НАҒЫЗ КӘСІБИ ӘСКЕРИ ЖУРНАЛИСТ

  • 01.02.2017
  • 851 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Сейілбек  МҰСАТАЕВ,
саясаттанушы

Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының және Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтардың иегері, запастағы полковник Сағидолла Сиқымбайұлы биылғы тауық жылының басында өзінің 60 жылдық мерейтойын атап өткелі отыр. 


Сағидолла Сиқымбайұлы 1993 жылдан бастап ұзақ жылдар бойына Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара Қызметінің апталық басылымы «Отан сақшысы – Часовой Родины» газеті бас редакторының бірінші орынбасары – Қазақ редакциясының редакторы болып қызмет атқарды. Оның шығармашылық ізденімпаздығы мен редакторлық шеберлігінің арқасында «Отан сақшысы» газеті қазақстандық шекарашыларды рухани шыңдап, егемендігімізді нығайту мен мемлекеттік шекарамызды бүтіндеуге өзіндік үлесін қосып,  шекара қауіпсіздігі саласында атқа­рылып жатқан қауіп-қатерге толы тынымсыз жұмыстар туралы халыққа айтары мол басылымдардың біріне айналды.  Елу жыл бойы тек орыс тілінде шығып келген «Часовой Родины» газеті Сағидолла ағамыздың табандылығы мен көп еңбек сіңіргендігінің арқасында «Отан сақшысы» болып мемлекеттік тілде де шыға бас­­тауы оның үлкен табыстарының бірі деп айтуға толық қақы­мыз бар.
С. Сиқымбайұлы кабинеттен шықпайтын редактор емес еді. Ол тәжірибелі журналист ретінде кәсіби іс-сапарларға жиі шығатын, 1990 жылдардың басында тыныштығы кетіп тұрған тәжік-ауған шекарасына үш мәрте барып, әскери-саяси хал-ахуалмен бетпе-бет танысып, ұжымдық қауіпсіздік күштері құрамындағы қазақстандық шекарашылардың тыныс-тіршілігі жайлы арнайы репортаждар жасағанын ерекше атап өткеніміз жөн. Алтай мен Атырауға дейінгі аралықты алып жатқан, жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орын алатын, салыс­тырып айтсақ, бес Франция немесе тоғыз Италия жеріне тең, кең-байтақ Қазақстанның он бес мың шақырымды құрайтын мемлекеттік шекарасын С. Сиқымбайұлы ерсілі-қарсылы кезіп, далалық репортаждарын жасағанын біреу білсе, біреу білмес. Осындай шығармашылық еңбегінің нәтижесі оның «Ел шетінде ерлер жүр» атты монографиясында егжей-тегжейлі баяндалып, фотофактілермен негізделген. Аталған газет тек шекара істерімен ғана шектелмей, патриотизм мен ұлттық рухты насихаттау жолында ізгі дәстүрді жалғастыра отырып, халықтың кө­кейіндегі ойды дөп басатын құнды дүниелерді алуан қырынан қамтып, өз оқырмандарынан жо­ға­ры баға алды. Көп ұлтты Қазақстанның баға жетпес байлығы – халықтар достығы. Осынау киелі  істі насихаттауда, жастарды Отанды сүюге тәрбие­леуде,  басылым өзіндік үнімен танылды. Өйткені, редактор-журналист ретінде С. Сиқымбайұлының айнымас кредосы бар еді. Оның ұстанымы бойынша баспасөз  – тек ақпарат таратушы құрал ғана емес, мемлекет саясатын саралап, ұлттық идеологияны ұлықтаудың тетігі, қоғамдық пікірді қалыптастырудың қайнар көзі.
Сағидолла Сиқымбайұлы елімізде журналистиканың кенжелеп қалған саласы – әскери журналистикада алғаш түрен салғандардың санатына жатады. Тәуелсіз еліміздің әскери журналис­тикасын кәсіби тұрғыда дамытуда ал­­ғашқылардың бірі болып көзге түсті. Осы салада тек бір өзі ғана қалып қоймай, ондаған шәкірттер тәрбиеледі. Сол ізбасар-шәкірттерінің қатарында бүгінде еліміздегі әскери журналистиканың арбасын одан әрі сүйреп жүрген кәсіби әскери журналистер полковник Кенжебек Сейтмұхамедов, подполковниктер Бірлік Ақшолақов, Тамара Дәулетбаева, майор Лаура Бег­лова, капитандар Жанат Жабырбеков, Арман Әубәкіров, Дархан Сейтовтар бүгінде өз ісінің білгір мамандары, есімі елге белгілі әскери журналистер. Сағидолла  ағамыз  «Халқыңа еңбек ету – адамдық борышың» деп ғұлама Шәкерім  Құдайбердіұлы айтқандай, еліміздің Шекара әскерінің қалыптасуы мен дамуына аянбай еңбек етіп, халыққа қызмет етіп, тәуелсіздікті нығайтуға бір кісідей атсалысты. Әскери журналистік қызметте аға лейтенанттан полковник шеніне дейін жетіп, запасқа шыққанымен өзінің сүйікті шығармашылық ісімен – журналистикадан қол үзген жоқ. 2012 жылдан бастап  «Қазақстанның жер ресурстары – Земельные ресурсы Казахстана» журналының бас редакторы болып қызмет атқарып келеді. Тұла бойы қазақы тектілікке толы жаңа редактор аз уақыт ішінде жер ресурстары туралы ғылыми-көпшілік және ұлттық нақыштағы танымдық материалдармен журналдың мазмұнын байытып, оқырман қауымға тартымды ете білді. Журнал беттерінде Қазақстандағы жер проблемалары туралы өткір мақалалар жарияланды, индустриялды-инновациялық дамумен қатар, экологиялық апатты аймақтар мәселесі де назардан тыс қалмады. Осылайша, С. Сиқымбайұлы әскери журналист ретінде туған жерді қалай қорғаймыз, шекараны қалай бүтіндейміз деп қалам тартса, бейбіт өмірде жерімізді қалай ұтымды пайдаланамыз, жер ресурстарын сақтау, үнемдеу, заңдастыру, құрылыс жүргізу, ауыл шаруашылық мақсатында дұрыс қолдану сияқты қайнап тұрған проблемалар туралы жазатын журналистке айналды. Яғни, С. Сиқымбайұлына жан-жүрегімен туған жер тағдыры туралы жазатын тарлан журналист деп баға беруімізге болады.
Бірлік пен ынтымақты  нығай­туда жаңа шығармашылық табыстарға жете беріңіз! Қаламыңыздың қарымы қайтпасын, сарқылмас шабыт, отбасыларыңызға амандық, деніңізге саулық тілейміз! Әрқашан да жүзіңіз жарқын, қаламыңыз ұшқыр болсын!

Алдыңғы «
Келесі »