• «Ақиқат» журналы
  • >
  • Еске алу
  • >
  • Көркем сөз, көркем ойды кестелеген (Көрнекті ақын, жазушы, этнограф Сейіт Кенжеахметұлының шығармашылығы туралы сөз)

Көркем сөз, көркем ойды кестелеген (Көрнекті ақын, жазушы, этнограф Сейіт Кенжеахметұлының шығармашылығы туралы сөз)

  • 01.02.2017
  • 2403 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Нағашыбай Мұқатов, аға оқытушы

Аэропорттарда жолаушылар жүктерін, қалтадағы зат, бұйымдарын тексеретін арнайы қуатты техникалар қаптап тұр, қазір. Бәрін экраннан айнытпай көрсетіп табанда, тез айқындайды. Кейде өнертапқыштардың ішінен біреуі суырылып, жұлқынып шығып, адам баласының кісілік қасиетін, парасатын, адамгершілігін, адалдығын, төтеннен, турасын айтсақ «жан дүниесінің сұлулығын әп сәтте  анықтайтын құдіреті күшті, қуаты ғажап техниканы ойлап тауып, бүкіл пенде атаулыны сол арқылы өткізсе ғой» деп армандаймын. Құдайға шүкір, дүбірі бөлек жаңа дәуірімізде жүректі, бауырды, көзді, құлақты, аяқ-қолды және басқа да дене мүшелерін түгелдей емдеп, сырқаттан құлан таза айықтыратын ақ халатты дәрігерлер бар, әрине. Бірақ, көне, ықылым заманда да,  тіпті, қазір де тірі пенде атаулының ішкі әлемін қажетсіз, зияны көп шаң тозаңнан, жат әрекеттен табанда тазартатын ешкім жоқ екенін, ондай білікті болмағанын бәріміз бір ауыздан мойындаймыз.

Бүкіл адамзат баласы тарихына, сондай-ақ қилы-қилы кезеңдерді басынан кешкен қазақ халқының тәлкекке түскен тағдырына тереңірек үңіліп қарасақ, киелі сөз өнері идеологияның аса қуатты, пәрменді құралы есебінде жетекші рөль атқарған. Әлемдегі өзге ұлтты қайдан білейін, қазақ жаратылысынан, тумысынан ауқымы кең ауыз әдебиетіне, содан кейін қалыптасудың қара жолынан жаңылыспаған жазба әдебиетіне бір табан жақын болған. Былайша айтқанда өлең, сөз, ән-күй десе бүйрегі бүлкілдеп тұрған. Атақты академик, жазушы, тіл мамандарының көбінің көрнекті ұстазы, қалам тербегенде жалындатып, жалаулатып, алаулатып әкететін, ал, ауызша сөйлеп кеткенде тілдің майын тамызатын Зейнолла Қабдолов «Әдебиет – ардың ісі» деген салиқалы, салмақты, шұрайлы, шынайы сөзді жиі қайталайтын. Айтқан сайын рухани ләззаттың тал бесігінде тербелгендей рахат күй кешетін. Түбірін бір ауыз сөзбен түйіндеп айтатын болсақ, жалған дүниедегі жағымды кейіпкерлерге жақындата түсу, ал, керісінше жағымсыз кейіпкерлерден әрі қарай алыстату кез келген кемел ойлы, көркемдік қуатқа толы, идеясы берік әде­би шығармалардың ең басты маңызды мүд­десі. Ал, зерттеу жұмысымыздың бас­ты кейіпкері Сейіт Кенжеахметұлы1939 жы­лы  қаңтар айының 12-ші жұлдызында Қос­танай облысы, Жанкелдин ауданы, Қызбел ауылының Сарықопа деген жерінде туған. Торғай қаласындағы Ыбырай атындағы орта мектептен дәріс алған. 1969 жылы Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық мем­лекеттік университетінің журналис­тика факультетін бітірген. Еңбек жолын ұстаздықтан және мәдениет қыз­меткерінен бастаған. Алпысыншы жыл­дары Торғайда халық театрының да­муына шексіз сүбелі үлесін қосқан. Әзілге жақын, қалжыңға бейім Сейіт аға бірнеше қойылымдарда басты-басты бей­нелерді шебер, нанымды сомдаған. Әсі­ресе,  сол жылдары ерекше желпіндіріп, серпілдірген «Шаншарлар» драмасы еске еріксіз түсе береді.1961-нші жылы сахна төріне шыққан бұл спектакльді көрермен әп дегеннен әсерлі, өте жылы қабылдады. Халық таланттарының ба­сын қосқан туынды ауданның бүкіл ел­ді-мекендері жұртшылығына апарылып көрсетілді. Осы қызық оқиғаға құрылған драмада Зәрубай деген бір бейне бар. Ол кескін келбеті пәлендей келісе бермесе де өнерпаз, әртіс, танымал адам. Былайша айтқанда, өзгеге ұқсамайтын қылықтарымен жұртшылық назарын өзіне аударады. Осы кейіпкердің бейнесін Сейіт Кенжеахметұлы аса шебер, тіпті, ауыз ашып, таңдай қағатындай ойнағанын бала болсақ та көзімізбен көрдік. Әсіресе, бет пішінін, ауызын өзгертіп, қисайтып, көзін құбылтқанын алдынғы  қатарда назар сала қарау бір жағынан қорқынышты, үрейлі ме деп қалдық. Кейін, драма тәмәм болған соң, әлгі өнерпазды әдейі іздеп барып, көріп, «өзінің шынында бет ауызы қисық емес пе?» деп қызықтағандар да кездесті. Секең сол уақытта Торғай мәдениетінің жасыл желек жапырақтан мәуелі биік бәйтерекке айналып, бұтақтарының көбейе түсуіне аянбай ат салысты. Облыстық былай тұрсын, республикалық көркемөнерпаздардың бай­қауларына  сан мәрте барды. Көркем сөзді, оның ішінде өзінің сықақтарын келістіре, нәшіне келтіре орындаудан дараланып көзге түсті. Алматыдағы арнайы комиссия шалғайда жүрген шын талант иесін мойындап, таныды. Әттең, тонның келтесі-ай демекші, материалдық жағдайдың мүшкілдігі, қаражаттың қалтадағы тап­шылығына байланысты әдейі шақырған жоғары театр институтына оқуға да бара алмады. Жер тарпып шапқалы тұрған тай құлын тасада ескерусіз қалды. Әйтпесе, жаратылысынан тал бойында өнердің тұтанғалы тұрған өзгеше оты бар Сейіт Кенжеахметұлы аты аңызға айналған театр тарландары Елубайдың он жағында, Серәлінің сол жағында, Қапанның қасында жайғасып отыруы да әбден мүмкін еді-ау. Жалпы қазақтың әдебиеті мен мәдениетінде шын таланттар оқымай-ақ, тоқымай-ақ, дипломды дорбаламай-ақ талайлардан оқ бойы озып кеткен. 
Секеңнің   өмірбаяндық   деректерін    жұрт­­­­шылық көптен әрі жақсы білетіні сөз­сіз. Ол рухани тіршіліктің тірегі, тұтқасы мә­дениет саласында біраз моншақтатып маңдай терін төккеннен кейін Жанкелдин аудандық бұ­рынғы «Жаңа өмір», қазіргі «Біздің Торғай»  газетінде бөлім меңгерушісі, 1966-1977 жылдары аралығында Қостанай-Торғай облыстық газеттерінде әдеби қыз­­меткер, бөлім меңгерушісі және жауапты хатшы болды. 1977-1989 жылдары Қазақстан Жазушылар Одағының Қос­танай-Торғай об­лыстары бойынша әдеби кеңесшісі қыз­метін атқарады. 1989-2002 жылдары Торғай облыстық «Қазақ тілі» қоғамын басқарды. Ы.Алтынсарин атындағы Ар­қалық педагогикалық институтында доцент, кафедра меңгерушісі болып жұмыс істеді. Ректордың кеңесшісі қызметін тап-тұйнақтай атқарды. Осы институтта қазақ әдебиеті тарихынан студенттерге дәріс оқыды. Астана қаласындағы «Отырар» кітапханасы ғылыми орталығының ғы­лыми қызметкері болып та еңбек етті. Өзі ғибратты ғұмыр кешкен аймаққа қайта оралды. Жайсаң жеңгеміз, өзінің тал бойына қазақ әйеліне тән ізгі, қарапайым, инабатты қасиеттің бәрін жинаған Тұрсын Арқа өңіріндегі ару қала Арқалықтың таза ауасын, суын, топырағын, ақ пейіл адамдарын аңсады.
Дімкәсіне шипа, ем болар деп есептеді. Айналаңнан аңдыған ажал бәрібір алып тынады екен. Секең құдай қосқан қосағынан, біз жүздесе қалғанда жылы шырайда, сыпайы сәлемдесетін жаны дарқан жеңгеден айырылдық ақыры. 
Ойлы оқырман Сейіт Кенже­ахмет­ұлын ертеден таниды, біледі, құрмет тұтады. Онымен сәлемдесіп, шүйір­келесіп, сұхбаттасуға, әңгімесін тың­дауға, әзіл қалжыңына шек сілесі қата күлуге құштар болды. Сейітті жұртшылық белгілі жазушы деп айтып жүрді. Аз сияқты. Қомсынып қаламын. Көрнекті жазушы деп көкке көтерсем, абыройын асырып, даңқын дабылдатсам еш оқыр­ман қарсы болмас. Белгілі жазушы деген сөзді баса көктеп белінен басуымның да жай емес, дәлелді  жері  бар екені сөзсіз. Асқар Тоқмағамбетов ана дүниеде, алыс­та. Оспанханның орны опырылып ой­сырап тұр. Сықақшылар сапында Ғаб­бас Қабышұлының ғибратын, дүние салған Қажытай Ілиястың ірілігін, Көпен Әмірбектің көркем қуатын, Ер­кін Жаппасұлының тұшымды туындыларын, Толымбек Әлімбекұлының толғаныстарын, Мұхтар Шерімнің шы­найы шығармаларын алаламай, құла­ламай әбден мойындаймын. Жамбыл басқа, Абай басқа деген сөз  аузыма ора­лып-ақ тұр. Қазақ сатирасындағы Сейіт­тің орны өте үлкен, қомақты. Қа­рымды қаламгер өзінің уытты, ұтым­ды, ұғымды, тартымды, тағы­лым­ды, ұзақ ғұмырлы туындыларымен бедел биіктеріне, шығармашылық шың­дары­на шарықтап барып шығып алған. Қы­ран деуден де, тарлан деуден де тартынбаймын. 
Сейіт ең алғашқы сықақ және мысал өлеңдерін сонау 1957 жылдардан бастап жаза бастаған. «Бес қарынның монологы», «Жастар мен бастар», «Қарға», «Атаның аты», «Меншікті мекеме» атты өлеңдері республикалық «Лениншіл жас» газетінде, «Ара», «Мәдениет және тұрмыс» журналдарында тұрақты жарияланып тұрды. Балауса туындылары баспасөз бетінде жарық көрген жылдары табиғи талант иесі әдеби оқырманның назарына ілікті. 1967 жылы автордың «Кәрі шеңгел» деп аталатын тұңғыш кітабы Алматыда жарық көрді. Бұл туынды ұлттық әдебиеттің әлеміне еркін қанат қағып, кәсіби шеберлікті шыңдауға алтын көпір болды десек еш қате емес. Бұдан кейін Сейіт Кенжеахметұлы жазу үстеліне біржола жайғасты. Өлеңінен соң өлең өрілді. Мысалдан соң мысал туындады. Кітаптан соң кітап баспаларда басылып шығып жатты. Атап айтсақ «Қуырдақ», «Киіз қазық», «Сөз семсер», «Ел құлағы елу», «Мірдің оғы», «Тышқан тірлік»  және басқа да кітаптарды жұртшылық дүкен, кітапханалардан шарқ ұра іздеп жүріп оқығанына өзіміз сан мәрте куәміз. Кешегі тоталитарлық тәртіп, солақай саясат кезеңінде де идеология біршама жүріп жатты. Ағысы бірде қатты, бірде баяу өзендерге көбірек ұқсады. Ал, қазір ата-баба өсиеті тіріліп, аруағы қолдап дербес мемлекетке, егеменді елге айналғалы жиырма бес жылдан асты. Жетістік жемісі мол. Ойланатын жайлар одан да зор. Адамдық, ұлттық сананы бейне бір автокөлік рөліндей бұрып, басқа жаққа апара жатқан жоқпыз ба? Қаламгердің бұдан бірнеше жылдар бұрын және соңғы уақытта жазылған туындыларын таразылап, өлшеп, салмақтай отырып таңданбасқа болмайды. Сықақшы Сейіттің сезімі қандай сергек, көкірек көзі қандай көреген, жүрегі қандай сезгіш. Дәлел керек пе. Табан астында табамыз. Сейіттің мағыналы мысалдарын тауып алып парақтап оқимыз. 
Түседі халық сөзі жиі есіме,
Шабады ит құтырса иесіне.
Несіне өз мінімді жасырамын,
Бір итті қорама әкеп асырадым.
Иіскеп табанымды жалағанға,
Мақтадым ақылды ит деп әр адамға.
Қарғылап, қарға аунатып алып жүрдім.
Әр жерге таласқа да алып жүрдім,
Бірақ, ол иттігінен аспады да,
Біреудің сатып кетті қаспағына.
Ал, қазір, сол төбетім бір ыңғайлы, 
Қабуға қапымды іздеп ырылдайды.
Үреді шабаланып көрсе мені, 
Ит иттігін осылай көрсетеді.
Кешегі Кеңес үкіметі әдебиеті және өзіміздің  ұлттық әдебиеті ішкі маз­мұнына, көркемдік көлеміне, кейіп­керлерді бейнелеу шеберлігіне зер салыңыз. Оңды, тиімді, ұнамды тәсіл қа­лыптасқан. Арыстан, Қасқыр, Түлкі, Қоян, Аю, Ит, Мысық және басқа жануарлар арқылы адамдардың бейнесін көрсету, сол арқылы ойландыру, тол­ғандыру ежелгі жазу стиліне айналған. Сейіт Кенжеахметұлының әлгінде ғана оқылған мысалдарының маңызы көле­мінде емес, көтеріп отырған, нысана тұт­қан  мәселенің актуалды, өзектілігінде. Дү­ниеде жақсылықты заматта ұмытып кететін адамдар аз ба.  Жағымпаздар да жасыл желекті ормандағы жауыннан кейінгі саңырауқұлақтардай қаулап, қаптап өсіп тұрғаны жасырын емес. Сейіт мысалы солардың көбін еске түсіреді, әрі сын садағымен көздеп, жебесі дөп тиіп жатады.
Ақын Сейіт кезекті кітаптарында ежелден ортақ үйден бірге тәрбие көрген одақ қа­лам­герлерінің озық дәстүрін титтей де ұмыт­пай, қазақ сықақшыларының нәрлі бұ­ла­ғынан  сусындай отырып қарға, өрмекші, құнан, қошқар, әтеш, есек, түлкі  түйеқұс, өгіз, қоңыз, маймыл, сауысқан, көлбақа, тасбақа арқылы адамдар бойындағы мүлде қажет емес жат қылықтарды байқап, сынап мінейді. Көрдіңдер ме, сездіңдер ме, осы оғаш әрекеттерден әрқашан аулақ болайық деп алыс, жақынға айқайлай үн қатады.
Жалпы, сықақшылардың  жеке әдеби зертханасына қарай бұрылып, үңіліп, зер салсаңыз қызық. Әр жазушының жүрегіне жақын, жұрт мойындаған, бейнені ашуға көмек, жәрдем беретін керемет кейіпкерлері бар. Мәселен, Бейімбет, Мырқымбай,  Ос­панхан, Бөден арқылы оқырманға үне­мі ой тастап отырады. Сейіттің қай сықак сандығын ашып қарасаңыз да ішінде қалбаң-қалбаң қағып Қиясы жүреді. Онсыз оңды туынды тумайтындай. Мұңдасатын да, сырласатын да кейіпкері шығарманың шынайы, көркем, эстетикалық жоғары талғамға сай болуына мықты ықпал ететіндей. 
Сейіттің «Диплом бар қалтада», «Қор­қыттың көрі», «Мақал мен сақал», «Бөспе», «Қиястың уәдесі», «Қысқарту», «Қадр бөліміндегі әңгіме», «Парақордың паршасы», «Қыздың ісі бітерме», «Ың­қырамай… іңкіремей» деп аталатын сықақ өлеңдері зымыраған уақытпен, адамдардың тіршіліктегі хал-ахуалымен, қорыта айтсақ қоғам қозғалысымен үнемі үндес. Мәселе қалтаға салынған қалың дипломда ма?! Оқу барда тоқу бар емес пе. Осы жағын  сықақшы көреген көзбен көріп қалып, сын садағына іліктіріп, іліп әкетсе несі айып? Қазіргідей мемлекеттік және жеке меншік жүйесіндегі оқу орындары білім белінде бәсекелесе, жарыса, жанталаса шапқан заманда ата-ананы да, оқытушыларды да ойландырар тұманды тұстары көп. Яғни, сықақшы туындысы өзінің өміршеңдік бояуын жоюдан аулақ. Өзге сықақтарда да бүгінгі өмір көріністерінің күнгей жақтарын емес, көлеңкелі жақтарын дәлме-дәл, қаз-қалпында айнытпай көрсетеді.
Сәлем берсең, сыздаса,
Көтермей басың мұздаса,
«Болғандықтың» белгісі.
Дос жаранның саны артса.
Әйелін қайта  жаңартса,
«Толғандықтың» белгісі.
Алтыннан тісі ақсиса,
Атыса көзі шақсиса,
«Бөскендіктің» белгісі.
Ата-ананы шеттетсе,
Менен аулақ деп кетсе,
«Өшкендіктің» белгісі.
Ылдидан келіп өрге озса,
Есіктен келіп төрге озса,
«Асқандықтың» белгісі.
Қонақ келсе қыржиса,
Қабағы түсіп тыржиса,
«Тасқандықтың» белгісі, – деп баяғы бабаларша, жалынды жырауларша төгіліп, тіршіліктің тұтас көрінісін алдыңа жайып салған сықақшы лебізіне сенбеуге қақыңыз жоқ. Ақыл, сана ырғағында емес,  мида масаша ызың қаққан миллион, миллиард ақша жетегіне еріп, арды аяққа басып, таптап жүргендердің шын мәніндегі бейнесі емес пе бұл? Осы жырды оқыған оқырман ойланбайды деуге ауыз шіркінді аяйсың. Сейіттің кезекті «Мірдің оғы» деп аталатын кітабына енген сықақ өлеңдер мен мысалдардың бәрі дерлік жағымпаздарды жамбасынан түсіріп, екі жүзділерді етпетінен құлатып, парақорларды сөз қуатымен періп-періп жіберіп, енжарлардың есін жиғызып, жалқауларды тұрып, оянуға үндеп, қомағайларды қолынан ұстап заң орындарына тапсырардай әсер етеді. Сөзіміз құр текке желге ұшпай, тақырда  тайғанақтамай, дәлелді, дәмді, нәрлі шығуы үшін Сәкеңнің тағы бір «Болғым келеді» деп аталатын жырынан үзінді келтірелік.
Демалыста жасырып,
Қос-қос мылтық асынып.
Қасқыр қуып түлкі атып,
Қоян қуып шулатып,
Балық аулап тулатып,
Қызық сайран салатын,
Дүйсенбіде ауырып, 
Сейсенбіде баратын,
Ақшасы көп, жұмысы аз,
Машинасы көп, жүрісі аз,
Шағындау бір кеңсеге,
Директор болғым келеді.
Бұдан әрі автор  ой аясын кеңейтіп, көсіле, жүйтки жөнеледі. Есеп-қисапқа шебер, алып сатуда алдына жан салмайтын сатушы, жылқыны жұтып, қойды қылғытып, сиырды санамай соятын зоотехник, жүрегі жолбарыс­тай, ауызы арыстандай, ақшалы бас есепші, үй тұрғызып үлкен пайдаға қауышар прораб, кірмес жерге кіретін, көрмес жерді көретін, ретімен жалмауызданып жейтұғын ревизор болғысы келетінің көркем тілмен келістіре әрі күлкіге айналдыра суреттейді. Баяғыда қолына кәмелеттік аттестат тиіп, арман ақтұлпарының жалына жармасқан жас түлек ешқашан ата-анамен ақылдаспай-ақ  мәртебелі мамандық саналған дәрігер, мұғалім болуды армандайтын еді ғой. Неге екенін кім білсін? Бүгінгі ұрпақтың  дені сот, прокурор,  милиция  болғысы кеп кезекке тұрып жатқаны жасырын ба?  Мұның арғы жағында сол мамандыққа деген ерекше бір сүйіспеншілік бар ма, әлде өзгеше бір күш жетелеп тұр ма өздеріңіз сараптап, саралап байқайсыздар. 
Сейіт сықақтары кітаптарда, газет, журнал беттерінде ғана жүр деп санасақ мүлде қате. Республикалық  әйгілі «Тамаша» ойын-сауық  отауының негізгі мазмұнын, көркемдік идеясын, тұтас тұлғасын Сейіт Кенжеахметұлының алуан тақырыптарды қамтитын туындылары құрайды. Әсіресе, Қазақстанның халық әртістері, осы отаудың берік ірге тасын қалаушылар Құдайберген Сұлтанбаев, Тұңғышбай Жаманқұлов Сейіт сықақтарын  орындау шеберліктеріне  ыл­ғи тәнтіміз.  Кенжеахметұлының  кей шығар­маларына  аса риза болып кеткен кезде әйгілі сықақшы, жазушы Оспанхан Әубәкіров «Осы тақырыпты қалай байқамағам. Мен неге жазбағанмын» деп аң-таң болып отырады екен.  Бірақ, қызыл  тілді қызғаныштан  гөрі әріптесіне деген ықылас, сүйіспеншілік, ырзалық әлде қайда басым. Марқұм, «Тамаша» ойын-сауық отауының бас режиссері  Лұқпан Есеновтың  кезекті бағдарламаны Арқалық қаласында тұратын атақты сатириктің шығармашылығына түгелдей арнағанын көгілдір экран  көрер­мендері ұмыта қойған жоқ.
Сейіт Кенжеахметұлы өлеңнің өріңде, мысалдың төрінде тұрақтап қалмады. Ол өзінің қарымды қабілетін, шалқар шабытын, жазу шеберлігін, іркіліссіз ізденісін  пайдалана отырып, сатиралық  проза жанрына да батыл қалам тербеді. Оның әзіл және сықақ әңгімелері 1988 жылы республикалық «Жалын» баспасынан  Тарасовтың аударуымен «Хан барон на сезон» деген тақырыппен орыс тілінде  басылып шықты. Қырғыз жазушысы Ырыспаев ақынның поэзиялық және прозалық туындыларының  бі­ра­зын  қырғыз тіліне аударып, бір­неше кітаптарға енгізді. Мұның сыртында ақынның өмірлік, әлеуметтік, тұр­мыстық маңызға ие таңдаулы шығар­маларының дені туысқан әзір­байжан, өзбек тілдеріне аударылды. Адамға  толғану, тебірену, емірену қажет. Бұған дау жоқ. Бірақ, оңашада ой мұхитына шомудың жөні мүлде бөлек. Қараңыздаршы қызықты. Қос қанатты құстардың өзі жылы ұядағы сары уыз балапандарының қанаты қатайып, қалықтап ұшуына әрқашан қамқоршы. Қажетті қоректі әрлі-берлі талмай ұшып, толассыз тасиды. Ал, адамға  одан да зор жауапкершілік керек екенін жан-тәнімізбен түсінгеніміз абзал. Осы күні жарық дүниеде өмір сүру, ләззәтті сезіну, рахат күй кешу, ірі лауазымды иелену, қапшықпен қаражат жинау, шетелдік автокөліктермен асфальт жолда аңқыта алға тарту деп түсінетіндер кө­бейінкіреп кетті. Қазақтың тілінен тітір­кеніп, ғажайып ғұрыптарынан алшақ, алыс­та, беймәлім жүрсе де табақтан қазы-қарта, шұжықты тауып алып, асап жеберетіндер азаймай тұрған заманда сана сезімге жаңаша қозғалыс, тың серпіліс қажет-ақ. Оның үс­тіне ескінің көзі тектес әлдиді білетін әже­лер, әр батасы тау суындай төгіліп тұрған қариялар қатарлары селдіреп, сиреп қалған. Яғни, бұқаралық ақпарат құралдарының, оның ішінде Сейіт сияқты ақындардың нанымды насихатқа толы туындыларының ауқымы көбейе бергені жөн.
Кенжеахметұлы ақын-жазушылық қызметінде сатираның оқтаулы мыл­тығын да, жебесі желдей ескен садағын да, қайралған қара пышағын да, қиып тастайтын қайшысын да орайын тауып кәдеге жаратты.  Құйып алатын қалқан құлақтар күрт азайды, далаға лағып, текке шапқан тұлпардай болмайын деді ме, кім білсін, ақын соңғы жылдары сатиралық туындыларды сиретті. Ата-бабалардың артында қалған аса еңселі, ғибраты ғажайып әдет-ғұрыптың әшекейлі, әдепті, әсем үйіне қарай бұ­рылды. Алтын, күмістен әлде қайда  артық бағасы шексіз байлықты, қазған сайын құны төмендемес қазынаны тауып  табанды, төзімді жұмыс жасады. Еге­менді елдің екі көзі жаутаң  қаққан ел ұрпақтарының назарына ғылыми та­нымдық, көркемдік тәрбиелік жағы күш­ті туындыларды ұсыну автордың өзі үшін де, оқырман үшін де оңды іс болды. 1990 жылы Арқалық қаласындағы жергілікті баспаханадан Сейіттің «Ата мұра» деп аталатын жинағы жарық көрді. Ежелгі Торғай тарихының дерек­тері топтастырылған, уездер мен рулар, қазақтардың саны, атадан қалған асыл сөздерден, тұрмыс-салт атаулары­нан, ұлттық тағам, қазақы киім үл­гілері түрлерінен, шөп атауларынан және басқалардан сыр шертетін кітап жұрт­шылықты бей-жәй қалдырмады. Қарттар да, жастар да елеңдеді, қуана қауышып, қызығып оқыды. Өзінің өміршеңдігін сан мәрте дәлелдеген әлгі кітап бірінші жоғары оқу орындары мен колледждің студенттері, мектептердің оқушылары үшін әдістемелік құрал ретінде пайдаланылады. 
1994 жылы Алматы қаласындағы «Ана тілі» баспасы Секеңнің «Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» деген тақырыптағы тәп-тәуір, тағылымы таулардан да биікке кететін тамаша  туындысын басып шығарды.  Кейін араға аз  уақыт салып «Жеті қазына» деп аталатын кітап  тағы да жарық көрді. Екі жинақ та – зиялы қазақтың, талантты жазушының елеулі еңбегі, энци­клопедиялық білімге негізделген құнды дүние. Ғылыми-зерттеуге қатысты жан-жақты жұмыс, ізденіс, төзімділік, табанды еңбектің бәрі қамтылған осы кітапта. Несін жасы­райық,  жас  түгіл ересектердің көбі күн­­делікті  тұрмыста, тіршілікте қолданылып жүрген азын-аулақ әдет-ғұрыптардан  әрі асып ұзай қоймаған. Көргеніміз көп болса да көңілге түю аз. Оқығанымыз жеткілікті десек те тоқығанымыз терең деуге ертерек. Шындығы білгенімізден білуге тиісті әдет-ғұрпымыз әлдеқайда көп. Өзгеге жүгіріп кету, тез, шапшаң еліктеу жағынан қазекең алдына жан салған ба?  Мүдірмей, кідірмей бірден заулап алға шығады. Оның есесіне мұсылманда, ислам дінінде, қазақ халқының тұрмыс салтында басқаларға жария етіп, ұран­дап, айқайлап насихаттауға әбден лайық жайлар қаншама десеңізші.  Ба­тысқа бас шұлғып, жел қай жақ­тан соқса солай қарай қопарыла қоз­ға­латын қыз-ұлдарды ата-мекенге бұ­ру­дың, бабалардың бай дәстүріне қа­нықтырудың  бірден-бір тиімді жолы жазушы Сейіт Кенжеахметұлының кі­тап­тарын тауып алып, талмай, тапжылмай парақтау болса керек. Мысалы, кітаптың «Салт-дәстүр, әдет-ғұрып» бөлімін оқып көрелікші. Ас, асар, асату, айттық, айып, айырылысар көже, ақ құйып шығару, ант, араша, арыздасу, ауызбастырық, аяғына жығылу, бастанғы, барымта, дау­ыс қылу, жаза, жеті ата, жылу, зікір салу – деп келеді де, әрқайсысына нақтылы, қыс­қа, түсінікті анықтама беріледі. Бәрін тізу, түгендеу мүмкін емес. Кейбіріне ғана тоқталып отырмыз. Қазақтың сон­­шалықты әдет-ғұрпын жиып теру үшін  алғыс, ризалық, қошемет, қоштау, таңдану, айналу, толғану, сиыну, табыну, тәубешілік, шошыну, жалыну, жалбарыну, ұялу, қымсыну, аяу, мүсіркеу, кешірім, өкіну, жабығу, кекету, мұқату сөздері де ғажап. Қазақ сөз қорының байлығына шексіз сүйсінесің. Туыстық атауларды да жазушы  түбірінен  зерттеген, тізіп берген. Біразы көпке беймәлім. Жазушы Сейіт Кенжеахметұлының зерт­теуіне сүйенсек, жасы үлкенді кішілі болса да бірін-бірі құрдастай қажап, қалжыңдасып отыратын адамдар да  болады, мұндайды  жан­құрдас деп атайды екен. Ал, «тамыр» – екі ұлттың өкілі немесе ер адамдар бір-бірімен дос, сыйлас болып алыс беріс жасаса, құрмет тұтса мұны «тамыр» деп атайды. Олардың бір-біріне сенімі мен достығы өте берік болған. Қазіргі жастарды қайдан білейін, өзіміз көне Торғай жеріне келген азын аулақ орыс ағайын арасындағы сыйластықтан осы көрі­ністі кішкентай кезде көргеніміз бар.
Адам баласы бұл өмірге ұяда ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп, оның қызық қуанышына куә болу үшін келетіні айдан-анық. Бір қарағанда ұрпақтың көйлегі көк, тамағы тоқ сияқты көрінгенімен ұлттық тәрбиенің нәрінен ләззат алу жағы жетімсіз. Жұрттың көбі шілдехана, тұсау кесер, бесікке салу, сүндетке отырғызуды біледі. Қалғанынан хабарсыз, мүлде  беймәлім, жұрдай жұрағат көп. Тағы да Сейіттің кітабына үнілеміз. Кенжеахметұлының терең ойы, келісті тілі мен әдет-ғұрыптың кейбірін тізіп көрейін. Көбін қазақтардың қалың тобы білмейтініне кәміл сенемін. Құрсақ тойы, қазан жарыс, тымаққа салу, тыштырма, тұлым, айдар, мойнына бұршақ салу, көгентүп, шарғы, қынаменде, босаға майлау, енші… Міне осылайша жалғасын тауып, жүйе-жүйесімен кете береді. Осы жерде ой туады.  Секеңнің әдет-ғұрыпты барынша байсалды насихаттаған нанымды кітабын қазақша десе қақшандап кететін, орысша десе орғи жөнелетін ата-аналардың өздері балаларымен, немерелерімен қатарласа отырып оқыса арман бар ма шіркін. Кигіз үй атауларын, үй жиһаздарын, соғыс құралдарын, ұлттық тағам, ыдыс түрлерін, мал, аң терілерінен жасалған киімдерді, зергерлік бұйымдарды, аңшылық құралдарды, көлік тұрмандарын, төрт жүзге жуық шөп атауларын, құстар, ағаштар санын келтірген еңбек елеулі демей не дейміз.
Сонау, 2004 жылы Сейіт Кенже­ах­мет­­ұлының «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» деп аталатын кітабы Алматыдан қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде басылып шықты. Өте көлемді, автордың өзі әруаққа сыйынып барып, әрең көтеретін осы жинақтың алғы сөзінде «Қазақтың ұлт­тық тәрбиесінің алтын қазығы оның салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрпын» зерт­теушілердің алдыңғы қатарында жүр­ген белгілі жазушы, этнограф Сейіт Кенже­ахметұлының еңбектері бір төбе.  Ел есінен шығып бара жатқан «бел көтерер», «емеурін», «құттық», «қыз алар», «ақ­тай жоқтау», «шүлен тарату», «бие қысырамас», «қасқа жазасы» басқа көп­теген әдет-ғұрпының  350 түрін тауып жүйелеп ашып көрсеткен бұл жинақты анықтамалық десе де болады. Ғылыми-танымдық, көркемдік тәрбиелік жағы­нан ұтымды әрі тартымды жазылған осы еңбек қазақ мәдениеті мен мінезін, тұр­мыстық салт ерекшеліктерін даралап көрсетумен қымбат екеніне қолға ұстаған әр оқырман көз жеткізеді делінген. Секеңнің  осы үлгідегі кітабы іле-шала туысқан Түрік жерінен, қашықтағы Қытайдан да басылып  шығып, ұлттық әдебиет әлеміндегі жарқ еткен жаңалыққа айналды. Естуімізше Астанада, Алматыда шет елден келген меймандарға осы айтары ауқымды алып кітап ескерткіш сый-сияпат есебінде ұсынылып жатқан көрінеді. 
Сейіт Кенжеахметұлы жас кезінен қыз­мет десе жауапкершілікті қатты сезінді. Қоғамдық  жұмыс десе зыр жүгірді.  Былайша айтқанда, қарынды қампитуға  емес, дарынды қампитуға күш салды  Ол 1970 жылы алғаш рет Торғай облысы  ақындарының айтысын ұйымдастырды. Әдебиет бірлестігіне төрағалық жасады. Театр, филармония, мұра­­жайлардағы көркемдік кеңестердің пәлен­бай жылдардан бергі пәленбай мәрте тұрақты мүшесі болды. Қыруар қомақты туындыларын ескеріп, елеп, жұртшылық оны ғылыми дәрежесі болмаса да ірі ғалым сана­тына апарып  қосты. Кандидат деп кемсітпей-ақ қояйық, халық өзі мойындаған доктор. Қазақ халқының салт-дәстүрлері кітабына байланысты, жалпы зерттеу жұмысына негізделген ойымды өрбітейін. Біріншіден, жазушының тағылымдық, танымдық қасиеті қалың кітаптары облыс, республика көлемінде кеңінен насихатталуына күш салу кезек күттірмес келелі іс. Екіншіден, осы кітапты мектеп оқушыларына дәріс есебінде оқытса ұтылмас едік, ұтар едік. Үшіншіден, Қазақ­станның барлық оқу орындарында  арнайы курстарды өткізген өте дұрыс деп есеп­теймін. Секеңнің зерттеулері, кітаптары негізінен қазақ тілінде. Ал, ұрпақтың көп пайызы әлі мемлекеттік тілге мұрын шүйіріп қарап, шала қазақ боп шауып жүргені рас. Тіпті, соңғы жылдары қазақ мектебінде оқитын шәкірттердің басым бөлігі  орысша сөйлеуден арыла алмай, әлі екі кеменің  басын ұстап жүр. Мұндайлардың түбі су астына кетпесіне кім кепіл. Олай болса, Се­кеңнің әдет-ғұрыпқа байланысты ең­бектері орыс тіліндегі бұқаралық ақпарат құралына жиі-жиі насихатталса қандай ғанибет. Кенжеахметұлының туындыларын таразылап, саралап, өлшеу, оған уақыт мінбесінен лайықты, дұрыс баға беру бір күннің шаруасы деп айта алмаймыз. Қазақ халқының салт-дәстүрлері қаншалықты қажет болса Сейіттің кітап­тары да соншалықты керек екенін  еш уақыт жадымыздан шығармайық. Тағы бір айтар жай, Сейіт сатирасын, әйтпесе әдет-ғұрыпқа байланысты  әйгілі еңбегін егжей-тегжейлі зерттеу, канди­даттық диссертация қорғау мен мұндалап сұранып тұрған шаруа. 
Қостанай қойнауы, Торғай топырағы киелі, құнарлы, қазыналы. Арғы ата-баба ауылын араламай-ақ, бергі жағын орғытып оралып көрейін. Кешегі хисса, дастанның хас шебері, нұры бөлек Нұрқанның көзін көрген, қазақтың біртуар азаматы, әдебиет танушы, ақын, энциклопедиялық білім иесі Қайнекейдің қасында қарайған,  жауынды ақын, дауылды ақын Сырбаймен сырласқан, әлемі ғажап Ғафумен мұңдасқан, құрдасы, қазақ тарихының алтын сандығын ақтарып жүрген қомақты Қойшығарамен қол ұстасқан Секең шын мәнінде шығармашылық жағынан кемелденген кезеңді бастан кешірді. Сейіт Кенжеахметұлы  тәңірдің өзі туғызған, ешқандай дау-дамай туғызбайтын шын мәніндегі табиғи талант. Ұлт­тың ұлағатты ұясын, әдет-ғұрпын сағат, минут,  ай, жыл сайын көздің қара­шы­ғындай қорғаушы болды. Қазақ әде­биетінде сатира сарбаздарын садақ, мыл­тық тағы басқа қару-жарақтармен, сансыз саймандармен алға апара жатқан жол бастаушыға айналды. Ең бастысы, ол арғы ата-бабалардан қалған асыл сөздерді алақанда  күні-түні аялап, күзеткен, қазақы тірліктегі қателікті түзеткен жазушы. Семсер сөзді Сейіті бар сайын дала қандай бақытты. Өңірі өлең сөзден ғана тұратын өлкенің парасатты ұлы болуды Сейіт ағаның мәртебелі маңдайына жазыпты . Енді, екінші әрі мәңгі рухани өмірі басталып та кетті.  2011 жылдың сәуір айының 16 жұлдызында жетпіс үш жасында жарық дүниемен қош айтысқан алып жанның артында қалған әріптестері, туыс-туғандары көрнекті жазушы мұрасы көлеңке жақта қалмау үшін қам-қарекет жасағаны жөн. Бұған дейін де әке шығармаларына шын мәнінде қам­қоршы болған қызы Зәмзәгүл игілікті ша­руа­ны одан әрі жалғастырарына кәміл сенеміз.  Сықақшы Көпен Әмірбек өзі үлгі-өне­ге тұтатын ағасын ұмытпайды. Көгілдір экран арқылы нанымды насихаттап  үлгірді. Ал­дағы уақытта жұртшылық жұдырықтай жұмылып Кенжеахметұлы шығармаларын кітап етіп қайта бастырса, өзі қызмет істеген Арқалық педагогикалық институтында дәрісхана ашса, бір көшені есімімен атаса, атақты сықақшы рухы құрметіне әзіл, оспақтан республикалық байқау, жарыс, фестиваль өткізсе  оқырман аса риза болар еді. Өйткені,  көркем сөз, көркем ойды кестелеген ақын, жазушы, этнограф  Сейіт Кенже­ахметұлы ұлттың ұмы­тылмайтын ұлы екенін есімізден бір сәт шығармайық.

Алдыңғы «
Келесі »