Қазақ бәсекеге қабілетті ҰЛТ па?

  • 10.01.2017
  • 235 рет оқылды
  • 3

Мәулен Құдайқұлов, профессор,
Жақан Молдабеков, профессор,
Мәулен Әжіқанова, экономист

Қабілеттілік туралы мәселе – ең күрделі де маңызды әлеуметтік-ғылыми проблемалардың бірі. Оның сипаты мен заңдылықтарын, түрлері мен жетілдіру жолдарын адамның іс-әрекетімен (қаре­кетімен) және мақсат-мұратымен байланысты зерттеумен философтар мен экономистер, психологтар мен педагогтар ұдайы ұзақ жылдар бойы шұғылданып келеді. Қабілеттілік – адамның әлеуметтік-психологиялық күйі­нің ерекше  қуатты әрі қасиеті. Қабі­леттілікті дамыту қажеттіліктен → мотивтен → қызығушылықтан → темпераменттен → мінез-құлықтан → мақсаттан → қа­рекеттен туындайды. Оның пси­холо­гиялық-танымдық негізі сезіну, қабылдау, елес, зейін, ес, қиял, ойлау, сөйлеу, қарекет сияқты оның құрамдас түрлерінен және түрлі жүйесінен түзі­летіні белгілі. Тұлғаның қабілетті қыз­меті аталынған қасиеттердің функционалды жүйесінің жиынтығынан құ­ра­лады. Функционалды қызмет алуан, құбылмалы. Десек те, ол адам бол­мысының а) белсенділігіне, еңбегінің өміршеңдігі мен өнімділігіне, ә) табиғи және тарихи-мәдени ортаға бейімделу мүмкіндігіне, б) өзін-өзі жетілдіру тәсіл­деріне тәуелді. 


Осыдан, қабілеттілікті басты бағытта және түрлі деңгейде үнемі жетілдіру, дамыту аясында қарастыру, бағалау – өмір сүру мен кәсіпқойлықты ұштастыру  қаже­тінен туындайды. Оны дамыту ұдайы ізденуге, жаттығуға, үздіксіз өздігінен оқу, жетілу құрал-жабдықтарына байланысты. Қабілеттілік қағидасы баланы тәрбиелеу, жастарға мамандық таңдау, отбасының жақсы өмір сүруі, жеке адамның және әр фирманың даму бағыттарын айқындау, еңбеккерлерді шеберлікке тәрбиелеу, әр­кім­нің қызыққан қиялына талпындыру стимулдары мен тәсілдерінен демеушілік  табады. Оны жетілдіру жаңа заманда, өркениет деңгейіне орай, жеке компания мен мемлекеттің бәсекелестікте озып шыққандардың арасында айқын білінеді, жүйесін табуда, әрі нәтижелі пайдаланылып келеді. 
Қабілеттілік әр адамда сан алуан формада байқалады. Қабілеттілік пен дарындылық қасиет ешқашан да адамды еңбек етуден босатпайды, керісінше, көп еңбектенуді, творчестволық ізде­нуді, білімділік пен біліктілікті, аса төзімділікті қажет етеді. Қабілетті адам­дар мен таланттылар әрқашан да күшті ерік-жігердің иесі болатыны осыған байланысты. Ол туралы кәдімгі түсінік қазіргі жа­һандану дәуірінде әрбір мемлекеттің немесе компанияның инновациялық эконо­микалық шапшаң дамуына байланысты тезірек қалыптасып, ертерек тарауда. Бү­гін­гі прогрессивті де интенсивті ортада бәсекелестікке қабі­леттілік деген жаңа ұғым өзекті өлшемге айналуда. Осы тұр­ғыдан, адамдардың же­тілу дәрежесі, жеке фирмалардың табысы, мемлекеттердің даму деңгейі олардың бәсекелестік қабілеттеріне байланысты өлшеніп, анықталатын болды. Сондықтан, осы кезде әр мемлекеттің экономикалық қуаттылығы «бәсекеге қабі­леттілігі нашар халық», «даму жолына түскен ел», «дамыған мемлекет» деп жаңаша айтылып нақтылануда.   
Тарихи талдаудың негізінде, қазақ халқының генеалогиялық тарам­да­ры­­ның қысқаша мынандай жүйеде түзілгенін аңғарамыз: ежелгі тайпалар (малшы, егінші, өндіруші тайпалар), парсы тайпалары, Монғол қағанаты, түрік тілдес скифтер, Үйсін, Қаңлы, Түркеш ұлыстары, Қазақ хандығы, Орыс импе­риясының отаршылдығы, дербес Қазақ мемлекеті. Қазақтың ұлттық дамуы қауым­дастық, тайпалық, ұлыстық, ру­лық формалардан өтіп, қазіргі рухани татулық пен тәуелсіз мемлекеттік дең­гейге жетуде. Бітім мен бірлікке деген қабілеттілік әлеуметтік-мәдени өріс ал­ған соң, қазақ халқы тарихи тамырлары терең, табиғи сұрыптаудан өтті,  оның берік қабілеттілігі шыңдалған дербес ұлттың болмысын тұтастай, халық­аралық деңгейге айналдыруда. Осындай, ерекше жағдайда қазақ хал­қы үнемі күн­көрісті жақсартуға және молырақ табыс табуға ұмтылды, өзінің ұлттық қабі­леттілігін арттыруға ұдайы мән берген әлеуметтік-психологиялық ортаға ай­налды. Бұл үрдісті ықшамды түрде үш сег­менттік үшбұрышты модель түрінде сипаттаған жөн сияқты. 
Үшбұрыштың  бірінші – бүйір қа­бырғасы мал өсі­ре білуді, екін­ші – бау, егін өсі­­руді, үшінші – үш­бұрыштың та­баны – өнерді, сау­даны, жары­су­ды т.т. дамытуды мақсат ет­кен деп түсінген абзал. Мұның негізінде қа­зақ­тың «өмір – жарыс», «араласқан өз­ара таныс» дүниетанымы қалыптасты, әлі де қалыптасуда. Бұған дәлел ретінде қазақтың түрлі өнерпаздық қабілеттілігін (киіз үйді, бесікті, қобыз-домбыраны, ат­тың әзел-абзалдарын жасауды, мың­да­ған ән күйлерді, ою-өрнектерді, айтыс-жыр­ларды шығаруды…) ерекше атап ай­туға болады. Кезінде қазақ халқы ондай жаңа­лықтарға еуропалықтар сияқты патент алуды құнттамаған. Соңғы жылдары қазіргі қазақтар көп тарифті электр есептегішке, SMART бесікке, қымыз-қымыранға… патенттер алуға дағдыланып келеді.
Қазақтың көптеген жаңаша өнімдері (ұлттық тағамдары, киімдері, түрлі әше­кей бұйымдары, өндірістік тауарлары) және салт-дәстүрлері (баланы бесікке бөлеу, көкпар шабу, қыз ұзату, жаңа түскен келінге отқа май құйғызуы т.т.) әлемдік брендке айналуда. Ендігі қазақты бәсекеге қабілетті халық деп атап жатуы тегін емес. Оған негіз де бар.
Жан-жақты талдаудың нәтижесінде қазақ халқының қабілеттілік қасиеттерін сипаттайтын 20 көрсеткішті (1-кесте) теріп алдық, олардың ішінен маңызды деген 10 қасиетті таңдап алуды біз іріктеп алған 14 мамандарға (2-кесте) ұсындық, ондай эксперттік талқылаудың негізінде негізгі 10 көрсеткіш (3-кесте) есептеліп-екшеленіп шығарылды. 14 эксперттік мамандар қазақтың қабілеттік деңгейінің дәрежесін (орташа мәнін) (3-кесте) көр­сеттік, мұндай алғашқы зерттеушілік әре­кетіміздің нәтижесінде, «қазақтың тұр­мыстық бейімділігі», «ұлттық тәлім-тәр­биелік болмысы», «ұлттың денсаулық деңгейі», «өзара татулықта болу» сияқты қасиеттер «жақсы» (4) деген жоғары бағаға (4 балдан астам) ие болды, ал, «ұлт­тың ғылыми-техникалық дәрежесі», «білім сапасы» секілді көрсеткіштердің төменгі деңгейде (3 балдан аз) қалып келе жатқаны байқалды. Қазақ халқы бітімгерлік құндылықтарын оған жет­кізе­тін құралдардан жоғары қойғаны мәлім. Ол тегін емес. Жалпы алғанда, қазақ ұлтының бәсекеге қабілеттілігінің деңгейі ортадан жоғары (3,67 балл) деп бағалауға болатындай. Әрине, бұл арнайы зерттеудің алғашқы нәтижесі ғана деп түсінеміз. Біздіңше  Қазақстанның әлемдегі 200-ден астам елдердің ішінде даму дәрежесі 50-ші орында тұрғаны бекер емес. Оның терең әлеуметтік-рухани және адамгершілік негіз­дері бар. Кейінгі эволюциялық өзге­ріс­тер туралы басқа  зерттеушілер өз пікірлерін білдіре жатар.
Қазіргі кезде Лозанна қаласындағы (Швей­­цария) халықаралық менеджмент инс­­­­титу­тының бірнеше жылғы зерттеулері көр­­сеткендей жаһандық деңгейде, бәсекеге қабі­лет­тіліктердің алғашқы бес орнына Швей­цария, Сингапур, АҚШ, Германия, Ни­дер­ланд мемлекеттері ие болып келеді. Ен­дігі Қазақстанның алдағы маңызды мақ­саты – 2050 жылға дейін бәсекеге қабі­летті әлем елдерінің тізімінде 30-шы орын­ға көтерілу. Ол үшін өркениеттіліктің жа­ңа факторларының рөлін – жаппай индус­триа­лизацияны, кәсіп­керлікті, ауыл шаруа­шылығын дамытудың инно­вациялық қар­­қынын, ғылым-білім сапа­сын, жол қаты­настарын, халықтың денсаулығын көте­руіміз қажет. Осы мақсатта Елбасы көр­сет­кен 100 қарқынды қадамды іске асыру жолында қажырлы еңбек етудеміз. Адамның ішкі және сыртқы әлемінің қозғаушы күш­тері мен себептер теңдігін орнықтыру барысында  қазақ халқы интеллектуалдық сапалы ұлтқа айналмақ. 
Бүгінгі жаһандану үрдісінің жай-күйін тереңірек және ауқымды тану, жан бері­сіп, жан алысып жатқан аласа­пыран бәсекелестік дүниенің қоз­ғау­шы және бүлін­діруші күштердің бастауын айқындай білу, кедергілерден суыртпақтап сыр тартып ұғу – қазақ хал­қы үшін өмірлік мәні өлшеусіз зор әлеу­меттік қажеттілік болып отырғаны баршаға мәлім.     Қазақтың арғы тегі Күл­те­гін бабамыз «қазаққа азаттық пен ағар­­тушылық керек екен» деп, терең ойлап, ұрпағына мәңгі ескерткіш ретінде қазақтың қайсарлығын, өжеттігін, батыл­­дығын тәлім етіп, тасқа қашап, жазғанын тағы да еске алайықшы. Сол тастағы  жазуды пайым­дасақ, ер жүрек бабаларымыз түнде ұйықтамай, күндіз тыным таппай, байтақ жерін көз салған жаулардан қорғағандығы, қолдағы барды сақтағаны байқалады. 
Қазақтың азаттығы үшін мыңдаған шай­қастарда  ата-бабаларымыз  ұлы дала жерін жүз­деген дұшпандардан  қорғап қалғандығын білеміз. Осындай еліміздің дербестігі үшін соғыстарда әйгілі Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай сияқты батырларымыз танылып, тарихымызда өшпестей із қалдырғаны мәлім. Білектің күшімен, най­заның ұшымен елді, жерді қорғай білген батырлармен қатар, тоқсан сөздің түйінін шеше білген Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би секілді абыздарымыз сөз құдіретімен де талай қақтығыстардың бетін қайтарған. Қазақтың байтақ жерін қорғау жолында тарихымызда 120-дан астам қағандар мен он­даған қазақ хандары басшылық жасай білген. Сондай, қиын қыстау кезеңдерден өтіп, осыдан 550 жыл бұрын Жәнібек пен Ке­рей Қазақ хандығын ұйымдастыра білді. Қазақ хандарының ішінде атақты Қасым хан, Есім хан, Тәуке хан, Абылай хандардың зор еңбектерін де ерекше атап өтуге болады. 
Ұлы дала Қазақ жерінде архео­логия­лық зерттеу негізінде, қазақ же­рі­нің әр түкпірінен ежелгі алтын адам­дардың киімі табылып жатқандығы қазақ халқының бұрыннан-ақ өнер мен технология жаңалықтарын игерген, ке­зінде бәсекеге қабілетті болғандығын аңғартса керек.    Ешқандай музыкалық сауат ашпай-ақ, феномендік қабілетін таныт­қан Құрманғазы, Дина, Тәттімбет сияқты күйшілер жүздеген балбыратар, жылатар күйлерді таба білгендігі олардың жоғары күйшілік деңгейін, ұлттық рухани бай қазынасын көрсетсе керек. Орыс ойшылы Г.Н.Потанин қазақ жерінің әрбір бұтасы мен жайқалған жасыл желегі ән салып, күй шертіп тұрғандай деп бейнелесе де бекер айтпағандай.
Қазақ халқын сауаттандыру мақсатында Ахмет Байтұрсыновтың, Ыбырай Алтын­сарин сияқты ағартушылардың ерен ең­бек­тері елдің сауаттылығы мен бәсекеге қабілеттілігін көтере білуде елеулі үлес қосты деп мақтанышпен айта аламыз. Орыстың отаршылдық жылдары А. Құнанбаевтың, М. Әуезовтың, І. Есенберлиннің, Е. Бекмұханов сияқты зиялылардың тарихи-әлеуметтік ең­бек­тері қазақ халқының бәсекеге қабі­летті екендігіне күшті дәлел бола алады. Бұрынғы дәуірдегі маңызды тоқтам-түйіндер қазақтың ежелден келе жатқан тектілігі мен қайсар қасиеттерінің қайнар көздерін ашқандығының айғағы. Тектілік – адамның қанында, жанында, рухани ұстанымында, елдік салт-дәстүрінде. Қазақтың қанында ежелден келе жатқан жеті атаға жетпей қыз алыспайтын қан тазалығымен келе жатқан қабілеттілік қасиет, тектілік саналығымыз бен қай­раттылығымыз әлі де жан-жақты зерт­теулерді қажет ететіндігі сөзсіз. Оны әр түрлі сала мамандары жалғастыра жа­тар.  Өйткені қабілеттіктің жетекші күштері де әрқалай, түрлі қоғамдық салада өз деңгейін әр қарқында көрсетуде.
Қазіргі кезде қазақ үні ғарышта да, Біріккен Ұлттар Ұйымының мінбесінде де асқақ естіліп, қазақ тілі көптеген шет елдерде оқытыла басталды… Бүгінгі таң­да тәуелсіз Қазақстан мемлекетін Ке­ңес одағында қираған үйіндіден аршып алып, жеке тәуелсіз мемлекет құра білген Президентіміз Н.Назарбаевтың ерен еңбек­терін халқымыздың бәсекелестіктегі белгісі деп тануға тұрарлық деп мақтанышпен атау­ға болады. Қысқартып айтсақ, Тәуел­сіздігіміздің небәрі 25 жыл ішінде бір-екі ғасырға тұрарлық секіріс жасағанымыз, қазақ халқының бәсекеге қабілеттілігінің жақ­сы айғағы емес пе?!
Олай болса, бәсекелестікке қабілет­тілік деген мемлекеттің алып­тылығы, ресурстарының молдығы немесе әскери-техникалық қуатының жоғары болуы емес. Ол – жалпы ішкі өнімнің пайыздық өсімі, жан басына шаққандағы үлестің көбеюімен бірге тұтас қоғамның әлеуе­тінің жан-жақты артуы. Оған экономика да, экология да, саяси тұрақтылық та, әлеуметтік игіліктер де, өнер де, мәдениет те, ғылым мен білім де, денсаулық сақ­тауы да, ғұмыр жастың ұзақтығы да, жұмыспен, баспанамен қамтылудың дең­гейі де, кәсіпкерліктің ашық әрі заңға сай жүргізілуі де, адамдар арасында өзара сенім мен құрметтің шынайы көрініс табуы да, жалпы қоғамның дүниедегі ең басты байлықтың – адам екендігін терең түсінуі жатады. Міне, осындай адами капиталдың бір қоғамда, оның саяси-экономикалық және әлеуметтік-мәдени жүйесінде шоғырлануы – бәсекеге қабі­­лет­тіліктің айдан-анық белгісін біл­діретіні айғақ. Әркім өз жұмысын адал, әрі жоғары кәсіби деңгейде жауап­кер­шілікпен атқарса, ол үшін үнемі ізденісте жүрсе, әлемдегі дамыған отыз елдің ортасынан орын аларымыз хақ. Сол мемлекеттермен және өзімізбен өзіміз үнемі жарыса жүріп, бәсекелес ортада жан-жақты дамып, өркениетке көтерілуіміз қажет. Ендеше, адами капиталдық қасиеттерге сүйеніп, жасампаздықпен еңбек ете білуді, әр ұлттың, жеке адамның, әрбір фирманың даму формуласы деп түсінуіміз тиіс. Демек, әнімізде айтылатындай «мақтанатын күн бүгін, шаттанатын күн бүгін…» деген әлем алдында мақтануымызға болатындай дәуренге жетер кез көз алдымызда елестейді.

Алдыңғы «
Келесі »

3 Пікір бар

  1. Тәуелсіздікке қол жеткізгелі біз нағыз бәсекеге қабілетті ұлтқа айналдық деп айта аламын. Әлемді мойындатқан тұстарымыз аз емес.

  2. Қазақтай ел қайда?.. Қайта басқа ұлттар бізбен бәсеке болуға ұмтылсын.

  3. Әрине,Тәуелсіздігімізді алған жылдардан бастап бәсекеге қабілетті екенімізді көрсетіп келеміз.

Пікірлерге тыйым салынады.