АЗҒЫН АДАМ – АЗҒАН НАДАН…

  • 10.01.2017
  • 981 рет оқылды
  • 2

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
жазушы

Өзегімізді жарып шыққан балаларға қиянат жасау былай тұрсын, «өміріміздің ертеңі, болашағымыз» деп бетіне жел болып тиюге арланатын ел едік. Бүгінде кімді, нені кінәларымызды білмей, басымыз шарадай болып отырған жайт бар. Қоғам ба? Адам ба? Заман ба? Осы үшеуін таразы басына қойғанда Адам басымдық танытатын сияқты. Өйткені, қоғам да, заман да адамзатты жамандыққа итермелемейді. Не де болса адамның ішкі мәдениеті мен арам ниетінен туындайды. Япыр-ау, періштедей жас балаларға жыныстық зорлық-зомбылық көрсету қай қоғамда болып еді? Мұндай масқараны бұрын естіп пе едік? Бесіктен белі шығып үлгермеген жасөспірімге қиянат жасау не деген сұмдық? Осыған қарап адамдар азғындап барады деп ой қорытсақ зиялы қауым бетімізге топырақ шашудан тайынбайды. Сол зиялы қауым сонда қайда қарайды? Ессіз есіріктер бүгін біреудің баласын, ертең жағалап оған да жақындамайды ма?


Рас, қоғам бұған үлкен алаңдаушылық білдіріп отыр. Жақында Маңғыстау облысының тұрғындары Мемлекет басшысына үндеу жолдап, педофилдерге қарсы жазаны қатаңдатуды сұрады. Жоғарыдағыдай жантүршіктірерлік жағдайлардың жиі орын алуы қаныпезерлерге арналған жазаның тым жеңіл екенін айтып шырылдаған олар татуласу, келісу арқылы мұндай сорақылықтарды «жабулы қазан жабулы» күйінде қалдыруға болмайтынын, есіріктерді түрмеге шықпастай етіп жабу, химиялық жолмен піштіру, тіпті шетел азаматтарына депортациялауға дейінгі шара көруді сұранып отыр. Қоғамды алаңдатып отырған бұл жағдайға Бас прокуратура да құлақ асқан сыңайлы. Келесі жылдан бастап педофилдерге қатысты жаза қатаяды екен. Біздіңше, бұл жазаны созбақтамай, бүгіннен, дәл осы минуттан бастау керек еді.
Хайуан да  мұндай  
қатігездікке бармайды
Сол бір айтуға ауыз бармайтын сұмдық оқиға қалай болып еді? Кешкі апақ-сапақта құнтақандай қыз тәтті бірдеңке жегісі келіп, үй іргесіндегі шағын дүкенге жүгіріп кеткен еді. Ымырт үйіріле бастағанда әке-шешесі қыздарының әлі де ойын қызығынан шыға алмай жүргеніне сеніп отырған-ды. Мына тұр­ған шағын дүкенге мың рет барып келетін уақыт болды. Қыз қайда? Үйден үрейлене шыққан әке-шеше ауладағы ойнап жүрген бірлі-жарым баладан қызды сұрағанымен олар көрмеген болып шығады. Енді, көрші-қолаң, ағайын-туыс жабылып қора-қопсыға дейін тінтігенімен, қыз таптырмайды.
Түнгі сағат 2-лер шамасында дүкенге кеткен қыздың өлі денесі табылды. Әке-шешенің ғана емес, оны тапқан адам­дардың да жүректері жарылып кете жаздады. Құзғын құмарлықтың құрты өн бойын шарпыған азғын балғын денеден тоят іздепті. Жүзінен сәби күлкісі кетпеген бүлдіршін қанға бөгіп жатты. Қорғаныш болар үлкендердің қанқұйлы әрекетіне қалай ғана төзді екен? Азғын айуандық әрекетін жасап жатқанда бейкүнә бала нені ойлады? 
Азғын алысқа да ұзамаған. Көрші үйдің сарайында сегіз жасар қыз балаға ойына келгенін істеген. Әбден азапталған оған қарау мүмкін емес еді. Қызды өлтіру үшін зорлықшы оның тыныс жолдарына топырақ тыққыштаған. Мұндай айуандықты кешегі фашистер де жа­са­маған шығар-ау.
Хайуан кейпіндегі азғын сол сарайдың иесі, үш бала өсіріп отырған 26 жастағы малғұн болып шықты. Егер, өз балаларына әлдекім осындай тағылық жасаса қалай шыдар еді?
Сегіз жасар қыз баланың аянышты өлімі бүкіл маңғыстаулықтарды дүр сілкіндірді. Итке ит өлім тіледі. Екі аяқты хайуанды тасаттық жасап өлтірмекші де еді, бірақ біздегі заң солқылдақтық танытты. Оны заң жүзінде жазалау керек екен. Оны сот шешімі ғана қаралай алмақ. «Мына Қытайдағыдай көпшіліктің көз алдарында дарға асып өлтірсе, құмарлық құрты кеміргендер азаяр ма еді?» дейді ғой баяғы.
Ауылдағылар түгел аза тұтты. Әлі есін жиып үлгермеген сәбидің аюдай хайуаннан зорланғаны аздай, ауыз-мұрнына топырақ тығып азалап өлтіруі кім-кімнің де төбе шашын шымырлатпайды ма? «Қасқыр да қас қылмайды жолдасына» дейміз. Сонда, мына екі аяқты жыртқыш қасқыр құрлы да бол­мағаны ма? Егер, қасқыр құтырып кетпесе өз үйіріне қастандық жасамайды. Демек, екі көзіне қан толған ол құтырынған болды ғой. Әйтпесе, хайуан да мұндай қатігездікке бармайды. Әрине, естіген жанның есін алар бұл оқиға қоғамды ойландыруы тиіс. Өйткені, мұндай жағдай тек Маңғыстауда ғана емес, республикамыздың өзге де өңірлерінде кез­десіп отыр және ол жыл өткен сайын көбейе түсуде. Сондықтан, мұндай сора­қылықтардың жолын кесіп, тамырларына балта шабу керек-ақ.
Ал, сегіз жасар бүлдіршінді қорлаған кім десеңізші? Ол осы ауылға басқа өңірден келіпті. Сауда жасап өз тіршілігімен айналысып жүрген қаныпезер қаражүректі қарапайым жұрт қайдан танысын?
Иә, арамызда кімдер жүргенін біле алмай­мыз-ау, біз пақыр.

Абзалы – құтырғаннан құтылған
Үндеуді оқып, танысқан Бас прокуратура көтерілген мәселелерге орай мәлімдеме жасады. Елбасы Жарлығымен биылғы 9 сәуірде жоғарыдағыдай қылмыстық әре­кет­терге қатысты жазаны қатаңдататын заң қабылданған. Онда жас балаларға жыныстық зорлау көрсеткендерді шартты түрде соттау, рақымшылық, мерзімінен бұрын түрмеден босату шараларын қол­дануға тыйым салынған. Педофилдер өмір бойы балаларға қатысты кез-келген қызметке орналаса алмайды. Бұдан былай жоғарыдағы аталған барлық шектеулер кәмелет жасқа толмағандарға қарсы зорлық әрекет жасағандарға да қолданылмақ. Демек, енді бұдан былай жас балаларға да, кәмелеттік жасқа толмағандарға да осы сипаттағы қылмыстық әрекеттері үшін айыпталғандарға ешқандай жеңілдіктер қарастырылмайды. Процестік келісімдер жасалуы да мүмкін емес. Расында, рақым­шылықтың өзі бойында аз да болса ұяты бар жанға жасалмай ма? Шын мәнінде «құтырғаннан – құтылған» абзал. Десек те, заңдылықты қадағалау органдарының мамандары осындай қатаң шараларға бару арқылы елімізде азғындардың азайғанын айтып отыр. Бірақ, жағдай дәл солай ма? Ендеше, жыл басынан бері неге 26 адам осындай тағылығы үшін сотталды? Сондықтан, «бәрі реттеліп жатыр» деп жайбарақат, алаңсыз отыратын заман емес. Сақтанғанды сақтайды, Жаратқан да.
Оңтүстік Қазақстан облысында жыл басында жасөспірімдерге қарсы зорлық жасамақшы болған 85 қылмыс тіркелген. 50 педофил есепке алыныпты. Тоғыз ай – 50 педофил. Осыдан-ақ жағдайды шамалай білуге болады емес пе? ОҚО ІІД-інде 105 педофил тіркеуде көрінеді. Олардың оңашада не істеп жүргендерін кім біледі? Ниеті арам адам түптің түбінде қастандық жасап жүрмейді ме?
Департамент қызметкерлері арам пиғылды қылмыстар Шымкент қаласының Еңбекші, Қаратау және Абай аудандарында жиі орын алатынын алға тартады. Шаттық іздеген де, шаруа күйттегендер де шаһарға шұбырып ағылып келіп жатыр. Олардың арасында шайтанойлы шұнақтар жоқ қой деймісіз. Қаны қарайған да, ниеті арам да сол қалың нөпірдің ортасында. Оларды танып, білу үшін рентгеннен де өткір аппарат керек.
Оңтүстікте Түркістан, Сайрам, Сары­ағаш аудандары киелі мекен, әруақты жер саналады. Түркістанда – Құл Қожа Ахмет, Сайрамда – сансыз баб жатыр. Сарыағашыңыз да әулие-әмбиелерден кенде емес. Солай бола тұра осы киелі жерлерде жын-шайтандар неге көп? Осы аталған аудандарда педофилдер неге көбейіп кеткен? Өкіндірері сол, олар қыздарды қойып, ер балаларға шабуыл жасай бастапты. Сорақылықтың сорақылығы ғой, бұл. Япырай, мына әлемді аппақ, кіршіксіз таза күйінде көріп, бағалайтын періште көңіл балалардың қылаусыз көңілдерін қаныпезерлер қалай ғана жаралайды екен? Бізде бар байлығымыз балаларға емес пе еді? Олардың бір сәттік шат күлкісі үшін ғұмырымызды қиюымыз керек қой. Ал, біз не істеп жүрміз?
Ойлан, адамзат! 

Сайтани сайттардан сақтанайық
Интернет деген «ит» шықты. Көрсет­пейтіні жоқ. Атыс-шабыс дейсіз бе, кісі өлтіру дейсіз бе, зорлық-зомбылық дейсіз бе, «темір жәшіктен» оңай табасыз. Көзін сығырайтып ашқалы көретіні осылар болған соң да бүгінгінің балалары ештеңеден тайынбайтын тірі тажалға айналды. Ана бір жылы Шымкентте жап-жас бала біреуді өлтіріп, бөлшектеп тастады. Қабырғаға өлтірген адамның қанымен әлденелерді жазған. Сол бозбаланы сотта сұрамай ма? Сөйтсе, бұл қаны бұзылған неме интернеттен көргенін істепті және істеген ісіне жүрегі бүлк етпеген. Қандай қорқынышты қылмыс жасаса да шіміркпеген. 
Бүгінде әлеуметтік желілерде жастарды суицидке бейімдейтін арналар, сайтани сайттар бар екені айтылып та, жазылып та жүр. Сириядағы сойқанға өз еркімен кетіп жат­қандарға да күмәнді желілер себеп екенін айтып, одан сақтандырып жатыр. Әйткенмен, теледидар мен ғаламтордың адам психикасын соншалықты бұзып жатқанын біле тұра, осы бір жалмауыз желіден құтылудың амалын ғалымдар да таппай дал болуда. Осындай ой еркіндігінен соң зорлық-зомбылыққа құмар қағынғандар құтырынбағанда қайтеді? Педофилдердің көбеюі де осылармен сабақтас екеніне ешкім де таласа алмайды. Жалпы, педофилдермен күрес барлық мемлекетте жүр­гізіліп келеді. Өйткені, бұл «ауру» асқынып тұр қазір. Сондықтан, әлемдік тәжірибеде оларға химиялық және хирургиялық жолмен кастрация (піштіру) мен өмір бойы түрмеге жабу жазалары белгіленген. Білетініміздей, химиялық кастрация құмарлықты басатын, психикалық-фармакологиялық тәсіл. Ол адам­ға анти-андроген дәрі ішкізу арқылы жүзеге асады. Ал, екіншісі хирургиялық жолмен жыныс бездерінің тіндерін сылып тастайды. Аталмыш заң негізінде бізде анти-андроген дәрі­лер ішкізу арқылы құмарлықты тию көзделуде. Оны әрине, сот шешімі бойынша белгілейді. Күдіктілер мен қылмыскерлерге мұндай дәрілер күштеп ішкізіледі.
Осы жерде сарапшылардың пікірі екі­ге жарылып отырғанын айтып өтпес­ке болмайды. Заң әлі толық күшіне енген жоқ. Сондықтан да, бәзбіреулер «қыл­­­мыскерлердің құқы» дегенді желеу етіп, мұндай жазаға олардың келісімі керек деп ақжүрек атанғысы бар. Егер, қыл­мыс атаулыға осылай ақжүректік таныта берсек, әлемді әпербақандық баспайды ма? Осы парықсыз педофилдер жазықсыз әрі қорғансыз жасөспірімдерді зорларда олардың құқы жөнінде ойлады ма? Сондықтан, екінші тарап «педофилдер осындай жазаға әбден лайық» деп отыр. Әйтсе де, дәрі ішкізілген адам жыныстық қабілетінен біржола айырылмайды. Ертең дәрінің күші жойылған соң құмарлығы қайта қозса сонда кімді кінәлаймыз? Педофил 7-8 немесе 15-20 жыл түрмеде отырып келді дейік. Содан соң оның баяғы сора­қылығы қайталамасына кім кепілдік бере алады? Чехияда 100-ге жуық педофилді кастрациялап жіберген ғой. Міне, содан бастап бұл елде педофил күрт азайған көрінеді.
Біздің елімізде мұндай хайуандарға ұзақ жыл түрмеде отыру жазасы кесіледі. Ол түрмеде өліп қалмаса әйтеуір бір бостандыққа шығады. Міне, қоғам үшін ең қауіпті адам – сол. Ғұмырының жартысын тас түрмеде отырып келген ол енді ештеңеден тайынбайды. «Енді қанша өмірім қалды, ойыма келгенді істеп бағайын» деп ойлайтындары да кездесуі мүмкін ғой. Сондықтан, мұндай қылмыс жасағандардың өле-өлгенше естерінен шық­пай­тындай жаза белгіленуі және ол іс жүзінде іске асуы тиіс. Әйтпесе, қылмыскер мемлекеттен бөлінген қаржыға тегін тойынып, мерзімі біткенде немесе әлдебір күштің қолдауымен жеңілдіктерге ілігіп, бостандыққа шығуы әбден ықтимал. Сонда зорлық көрген бейкүнә бала мен отбасы, туған-туыстарының жан азабы, қабырға қайыстырар қасіретінің өтеуі қайда қалмақ? Озбырлар қоғамға ешқашан опа бермейді. Ендеше оларды ауыздықтап ұстау артықтық етпейді.
Қазақ «торғай екеш торғай да балапанын қорғайды» дейді. Біздің торғай екеш қау­қарымыз болмағаны ма? Мақұлық емес милы адамбыз деп кеуде қаққанда Жер қайыстырар күшіміз бар. Алайда, ұрпақты қорғауға келгенде неге сонша дәрменсізбіз. Мына нарық деген шарық шетімізден отап жатыр ғой деп кінәнің барлығын соған жауып қоюға бола ма? Рас, кейбір ата-аналар тіршілік қамы үшін таңның атысы мен күннің батысына дейін үй бетін көрмейді. Сөйтіп, бала тәрбиесімен, олардың амандығынан бейхабар қалады. Қараусыз қал­ғанның қандай жағдайға ұрынарын жоға­рыдағы жәйттер көрсетіп берді емес пе? Ендеше, балалардың әрбір қадамы бақылауда болуы керек. Балаңыз ғаламтордан нені тамашалайды, қолы бос кездері немен айналысады, кімдермен араласады, қандай ойынды ұнатады, қандай кітап оқиды, теріс ағымдағы дінге кіріп кетпеген бе, осылардың барлығы ата-ананың басты назарында болуы тиіс. Қандай да бір заң болары болып, бояуы сіңген соң ғана кінәліні жазалайды. Ал, ата-ананың өзіндей балаларына қорған болар күн еш жерден табылмасы анық. 
Иә, азғын адам, азған надан қоғамнан алыстатылмай, ел іргесі берік бекімейді. Ендеше, парықсыз педофилдің құқы жөнінде бас катырмай-ақ қойсақ та болады.   

Қарашығың  қалмасыншы қараусыз
Қазақ болып күн кешу қызық. Біз басымыздан не өткерсек те «маңдайымызға жазылғаны осы» деуден танбаймыз. Сол маңдайымызға тағдырымызды дүниеге келмей тұрып жазып қоятын Жаратушы иеміздің «сақтансаң сақтаймын» де­­ге­нін ұмытып кете береміз. Осы ұмыт­­­­шақтығымыздың кесірі бауыр етіміз – ба­ла­­­­ла­рымызға да тиіп жүр.
Жасмин күзгі каникулға шыққан соң тыным таппады. Үй ішінің тіршілігіне көмектескісі келіп, қолына сыпырғысын алып зыр жүгірді. 
–Күнім, – деп дауыстады анасы, – ауладағы жапырақтарды сыпырып тасташы.
– Мақұл, анашым, – деп елп ете қалды жау­қазындай Жасмин.
Ол ауланы тап-тұйнақтай етіп сыпырып жүрді. Сол кезде талдан құлаған бір жапырақ қалықтап келіп иығына қонды. Жасмин биікке, тал-теректерге қарады. Салбырап тұрған сары жапырақтар жел лүп етсе үзіліп түскелі тұр. «Олар ертең тағы да түсіп, ауланы басып қалады. Сондықтан, талды сілкілеп, барлық жапырақты түсірсем, ертең жұмысым жеңіл болады» деп ойлады сегізінші сыныптың оқушысы. Осы оймен ол үйдің алдындағы бас­тырмаға шықты. Талды сілкілеп еді, расында жапырақтар жерге түсе бастады. Сауыл­дап жерге қарай құлдырап жатқан са­ры жа­пырақтар оған қызық көрініп кетті. «Жаң­бырды» көбейте түсу үшін ол талды қаттырақ сілкілеуге кірісті.
Кенет… аяғы тайып кеткен Жасмин өзінің де жапырақтармен бірге жерге қарай құлдырап келе жатқанын сезінді. Жүрегі зірк етті. Одан арғысы есінде жоқ. Көзін ашқанда ол аурухана төсегінде таңулы жатқанын білді. Хирургтердің айтуынша, бел омыртқа морт сынған. Жамбас сүйегі жарылған. Осының салдарынан он екіде бір гүлі ашылмаған жап-жас қыздың бір қолы, бір аяғы жансызданып қалған.
– Неге ғана ауланы сыпыра қойшы дедім. Ол жұмыс істеп жатқанда неге қасында болмадым?
Бұл – анасының оқиғадан соңғы зар-запы­раны.
Иә, біз балаларымызды үнемі бақылап, қасында болмағандықтан қаншама қасі­ретке тап болып жатамыз. Мәселен, былтыр ғана Шымкент қаласының «Нұрсәт» шағынауданында бір топ бала аулада асыр салып ойнап жүрді. Олар есігі ашық тұрған бір шағын үйді көрді. Тығылмашақ ойнап жүрген баланың бірі сол шағын үйге қойып кетті. Дәл сол кезде үйде бомба жарылғандай гүрс ете қалған дауыс шықты. Балалар оқиға болған жерге жүгіріп-жүгіріп жеткенде трансформатор тогынан өн бойын күйік шалған қаршадай бала шығып келе жатыр еді.
Ол балалар ауруханасына дейін өз аяғымен келді. Алайда, дәрігерлер бір апта алысқанымен оны ажал тырнағынан арашалай алмады.
– Көз алдымызда ғана ойнап жүрген балалар еді. Трансформатор тұрған будкаға қалай ғана кіріп кетті екен? – десті үлкендер. 
Әрине, бұл үлкендердің жауапсыз­дығынан еді.
Мамыр айында Шымкент қаласында үшінші қабаттан құлаған бала ми жара­қатымен ауруханаға түсті. 75 жастағы әжесі москитті торға сүйеніп тұрған баланы ұстап қала алмаған. Бала үшінші қабаттан тормен бірге құлап түсіпті. Облыстық балалар ауруханасына жедел жеткізілген оны бірден жансақтау бөліміне орналастырған.  Мұндай оқиға Шымкентте аз болмапты. Былтырдан бері 14 бала балконнан құлаған. Бәрі де ата-ана тарапынан бақылау болмағандықтан осындай қасіретке ұшыраған.
– Балкондағы тор тым нәзік. Оның бекіткіштері балалардың салмағын көтере алмайды. Сондықтан ата-аналар кішкентайларын балкондағы торға жақындатпау керек.  Осыны біле тұра кейбір ата-аналар балаларының балконға шығып кеткеніне мән бермейді. Соңы осындай өкінішті жағдайға ұрындырады, – дейді №2 облыстық клиникалық балалар ауруханасының бас дәрігері Әнуарбек Маймақов. Бір өкініштісі, мұндай бармақ тістетер өкінішті оқиғалар балалар бақ­шаларында да кездесіп қалады. Осыдан бірер жыл бұрын тәрбиешілердің бақы­лауынсыз қалған бір балақай терезеден құлап түсті. Үш жасар сәби ауыр жарақат алып, тәрбиеші қыз жұмыстан кетті. 
Иә, сәбилер мен балалардың кездейсоқ күтпеген қайғылы оқиғаға ұшырауы азаймай отыр. Опындырарлық осындай оқиғалар облыстың тұтастай басты проблемасына айналған десек қателеспейміз. Биылғы жазда облыс аумағындағы көлдер мен өзендерде, су бассейндері мен тоғандарда 67 адам суға кеткен. Олардың 40-ы балалар мен жасөспірімдер. Соның ішінде 3 жасар шардаралық бөбек те бар.
– Жазды күндері ыстықтан қашқан жұрт­шылық өзен-көлдерге шомылуға барады. Міне, осындай кезеңде балалар мен жасөспірімдер ата-аналардың, үлкендердің бақылауынсыз рұқсат етілмеген тұстарда шомылады. Мұның соңы қайғылы жағ­дайларға душар етеді, – дейді ОҚО Тө­тенше жағдайлар департаменті басты­ғының орынбасары Батырғали Сопбеков.
Балалар қауіпсіздігіне тек ата-аналар ғана емес, тәрбиешілер мен мұғалімдер де жауапты. Осы орайда, әсіресе, оқушылардың жол-көлік оқиғасына жиі ұшырайтыны қоғамды алаңдатуы тиіс. Көп ретте жүргізушілер кінәлі дегенімізбен, ата-аналар да жол қауіпсіздік ережелерін жақсы білуі керек.  ОҚО ІІД мамандарының мәліметінше, биыл да жол-көлік апаттарынан бала өлімі көбейіп отыр. Жасөспірімдердің кенеттен жоғалып кету оқиғасы да жиілеп кеткені жасырын емес. Былтыр Шымкентте мектептен шыққан бір оқушы табан астында жоғалып кетіп, абырой болғанда бір аптадан соң базарлардың бірінен табылды. Соңы қуанышпен аяқ­талатын мұндай жағдайлар жиі қайталана бермейді. Мәселен, биылғы 5 мамыр күні үйінен шығып кеткен 10 жасар баланың дерегі әлі шыққан жоқ. Сайрам ауданында  1997 жылы туылған, мүмкіндігі шектеулі жасөспірім де үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Оның да өлі-тірісі белгісіз. ОҚО ІІД Жергілікті полиция қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері 42 баланың жоғалу оқиғасы тіркелген. Олардың жоғарыдағы екеуінен басқасы табылып, үйлеріне жеткізілген. 
Үйлерінен шығып кеткен балалардың жоғалу себептерін саралағанда, олардың басым көпшілігінің отбасында ұрыс-керіс жиі орын алатыны белгілі болған. 
– Балалардың үйден өз беттерінше кетіп қалуының бірнеше себептері бар. Олар бос уақыттарын ойынханаларда өткізеді. Енді, біреулері жұмыс істеп, теңге тапқысы келеді. Ата-аналарына ескертпей кетіп, қоғам­дық көліктерде, базарларда жұмысқа же­гіледі. Жұмысбастылықтан көптеген ата-ана балаларының қайда жүргендерін бақы­лай алмайды. Осыны білетін балалар өз білгендерін жасайды. Отбасында бала тәрбиесін осалдатуға жол берілмеуі тиіс. Жасөспірімдердің жат қылықтардан аулақ болуы үшін ата-аналардың жауапкершіліктерін арттыру керек. Олар әр баласының қайда жүргенін, немен шұғылданатынын білуі тиіс, – дейді ОҚО ІІД Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, полиция полковнигі Мұсабек Қаниұлы.
Дана қазақ: «балаңды бес жасқа дейін патшадай сыйла, он жасқа дейін құлша жұмса, содан кейін досыңдай сыйлас» демеуші ме еді? Ал, біз не істеп жүрміз? Балалардың көзінше өлшемге сыймайтын өрескел сөздер айтудан ұялмаймыз. Әкелер үйлеріне арақ ішіп келіп, әлек салады. Отбасындағы ойрандар да бала тәрбиесіне салмақ түсіреді. Отбасы жылуынан мақұрым балақайлар үйден сондықтан да безінеді.
Ұлы Абай атамыз айтқандай, «адамның бір қызығы бала деген». Бала – бауыр етіміз. Көзіміздің нұры, көңіліміздің гүлі. Өміріміздің жалғасы. Мемлекетіміздің тұтқасы. Сондықтан кемерінен шыққан ұл-қызының келешегін ойламайтын ата-ана жоқ шығар. Дей тұрсақ та, жоғарыдағыдай келеңсіз жәйттер қалың жұртшылық пен жергілікті атқарушы органдарды ойландыруы тиіс. Көзіміздің қарашығы деп санайтын қалқаларымыздың, қымбат­тыларымыздың қараусыз қалуы қалай дегенде де бір қауіпке тірейді екен. Ендеше, ойланайық, ағайын!

Алдыңғы «
Келесі »

2 Пікір бар

  1. Иә, өкінішке орай қазір қоғамымызда есінен адасқан, діннен, адамдықтан, адамгершіліктен безінген, адам деп айтуға ауыз бармайтын аюандар қаптап кетті. Балаға қиянат жасаған педофилдерді өмір бойына бас бостандығынан айыру немесе хирургиялық кастрация қолдану оларға деген жазаның ең лайықтысы.

  2. Қазір балаларымызды көзден таса қылуға қорқамыз. Өйткені заман осындай, заман қорқынышты. Бөтен түгілі, өз жақыныңнан да, туысыңнан да, көршіңнен де сескенесің.

Пікірлерге тыйым салынады.