Әлімқұлов әлемі

  • 01.02.2017
  • 1014 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Сәрсен Бек САХАБАТ,
жазушы

ТӘКЕН-ЭТЮД 
Туа бітті болмыс. Тәш-пүш көрген. Теперішін жеңіп кеткен текті қазақ. Туралығына жүрген, иіліп-бүгілмеген, жан сақтап жалтақтамаған. Тесікке басым сыйсын деп әлек кешпепті. Тәкен бір оқып тастай салатын, яки әр жерін бір теріп парақтағаннан кері ысыра тастайтын әлдебіреу емес. Тартымды тіл. Таза ділі тым етене. Тәкенді жыл сайын қайталап оқыған да өкінбейді. Тағы бір қырынан ашыла кетеді. Таңырқайсың өзің,  бұрын қалай байқамағам дегендей. Оны оқып ысылғаныңды сонда ептеп түсінесің. Тастай салқын. Тісің сыздамайды, қарның сыздықтамайды. Тұманың, құдықтың суы емес пе  шаңқыған шілдеде іздегеніңнің өзі. Таңлай шылаған. Тағы іздейтінің. Төңкере салдым басыма. Тап-таза ашымалды ашуы көгеріп бетіне ұрған. Тоқ тарттым. Тамсана бердім, базардың сорпа, су, шалабын қоса  салатын қойыртпақ  көжесі емес. Таңлайға татымайтын. Тазаның аты таза. Тәкенді айтам, қам сүт емген.  Текті аналарымыз дәретсіз бала емізбеген, ас қамдамаған.


Таза жерде жатып  ұйықтаған жайлы түс көретіні, ып-ырас. Таза ортадан текті тәрбие көріп өсіп-өнген не! Тіп-тік сұңғақ арам ет жамамаған. Текті қазақ Тәкенді айтам.  
Әңгелек-ау, әңгелек,
Әрлі-нәрлі ән керек…
Әбүйірге жеткерген. Әперген – Тәкен, берген – Тәңірі. Әркімде бар әлем-тапырық. Әлемін жеңген, тапырығын тебендеген әлді болар. Әлімжеттікке бой бермеген. «Әу, пірім!» деп өкшедегі жапырақтай жаншылмаған. Әуесіңді тұсаған тентек шал, баяғы шалдуар тентек ұл. Әупірімдеп ешкімді қолтығынан сүйемейтін. Әрі бөлек мінезінің. Әкірең­демейтін өзі ешкімге. Әйдікпін деп кеуде кермеген. Әупілдеп кекірмепті. Әлемүшке жүгірмеген Әлімқұлұлы Тәкен. Әруақты бала. Әруақты шал. Әруақты танымаған, қорықпағанды  жынды, көк соққан, делебесі қозған дімкәс дейді. Әр саққа жүгіртеді. Әлін білмеген әлектер-ай! Әрі-сәрі не­мелер. 
Әруақ берген Тәңірберген.  «Әй» деп бетіне келмеген анасы перзентін Тәкен, Тәкібай, Ай баласы деп  еркелеткенде бірдеңені білген. Әсте текке айтпаған. Әсілі әруақтың,Тәңірі пендесінің ұғымында, Көк, Күн мен Ай. Әліппесі аталық пен аналық, сүйек пен сүттіктің. Әруақ қолдаған бала: оттан-соттан, судан-қудан. Әйдік шал. Әлдебір Нобель-собель, Күнкөсем, Мұртты жәкем атындағы қазаққа әбүйір әпермейтін сыйлық-мыйлық, атақ-шатақты не қылсын. Әулиедей шыншыл. Әңгіменің бағына туған,  уәзипасын өтеген.  Әуал өз басына сыншыл-шыншыл.
Әйдікте де әйдік бар Тәңір берген. Әлбетте, пенденің демі бар…
Кемеңгер. Кемел ұлттық мақтаны­шымыз Абай, Мағжан, Мұхтар, Тәкен бар-да бүкіл теңеу –  великий өз белесебетін айдай тұрсын. Кәміл шыным, бұл қазе-кеме әсте жүрмейтін мансұқ, өйткені «великий» дәл мағынасында ұлық; ұр да жық сары жағаоқалы, шен-шекпенді жандарал-губернатор, оязной бастық, уайанный комиссар. Кіді шетінен. Көзі ақшиған шегір, аузы арақ сасыған. Көрін­ген неме бұлардың төбесі көрінген жерде «ваше величество!» деп қаздиып сым­дай тартылатын да дереу иіліп-бүгілетін. Кеңкелес уайанный эпитет пе сонда дарабоз ақын-жазушы, әртіске, оқымыстыға керегі? Кетіктіс тілмаш төрелер-шенеуніктер емес пе елді ала  тайдай бүлдірген, санада сары су са­пырған. 
Кемеңгер – қазекемнен басқада ұшырас­пайтын теңдессіз теңеу, содан да тәтті-сәтті, нақты-бақты! Көрінгенге көзін сүзбейді. Кеміте алмайды ана тілімізді ешкім, ең бастысы. Көршімізге ұқсап арабқа, ибриге, эронийге жармаспайды. Көлденеңнен килікпейді: айталық дана – доно, дониш, данышпан-дониш мононд «данаға ұқсас», бұл қорасандық қыпшаққа сіңіп қалған қарабайыр парсизм.
Кемел толғайтын кемеңгер. Кемерінен асып-таспайтын, бетінен лықа тола-тын, шүп-шүп қаймақ қалқитын. Кеңсірігің бұзылмайтын. Көрінген қоқан-лоқы мәтібилік жасай алмайтын. Кемеңгерді қалдырайық, белесебет мінген великийді өзіне қайтарайық, «Великтің» қазақшадағы бір аудармасы – шайтандөңгелек, ал, шайтанарба – пойыз ғой! 
Көзіме сүрткенім. Кәміл инсаным!
Көрінгенмен, әсіресе месқарын, маскү­нем шегіркөз жандарал, майырмен, қолтықтаспайтын. 
Көңіл күйіме үндес… Кемеңгерім! 
Есті. Естиярдың да естісі сирек. Ес – жас талғамайтын ақыл-ойдың синоним серігі, баламасы. Елдің мақтанышы. Еңбектеген баланы алақанына салып балағынан үрген елдің ақ пейілі. Еңбегі. Етенесі – өз тәні, қаны, жаны. Еңкеймейтін өрлігі, асау мінезі, тәкаппарлығы. Ерінбейтін етікші – кәдуілгі қаріп қуалаған епсектік. Елсүйер еңбекқорға бұлай жету қайдан. Етікшінің қаққан шегесінде маңлай  тері жатқанымен, бұл не-бәрі қолы жаттыққан шеберлік. Елсүйердің оймақтай ойы теңеу шақ келтірмейтін, бірін екіншісі қайталамайтын ғаламат даралық. Елдің тәрбиесін ақтау бағасын білудің мысалы. Ерек әспеттелері содан. Есіңізге салайын, зәңгіні басқалар оның терісінің түсі қара болғандықтан емес, ел мен ұлтты һәм дінін таңдамайтындықтан жек көреді. Ебелек сынды ұшып-қона береді. Елден елге, құрлықтан құрлыққа. Есіркеуің  қиын  бүгін мынаның, ертең ананың үмбетін!
Ептілік –пысықайлық. Екіжүзділік. Еске жатқаруың қиын. Екшеп көріңіз. Ес, естілік – айнымас арқау, тұрақтылық, ар мен ұждан, ел мен жер! Елден бөлек жүріп-тұра алатын. Елпілдектерден, әлбетте. Ерекше ендіктерде, болмыс-бойлықтарында. Емен есіктерді жа­ға­ламаған Тәкен Әлімқұлұлы жазушының жүзін жықпаған ерекше үлгі. Нүсіретті. Нәсіре  ғұламадан, бәсіре нағашыдан, жазу­шының тума ғұламасы Тәкеннен тәбарүк нақыш. Несі бар: «Басы жұмыр пенденің азасы, мұңы, өкініші, үміті дүниеде теңдесі жоқ терең де бейнелі  тілде сыр шертті». Нақа бір «Қаралы қобызындай»… Нәзілін ұқ қолдан келсе. Назарын тікпей-ақ бәрін біліп тұратын. Нешеме қырдың қызыл изенін шалып қыдырып қайтасың. Намаз оқымай-ақ қой етегіне жығылып, еңірей берме. Нән кещелерді Тәкеннің өзі жақтырмайтын. Нөкеріне алмайтын. Налысы қандай мұңлы пенденің. Ноқайлықтан шаршаған. Нәші сылқ-сылқылдақ, мұңы былқ-былқылдақ. Неге екенін ебі-тебі елжірейсің.
Намысына  найза бойлатпаған. Нар­кескен. Насаты дүние, масаты мақал – қалың қатпар, ақжелең астар.  Негізіне тартқан. Нөпір нөсер. Нұқыл көк майса кештірген.  Насыбай түсті тоқ тұмсығы көн етігіңнің. Неден тұшынсаң деген бар емес пе. Нілі айнымаған Тәкен тәлімін айта берем.  
Нар мықтысы – мырзақоспақ  бақташы тілемейді, төлін, келесін қасқырға талатпайды. Науқаншыл заманда ағысқа қарсы жүзген. Науша бойлы, нұрша жүзді. 
                          
***
Ойсыз оқу обал
Қытай пәлсапасы
Әлімқұлұлы әлемі. Әуесіңді ашқан әңгелектің иісіндей. Әулиелік, ұлтына теберік. Әруақ қонған Әлімқұлұлы. Әңгіме жанрының әрі мен нәрі. Әуезді ырғақ. Әзілі жарасқан ойы тартымды. Әрегідік мысқылы мысыңды басқан. Әмбебап – өрге ентікпей шығаратын, еңіске домалатып жібермейтін. Әлем қос мағыналы. Әуал ғалам, жер жүзі, дөңгеленген дүр дүние. Әлем таныған Әуезов, әлем  тани алмаған Әлімқұлов. Әсері қандай! Әйдіктер іркес-тіркес, құйрық тістесіп шауып өтіпті. Әлемнің келесі мағынасы – жан дүниесінің қы­рық қатпары. Әсерлі мұң, күйзеліс. Әлемтапырақ. Әуезов, Әлімқұлов дей бе­ре­міз құжатына құлшынғанда. Әйтсе де, «ов/ова» изафетінің бізден жасырғанымен, өздері іштей мойындайтын бір қыпшақы құпиясы бар. Әрегідік бойына сіңіріп, өз малындай иеленіп жүре береді. Әлем-жәлемі ішіңді өртейді. Әжептәуір пайым-парасатты ел едік, талайлар  қызығып еліктеген, бізге қарап бой түзеген. 
Әруақ (естен) – ата-баба жолы. Әрісін қайдам Көк Түркі дәуірінен бері солай. Әйгілі Естен би (Истеми, Істемі, Естемес, Йабғу) – әруақты би, аталық би. Әсіресіз қыпшақ – каф сак (тау сақтары, пехлевизм) Сақтың, Көк Түркінің батыс қанаты, Ай әліп, Айман бәйбішеден өсіп-өнген Көк Тәңірі балалары. Әурелік түбіне жетті ақылын айнытқан. Әпербақандық болар Батыс сақтарының (сака раука) енді  келіп скиф яки шығысауропалыққа айналып кеткені. Әулетінен теріс айналған.   
Әсілін ұмыттырған мәдени көлгірлік. 
* Иван+ов – Иван баба – Иван ата. Ивановы – Иван Атаның балалары. Сидоровы, Петровы т.б.
* Тәңірлік ата-баба, осының баба сыңары Қорасан парсыларында – дада, ұрымда – аба, католик арасында – папа. Батыспен  жапсарлас, Ұрыммен іргелес қыпшақылықтың өңі осылай нілінен айнымақ. 
* Киев пен Мәскеу өзі дінін қабылдаған Константинополге еліктесе Иванос, Сидорос, Петросос яки ұрымдық «и» көптік жалғауына  иексісе Ивани, Сидори, Петри болып кетер еді. Яки Иванский, Сидорский, жоқ міндетті түрде Ивановский, Сидоровский, Петровский. Иванец, Сидорец деп тағы құбылта алмайды. Өйткені «ец» әулеттік «ов, ова» изафетіне жатпайтын нисба (жағрапиялық ен). Тюменец – тюмендік, сибирец – сібірлік, московец – мәскеулік т.б. Руми – ұрымдық, Бұқари – бұқарлық, Сайрами – сайрамдық т.б. дегендей. Иван, әлбетте, кісі есімі. Жер-су атауына мүлде жоламайды.
* Әулет – род (племя, ұрық), мұны алабажақ ұрымдық тілге еліктеп фамилия дер, отбасы – семья (семь я – жеті ата). Біз «не елсің?» деп жөн сұрассақ, отаршыл (как фамилия?» (из какой фамилии, то есть рода) деп шақшияды.
* Әлбетте, мұның бәрі бұл күнде  ұмы­тылған, өңі айналған, бөтен түсінік­теме берілген. Әрі-сәріге салып қойған. Әсіліне «бұратананы» жолатпайды.
Әлімқұлұлы әңгімені мөлдіретіп жазумен қатар, бұл жанрдың шығу тегіне біраз шолу жасаған зерделі. Әңгіменің орысқолды  атауы «рассказ» – бір-ақ айтылатын баян дегенімен Тәкен кө­кемді қанша жерден жақсы көрсем де  келіспеймін, заманын, қырағыкөзді адастырған кезекті түлкіқулығы. Әңгіме, өйткені, төл атауымыз, орыстың рассказы, Батыстың новелласы бола алмайды, ешкімнің қолтығына кіре алмайтын. Әсте. Әңгіме жанрына айтылған  Тәкеннің мәдени бағасы тек орыс тілінің аясында жүрдек, ал, өзі жақсы көретін қазекеме жүре қоймайды. Әңгіме – рассказдың алғашқы  буынымен «рас» (раз, разовый) мүлдем жараспаймын, ал, Тәкен ұсынған екінші буынның анықтамасына (сказ) ептеп жібуге, мәлімеге келуге әбден болады. Сказ, сказание – баяндау (әңгімелеу). Тәкен тереңдеп «сказка» (аңыз-ертегі) ауылына ат басын  бұрады. Раз-дваны жайына қалдырып, дұрыс айтылған осынау анықтамаға дендейік.
Жазба әңгіменің атасы – аңыз бен ертегі. Аңызда нақтылық, кісі аттары басым, ал, ертегіде құрғақ қиял өріп кетеді. Әсірелеу, бұлдырату. Сондықтан, бұл екеуін бір қабыққа қуып тыға алмаймыз.
Тәкен «Әдебиеттің әжесі – поэзия» дегенді тауып айтқан. Алайда, поэзия  эпостың еншілесі. Прозаның түп атасы – шешендік сөздер, билер нақылы, аңыз әңгімелер. 
Әлбетте, жақсының, зерделінің де қа­телесуге һақы бар. Әлімқұлұлы назарынан тыс қалған мәдени түркіліктің сидж уәзініне, насар (наср) жанрына көңіл аударайық. Әрілей берейік, Батысқа бүгіле бермейік, өйткені,  білгір дегеніміз бүлдіргі  шыға береді. Әділдікке жатпайды сарт-сауанның  (парсы, сириялық, күрді, дінін айырбастаған жүһүт, грек) саф «араб» тіліне, ал, ноқайнеміс оқымыстыларынан білім үйренген орекеңнің Батыс тілдеріне өз бетінше  талдау жасай беретіні. Әттең, тонның да, қолдың да, ойдың да  келтесі-ай… Әлімқұлұлына да уафа бермеген білімдарлық. 
Әңгіменің  жанрлық жәдігерлерін түгендесек: 
* Мұсылман Шығысында (араб, парсы, түркі әдебиетіне ортақ) «Сидж» уәзіні (метрикалық өлшем) аталып кеткен ортағасырлық ерекше құбылыс бар. Арасы суысып, жат тартқан қазекем мүлдем есіне алмайды, өзағам қорасандық «соф эроний» қалпағын көзіне түсіріп милықтатып қояды.
*Еуропалық верлибрді (Бодлер, Тургенев т.б., кешегі А. Вознесенский) орыс әдебиеті «белый стих» деп өзіне сіңіре салды. «Ақ өлең» дейді қазекем. Әуезов, Мүсірепов дра­матургиясында көлденең жатып алған сөйлем құрылымы, сөз саптау тәсілі. «Кездеспей кеткен бір бейненің» де жұтынған, өлеңдей оқылатын стилі неге тұрады? Әттең сол, әдебиеттанушыларымыз верлибр – ақ өлеңді «Сақ өлеңіне» (Сидж) түзеп сірә айта алмайды. 
* Сидж – Сақ. Бұл араб тілінің сингармонизм заңдылығы. Өзіміз де Алланы – Алда (Алдаберген), мулланы – молда, сәлланы – сәлде дейміз. Түпнұсқада «сағ» (сақ, сау-саламат), парсыда – саг, араб тілі өзінде жоқ  г/ғ қарпін «дж» дифтонгімен алмастырады. Сингармонизм һәм транслитерация. 
* Сиджстон (Си истон) Қорасанның бастапқы атауы  – Бағдат халифатының бір уәлаятына жатқарылғанымен Тау сақтарының бір пұшпағы. Сидж уәзіні де араб-парсыға қорасандық қыпшақтан сіңіскен. Қарақұрым жергілікті қыпшақ Бабылдан, Мысырдан қуылған кірме қызылбастардың тілінде сөйлеп тезірек мұсылман боламын десе керек. Күні кеше орысша сөйлесе тезірек коммунизмге же­тетін сәбет ұлты боламыз дегендей тыраштық.
* Сақ-Сәй-Сидж, Си  жатқан быт­пылдық, а/и алмастығы. Бұған с/з алмас­тығын қосыңыз. Сидж – Сақ уәзіні, Зидж –  Сақтың Көк ілімі ( Бұржы, астрология, астрономия).
* Сақтың Аққа алмасуын түсін­дірмейінше тағы болмас: Жасыл сәлде – сәйид, шариф, аббасид белгісі. Қызыл сәлде (қызылбас) – қорасан парсылары Ақ сәлде – сақ (жүре түркіге айналған). Қызылбас деп өзіміз жорта атаймыз, олар да қалыспай бізді «ақ» (сәлделі, киімді) дей қоймақ.Чул ак курган (қорған) – шөлдегі Сақ қамалы – Шолаққорған. осыған соқыр елтіп Қызылдың құмын, Қызылдың суын (Каспий) қызылбастікі екен деп қалмаңыз. Қызыл – ата тіліміздің (праязык, тәңірлік, палеологиялық) мағыналық нұсқасында  «күнгейді» білдіреді.  Қызылдың құмы – күнгей құм. Қызылдың суы – (Красноводск) – күнгей су Күреңтау (Гималай, Бұланай) –  күнгей тау. 
Әмбебап Әлімқұлұлы!
Әдебиетші, атбегі сейіс, шахматқа әуес, күйші-домбырашы,  футбол мен хоккей фанаты. Әндей әуезді айтылатын әңгіме жанрының хас шебері, ақ өлең де ән мен өлеңдей әрлі-нәрлі жазылатын лирикалық-пәлсапалық хас өнерлі қарасөз емес пе. 
* Шайыр (шаир) – Сақ жыршысы. Әс­те жазба әдебиеттің өкілі емес. 
* Соғда – Соғдағ – Сақ тауы. Сөз соңын жұта салатын жаман ғадет. «Соғда» түбір-сөзіне  «и» ұрым көптік жалғауын, «иана» (бодан) изафетін жалғай салсаңыз «Согдиана» сылаң қақпақ. Самарқан – Ескендір Зұлқарнайынның, Бұқар парсыларының отары.  
* «Насар» ұмыт қалғандай. М.Қашғари сөздігіне назар жығыңыз: «ан-Нас» –  Сақ ұрқы, Қыпшақ қауымы. Тура мағынасында «ақпейіл, қандыкөйлек, достыққа берік». Ал «ар» көптік жалғауы, әрине, араб-парсылық. Сидж да, наср (насар) да Сақ. Сақ-Түркіге тән прозалық метрика. Қазақта, оның түп-тұқиянында түк болмаған, көшіп-қона берген деп жүрген кім өзі?
Әлімқұлұлын өз заманынан қүштеп бөлектеуге әсте болмайды. Әр нәрсеге басын шатпайық қанына тартқан қазақшыл Тәкенді. Әлек болар мұнымыз. Әдепке жата қоймас. Әңгіме жанрына  өзінше жол тапқан, көркемдік кілтін қолымыз-ға  ұстатқан, уақытпен үндескен Тәкенге обал болар. Әлімқұлұлы ұлттың намысын тербеткен тәлімгөй. Әспеттегені осы, Тәкен жасында спорттық жекпе-жек өнерімен шұғылданып әлем, олимпиада, ауропа, СССР чемпионы атана алар. Әсте таңырқамас ем, бір нәрсенің соңына түссе түбіне жетпей тынбайтын Тәкеннің тыңғылықты еңбекқорлығын, ақыл-ойының алғырлығын білгеннен кейін. 
Әмбебаптық – еңбекқорлық пен алғырлықтың тәмсілі. Әрілетіп дамыта алсаңыз Тәкен үлгісін кім қой депті.  Әсте қалыспайтын, озық пен бәсекеге қарым-қабілетті Тәкенді өзінің басты бақталасы – кеңес заманының соцреализмінен алып қаша бермейік. Әр қилы стильдік бәсекелестік арасынан ырғақ-әуезді лирикалық-пәлсапалық қарасөз үрдісі қара үзіп шы­ға келіпті. Әлбетте, әдебиеттің ба­ғына. Әурейілік болар өлеңді қарасөзге қойындастыру. Әдемілік болар қарасөзді қара өлеңге қатарластыру. Әрине, ұй­қас­тырмаймыз, жұмыры жұпар жан дү­ние­­сінің жақындасқанына масайраймыз. Әлімқұлұлы кеңес әдебиетіндегі О.Берт­гольц, В.Солоухин, Ю. Смуул. И. Друцэ, С.Крутинин, О.Гончар, Н.Дум­бадзе, В.Быков, М.Стельмах, Р.Гам­затов, Я.Брыль, Ч.Айтматовпен қатар дәріптелмеді. Әлбетте, кеңестік қоғамға ортақ орыс тілінде көсіліп жазбағасын. Әрине, мінезі кісікиік болғасын. Әркім­мен бір ыржалақтасып құшақтаса кетпегесін.
Әуесіңді қытықтайтын қазақ әңгімесі, форматы, ішкі мазмұны қайталанбайтын қаптама. Әлімқұлұлын сұрқай соцреализм тасқынына өзім де қимаймын, бірақ,  сонымен бәсекелесіп озып кеткен жоқ па! Әбес шығар,  мұны естен шығару әде­биет қайраткерлерінен революционер, халық жауын, экстремист жасаудан әліге жалыққан жоқпыз ба? Әшкерелейтініміз – сол танымның шектеулігі, сіреспелігі, қасаң жалатпасы. Әйеліне, бала-шағасына, өкпешіл туған-туысына есіл уақытын қимайтын, жазудан мойыны босамайтын жазушы  жазғанды әрнеге бір ұрыншақ деу қай білгірлік. Әпенділігі қарадай  аңыз – Тәкеннің қызмет сұрауға, тұрмысын түзеуге, тіпті, қарақан басын насихаттап елге танылуына қолы тимепті. Әдемі жазатын, өндіртіп жазатын Тәкенде, қайдағы бос уақыт, тез жазып тастағанымен, оңа­шада көп ойланып-толғанып  отыра бере­тін. Әркім де үйір «Қаламгерге» бас сұқ­пайтын. Әйгілі «суатқа», Жазушылар одағының өзіне көп келе бермейтін.  
Әйдік Қуанағамның ағасы – Қалижан Бекқожин маған да тәуір ақылын айтатын соңғы буынын соза әндетіп: «Біз жасарымызды жасап, асарымызды асаған заслуженныйлармыз. Барымызды сығып бердік, шаршадық. Енді, еркінсуге, қыдыруға болады. Саған қайда әлі алдымен іс бітір. Сосын, біздің жасымызға жеткенде сайрандап жүресің. Сделай дело – гуляй смело!» 
Әңгіме жанры  қазақы ұғымда әндей әсерлі деммен айтылатын, баяндалатын ішкі иірім. Әлімқұлұлы суреткер, міне, осының үдесінен шықты. Әсіре сөзден тұралап шаршаған әңгімеге тың өрнек, ләтте лүпіл дарытты. Әлденді солай. Әулиелік дарытты.
Әңгімелерінен гөрі өлеңдерінде Тәкен де осалдық танытқан кейбір  тұстары баршылық: 
Ай балғасы
(Қаратау өрнектері. А, «Жазушы», 56-бет). Әй, қайдам, қазекем Айдың орағы дейтін сияқты еді, балға – жалаңбұт жұмысшының символы емес пе! 
Келем мен өмір-бақи Отан жырлап, 
Жүректің пәк қанымен сөзді сырлап; 
Өлеңім шала-жансар туса егер, 
Әйелдей іш тастаған көмдім ұрлап. (63-бет). 
Әр бермепті жырлап-сырлап-ұрлап. Әрі-сәрі ұйқас, оның үстіне «Отан жыр-лап» ақсап та тұр : Отанды жырлап десе бір сәрі; Отан – ұйқасқа қатысы жоқ дербес сөз, ендеше «сені жырлап» дей салмай ма.
Әп-әдемі жырлары жетерлік, арасындағы арам шөбін айтамын:
Асынып жарақ сары-ала, 
Біреу тұр тосын форымы.
Қала ма яки дала ма, 
Белгісіз, қай жер қорығы.
Тілшіге дәптер алыс па, 
Сүйректетіп қаламын;
Нормаңыз қалай жарыста,
Газетке, – дейді – жазамын.
Пожарный әнтек қысылып, 
Жазыңыз, — дейді, — онда сіз; 
Көрген жоқ биыл өрт шығып,
Жарысып жүрмін нормасыз!..
Әжептәуір орта түсті көңілім. Әсерлі Тәкен қайда, мына шалажансар өлеңді «көме салмай» неге ұсынған? Әбіржи көрмеңіз. Әдемі боп салғаннан, анадан туылмаймыз, маңлай терін сығып біртіндеп еңбекпен жетеміз. Әрине, жолшыбай сүрінеміз, тізе, алақанды қанатамыз. Әбден мақталған «Ақбоз ат» романына Тәкеннің өз көңілі тола бермепті. Әрі-бері қырнауға да, олқысын іші сезгенімен, зауқы соқпаған. Әлбетте, мінсіз, кем-кетіксіз пенде құрғақ қиял. Әлімқұлұлы мұны да  білген, сондықтан өзін өңдемеген, көлегейлеп жасырмаған. 
Әндей әсем әңгіменің құлақ күйін бұрау, бабына келтіру, әуезін-ырғағын, ойын түгендеу Тәкенге тән хас шеберлік. Әпербақан пролеткульт әдістемесінен арылғаннан бастап өнегені өлермендікпен шатыстырмайды. Әңгіменің олпы-сол-пысын ширатқаннан кейінгі Тәкен өзінің ізінен ерген Қалихан, Сайын, Оралхан,  Мархабат, Дидахмет т.б. стильдеріне жазғы жауындай жып-жылы  әсерін ала келді.
Әдемі қыз да көп дегендей әдемі әңгіме де, олардың авторлары да көп. Әркімнің төл табиғатында бар мәселе. Әдеміні кім қалай әдіптейді! Әлем әдебиетінің тұтас тәнінен шымшып үзіп тастауға ендігіде әсте көнбейтін қазақ шындығына (реализм) тың көзқарастағы ұлттық ұждан керек. Әуезов, Әлімқұлұлы салып кеткен үрдісті ұлғайтпаққа. Әдебиетке өнерпаздық, пәлсапалық ой, этномәдениет деп білегін түрінген. Тәкен Әлімқұлұлы дегеніне  жеткен тынысты, ар-ұятты, жаны нәзік қаламгер; бар-жоғы шығармашылықтың ерке  болмысын жан-тәнімен қалаған. Әркіммен жараса  кететін, дүниені жатырқамайтын бауырмал. Әңгіменің хас шебері деп кімді айтамыз: 
*Оқырманның кез келген сауалына жауап тауып қанағаттандыратын білімдар, әмбебап, өз  жауапкершілігін мойынға алған майталман!
* «Зеріктірмейтін жанрдың бәрі жақ­сы» (Вольтер). Жанр – жазушының жан шырғалаңы. Кім нені,  қай тақырып яки қай жанрда жазбасын шыр-пырын сығып жазсын. Сонда,  қапысыз сендіре ала­ды. Лирика пәлсапаның да  керегі осында.   
* Пәлсапашыл дегенге ақыл соғып ас­тамсып яки салалық термин мен ойлау категорияларын сапырыстырып сеңдей соғыстырмаңыз. Өмір пәлсапасы, өнер пәлсапасы дегеннің өзі жетіп жатыр әркімге етене таныс.
Әлімқұлұлы – талғампаз, халықшыл эстет. Әлбетте, Гегель, Вольтер, Кант, Шо­­пен­гауэр  басқаларындай емес, төл шә­­кірті Аян Нысаналиндей пәлсапашыл лирик Баратынскиймен бәсекеге түспейді. Әр жерде (өлеңде, сында, қарасөзде) өнер мен өмір пәлсапасына бәрібір  бұра береді. 
Мен бір өлең жазамын  көз көргеннен…
Махаббат егіз екен, қалдым жалғыз…                 (8-бет)
***
Аңқыған күннің иісі киімінен,
Шопанға сәлем берем иіліп мен.
            (25-бет). 
***
Жортысқанға жол бермес,
Арбасқанға дендемес;
Шымшығанға сыр бермес,
Бітене бидай көк сұлы;
Қаны теппес көп сірі, – 
Болмағанға сырмінез,
Тосатыным сол мінез!  (27-бет)
***
Сезеді адам күйігі мол,
Күйдің сырын құдіретті  (43-бет)
***
Жүректің дерті тілімде,
Өлсем де сайрап өлемін.
Жоқтаса болды түбінде,
Ғашығым менің – өлеңім!
Уайым жеңген кезінде,
Уанып  сенен келемін!(62-бет)
***
Сапырып көңіл-күйін тереңдерден,
Жасаймын сиқыр сусын өлеңдерден.                 (78-бет) 
***
Аңсарым өлең еді ес білгеннен. 
Әуесқой ақын емес, болмыс-бітімі шы­найы. Әуал бастағаннан, 14 жасында жазылған тұңғыш өлеңінде-ақ: «Түседі сені ойласам ішке жара, Білмеймін не боларын бара-бара, – деп шиырыпты. Әде­биетте ақсүйек ақын ғана болып қалу қиындады. Әрекетшіл Әлімқұлұлының әңгімелері өлеңдей жеңіл оқылса, жұ­мырықтай жүрегінің (Қ.Шаңғытбаев теңеуі) ақындық  қызуы бетке ұра бере­тіндіктен. Әлем әдебиеті, сәбет әдебиеті, қазақ әдебиеті. Әйтеуір, бітіспейтін итжығыс, бітеу бақталастық, ішкі мазмұн қайшылығы. Әлімқұлұлы бітістіріп кетті – кеңестің кемесіне мінгізсең де қазақтың тілі мен ділі өз бедерімен танылып қала берерін. Әлімқұлұлына әлімжеттік жасап келген қос ноқайлық бар. Әшкерелеу бірі оңай болғанымен, екіншісі жүдә қиын: 
* орысша жазбағанды көзіне ілмейтін кеңестік фактор.
*Жүзін-руын ғана бөріктіретін қазақы фактор. 
Әдемі тіл мен қазақы діл жетерлік ақын-жазушыларымызда. «Әлімқұлов щина» несімен қымбат. Әмбебап дедік. Әулие дедік. Әспеттей бердік әйтеуір: 
* ешкімге жығылмайтын тіл байлығы, сөз қоры. 
* Білігі бөлек білімдарлық. 
* Өзіне, өзгеге болмасын сыншылдығы. «Екі кісінің дауына өз басының мінін бі­ле­тін ғана төрелік айтады», – дейді ел даналығы.
Әйдік көрінуге осал пендешілігіміз құ­мар. Әлбетте, еңбекқорлық пен жансе-біл­дікке қайдан жетсін. Әрине, сонда жетесіз пендешілікті көктей өтіп өз дітіңе! Әрі-сәрі қалмайсың екі ортада. 
Әсерлі қара өлең Мағжан, Тютчев, Фет, Блок, Ахматова, Хименес, Қуандық, Жұматайдан жолыға бермек. Әсерлі қарасөз ақ өлеңде – Бодлер, Тургеневтен, лирикалық прозада Иван Буниннен, бізде Тәкеннен ғайшарат. 
Әлімқұлұлы – құбылыс, қай 
қадыр-қасиетімен
 * Әңгімеге лайық әдемі жан дүниесі керек. Абай поэзияның формасын қанша байытса, Тәкен қазақ әңгімесінің, һикаят­тарының формалық мазмұнын соншама байытты. Оның «мой кумир Тургенев чемпион России по шахматам» деуі әшейін әзіл сөз емес. Паустовский  дәрістерін де қалғып-мүлгіп тыңдамаса керек. 
* Әуезов, Ерубаев, Әлімқұлов қолынан келе тұра неге орысша жазбады? Осыны тым-тым айта беремін.
* Тәкенді іле қостап ду көтеріп әкет­кендердің қарасы мол. Тіпті стилі бөлек бола тұра. Бұл оның елге етенелігі, ділін дөп басқандығы. Қазақ әдебиетіндегі «алпысыншы жылдықтар» жиі мақталады. Ал мұның бәрі кімнің арқасында, үлгіні кім алып келді, осыған келгенде  Тоқбергенов, Қалихан Ысқақтан басқасы күмілжіп қалады. 
Әбүйірлі Тәкен Әлімқұлұлы. Әңгелек иісті Тәкен Әлімқұлұлы. Әңгімегөй  қа­зақты әлемдік өреге жеткерген үлгі тұтар ұлттық мақтаныш, қайталанбас қаламгер. Әуейіні жеңген әдеміге әуес. Әз, ғазиз басты қазақы. Әулиелікке жеткен. Әруаққа айналды. Әңгіменің әрін бұзғанға «әй, тентек, тарт қолыңды» деп мысқылдайтын аталық Тәкен. Әлімқұлұлының інілері де қартайып барады, аяғының өзі алпысты алқымдады. Әріректен ойлап еді ұлт қамын, ендігі кезек – Тәкеннің көркем кітаптарын оқып тамсанарлық руһи «перзенттерінде». Әлімқұлұлы дей бергенім де содан. Әңгіме  жанры барда ақынжанды Тәкен бар, қазақ барда қаспа-ғын қырнап тауысуға енді ешкімнің шамасы жетпейді – ақыл-ойының  азабын,  ажалын жеңген  Тәкен!

Алдыңғы «
Келесі »