 жылдың 9-11 сәуірінде болған партия комитетінің пле­нумында жасаған «Қазақстандағы өнер­кәсіптің жайы туралы» баяндамасында жаңа өндіріс орындарын іске қосу, кәсіпорындардың жүйесін одан әрі кеңейте түсуі мәселесін ұсынды. Түсті металлургия өндірісін кеңейту мәселесіне орай тау-кен инженері В.П. Даниловты Бүкілодақтық съезге жіберіп, республикада мыс, мырыш, қорғасын, алтын өндірісін өрістетуде қаржы бөлу мәселесін шешуге кірісті. Тау-кен өндірісінің дамуын тікелей бақылауына алды. Пайда байлығын іздеуде Қазақстанда Геологиялық барлау жұмыстарының ал­ға басуына барлық жағдай жасады. Ұ. Құ­лымбетов өндіріс орындарын жергі­ліктендіру, қазақ жастарын тарту, өндіріс орындарына қажетті мамандарды даярлау ісіне де аса көңіл бөлді. Әсіресе, басшылық қызметке оқыған қазақ жастарын тартуға, оларды пәтермен қамтамасыз етуге аса назар аударды. Ауыр өнеркәсіпте жұмыс істейтін жұмысшылардың жатар орынмен, тұрақты жалақымен, арнайы жұмыс киімімен қамтамасыз етілуін талап етті. Сонымен қатар, өндіріс орындардағы басшылардың қазақ өкілінен болуына да назар аударды. «Қызыл Қазақстан» журналына жарияланған мақаласында ол ірі кәсіппен қатар қолөнер кәсібін күшейтіп, олардың кооператив-сауда мекемелерімен байланыс жасап, ұйымдастыруын аса пайдалы мәселеге жатқызды. Әсіресе балық шаруашылығын дамытып, Гурьев және Кас­пий теңізінен балық аулауды жөнге қоюды үкіметтің қолға алатын міндеттерінің біріне санады. Шұға, мақта-мата фабрикаларын қалпына келтіруді, көпшілік тұтынатын киім-кешек шығару орындарын салудың маңыздылығын партияның жиналыстарында сөйлеген сөздерінде дәлелді мысалдармен дәйектеді. Елді аудандау ісіне басшылық етті және аудандаудың халық шаруашылығын көтерудегі маңыздылығын нақтылап бер­ді. Әйелдерді еңбек етуге тартуға да елеулі  жұмыс жүргізді. Бұған Қазақ өлкелік ко­ми­­теттің Әйелдер бөлімін басқарушы А. Оразбаеваның барлық өндіріс саласына әйел адамдарды тарту мәселесіне орай Ұзақ­бай Желдірбайұлына жазған тікелей хаты үлкен себеп болған-тын.
Ұзақбай Құлымбетов Қазақ АКСР ХКК-сі төрағасының орынбасары қызметімен қоса  1926 ж. қыркүйегінен 1928 ж. қаңтары аралығында Қазақ КСР Мемлекеттік жос­парлау комитетінің төрағалық қызметін атқарады. Халық шаруашылығын қалпына келтіру мен дамыту бағытында алдағы уақытта қолға алынатын істерді жоспарлы түрде жүзеге асыру шараларын әзірлеу, Фрунзе-Семей теміржол байланысын, Қы­зыл­орда қаласында құрылыс нышандарын салуда қыруар жұмыстар жасады. Мысалы, 1927 жылы қаңтарда Қызылорда қала­сының экономикалық   орталық болуы үшін теміржол байланысын салу, өлкелік жәрмеңке өткі­зетін ірі қалаға айналдыру, түрлі мекеме ғимараттарының құры­лысын бастаудың маңыздылығын ҚазАКСР Орталық Атқару комитетінің төрағасы Ж. Мыңбаев екеуі Бүкілодақтық Орталық Атқару комитетінің төралқасына жазған хаттарында дәлелді фактілермен нақтылап берді. Ал, Қазақстан территориясында жәрмеңке ұйымдастыру өл­кенің экономикалық өміріне тікелей әсер ете­тіндігін Ұзақбай Желдірбайұлы РКФСР ХКК-не жазған хатында айқын көрсетті. Ол жәрмеңкенің біріншіден, сонау патша заманынан бері халықтың тауар алмасу, айырбас көзі ретінде қолданып келе жатқанын, екіншіден, оның Қазақстанның экономикалық өмірінің дамуына әсер ете­тіндігін, үшіншіден, шаруалардың өз тауарларын саудалауына бар мүмкіншілік ашылатындығын, төртіншіден, жәрмең­кеден тұрмысқа қажетті заттарды табуға бола­тындығын да жасырмады. Қайраткердің ХКК-сі төрағасының орынбасары қызметін атқарған кезде басшылық жасаған ісінің бірі –Түркістан-Сібір теміржолы. Жетісу өңірі, оның ішінде Алматы қаласы арқылы өтетін күре жолдың экономикалық дамуға қосатын үлесін көре білді, қолдаушылардың бірі болды. Оның өзіндік бір себебі бар еді. Халық тығыз орналасқан, әрі табиғаты да әдемі Алматыға Қазақстанның астанасын көшіріп әкелу болатын.   
Астананы Қызылордадан Алматыға кө­шіру мәселесі 1927 жылдың 3 наурызында ҚКСР ОАК-нің  төрағасы  Ж.   Мыңбаевтың қол қоюымен шешіліп, осыған орай, құ­рыл­ған комиссияның төрағалығына Ұ. Құ­лымбетов тағайындалды. Комиссия Қызылордадан астананы Алматы қала­сына көшіру мәсе­лесінде де оған қажетті қаражаттың мөл­шерін анықтап, керекті іс-шараларды ұйым­дастырудықолға алды. Қалаға бірнеше комиссия өкілдері жібе­ріліп, болашақта салынатын ғимараттар, Қызылордадан кө­шіріліп әкелінген үкімет адамдарын орналастыру, қаланың сани­тарлық жағдайын, көшелер мен тро­ту­арлардың, көпірлердің, өндіріс орын­дарының, оқу-ағарту сала­сының жағдайын анықтатты. 
Ұ. Құлымбетов Алматыда салынатын құрылыс нысандарын қажетті материалдармен жабдықтау, Қызылордадан көші­ріліп әкелінетін мекемелерді ғимаратпен қамтамасыз ету жұмыстарын жолға қойды.  Мәселен, ХКК-нің төрағасы Н. Нұр­ма­қовтың нұсқауы бойынша Орда, Орынбор қаласында сақталынып тұрған мұрағат құжаттарын да әкелу үшін және Қызылорда қаласына жіберілген құжаттарды Алматыға көшіруде арнайы ғимарат бөлгіздіріп, өзі тікелей қадағалады. Қалада салынатын ғимараттар мен тұрғын үйлерге, көшені абаттандыруға бюджеттен арнайы ақша бөлдіртті. Міне, қазіргі Алматыда салынған ғи­мараттардың көпшілігі осы қайраткердің  тұсында салынған. Қайраткер Орынбор мен Ташкенттегі оқу орындарын Қызылордаға көшіруге де көп күш жұмсады. Өлкелік  жастардың мектебін, 7 жылдық өлкелік балалар коммунасын, Халық Ағарту институтын, Орталық мұражайды, Балабақшаға дейінгі қазақ жетім балалар үйін, өлкелік милиция мектебін Қызылордада босаған үкіметтік мекемелердің ғимараттарына беріп, мемлекеттен қаражат беру мәселесімен айналыс­ты. Оның нұсқауымен Алматы мен Семей қалаларында әкімшілік басқару жүйесіне кіші техникалық маман даярлана бастады. Жаңа әліпбиге көшуге байланысты үгіт-насихат бөлімінің жұмысын жандандыруда қаражат бөлгіздіртті. Ұ. Құлымбетов Қазақстандағы Ғылым Академиясының жұмысының жандануына қажетті қаржыны бөлу, әсіресе   топырақтану-ботаника, мал   ша­­руа­шылығы, гидрология мен картогра­фика, геологиялық-минералдық, статис­тикалық-экономикалық салалар бойынша зерттеу жүргізуге қажетті қаражат бөл­діру, Ғылым Академиясына студент-қа­зақ­тарды тарту жобасын жүзеге асырудың маңыздылығын көре білді. Ол кезде ғылымға деген әлі де болса көңіл бөлінбеген еді. Ғылыми тәжірибе жүргізетін мамандар мен  лабораториялар жетіспей, ғылыми қызметкерлер жалақысы төмен мөлшерде болатын. Осындай кемшіліктерді жоя отырып, ғылыми-зерттеу жұмысына жоғары оқу орындарынан, Қазақ Педагогикалық институтынан мамандарды тарту, Қазақстандағы Ғылыми-зерттеу институтын ашудың маңыз­дылығын нақтылай түсті. 
Білікті қайраткер Қазақстанды зерттеу қоғамының қызметін жандандыруды қолдады. Қоғамның қызметіндегі орын алып отырған олқылықтарды жоюды қажет ететін іс-шараларды анықтады. Олар: қоғамның филиалының жұмы­сын дұрыс жолға қою, қазақ тілінде ғылыми еңбектер жариялау, мектептерде өлкетану жұмысын күшейту, жас ғалымдар тәрбиелеу еді. Ол сонымен бірге ауыл шаруашылығындағы қиын­шылықтарды жоюда, әсіресе, Семей губерниясында белең алған жұттың зардабынан жергілікті тұрғындардың жапа шекпеуін, жұттың қазақ даласының өзге территориясына ауа жайылмауын бақылауға алуды талап етті. 1927 жылы Қазақстанда жұт  нышандары  біліне бастаған сәтте онымен күрес жүргізуге қа­тысты  құрылған комиссияның төрағалығы осы Ұзақбай Желдірбайұлына тапсырылды. Құрамында Сұлтанғалиев, Мырзағалиев, Кенжин, Балғаев, Османов сияқты партия қызметкерлері бар комиссияның алдында жұттың шығу  себептерін анықтау және ауыздықтау мәселесінде басшылық жасау тұрды. Астықтың, шөптің күйіп кетуі қарапайым шаруашылыққа аса қиынға соқты. Елді жайлаған қуаңшылықпен күрес жүргізуде ақшалай қаржы бөліп, ауыл шаруашылығына аса қажетті өнім­дермен қамтамасыз етілді. Мал шаруа­шылығын көтеруге несие берілді. Әрине, жұтты тудырған құрғақшылықтан мал шөпсіз, егіс өнімсіз қалды. Ұзақбай Құлым­бетов осындай ауыр жағдай туын­даған кезде елден шетке астық, жем-шөптің шығып кетпеуін қатаң қадағалады. Малдың жаппай қырылуына алып келмеуі үшін көршілес Ресейдің Самара, Челябі, Орынбор, Орал, Троицкі сияқты аудандарынан, Солтүстік Кавказ,  Батыс Сібірден жем-шөп сатып алынды. Қуаңшылыққа ұшыраған Адай уезін қалпына келтіру үшін Ұзақбай Желдірбайұлы  Дағыстан республикасынан көмек сұрады. Сол кезде Дағыстан да осындай қиыншылықты бастан өткізіп жатқан еді. 
Қазақстанда мал шаруашылығын дамыту, Сырдария, Жетісу, Семей губерниялары мен Адай уезінде қой өсіруді қолға алу үшін бөлінген қаражатқа меринос қойларды сатып әкелу шаралары да Ұ. Құлымбетов төрағалық еткен ҚАКСР-ның Мемлекеттік жоспары президиумында арнайы қаралып, аталған жерлерге арнайы нұсқаушылар жіберу арқылы  жүзеге асырылды. Ұзақбайдың тікелей араласуымен ашаршылық кезінде көршілес Қытай еліне босып кеткен қазақтарды қайтару ісі қолға алынды. Батыс Қытай жерінен қайтып оралғандар Жетісу мен Семей губернияларына орналастырылып, оларға қаржылай көмек көрсетілді. Іскер басшы 1928 жылдың 19 қаңтарында Қазақ КСР Сауда халық комиссары қызметіне  тағайындалып, осы қызметті 1930 жылдың сәуіріне дейін атқарды. Бұл байларды тәркілеу, ұжымдастыру кезімен тұспа-тұс келген-тін. Сол кездерде астық дайындау науқаны да қызу жүріп жатқан болатын. Ұзақбай бұл істерге белсене кірісіп, ең бас­тысы сауда саласын дамытуда кейбір мамандарды білікті әрі өз ісін жақсы білетін кадрлармен алмастыруды көтерді. Оқыған қазақ жастарын әкімшілік қызметіне тартты. Сонымен қатар, өндіріс пен транспорт орындарының қазақыландыру ісін де жөнге қойды. 30-жылдардың  басында Қазақстанда отырық­шыландыру мәселесі қолға алынған сәтте Ұ. Құлымбетов Қазақ КСР Халық Шаруа­шылық Кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалған еді. Бұл кезде қызметі ауыл шаруашылығын колхоздастыру, сонымен қатар аштықтың нәубеті, осыған орай туындаған түрлі тәртіпсіздік, бандиттік шабуыл өрістеп тұрған болатын. Ол 1930 жылдың 14 тамызында қайта құрылған отырықшыландыру комитетінің құрамына енгізілді. 
1931 жылы аштық басталған кезде өлкелік комитет аштық белең бере бастаған аудандарға арнайы уәкілдерін жібе­ріп, сол өңірдегі жағдайды бақылап, қиын­шылық туындаған жерлерде жергілікті бас­шылықпен барлығын қалпына келтіруге көмек көрсету мәселесін көтерді. Ұ. Құ­лым­бетовтың тікелей басшылығымен әр облыстардың аудандарына уәкілдер  жібе­ріліп, ондағы жағдай жайында ақпар  алынып отырылды. Ұзақбайдың өзі Маңғыстау ауданында бой алған бандитшілдікті жоюда құрылған үкіметтік комиссия төрағасы ретінде Каспий теңізі маңында кеңестік тәртіпті орнату, бандиттерді жоюға бас­шылық жасауға жіберілді. Комиссия сол өңірдегі тәртіпсіздіктерді ауыздықтады. Сонымен қатар біріншіден, ауылды жерлерде ауыл шараларына тиісті берілетін ақшаны жымқырған аудандық партия және кеңес басшыларын анықтап, олардың үстінен қылмыстық іс қозғаса, екіншіден, үгіт-на­сихат, түсіндіру жұмыстарын жүргізе отырып, бүлік шығарған басшыларын қолға түсірді. 
Аштық үдей түскеніне қарамастан, ха­лықтың жаппай ауыл-ауылды кезіп, тал­­ғауға тамақ іздеп босқанын көре, біле тұра үкімет қаражатпен, азық-түлікпен көмек көрсетудің орнына жоғарғы билік аудандық комитет басындағыларға салық­тың мөлшерін көбейтуді, олардың көрсе­тілген мерзімінде жинап өткізуді талап етті. Тентіреп кеткен ауыл тұрғындарын қайтаруға дәрмені болмаған аудан басшылары қағаз жүзінде жалған мәлімет беру арқылы, тарап кеткен ауылдардың есебін өз күнін көре алмай отырған ауылдардан алмаққа талпынды. Аштықтың зардабынан мал басының кемуі ауыл шаруашылығын көтеруге үлкен зиянын тигізді. Қазақстанға бас­қа өңірден мал сатып алу арқылы мал­ шаруашылығын қайта көтеру қа­жеттігін Ұзақбай Желдірбайұлы түсінді. КСРО Халық комиссарлар кеңе­сінің төрағасы В.М. Молотовқа жазған хатында осы мәселені төтеден  қойып, Батыс Қытайдан мал басын сатып алуды ұсынды. Мал сататын қытай көпестерін тарту үшін Қазақстанның екі жерінде, Шыңжан провинциясына жақын Қа­зақстан шекарасында екі ірі жәрмеңке орнын ашу қажеттігін  көтерді. Оның бірі Алматы облысының Кеген ауданына қарасты Қарқарада да, екіншісі Шығыс Қазақстан жеріндегі Зайсанда. Бұл ашылатын жәрмеңкеге  қытай саудагерлерінің емін-еркін сауда жүргізуіне барлық жеңілдіктерді жасаудың маңыздылығын да атай отырып, кезінде Қытайға өтіп кеткен малдарды қайтаруға бар мүмкіншіліктің барлығын көрсетті. Қайраткердің есебінше, малмен сауда тауар айырбастау арқылы, яғни қант, кондитерлік өнім және тағы басқа тұрмысқа қажетті заттармен жүргізілуге тиіс. Осы жәрмеңкеден түскен малдар колхозшыларға, жеке шаруашылық жүргізушілерге, кедей шаруаларға заттай несие түрінде беріліп, 2-4 жылдың ішінде өніммен қайтаруға болады деген үлкен сенімде болды.
Ұ. Құлымбетов осылайша аз уақыттың ішінде қайтадан мал басын қалпына келтіруге әбден болады деп сенді және Зайсан мен Қарқарадағы жәрмеңкеге мал айырбасына қажетті заттарды алу үшін арнайы тауар қорын құрып, оған үкіметтен 5,5 млн. ақша бөлінуін сұрады. Қайраткердің бұл ұсынысы әрине, ашаршылық кезінде 40 млн.-нан 4 млн. басқа түсіп қалған малбасын қайта қалпына келтірудің амалы болатын. Мал басының азайып, елде аштықтың жайылуы сол кездің өзінде ұлт қайраткерлерін қатты алаңдатып, жоғары орындарына хат жолдап, тез арада шара қолдануын талап еткендері тарихта белгілі. Ұзақбай Желдірбайұлы В. Молотовқа хат жолдаған екінші хатында  елдегі жағдайды толық баяндап, ауыл шаруашылық салығын, сақтандыру төлемдерін азайтуды өтінді. Хатта көрсетілгендей, Қазақстанның 45 ауданында астық дақылдары 63,9 пайызға, бау-бақша өнімдері 49,0 пайызға, мал басы 53,0 пайызға төмендеп кеткен. Көпшілік аудандарда үшінші жыл астық өнім бермей отырғандығын, шаруашылық 12 пайызға, ал тұрғылықты халық 15 пайызға қыс­қарғандығын да атап өтіп, колхоздарды қал­пына келтіруде материалдық, техникалық  күш, тіпті азық-түліктей көмек беруін сұрады. Аштықтан босқандарды тоқтату, жұқпалы аурулармен күрес, қоғамдық тамақтандыру орындарындағы орын алып отырған кемшіліктерді жою, ыдырап кеткен колхоздарды қалпына келтіруде, халықты жаппай отырықшыландыру сияқты жұ­мыстар оның нұсқауымен жүзеге асты. Ол аштықтан кейінгі жағдайды қалпына кел­тіруге де бар күш-жігерін салды. Аудан, ауылдарға арнайы үгіт-насихатшыларды жіберіп, қайтадан ауыл шаруашылығын қал­пына келтіруге шақыру, егіс алқабындағы жұмыстарға, малға жем-шөп даярлауда бас-көз болуды талап етті. Қазақ әліпбиінің латын жазуына көшуіне қатысты жүргізілген іс-шаралардың жүзеге асуына да басшылық жасады. Халық арасында түсіндірме жұ­мыстарын жүргізуде, жастармен қатар егде адамдарды осы жазуға үйретуде істелініп жатқан жұмыстарды қадағалады. Мос­квада өткізілетін қазақ көрмесіне байланысты ұйымдастыру жұмысын да қолға алып, халық өнері мен шығармашылығын бейнелейтін жәдігерлермен қамтамасыз етуде қыруар жұмыстар жасады. 
1935 жылдың қаңтарынан 1937 ж. Қазақ КСР Орталық атқару комитетінің төрағасы  қызметін атқарған кезінде ауыл­шаруашылығын көтеруде, колхоз, сов­хоздарды құру, егістік көлемін ұлғайту, мал шаруашылығын дамытуда қыруар қыз­­мет жасады. Осы жылдың мамыр айында малшаруашылығын өркендетуге орай құрылған комиссия жұмысын Ұзақ­бай Құлымбетов өзі басқарды. Ко­мис­сияның негізгі  жұмысы партия мен үкі­меттің мал шаруашылығын өркен­детуге байланысты шығарған қарар, нұс­қауларын жүзеге асыру, ветеринарлық-зоо­тех­никалық үгіт-на­сихат жұмыстарын іске кіріс­тіру, мал шаруашылығына қа­тысты түрлі конкурстар жа­риялау, көр­ме­лер ұйымдастыру, ғылыми-зерт­теу   меке­­­ме­ле­рінде  мал     шаруашылығына ар­нап іс-шаралар ұйымдастыру, совхоз, кол­хоз жұмысшыларының арасында мал ­шаруашылығын дамыту мәселесіне орай  жаппай саяси-ұйымдастыру жұмыс­тарын жүргізу болатын-ды. Үкімет пен пар­тияның съезд, конференция, сессияларында Қазақстанды экономикалық, мәде­ни жағынан дамытуға қатысты баяндамалар жасап, соның негізінде шешімдер, қаулылар қабылданған. Оқу-ағарту саласын дамытуда, мәдениетті өркендетуде де оның ұйымдастыруымен, басшылығымен келелі іс-шаралар жүзеге асты. Мәселен, Қазақстан картасын шығаруға ол тікелей жетекшілік етті. Қазақ АКСР-ның құрылғанының 15 жылдық мерейтойын өткізу комиссиясының жұмысына да тікелей басшылық жасап, өлкелік мал шаруашылығы көрмесін ұйым­дастыру және оған қойылатын жәдігерлерді облыстардан жинастыру, еңбек озаттарына берілетін мерейтойлық төс белгілері  мен Қазақ АКСР-нің 15 жылына арналған көркем суретті альбомын даярлап шығару мәселелерін қолға алды. Мереке кезінде  қаланы безендіру, демонстрациялар, парад, бәйге және тағы басқа іс-шараларды  ұйымдастыру ісі оның тікелей қатысуымен орындалды. Осы мерейтойда қайраткер Қазақстанда кеңес құрылысын орнатуға белсене қатысқаны үшін Қазақ Орталық Атқару комитетінің мерейтойлық сессиясында «Қазақстанға 15 жыл» төс белгісімен марапатталды. Ұ. Құлымбетов Қазақстан Рес­пуб­ликасының  Жаңа  Конституция жобасын жасаушы комиссияның құрамына мүше болып қатысып, оның баптарын тал­қылауға қатысты, кейбір баптарға түзетулер енгізді.
Кеңестік жүйе тұсында Ұзақбай Жел­дірбайұлы бірнеше рет қуғынға ұшы­раған екен. Мұрағат деректеріне сүйен­сек, қайраткер 1919, 1921-1923, 1925, 1929 және 1937 жылдары үкімет тарапынан тергеуге алынды. 1929 жылы партия қатарын тазалау науқаны жүріп жатқан кезде комиссия да тағы Ұзақбайға «өмірбаянында сол 1919 жылы Кузнецов отрядынан кетуіне қатысты тұсты жасырып қалды» деген айып тақты.   
Ұ. Құлымбетов БК(б) ОК тазарту комис­сиясының төрағасы Богдановқа берген түсіндірме жазбасында «өмірбаянында 1919 жылы қызылдардан ақтардың жа­ғына өтуі жайында жазбауының себебін, сол жылдың соңында Ырғызда Ә. Жангелдин тексеріс жүргізіп, «қызыл отрядтың тоз-тоз болып кетуіне Киселев пен Кузнецевтың дұрыс басқара алмады деген қорытынды шығарып, бізге кеңес өкіметін ауылды жерлерде орнатуға, сол кезде пайда болған бандитшілдікке қарсы күресуді ұсынғаннан кейін оны көрсетуді жөн санамадым» деп келтіреді. Қызыл отрядтың тарап кетуін тексерген Ә. Жанкелдин Ұзақбай Желдірбайұлын толықтай ақтаған. Өзі де  большевиктерге қарсы күресу үшін ешқашан ақтар жаққа өтпегендігін,  осы уақытқа дейін «талмай, өзін аямай жұмыс істеп, жауапты жұмыс­тарды орындап келгендігін» жаза отырып, өзін кінәлі санамады. Партия қатарына кіріп кеткен жау тап элементтерін тазалау үдерісі 30-шы жылдары да жалғасын тапты. 1937 жылдың 26 сәуірдегі Л. Мирзоянның қол қоюымен Қазақ өлкелік комитеті жанынан жоғарғы соттың үкімімен өлім жазасына кесілгендердің өтінішін қарайтын арнайы комиссия құрылып, оның құрамына Мирзоянның өзі, С. Нұрпейісов, О. Исаев, Л.Залин және Ұ. Құлымбетов мүше болып кірді. Алайда 1937-1938 жж. бұл комиссия құрамына кіргендердің бәрі «халық жауы» ретінде қуғындалып, атылды.  
1937 жылы ұлт зиялыларының көп­шілігі тоталитарлық жүйенің құрығына ілігіп, «буржуазиялық ұлтшылдардың» қатарына жатқызылып, соларға қатысты сот процесі басталған кезде ол да жалған жаламен қудаланды. 9 маусымында болған Қазақстан Коммунистік партиясының I съезінде оның  кандидатурасы Орталық комитетке ұсынылған болатын. Алайда, қарсы келгендер Ұзақбайды 1919 жылы  ақтардың жағына шығып кетті, жікшілдердің қата­рында болып, контрреволюциялық жұмыс жүргізді деген негізсіз айыптар тақты.  
Осыған орай,  құрамында С. Нұр­пейі­сов, О. Исаев, А. Досов, Г. Пинхасик, С. Са­парбеков, Д. Сәдуақасов сияқты мү­ше­лері бар арнайы комиссия құрылып, Ұ. Құлымбетовке байланысты барлық құ­жат­тар қарастырылды. Комиссияның төрағасы болған О. Исаев тексеру барысында Ұ. Құлымбетовтың ақтарда тұт­қында болғанымен, олармен байланыс жасамағандығын айтып қорғай сөйледі. 
1937 жылдың 21 шілдесінде Ұзақбай Желдірбайұлы Қазақ Орталық Атқару Комитетінің төрағалығынан босатылды. Осы жылдың 30 шілдесінде К(б)П ОК хатшысы Л. Мирзоян құрамында Ш. Диваев, А. Кенжин, Көшенбаев, Т. Жаманмұрнов, Ж. Сұлтанбеков, Қ. Сармолдаев, А. Асылбеков, Н. Нұрсейітов, З. Төреғожин, С. Қаратілеуов, Ә. Лекеров, М. Ғатаулин, І. Молдажанов сияқты мүшелері бар жасырын «ұлттық-фашистік» ұйымның әшкереленгені жайында И. Сталинге мәлімдеме жолдап, онда ұйымның барлық мүшелері осы ұйымның басты ұйымдастырушысы әрі Мәскеудегі орталықтың өкілі ретінде Ұ. Құлымбетовті  көрсетеді. 1937 жылдың 22 қыркүйегінде «Казахстанская правда» газетіне К. Пуховтың «На поводу у буржуазных националистов» деп аталған мақаласы басылып, Ұзақбай Құлымбетовтың «ұлтшылдығы» бетіне басылды. Осы мақаладан кейін Ұ. Құ­лымбетов 27 қыркүйекте  ұсталып, абақтыға қамалды. «Казахстанская прав­да» газетіне жарияланған мақала пар­тия ұйымдарында жедел түрде талқылана бастады. 1937 жылдың 3-4 қазанында Алматы қаласының Фрун­зе ауданының жабық партия жиналысы осы өткізілген талқылаудың қорытындысын шығарып, 793 адам қатысқан 79  партия жиналысында осы мақалаға қатысты 374  адамның пікірі тыңдалып, халық жауларымен сыбайлас болғандарды әшкерелеуге тырысты. Мәселен, облыстық жер басқармасының партия ұйымы облыстық партия комитетіне Еңбекшіқазақ ауданының ау­дандық атқару комитетінің төрағасы Х. Баяубаевтың халық жаулары О. Жан­досов, Ұ. Құлымбетовпен арадағы байланысын тексеруді сұраған. Ұзақбай  Желдірбайұлы атылып кеткеннен кейін де «Мирзоян, Исаев, Есқараев, Сәдуақасовтармен бірге буржуазиялық-ұлтшылдық ұйым құрды, герман-жа­пон фашизмінің агенті болды» деген жалған жаладан арыла алмады. 1938 жылдың 3 шілдесінде өткен Қазақстан Коммунистік партиясының II съезінде де Ұ. Құлымбетовтың  аты қараланып айтылды.     
Қайраткерге қатысты 1938 жылдың 25 ақпанындағы қылмыстық істің құра­мында жоқтығынан іс 1958 ж. 22 сәуірінде тоқтатылды. 31 қазандағы Қазақстан КП ОК-нің қаулысымен  ол толықтай ақталды. 
Ұзақбай Желдірбайұлының кеңестік жүйеде қызмет еткен жиырма жылдың ішінде Қазақстанды саяси, экономикалық, мәдени жағынан көтеруге арналған 7 кі­табы мен республикалық мерзімді бас­пасөз беттерінде 20-дан астам ғылыми-көпшілік мақалалары жарық көрді. Бұл ең­бектерінде ол жеке тұлғалардың өмірі мен қызметін, Қазақстанның өнеркәсібін, мал шаруашылығын, егіншілігін дамытуға, аудандау, алғашқы бесжылдық, мәдени саланы көтеру және тағы басқа сол кездегі өзек­ті мәселелерді көтерді. Алайда үкіметтің 1938  жылы 28  маусымдағы шешімімен  халық жауы болып ұсталып, сотталып, атылған қайраткерлердің орыс және қазақ тілдеріндегі кітаптары қолданыстан алынған-тын. Берілген тізімде С. Асфендияров, А. Әлімбаев, Ә. Байділдин, О. Беков, І. Жансүгіров, Т. Жүргенов, Н. Нұрмақов, Ғ. Тоғжанов, Б. Майлин, Қ. Сармолдаев, Т. Шонанов, С. Сейфуллин, М. Жолдыбаев және т.б. ақын-жазушылар мен партия қай­раткерлері бар еді. Ұ. Құлымбетовтің 1927-1936 жылдары  жарық көрген 5 кітабы қолдануға тыйым салынды. Міне, сол кезден бері қайраткердің еңбектері кітапхана қорының сөресінде жатып қалды. 
Асыл  азамат  Ұзақбай  Желдірбайұлының кез келген еңбегінен Кеңестік жүйеге қа­тысты құнды мәліметтер алуға болары сөзсіз. Қазіргі таңда қайраткердің еңбек­терінің бәрі топтастырылып, баспа кезегін күтуде. Халқымызда «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген нақыл сөз бар. Атылып кеткенге дейін қызыл жүйенің қаншама қуғынына, қыспағына түскен қайраткер мойымай, керісінше жауапты  қызметтерді атқара отырып, республиканы дамыту жолында ерен еңбек етті. Ел үшін өмір сүре­тіндігін сөзбен емес, ісімен дәлелдеді. Шындығында да кешегі елдің қамын ойлап, өз бастарын өлімге тіккен қазақтың Ұзақбайдай  азаматы – тарихи тұлға. Оның өмірі мен қызметінің әлі де болса зерттейтін тұстары баршылық. 

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. Біз білмейтін көп мағлұмат берген екен автор. Мың алғыс.

Пікірлерге тыйым салынады.