ҰЛТТЫҚ САНА немесе «Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды»

c1

Үмбетхан Сәрсембин,
философия ғылымдарының 
кандидаты

Ұлттық сана ұлт руханиятының негізі. Ұрпақтан-ұрпаққа тарихтың білімі, тұлғалар тағылымы,  ұлттық тәрбие арқылы беріліп отырады. Ұлттық сананы ұлт руханиятының өзегі дейтін себебіміз, тарихта қазақты ұлт ретінде сақтап қалған дүние ұлттық сана, ұлттық сананың рухы. Ұлттық сана ұлттың рухани әлемінде сақталып, ұрпаққа рухани дүниелер арқылы беріліп отырғандықтан да тарихтың қиын кезеңдерінің өзінде елдің бірлігі жоғалмаған. 


Тарих өрісінен ұлттық болмысымыздың рухани негі­зіне айналған ұлттық сана құбылыстарын зерделеу қиын емес. Қазақ ұлтының ұлттық санасының тарих өрісіндегі құбылысы елдік, бірлік, ар-намыс, ба­тырлық, ержүректілік, тектілік, кісілік, имандылық, адалдық, тазалық, намысшылдық, қамқорлық және ұлттық қасиетке терең болу. Қазақ қоғамының тарихи кеңістігінде ел болмысының рухани негіздеріне айналған ұлттық сана құбылыстары ең алдымен жеке адамның ерік-жігерін қалыптастырып отырған. Табиғатпен етене араласқан қазақ халқы рухани өмірде елдікті, ұрпақтың ауызбіршілігін сақтайтын сапа-қасиеттерді қалыптастырып, кейінгі буынға жеткізуді мақсат еткен. Сезімталдықтың, дарындылықтың, даналықты қадірлеудің, зиялылар­дың жауапкершілігінің арқасында қазақ ұлты тарихи өмірдің күрделі оқиғаларына парасаттылық танытып, ерік-жігерімен төтеп бере білетін ұрпақты қоғам алдына шығарған. Соның   нәтижесінде қоғамның әлеуметтік құры­лымы табиғи заңдылықпен дамып, елдің әлеуметтік жағдайын өзгертетін (күрделендіретін) құбылыстар қазақ қоғамының ішіне тұтастай ене алған жоқ.  
Қазақ тұлғаларының ұғымында ұлттық сананың  ұясы   ұлттың тарихы. Ұлттың рухани дүниелерінің өзі көрсетіп отыр­ғандай, тарихты білген ұрпақтың тәрбиесі күшті болады. Кез-келген нәрсеге ақылмен қарап, болашағына қатысты мәселені білімімен шешуге ерте бейімделеді. Тарих тағылымы арқылы жалған нәрселерге сене бермейтін, ақыл­мен ойлайтын жастар қалып­та­сады. Тарихын білген қоғамда, ел та­рихының шындығын негіздейтін тұ­жырымдар бұрмалана бермейді, себебі, тарихты білетін ұрпақ өз қоғамының дұрыс сыншысы. 
Тарихтың шындығын біріктіретін тұ­жырымдар тарих өрісіндегі оқиғалардың ақиқатын танудан туындайды. Тарихи оқиғалардың ақиқатын бірінші кезекте ұрпаққа жеткізетін халықтың өзі болуы тиіс. Өйткені, ұлттық сананың рухы тарихи оқиғаның ақиқатымен күш алып, оны ұлт руханиятының бойында сақтап отыруында. Сондықтан да, қазақ тұлғалары айтып кеткендей, бірінші кезекте ұлт тарихының қабырғасын қалаған материалдарды (шындықты) алдыменен ұлт руханиятының бойынан іздеп, сонымен ғана салыстырып оқыған (зерттеген) жөн. Қай заманда болмасын мемлекеттің тұтастығын, ұлттың рухын әлсіретуді көздеген сырттан келетін саясат, саяси күш алдыменен елдің рухани дүниелерін, оған қызмет ететін адамның санасын өзгерту, өздеріне тарту арқылы тарихи тұжырымдарды бұрмалауға тырысып бағатындығы даусыз. Осы себептен де, ұлттың  тарихы не үшін қажет? – деген сұраққа алаш зиялылары былай деп жауап берген: «Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп, не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туатынына көзі жетпейді. Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады. Дүниеде өңге жұрттар қатарында кем, қор болмайтын, тұқымым құрып қалмасын деген халық өзінің шежіресін иманы дәрежесінде ұғып білуге тиіс»[1.15 б.]. 
Ұлттың тарихы ұлт пен оның тәрбиелеп шығарған тұлғаларының интеллектуалдық болмысының өрісінен шығады. Рухани болмыстың негізі ұлттық сана. Тарихты сақтау ұлттық сананы құрметтеу, тарихты білу ұлттық сананы иеленіп отырумен тең. Әрбір тарихи уақыт өрісіндегі жекелеген  адамдардың интеллектуалдық қызметі оның бойындағы ұлттық санасымен көрініп отырады. Халыққа ортақ қасиеттер мен тәжірибелерге тұнып тұрған ұлттық сана тарих даналығымен ортақ құндылыққа айналады. 
Жеке  адамның өзіндік санасының ин­тел­­лектуалдық қызметі, болмысы арқылы ұлттық сана деңгейіне өтуінің негізінде адам бойындағы рухани қасиеттердің қызметі мен күші жатыр. Мәселен, халыққа түрлі сала бойынша еңбегі сіңген қазақ тұлғалары халық тарапынан хан, батыр, би, шешен, ұлт ақыны деген атауға ие болған. Зиялыларды елдік, мемлекеттілік идея­сына біріктіретін – ұлттық сана. Сон­дықтан да, алаш зиялылары айтқандай, елдің ел болуын, ұрпақтың ер болып өмір сүруін көздейтін мемлекеттер тарихты иманы дәрежесіне көтереді.
Мемлекеттің ең басты құндылығы – тарих. Себебі, ұлттық идея, ұлттық идеология да тарих арқылы жасалады. Тарихсыз дінді де, ділге қажет құндылықтарды да жүйелі  түрде игеру мүмкін емес. Қай ғасыр болмасын қоғамның рухани тереңдігін сақтау әрі нығайту үшін жүргізілетін идеологиялық жұмыстардың салмағы тарихтың тәжірибесімен таразыланып отыруы тиіс. Тарихты білу, жүйелі түрде оқытып, үйрету арқылы ғана халықтың жан-дүниесіне жақын, ұрпақтың танымы тілейтін құндылықтарды қоғам­дық ортада насихаттау жүзеге асады. Тарихты иманы дәрежесінде түсінген қазақтың тағылымында әрбір ата-ана, отбасы мемлекетке қызмет ететін жас­ты тәрбиелеп шығаруды парыз санаған. Ұрпақ тәрбиелеудегі ең басты қару тарих тағылымын үйрету болған. Қан мен ар тазалығын сақтап әрі рухын қорғап өмір сүру қазақ баласының ұлттық санасына айналған ұғым. 
Тарих – ұлттың зердесін қалыптас­тыратын  білім. Мемлекеттің страте­гия­лық философиясын, яғни, адам мен қоғам проблемасын қатар зерттейтін әлеуметтік философияны дамытуды көздеген мемлекеттер, алдыменен тарихты зерттеу арқылы қоғам дамуының жүйесін, үлгілерін жасап кеткен. Бұдан шығатын ұғым, кез-келген мемлекет өзінің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуын қамтамасыз етуде, адыменен қоғам мен адам болмысын нығайту үшін тарихын сақтауға мән беріп, әлем елдерінің тарихын зерттеуді ерте қолға алған. 
Ата-бабаларымыздың тәжірибесінен көріп отырғанымыздай, ұлт рухания­тын­дағы тарихи ұғымдар ұрпақтың тарихи түсінігін (тарихи сананы) қалыптастыруға ықпал етеді. Ғылым мен ақпараттық технология ғасыры кезеңінде, байлығы мол мемлекеттер үшін халықтың тарихи түсінігі қоғамның болашағын шешетін күш. Бұлай дейтін себебіміз, әлемдегі ғаламтор желісіндегі өткінші әсері мол сананы бұрмалайтын ақпараттардан  тарихи түсінік, тарихи білім және ұлттық сана арқылы ғана ұрпақты қорғай аламыз. Ұлттық санасы биік адам адаспайды. Ұлттық сана тарихи түсініктен шығады. Тарих тағылымы арқылы дәстүріндегі, діліндегі ерекшеліктерді ұғына алған тұлға өзіндік көзқарасы  арқылы (рухы) түрлі ағымдардың жетегінде кетпейді. 
Алаш зиялыларының жүйелі ізденістері, ортақ көзқарастары ұлттық білімді, ұлттық сананы күшейтіп, өткен ғасыр басында халықты қауіп-қатерден сақтауға қызмет етті. Алаш зиялылары 1913 жылы «Қазақ» газетінің  алғашқы сандарында жарияланған «Қазақ тарихы» жөнінде жазылған мақалада, «Қазақ ішінде әр үйдің ота­ғасысы, әр ауылдың ақсақалы тұрған бір шежіре. Бұрынғы өткен кеткеннен естіген білгені болса кейінгі жастарға соның бәрін айтып отырады» – деп ұлттық тәрбие ісінде әрбір қазақ қоғамындағы ата-ананың міндетін атап көрсеткен [1.16 б.].  Адамның  қоғам алдындағы жауап­кершілігі отбасындағы тәрбиеден бас­талады. Тарихи білім арқылы жастың санасын, ой-өрісін қалыптастыру ата-ананың мемлекетке тигізер көмегі болып есептелмек. Өйткені, ел мүддесіне қызмет ететін мемлекет азаматы алдыменен отбасынан тәрбиеленіп шығады. Тәрбиесі күшті, ой өрісі биік қазақ жастарының тәуелсіздікті қайтару жолындағы ізденісі тарихтағы ата-ананың да қоғам алдындағы жауапкершілігін айқындай түспек. 
Зиялылардың ел, ұрпақ алдындағы міндеті қоғамға адал, ұлттың рухани дүниелеріне қамқор болуында. Ұлттың рухани дүниелері ұрпақтан ел азаматы болуды, адалдық пен білімді талап етеді. Осы екі нәрсені қадірлей білген адам ғана ұлт руханиятының өрісіне еніп, қасиетін иелене алады. Ой өрісі кең, діни сауаты мол, санасы биік, түсінігі терең адамның қадір-қасиеті жөнінде әл-Фараби бабамыз, «Білім, яғни, ғылыми мұра қалдырған адам өлгеннен кейін өз қамы үшін ғана қарекет еткен адамнан қадірлі, білгіш, көреген болады. Өйткені, көп мал, мүлік күйттеу ғылымға кесірін тигізеді. Сондықтан, мұра қалдыру дүниеауи қам-қарекетке қарағанда абзал да қадірлі, ол ғылымға кесірін тигізбейді» [2. 703 б.],  – деп жазған еді. Мәдениетті елдерде ұлттық мүдде, тарих, дін, философия, ғылым кез-келген адам жақындай бермейтін, жауапершілігі зор дүние. Әл-Фараби данамыз айтқандай, халыққа пайдасы мол ғылыми мұра қалдыру ғылыми атақ алып, атақты болу емес. Ұлттық санасы биік, қабілетін ерте шыңдаған (халыққа жаны ашып) тарихтың тағылымын білу арқылы жан-жақты білім мен ақыл-парасатқа ие кез-келген адамның іс-әрекеті (ізденісі), шығармашылығы (жазған дүниелері) ғылыми мұра болып саналады. Бұны айтып отырған себебіміз, қай уақытта болмасын елдің зиялылардан талап ететіні халыққа жөн сілтеп, басын біріктіретін идея мен ортақ тұжырым. 
Ұлттық сана қоғам кеңістігінде ұлт болмысының және ел мүддесінің қажеттіктеріне сай шындық пен жалғанды ажыратып, халық ішінен нағыз талант иелері мен білімділерді шығарып, оларға бағыт көрсететін құбылыс. Ұлттық санаға қатысты Міржақып Дулатов былай деп жазып кеткен «Бір кісі бір іске жарайтын болса да аз болмас. Халыққа қызмет етемін деген кісіге бәрі бір. Депутат бол, газет шығар, бала оқыт…өзгеміздің бәрі сай болып жалғыз депутатқа қарап тұрған іс жоқ. Халқың надан болса, мың депутатың болсын онан пайда тағы жоқ. Депутаттықты таңсық көріп, атағына қызығып яки бәсеке үшін баратын кісі болмасқа тиіс. Екі қазақ таласып, бір орысқа олжа болса, онан тапқан абыройға түбінде ие табылмай жүрмесін. Осыны әркім ескерсе екен» [1. 394 б.]. Халықтың жағдайын, елдің қажеттігін биіктен қарағаннан, халықтың ішінде жүріп көрген ұтымды. Әлеуметтің, әлеумет мүшесі әрбір адамның көңіл күйі халықтың ішінде ғана жүргенде білінеді. Биікте тұрып қоғамда болып жатқан нәрсені адам көрсе де, оның ішкі жағдайына үңіле алмауы мүмкін. Осы себептен, тарихта қазақ зиялылары халықтың ішінде жүріп, тікелей елдің мәселесін көтеріп, оны шешудің оңтайлы жолын халықпен бірлесіп іздеген. 
Әрбір тұлғаның мемлекет алдындағы жауапкершілігі халыққа оның қызметі арқылы тікелей бетпе-бет көрініп отырады. Ұлт ісіне келгенде зиялылар арасында бақ таласы деген жоқ, олар халыққа үлгі болу үшін өздерін елдің алдында кіші санаған  және  кішілікті кісілігімен көрсете білген. Осының салдарынан мемлекетке, елге жақын болу дәстүрге айналады, жастар қашанда зиялылардың соңына ереді. Тарихтағы қазақ жастарында сенімі, түсінігі, сезімі арқылы қоғамнан оқшаулану, әлеуметтік ортада өгейлену жоқ. Себебі, халықтың ұлттық санасы зиялылардың қызметімен нығайып отырған. 
Тәкәппарлық тарих түгілі, халыққа да жүрмейді. Халық игілігіне бағытталған кез-келген істің басында тұлғаның елдігі ашық түрде көрініп, халықтың ішкі дүниесіне жеткенде ғана қоғамға деген сенім, жанашырлық, өмірге деген білім қалыптасады. Алаш зиялылары ұлттық сананы көтеру арқылы жұрт ісін дамытуды көздеді. Олардың ұғымында кез-келген ел игілігіне бағытталған іс жүзеге асу үшін алдыменен әлеуметтік ортада ұлттық идеяның жалғасуына, ел болмысының бойына тарауына ықпал ететін интеллектуал адамдар болуы қажет. Халық өзінің төл дүниелерін иеленіп, өз-өзіне келгеннен кейін ғана жаңашылдыққа бейім­деліп, жаңа дүниелерді қабылдай алады. Жүсіпбек Аймауытов «Ұлтты сүю» мақаласында: «Кейбір оқығандар да қара халықтан бойын аулаққа салғысы келіп, қызыққа салтанатқа салынғысы келетін салқындық ірілік мінездердің ұшығы сезіледі. Адам шалдуар нықысының әні­мен кетсе, өзін-өзі тергеуге алмаса, жаман мінезінен тыйылып, жақсы жағын тәрбие қылмаса, бұзылып кетуі оп-оңай. Меніңше, қара халықтан жиренгендік, ірілік – ұлтын сүюге, мұқтажын, сырын білуге жиһат қылмағандық деп білемін. Бұл мінез Николайдың шенеуніктеріне еліктеген болып табылады. 
Орыстың білімін алуға, өнерін бі­луге, жақсы жағын жаттауға еліктеу – дұрыс та, кәпірлігін, мақтаншақтығын, рақымсыз, қызықшыл, қалташыл, антшыл, «суық» шенеуніктігіне еліктеу, ақ­сүйек болуға, салтанат түзеуге, тұр­мысын, жүрісін, үй ішін жат түрге салып, қазақтан қашыртуға еліктеу – үлкен мін, кемшілік. Бұ жағынан оқығандар арына төрелетіп, сақ болуы керек. Осындай әдетті күшейтуге себеп болатын күншығыс халқының табиғатында тағы бір мінез бар. Ол: антқұмар, зина құмар, әйелшілдік, адымын алыстатпайтын ұсақтық, қайратсыздық, жалқаулық. Көңілдегісі болмаса біздің тұқымдар тез табаны қайтып, қажып қалады. Мақсатының жолына құрбан болуға шыдамайды.
Ақтығында айтпағым: оқығандар өзін өзі тәрбие қылу керек. Қара халықтан жиренбей, жақын жүріп, сырласып, мұң-мұқтажымен таныс болып, өз ұлтын сүюге, халыққа өзін сүйгізуге жиһат қылу керек» [3. 5 б.], – деп тұжырымдаған еді.
Ұлттық санасы биік ел бір жағадан бас, бір қолдан жең шығарып үлкен жетістікке жетеді. Елдігімен біріккен халыққа, саналы әрекеті мол ұрпаққа мұратына жету оңай. Себебі, бұндай қоғамда елді аяғынан шалатын кері тартпа әдеттер болмайды. Тарихпен ой бөлісетін, ұлттан өзін кіші санайтын, ұлттың дүниелеріне жауапкершілікпен қарап әрекет ететін жастар қатары көп болады. Тарихтың тағылымын қадірлеп, одан керегін ала алатын, діні мен діліне адал жұрт қоғамының болашағын өз болашағым деп қабылдайды. 
Қай заманда болмасын қазаққа діні мен ділінен адасу жат нәрсе. Тарихқа тереңірек үңілген адам қазақ болмысының шеңберінде ұлттың дүниесіне айналған тарих, дін, дәстүр, мәдениет, әдебиет, тәрбиенің бір-біріне қарсы келмегендігін жете түсінеді. Ұлт ісіне қызмет етуден жалықпаған, еткен еңбегі үшін есептеспеген, барлық дүниесін ұрпағына тарту еткен қазақ тұлғаларының бойында рухани тереңдік жатыр. Бұл тереңдіктің басында ұлттық сананы кемел биігіне жеткізген имандылық пен діни білім бар. Қазақтың ұлттық деңгейінен қарасақ, ұлттық сана дегеніміз елдің өткен тәжірибесі мен өзінің бойындағы бар мүмкіндігін (адамгершілік, қабілет, білім) қатар иеленіп, қоғамында орын алып, өзекті болып отырған әлеуметтік мәселелерге жауапкершілікпен қарайтын, жеке басына ие және қоғамын игілікке жетелей білетін, өз болашағына жауапты, ел болашағына ізгілік әкелетін нәрселерді танып, иелене алған адамның түсінігін, ұғымын, ой өрісін, іс-әрекетін айтамыз. Елге пайдасы мол істерді тындырып, ұрпақтың басын біріктіріп, ұлттық мүддеге жұмылдыратын идеяларды (мұраларды) қалыптастырған зиялылардың рухани деңгейі (интеллектісі) уақыт өте ұрпақтың ұлттық санасына айналып отырады. «Дүниедегі әділ сыншы халық пен тарих» деп алаш зиялылары жазып кеткендей, құбылмалы, жалған әрі жасанды нәрселерді тарих қабылдамайды. Тарих қабылдамайтын нәрсені кейінгі буынның танымы да қабылдай бермейді. Сондықтан да, ұлттық сана әр ұрпақтың ұлттық мүдде деңгейіндегі ойлау жүйесі, ұрпақты ұлт ретінде біріктіруші құбылыс, даналық білімдердің, тәжірибелердің, құндылықтардың ұлттың рухани әлеміндегі бірігуі. Осыған байланысты әл-Фараби мемлекетіне қызмет ететін адамның бойында болуы тиіс қасиеттерді былайша сомдаған: «болмыс мінсіздігі, әлеуметтік ортаға бейімділік, түсінік, ел жағдайын түсіне білетін және зерделей алатын қабілеттің, есте сақтау қабілетінің болуы. Алғырлық, аңғарымдылық, сезім­талдық, ақылды болу, сөзге шешен, өнер, білімге құштарлық,  жалықпайтын, ізде­не білетін, еңбекқор, қиындыққа төзімді, барлығын ақылмен зерделеп, сабырмен қабылдайтын мінез, ұқыптылық, үлгерімді, қанағатшыл, ар-намысы, ұяты мол, иманды, шыншыл, рухы биік, елін сыйлайтын, тектілікті сүйетін, тарихты білетін, ізгі нәрселерге ғана ұмтылатын, оңай олжа табуға жирене қарайтын, әділетті, шынайы, қайырымды, рақым­шыл, ақ көңіл, зұлымдығы жоқ,  кез-келген жағдайда дұрыс шешім қабылдай білетін, батыл, ержүрек адам» [2. 702-703 бб.]. Ғұлама жоғарыда аталған қасиет-сапаға ие адамдар ғана зиялылар қатарынан көрінетіндігін айтып кеткен. Ойшыл зерделеген, жеке адамды, халықты жақсылыққа бағыттайтын игі қасиеттерді қазақ ұлтының ұлттық тәрбиесінің, тарихы мен тұлғаларының бойынан табамыз. Жоғарыда айтып өткеніміздей, ұлттың төл тарихы өткен дәуірдегі халықтың адамгершілік қасиеттерінен, қабілет пен даналықты қадірлеген ұрпақтың рухани қызметінің рухынан туындайды. Ұлттық сана сақталған ортада ғана осы игі қасиеттер ел өмірінде жалғасады. Ал, мемлекет болмысының рухы осы игі қасиеттерден күш алары даусыз. Қоғамды әлсірететін, жастарды қоғамнан оқшаулайтын, халықтың сенімін жоятын теріс нәрселер ұлттық санасы биік қоғамда өмір сүрмейді. Тарихи уақыттың аумалы-төкпелі жағдайына, құбылмалы мінезіне қарамай қазақ елінің басын бірік­тірген, ұлттың рухын, қоғамның ішкі рухани өрісін сақтап отырған Әл-Фараби сомдаған кісілік қасиеттердің, ұлттық сана негізінде жеке адам мен ел болмысының бойында ұялайтындығын ескерген жөн. Ұлттық тәрбие, жақсы мінез, халықты, тарихты, ұрпақты құрметтеу, дінді таза ұстау, білімді, еңбекқор, адал болу сынды игі қасиеттер дінімізде де айтылған. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Хадис­терінде айтылған даналықты қазақтың әрбір отбасы парыз деңгейінде түсінген: «Балаларыңызды құрметтеңіздер, олар­дың әдептерін жақсартыңыздар, оларды жақсы тәрбиелеңіздер», «Ешбір әке баласына жақсы тәрбиеден артық сыйлық берген болмайды», «Кісінің баласын жақсы тәрбие етуі, садақа бергеннен жақсы».
Халқымыздың тәрбиесін өскелең ұрпақтың бойына терең сіңіріп, дін мен дәстүрдің мәнін әріден ұғындырғанда мемлекетшіл санамен қаруланған жас­тар көптеп қалыптаспақшы. Тарих, дәстүр, дін, мәдениет, өнер қоғамдық ортада адам болмысының мемлекеттің мүддесіне сай қалыптасуына қызмет етеді. Ұлттық мүдде талабына сай өмір сүруге дайын адамның өз болашағы, қоғам, жаңа уақыт алдындағы міндеті қоғамына қажетті, оның игілігіне айналатын білім түрлерін иеленіп, құндылықтарды қалыптастыра білу. Бұл қазақ жырауларының да, ойшыл ғалымдарының да негізгі ұстанымы болды. 
Тарихтың атын жамылып, жалған мінезге салынып, ұлттың идеясын бұрмалап елге жанашыр болып көріну дұрыс әдет емес. Қолда бар нәрсені қадірлеп, барды сақтап, жоқты біліміңмен, өнеріңмен түгендеу, елдің қай жағынан болмасын ілгерілеп дамуына пайдаңды тигізу алаш зиялыларының айтып кеткен өсиеті болатын. Алаш зиялысы Жүсіпбек Аймауытов жазып кеткендей, «Қазақ күнелту жағының мәдениетінен мешеу қалса да, ақыл, қиял, сезім жағына, білім тілімен айтқанда рух мәдениетіне кенде емес…Қазақтың жерінің астында асыл қазына, кен байлығы мол деп аңыз қылысады. Сондай мол қазына қазақ елінің ішінде де жатыр. Ол не десеңіз әдебиет, ән-күй. 
Күн көру тәсілін сырттан жұқтырып, үйрене беруге болады. Рух мәдениетін бөтеннен қарызға ала беруге болмайды. Алса да, халықтың көкейіне көпке дейін қонбайды. Ендеше, өзімізде бар дәулетті жарыққа шығарып, іске жаратуға талпыну керек» [4. 222 б.]. Елдің басын біріктіретін ұлттың төл мәдениеті, құнды­лықтары. Мемлекеттің басты байлығы ұрпақ, халық болса, халықтың байлығы руханият. Мыңдаған жылдар бойы халықтың рухани қасиеттерінің, қызметінің негізінде қалыптасқан дүниелері. Өзіңде бар дүниені игеріп, заман талабына сай іздене білу қоғамыңды өркениетке жеткізеді. 1918 жылы Мұхтар Әуезов «Абай» журналында жарық көрген «Қазіргі қазақ күйі» атты мақаласында: «Қазақтың ішінде арқалы жуан бар, әлсіз нашар бар. Зорлықшыл, жылатып жүрген қиянат, тізе жуанды көріп жылап жүрген бар. Осы күйлердің бәрін басшы жаттап алып, әр қашан естен шығармауына керек. Қиянатшыл, көптігін, жуандығын құрал қылатындарға оқыған басшының еш рахымы болмауы керек. Шын ел болатын көпті бауырға тарту, есеге жеткізу керек. Қашан болсын, жұрттың жұрттыққа шығуына әуелі сол жұрттың өз ішіне тәртіп кіріп, бұрынғы жаманы жойылып, орнына жақсы жаңалықтар кіруіне керек», – деп жазған еді [5. 3-4 бб.]. Ұлттық сана ұрпақтан ауызбіршілікті, еңбекқорлықты, адамгершілікті, терең білімді,  адалдықты талап етеді. Ұлттық сана ұрпақтың мәдениеті мен тарихи дүниелеріне, діліне ие болып әрі заман талабына сай икемделіп (ғылымды меңгеруді) өмір сүруін қалайды. Тарих­тағы қазақ тұлғаларының тағылымы ұлттық санасы жоғары, рухы биік адамның елдің абыройын ойлағандығын дәлелдейді. Барға қанағат етіп, арға ұмтылу, өмірдің мәні адамгершілікте, еңбекте, білімді болуда деп түсіну зиялыларымыздың ізгі қасиеттерінің бірі. Осы бір келелі мәселені тереңнен ұғыну бүгінгі ұрпақ алдында тұрған міндет. Жүсіпбек Аймауытов жазып кеткендей: «Қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек. Орыс тәрбиесін ал­ған бала ұлт қызметкері бола алмайды» [3. 5 б.]. Алаш зиялыларының мұра­ларынан түйеріміз, жаңашылдыққа ел болып жұмылған дұрыс. Бірақ, елді жаңашылдыққа жетелейтін, қоғамда ғылымның дұрыс дамуына, жастардың ғылым жолына түсуіне  ықпал ететін зиялы ғалымдардың ел ішінен тәрбиеленіп шығатындығын ескерген жөн. Ұлттық санасы биік, терең білімді адам ғана ел игілігіне қызмет етеді.  Ұлттық сананы биікте­тетін тарих даналығы. 

Пайдаланылған әдебиеттер:
 
1. «Қазақ» газеті / Бас редактор Ә. Нысанбаев. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998. – 560 бет.
2. «Түркілік тәрбие» антологиясы. – Алматы: Интеллсервис, 2013. – 1004 –бет.
3. Аймауытов Ж. Ұлтты сүю // Ақиқат. – 2013. – №6. 4-5 бб.
4. Аймауытов Ж. Бес томдық шығармалар жинағы. 5-ші том. Алматы: Ғылым, 1999 ж.
5. Әуезов М. Қазіргі қазақ күйі // Ақиқат. – 2013. – №7. 3-4 бб.

 





Пікірлер: 3

  1. Бейбіт says:

    Орыс тәрбиесін алған қазақ баласы өскенде не қазақ емес, не орыс емес, мақұлық болады!!!

  2. Дәурен says:

    Осы орыс тәрбиесін беріп, орыс менталитетін алға тартып, мажақтауды, үлгі еткенді қоятын түріміз жоқ. Қазір балаларын орыс мектептеріне беруге ұмтылатын қандастарды жиі көремін. Өзімізді қашан тәрбиелейміз? Қашан еліктеуден арыламыз?..

  3. Азат says:

    Жақсы жазылған екен!

Пікір қосу